жоқсыз. Бәлкім, кейін де оқымаған боларсыз.
Бауыржан. Жоқ.
Автор. Онда мен ол өленді оқып берейін.
Бауыржан. Оқығын.
Автор.
Кеңесіп көп отырдым полковникпен,
Бұлдырап еске түсті өткен-кеткен.
Қадалып қабағына көп қарадым,
Тұрғандай тұрпатында қазақ біткен.
Бірде тік, бірде сынық, бірде катты,
Жайдары көңілі түссе махаббатты.
Жалғанның жазы, қысы қабағында,
Батырын кім сүймесін бұл сымбатты!
Тарынса табиғаты бір-ақ уыс,
Өткендей тал бойынан аңғардым күш.
Тік өскен туған жерге қара емендей,
Халкымның қалағаны сондай туыс!
Қоштастым құрмет етіп полковникпен,
Қазақтың бір ұлысың үміт еткен.
«Бауыржан!» десе барлық үлкен-кіші
Елеңдеп құлақ түріп, көзін тіккен.
Бауыржан. Ракмет. Алматыдан қайттым дедім ғой. Жолда Жуалыға соғып,
Момынқұл көкемнің орнына құран оқытып аттандым.
IV
Автор. Сіздің туған жеріңізді көріп қайту үшін жетпіс үшінші жылдың
январында мен де Жуалыға бардым, Бауке. Момынқұл көкеңіздің баласы Әбділда ауылда
жоқ екен. Бурныйдың басынан Әтін, Рақымжан Орынбаевтар деген туыстарыңызды
таптырып алдым. Әтінді Сіз ертіп апарып, отыз төртінші жылы Шымкенттегі өзіңіз оқыған
қазіргі Сыпатаев атындағы мектепке түсірген екенсіз. Әтін мен Рақымжан екеуі кезектесіп
отырып, маған Сіз туралы есте қалғандарын айтып берді.
Бауыржан. Қандай?
Автор. Қырық төртінші жылдың басында, Алматыдан соғысқа қайтып бара
жатқан жолында Бауыржан көкем ауылға келді, - деді Рақымжан. - Бауыржан көкем келер
алдында ауданнан атты кісілер келіп, көкемнің келетінін хабарлады. Қайтыс болған
Момынқұл атамның үйінде қой сойылып, бауырсақ пісіріліп жатты. Көкемдер Бурныйдан
шығардың алдында ауылдағы еркек кіндікті дегендердің бәрін Момынқұл атамның үйінің
қасына шақырды. Соғыстан келген 3-4 мүгедек, он-он үш жастағы он шақты ауыл
балалары - барлығымыз он бес шақты еркек жиналдық. Балалардың қолына бір-бір таяқ
ұстатып, Момынқұл атамның үйін жағалай сыртқа қойғызды да, соғыстан келген ағалар
келген кісілердің аттарын ұстайтын болып, соған әзірленіп түрды. Әйелдер жиналып іште
отырды. Бір кезде 5-6 салт атты шығып, «Ой, бауырымдап!» ауылға қарай шапты.
Алдымен Бауыржан көкем келді. Сыртта тұрған бәрімізбен көрісіп ішке кірді.
Бауыржан көкем не істесе, басқалар да соны істеп жатты. Іштерінде бір орыс
кісі бар екен. Ол да бізбен құшақтасып жатқанда мен күліп жібердім.
Біраздан кейін Бауыржан көкем сыртқа шығып, таяққа сүйеніп тұрған бізге
келді де:
- Қарақтарым, таяқтарынды тастап, енді ойнай беріндер, - деді.
Біз қуанып кеттік. Таяқтарымызды тастай сала, бірімізді біріміз итере
топырлап үйге кірдік. Келген кісілер төр алдында, қаптаған ауыл әйелдерінің ортасында
отыр екен. Есіктен кіре бере Бауыржан көкемнің сөйлеп отырғанын естіп, жым бола
қалдық. Бауыржан көкем үй ішіндегілермен көрісіп болып, енді майданнан келгендерге
көңіл айтып отыр екен.
