2. Фольклор мен ауыз әдебиетінің өзіндік ерекшелігі.
Фольклор –халық даналығы тудырған сөз өнері» деген анықтама қуатталып, оның табиғаты мен
тарихын зерттейтін ғылым фольклортану болып қалыптасты. Бұрынғы еңбектерде, атап айтар
болсақ, М.Әуезов, М.Ғабдуллин, Қ. Жұмалиев, Е.Ысмайылов еңбектерінде бұл ұғым “ауыз
әдебиетіне” балама термин ретінде қолданылды.
Кезіндегі кеңестік дәуір фольклортанушылары ( Ю.М.Соколов, М.К.Азадовский, Н.П.Андреевтер)
фольклорды әдебиеттің, ал, фольклортану ғылымын әдебиеттанудың бір бөлігі деген тұжырымға
тоқталады. Қазақ ғалымдары М.Ғабдуллин “ ол – халық творчествосы, халықтың ауызша тудырған
шығармасы” (М.Ғабдуллин. “Қазақ халық ауыз әдебиеті”) десе, Е.Ысмайылов фольклорлық
шығармаларды әдеби шығармаларға қойылатын талап тұрғысынан қарау керектігін айтады
(Е.Ысмайылов. “Ақындар”). Ә.Қоңыратбаев фольклорға “ауыз әдебиеті” терминінен гөрі “халық
поэзиясы” термині жақын дейді (Ә.Қоңыратбаев. “Қазақ фольклорының тарихы”). Фольклортану
ғылымының қалыптасып, даму кезеңінде фольклор мен әдебиет бүтіндей бірге қарастырылып,
“фолклор = ауыз әдебиеті” түріндегі пікір үстем болып келді. Бүгінгі таңдағы фольклортану
ғылымының даму барысында аталмыш терминдердің ерекшелігін жекелей қарастырылып,
табиғатын терең таныта түскен дұрыс. Бұл біздің ұлттық фольклортануымызда ғана емес, әлемдік
фольклортануда назарға алынған басты мәселе. Орыс ғалымы Б.Путилов фольклордың өнер
ретіндегі табиғатын ашып, оны ауыз әдебиеті деп қарайтын тұжырымнан арылу қажет екенін
айтады. Тағы бір ғалым М.Стеблин-Каменский сөз өнерін фольклор, ауыз әдебиеті, жазба әдебиет
деп үшке бөлуді ұсынады. Фольклор мен әдебиетті бір құбылыс ретінде қарау қателікке
ұрындыруы мүмкін. Бұл жерде фольклордың өзіндік ерекшелігі назарға алынбай қалып,
әдебиеттану зерттеулері сияқты фольклорды таратушылардың өмірбаяны, ортасы, дүниетанымы
қарастырылып кетеді.
Қазақ фольклортану ғылымында бұл мәселе төңірегінде жүйелі пікірлер айтылып келді. Олардың
ішінде С.Қасқабасов, М.Дүйсенов, Б.Абылқасымов сияқты ғалымдардың тұжырымдарын атап
айтуға болады. М.Дүйсенов әдебиет пен фольклорды мүлде бөлек құбылыстар ретінде
қарастыруды ұсынса, С.Қасқабасов фольклор ұғымы ауыз әдебиеті деген терминнің аясына
сыймайтынына тоқталады. Б.Абылқасымов фольклортану ғылымының дамуы кезеңдерінде бой
көрсеткен пікірлерді негізге ала отырып, “фольклор” және “әдебиет” ұғымдарын қатар қойып
қарастыру мүлде дұрыс емес деген тұжырымға келеді. Біздіңше фольклор” терминін ауыстыра
алатын “халық ауыз шығармашылығы” деген термин. Аталмыш мәселе әлі де болса терең, жүйелі
зерттеулер мен нақты тұжырымдарды қажет етеді.Сөз өнері ретіндегі фольклор мен әдебиеттің
жақындығы, ұқсастығы неде? Ең басты туыстық – екеуінің де негізгі құралы сөз. Фольклорда да,
әдебиетте де сюжет бар. Сонан соң бұл екеуінің жанрлық табиғатын анықтайтын –олардың
қызметі мен нысаны. Екеуіне де бейнелі ойлау тән.
Айырмашылықтары неде деген сауалға төмендегі белгілерді санамалап айтуға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |