бір синтаксистік қате көрінбейді. Осылай ғой, жолдас генерал,- деп ол оқытушыға қарай
мойнын бұрды. Оқытушы басын изеді. Захаров содан кейін барып сөзін қайтадан
жалғады.
- Бұл сауаттылық жағы. Ал жазған жұмысыңыздың техникасына келсек, онда
да мін жоқ. Міндет, сыпаттау, дәлелдеу - бәрі де жеткілікті. Орыс тілін қандай жақсы
білесіз. Бұл жөнінен біздің көптеген генералдарымыздың Сізге қызығуына болады. Солай
бола тұрса да, Момышұлы жолдас Сіздің бұл жұмысыңыз аяқталмай қалған. Сондықтан
Сізге оқытушы екілік баға қойған. Осының аяғына жарты бет резюме жазсаңыз бітіп жатыр
еді. Онда Сізге бұл жұмысыңыз үшін бес қойылатын еді. Осылай ғой? - деп Захаров тағы
да оқытушыға қарай бұрылды. Ол тағы да басын изеді. Содан соң Захаров алдарында тік
тұрған маған қарай бұрылды.
- Неге өйтпедіңіз? Өкінішті болған, жолдас Момышұлы. Өте өкінішті!
- Уақыт жетпеді, жолдас армия генералы, - дедім мен екі қолымды
жамбасыма жапсыра, иегімді сәл көтере ұстап.
- Өзгелерге жеткен уақыт Сізге қалай жетпеді? - деп ол тағы да басын
шайқады.
- Бұл сұрағыңызға жауап берерден бұрын оқытушыға үш сұрақ қоюға
рұксат беруіңізді сұраймын, жолдас армия генералы, - дедім мен тағы да нық-нық сөйлеп.
- Беріңіз, беріңіз, - деді Захаров.
Мен енді оқытушыға қарай сәл қиыстай бұрылып тұрдым да, былай дедім:
- Жолдас генерал, бірінші сұрағым мынадай: академия тындаушысы
шығарма жазарда алдына неше мақсат коюға тиіс?
- Мұндай сұрақ болмайды, жолдас Момышұлы, - деді оқытушы маған
мысқылдай жауап беріп. - Тындаушының алдында жалғыз ғана мақсат тұрады. Ол
тақырыпты қалай да жақсы жазып шығу мақсаты. Түсінікті ме Сізге?
- Ал мен шығарма жазарда алдыма үш түрлі мақсат қоямын, жолдас
генерал. Ол, біріншіден - әскери, екіншіден - ғылыми, үшіншіден - әдеби болуы керек. Осы
үшеуінің басы қосылмаса, мен оны шығарма деп есептемеймін.
Осы кезде Захаровтың менің сұрағым мен жауабыма зер салып, ойлана
бастағанын аңғардым.
- Екінші сұрағым мынадай, жолдас генерал, - дедім оқытушыға қадала
қарап, - Сіз орыстың «страх» («үрей»), «смелость» («батылдық») деген екі сөзі бар екенін
білесіз, әрине. Ал осы екі сөздің нешеден синонимі бар екенін білесіз бе?
- Сіз менен емтихан алайын деп пе едіңіз? - деді ол қызарақтап.
- Оныңыз артық сөз, жолдас генерал. Менің айтайын деп тұрғаным осы
екі сөздің біреуінің сегіз, екіншісінің тоғыз түрлі синонимі бар.
Сол синонимдердің бәрін есіме түсіре отырып, мен өз шығармамда «үрей»,
«батылдық» деген сөздерді еш жерде екі реттен қайталағамын жоқ.
- Полковник, сол екі сөздің синонимдерін жеке-жеке атап шығыңызшы, -
деді Захаров маған.
- Құп, жолдас армия генералы,-дедім мен академия бастығына қарай
бұрылып. - «Страх» сөзінің синонимдері мынадай: «боязнь», «жуть», «испуг», «опасение»,
«оторопь», «робость», «трепет» және «ужас». - Генерал Захаров мен әр синонимді атаған
сайын бір саусағын бүгіп отырды. Оның бір қолының бес саусағы тегіс жұмылып, екінші
қолында жұмылмаған екі-ақ саусақ қалды.
