Алаш прозасы Сайын МҰратбеков: «Жабайы Алма» бірінші бөлім көкінай



Pdf көрінісі
бет3/5
Дата05.05.2023
өлшемі1,42 Mb.
#90428
1   2   3   4   5
Байланысты:
Сайын Мұратбеков - Жабайы алма

ТҰРЖАН — АТҚАРУШЫ 
Сәске кезінде сары тоны қаудырлап Ысқақ шал класқа тағы кіріп келген. Бұл 
күні тіпті Әнипа апайымызды көзіне де ілмеген күйде, біздің сабақ оқып 
отырғанымызға да пысқырып қарамастан, ақай жоқ, тоқай жоқ, бірден Санатқа 
таяп: «Бол, жинал, колхоз бастық тез жетсін деп жатыр»,- деп, қолды-аяққа 
тұрғызбай дігерлей жөнелді. Атқарушы шалдың бұл қылығы, әрине, Әнипа 


апайымызды қатты ренжітті. Ол көзілдірігі жарқ етіп, қағаздарын жинастырып 
орнынан тұрмақ болған Санатқа: 
− Отыр! — деді қатқыл үнмен. Онан соң Ысқақ шалға қарай шұғыл 
бұрылып: — Сабақты бұзуға сізге кім рұқсат берді?! Бұл қандай әдепсіздік?! — деп 
тап берердей боп қарсы жүрген. 
− Колхоз бастық… Колхоз бастық Байдалы айтқан соң…- деген қапелімде 
сасып қалған Ысқақ шал шегіншектеп. 
Біз, оқушы балалар да, үрпиісе қалдық, енді болмаса Әнипа апайымыз 
шалдың сақалына жармаса кетіп, бетін тырнап алатындай көрінді. 
− Оқушы баланы сабақтан кетуге рұқсат етпеймін,- деді. 
− Қарағым, ол енді колхоздың жұмысы ғой,- деген ЬІсқақ шал. 
− Мейлі, колхоздың жұмысы үшін де рұқсат етпеймін. Мектеп оқушысын 
колхоз жұмысы үшін сабақтан босата берсін деген заң жоқ. 
− Өзің білесің де онда, тек, әйтеу, бастықтың қырына ілігіп жүрмесең болды 
да,- деп ЬІсқақ шал тоны қаудырлап есікке қарай беттеген. 
Осы сәтте атқарушы шалдың бетін қайтаруын қайтарып жіберсе де, колхоз 
бастығымен тіресудің арты қиынға соғарын сезетін екі ұшты ойда тұрған Әнипа 
апайымыз иі босап: 
− Жарайды, бүгінше барсын,- деді даусы жұмсарып.- Тек бастыққа сіз де 
айта барыңыз, класымыздың іші мынау аңырап тұрған, сабан отынға жылитын түрі 
жоқ, бізге қызуы бар отын қарайлассын. 
− Мақұл,- бұл тілегіңді айта барайын. 
Атқарушы шалға. ілесіп бара жатып Санат біздерге қарап қалтасын ұстап, 
жымыңдап көзін қысып қойды. Онысы, сәті түссе бүгін де бауырсақты толтырып 
әкелем ғой дегені еді. 
− Бауырсақты қайтесің, одан да отын сұрасаңшы,- деді арт жақта отырған 
балалардың бірі дауыстап. 
− Иә, отын сұра… Отын…- десті үш-төрт дауыс іле қостап. 
− Кәне, тиышталыңдар! Бері, мына сабаққа қараңдар! — деді Әнипа апай 
үстелін тықылдатып. 
Тобылғы отынымыз таусылғалы, классымыз қайта азынап суып кеткен. 
Сабанды ертеден кешке дейін жаққанмен, қауқары жоқ. Байдалы бастыққа 
кластың суықтығын айтып, отын сұрап екі рет барған, қазір түсіріп бере қоятын 
отыным жоқ, реті кеп жатса көрерміз деп жіберіпті. 
Тобылғы жаққанда жып-жылы боп қалған классымызда қалтырап әзер 
отырмыз. Дәметкен кемпір бет-аузы күйелеш-күйелеш болып от жағуға таң 
сәріден-ақ кіріседі, содан қара кешке дейін отын қоймадан мектептің ауыз 
бөлмесіне құшақ-құшақ етіп сабан тасумен күні өтеді. Омырайған пештің аузы 
абжыланша ысылдап, сабанды үсті-үстіне тықпалап жатсаң да бір тоймайды, гу-гу 
етіп жұта береді, жұта береді. Бірақ шығарар жылуы шамалы. Кластың ішінде 
аузымыздан шыққан деміміз буланып күрк-күрк жөтелгенімізде, ХТЗ-ның түтініндей 
бұрқ-бұрқ етеді. Әнипа апайымыз да көкпеңбек боп дірдектеп тоңып отырады. Өзі 
де қызық, класқа кірісімен пальтосын шешіп, қолдан тоқылған қоңыр жемпірімен 
ғана қалады. Қалың бұрым қоңырқай шашының маңдай жағы, самайы бұйраланып, 
кішкене танауының үстінен сырғи беретін көзілдірігі буалдырланып, бізге кіп-
кішкентай боп көрінеді. Тоңғанын білдірмеуге тырысып сабақтарды саңқылдай 
айтып түсіндіреді. Сірә, қатты саңқылдап сөйлесем, тоңғанымды онша сездірмеймін 
дейтін болар. Тақтаға жазған кезде, бор ұстауға икемсіздене бастаған қолын 
демімен жиі-жиі үрлеп қойып тұрады. Соның өзінде жазуы жіпке тізген маржандай 


әдемі, әр әрпі сұлу суреттей боп түседі. Шіркін, Әнипа апайымыз құсатып әдемі 
жазсақ-ау деп қызығамыз. 
Бүгінгі Әнипа апайымыздың Санатты сабақтан жібермей қоя жаздағаны әсер 
етті ме, кім білсін, үшінші сабақты өтіп жатқан кезімізде, терезенің тұсынан торы 
жорғасымен қалың қарды омбылай омыраулап кеп тоқтаған Байдалы шал тобылғы 
сапты қамшысымен әйнекті ұшырып жіберердей сартылдата қаққан. 
− Әй, мұғалім қыз! — деді ат үстінен еңкейе дауыстап. Жалғыз қабат 
терезеден даусының жарықшағына дейін анық естілді. 
− Мына балалардың әжетке жарайтындарын ертіп апарып, анау шешендер 
шапқан отыннан тартып алыңдар! 
Кешеден бері Махмұд пен Зокку тау бөктеріндегі қалың алма ағаштарға 
қарай жол салып, отын шауып жүрген. Байдалы шалдың алыңдар деп тұрғаны сол. 
Соны айтты да Байдалы шал жөніне кетті, аңырып тұрып қалған Әнипа апайымыз 
көзілдірігін алып сүртіп қайта киді де, сендер не дейсіңдер дегендей бізге қарады. 
− Не істейміз, балалар? Бүйтіп бүрсектеп тоңып отырғанша, отын тартып 
аламыз ба?! -деген. 
− Барамыз! Барамыз! — дедік суық класта отырғаннан гөрі далада жүргенді 
құп көрген біздер қуанғаннан жамырай дауыстап. 
Бірер сағаттан кейін әжетке жарайды-ау деген балалар тегіс анау жолғы 
Әжібекпен тобылғы шабуға шыққанымыздай бір-бір жіпті белімізге буып Әнипа 
апайымыздың бастауымен тау бөктеріне қарай шұбыра бет алдық. Ол жолы 
беталысымыз қоңыр таудың күнгей беткейіндегі қалың тобылғы болса, бұл жолы 
сол таудың батыс жақ бүйір бөктеріндегі қалың алма ағашқа — кәдімгі, жазда 
өзіміз күнделікті өріп жүретін, жабайы алмаларға апаратын кәнігі бағытымызбен 
келеміз. Аязды дала мұнартып, сәскеге таяған күннің көзі төңірегі шелдене 
қызарып, кіртиіп тұр. Беті-қолды қарыған ызғар бүрсектетіп уысына сыға түскісі 
келеді. Аяққа жұқпайтын сіре қар шарық табанға шиқ-шиқ етсе, етік табанға 
сықыр-сықыр етіп, құп-құрғақ боп осы күйінен еш уақытта ерімейтін сияқты 
көрінеді. Кешеден бері бөктерге — алма ағаштарға қарай өгіздермен ерсілі-
қарсылы жүріп отын тартып Махмұд пен Зокку сұқпа-сұқпа қалың қарда ойқы-
шойқы жол салыпты. Өгіздердің сирақтарын сындырып алмай қалай жүргендерін 
кім білсін. Біз әлгі жолда біресе сұқпаға түсіп кетіп аяғымызды суыра алмай, біресе 
сүріне құлап әзер келеміз. Алып алма ағаштың тұсынан өткенбіз, сол анау 
кездегідей ұшар басындағы бұтақтарында қатып-семген қоңырқай алмалар ызғар 
өтінде көк аязданып, болар-болмас селкілдеп тұр екен. Бұл жолы әнеугүнгідей 
қызыққан ешкім болған жоқ, тіпті өздері үзіліп түсе қалса да, бүрсектеп тоңып 
келе жатқанда жей қоюға онша құштар емес едік. 
− Киелі ағаш осы екен ғой?! — деген Әнипа апай. Біздер бір ауыздан: «Иә»,- 
дестік. Басқа білімді адамдар сияқты Әнипа апайымыз да: «Жә, бұл ағаштың киелі 
түгі жоқ, оның бәрі ескі адамдардың қараңғылықтан шығарған бос әңгімелері»,- 
деп айтатын шығар деп күткенбіз. Бірақ апайымыз ештеңе де деген жоқ. 
Балалардың бірі шыдай алмай кетіп, бұл алып алма ағаштың түбінде үңгір барын, 
сонда баяғыда аюлардың патшасы мекендегенін айтқан. 
− Солай ма?! — Онда қызық екен,- деп Әнипа апай басын шайқап күлді де 
қойды. 
Таудың күнгей етегінен батыс жақ бөктеріне қарай асып түсетін белеңге 
көтерілгенімізде, аңтарыла тоқтағанбыз, жазда арасынан мал өте алмайтын, 
сыңсып тұратын қалың алма ағаштардың жолға жақын төмен жақ жартысы тып-
типыл боп орны сипалып қалыпты, тек әр жер — әр жерде еңіске қарай сұлай 


құлаған бес-алты ағаштың балта шапқан түптері ақпаңқаланып етегі түрілген 
қыздар құсап жатыр. 
− Әй, анау аю алма еді ғой?! 
− Анау тәтті сары алма емес пе? 
− Киіз алманы да шауып тастапты,- десіп балалар ішігімізді тартып, 
дабырладық та қалдық. 
Бұл жақсы ырым ба, әлде жаманшылық па — ол жағын білмейміз. 
− Балалар, отын алыңдар! — деді алма ағаштарды бұтарлап жүрген Махмұд 
дауыстап. 
Біз қия жолда тайғанақтап, бір-бірімізді сүйемелдеп, сүріне-қабына барып 
Махмұд бұтарлап берген алма ағашты әрқайсымыз шама-шарқымызға қарап, екі 
бұта, үш бұтадан беліміздегі жібімізбен бастарын біріктіріп, буып ала бастадық. 
Әуелде көзімізге Зокку түспеген, әлден уақытта оның: 
− Цо-оп!.. Цо-оп!.. Содалха, лалха…4- деп тау жаңғырықтыра ақырған ащы 
даусы естілген. Енді ғана көрдік, қалың алма ағаштың тауды алқымдаған түкпір 
жағында бәйтерек құсап өскен жалғыз түп долана болушы еді, Зокку сол ағашты 
екі өгізбен бері қарай сүйретіп келеді екен. Арық өгіздер омырауларынан қарға 
батып мықшиып алға ұмтылады да, шамалары келмей кейін қарай тәлтіректейді, 
Зокку болса ақыра боқтап екеуін де сырғауылдай көк таяқпен белдерін қайыстыра 
соққының астына алып тұр. Өгіз байғұстар сіңірдей созылып жан дәрмен алға 
қарай тағы да ұмтылады, аяқтары шалынысып сәл де болса жылжи қозғалады. Сәл 
жүре түседі де дымдары таусылып, тәлтіректей тоқтайды. Жануарлардың әл-
қуаттарының біткені едәуір жерде тұрған бізге де көрініп тұр. Бірақ оларды аяйтын 
Зокку жоқ. 
− Вай Меск! Халхадаг ког бикх!…5 — деп ақырып кеп, гүрсілдетіп таяқтың 
астына алады. 
Ақыры өгіздің бірі тәлтіректей ұмтыла беріп құлап түсті, күйіп-піскен Зокку 
оны боқтықтың астына алып, басқа-көзге періп-періп жіберген. Өгіз ұмтылғанмен, 
қайтып тұра алмады. 
− Әй, өлтірдің ғой, обал емес пе!..- деді Махмұд шыдай алмай дауыстап. 
− Барзу баирг!..- деді Зокку кіжініп. Онан соң құлаған өгіздің басын 
мойынтұрықтан шығарып тастады да, оның орнына екінші өгізге қатарласа өзі тұра 
қап: 
− Содалха, лалха! — деп екінші егізге кіжіне ақырып жіберді де, 
мойынтұрықты алға қарай итере ұмтылды. Екінші өгіз күш алғандай жылжып жүре 
бастады. 
− Цо-оп!.. Цо-оп!.. Халхадаг ког бикх! — деп, тістене кіжінеді Зокку, өзі де 
тоқтамай, егізді де тоқтатпай долана ағашты сүйретіп келеді. Едәуір жер жүріп кеп 
тоқтап, сәл тыныстап алды да: «Әуп!» деп қайта жүріп кетті. Сөйтіп, екі дем алып, 
долана ағашты біз тұрған кезеңге дейін сүйретіп әкелген. 
− Әй, Зокку, сен тұрғанда осы өгіздерді қинап қайтеміз-ей, а! Отынды сенің 
өзіңмен-ақ тартпаймыз ба, а!.. Ха-ха-ха!..- деп, Махмұд тау-тасты басына көтере 
жаңғырықтырып көзінен жас аққанша күлді. Оның күлкісін қағып алған тау-тас «а-
а-а» деп созып әкеткен. Біз де Зоккудың мына күшіне сүйсіне күлдік. Зокку сәл 
тыныстап алды да, әлгі жатып қалған өгізін әкелуге кетті. Өгіздің қасына барып 
шешенше бірдеңе деп ақыра сөйлеп, қазақша боқтанып, таяғымен жон арқасынан 
бір көсіп өтті де, қозғала қоймаған соң еңкейіп мүйізінен ұстап, ақыра дауыстап, 
өгіздің кеуде жағын жұлқи көтеріп алды жерден, бірақ бөксе жағы сүйретіліп 
қозғала қоймады. Сонда да Зокку оны тұрғызам деп біраз жер сүйрелеп келді де, 


ақыры өгіздің тұрмасына көзі жеткен соң сылқ еткізіп тастай салды, ызалана бір 
түкірді де кері қайтты. 
− Біраз жатып дем алсын, өзі тұрады,- деген Махмұд. 
− Содалха! — деді Зокку қолын бір сілтеп. 
Махмұд оған шешенше бірдеңе-бірдеңе деп сөзінің арасында «колхоз, 
колхоз» деп қойып, қолымен анадай жердегі қорым тасты жағалай өскен бұта-
қурайларды нұсқай тұрып зіркілдей сөйлеген. Зокку тағы да: 
− Лалха! — деп күңк ете түсті. 
Махмұд одан әрмен өршелене сөйлеп айқайлап берді. Қолындағы 
балтасымен Зоккуге тура ұмтылар ма екен деп қорқып қалдық біз. Зокку болса 
оған тіктеп қарсыласпай со шешенше күңкілдеген күйінде «содалха! лалха!» деп 
барып, Махмұд нұсқаған бұта-қурайларды күректей қолымен жапыра сындырып 
біраз жанап алды да, жатып қалған өгіздің алдына апарып тастады. Бірақ оған 
қозғала қойған өгіз болған жоқ. Со жатқан қалпынан тырп етпеді. 
− Байдалыны ертіп әкеп көрсету керек. Арам өліп қалса көрсін,- деді Махмұд 
Зоккуге. 
Бұдан әрі біз, балалар, буып алған отындарымызды сүйретіп келген ізімізбен 
кейін қайттық. Жас алма ағаш ауыр екен, иығымызды жаншып, қарымызды 
талдырып аздан кейін-ақ маңдайымыздан тер бұршақтап, ауылға сан дем алып 
әзер жеттік. Өзі де отын көтеріп қара терге түскен Әнипа апайымыз біздің 
титықтаған түрімізді керіп, бір сағаттай дем алып келуге үйге жіберді. 
Түстен кейін отынға қайта барғанбыз. Сол екі арада Махмұд пен Зоккудің 
артынан қосымша төрт өгізбен тағы екі шешен барып, қиылған алма ағаштарды 
түгел тартып әкетіпті, ал бізге дегенді сүйреп жүруімізге оңай болсын дегендей, 
тегіс бұтарлап бір жерге үйіп қойған екен. Сірә, Байдалының бұйрығы солай болса 
керек. 
Тау бөктері тып-типыл жылан жайлағандай бопты, құлазыған аңғал-саңғал 
иесіз жұрттың үстінен түскендей күйде турмыз. Әр алма ағаштың орнында тізеден 
шабылған сирақтар құсап сойдиған-сойдиған түбірлер қалған. Қалың қардың 
астынан әр жерде көсенің иегіне шыққан сақалдай боп итмұрын, бөргездердің 
селдіреген шоқ-шоқ бұталарының бастары қылтияды. Анадай жерде бағанағы тура 
алмай қалған орнында тарғыл өгіз қозғалыссыз жатыр, байғұс жануардың арам 
өлгені айтпай-ақ түсінікті еді. Үстіне жапырлай үймелеген қарға-құзғын бізден 
үркіп дүркіреп ұшқан болды, бірақ бір-біріне: «Тоқтаңдар, тоқтаңдар! Кетпеңдер, 
кетпеңдер!» — дегендей, тау-құзды бастарына көтере азан-қазан боп 
қарқылдасып шуласып, төңіректен кетер емес. Басқа көз тоқтатар ештеңе жоқ, 
тау-тас, төңірек өзіміздің талай аралап, шарлап жүрген жеріміз ыстық тартып 
таныс көрінгенімен, дәл мынау жалтырап жатқан қарлы қия бөтен бір жер сияқты 
әсер етіп тұр. 
Мал бауыздарда шалдар: «Сенде жазық жоқ, бізде азық жоқ, біссімілдә» 
деп, қыл кеңірдектен пышақпен орып жіберетін, сонда бауыздалған малдың 
алдындағы кінәсы жуылып-шайылғандай болатын, сол сияқты біз де қазір, өзіміз 
шаппасақ та, бізге деп отынға бөлінген алма ағаштарды «сендерде жазық жоқ, ал 
бізде отын жоқ» дегендей, үш бұта, төрт бұтадан әрқайсымыз шама-шарқымызға 
қарай бөлісіп, ауылға сүйреп қайтуға ыңғайлай бастадық. 
− Әй, ана шалды қараңдар! — деді осы кезде балалардың бірі. Нұсқаған 
жағына жалт-жалт бұрылғанбыз, әлгінде өзіміз сүрініп-қабынып әзер жүрген ойқы-
шойқы жолмен қолында таяғы бар, қалт-құлт басып, тоқсандағы Қуатбек шал 
келеді екен. Ауылдағы жасы ең үлкен сыйлы ақсақал тоқсанға келсе де бойын тік 
ұстайтын, қалың қабағы түксиіп, түсі суық болатын: Біз: 


− Ассалаумалейкүм! 
− Ассалаумалейкүм! — деп жарыса сәлем бердік, бірақ ол кісі біздің 
сәлемімізді естімеген адамдай қасымызға үн-түнсіз таяп кеп, әуелі жалаңаш қалған 
бөктерге сығырая көз тігіп біраз тұрды, одан біздің не істеп жатқанымызды білгісі 
келгендей таяғына сүйенген күйде бөлісіп-бөлісіп алған бұталарымызға шұқшия 
қарап: 
− Мұны кім шауып берді? — деп сұрады. 
− Шешендер,- дедік біз Махмұд пен Зоккуды айтып. 
− Шекендер ме?! Ә-ә,- деді шал даусын соза басын изей тұрып. Шалдың 
шешен деуге тілі келмейтін де «шекен» дейтін. 
− Шешендерге бұйрық болса болды ғой… Апырмай, бір бұта қалдырмапты-
ау!. 
− Иә, бір бұта қалдырмады,- дедік біздер іле қостап. 
Шал сығырая тұрып төңіректі тағы да шола қарап шықты да, біздерге оқыс 
бұрылып: 
− Ал енді жазда алманы қайдан жейсіңдер? — деген. Даусында сұрақпен 
қатар кінәлау, сөгу бар еді. Біздер не дерімізді білмей бір-бірімізге қарадық. 
Шынында да, жазда алманы қайдан жейтініміз ешқайсысымыздың ойымызға да 
келмепті-ау. 
Шал мұнан әрі әр адымын абайлап басып тарғыл өгізге қарай жүрді. Ол 
жақындаған сайын, өлексе үстін төңіректеп ұзап кете алмай үйіріліп ұшып жүрген 
қарға-құзғындар естері шыға шаң-шұң боп мүлде шуылдасып кетті, тіпті кеп біреуі 
қалт-құлт еткен шалды қағып өткісі келгендей, далы-дұлы ұшып кеп жанап өтеді. 
Шал өгіздің қасына барып, оның өліп қалғанына көзі анық жеткен соң, енді аяғын 
санап басып жоғары өрледі, енді шабылған алма ағаштардың сойдиған түбірлеріне 
барып әрқайсысына еңкейіп, үңіле түсіп, сипалап ұстап көріп, төрт-бесеуін қарап 
шықты да, белін жаза тұрып: 
− Әй, балалар, бері келіңдер! — деді бізге. 
− Барыңдар! — деді шал келгеннен оған үнсіз қарап тұрған Әнипа 
апайымыз. 
Біз қасына таяған кезде, шал таяғымен бөктерден әргі асып түскендегі екі 
шоқының қуыстана қосылған тұсын нұсқап: 
− Қазір анау арадағы Тасбұлақтан барып, түбі қата қоймаған шығар, саз 
балшық әкеліңдер де мына түбірлерді сылап қойыңдар,- деді. 
Он шақты бала қос шоқының қуыстана қосылған тұсындағы өзіміз жақсы 
білетін, жазда мынау бөктерге алмаға келгенде күнделікті басына барып рақаттана 
отырып су ішетін Тасбұлаққа қарай тартып кеттік. Бұлаққа асып түсетін қабаққа 
көшкін тұрған екен, тепкілеп ойып, алма ағаштан сындырып алған таяқпен 
қазғыштап баспалдақ жасап, бұлақтың басына жеткенбіз, сірескен қалың қардың 
ортасында буы бұрқырап жатыр екен. Мұз болып қату деген мүлде ойына келер 
емес, бұрқ-бұрқ қайнап қос шоқының бірге біткен кіндігі сияқты көрінеді. Жазда 
ішкеніңде суы шекеңді жарардай тастай суық болушы еді, шөлдемесек те қазір де 
бұлақтың ойпаңдау тұсынан кезек-кезек жата қап еңкейіп ұрттап су ішкенбіз, жоқ, 
жаздағы суықтығы білінбейді, қайта жылы сияқты, сарайыңды ашатын кәусар еді, 
тамсанып-тамсанып қойып іштік. Жоғарыдан тұрып қарағанда кішкентай ғана 
бұлаққа бүкіл көк аспан төңкеріліп түскендей көкпеңбек түпсіз тұңғиық боп 
көрінсе, еңкейіп су ішкеніңде бұрқылдап қайнап су шығып жатқан тас көмей жаны 
бардай бүлк-бүлк етеді екен. Толассыз қайнау, толассыз бүлкіл. Қыстың күні 
айдаладағы тау қуысындағы кішкентай Тасбұлақтың мынау тірлігі еріксіз 
таңдандыратын ғажап еді. 


