( ЕРТЕГІЛЕР ) Баға жетпес қазына Ертеде өте еңбекқор əрі бейбіт халық өмір сүріпті. Ол елдің патшасы əділдігімен , туралығымен халқына жаққан дана əрі көреген адам болған деседі. Ұзақ жылдар ел басқарып, жақсы атына кір келтірмеген патша күн санап қартая береді. Демек ол патша тағына дəл өзі сияқты əрі көсем, əрі шешен, адал билік айтатын, ешкімге қиянат көрсетпей, əділ басқаратын мұрагер дайындауы тиіс еді. Патшаның үш ұлы болады. Олардың бəрі əкесінің мектебінен өткен, ақылы кемеліне жеткен, «турасын айтып, туғанына жақпайтын» шыншылдығымен көзге түскен нағыз жігіттер еді. Кəрілік меңдеп, ел билеуге шамасы жетпей қалатын кезін ойлаған данагөй
патша ұлдарының біреуіне ел билігін мұра етіп қалдырмақ болады. Ол үшін алдымен «ұлдарымды сынап көрейін» деген ой туады. Осылайша, бір күні балаларын сарайға жинап алып былай дейді:
- Балаларым, сендерге беретін бір тапсырмам бар. Сол тапсырманы менің ойымнан шығатындай етіп орындаған біріңе мұраға тағымды қалдырамын. Ал енді тыңдаңдар. Сендер маған əлемдегі баға жетпес, нағыз ғажайып атанған қазынаны алып келіңдер.
- Жарайды, əкешім, - деп орнынан бірінші тұрды тұңғыш ұлы. – Мен сізге нағыз қазынаны əкеліп берем.
- Əке, күтіңіз. Сізді жерге қаратпаймын, - деп түрегелді екінші баласы.
Үшінші ұлы үн-түнсіз, басын изеп, қоштасып, сарайдан шығып кетті.
Сол күннен бастап патша балалары ұзақ сапарға шығады. Ақыры, араға жыл салып, патшаның тұңғыш баласы еліне қайтып оралады. Патша оның қол-аяғын жерге тигізбестен, құрметтеп күтіп алыпты. Əбден аунап-қунап, демалып болған соң тұңғыш ұл əкесінің сарайына келеді.
- Ал, балам, айт. Қайда бардың? Не көрдің? Менің тапсырмамды орындадың ба? Не əкелдің? - деп сөз бастайды патша, баласымен амандасып болып.
-Əке, мен талай елді, талай жерді араладым. Түрлі халықпен, түрлі билеушімен таныстым. Көргенім көп, түйгенім мол. Сіздің де тапсырмаңызды орындадым. Қай жерде жүрсем де, қандай елге барсам да, дүниенің құндылығы– алтын мен күміс екеніне көзім жетті. Яғни, алтын-күмісің болса, қалағаныңды сатып аласың. Сізге алып келген баға жетпес қазынам сол, - деп əкесінің алдына бір қап алтын мен күміс тастайды. Мұны көрген патша миығынан мырс етіп, баласының арқасына қағып қойды. Үлкен ұл əкесінің бұл ишарасын келіскенінің белгісі деп ойлап, қатты қуанады.
Осы кезде сарайға патшаның екінші ұлы келіп түскені туралы хабар жетеді. Көптен көріспеген бауырлар амандасып, бір-бірін құшақтап, мауқын басады. Содан кейінгі сөзді патшаның екінші баласы алады.
-Əкетай, мен ұзақ сапарда болдым. Əртүрлі елдер мен халықтар арасында жүрдім. Жақсы мен жаманды ажыратып үйрендім. Қауіп - қатерге ұшырап, қиянат та көрдім. Бірақ ретін тауып сытылып кеттім. Сөздің тоқетері, əке,менің білгенім – бұл дүниеде баға жетпес байлық – қару-жарақ екен. Қарулыдан бəрі қорқады, аяғын тартады. Қарулыға жамандық та жоламайды. Сондықтан сізге қару-жарақ алып келдім, - деп əкесінің алдына қылыш, қалқан жəне берен сауыт тастайды. Мұны көрген дана патша тағы да екінші ұлының арқасынан қағады. Мəз болған екінші ұл «əкемнің тапсырмасы орындалды» деп ойлайды.
Осы кезде нөкерлердің бірі үшінші ұлдың қақпа алдына келіп тұрғанын хабарлайды. Мұны естіген патша елең етіп ете қалады. Сөйтіп, кенже ұл патша сарайына бас сұғады. Əкесіне сəлем беріп кірген жігіттің қолында бір құмыра су ғана бар екен. Кенже ұл өзіне аң-таң болып қарап тұрған əкесі мен бауырларына былай дейді:
- Əке, мен сіздің тапсырмаңызды орындау үшін тау-тас асып, ел мен жер кездім. Басымнан алуан-алуан жағдайлар өтті. Талай-талай оқиғалардың бел ортасында жүрдім. Қысқасы, мен сізге əлемнің ең баға жетпес құндылығы –су əкеліп тұрмын. Мұны естігендер кенже ұлды келеке етіп күліп, мазаққа айналдырады.
Əке, су деген Жер-Ананың – ең керемет ғажайыбы. Жолай кезіккен бір жолаушы бір жұтым су үшін қолындағы барлық алтын-күмісін бергісі келді. Өзі шөлден қаталап келе жатыр екен. Мен оған су беріпедім, ол менің аяғыма жығыла жаздады. Сол кезде мен судың баға жетпес байлық екенін түсіндім. Екінші елге барғанымда, құрғақшылықты көрдім. Жауын жаумаған шабындықтар күнге күйіп бара жатыр екен. Содан жауын жауып, егістік басын көтергенде адамдардың қуанғанын көрсеңіз!
Үшінші елде жергілікті тұрғындарға орман өртін сөндіруге көмектестім. Сол өрттен талай аң-құс зардап шегіп, ағаш пен өсімдіктер жанып кетті. Біз оны ауыздықтамағанда, орманнан ұшқан оттан күллі ауыл өртеніп кетер еді. Сол кезде маңайдағы бүтін бір ел тайлы-таяғымен су шашып, өртті өшіріп тастады. Сол сəтте мен Жердегі күллі тіршілік атаулының қайнар көзі, нағыз құндылығы əрі баға жетпес байлығы - су екенін түсіндім. Сусыз адам да, аңдар да, құстар да, балықтар да, өсімдік те өмір сүре алмайды. Сондықтан сізге əкелген суымды қабыл алыңыз, - деп құмырасын əкесіне ұсынады.
Дана патша кенже баланың сөзін тыңдап болып, тағынан түседі де, маңдайынан сүйеді. Сол күні ел билеуші патшалыққа мұрагер ретінде кенже ұлын таңдайды. Сондай-ақ суды жер бетіндегі баға жетпес қазына деп жариялап, оны босқа ысырап етпей, патшалықтағы су көздеріне ұқыптылықпен қарап, былғамау туралы арнайы заң шығарыпты.