Мен сәл тыныс жасадым да, содан кейін екінші сөздің синонимдерін таратуға
кірістім. - Ал «смелый» сөзінің баламасы болып мына сөздер саналады, жолдас генерал:
«бесстрашный», «безбоязненный», «храбрый», «неустрашимый», «отважный»,
«доблестный», «бестрепетный», «удалой», «лихой». Енді қандай сөздердікін айтайын,
жолдас генерал?
- «Армия» деген сөздікін айтыңызшы.
- Ол көп емес, жолдас генерал: «войско», «рать» және «воинство» деген
үш-ақ сөз.
- Онда «наказание» деген сөздікін айтыңыз.
- «Кара», «казнь», «возмездие», жолдас генерал. Бұлар синонимі
аз сөздер. Синонимі көп сөздерді сұраңыз, жолдас генерал.
- Жетеді, - деді Захаров күліп. - Мен Сізді автомат па деп қалдым.
- Олай емес, жолдас генерал, мен әскери академияның
тындаушысымын.
- Мақтарлық іс, жолдас полковник. Енді Сіздің жаңағы айтқан екі сөзді
қалай қолданғаныңызды тексеріп көрейік. - Осылай деп Захаров алдында жатқан
дәптердің беттерін ақтарып, әр бетке байыптап көз жүгірте бастады. - Рас, қайталанбаған
екен, - деді
ол біраздан кейін дәптердің соңғы бетін жауып. - Жок, тоқтаңыз, енді мына екі жұмысты
қарайық. Мен Сіздің жұмысыңызбен салыстыру үшін терт пен бес қойылған екі жұмысты
қоса алдырғанмын.
Генерал Захаров осылай деп, алдында жатқан екі дәптерді бірінен соң
бірін ақтарып қарап, қызыл қарындашпен керекті сөзінің астын сызып жатты. Содан кейін
оларды санап, бір қағазға түртіп алды да, басын көтерді.
- Дұрыс айтасыз, жолдас полковник, - деді ол екеуімізге кезек қарап
қойып.- «Үрей» деген сөз мына жұмыста 10 рет, мына дәптерде 13 рет қайталанған.
Генералға тағы да сұрағыңыз бар ма?
- Соңғы сұрағым мынадай, - дедім тағы да оқытушыға қадалып.- Осы біз
академияның тындаушысымыз ба, әлде бастауыш мектептің шәкіртіміз бе?
- Оны білмегеніңіз өкінішті екен, - деді ол күңк етіп.
- Олай дейтінім, егер біз класта мұғалімнің аузынан шыққанды қағазға
көшіріп, жат жазу жазып отырған бала-шаға емес, өзіміздің соғыста алған тәжірибемізді
баяндап беруге тиіс егде адамдар болсақ, онда бізге шәкіртше қараудың қажеті не? Біздің
бұл жазып отырғандарымыз Отан соғысында өз басымыздан кешкен тәжірибе. Ертең Бас
штабқа осы жазылғандардың бәрі, қиыршық алтын іспеттес, қажет дүние. Бас
штабтағылар осы қиыршықтардың бәрін қорытып, кесек алтынға айналдырады. Мен өзім
осылай деп ойлаймын. Егер олай болса, онда кеше Сіз маған екі қоймай-ақ, «жолдас
Момышұлы, резюме жазып үлгірмеген екенсіз, соны жазып аяқтап беріңіз» деп
жұмысымды өзіме қайырып, артынан маған бес емес, үш қойсаңыз да риза болатын едім
ғой.
Менің Сізге басқа сұрағым жоқ. Мен өзімді Сіздің алдыңызда кінәлы деп
есептеймін. Кеше қасыңызға барып дәптерімді алмағаныма кешірім сұраймын.
Осыдан кейін мен Захаровқа қарай қайтадан бұрылып тұрдым.
IV
- Ол дәптерді алмағаныңыз дұрыс болған, жолдас Момышұлы, - деді
Захаров ойлана отырып. - Дегенмен, Сіз менің бағанағы сұрағыма жауап беріңізші.
Жұртқа жеткен уақыт Сізге қалай жетпей қалды?
- Оның мынадай себебі бар, жолдас армия генералы, - дедім мен. -
Өзге жұрттың ойлау процесі бір сатылы да, менікі екі сатылы. Бар әңгіме осында.
- Мұны қалай түсінуге болады?