Бұлақтың көзінен сәл төмендеу шымдауыт саз да қатпапты, әлгіден 
әрқайсымыз кесек-кесек балшық қопарып алып кері қайттық. Сол балшықпен 
Қуатбек шал айтқандай етіп, сойдиған сирақ түбірлерді сылауға кіріскенбіз. Осы 
кезде ауыл жақтан атын борбайлай қамшылап Тұржан жетті. Әуелі ол біздерді 
көзіне де ілместен, арнайы келген шаруасы сол болу керек, бірден тұп-тура өлген 
өгізге қарай бұрылған. Бағанағыдан кейін басылғандай болған қарға-құзғындар 
тары шуылдаса бастады. Бірімен-бірі қайшы алысып, жалт-жұлт етіп кеп, Тұржанға 
тап-тап берердей боп жанай ұшады. 
− Өй, мыналар қайтеді-ей?! — деп, ақыра дауыстаған Тұржан қапелімде 
қағып түсіргісі келгендей қамшы сілтеген. Қарға-құзғын онан әрмен шулап кетті, 
кейбіреулері бүріп түсердей боп шаншылады. Қызық көргені ме, әлде бас 
айналдырғандай азан-қазан шудан сасқаны ма, Тұржан сол оңды-солды қамшысын 
сілтелеген күйде: 
− Мыналар қайтеді, ей?! А-а-а…- деп аузын аша күлген. Тау-тас әлгі күлкіні 
қағып ап ондаған дауысқа салып: «А-а-а-а»… жаңғырыға жөнелген. Өз даусының 
жаңғырығына өзі таңданғандай Тұржан қайталай күлген, тау-тас та ондаған 
дауысқа салып қайталап берді. Өлген өгіздің қасына барып, ат үстінде тұрған 
күйде қамшысымен екі-үш рет салып-салып жіберді де: 
− Өй, мынау шынымен өліп қапты ғой, а-а-а-а…- деп өгіздің өлгеніне анық 
көзі жеткен соң, тағы мәз бола күлді. 
Тек сонан кейін ғана біздің әрекеттерімізге таңырқай қарап: 
− Әй, не істеп жүрсіңдер?! — деп дауыстай сұрады да, түбірлерді саз 
балшықпен сылап жүргендерімізді көріп: — Әй, мыналарың не-ей?! А-а-а-а…- деп 
бұрынғы күлкісі күлкі ме, шын күлкіге енді батты. Басы балшықпен сыланған әр 
түбірге қолын шошайтып қойып, ішін баса тұрып көзінен жас аққанша күлсін кеп, 
атының үстінен құлап қала жаздайды. 
− Мүгедек сорлыларды шүберекпен байламайсыңдар ма-ей, а! А-а-а-а…- 
дейді мәз болып. Ұрадай аузын үңірейте ашып шалқалай тұрып күлгенде, бүкіл 
тау-тас күлкіге толып кеткендей болады. 
− А-а-а-а… А-а-а-а… 
Әуелде оның күлкісіне мән бермегендей боп тұрсақ та, сәлден кейін біртүрлі 
тітірене бастадық. Тау-тасты жаңғырықтырған ессіз күлкі көңілге үрей туғызып, 
қорқыныш, күдік ұялатайын деді. 
Тұржан осылайша өзімен-өзі біраз тұрып, күліп-күліп алған соң, атын 
борбайлата бір тартты да, жүріп кетті. Біз сойдиған түбірлердің балта кескен 
жерлерін біршама сылап қойдық. 
− Әй, мына нәлеттің есі дұрыс емес шығар,- деді Қуатбек шал оның соңынан 
сығырая қарай тұрып. 
− Әзірге осы жарай тұрар, күн жылыған кезде кеп дұрыстап сылап 
қойыңдар, сонда мына түбірлер өлмейді, алма ағаштар қайтадан өсіп кетеді әлі,- 
деді шал, онан соң Әнипа апайымызға қарап: — Қарағым, өзің бір есің бар бала 
көрінесің, мына шәкірттеріңе бас-көз бол, Алмалының алмасы құрып кетпесін,- 
деді. 
− Мақұл, ата. 
Тек осыдан кейін ғана Қуатбек шал бастап, отындарымызды арқалай 
сүйретіп ауылға қарай қайтқанбыз. Алып алма ағаштың тұсынан өткенімізде, 
Қуатбек шал бұрылып барып таяғымен оны әр жерінен бір тоқылдатып ұрып көрді 
де басын шайқады. 
− Мұның да ортасы шіріп тұр екен ғой,- деді өзіне-өзі сөйлегендей 
күңкілдеп, онан соң үйіріле тоқтап тұрған біздерге: — Егер жазға дейін сынып 