- Аюбай, - деді ол солардың біріне қарай бұрылып, - Отан соғысында
сен де бір аяғыңнан айрылыпсың. Аяғыңның арт жақсылығын берсін, бауырым. Ауылдың
нардай тракторист азаматы едің. Енді міне, ақсақ боп шоқандап қалғанынды көргенде ішім
удай ашыды. Жарайды, мойыма. Біріміз аяғымызды, біріміз қолымызды берсек те, біріміз
жанымызды қисақ та, Отанды аман сақтап қалсақ болды ғой. Сақталады Отан! Бәріңнің де
жақындарың жауды жеңіп келеді. Бірақ кімнің қандай күйде келетінін білмеймін.
- Рас.
- Рас.
- Айтқаның келсін!
- Қандай боп келсе де кеудесінде құр жаны болса болды, - десіп
әйелдер дабырласып кетті.
Бауыржан. Ал, Әтін не айтты?
Автор. Әтін Сізден сегіз жас кіші екен. Ол кісі ертерек кезден бір деталь
айтып берді. Сіз ауаткомде секретарь боп жүрген уақытта сатушы боп жүрген Ыстықұлов
Оспан деген ағайындарыңыз істі болып, сасқанынан Сізге барыпты.
- Мені соттайтын болды, көмектес, - депті Оспан Сізге.
- Неге соттайды? - деп сұрапсыз Сіз.
- Ақша кем дейді.
- Қайда кетті?
- Бірсыпырасын жаратып қойып едім.
- Онда маған ақылдастың ба?
- Жоқ.
- Ендеше менің саған беретін көмегім жоқ, - деп Сіз туысыңызды
кабинеттен қуып жіберген екенсіз.
Әтін осыны айтты.
Бауыржан. Ә, ол оқиға менің есімнен шығып кеткен екен.
Автор. Содан кейін мен шана жектіріп, Сіздің ескі ауылдың жұртына
бардым. Қар қалың боп түседі екен. Пар ат омбылап, әрең жеттік. Әр жерлерден
бұрқыраған бу шығып жатты. Ол Мыңбұлақ, Кеңбұлак, Әділбұлақ, Момышбұлақ деген
қыста қатпайтын жылы бұлақтар екен. Сол бұлақтардан басталатын кең жазық Ақсай,
Көксай, Тобышақты сайы дейтін сайлармен ұштасып қырғыз Алатауына тіреледі екен.
Қырғыз Алатауының Ма-
нас шоқысы үнемі мен мұндалап, көз алдыңда тұрады. Ежелден Манас шоқысының ар
жағын қырғыздар, бер жағын қазақтар жайлайтын болса керек. Соғыстың ауыр
жылдарында бұл екі ел осы сайлар арқылы жалғасып, бір-біріне азық-түлік жағынан үзбей
көмектесіп отырыпты.
Осы үлкен жазықта соғыстан бұрын «Талапты», «Қайрат», «Орақ-Балға»
деген шағын-шағын колхоздар болыпты. Қазір ол колхоздардың орны үлкен қорыққа
айналдырылып, Карл Маркс атындағы совхозға қарайтын болыпты.
Біз Момышбұлақтың басына келдік. Әтін мен Рақымжан қатар салынған
Момыш пен Момынқұл үйлерінің орнын көрсетті. Мен оларға:
- Баукең отыз үшінші жылы алғаш әскерден қайтқанда боранды күні кеште осы үйдің
терезесіне келген. Қарт әке баласын танып, қоңылтаяқ етікті аяғына сұға салып, қораға
жүгіріп шығып есік ашқан. Қарт әке кақаған аязға қарамастан баласын бауырына
басып, емірене құшақтап тұрып қалған. Сол кезде мына үйге хабар жетіп, Баукеңнің
Момынқұл көкесі мен Сарагүл жеңгесі бірін-бірі жетектей жүгіріп, осы үйге келген,- дедім.
- Рас. Сіз солай деп жаздыңыз. Біз оны «Жұлдыз» бен «Жалыннан»
оқыдық, - деді Әтін мен Рақымжан қабаттаса сөйлеп. - Міне, бұл сол үйлердің орны.
- Момыш атам бұлағының басы жайқ алған тал болушы еді, - деді
Рақымжан содан соң. - Соның бәрін, жарықтық, ерінбей- жалықпай жалғыз өзі отырғызған
екен. Біз, кішкентай балалар жүгіріп келіп:
- Ата, ат берші,- деуші едік.
- Қандайы керек: жорғасы ма, жүйрігі ме? - деуші еді атам күліп.
Біріміз «жорғасын», біріміз «жүйрігін» сұрайтынбыз. Атам бізге бір-бір шыбық
кесіп беретін. Момыш атам менің тоғыз жасымда дүниеден қайтты. Ол кісінің бізге
ұрыспай, бір-бір ат мінгізіп жіберетінін осы күнге дейін ұмытпаймын. Сол талдың бәрін
жұрт соғыс кезінде күрекке сапқа, отынға кесіп әкетті...
Сіздің туып-өскен, балалық шағыңызды өткерген жерді көріп, мен қатты
қуанып едім, Бауке. Бірақ сол күні бойыма суық тигізіп алыппын. Қатты ауырып, ертеңінде
Шымкент ауруханасына түстім. Онда он бес күн жатып, Алматыға келдім. Үйге келген соң
дәрігер тағы да бір ай қозғалтпастан және жатқызып қойды.
Бауыржан. Өй, сен өзің менің ауылыма барамын деп бейнет көріп, қиналып
қалған екенсің ғой. Неге айтпадың бұрын?
Автор. Оның несін айтамын. Жалғыз бір жолғы ауырған ғана емес, Сізбен
сөйлесемін деп, ауырғаннан кем қиналмаған күндер де болды ғой, Бауке. Қиналмасаң -
кітап туа ма?
Бауыржан. Ол сенің жұмысың.
Автор. Ал, Бауке, енді Жуалыдан шығып, соғысқа қарай бет қоймайсыз ба?
Бауыржан. Қойдым. Жолда Москваға соғып, Отан Қорғау Комиссариатына
кірсем, менің К. Е. Ворошилов атындағы Жоғары Әскери Академияның жанындағы
«Выстрел» деп аталатын білім жетілдіру курсына қабылданғаным туралы бұйрық шыққан
екен. Бейбіт кезде мерзімі бір жылдык бұл курстың оқуы соғыс кезінде алты айға
қысқартылған болатын. Оку 3 майда басталады екен. Оған дейін мен ГУК-тың
қарамағында қалып, сонда бір ай қызмет істедім.
Автор. ГУК дегеніңіз не, Бауке?
Бауыржан. Кадрлар бас басқармасы, Қорғаныс министрлігіне қарайды.
Майдың 3-інен октябрьдің 23-іне дейін сол курста оқыдым. Онда қалай оқып, не
бітіргенімді мына документтен оқып, керек болса көшіріп ал. Сен ылғи мені сөйлете
бергенше, документтерге сөз берсеңші. Документтер де мен ғой.
V
Баукең осылай деп темекі тартуға кетті. Мен асыкпай отырып, ол кісі
берген документті түгелдей көшіріп алдым.
«К. Е. Ворошилов атындағы Жоғары
Әскери Академияның білім жетілдіру
курсының тыңдаушысы полковник
Момышұлы БАУЫРЖАНҒА
1944 жылдың майынан октябріне дейінге уақытқа
АНЫҚТАМА
Жалпы және әскери білімі жеткілікті. Әскер түрлерінің тактика-техникалық
қасиеттерін білуі ойдағыдай және бұл жөніндегі емтиханды толық қанағаттанарлық етіп
тапсырды.
Жағдайды дұрыс бағалай біледі, жағдайга сәйкес тиянақты қорытынды
жасай алады. Көбінесе дұрыс шешім қабылдайды және қабылдаған шешімін нақпа-нақ әрі
айқын етіп айтып бере алады. Басқару, бірлесе қимылдау және жабдықтау мәселелерін
барынша жеткілікті біледі. Тактикалық міндеттерді шешу қабілетіне жақсы бағалар
қойылды. Штаб документтерін толтыруды біршама біледі. Қайсарлық қабілеті бар.
Сабаққа ұқыпты.
Тәртіпті, ұстамды. Дивизия командирінің орынбасары қызметіне
тағайындауға болады.
Курс бастығы
23.10.1944
ж.
генерал-майор
ЖЕМАЙТИС.
Келісемін.
Академия бастығының орынбасары
генерал-лейтенант
МОРДВИНОВ.