- Өйткені мен ойды алдымен қазақша ойлаймын. Одан кейін оны
орысшаға аударамын. Содан соң барып қағазға түсіремін. Бұл орыс емес ұлт өкілдерінің
бәрінің табиғатына тән қасиет. Өзге жолдастарым мен сияқты екі рет ойланып, әуреленіп
жатпайды. Міне, оның себебі осында, жолдас армия генералы.
Захаров көзін сығырайта түсіп, тағы да ойланып қалды. Содан кейін оң
жағындағы оқытушыға бұрылып:
- Сіз қалай деп ойлайсыз? - деді.
- Жолдас генерал, ол маған емес, программаға байланысты ғой, - деді
оқытушы.
- Программа не үшін жасалады?
- Ол түсінікті ғой, жолдас генерал, - деп шыжалақтай бастады. - Бірақ
әрбір полковниктің айтқаны бойынша программаны өзгерте беруге де болмайды...
- Жоқ, - деп Захаров оның сөзін бөліп жіберді. - Сіздің мұныңыз
ұстаздыққа жатпайды. - Осылай деді де Захаров оң жағындағы телефондардың біреуінің
трубкасын көтерді. - Озеровпысың? Мен Захаров қой. - Окытушының шені мен фами-
лиясын атап, - сөгіс жариялау туралы бұйрық жазып әкел. Қазір,- деді.
Осылай деп ол трубканы жапты. Озеров академияның кадрлар бөлімінің
бастығы еді. Оқытушыға қарасам, оның түсі боп-боз боп кетіпті. Судан шыққан балыққа
ұқсап, қайта-қайта тілін жаландатып, ернін жалай береді.
Генерал Захаров алдында жаткан менің жазба жұмысыма «2» деп қойылған
баға мен оқытушының фамилиясын қызыл қарындашпен айқыш-ұйқыш екі сызды да,
жаңадан «4» деген баға қойды.
Одан төменірекке: «Академия бастығы Совет Одағының Батыры армия
генералы» деген сөздер ойылған штемпілін басты да, оның астынан «М.Захаров» деп
иректете қол қойып, дәптерімді өзіме қайтарып берді.
- Сіз боссыз, - деді ол осыдан кейін.
Мен ұршықтай үйіріліп, кейін бұрылдым да, аяғымды дік-дік басып,
генералдың кабинетінен шықтым. Жарай ма осы деталь?
Автор. Жарайды, Бауке. Сөйтіп Сіз академияны бітіріп, ақшалай сыйлық
алдыңыз?
Бауыржан. Иә, Академияны жүз жиырма бес адам бітірді. Соның
жиырмасына сыйлық берілді. Академияны тек қана беспен бітіргендерге он үш мың
сомнан сыйлық тиді. Менің беске 0,39 балым жетпей қалды. Соның бәрі жаңағы
оқытушының қырсығынан болды.
Таза төрт, төрт жарымға бітіргендер бәйгеге ілінген жоқ. Солардың ішінен
жалпы балым 4,61 болғандықтан мені тандап алып, тоғыз мың сомдық екінші сыйлыққа
қосты.
Автор. Оқып жүрген кездегі айлық стипендияларыңыз қанша еді, Бауке?
Бауыржан. Әркімдікі әр түрлі. Менін стипендиям дивизия командирінің
жалақысы болатын.
Автор. Мұндай стипендиямен өмір сүруге болады екен, Бауке. Ол жылдарда
КазГУ-дің студенті болып, мен де стипендиямен өмір сүрдім. Ал енді Сіздің
сыйлығыңызды жумаймыз ба, Бауке?
Бауыржан. Әрине, көп ақша. Тоғыз мың сом шытырлап қалтама түскеннен
кейін мұны қайда жұмсаймын деп ойладым. Ақыры мынадай қорытындыға келдім. Бас
штабтың академиясын бітірген бірінші қазақ мен болармын. Ендеше мен осы құрметке
арнап халықтың тойын жасайын дедім.
Сол кезде Москвада СССР Жоғарғы Советінің сессиясы өтіп жатқан еді. Қазақстан
депутаттары орналаскан «Армения» мейманханасына барып, Қалыбек Қуанышбаев пен
Мәлік Ғабдуллинді тауып алдым. Екеуі де депутат болатын. Осылай да осылай,
академияны бітірдім. Үкімет сыйлық берді. Мен де қазақтың бір ұлымын ғой. Ендеше
әскери академияны менімен бірге халқымыз да қоса бітірді деп есептеймін. Осы қуанышқа
арнап, қазақша той жасайық. Өздерің елден келген депутаттардан жиырма шақты адам
жинаңдар. Қарсыдағы ресторанға барып отырайық дедім оларға. Олар келісті. Сол арада
Құрманбек Жандарбеков келе қалды. Жиырмадан аса адам боп жиналып, қарсыдағы
ресторанға барып отырдық.