қалмаса, мынаның түбіндегі үңгірді көміп, сыртының зақымданған жерлерін 
балшықпен сылап қойыңдар, ең болмаса біраз жылға дейін осының алмасын жеп 
жүрерсіңдер,- деді. Біз мақұл десіп, бас изедік.-деді, Ысқақ шал іштегі әңгіменің 
мәнін сыбырлай түсіндіріп. Сөйткенше болған жоқ, іштен: 
− Әй, колхоз бастықтың тілін алмайтын сен кімсің-ей, а?! Осы ит сілікпеңді 
шығарайын ба?! — деген Тұржанның даусы қосарлана естілген. 
− Тұржан да осында ма еді? — деп сұрадым мен таңырқап. 
− Осында. Ойбай-ау, ол біздің колхозға біржола ауысып келді ғой,- деді 
Ысқақ шал даусын көтере сөйлеп.- Менің орныма атқарушы сол болады енді. 
− Ал сіз ше? 
− Е, мені қойшы, колхозда жұмыс көп қой. 
− Жазасың ба?! — деп ақырған Байдалы шал. 
− Жазбаймын,- дейді Санат тістенген үнмен. 
− Жазасың! Мен саған жаздырам иттің күшігі. 
− Жазасың. Біз саған жаздырамыз! — деп қораланды Тұржан. 
Мұнан әрі бөстекті ұрғандай қамшының сарт-сарт еткені естілді. 
− А-а!..- деп баж ете түсті Санат. 
Көз алдыма Байдалы шалдың тобылғы сапты дырау қамшысы келеді. 
− Жазасың ба? — дейді Байдалы шал. 
− Өлтірсеңіз де жазбаймын,- дейді Санат. 
− Қаршадай боп қасаруын. 
− Мә, ендеше!..- дейді Тұржан кіжініп, тағы да қамшының ысқыра сарт 
еткені естілді. 
− А-а!..- деп шыңғырып жіберді Санат. 
− Мен сендей күшікті бүйтіп өлтіре салам!..- дейді онан әрмен ызалана 
кіжінген Тұржан. 
− А-а!..- деп Санат тағы шыңғырды. 
− Жә, болды. Қоя берші әрі! — деді осы кезде Байдалы шал. 
Есік сарт етіп ашылған, құлағын тосып тұрған Ысқақ шал жалп етіп, ұшып 
түсе жаздап тәлтіректеп әзер қалды. Іштен түтіге долданған Байдалы шал: 
− Әй, Ысқақ, мына күшікті әкетші! — деді ақырып. Есіктің тасасына тығыла 
қалған мені байқаған жоқ.- Иттің күшігі, жазбасаң жазба, тек бірақ осыдан 
аузыңнан бір ауыз сөз шығатын болса, менен жақсылық күтпе. Анау көксау шал 
әкеңнен бастап, тұқым-тұяғыңмен тегіс құртам. Бар кет! — деді қатты ескертіп. 
− Тек аузынан шығып көрсін! — деді Тұржан да ескертіп. 
Ысқақ шал ішкі бөлмеден мұрнынан қан дірдектеген Санатты алып шығып, 
маған «бол, тез әкет» дегендей ымдаған. Мен Санатты қолынан ұстап сыртқа 
шығарып, біраз жер кеңседен ұзағанымызша дедектетіп жетелеп жөнелдім. Жақын 
маңдағы үйдің тасасына жеткен соң ғана аялдап, әуелі қар басып мұрнының қанын 
тоқтаттық, онан соң омырауын тазалап, үсті-басын жөндестірдім. Өксігін баса 
алмай солықтап тұрған Санат кейінге, кеңсе жаққа қайырыла қарап: 
− Бәрібір жазбадым ғой,- деді тістене күліп.- Әй, әнеу Тұржан деген тіпті 
жынды екен. Байдалы шал ымдаса-ақ болды, өлтіруге дайын.- Сол желкемнен 
қойып қап, бетімді үстелге тоқ еткізген, мұрным содан қанады.- Онан соң маған 
бұрылды да: 
− Атам естісе, жүрегі ауырады ғой, ешкімге айтпай-ақ қой! Сүрініп 
жығылдым дей салармын,- деді қиыла өтініп. 
− Мақұл, ешкімге де айтпаймын,- дедім мен уәде беріп. 
Сөйтіп, еш жанға қысасы жоқ, қиянатсыз деп жүрген Байдалы шал қолына 
билік тиген соң, қатын-қалашты қойып, бесіктен беліміз енді ғана шыққан бізді де 


өзінің былғаныш ісіне араластырып, көнбесек басымызға әңгір таяқ ойната 
бастаған еді. Ал оның аталас туысы Тұржан маңдайымызға біткен сор болды. 
Екі-үш күн өткен соң, Бектай есепші мен Нүсіп шалдың қызы Шынарға ФЗО-
ға шақыртқан қағаз келген. Бектай келесі күні-ақ ел-жұртпен қоштасып жүріп 
кетті. Кетерінде маған кеп оңашалап шақырып алды да: 
− Қанат, саған салар бір қолқам бар,- деді маған тесіле қарай тұрып.- Біздің 
ауылдың поштасын өзің білесің ғой, қыздарға келген хатты әркім бір ашып оқып, 
қолына тигізбейтінін. Сондықтан мен Қаншайымға жазған хаттарымды, қарсы 
болмасаң, сенің атыңа салып тұрайыншы. 
− Мақұл,- дедім мен. 
− Сенің қарсы болмайтыныңды өзім де біліп едім. Рақмет,- деп Бектай 
құшақтап арқамнан қақты.- Кебенек киіп кетіп барам ғой, күндердің күнінде бір 
қайтармын. Сенің бір әжетіңе мен де жарармын, әлі. 
Ал Нүсіп шалдың қызы Шынар сол шақыру келген күні ақсақ Көбегенге 
тұрмысқа шығып, кешкісін үйлену тойын жасады. Ертеңіне Көбеген екеуі ауданға 
кетіп, екі күндей сонда жүріп, соғыс мүгедегінің әйелі болған соң, ФЗО-ға 
бармайтын боп босап қайтты. 
* * * 
Атқарушылығын сол әнеугүні кеңседе Санатты ұрудан бастаған Тұржан, 
соның ертеңіне Байдалы шалдың үйінің малдарын уақытында суғара қоймадың 
деп, Фрицыны көк ала қойдай қып сабапты, бірер күннен соң шөпке барып 
қайтқан Манар шарығынан су өтіп түс кезінде үйіне келе жатқанда, жұмыстан 
қаштың деп соңынан қуып кеп, ауылдың қақ ортасында көшеде аттың бауырына 
алып тұрып, пәре-пәресін шығарыпты. 
Сөйтіп, аз күннің ішінде-ақ Тұржан бүкіл ауылдың зәре-құтын ұшырып 
аяғынан тік тұрғызды. Көзі құтырған иттің көзіндей қанталап, ұрадай үңірейген 
аузынан боқтықтың неше түрі қардай борап, ақыра қуып берген кезде, қатын-
қалаш, бала-шаға кірерге жер таппай безіп кететін болды. Ендігі жерде Тұржанның 
даусы естілгенде, үрей қалмайтын. Не үлкен деп, не кіші деп қарамайтын, 
жолында тұрсаң қамшысын бір көсіп өтетін, «Жазығым пе?» — дегендерге ол 
қарқылдап күле тұрып: «Жолымда тұрма!» — дейтін. Қалжыңы да, шыны да осы 
еді. Ауылдағы бүкіл ит екеш иттерге дейін Тұржанды біліп алған. Ол көшенің бір 
басынан шауып шығып екінші басына жеткенше тұс-тұстан шабалай қосылған 
иттер жау шапқандай шулап кететін. Тұржан болса одан әрмен еліріп, қамшысын 
оңды-солды құлаштай сілтеп, екі жағына алақ-жұлақ қарап, ұрадай аузын үңірейте 
ашқан кезде: «А-а-а-а..лап», қарқылдай күліп бара жатқанын аңғаруға болатын. 
Сол күлкісі иттерді мүлде құтыртып жіберуші еді. «Е-е, дүние, шабарманын тауып, 
заман Байдалынікі болды ғой», десті үлкендер. Енді Байдалы шал бұрынғыдай 
көшеде шапқылауын қойған, ешкімге қамшы да үйірмейді, торы жорғасын 
бүлкілдетіп қойып ұнатпағанына көзінің астымен ғана қарап өтіп кетеді, артынша-
ақ сол жерге Тұржан келіп, әлгінде Байдалы шалға ұнамағанның быт-шытын 
шығарады. Шынында да, Байдалының өзі бастық болғанынан да, Тұржан сияқты 
атқарушы тауып алғаны керемет әсер еткен еді елге. Және атқарушы болғанда 
қандай, шаш ал десе бас алатын, жамандық істеуде алдына жан салмайтын, құдай 
алдында да, адам алдында да айылын жимайтын нағыз есірік нақұрыс еді. Өзі 
өлмейтін жерін және білетін. Кімге тиіссе де колхоз үшін, колхоздың жұмысы үшін 
күйіп-пісіп, колхоз құрылысының біздің ауылдағы жалғыз жанашырындай болып 
алды. 


