Ағзаның энергетикалық балансы Жылу өндіруді бірнеше кезеңдерге бөлу қабылданған. Біріншіден, қоректік заттардың биологиялық тотығуы кезінде АТФ түзіледі. Осы кезде жылу шығындалады. Сонда бөлінген жылулық энергияны бірінші реттік (бастапқы жылу) деп атайды. Барлық қалған жылудың өндірілуі (макромолекулалардың синтезі кезінде, заттың белсенді тасымалы есебінен градиенттердің сақталуы, бұлшық еттің жиырылуы, дене белсенділігінің басқа да түрлері кезіндегі, қан тамырларының, буындардың үйкелісі, нәруыздар мен басқа да макромолекулалардың ыдырауы кезіндегі жылудың өндірілуі) екінші реттік деп аталады. Қалыпты жағдайда ағзада жылудың осы түрлері арасында тепе-теңдік болады, яғни бірінші реттік жылудың азаюы екінші реттік жылудың артуымен және керісінше жүреді. Бастапқы (бірінші реттік) жылу биохимиялық реакцияларға байланысты зат алмасу кезінде жылу энергиясының таралуы (шашырауы) нәтижесінде пайда болады. Осы жылудың бөлінуі ағза оттегі мен тамақты сіңіргеннен кейін бірден пайда болады. Екінші реттік жылу ағза белсенді жұмыс жасағанда бөлінеді.
Қоршаған ортаға ағзаның жылуын жоғалтуы физикалық үрдіс болып табылады. Ол мынадай жолдармен жүруі мүмкін: жылу өткізгіштік, конвекция, сәулелену, булану. Бірдей шарттарда осы үрдістердің өзара қатынасы қоршаған ортаның табиғатына, температурасына, ылғалдылығына және қозғалысына байланысты. Бұл жағдайда қоршаған ортаны тек ағзаның бетімен тікелей жанасатын орта деп қана емес, сонымен қатар сәулелену жолымен жылу алмасу үрдісіне қатыса алатын болса ағзадан қашықтықта орналасқан денелер деп те түсіну керек.
Жылу өткізгіштік арқылы берілетін жылу энергиясы материалдың жылу өткізгіштік коэффициентімен сипатталады. Жылу өткізгіштік арқылы берілетін жылулық энергия материалдың жылу өткізгіштік коэффициентіне, дененің беті мен қоршаған орта арасындағы температура айырмашылығына, жылу берілетін қабаттың қалыңдығына, дененің қоршаған ортамен жанасу бетіне, жылу алмасу уақытына байланысты.
Ағза тіндерінің жылу өткізгіштігі бірдей емес. Тығыз тіндердің жылу өткізгіштігі дененің сұйық бөліктерімен салыстырғанда төмен, әсіресе, май тіндері мен терінің сыртқы қабаттарында. Тері және тері асты майлары ағза үшін жылу оқшаулағыш қабат (теплоизолирующий) болып табылады. Сол себепті тері бетінің температурасы терең жатқан тіндердің температурасынан төмен.
Қозғалатын (орын ауыстыратын) ортамен жылудың берілуін конвекциядейді. Ағзада конвекция ішкі ағзалардан теріге жылу берілуінің ең маңызды механизмі болып табылады, оны қан ағысы жүзеге асырады. Осы конвекцияны қамамасыз ететін энергия жүректің жұмысы арқылы жасалады.