Байланысты: tileshov erbol kurast akhmet baitursynuly til kural
ТІЛ ТУРАЛЫ ҚАНАТТЫ СӨЗДЕРІ Оқу құралының ең ұлығы – бала оқытатұғын кітап.
Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш
уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына
да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі
де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол
жұрттың тілін аздыруға тырысады.
Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас
қамын ойлағанда тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек.
Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген,
ноғайша оқығандар ноғай сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Қазақ
сөздерін алып, орыс я ноғай жүйесімен тізсе, әрине, ол нағыз қазақша
болып шықпайды. Сондай кемшілік болмас үшін әр жұрт баласын
әуелінде өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің
жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін
басқаша оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек,
өзгелерше әуелі ана тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқытуға
тиіспіз.
Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі.
Сөйлегенде сөздің жүйесін, қисынын келтіріп сөйлеу қандай керек
болса, жазғанда да сөздің кестесін келтіріп жазу сондай керек.