− Колхоз үшін, колхоз жолында мен ешкімді де аямаймын,- дейді еліре 
кіжініп.- Егер колхоздың суыртпақ жібін алған адамды көрсем, оңдырады екен 
демеңдер! 
Және сол айтқанында тұрып, «колхоздан астық ұрлаған», «колхоздың шөбін 
ұрлап жүр», «колхоз жұмысынан бас тартты» деп сылтауратып, талайды зар 
қақтырып қамшының астына ала бастады. Мен өзім оның бір есерлігінің — 
Күлғайша деген жесір әйелді сабағанының куәсі болдым. 
Ертеңгісін мектепке бара жатқам. Күн бұлыңғыр, ызғарлы еді. Санаттардың 
үйінің тұсында көшеде Оттоның шешесі Кәрелен мен әлгі Күлғайша екеуі сөйлесіп 
тұр екен. Күлғайша — күйеуінен өткен жылы қара қағаз келген, алды сегізге енді 
жеткен үпір-шүпір ұш баласы бар жесір әйел еді. Сонау қыс ортасында Нұрсұлудың 
баласы Серікті жалмаудан бастаған жұпар ауруы содан бері үйден үйге ауысып, 
жас балаларды баудай түсіріп келе жатқан, соңғы кезде осы Күлғайшаның үйін де 
шырқ айналдырып, балалары бірінен кейін бірі ауырып, мазасы болмай жүр екен 
деп еститінбіз. Міне, осы Күлғайша мен Кәреленнің тұсынан өтіп бара жатып, 
Оттоның кеше сабаққа келмей қалғаны есіме түсті де, мамасынан не болғанын 
сұрай кетейінші деген оймен әлгі кісілерге қарай бұрылғам. Кәрелен Санаттардың 
үйінен тамызық от алып шыққан беті болса керек, қолында ұзын сапты қалаққа 
салып алған, түтіндеп бықсыған жарты кесек тезегі бар, көзінің асты көлдіреп, 
арықтықтан бозаң өңі арса-арса боп, сүйекті ірі денесі иінағаш құсап ілмиіп тұр. 
Қолы жақсы тоқу білетіндіктен, үстіндегі киімдерінің бәрін жүннен өзі тоқып киген 
кішкентай Күлғайша оның кіндігінен ғана келіп тұр. Ертеңгі ызғарда екеуі де 
бүрсек-бүрсек етеді. 
− Кизин қалай? — деп сұрайды Кәрелен. 
− Ой, қиын боп тұр, Кәрелен. Түні бойы күйіп-жанып көз ілген жоқ,- дейді 
көзі қызарған Күлғайша.- Анау сиыршының үйінен сүт сұрап әкеле жатырмын. 
Ыстық сүт берсем тәуір бола ма деймін де,- деді қолындағы кіреңкені көрсетіп. Бұл 
кіреңкені мен де айтпай танимын, кәдімгі Петьканың үйінің жалғыз кіреңкесі, біздің 
қоңыр сиыр бұзаулаған кезде, Петьканың шешесі Бөлке апай осы кіреңкемен кеп 
біздің үйден ылғи сүт алып тұратын. Петька ылғи мақтанатын, кіреңкеге құйған сүт 
еш уақытта ірімейді, сап-салқын боп тұрады деп. Солай болса солай шығар. 
Ауылда басқа үйде мұндай кіреңке жоқ. Жалпы соғыс жылдары бүкіл ауылда бүтін 
бір ыдыс болған емес, темір ыдыстардың түбі тесік, оларға түйіншектеп шүберек 
өткізіп қоятын, ал шыны ыдыстар шетінен құрсауланған қырық жамау боп келетін, 
сондықтан Петьканың үйінің жалғыз кіреңкесін көрші-көлеңдері аса бір зәру шақта 
сүт құюға ғана сұрап алатын, міне, Күлғайшаның қолындағы сол кіреңке еді. 
− Сүт жақсы. Жақсы,- дейді Кәрелен басын изей мақұлдап. Онан соң өзі 
білетін қазақша сөздерді есіне түсіре тұрып: — Үй суық болмайды…- дейді басын 
шайқап.- От… көп от… 
− Үйіміз салқындау,- дейді Күлғайша күрсіне сөйлеп.- Сабаннан басқа 
отынымыз жоқ. Жазда жұмыстан қол тимей тезек те жинай алмадым… 
− Мен саған тезек береді. Кел,- деген Кәрелен. 
− Келем, қазір келем,- деді Күлғайша. 
Осы кезде қайдан тап болғаны белгісіз, бір топ иттерді шуылдатып соңына 
ертіп Санаттардың үйінің тасасынан Тұржан шыға келген, көшеде тұрған әйелдерді 
көре сап: 
− Ой әкеңнің!.. Мына жақта колхоздың малы қырылып жатқанда, бұлардың 
таң атпай сенделіп жүрістерін! — деп ақыра ұмтылды. 
«Ойбай, мына жынды сүрей кеп қалды» — деп, Күлғайша өз үйіне қарай, 
«Хо, Готт… Готт!» — деп, Кәрелен өз үйіне қарай жүгірген. 


