де Курляндиядан айрылмау керек! - деп бұйырды.
Міне, біз олардың осындай қорғаныс шебін бұзып барып, «Курляндия» тобын
қоршауға алуға тиіс едік. Біздің қолымызға өткен елді пункттерді қайтарып алу үшін
фашистердің күніне қырық рет қарсы шабуыл жасаған кездері болды. Күніне төрт рет
емес,
қырық рет қарсы шабуыл! Түсінесің бе жағдайдың қандай қиын болғанын?
Автор. Түсінемін, Бауке. 2-ші Балтық майданының командашысы А.И.
Еременконың жазбаларында да Сіздің бұл айтқаныңызды растайтын сөздер бар.
Бауыржан. Оның үстіне Балтық жағалауының ауа райы өте құбылмалы ғой.
Бірде жауын, бірде тұман болып, ілгері басқан аяқты кейін кетірген кездер де аз болған
жоқ. Маршалдар мен генералдардың күйіп-пісіп, ызаланатын себептері де сол. Осындай
қиын-қыстау кезеңде менің 9-шы гвардиялық дивизияға басшы болуыма тура келді.
Дивизияда жеті полк бар еді. Олардың төртеуі орденді полк. Орынбасарым
өзіміздің Қазалының балықшы орыстарының ұрпағы, Совет Одағының Батыры гвардия
полковнигі Геннадий Фадеевич Шляпин деген жігіт. Ол қазақша судай жүйрік екен. Саяси
жұмыс жөніндегі орынбасарым қарт большевик, Саратов обкомының бұрынғы секретары
гвардия полковнигі Иван Михайлович Коньков деген кісі. Шляпин кейін мені аға, оны
ақсақал деп атайтын. Мен дивизияның жеті полкымен, олардың командир,
жауынгерлерімен жете танысқаннан кейін, біраз күннен соң біздің корпус шабуылға
шықты.
Курляндия - орманды, батпақты өлке. Онда аяқты, тұсаулы аттай, кібіртіктеп қана
басасың. Жүгіре алмайсың, тартпа шалшық аяғыңнан алып, аттаған сайын сүріндіреді.
Сондықтан да біздің майдандарымыз аршындап ілгері баса алмай, жау шебін кеміріп
мүжіп келе жатқан болатын.
Біздің дивизияға Латыш ССР-інің Приекуле станциясын жаудан азат ету
міндеті жүктелді. Оны картадан қараймын десең, Лиепая қаласының шығыс жағынан ізде.
Литва ССР-інің шекарасына жақын жерде. Дивизия алғашқы күні жаудың жоғарыда
айтылған үш қатар бекінісін бұзып, станңияны алды. Одан кейін екі күнде тағы да сегіз
километр алға басты. Содан соң тағы он күн соғысып, ол он күнде он жеті километр ілгері
жылжыдық. Жаудан он бес елді пунктті азат еттік. Олардан есімде қалғаны Жабали,
Усайтюгворс, Видсмунка, Усайты деген деревнялар. Жиырма шақты күнде не бары
жиырма бес шақырым жерге жылжыдық. Соның өзі Курляндия жағдайында аса зор жеңіс
болып есептелді. Дивизиямыз жаудың жиырма бес зеңбірегін, бес минометін, қырық бес
пулеметін, отыз бес танкін жойып, мыңға тарта неміс солдаттары мен офицерлерін
құртты. Бұл цифрларды мен саған өз жанымнан шығарып айтып отырғамын жоқ.
Корпустың сол кездегі ресми документтерінде осылай жазылған болатын.
Автор. Рас, Бауке. Ол документтердің кейбір көшірмелерін мен өз көзіммен
көріп оқыдым.
IX
Бауыржан. Осыдан кейін дивизия екінші эшелонға демалысқа шығарылды. 6-
шы гвардиялық армияның қолбасшысы Совет Одағының Батыры, генерал-полковник
Иван Михайлович Чистяковтың өзі келіп құттықтады.
Осыдан кейін ғенерал-полковник біздің дивизияның 120 жауынгері мен
офицеріне өз қолымен награда тапсырды.
Автор. Ол бір ауыр ұрыстар болған екен, Бауке. Өзгесін айтпағанда отыз бес
танкті ойрандау осал іс емес қой! Ол күндерде қысылған, сасқан сәттеріңіз болды ма?
Бауыржан. Неге болмасын. Қысылуды сұрасаң, күніне әлденеше рет
қысылдық қой. Сасқан сәттер де болды.
Алғашқы күні, жаудың екі түбегін тартып алып, үшіншісіне ұмтыла
бергенімізде, фашистер танктерін тасалап бізге қарай дүрсе қоя берді. Алғы шеп
абыржып барып, кейін толқыды. Мен де дивизиямның алғы тізбектерін екшелеп келе
жатыр едім.
Командирі қасында тақау жүрсе, жауынгердің жаудан беті қайтпайды. Зеңбіректер бір елі
қалмасын деп Шляпинге қатты тапсырып қойғанмын. Өйткені зеңбірек ерткен жаяу әскер
танктен тайсалмайды.
Қалай дегенмен де, алғы шеп кейін лықығанда мен едәуір сасқалақтап
қалдым. Бірақ адам бойында жасырын жатқан неше түрлі күш-қасиеттер бар ғой.
Солардың бірі қайрат пен жігер.
Қайрат - қамал бұзады. Шляпин жігерлі жігіт еді. Танктерді көргенде ол да бар
зеңбіректен атқылап берді. Кейін толқыған жігіттерді тоқтату үшін мен қылышымды жарқ
еткізіп қынабынан суырып алдым да:
- Қайда барасындар, менің қырандарым, алға! - деп алға қарай ұмтылдым.
Дивизия командирін көргеннен кейін жауынгерлер кейін бұрылып, «Ура!» деп
қайтадан жауға қарай лап қойды. Дүние тарс-тұрс, гүрс- гүрс болды да кетті. Жау танктері
де лаулай бастады. Жігітгер жанына кеп қалғанын шоқпар гранатпен соғып, «КС-пен»
өртеп, жайрата женелді.
Біз, алғашында кейін серпілген жігіттерді өкшелей қуып, екпіндеп келіп қалған
бір топ неміспен қоян-қолтық келіп, найзаласа жұлқысып кеп кеттік. Менің дәл қарсы
алдыма бір арғымақтай офицер кісінеп келіп қалған екен. Баяғы Сибирьде жүргенде
үйренген ат үстінен шыбық шабатын әдісіме салып, қыл мойынды қиғаштай тартып кеп
жіберіп едім, офицер жұлындай ұшып түсті.
- Алға, қырандарым, - деп тағы да қарлыға айқайлап, ілгері жүгірдім.
Қырандарым, таудан төңкерілген судай ағындап, менен озып, айналамнан алға қарай
ағылып жатты. Қираған танктердің біріне тақап қалғанымда люктен шығуға тырбанып
жатқан жау офицерін көзім және шалып қалды. Оны маузермен көздей басып кеп салдым
да, домалатып танктың алдына сұлаттым. Осы кезде артымнан біреу келіп қапсыра
құшақтай алды. Жалт қарасам, орынбасарым Геннадий Фадеевич Шляпин екен.
- Ағатай, Сізге не болды? - деді ол қазақшалап. - Кейін қайтыңыз.
Сөйтсем ол менің жаяу әскерді бастап, атакаға жүгіргенімді көріп, олжа
транспортерге міне салып, соңымнан қуып келіпті. «Ағатайлап» жалынып, транспортерге
отырғызып, мені кейінірекке алып шықты.
Ол күні мен қылыш сілтеп, маузерден атып, жеке өзім жаудың екі офицерін
жойдым. Ал менің дивизиямның жауынгерлері жиырма танкты өртеп, көптеген дұшпанды
жер жастандырды.
Автор. Дәл осы ұрыстарға байланысты 2-ші гвардиялық корпустың командирі
Совет Одағының Батыры, гвардия генерал-майоры Баксов мынадай мінездеме жазған
екен, Бауке. Орысшасы өте әдемі. Аудармастан сол қалпында оқиын: «Гвардии полковник
Момышулы умелым руководством войсками, личным примером героизма, мужества и
отваги, проявленные в бою, воодушевлял бойцов и офицеров на выполнение задач,
поставленных перед дивизией, в результате чего противнику нанесены значительные
потери в живой силе и технике». Осылай депті, Бауке.
Бауыржан. Бұл документтерді ерінбей іздеп, тауып алғаныңа рақмет!