25 октябрь
1944ж.»
Бауыржан. Енді мына документті оқы.
Автор. Мұнда былай деп жазылыпты, Бауке:
«КУӘЛІК
Бұл куәлік полковник Момышұлы Бауыржанға берілді. Себебі ол 1944
жылы октябрьде К.Е.Ворошилов атындағы Жоғары Әскери Академия жанындағы білім
жетілдіру курсын жақсы деген бағамен бітіріп шықты.
Негіз: НКО ГУК-тың 1944 жылғы 28 октябръдегі № 03582 бұйрығы.
Академия бастығының
орынбасары генерал-лейтенант
В. МОРДВИНОВ
Оқу бөлімінің бастығы генерал-майор
Н. БЕЛЯЕВ
Аяғына академияның мөрі басылыпты. Штемпілде: «1944 ж. 3 ноябрь, №
7/25» деген белгі бар.
Бауыржан. Ұқтың ба?
Автор. Ұқтым. Академия Сізді дивизия командирінің орынбасары етіп
жоғарылатуға болады деді.
Бауыржан. Ендеше мен содан кейін І-Балтық майданы Соғыс советінің
қарамағына келдім де, дивизия командирі болып тағайындалдым. Оны менің «Жұлдызда»
жариялаған «Өмірімнің бір саласы» деген естелігімнен оқып алғын.
Автор. Ол естелігіңізді мен алып келдім, Бауке. Соны өз аузыңыздан маған
айтып берсеңіз қайтеді?
Бауыржан. Немене, сауатың жетпей ме?
Автор. Әңгіме онда емес, Бауке. Оның кейбір жерлерін өз аузыңыздан
анықтап алайын деп едім... Мінеки, журнал.
Мен Бауыржанға журналды ұсындым. Ол маған мұрты жыбырлап, тесірейе
қарады да, журналды алып, оң жағына тастай салды.
Содан кейін онда жазылғанның мазмұнын ауызша баяндай бастады.
VI
Автор. Енді әрі қарай айта беріңіз.
Бауыржан. Бір күні мені күтпеген жерден майданның штабына шақыртты. Ол
кезде майданның командашысы армия генералы Иван Христофорович Баграмян
болатын. 6-шы армияның командашысы генерал-полковник Иван Михайлович Чистяков
еді.
Мен кіргенде Чистяковтың қасында авиацияның бір маршалы отыр екен.
- Ең алдымен тамақтанып алайық, содан соң мен майдан командашысына
таныстырамын, - деді генерал-полковник Чистяков салған жерден. Жасыратын ештеңе
жок, жүз грамнан тастап алып, тамаққа кірістік. Сол кезде майданда үлкен шайқас болып
жатыр екен. Шайкасқа Жоғарғы Командование Ставкасының өкілі болып Совет Одағының
Маршалы Василевский келіпті. Ара қазы ретінде Совет Одағының Маршалы Жуков та
келген екен. Жуковты соғыстан бұрын, Ерекше Киев әскери округында қызметте болған
кезімде бір-ер рет алыстан көргенмін. Ал Василевский бұрын кермеген кісім болатын.
Ас үстіндегі әңгімесін тез аяқтап, Чистяков орнынан тұрды.
- Ал мен кеттім.
Шайкастың сәті түспей жатқан кез еді. Соған елдің бәрі қатулы. Бірсыпыра
уакыт өтті. Мен өзімді ішке шақырған бұйрық күтіп отырмын.
Автор. Сол күтіп отырған кезіңізде не ойладыңыз, Бауке?
Бауыржан. Майдан қолбасшысы туралы өзімнің білетінімді, Чистяковтың
генерал Баграмян туралы айтқандарын есіме алдым. Баграмян бұрын да көрген кісім ғой.
Соғыстан бұрын, Қиыр Шығыстан Ерекше Киев әскери округының қарамағына қызметке
келгенде полковник Баграмянның қабылдауында болғанмын. Енді генерал Баграмянның
қабылдауына келіп тұрмын. Одан бері бірсыпыра уақыт өтті. Баграмян бұл уақыт ішінде
еліміздің көрнекті қолбасыларының қатарына қосылды. Бұл штабта отырып өскен генерал
емес, от пен өрттің ішінде жүріп, өзінің батылдығымен, батырлығымен өрлеген өрен
болатын.