− О тотыңмен қоса әкеңнің! — деп Тұржан әуелі Кәреленді бір салып өтті 
де, онан соң Күлғайшаның соңынан бастырмалата тап берді.- Не ұрлап әкеле 
жатырсың? Алдыңдағыңның ішінде не бар? Кәне, жаныңның барында көрсет? 
Күлғайша тоқтай қоймаған соң, қуып жетіп қамшымен салып-салып 
жіберген. Бүрсектей қашқан Күлғайша өзі бір жаққа, қолындағы кіреңкесі екінші 
жаққа ұшып кетіп күл-парша болған. 
− О, әкеңнің… иттің қатыны! Колхоздың сүтін ұрлап келе жатыр екен ғой. 
Бәсе! Әлгінде сиыр қора жақты жағалап жүр еді. Мен саған колхоздың сүтін 
ұрлағанды көрсетейін! -деп, Тұржан қолымен бетін, басын қорғалап, ойбайлап 
жатқан Күлғайшаны қамшының астына алып кеп берді. 
Айқай-шуға төңіректегі үйлерден қатын-қалаш, бала-шаға жүгіре-жүгіре 
шыққан, араларында еркек атаулыдан жалғыз Қыдырман ғана. 
− Ойбай, өлтірдің ғой, сорлыны! — деп әйелдер шуылдаса кеп ара түскен. 
Қыдырман да: 
− Қойсаңшы! Әй, қойсаңшы! — деп ұмтыла жеткен. 
Дәл осыны күткендей Тұржан Күлғайшаны тастай бере, атын еміне тебініп 
қап, «құдай берді ме, сені» дегендей, Қыдырманға қарай жалт бұрылды, қуанып 
кеткені сонша, аузын арандай ашып: «А-а-а-а-а» — деп сақ-сақ күлді. Атын 
ойқастата шауып кеп қамшысын бар күшімен құлаштай сермеп Қыдырманды салып 
өткен, соққының қатты тигені сонша, Қыдырман жалп етіп ұшып түсті, енді Тұржан 
атының басын кейін бұрып, екінші жақтан ойқастата кеп Қыдырманды жатқан 
жерінде тағы бір көсіп өтті, бұл жолы қамшы Қыдырманның қоңыр тонын дәл 
жауырынан пышақпен тілгендей қақ айырды. Тұржан үшінші қайырылып келе 
жатқанда, Қыдырман жан дәрмен ұшып тұрып, екі қолымен басын, бетін қорғалай 
берді. Тұржанның қамшысы тағы да жауырынынан сарт етіп кеп, ұшы қолтығының 
астын ала оралған кезде, Қыдырманның да қолы іліккен еді. Енді бұл да бар 
күшімен қамшыдан жұлқа тартып қалған, қапелімде Тұржан аттан ауып түсе 
жаздады, бірақ тез түзеліп, атының басын шұғыл бұрып, Қыдырманды омыраулата 
қағып өтпек болған. Қыдырман шетке қарай жалт бұрылып шығып кетті, бірақ 
қамшыдан айырылған жоқ, ұшын қолына орап үлгерді, шірене тұрып тағы да 
тартқан, бұл жолы Тұржанның қолы артына қарай қайырылып, дәрте құсап 
созылып барып, ақыры бүлдіргесі үзіліп қамшысы қолынан шығып кетті. Қамшы 
қолына тиген Қыдырман тойтық жаздады ғой. Ал бұл ат — колхоздың аты, яғни 
өкіметтің меншігіндегі ат,-деді Тұржан. 
− Қыдырман қамшыны сізге қарай сілтегені болмаса, сізге де, атқа да 
тигізген жоқ болатын,- дедім мен ағымнан жарылып. 
− Сен байқамағансың ғой, аттың басынан екі-үш рет ұрып-ұрып жіберген, 
мына қамшы көзіне сонда тиді,- деді Тұржан мені сендіргісі келгендей төндіре 
сөйлеп. Онан соң есіне түскендей: — Әй, осы сендердің жеке меншік шөптеріңді 
сол Қыдырман колхоздың шөбіне қосып жіберген көрінеді ғай,- деген. 
− Иә, жарты шана шөбіміз колхоздың шөбіне қосылып кетті,- дедім мен. 
− Е, оны мына маған айтпайсың ба. Өзім ертең-ақ үйлеріңе түсіріп берем. 
Тағы жартысы бар ма еді шөбіңнің? 
− Иә, Қоғалы бұлақта әлі жарты шанадай шөбіміз қалған. 
− Ол шөбіңді де түсіртіп берем. 
Мен қуанып кеттім. Осы уақытқа дейін соншама, жексұрын көрінген Тұржан 
дәл қазір маған аса бір қайырымды, қамқоршыл адам боп көрінді. 
− Тезірек түсіртіп берсеңіз жақсы болар еді, аға, әйтпесе шөбіміз бітіп 
қалды,- дегем мен. 


− Сөз боп па, ертең-ақ түсіртіп берем. Тек менің де саған салар қолқам бар,- 
деді ол маған жылтылдаған кішірек көздері шаншыла қарап.- Бүгін ертеңгісін анау 
күлиган Қыдырманның менің қамшымды тартып алып, өзімді, мына колхоздың 
атын басынан ұрды деп жазып берсең болды. 
− Ол ұрған жоқ қой, сіз оны жақындатпадыңыз ғой. 
− Ал сен ұрды деп жаз. Колхоздың атының көзін ағызып түсіре жаздады де. 
− Ой, ағай, өйтіп өтірік жала жаба алмаймын ғой,- дедім мен. 
− Әй, мен саған шөптеріңді түсіртіп берем деп тұрмын ғой. 
− Бәрібір мен өтірік жаза алмаймын. 
− Әй! — деді Тұржан кенет ақырып қап.- Мен айтып тұрмын ғой саған жаз 
деп. Солай жаз! 
− Мен ешқандай да жаза алмаймын. 
− Егер жазбасаң көресіңді көрсетем мен саған. 
Мен үндемедім, тістенген күйде теріс қарап кеттім. Ту сыртымнан сарт ете 
қалған қамшыдан ұшып түсе жаздап барып жүрелеп отыра бердім, оң жақ шекем 
тыз етіп, көзімнің оты жарқ ете түскен. Тағы да ұратын шығар деп бұғып 
қорғаншақтай бергем, бірақ қамшы қайтып тиген жоқ. Біраз тұрған соң, неғып 
тым-тырыс бола қалды деп басымды көтергем, Тұржан кейін кеңсеге қарай шауып 
кетіп барады екен. Сөйтіп, бір қамшымен құтылғаныма қуанып, мен өз жөніме 
кеттім. Тек ендігі жерде Тұржан тұрғанда, шебімізді түсіріп ала алмаспыз деген ой 
қайта-қайта келе береді. «Қыдырман бар ғой, бірдеңе ғып сол жеткізіп берер»,- 
деген жалғыз ғана көмескі үміт көңілге жұбаныш еді. Екі-үш күннен кейін 
сорымызға қарай сол көңілге жұбаныш болған жалғыз үмітімізден де айырылуға 
тура келді. 
Мектепте үлкен үзіліске шыққан кезіміз болатын. Қыдырман тойтықтың 
үйінің төңірегінде қаптап жүрген адамға көзіміз түсті. Мұндайда бала қалушы ма 
еді, екі өкпемізді қолымызға алып, шуылдаса жүгіріп біз де жеттік. Келсек, біз 
танитыннан шолақ қол өкіл Әлтаев жолдас және колхоз бастық Байдалы шал, 
бригадир Зибаш бар, басқалары ылғи бір түстері суық бөтен адамдар
орталарында екі милиция Қыдырманның үйіне тінту жасап жүр екен. Есіктерінің 
бәрі аңғал-саңғал ашылған, үй ішіндегі азын-аулақ дүние: көрпе-жастық қалай 
болса солай шашылған, аурулы шешесі мен іні-қарындастары жалаң аяқ, жалаң 
бас дірдек-дірдек етісіп біресе сыртқа шығып, біресе ішке кіріп шуылдаса жылап 
жүр де, Қыдырман тойтықтың өзі өңінен қаны қашып, қу шүберектей боп бозарып 
үй мен қораның ортасында тұр. 
Тінту жасап жүргендер бүгін МТС-тан келген комиссия екен. Кірген бетте-ақ 
сиыр қорадағы ақырдың ішінен шөптің астына тыққан екі пұттай бидайды тауып 
алыпты. Колхоздың тұқымға деген астығынан ұрланған екен. Қыдырман тойтық 
тістене дірілдеп: 
− Жоқ, мен мұны көрген де, алған да жоқпын, білмеймін,- деп азар да безер 
боп тұр. 
− Мынау тесік қаптан түскен бидай астық қоймасынан осы үйге дейін 
шашылып келген ғой. Міне, ізі де жатыр,- дейді шақылдай сөйлейтін бітік көз қара 
жігіт. Киіміне, жүріс-тұрысына, сөз әлпетіне қарағанда бәрінің басшысы сияқты. 
− Мынау менің ізім емес, менің аяғым, міне, мынадай және біздің үйде 
мұндай қап жоқ,-дейді Қыдырман тойтық. 
− Қарағым, мұндай қап бізде болған емес. Бұл кім де болса ауылдағы 
біреудің бізге жамандық жасау үшін істеп отырған қиянаты,- дейді Қыдырманның 
шешесі де көз жасын көл-көсір төгіп, еңірей тұрып. 