- Екі тізгін, бір шылбыр Сіздің қолда, жолдас депутат, - дедім
Қаллекейге. - Ас алдыртыңыз. Тойды бастаңыз.
Қаллекей келістіріп заказ берді. Кемелдендіріп тойды жүргізді. Академияны
бітіру тойы осылай өз сәнімен аяқталды.
V
Бауыржан. Ол кезде үкіметтің арнаулы нұсқауы бойынша, академияны
беспен бітіргендерге үш түрлі, төртпен бітіргендерге екі түрлі қызмет ұсынылатын. Не
үштің, не екінің таңдаған біреуіне баруға міндеттісің. Ал мен жоғарыдағы оқытушының
кеселінен үштің емес, екінің бірін ғана таңдауға тиісті болдым.
Академияны бітіргеннен кейін бізді ГУК-тың қарамағына жіберді. ГУК-тың
бастығы армия генералы Филипп Иванович Голиков маған алдымен Кавказға бригада
командирі болып баруды ұсынды.
- Мен дивизия командирімін. Оның үстіне академия бітірдім. Бригада
командирі болып бармаймын, - дедім Голиковке.
Соғысты бітіріп, академияны тауысып, кеудеге нан пісіп жүрген кез еді ғой ол,
қарағым. Генералға тура осылай дедім.
- Бара беріңіз. Сіздің пікіріңізді жоғарыға хабарлаймыз, - деді генерал.
Мен тайтаңдап жүре бердім. Сонымен он күн өтті. Мені тағы Голиковке
шақырды.
- Бригада командирі болып бармасаңыз, - деді бұл жолы генерал,- онда
корпус штабының бастығы болып барыңыз.
Бұл үлкен кызмет еді. Жаман ағаң ақылсыздык жасады, қарағым. Жарайды, рақмет
деудің орнына Голиковке:
- Мен сап командирімін. Ешқашанда штабта отырған емеспін, - дедім.
Голиков бетіме қарап отырды да:
- Жолдас полковник, Сіз асқақтықтың сазайын тартасыз. Бара беріңіз, -
деді.
Ағат кеткенімді артынан білдім. Бірақ қайта барып, генералдан кешірім
сұрауға өрлік мойын бұрғызбады. Орынсыз өрлік адамды өкіндірмей қоймайды ғой,
қарағым. Партия мен үкімет мені оқытты. Академия бітіртті. Менің лауазым тандамай,
жіберген жерге жүре беруім-ақ жөн еді. Кеше, Москва түбінде өліп кетсем қайтетін едім.
Өлгендерден жаным артық па еді? Қайтесің, пендеміз ғой. Пенде болған соң кемшіліктен
кім құтылмақ. «Семіздікті қой ғана көгереді» деген даналық сөзді халық тегін айтпаған ғой.
Менің өмірімде жіберген ең үлкен қателігім осы болды. Өзгесінің бәрі түкке тұрмайды. -
Бауыржан сәл ойланып, үнсіз отырып қалды. Содан кейін сөзін қайтадан жалғады. - Осы
қатемді ойласам күні бүгінге дейін екі бетім дуылдап қоя береді. Адамгершілік, азаматтық
арым өзімді өмір бойы осы үшін айыптаумен келеді.
Өмірінің қатесін ешкім де өз аузынан айтып бермейді. Өйткені оны
мойындау қиын, өзгеге мөлдіретіп айтып беру одан да ауыр. Мен саған имандай сырымды
айтып отырмын, қарағым. Оның себебі менің дұрысымды көрген жұрт бұрысымды да
білсін. Бір адамның өмірі мың адамға сабақ. Жас ұрпақ менің де жақсымнан үйреніп,
жаманымнан жиренсін.
Осыдан кейін Баукең ыңылдап, Сәкеннің «Тау ішінде» дейтін әніне
ұқсастау әуенмен мынадай бір шумак өлең айтты:
Атағым жер жүзіне дүрілдеген,
Бір кезде Бауыржан ем гүрілдеген.
Айрылып атақтан да, шатақтан да,
Бұл күнде шал болдық қой дірілдеген.
Автор. Бауке, осының үшінші жолын өзгертсеңіз қайтеді?
Бауыржан. Не деп?
Автор. Мәселен, «Тіс түсіп, тізе қақсап, буын босап» десе де болар еді.
Бауыржан. Себеп?
Автор. «Ердің аты, ғалымның хаты өлмейді» деген бар емес пе? Ендеше
Сіздің атағыңыз ешқашанда өшпеуге тиіс. Тарих Сізді ұмытпас болар, Бауке.
Бауыржан. Сонда қалай болып шығады?
Автор. Былай:
Атағым жер жүзіне дүрілдеген,
Бір кезде Бауыржан ем гүрілдеген.
Тіс түсіп, тізе қақсап, буын босап,
Бұл күнде шал болдық қой дірілдеген.
Бауыржан. О да жөн екен. - Содан соң Баукең танауы жалпая рақаттанып
күліп алды. - Оның да рас. Солай-ақ болсын.
Автор. Академияны бітіріп алып, алшандап Москвада жүре береміз бе,
Бауке? Кетпейміз бе бір жаққа жолдама алып?
Бауыржан. Оның рас. Академияны бітірген менен басқа жүз жиырма төрт
адам тегіс қызметке кетті. Сопайып мен жалғыз қалдым. ГУК-тың қарамағында алты ай
жаттым. Генерал Голиков ақылы кіргенде шақыртарсың деп, өзінің орынбасары
Свиридовқа тапсырып қойса керек. Бір күні мені генерал-майор Свиридов шақыртты.
Бардым.
- Зеріктіңіз бе, жолдас полковник? - деп сұрады ол.
- Зеріктім.
- Бәріне өзіңіз кінәлісіз, - деді генерал Свиридов. - Біз Сізді алғашында
бригада командирі етіп тағайындайық деп едік. Бейбіт уақытта бригада командирі деген
әскердегі үлкен қызметтердің бірі. Бригада командирі лауазымындағы адамға генерал-
майор
атағы беріледі. Бірақ Сіз оны түсінбедіңіз. Одан сон корпус штабының бастығы етуге
ұйғарып едік. Оған да риза болмадыңыз. Қазір басқа бос орын жоқ. Сондықтан уақытша
бригада командирінің орынбасары боп барасыз. Міне, жолдама.
- Құп! - деп қолды шекеге қойып, аяқты сарт еткізуден басқа ештеңе
қалмады маған. Үлкен өзендерде пароход жүзіп келе жатқанда арнаулы адам судың
терендігін үнемі өлшеп отырады. Өйтпесе пароход қайырлап, бөгеліп қалады. Немесе
оның винтіне зақым келіп, істен шығады. Алған жүгін тиісті жеріне уакытында жеткізе
алмайды. Адам да пароход сияқты. Ол да өзінің алдын үнемі оймен өлшеп отыруы керек.
Ойланбаған орға жығылады, опық жейді. Оған өзіңнің өр көкіректігің, өзімшілдігің ғана
кінәлі. Бұл сенің ақылсыздығыңнан істелетін іс емес. Ақыл да ойлағанды ұнатады.
Ойланып-толғанған адамға ғана ақыл дұрыс жол көрсетеді.
Алдымен Алматыға, үйге соғып, содан Сібірге аттандым.
Автор. Алматыда кімге соқтыңыз?
Бауыржан. Кімге болушы еді - әйелім Жамал, ұлым Бақытжан бар емес пе?
Соларға соқтым.
Автор. Оларды өзіңізбен бірге алып кетпедіңіз бе?
Бауыржан. Жоқ. Жағдай келмеді. Алматыдай емес, Сібірдің жері суық қой.
Сібірдің суығын көтере алмай, өзім де өлесі болып жүрдім. Кішкентай Бақытжанға суық
тигізіп алармын деп қорықтым. Оның үстіне уақытша кетіп бара жатқандықтан оларды
жылы орнынан қозғамайын деп ойладым.
VI
Автор. Бауке, басқа жора-жолдас, ұстаз-командир, бастық генералдарыңыз
туралы толық айттыңыз. Енді әйелдеріңіз, өзіңізге өмір серік болған жеңгейлер жайында
бірдеңе демейсіз бе?
Бауыржан. Бұл сұраққа жауап бермейін деп мен саған былтыр айтқанмын.