Мен бұрын Баграмянның қарамағында соғыста болғамын жоқ. Сондықтан
оны жақыннан жақсы білмейтінмін. Бірақ генерал Чистяков оның адамгершілік қасиеттері,
инициативаны бағалай білетіндігі, қол астындағы адамдарға сеніммен қарайтындығы
жайында жылы-жылы лебіздер айтқан. Командашы мен командарм арасында Елгава
окиғасынан кейін өзгеше бір сыйластық сезім орнағанын да аңғарғанмын. Ол оқиға былай
болған екен.
Өткен август пен сентябрьдің алғашкы жартысында фашистер өз күштерін
қайта топтап, Елгаваға қарай сел болып лап қойған. Сөйтіп олардың майдан шебін бұзып
кету қаупі туған. І-Балтық майданының басшылары бұл жайды қалай тоқтатудың қамын
ой-
лап, қатты толғана бастаған. Осы кезде Даугавпилс бағытында тұрған 6-шы гвардиялық
армияның командашысы генерал Чистяков генерал Баграмянға телефон соғып, өз
армиясының бағытындағы жаудың жайбарақат екендігін, әзірге қозғала қоятын ниеті
жоқтығын баяндай келіп, былай дейді:
- Жолдас командашы, менің участогымды сол жақ көршінің күшімен
тығындап, менің армиямды Елгава түбіне жұмсауынызға болар еді... деп ойлаймын. Ол
жақта өте қиын болып жатыр ғой.
- Олай етуге болады, - дейді Баграмян сәл ойланғаннан кейін. - Бірақ
Даугавпилс бағытының жауапкершілігі сіздің мойныңыздан алынбайды.
- Мұнда бір корпусымды қалдырамын, бұл бағытқа да жауап беремін,
жолдас командашы.
- Сонда сіз қарсыңызда жатқан дұшпанға армияның алғы шептен
шыққанын сездірмей, қайда баратыныңызды байқатпай кете аласыз ба, жолда оны
ешкімнің көзіне түсірмей, тығыз түрде Елгава түбіне жеткізе аласыз ба?
- Жеткіземіз, жолдас командашы.
Бұл Чистяков тарапынан жасалған аса батыл әрі өте жауапты ұсыныс еді.
Чистяков Баграмянға берген уәдесін мүлтіксіз орындап, жауып тұрған жауынға, жердің
мидай батпағына қарамастан армиясын үш күннің ішінде 150 километр жердегі Елгава
ауданына жеткізіп үлгіреді. Армия келіп орналаса сала жаудың 150 танкі, 60 өздігінен
жүретін зеңбірек, 50 бронетранспортерімен шайқаска түседі. Сөйтіп генерал Я.Г.
Крейзердің
51-ші армиясымен қанаттаса шеп құрған генерал И.М.Чистяковтың 6-шы гвардиялық
армиясы дұшпанның қиян-кескі шабуылдарын тойтарып, І-Балтық майданының шебін
бұздырмай сақтап қалады.
Бұл әңгімені Чистяков бағана ас үстінде айтқан еді. Содан кейін ол
орнынан тұрып:
- Демек, Иван Христофорович менің өзін ұятқа қалдырмайтыныма сенеді.
Сені маған командир етіп бекітіп береді. Ал мен кеттім, - деп еніп кеткен болатын.
Мен генерал Чистяковтың ерлігіне, ал Баграмянның ол ұсынысты
ерлікпен қолдай білген батылдығына іштей сүйсіне отырып, батылды батыл, батырды
батыр осылай қолдауы тиіс қой деп ойлағанмын.
Осындай әр түрлі ойлармен отырдым. Өзім 8-ші гвардиялық дивизиядан шығып, 9-шы
гвардиялық дивизияға командир болғалы келіп отырғанымды да ойладым.
Бір кезде есіктен генерал-полковник Чистяков көрінді де:
- Жолдас полковник, келіңіз, - деп мені шақырды.
Ішке кірдім. Жасы әлі елуге жетпеген армия генералы Баграмян қасқа басы
жалтырап, төр жақтағы столда отыр екен. Алдындағы папкаға зер сала үңіліп қалыпты.