Автор. «Ақиқат пен аңыздың» журналға шыққан тарауларында мен Сіздің
көзіңізге жас алған бір тұсты айтқан едім. Ұмытпасам Сіздің алғашқы ұстазыңыз
помкомвзвода Николай Рединнің өлген жерінде болуы керек. Соны оқыған жазушы
жігіттердің біреуі: сенің мұның өтірік. Момышұлы жыламайды деп маған кінә тақты. Сол
сияқты, соғыстың соңғы кездерінде жылаған сәттеріңіз болды ма?
Бауыржан. Момышұлын адам емес, ағаш деп ойлайтын ол неғылған
жазушы?
Содан кейін ыңылдап отырып, өз өлеңімен жауап берді:
«Мен де адаммын жаралған сүйек, еттен»,
Менде де ой бар, сезім бар жан тербеткен.
Жүрегім менің қиыршық тас емес қой,
Қайғыларым бар мені де еңіреткен...
Болды, қарағым. Бір рет тағы да еңіреп тұрып жыладым. Басынан айтайын.
Біз жаңағы айтылған Приекуле түбінде басталған ұрыстан кейін екінші
эшелонда бір жарым айдай болдық. Бұл кезде біз Ленинград майданының, маршал
Говоровтың қарамағында болатынбыз.
Бір күні мені армияның Соғыс советінің кеңесіне шақырды.
- Өзіңіз білесіз, кеше, 2 майда Берлин құлады, - деді командашы. - Ал
Курляндияда немістің жарты миллиондай әскері бар. Оларға бағыну туралы ультиматум
қойылды. Бірақ хабар жоқ. Олар айтқанға көнбесе күш көрсетіп бағындыруымыз керек. Ал
соғыстың бұл соңғы күндерінде, бәлкім, соңғы сағаттарында екі жақтан да қан төгілмегені-
ақ жақсы болар еді. Бірақ олар қойған шартты қабылдамаса, біз шабуылға шығамыз.
Сіздің дивизия сол шабуылшы топқа кіреді.
Генерал-полковник Чистяковтың бұл бұйрығын алып, мен дивизияға келдім.
Коньков пен Шляпинге жайды айтып, дивизияны орнынан көтердік.
- Бауыржан, қарағым, - деді жолда келе жатып Иван Михайлович Коньков, -
бәлкім, немістер ақылына келер, қаруларын тастап, қол көтерер. Бәлкім, бұл біздің
немістермен ең соңғы ұрысымыз болар. Өзің де сақ бол, өзгелерді де сақтауға тырыс.
Приекуледегідей қызбаланып, ілгері ұмтылма. Кейінірекке жайғас.
- Оны жағдай көрсетеді ғой, ақсақал, - дедім мен.
Бірақ менің командалық пунктім артқа емес, алға, жаудан жүз елу метрдей
жерге орналастырылды. Жау айтқанға көнбей, бұрқыратып оқ боратып тұрды. Бір кезде
радист екеуіміз жатқан шұңқырға біреу домалап кеп құлады. Иван Михайлович Коньков
екен.
- Сізге не болды? - дедім.
- Сіз осында жатыр деген соң әдейі келдім,-деді ол. - Ағалық ақылымды
беріп, басу айтып, қасыңызда болайын дедім.
Осы кезде біздің самолеттер келіп, төбеден оқ атып, ұсақ бомбалар
тастады. Жаумен ара жақын, жүз елу метр ғана болғандықтан, олардың оғы ауытқып өз
үстімізге де ақтарылып жатты.
- Соғыстың соңғы сағатында мыналар қайтеді, ей, - деп Коньков атып
тұрып, біздің ұшқыштарға қарап колын сермеп, жұдырығын түйді. Сол сәтте ол радист
екеуіміздің үстімізге қайтадан құлап түсті.
- Иван Михайлович, не болды? - деп мен оның басын сүйей бердім.
- Бауыржан! Комдив! - деді ол сөздерін үзіп-үзіп әрең сөйлеп. - Соғыстың
соңғы сағатының құрбаны мен-ақ болайын... Өзгелер аман болсын...
Осылай деп ол көзін мәңгіге жұмды. Радист солдат екеуіміз қосыла
еңкілдеп жылап жібердік.
Дүние тып-тыныш бола қалды. Үрейленіп, окоптың кенересіне көз жібердік.