− Ол жағын әлі тексереміз,- деді қара жігіт, онан соң әр жерді бір шұқылап 
тінту жасап жүрген милицияларға: — Әй, анау төбедегі шөптің арасын, мынау 
күлдің астын қараңдар! -деп бұйырды. 
Екі милиция қолдарына аша, күрек алып дереу қораның үстіне шығып, 
ондағы шөптің астан-кестенін шығарып ақтарыстырып тастады, одан осы үйдің ала 
қыстай күресінге төккен күл-қоқысын бұрқылдатып аударыстырды, сәл күдік 
туғызады-ау деген жерлердің бәріне бойлата істік темір сұққыланып, үй 
маңайында қопарыла қазылмаған төмпешік қалмады, бірақ әлгі ақырдан шыққан 
екі пұт астықтан басқа ештеңе табылмады. Бітік көз қара сұп-сұр боп қанын ішіне 
тартып соның бәріне сүзіле қарап, темекісін сорып қойып бақылап тұрды. Шын 
мықты бастық болса керек, тіпті шолақ қол өкілге дейін оның алдында бәйек қағып 
именшектеп тіке беттей алмай, анадайдан қас-қабағын аңдап, өзара күңкілдесіп 
қана сөйлеседі. 
Тінту бітіп, келгендер қайтуға ыңғайланған. Байдалы шал әлгі бітік көз 
қараға таяп кеп, үйіне шайға шақырды. 
− МТС-қа дейін талай жер. Дайын шай екен, іше кетелік,- деді шолақ қол 
өкіл де. 
− Жарайды, дайын болса ішейік,- деді бітік көз қара зорға көнгендей боп, 
одан бағанадан тінту жасап тыным таппай қара терге түскен екі милицияға: — Әй, 
сен екеуің мынаны әкете беріңдер,- деді иегімен Қыдырман тойтықты нұсқап.- Мен 
соңдарыңнан қуып жетем. 
Сөйтіп, өзі екі милициядан өзге комиссия мүшелерін ертіп Байдалының үйіне 
қарай бет алды. Ал екі милиция қос торы ат жегілген шаналарының арт жағына 
қолын артына қайырып байлап Қыдырманды отырғызып алып, МТС-қа баратын 
жолға түсіп жүріп кеткен. Қыдырманның шешесі мен іні-қарындастары кісісі өлген 
үйдей боп ұлардай шулап, шуылдаса жылап қала берді. Дәл осы кезде ғана 
байқадық, тінту басталғаннан анадай шетте ат үстінде бір жамбастай қисайып бар 
оқиғаға сырттай қарап тұрған Тұржан атын тебініп қап, шананың соңынан таяп 
барды да, Қыдырманды қамшысымен тартып жіберердей боп төне түсіп: 
− Өзіңе де осы керек, күлиган, а-а-а-а…- деп рақаттана күліп алды да, кілт 
кейін бұрылып шаба жөнелді. Қуанышында шек жоқ еді. Төңіректегі бес-алты үйдің 
иті осыны күтіп тұрғандай-ақ оның соңынан шуылдаса шаптығысып қуып берген. 
Оларға басқа иттер қосылып, лездің ішінде ауыл арасы уылған-шуылған ит базары 
болды да кетті. 
Бұл сұмдық еді. Кеше ғана жайраңдап жүрген, ешкімге залалы жоқ, қолынан 
келсе тек жақсылық жасағысы кеп тұратын Қыдырман тойтықтың аяқ асты ұры 
атанып, айдалып кетуі еш көңілге қонбайтындай. Мен сабақ үстінде отырып не 
оқып, не қойғанымды білген жоқпын, ойымнан Қыдырман тойтық кетер емес. 
Ауыл арасында Қыдырман біреудің жаласымен нақақ күйіп отыр деген 
сыбыс тарады. Өйткені Қыдырманның шешесі көшеге шығып, қолына дәм-тұз 
ұстап тұрып, баласының ешқандай бидай ұрламағанына қарғанып-сіленіп ант-су 
ішіпті. 
− Балама жала жабылып отыр, еш жазығы жоқ еді…- деп еңірегенде етегі 
толыпты. 
Үлкендердің сөзінен тағы бір аңғарғанымыз, Қыдырманның ұсталуына шолақ 
қол өкілдің де қатысы бар сияқты, ол тойтықтан Зибашты қызғанатын көрінеді. 
Бұрын Нұғыман бастық боп тұрған кезде, Зибаш турады пәлен деуге батпаған өкіл, 
оған тек сырттай телміре қарап айналшақтап көзін сатқаннан әріге бара алмай 
діңкелеп жүрсе, енді Байдалы шалды өз қолынан бастық сайлаған соң, айтқанын 
екі еткізбей орындатып Зибашты дереу бригадир қойғызды, сөйтіп, келіншектің 


көңілін алып, өз дегеніне жетті десті. Елдің аузына кім қақпақ болады, біраз 
күннен кейін: «Қыдырманға қиянат Тұржанның қолымен жасалыпты» деген сөз де 
шықты, астық қоймасынан бидайды тесік қапқа сап көтеріп апарып Қыдырманның 
қорасындағы ақырға тыққан сол екен. Тұржанды қаршадайынан білетін кейбір 
үлкендер: «Ол жүзіқараның сырты қандай қара болса, іші де сондай қара еді, одан 
бәрін де күтуге болады»,- десті. 
Зибаш болса жорғасы Байдалының торы жорғасынан кем емес, бұрын 
Нұғыман мінетін қара жал Құлажорғаны бас аты етіп мініп, ертеңді-кеш көше 
ортасында жайқақтата жүріп дік-дік етіп сөйлейтін әдет шығарды. Аз күннің ішінде-
ақ өңінің тотыққаны кетіп, ақ құбаланып, маңдайы жарқырап, өзі тіпті әдеміленіп 
кетті. Ұяң сияқты көрініп сызылып тұратын мінезінен із де қалған жоқ, үлкенге де, 
кішіге де ат үстінен шаншыла тік қарап: -«Сен анау жұмысқа бар!», «Сен мына 
жұмысқа бар!» — дейді кесімді нық үнмен. Әуелде кейбіреулер оған: «Әй, сен 
өзіміз білетін Зибаш едің ғой» дегендей жүре тыңдап қалжақтамақ болған екен, 
ондайларды қара жұмыста жүріп білегі қатқан қарулы келіншек қамшымен бір-екі 
рет қайқайтып тұрып көсіп-көсіп жіберсе керек. Ал таяқ кімді де болса көндіреді 
ғой. Сөйтіп, қолында билігі бар, атқа мінген адам, мейлі тіпті әйел болса да 
бағынуға мәжбүр етеді екен. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет