«Баяғы күнің елестей, Келмеске кетті айналып. Орыспен төбе теңеспей, Алған беттен таймалық!»



бет1/3
Дата02.12.2022
өлшемі31,18 Kb.
#54441
  1   2   3

ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ ақындарының ең көрнектілерінің бірі Сарышолақ Боранбайұлы еді. Алайда, патшалық Ресей отаршылдарының, одан кейінгі қызыл империяның тиым салуы себепті осы уақытқа шейін оның есімін атауға, шығармаларын жарыққа шығаруға мүмкіншілік болмады. Жалғыз Сарышолақ емес, «зар заман» ақындарының жолы қазақтың бұрынғы-соңғы ақындарымен салыстырғанда тым ауыр болғаны баршаға аян.Қызылдардың қазан төңкерісіне дейін өлең толғаулары баспа жүзін көрген, кітап түрінде шыққан Дулат, Шортанбай, Мұрат, Кердері Әбубәкір сияқты жыр дүлділдерінің әуелгі қарқында есімдері аталып, олар жайлы басы ұлы М.Әуезов болып бірсыпыра ғалымдарымыз еңбектер жазып көпшілікке, ғылыми ортаға мәлім еткен еді.Тасқа басылған есімдері ел жадында қалып, шығармалары оқулыққа еніп еді. Алайда советтік қызыл коммунистер ес жиған сайын ұлттық сананы өшіру мақсатында қаулы үстіне қаулы шығарып, әйгілі жыр дүлдүлдерінің ісі терістеліп, есіміне қара жағылды. Олардың кейбір тиым салынған сөздерін айтқандар қуғын-сүргінге түсірілді. Әсіресе,Қазақстан компартиясы орталық комитетінің 1947 жылғы 21 қаңтардағы «Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы өрескел қателер туралы» қандықылыш қаулысы қазақ әдебиетін Дулат, Шортанбай, Мұрат, Әбубәкір, Базар, Ғұмар, Шәңгерейлерсіз қалдырды. Қазақ әдебиетінің тарихы советтік отаршылдық көзқарас тұрғысынан қайта жазылып, жарымжан кепке түсті. Тек тәуелсіздікке қол жеткен соң ғана орынсыз, ретсіз күстаналанған қазақ поэзиясының қас жүйріктері қайта ақталынды. Еңбектері алаш қауымының игілігіне айналды.
Зар заманның үш жүзге аты мәлім, сөзі қанық болған ақындарының өзі осындай кепке түсіп жатқанда, «Сарышолақ неге бұрын айтылмаған?» – деп кінәрат тағудың өзі жосықсыз көрінбек. Аталмауы заңды да еді:
« Қалмақтың қиын болды да,
Орыстың салған ойраны.
Біз сияқты сорлыға,
Батып жүр қылған сайраны»...
«Баяғы күнің елестей,
Келмеске кетті айналып.
Орыспен төбе теңеспей,
Алған беттен таймалық!» –
деген ақынның сөздерін патша үкіметі қайдан жақтырсын! «Ұлы орыс халқына қарсы», – деген желеумен совет үкіметі де тиым салды. Шындығында Сарышолақ орыс халқына емес, отаршылдыққа қарсы еді. Ал кеңес дәуіріндегі отарлық езгі – отарлық езгінің дүние жүзі тарихындағы ең ауыр үлгісі еді. Советтік коммунистік жүйе жайлы жазушы-ғалым Мұхтар Мағауин: «Қан тілеп туған, бүлік пен былықтан күш алған, адамның ар-намысын тапаған, ұлттық сезімін қорлаған, күнделікті, әдепкі тұрмыстың өзінде аярлыққа, сатқындыққа сүйреп отырған, асылдарды табанға салып, тексіздерге тежеусіз билік берген, ар-ұяттан ада,аяушылық, адамгершіліке жат, тілсіз дүлей...» – дейді [1.93]. Ашына айтылған сөз. Ақиқат сөз.
Қаншама бөгесін қойғанмен, қапасқа қамағанымен Сарышолақтың есімі сол қызыл империя тұсында мүлде атаусыз қалмапты, жыр жүйрігі Нұрпейіс Байғанин оған арнап деректі «Ақын» поэмасын шығарыпты [2.116]. Сарышолақты осы шығармасының бас кейіпкері етіп алыпты. Қазақтың «қалауын тапса қар жанар» деген мақалы осындайда айтылса керек. Бұл поэманы 1939 жылы қазан айында Бүкілодақтық лениншіл жастар одағының ΧΧ жылдық мерекесіне арнап шығарған. Көркем шығармалар конкурсында үшінші дәрежелі бәйгеге ие болған.