Немістер ақ ту көтеріп, шұбырып бізге қарай келе жатты.
Олар бізге көп қорлық көрсетті. Бірақ біз тұтқындарды қорламадық. «Таспен
атқанды аспен ат» деген. Мен немістің жиырма жеті генералының алдына халқымыздың
ақ дастарқанын жайып, қонақасы бердім. Енді елімізге тиіссеңдер дәм ұрсын! - дедім.
- Найн, найн! - деп олар бастарын шайқап, көздерін жыпылықтатты.
Арий қанды зиялы генералдар алдарындағы асты аш қасқырдай түтіп, жеп жатты.
Соғыс осылай бітті.
I
Автор. Ал, Бауке, сонымен соғысты бітірдік.
Бауыржан. Бітірдік.
Автор. Енді қайда барамыз?
Бауыржан. Сен сержантсың ғой?
Автор. Иә.
Бауыржан. Онда әскерден босап, ауылыңа қайт. Алматыға барып, КазГУ-ге
оқуға түсесің бе - ерік өзіңде. Ал мен полковникпін. Маған демобилизация жоқ. Менің
дивизиямда қала беруіме немесе әскери академияға оқуға кетуіме болады.
Автор. Соғыс біте сала академияға түстіңіз бе?
Бауыржан. Жоқ. 1945 жылы 9 майда соғыс біткеннен кейін сентябрьге дейін
Балтық әскери округында сол 9-шы дивизияның командирі болып тұрдым. Содан кейін
Москваға, ГУК-тың қарамағына шақырылдым. Қырық алтыншы жылдың январынан бастап
К. Е. Ворошилов атындағы I дәрежелі Суворов орденді Жоғары Әскери Академияның
тыңдаушысы болдым. Академияда қалай оқығаным керек болса, оны мына дипломнан қа-
рап, көшіріп алғын.
Баукең ұсынған дипломды қолыма алып қарасам, қатырманың бірінші
бетіне СССР Гербінің суреті салынған да, екінші бетіне былай деп жазылған екен:
«ДИПЛОМ
Б № 256421
Осыны ұсынушы полковник Момышүлы Бауыржан 1946 жылы түсіп, 1948
жылы К.Е.Ворошилов атындағы I дәрежелі Суворов орденді Жоғары Әскери Академияның
толық курсын бітірді. Мемлекеттік Емтихан Комиссиясының 1948 жылғы 14 февральдағы
шешімі бойынша Академияны жақсы деген дипломмен аяқтады деп саналады.
Мемлекетгік Емтихан Комиссиясының председателі Совет Одағының Маршалы
ГОВОРОВ.
Академия бастығы, армия генералы
М.ЗАХАРОВ.
Москва қаласы. 1948 ж.
Тіркеу № 66».
Говоров пен Захаров екеуі де дипломға қол қойған, сол жақ бұрыштан
академияның мөрі басылған.
Одан кейін дипломның қосымшасын алып қарап едім, тізіліп тұрған бестік
бағаларға көзім түсті. Асығыс түрде мен оларды да дәптеріме көшірдім.
Бұған да генерал Захаровтың қолы қойылып, академияның мөрі басылған.
Автор. Академияны үздік бітірген екенсіз, Бауке.
Бауыржан. Қырық алтыншы жылы қабылданған жаяу әскердің жауынгерлік
уставына менің ұсыныстарым кірді. Академияны бітіргенімде маған тоғыз мың сом (ескі
ақшамен) сыйлық берілді.
II
Автор. Сол академияда оқыған кезіңізден бірер деталь айтып бермейсіз бе,
Бауке? Қанша адам оқыдыңыздар? Қалай оқыдыңыздар? Оқытушыларыңыз қандай
адамдар еді деген сияқты.
Бауыржан. Мен, сенің алдыңа қойған мақсатыңа сәйкес, өмірімнің әрбір
кезеңін қыска-қысқа ғана баяндап келе жатырмын, қарағым. Ал оның әр кезеңінің жеке
детальдарын қуалай берсек, онда әңгімеміз ұзаққа кетеді. Екеуімізге де уақыт керек емес
пе?
Автор. Оныңыз рас қой. Дегенмен осы тұсқа Сіздің характеріңізді ашатын бір
деталь керек-ақ сияқты.
