Ахмет Байтұрсынұлының ғылымға қосқан 7 жаңалығы Ахмет Байтұрсынұлы – орасан зор, кемел тұлға. Алашорда және қоғам қайраткері, ағартушы, зиялы, алғашқы журналист, педагог, идеолог, ғалым деп ұлы тұлғаның сан қырын сипаттап кете беруге болады. Бірақ бұлардың арасында бәрінен де биік тұратыны – ол Ахмет Байтұрсынұлының ғалымдығы. Ахмет Байтұрсынұлы – қазіргі қазақ академиялық ғылымының түп бастауында тұрған ғұлама ғалым. Қазақ ғылымының атасы.Ол ғылымды игеріп қана қоймай, одан академиялық білімдер жүйесін түзген, "жоқтан бар жасаған" ғалым. Ахмет атаны қазақтың Эйнштейні мен Ломоносовы десек, артық емес.
Ұлттық қаріпті ойлап тапқан
Ең алдымен, Ахмет Байтұрсынұлы – жаңадан жазу ойлап тапқан жан. Қазақ тілінің төл дыбыстарын дәл көрсететін әрі оқуға жеңіл әліпби құрастырған.
Ахмет Байтұрсынұлы араб алфавитіндегі қазақ тілі дыбыстарына қажеті жоқ таңбаларды алып тастап, қазақ тіліндегі дыбыстардың әрқайсысына жеке таңба белгіледі.
ХХ ғасыр басында Ресей академигі Я.Яковлев "Байтұрсынұлы жазуы әліпби құрылымының математикалық жүйесі" деп баға берген. "Қазақ" газеті де осы әліпбимен шыққан.
Қазақ тіл білімінің негізін салушы
Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ лингвистикасының, тіл білімі ғылымының негізін салған жан. Алғашқы филолог әрі лингвист. Ғалым 1912-1915 жылдары Орынборда "Тіл – құрал" атты ірі теориялық еңбек шығарады. Кітап үш бөлімнен тұрады: фонетика, морфология және синтаксис. Шағын-шағын кітапша ретінде шығарылған. Ғалым өзі жасаған ұлттық әліпбиді халыққа үйрету үшін балаларға арнап "Әліпби", ересектерге арнап "Әліпби. Жаңа құрал" атты кітап жазады. Қазіргі әліппеміз де осы Ахмет атадан бастау алады.
Әдебиеттану ғылымының негізін салған
Ғалымның "Әдебиет танытқыш" сынды ірі ғылыми еңбегі болған. Негізгі атауы – "Қазақ тілінің теориясы". Бұл кітапты Ахмет Байтұрсынұлы Архангельскіде алты жыл айдауда жүргенде жазған. 1929 жылы елге оралған кезде қолжазба күйінде сақтап, кеңес үкіметі тәркілеп алмас үшін дос-жарандарына беріп тығып жүрген. Сөйтіп жүріп жоғалып кеткен еңбек. Жазушы Ғ.Мүсірепов бұл іргелі еңбектің қолжазбасын көргенін әрі оқығанын айтқан. "Кәдімгі ғылыми еңбек. 400 беттен асады. Бұл – оның соңғы жазған кітабы" дейді Ғ.Мүсірепов. Ғалымдардың айтуынша, бұл еңбек жазылса қазақ ғылымына үлкен жаңалық, рухани қазына болар еді дейді.