Тегі менің личное деломды көріп отырған болар деп ойладым. Баграмян иықтанып,
бұрынғы
полковник кезіндегісінен сәл толыса түскендей боп көрінді.
Оң жақтағы ұзын столда екі маршал катар отыр. Олар алдарындағы кіші
картаға үңіліп, одан кейін кең бөлменің бір жақ қабырғасын түгелдей жауып тұрған үлкен
топографиялық картаға ойлана кезек көз салып қояды.
Бұрынғы командашым болғандықтан ба, менің назарым бірден Жуковке
ауды. Жуков маған бұрынғы қалпынан көп өзгермеген тәрізденді. Бұл да елуге тақаған кісі.
Бірақ түр-тұлғасынан ешқандай егделік сезілмейді.
Картадан бас көтеруі, мойын бұрысы ширақтық пен шапшаңдық танытады.
Ал Василевский болса, құрыштан құйылғандай болып, нық отыр.
- Жолдас маршал, майдан командашысымен тілдесуге рұқсат етіңіз, -
деп генерал-полковник Чистяков маршал Василевскийге бұрылды. Василевскийді өте
мәдениетті адам деп еститінмін.
Чистяковке жайдары қарап, сыпайы ізет білдірді.
- Тілдесіңіз, тілдесіңіз, - деді.
Чистяков денесін майдан командашысына қарай бұрды.
- Жолдас майдан командашысы, сізге полковник Момышұлын
таныстыруға рұқсат етіңіз, - деді ол Баграмянға.
Баграмян қағазға қарап отырған күйі басын изеді. «Өзім де оқып жатырмын»
дегендей ишара білдірді.
- Полковниктің фамилиясы қалай дедіңіз? - деді Жуков Чистяковке қарай
еңсеріле бұрылып.
- Мо-мыш-ұлы, - деп Чистяков менің фамилиямды буынға бөліп,
анықтай айтты. - Бауыржан Момышұлы, жолдас маршал.
- Естіген сияқтымын, - деп Жуков сәл ойланғандай болды.
- Дәл айтасыз, жолдас маршал, - деді Чистяков әлденені тезірек айтып
қалуға тырысқандай асыға сейлеп. Жолдас Момышұлы өткен жылы «Знамя» журналында
басылған панфиловшылар туралы кітаптың қаһарманы. Онда батальон командирі, аға
лейтенант кезі баяндалған. Қазір полковник.
- Көріп тұрмын полковник екенін, - деді Жуков орнынан тұрып.- Мен
полковник соғыстың қаһарманы ма десем, кітаптың қаһарманы ма еді?
Жуковтың бұл сөзінен оның не кұптағанын, не кінәлағанын түсіну қиын еді.
Әрине, мен кінәлау деп түсіндім.
- Екеуі де, жолдас маршал, - деп бұған да Чистяков жауап берді.
Жуков Василевский отырған стол мен Баграмян отырған столдың
арасында ерсілі-қарсылы жүре бастады. Маршалдың жаңағы не құптау, не кінәлау екені
белгісіз сұрағына өзім жауап беруді жөн көрдім.
- Жолдас маршал, бір ауыз жауап беруге рұқсат етіңіз, - дедім Жуков
Василевскийдің столынан кері бұрылып, Баграмян столына қарай аялдаған кезде
найзадай тік тұрған қалпымда.
Жуков тоқтай қалып, менің бетіме тіке қарады. Менің бойым маршалдың
бойынан биіктеу екен. Ол сәл иегін көтерді де:
- Рұқсат, айт, - деді.
- Соғыстың да, кітаптың да қаһарманы болайын деп ойлаған жоқ едім,
жолдас маршал. Отанымыздың басына түскен тарихи жағдай мәжбүр етті. Алдымен
соғыс, сонан соң барып «Соғыс және бейбітшілік» болғаны жөн де шығар. Олай
болмағанына мен емес, соғыстан қалмай шеру тартып келе жатқан әдебиет кінәлі.
Осылай деп Жуковке басымды идім.
Жуков «қарай гөр» дегендей, басын шайқады да, қайтадан жүріп кетті.
Маған жауап берген жоқ.
- Георгий Константинович, - деді Баграмян орнынан тұрып, Жуковке
Достарыңызбен бөлісу: |