Немене биыл тағы сол сұрақты қоңырсытып отырсың?.. Ал, қай әйелге қалай үйленгенін,
неге ажырасқанын саған қандай ақымақ еркек айтып береді деп ойлайсың. Әйелді
қорлаған
еркекті өмір өкінішсіз жібермейді. Өйткені, әйел - өмірдің анасы, ал асыл перзент анасын
ешкімге де қорлатпайды. Өйткені, әйел - киелі халық. Оның киесі өзін қорлаған еркекті бір
атпай кетпейді... Менің көзім осыған жетті. Сенің іздеп отырғаның осы сөз ғой. Понятно
тебе?.. Мен соғыста етегіме намаз оқып жүргемін жоқ. Сен өзің оқыдың ба?
Автор. Оқыдым, Бауке. Менің намазым қаза болған емес.
...Қырық төртінші жылдың күзі көз алдыма елестеді. Бірінші Брест атқыштар
дивизиясының делегациясы Алматыға келді. Мен делегацияның жетекшісі едім. Қасымда
Тәкен Майшынов, Қабыш Мусин деген екі серігім бар. Үшеуіміз де жиырма екі жастамыз.
Біз Варшава түбінде тұрған дивизиядан Қазақстан үкіметіне хат әкелдік. Делегациямызды
Халық Комиссарлары Советі председателінің орынбасары Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев
қабылдады. Қазақтың үлкен жазушысы Сәбит Мұқанов үшеуімізді үйіне шақырып, қонақ
етті. Біраз күннен кейін Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті мен Халық
Комиссарлары Советінің дивизияға жолдаған хатын алып, майданға қайттық. Жолда
Қызыл-
ордаға түсіп, сол жерден дивизияға арналған сәлем-сауқат ала кететін болдық.
Қызылорда обкомында бізді облыс басшылары Рақымбай Төлебаев, Медеу
Аталықов деген кісілер жылы шыраймен қарсы алды.
- Сіздің дивизияға қазақ халқының сәлемдемесі деп бір вагон күріш, бір
вагон балық бермекші едік. Соны дайындап, вагонға тиеу үшін біраз күн осында
бөгелулеріңізге тура келеді, - деді Төлебаев. - Ертең жетінші ноябрь - Октябрь мейрамы.
Біздің Шиелі дейтін ауданымызда ауданаралық той өтеді. Шиелі биыл Отанға күрішті көп
беріп отырған аудан. Соған жапсарлас үш-төрт ауданның халқы жиналып, Октябрь тойын
тойлайды. Сіздерді сол тойға қатысып, екі-үш күн елде аунап-қунап қайтсын деп отырмыз.
Бір паровоз бір вагонды сүйреп, түні бойы жүріп, таңертең бізді Шиеліге
жеткізді. Бізді вокзал басында салт атқа мінген жиырма қыз қарсы алды. Біз вагоннан
шыға бергенде жиырма қыз ат үстінде тұрып домбыра тартты - күй атасы «Саржайлауды»
аңыратты. Менің көзіме жас үйіріліп, қозғалмастан тұрып қалдым. Екі жолдасым
арсаландап, қыздарға қарай жүгірейін деп еді, ым қағып оларды да тоқтатып тастадым.
Күй біткеннен кейін қыздар тегіс аттан түсті де, домбыраларын кеуделеріне қысып, бізге
иіліп
сәлем берді. Осы кезде жолдастарым қыздарға қарай тұра кеп жүгірді. Олардың
жетектерінде бізге әкелген бос аттары бар екен. Біз сол аттарға мініп, қыздарға ілесіп, той
болатын жерге келдік.
Той бір төбенің басында басталды. Қалың жұрт төбенің басынан етекке
дейін керней жерде жайғасты. Ең төменде, оларға қарсы қарап, үстел басындағы
президиум мүшелері сияқтанып, он бес шақты адам ат үстінде отырдық. Шиелі
аупарткомының секретары Ғизат Жүгірәлин деген кісі алға шығып, күрішші қауымды
Октябрь мерекесімен құттықтады. Майдан жеңісіне қысқаша шолу жасады. Елдің майдан
үшін істеп жатқан ерлік еңбегін айтты. Бұл ұлы мейрамда біздің ортамызға майдангерлер
келіп отыр. Енді сол балаларыңыздың лебіздерін тындаңыздар деп аупартком секретары
Достарыңызбен бөлісу: |