Бауыржан. Айтайын. Қырық алтыншы жылы академияның бірінші курсында 125
адам болдық. Алғашқы курсты аяқтағанымызда академия бастығы армия генералы
Захаров бес тындаушыға алғыс жариялады. Мен сол бестің бірі болдым. Бірінші курста
тек қана беске оқыдым.
Оқытушыларымыздың бірі Макаров деген генерал еді. Оперативтік өнерден
сабақ беретін. Макаров бұрынғы музыкант екен. Музыканы тастап келіп, артынан дивизия,
одан соң корпус командирі болыпты. Ол кісінің бұрынғы музыкант екенін біз кездейсоқ
білдік. Ол былай болды.
Академияның бірінші курсын аяқтарда біз Кавказға маневрға бардық. Мен
корпус командирінің, Макаров армия командашысының міндетін атқардық. Маневр
ойдағыдай өтті. Кавказдан қайтарда мен қазақтың меймандостығын жасап, генералға
ресторанда қонақасы бердім. Бірге барған жолдастарды тегіс шақырдым. Ресторанға
алдын ала тілек айтып, қазақтың ұлттық тағамдарынан қуырдақ, бесбармақ жасаттырған
едім. Ас жеп, Кавказдың
шырын шараптарын ішіп, көңілденіп отырдық.
Бір кезде оркестр ойнап, екі-үш белгілі ән-күйді нашар орындады. Генерал
Макаров басын шайқап орнынан тұрды да, эстрадаға қарай аяңдады. Біз ол кісі көңілі
сүйетін бір әнді орындауды өтінгелі бара жатқан болар деп ойладық. Ол оркестр
дирижерінің қасына барды да:
- Сіз рұқсат етсеңіз, мен пультке шығып, бес минут оркестрді басқарар едім, -
деді.
Дирижер басын изеп, қолындағы таяқшаны генералға беріп, пульттен түсе
бастады. Ресторандағы басқа жұрт та, біз де таң болып қалдық. Басқа жұрт мына
генералдың есі дұрыс па деген шығар іштерінен. Ал біз генералдың мұнысы несі деп
ойлап, қысылып отырдық.
Генерал пультке шықты. Зал мен оркестрге естірте:
- Огинскийдің «Полонезі», - деді де, таяқшаны жоғары көтерді.
Генерал Макаров таяқшасын сермеп кеп қалғанда оркестр, әскер атындай, лыпи
жөнелді. Оркестрдің толқынды, ырғақты үні ресторанды тербеп қоя берді. Барлық жұрт
орындарынан тұрып, екі-екіден қалай билеп кеткендерін білмей қалды.
«Полонез» аяқталғаннан кейін елдің бәрі эстрадаға қарай бұрылып, ду қол
шапалақтады. Оркестрдегілер табандарынан тік тұрып, олар да алақандары қызарғанша
қол соқты. Содан кейін қолына флейта ұстаған бір музыкант алға шығып, генералдың
қасына келді де:
- Біз Сізді алғашында мас генерал екен деп едік. Сіз пайғамбар екенсіз, - деп
Макаровтың қолын алды.
Бұл кісі менің академиядағы ең жақсы көретін ұстаздарымның бірі болды. Ол
кісінің сабақтарынан да ылғи бес алып жүрдім. Бірақ, бірінші курстан кейін генерал
Макаров басқа қызметке ауысып кетті де, екінші курста оның орнына басқа оқытушы
келді.
Неге екенін білмеймін, ол мені ұнатпады. Бағаны ылғи төмендетіп қоятын
болды. Мен оған үнемі беске жауап беремін. Ол төрт немесе үштен сәл жоғарырақ дейді.
Солай деп журналға белгі соғады. Мұнысына менің бірге оқитын жолдастарым наразы
бола бастады.
Бір күні маған Захаров шақырып жатыр десті. Совет Одағының Батыры армия
генералы Матвей Васильевич Захаров біздің Бас штаб академиясының бастығы ғой.
Бардым. Баян еттім.
- Бұл қалай, жолдас Момышұлы, - деді генерал алдындағы табельге
үңіліп. - Сіздің оқудағы қарқыныңыз соғыстағыдай болмай жатыр ғой. Сіз бен біз жаман
соғыспаған сияқты емес пе едік?
Захаровтың олай дейтін жөні бар еді. Өйткені ол кісі қырық екінші жылдың
январынан қырық үшінші жылдың апреліне дейін біздің Калинин майданы штабының
бастығы болған.
- Дәл солай, жолдас генерал, - дедім мен, - Калинин майданында
қандай қайрат жұмсасам, қазір де сондай қажырмен оқып жатырмын.
- Онда мына оқытушының сабағынан неге төртке түсіп қалғансыз? Бұрын
Макаровтан ылғи бес алып келген едіңіз ғой.
- Оқуым да, ұғуым да, жауап беруім де былтырғыдай, жолдас генерал.
- Мен Сізді түсінбей тұрмын, жолдас Момышұлы.
- Мен де Сізді түсініп тұрғаным жоқ, жолдас генерал. Менің міндетім
тырысу, тырбану, тыңғылықты жауап беру болса, ол міндетімді ойдағыдай орындап
келемін.
- Тіфу, енеңді ұрайын, - деді генерал күліп, - мен саған, былтырғыдай,
биыл, екінші курсты бітіргенде де алғыс жарияласам деп жатырмын да.
- Ниетіңізге рақмет, жолдас генерал. Сізден алар алғысымның алдына
тосқауыл тұрғызылып жатса мен не істеймін, - дедім алақанымды жайып.
Осымен әңгіме біткен болатын.
Бір күні әлгі оқытушы бізден жазбаша жұмыс алды. Бір тақырып берді де, соған
сыпаттама жазғызды. Ал мен желдірте сүйкектетпей, жай жазатын кісімін. Ойланып-
толғануым көбірек болды. Бейнені, кимылды көзге суреттей етіп айқын елестететін
теңеулер іздеймін, сөздердің сирек қолданылатын синонимдерін табуға тырысамын. Өстіп
отырып мен тақырыптың төрттен үшін сыпаттап болған кезде уақыт бітті деп, барлық
жұмысты бір минуттың ішінде жинатып алды. Аяқталмаған жұмысымды мен де апарып
генералдың қолына бердім.
III
Үш күннен кейін оқытушы қайтадан аудиторияға кірді. Портфелін ашып, алдына
біздің дәптерлерімізді қатарлап қойып сәл отырды да, оларды үстінен бір-бірлеп алып,
иелеріне үлестіре бастады. Бәленше төрт, бәленше бес деп жатыр. Үш алған ешкім жоқ.
Бір кезде ол:
- Полковник Момышұлы, - деді маңғаздана иегін көтеріп.
- Мен, жолдас генерал, - деп орнымнан атып тұрдым.
- Сізге екі қойдым. Тақырыпқа сыпаттама жасамапсыз, - деді ол.
Жұрт аң-таң боп қалды.
- Ғапу етіңіз, жолдас генерал, - дедім мен. - Тақырыпқа сыпаттама
жасалған, бірақ аякталмаған. Аяқтауға уақыт жетпеді.
- Мен Сіздің басыңызда не барын білмеймін. Менің білетінім мына
жазғаныңыз ғана, - деп ол менің дәптерімді столдың шетіне тастады. Мен орнымнан
қозғалмадым.
- Полковник Момышұлы, дәптеріңізді алыңыз, - деді генерал даусын
қатайтып.
- Ондай баға қойылған дәптерді мен алмаймын, жолдас генерал, -
дедім.
- Менің қолымнан алмасаңыз бұл дәптерді генерал Захаровтың қолынан
алатын боларсыз, - деп менің дәптерімді қайтадан портфеліне салып қойды.
- Ризамын, - деп орныма отырдым.
Әрине, бұл өмірі екілік баға алмаған мен үшін де, академия үшінде ЧП еді.
Ертеңінде тағы да генерал Захаровтың кабинетіне шақырылдым.
Захаровтың қасында әлгі оқытушы отыр екен. Менің үстімнен арыз айтып отырғаны айқын
болды.
- Ай-яй-ай! - деді генерал Захаров алдындағы қағазынан басын көтеріп. -
Бұл қалай, жолдас Момышұлы? Оқып отырсам жазған жұмысыңызда бір мін жоқ. Мен
сізге өзіңіздің келіп тоқтаған тұсыңызға дейінгіні айтып отырмын. Не бір грамматикалык, не
Достарыңызбен бөлісу: |