Әуелі аңғармай қалған, кейін әдебиет төңірегінде әлдекімдердің сыбырымен поэманың астарын түсінген большевиктер оны күзеп «жөндеуден» өткізеді. Поэмадан қатардағы толғауға түсіреді. Ақынның қай өлеңін алып қарасаңыз да ұлт мүддесін көздейді, ал ұлт мүддесін көздейтін мұраларды ел ішіне тарату, ұлтшылдықтың белгісі саналатын еді. Сондықтан совет үкіметі оның есімін атауға тиым салып, еңбектерін жоқ қылуға тырысты.
Сарышолақтың алдында бұл өңірде үлгі аларлықтай Мөңке, Ақпан жырау дегендер болған. Сарышолақтың замандастары Батақтың Сарысы, Пұсырман, Қауыс, Қаршыға, Құли, Мұхамедияр, Ақшолақ, Таразы, Әбіл, Кіртай, Рысқұл, Марқа да ешкімнен кем соқпаған, азулы ақындар. Яғни тұтас бір жатқан мектеп. Әрідегі Ақпан Әйітбекұлы (1837-1874):
....Қонысынан ауған соң,
Өзі білген ерлердің,
Іші жанып жалындай,
Жүрегі дертке шалынды-ай.
Теке мүйізді теңдестер,
Қошқар мүйізді құрдастар,
Іздесең де кетерсің,
Бір-біріңе табылмай.
Таба алмай кетер бір-бірін,
Бірге жүрсе қадірі жоқ
Теңдес өскен құрбының.
Асқарды тау, ағын су,
Самалды тоғай, салқын ну,
Ойласам естен кетпейді
Қоныс деген құрғырың.
Біздер кеттік қоныстан
Шығарған соң сұм патша,
Қырық мың әскер орыстан,
деп толғаса, берідегі Пұсырман (1856-1926):
Халқым Пұсырман жырау аттандырдың,
Ханменен дәрежемді қатар қылдың, – деп шалқыған.
Тіпті осылардың бірсыпырасы, мысалы, Құли, Әбіл Сарышолақпен айтысқан. Алайда суырылып шығып, қатарынан оза шапқан Сарышолақ тек бұлардан үлгі алып қана қоймайды, Жайық өңірін, Сыр бойын, Арқа елін аралап өнер ұстартады. Бұл мәселе жөнінде ақын:
Жайықтан бергі жерлерді,
Асылға еріп көргенмін.
Жақсының ісін асырып,
Жаманға тіпті көнбедім.
Арқаны кезіп әнменен,
Қазақты ала бөлмедім, – дейді.
Сарышолақ от тілді шешен, қоғам қайраткері, Ресей отаршылдарына жер, әскеріне адам бермеймін деп қарсы күрескен, ақыры ажалы содан келген, –1908 жылы Орынбор түрмесінде өлтірілген, – ел қамқоры Мырзағұл Шыманұлының досы, үзеңгілес серігі болған. Мырзағұл Орынбор генерал-губернаторлығына қарасты Торғай облысының қоғамдық-саяси өміріне кеңінен араласып тұрған шағында бірге жүріп Ақтөбе, Орынбор, Орал, Орск (Жаманқала) қалаларын аралаған, Көкжар, Орынбор, Қарақамыс жәрмеңкелерін көрген, өнер адамдарымен, ел билігін ұстаған талай қасқа- жайсаңдармен дидарласқан, яғни «аты барда жер танып, есі барда ел таныған». Сыр бойын да армансыз аралайды. Жетес бидің батасын алады. Ел әңгімелерінде Нұртуған ақын жібермей бір жылдай Сыр өңірінде тұрыпты деген де сөз бар. Бұған да қанағат тұтпай Арқа елдерінің өнерпаздарынан үлгі алады. Яғни, қазіргі тілмен айтқанда ақындық жолда аянбай еңбек етеді. Құдай әу баста артық талант берген Сарышолақ осылайша барып ақындықтың биік шыңына көтеріледі.
Сарышолақ осы «зар заманды» басынан өткерді. Ол жеке басының емес, халқының жағдайын ойлап қабырғасы қайысты, ел ішіндегі ахуалды, жұрттың басына түскен ауыртпалықты жырға қосты.
Қамауға ұстап іріңді,
Аяққа басып дініңді,
Ұстар туың жығылды,
Зар етіп шығар күніңді,
Айдап салды үриттеп,
Біріңе келіп біріңді...
Немесе:
Өтті ғой ғұмыр жылаумен,
Патшадан теңдік сұраумен.
Ояз көрсек шұлғыдық,
Аяғын құша құлаумен.
Жүректе кегім шорланды,
Қардай жетіскен қылаумен
Билерімнен сән кетті,
Тұрағы жоқ тоқталар.
Айтар сөзден мән кетті,
Бір зұлымат биледі,
Біздер жүрген жер-көкті,
Артым-жар, алдым-түпсіз,
Көзімнен жасым селдетті... –
деуі бұл айтқанымызға айқын дәлел бола алады.
Көріпкелдік қасиет дарыған болжампаз ақын күндердің күнінде ата жұртының тәуелсіздік аларын, сол кезде өз сөзінің жарыққа шығарын, қылған еңбегінің зая кетпесін анық білген еді.
Ұл туар неше жігерлі
Талқандар тұсау, шідерді,
Іздер сонда қайдалап
Бақытым қайта айналад.
Өлі де болса жебеймін
Аруағым тыныш жайланад,
Ұрпағым солай ойға алад.
«Мыңмен жалғыз алысып» шектен асқан ауыртпалықтан қабырғасы қайысса да, келешек ұрпақтарына үміт артып:
Жыр шырқар әлі басыңа,
Сарышолақ босқа жасыма–
деп кеткен ақынның үміті ақталды.
Оның басты мақсаты болған егемендікке қол жетті.
Сарышолақ Боранбайұлы ұлтжанды болғанымен нағыз гуманист-ті, себебі ол үлкен ойшыл, философ адам еді. Ол орыстың қарапайым халқының жай-күйін ұқты, көпке топырақ шашпады. Бұл мәселе төңірегіндегі ойын өлең сөзге былайша айналдырды:
Шерменде көп орыста,
Олардың көзі алыста,
Қарашекпен айдалған
Шеткерілеу қонысқа.
Қарашекпендердің құйтұрқы саясатқа орай, күшпен көшіріліп отырғанын анық білген. Ал, « Шерменде көп орыста, олардың көзі алыста» дегені орыстың өмірінің ақыры үлкен трагедиямен аяқталған, алысқа көз тіккен ұлы ойшылы, гуманист Л.Толстой сынды тұлғаны еске салады.
Жалпы бұл тарапта шайыр кемеңгер Абайдың: «Адам баласына адам баласының бәрі – дос» деген қорытынды көзқарасынан аулақ кетпейді.
Ақын көшіп келген қарашекпендерге сіз де, біз де Адам ата ұрпағымыз, Тәңір алдында бірдейміз, сондықтан тату-тәтті өмір сүру жағын қарастырайық, ұлыққа арқа сүйеп, зорлық-зомбылық жасамаңыз дейді. Бұл пікірін өлеңмен былайша кестелейді:
Әй, орыстар, орыстар,
Биік тең бе дөңеспен?
Еліме келдің қоныстап
Патша құрған кеңеспен,
Аштарыңа той қылып
Мекен берген емес пе ем?
Тойындың ба бұ қалай,
Мен де өзіңдей емес пе ем,
Дос қайғысы ортақ-ты
Бірігіп қам жемес пе ең?
Сендерде бар қайыршы
Біздерде де жетеді,
Терең ойлап айыршы
Адамның жоқ бөтені,
Адам ата ұрпағы
Алыс қайда кетеді,
Тату болса нетеді?
Адамзаттың бәрі бір
Тәңірге жоқ бөтені.
Ақынның пікірінше екі ұлт өкілдері арасындағы қайшылық жеке адамдар арасындағы сыйыспаушылықтан емес, қоғам дертінен, әлеуметтік қайшылықтардан туындайды.
Сарышолақ тұтас халықты, орыс біткенді жау санамайды, отарлау саясатын құрып, оны жүзеге асырушыларды дұшпан тұтып, өткір тілмен соларды тілгілейді. Бұған келгенде сөз қисынын қиыннан қиыстырады.
Тұрақсыз ғана айтып ап
Мәрттігінен тайқады-ай,
Айтқан сөзін қайтып -ап
Ояздың өтті қайқаңы-ай,
Зәбірі өтіп әскердің
Батқан соң күйіп айтам-ай,
Зәбір емей немене,
Пәтуәсіз сайқалдай
Бүгін айтқан сөзіне
Ертең тайқып тұрмаған,
Куә қажет көзіне
Найза қажет қырлаған,
Сескенбесе түсінбей,
Құбыла тайқып зырлаған.
Айттық, Сарышолақ ой иесі еді деп, сондықтан кейбіреулердей ол ақ патшадан үміт күтпеді. Ақын бәленің бәрі берідегі атқа мінерде, ортадағы оязда ғана емес, патшада жатқанын, «бір орыстың билігі бір орыста, билігі бар орыстың аулы алыста» екенін анық пайымдады. Терең ұқты.Ұқты да өз танымын елге жеткізу үшін өлеңге айналдырды.
Көркемдік патша панаңды
Салдың-ау елге ермекті,
Ермек емей немене
Бетегелі бел кетті,
Ата бір қоныс жер кетті,
Қарсы тұрған ісіне
Көресіні көрмекші,
Сәл қалпынан тайқыса
Қанды қол әскер келмекші.
Немесе,
...Заманның түлкі бұлаңы
Патшаның көбейд ылаңы,
Бұрынғы дәурен бұлдырап
Сөздің де тайды тұрағы,
Шындыққа ұрып құлашты,
Талай ерлер қыр асты,
Елінен таппай пананы
Алыстан хабар сұрасты,
Жау тигендей іңірде
Бұғаулап айдад Сібірге,
Айқайлап жүрген арыстан
Айналды сыпсың, күбірге,-
деп әшкереледі. Ақын мұнда метафораларды өте ұтымды пайдаланып, сөзді шебер құбылтады.
Отарлаушылар қанша езіп, жаныштаса да ел үшін күрескен Сарышолақтың өз халқына деген ыстық сүйіспеншілік сезімін суыта алмады. Қанша қорқытса да жауыздықтың бетін ашып, шындықты көрсетті. Патшалық Ресей отарлаушыларының ел басына туғызған қара күндері мен ауыр азабын, езгіге түскен халықтың хәлін реалистік тұрғыдан шыншыл суреттеді. Содан болса керек, оның өлеңдері бұл өңірде әлі күнге шейін атадан балаға мұра есебінде ауысып келе жатыр.
Әй, Мәкалай, Мәкалай,
Асылдардың сынығы-ай
Патша болған бірталай,
Халықтың көрмей тең бәрін
Ойлашы осы бұ қалай?
Сен шақпақ болғанда
Мен тұтанып кетер лампы май,
Қазақ тұрды сертіне
Патша тұрмад антына-ай,
Дегенін істеп солардың
Қырыла ма халқым-ай,
Тіріде жоқ ұжмақты
Өлгеннен соң іздеме,
Сөзіме бұр құлақты
Жердегі артық біз деме,
Осы айтқанға көнбесең
Сызылатын қайтып келген қыз деме,
Жуастан шығар жуан-ды
Билікті еркін бермесең,
Намысты түптеп қуам-ды,
Тәңіріме сиынып
Серттесіп белді буам-ды, –
деп сес көрсетті. Елдігін танытты.
Ал, Мырзағұл ұсталғанда күйінген ақын патшаға тікелей ауыз салып:
Үш Қарасай жерінде,
Жайлауымның төрінде,
Мырзағұлды айдатты,
Патша өкірсін көрінде, –
дейді.
Кеңес үкіметі орнағанда Сарышолақ пайғамбар жасына келген еді. Бұл шақта ол «Таба алмадық бір адам, Біздің сөзге ергенді», «Айтып-айтып өтті қарт, Көнбеді жұрт, не лажы?» – деген шамаға жеткен еді. Одан әрі шайыр, «Көңілі қайтіп достан да, дұшпаннан да» атқа мінуді қойып, бес рәкәт намазын оқып, ораза тұтып, құдайға құлшылық еткен. Өлең сөзден тыйылған. Сүйегі Мұғалжар тауының күнгей бетіндегі Құдайқұл деген жерде жатқанын Шалқар ауданында тұратын Үсенов Оңдасын деген азамат 1999 жылы анықтады.
Тыңдағанарыңызға рақмет!




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет