− Қанатай, қорықпа, бұл мен ғой,- деді ұрлана шыққан дауыс, Зибаш екен.
− Жоқ, қорыққан жоқпын,- дедім мен өзімше сыр білдірмегенсіп. Өзім іштей
таң қап тұрмын, әлгінде ғой: «Ата-енем келгенімше жатпай күтіп отырады»,- деп,
асығып кеткен сияқты еді, енді біздің сабанның түбінде мына тұрысы не? Әлде
қайтуға қорқып тұр ма екен?
− Қанатай, ақылың бар ғой, айналайын, анау қыздарға байқатпай
Қыдырманға ақырын ғана ымдап, бір кісі шақырып тұр деші,- деді сол ұрлана
сыбырлаған үнмен.
− Мақұл.
Сабанды құшақтап үйге кірдім де Қыдырманға қарап «Әй, тойтық» деп қала
жаздап барып:
− Сені есік алдында бір кісі шақырып тұр,- дедім еш ымдап жатпай-ақ бірден
дүңк еткізіп.
− О кім? — деді Қыдырман таңырқап.
− Шықсаң көресің ғой.
Нәзира әпкем де, Үміт те қосарлана:
− Бар, бар! Шаруасы бар кісі шығар,- десті.
− Ой, о кім болды екен? — деп, Қыдырман тойтық тойтаңдай басып сыртқа
шығып кеткен. Үш қыз бір-біріне қарап сықылықтаса кеп күлді.
Қыдырман тойтық сол кеткеннен қайтып оралған жоқ. Мен от жаққам, ошақ
үстінде жылы тұрған шәугім сәлден кейін-ақ қайнай бастады. Қыздар тары да шай
ішті.
− Енді жатпай-ақ қояйық,- деді Нәзира әпкем Гүлсараға.- Жол бойы әлі
ұйықтармыз.
− Менің жатқанмен де бәрібір ұйқым келмейді,- деді Гүлсара мұңайып.- Сен
ғой, әжеңмен, інілеріңмен, құрбы-құрдастарыңмен, ауылыңмен қоштасып аттанып
бара жатырсың, ал мен болсам әке-шешемнің қандай халде екенін де біле алмай
кетіп барам. Ойласам-ақ жүрегім сыздап сала береді.
− Жә, ойлағанмен түк шықпайды. Бәлкім, солардың жылап-сықтап
қалғандарын көргеннен де көрмей аттанғаның Да дұрыс шығар,- деді әпкем оны
жұбата сөйлеп.- Мен, міне, көңілім айран-асыр боп аттанғалы отырмын. Мен
кеткен соң мыналардың күні не болады. Мына Қанатқа қарап қалғандары ғой.
Осыны айтып көзіне жас алды, апама ұқсаған ақ сұр өңі дір-дір етіп, енді сәл
болса еңіреп жылап жіберуге шақ отыр. Әжем мен кішкене балалар жаққа
жалтақтап қарап қояды.
− Елге аман-сау қайтып ораламыз ба, жоқ па? Қайтсақ қашан қайтамыз, кім
біледі?!
− Сендер азат етілген қалаларға бара жатырсыңдар ғой,- деген Үміт.
− Азат етілгенмен, соғыс болып өткен жердің тірлігі қайбір жетіскен тірлік
дейсің,- деді Гүлсара көңіліндегі күдігі ішіне сыймағандай.- Жарылмай қалған
миналар, бомбалар көп болады екен, көмусіз қалған өліктерден тазартуымыз керек
екен.
− Жоқ пәлені айтпай қойыңдаршы,- Деген Үміт көзі шарасынан шыға
үрейленіп.
− Рас, бізге ескертіп айтты…
Осы тұста Нәзира әпкемнің көзі бағанадан өздерінің әңгімелерін сырттай
үнсіз тыңдап отырған маған түсіп кетті де:
− Жә, сен де адамның зәресін ұшыратын не болса соны айтпай, жөні түзу
әңгіме айтсаңшы,- деп, ымдай сөйлеп, Гүлсараны тыйып тастады.- Әдейі мына
Үмітті қорқыту үшін айтып отырсың-ау, ә,- деді сөзінің соңын әзілге сая жуып-
шайып. Сәл абдырап қалған Гүлсара әуелі әпкеме, одан маған қарады да, лезде
өңіне күлкі үйіріп:
− Иә-да,- деді әзілдей сөйлеп.- Әйтпесе Үміт бізбен бірге кетем деп отыр
емес пе.
Осылайша үш қыз бір ауық көздеріне жас алып мұңайып, бір ауық әзілдесе
күліп ұзақ таңды көздерімен атырды. Өзіміздің үйдің, көрші-көлемдердің әтештері
әуелі таңның атқанын хабарлап, бірін-бірі ұйқыдан оятқандай кезектесе әдеппен
шақыра бастады да, біраздан кейін ұйқыларынан әбден оянып, тамақтарын
қырына кенеп, нәшіне келтіріп алғандай болған соң,- ал енді қайсымыздың
дауысымыз ащырақ шығар екен деп, жарысқандай азан-қазан боп шуылдасып
кетті. Осы кезде кешегі уәдесі бойынша МТС-қа ерте жүріп, әпкемдерді сағат
тоғыздан қалдырмай жеткізіп салмақ болған почташы Мақым шал да шанасымен
есік алдына кеп тоқтаған. Әпкем, Гүлсара екеуі тез киіне бастады. Әжем де оянып,
дастарқан жайып,- оң сапар тілеп, бата жасады. Әпкемді маңдайынан сүйе тұрып
қоштасты, көзіне жас алғаны болмаса, дауыс шығарып жылаған жоқ.
− Маңдайыңа бір жазғаны бар шығар, жыламайын,- деді.
Әжем жыламаған соң, басқаларымыз да көздеріміз жасаурап тұрып
қоштастық.
* * *
Жексенбі күні ертеңгісін бір топ бала: Санат, Петька, Отто, Әбілтай және де,
ортамызда бізден сәл ересектеу Фрицы бар, ескі клубтың іргесіне жиналып ап,
садақ жасауға кіріскенбіз. Бұл биыл қыстағы біраздан бері қызыға ойнайтын
ойынымыз боп жүр. Қайыңнан, ырғайдан, талдан садақ иеміз, оған қамыстан жебе
дайындап, ұшына қаңылтырдан жасалған үшкір оқ кигіземіз. Садақты кере тартып
атқан кезіңде, ауылдың бір шетінен екінші шетіне дейін жетеді және тиген затын
тесіп кетеді. Клубтың қалың тақтай есігін атқан кезіңде, кірш етіп қадала түседі.
Міне, осы садағымызбен сауысқан, қарға-құзғын атамыз. Өйткені биыл қыс қарға-
құзғын, сауысқан дегендер мүлде көбейіп кетті, жыртылып айырылады. Ауыл
төңірегіндегі арам өлген, қасқыр тартқан малдардың өлекселерін жайлаған қарға-
құзғындар ертеден кешке дейін дар-дар етісіп есіріктеніп азан-қазан шуылдасады
да жатады, ал онсыз да ыңыршақтары шығып титықтап жүрген өгіздер мен жауыр
аттардың қыр арқаларына қонақтап ап, жануарлардың жараларының қанын
сорғалата шоқып, ес таптырмай шықылықтайтын сауысқандар мүлде басынып
алған, шақ-шақ етіп шақылдағандары Байдалы шалдан бір кем емес.
Садаққа июге ағашты әркім өзі табады, ал жебеге колхоздың мал қорасының
төбесін жапқан қамыстан ұрлаймыз, қаңылтырды Фрицы тауып әкеледі және оны
өзі әдемілеп үшкілдеп қиып, ұшын үп-үшкір біздей етіп оқ соғады. Қолы майысып
шебер-ақ. Жасап берген әр оғы үшін Фрицыға бір құрт немесе басқадай тамақ
төлейміз. Мәселен, біз: Санат, Әбілтай үшеуміз үйімізден ұрлап-жырлап құрт-
ірімшік әкеп отырмыз да, Петька отқа көміп пісірілген картоп әкеп отыр, ал
Оттоның сыртын отқа қақтаған жарты жүгерісі бар. Осының бәрін дорбасына
салып алған Фрицы жан-тәнін салып бізге оқ соғып отыр. Әрқайсымыз екіден-
үштен оқ соққызып мәз-мейрамбыз.
− Пірсіп-оу! Әй, Пірсіп, жер жұтқыр, қайда жоғалып кеттің?! — деген
дауыстан Фрицыдан бастап бәріміз де селк-селк ете қалдық. Бұл — Байдалы
шалдың кемпірі Үпияның даусы.
− Ойбай, мені іздеп» жатыр,- деді Фрицы жасап отырған оғын тездете
тықылдатып.
− Әй, Пірсіп! Тілеуің құрғыр, қайда жүрсің?!
− Апа, мен мұндамын.
− О, желкең үзілгір, анау малдарды суғар.
− Қазір, апа, қазір.
Фрицы соңғы жасаған оғын Әбілтайдың жебесіне кигізіп берді де,
қаңылтырың орап, кетуге жиналды.
− Қалғанын қазір малдарды суғарып келген соң жасаймын,- деді.
Фрицы — жетім бала. Шешесі өткен күзде пішенде жылан шағып өлді. Содан
бері Фрицы әркімнің есігінде күн көреді. Соңғы кездері Байдалы шалдың үйінің
малын қарап, сол үйге қол бала боп жүр. Қолы қалт етсе біздерге кеп бір жағы
ойнайды, бір жағы бірдеңе-бірдеңе жасап, тамағын асырайды. Өзі бізден бірер жас
үлкен, ұзын бойлы, өңі боп-боз, имиген арық, тарамыстанып алып қолынан
келмейтіні жоқ.
Әрқайсымызда екіден-үштен оқ және әр оғымыздың батырлар
жырындағыдай аты бар: Сұржебе, Көкжебе, Сойқанжебе, Қатержебе… деп түрлеп-
түрлеп атаймыз. Сауысқан, қарға атпас бұрын әуелі нысана көздеп жаттығып
алмақ болып клубтың есігіне қарай күйемен Гитлердің суретін салып, соны көздеп
атып ойнауға кіріскенбіз. Клубтың арт жағынан тор жорғасымен ентелетіп Байдалы
шал шыға келгенде, апыр-топыр қаша жөнелдік. О да атын тебініп қап:
− Ө, иттің күшіктері, не істеп жүрсіңдер?! — деп ақыра ұмтылған. Қуып
жетіп әрқайсымызды қамшымен бір-бір салып өтетін шығар деп ойлағанбыз, жо,
олай болмады. Ұзаңқырап барып кейін бұрылсақ, Байдалы шал атының басын
тартып, еңкейе түсіп клубтың есігіндегі әлгінде біз салған Гитлердің суретіне қарап
тұр екен.
− Әй, күшіктер, мыналарың кім? — деді қамшысының сабымен суретті
нұсқап.
− Гитлер,- дедік біз бір ауыздан.
− Ә. Соны атып жүрсіңдер ме?
− Иә.
− Онда оларың дұрыс екен. Ал өздерің неге қашасыңдар? Шынында да, неге
қаштық? Бұрын балалар Байдалы шалдың соңынан қалмай аталап оған бірдеңе
деп сөйлесіп қалуға құштар ек, басқа үлкендерге қарағанда оны бір түрлі жақын
тартып үйірсектеп, еркелегіміз кеп тұратынбыз. Өзі де бізбен әзілдеп қоятын: «Әй,
осы күнгінің балаларын қойшы»,- деп, ернін шүйіргеннің өзінде бізде кемсітіп
жерлеуден гөрі, қайта намысымызға тиіп қайрап тұрғандай көрінетін. Байдалы шал
бригадир болғаннан бері, сол өзара үйірсектік біртіндеп суып, қайта керісінше
арамыз алшақтап кеткен. Бүгінде балалар Байдалы шалды көрсек өзімізден-өзіміз
қаша жөнелеміз, ал ол өзі бізді көрген жерде атын тебініп қап, қамшысын үйіріп
ақырып қуып береді. Біздің жазығымыз не, неліктен қашамыз, ал ол бізді не үшін
қуады? Оны біз де білмейміз, Байдалы шалдың өзі де білмейтін болар. Әйтеу, біз
қаша жөнелеміз, ол қуып береді. Қазір де ол клубтың арт жағынан оқыстан шыға
келгенде, біз топырлап қаша жөнелдік, ал ол ақыра ұмтылып, қамшысын үйіріп
қумақ болды. Енді, міне, біздің неліктен қаша жөнелгенімізге ол түсінбей тұр да,
одан неліктен қашқанымызды білмей біз тұрмыз.
− Бері, жақын келіңдер,- деді ол саябыр үнмен.- Неге қорқасыңдар?
Тимеймін. Бері келіңдер.
Біз өзімізді көтеретін, бірақ ат омбылап жүре алмайтын қатқақ қардың үстіне
шығып алғанбыз, енді оған қуса да ұстатпайтынымызды білеміз. Сондықтан
тайсақтамай оның әр қимылын қалт жіберместен қадағалап қарап тұрмыз.
− Әй, қорықпаңдар дедім ғой. Кәне, қайсысың хатты жақсы оқисың? Мен бір
қағаз оқытып алайын деп едім,- деді ақыры өзінің бізге ісі түсіп тұрғанын білдіріп.
Біз, балалар, ішіміздегі хатты ең жақсы оқитынымыз деп атын атамасақ та Санатқа
қарағанбыз. Ол әлгінде қаша жөнелгенімізде, жерге түсіп қалған бір оғының торы
жорғаның тағалы тұяғының астында быт-шыт боп сынғанын көріп, түршігіп тұрған.
− Мен үйге қайтам, мал суғаруым керек,- деді күңкілдеп.
− Әне, біздің үйдегі апаларың бауырсақ пісіріп жатыр, қағаз оқып бергеніңе
бір қалта бауырсақ бергізем,- деді Байдалы шал үй жағын нұсқап. Мұржасынан
түтіні будақтап тұр екен. Біздің мұрнымызға майға піскен ыстық бауырсақтың иісі
жеткендей болды.
− Ата, мен оқиыншы,- деді Әбілтай жұлып алғандай жұлқына тілек білдіріп.
Байдалы шал оның сөзін естімегендей Санатқа қарайлаған.
− Жоқ, мен үйге қайтам, мал суғаруым керек,- деді Санат кейін қарай
бұрылып.
− Жүр онда, сен оқып бер,- деді Байдалы шал енді амалсыз Әбілтайға
қарап.- Бауырсаққа бір тоясың.
Қуаныш кеткен Әбілтай Байдалы шалдың соңынан ілесе түсіп барып, қалған
үшеумізге жалт бұрылды да, тастап кете алмай:
− Ата, мына балалар да жүрсінші,- деді өтініп.
− Мейілдері, жүрсе жүрсін.
Байдалы шал торы жорғасымен алға түсіп, біз төрт бала садақтарымызды
мойнымызға асынып, оның соңынан ілесіп шалдың үйіне қарай жүрдік.
− Бауырсақ бермек түгілі, өзімізді сабап-сабап жібермесе неғылсын,- деді
Отто сыбырлап.
− Сабап жынды ма, біздің еш жазығымыз жоқ қой,- деді Петька.
− Сабамайтын шығар, солай ма, Қанат? — дейді Әбілтай да қорқақтаңқырап.
− Кім білсін,- деймін мен иығымды қиқаң еткізіп. Шынында да, кім білсін,
соңғы кезде Байдалы шалдың мінезін адам түсінетіндей болып жүр ме.
Есігінің алдына жетіп Байдалы шал атынан түскен кезде, отын бұтап жүрген
біз танымайтын бір бейтаныс адам:
− Ассаламағалейкөм-өм, Байаға! — деп қарсы алған.
− Әликісалам. Әй, Тұржанбысың?!
− Иә.
− Қайдан жүрсің?
− Ауылдан. Сіздерді сағынып кеттім де, амандықтарыңызды біліп қайтайын
деп келдім.
− Е, жөн екен оның, қонақ боп кеп, отын бұтап жүргенің қалай енді?!
− Ой, Байаға, сіздің үйдің отынын бұтамағанда кімнің отынын бұтаймын.
Өзімсініп жүргенім ғой, а-а-а…- деп мәз бола күлді Тұржан.
Бұл — кішірек көзі жылт-жылт еткен, адамға тура қараған кезде қос танауы
таңқиып тұратын, ұртының үстінен жалбырап тұрған сұйық шалғы мұрты бар, ұзын
бойлы, қайыстай қатқан қара кісі еді. Алдыңғы тістері жоқ екен, сөйлеген, күлген
кездерінде кішкентай бет әлпетінің қақ жарымын алып тұрған дүрдік ерінді жайын
аузы ұрадай боп үңірейіп, көмейіне дейін қара қошқылданып түгел көрінеді.
− Иә, үй ішің аман ба? Келіннің халі жақсы ма? — деген Байдалы шал
амандық сұрай тұрып.
− Аман ғой, оларды ит жей ме, а-а-а-а…- деп Тұржан ұрадай аузын ашып
тағы күлді. Жағыну үшін болу керек, сөзінің соңын: «а-а-а…» деп дарақы күлкімен
аяқтайды екен. Әйтеу, қалай болған күнде де бір суқансыз адам екені бірден
көрініп тұрды.
− Осы сенің балаңның аты кім еді?
− Сапыбек қой.
− Иә, ол қазір қай класта?
− Соғыс басталар жылы үшіншіні бітірген, онан кейін оқымай қойды, күшік.
Жалғыз ұл болған соң тым ерке.
− Хат тануы қалай өзінің?
− Былай таниды ғой енді. Оқи алады.
− Хат тануы дұрыс болса, соны менің қолыма берші, өзім тәрбиелейін.
Әйтпесе осында әр боқмұрынға жалынып ит болдым,- деді біздерге қарап қойып.
− Байаға-ау, сіз тәрбиелесеңіз, одан артық оның құдайдан не тілегені
болсын.
− Жүр, үйге кір, оны сөйлесе жатармыз,- деген Байдалы шал енді Әбілтайға
бұрылды да:
− Сен жүр, ал мыналар осы арада күте тұрсын,- деді де жаңағы Тұржан
үшеуі үйге кіріп кетті, біз Петька, Отто үшеуміз үй іргесінде қала бердік.
Бригадир болғаннан бері Байдалы шалдың үйі біздің ауылдағы қыдыр қонған
үй боп саналады. Құт-береке, молшылық бүкіл ауылда тек осы үйде ғана бар, іші
де, сырты да майлы. Қасынан өтсең, ығына тұрып ап тамақтың тәтті иісін иіскеп,
кеткің келмей көзіңді сатып еріксіз телміре қарайсың. Есігінің алдында тау-тау боп
үйілген ағаш отын (шешендер Махмұд пен Зокку осы төңіректегі ең қу ағаш
отынды тек осы үйге әкеп түсіреді), атқарушы Ысқақ шал мен Фрицы екеуі кезек-
кезек сол отынды шетінен бұтаумен болады, бұталған отын күндіз-түн жағылады
да жатады. Қазан-ошақ дегендер бір босамайтын сияқты, ылғи ет асылып,
бауырсақ пісіріліп, шай қойылып, ертеден қара кешке дейін дастарқан бір
жиналмайтын тәрізді. Таңның атуынан күннің батуына дейін бар тіршіліктері осы
үйге ғана байланып қалған үш-төрт қатын бірі су әкеліп, бірі от жағып, бірі тамақ
пісіріп, салп-сұлп әбігерге түсіп еш тыным таппайды. Бастықтың үйінің суымен
кіріп, күлімен шыққандары үшін бақытты. Бұлардан өзге бүгінде Байдалы шалдың
үйіне бұрынғыдай баса-көктеп ешкім кіре де алмайды. Тек сырттай қызығып,
сырттай тамсанып, сырттай телміріп қана өтеді тұсынан.
Біз де, міне, үй іргесіне кеп, майға піскен бауырсақтың аңқыған тәтті иісі
есімізден тандыра жаздап манаурап тұрмыз. Танауларымызды қос-қостап тарта
түсіп, сілекейімізді жұтынып қойып, бір-бірімізге күлімсірей қараймыз.
− Бауырсақ пісіріп жатыр.
− Қандай тәтті иіс, ә?!
Сәскеге қарай әжептәуір көтерілген күн жал-жал қардың арасынан төбелері
қарайған, әрқайсысының төңірегінде қыбыр-қыбыр тіршіліктері бар жадау-жүдеу
үйлерге немкетті салқын ғана қарап, бар ықыласын іргесінде біз тұрған Байдалы
шалдың үйіне арнаған сияқты. Анау үйлерден жоқшылықтың, жетім-жесірліктің
қаралы ызғары азынаса, ал мына үйде жайма-шуақ тәтті қуаныштың лебі еседі.
Әлгіндегі мал суғаруға кеткен Фрицы да келе жатыр екен, біздерді көріп
анадайдан даурыға:
− Анау тұманың арғы жағындағы кішкене сайда арам өлген өгіздердің
өлекселеріне үймелеген қарғалар құж-құж етеді,- деді ентіге сөйлеп, онан
қасымызға таяп келген, неге елікпейсіңдер, ұқпай тұрсыңдар ма дегендей
әрқайсымызға бір қараған,- Қалың қарғалар, атуға бармайсыңдар ма?
Біз: «Тс-с, тыныштығымызды бұзба» дегендей, оған үнсіз көз тастап, тым-
тырыстана қалғанбыз. Шіркін, осындай да тәтті иіс болады екен-ау!
− Әй, Пірсіп, о, жайрағыр, анау малдарға шөп салмайсың ба!? — деп
сұңқылдаған Үпияның даусы дәл құлағымыздың түбінен естілді. Сөйткенше болған
жоқ, Үпия үйдің біз тұрған іргесіне қарай шыға келген, басында аппақ қардай
кимешек, екі жағы мен маңдайына әдемілеп кәнуә тіккен, үстінде өңіріне неше
түрлі тана түймелер, күміс тиындар таққан көк пүліш қамзол, сары атлас
көйлегінің етегі жер сызады.
− Әй, сендер неғып тұрсыңдар бұ жерде?! — деді дәл ұрлығымыздың
үстінен түскендей. Біз сасып қалдық.
− Біз жай… Әбілтайды күтіп тұрмыз.
− Немене, оны қасқыр жейді деп пе едіңдер?! О несі-ей, үйдің іргесіне кеп
топырлағандары, аулақ, анау көшеде тұрып күтіңдер — деп, зіркілдеп ұрсып қуып
тастады. Біз, амал жоқ, үй іргесінен аулақтап, көшенің ортасына шығып тұрдық.
− Айтып ем ғой, бауырсақ бермейді,- деді Отто.
− Бермесе қойсын, бауырсақ жемесек те өлмеспіз. Тек Әбілтайдың
шыққанын күтейік,-деді Петька.
Осылайша бауырсақ жеуден күдер үзіп тұрғанымызда, бүкіл ауылды
жаңғырықтыра: «Қанат! Қанат!» — деп, аттандай айқайлап шақырған дауыс мені
селк еткізді. Дауыс шыққан ойға қарай жалт қарағам, мал қора жақтан Қыдырман
тойтықтың інісі Нәдірман келе жатыр. Бүкіл ауылды басына көтере айқайлайды.
Өзі менімен жасты болса да алды-артына қарамайтын әңгүдік мінезді болатын.
Қазір де жау шапқандай аттандап келеді. Анадайдан мені көре сап:
− Әй, Қанат, қайда жүрсің? Кел бері! — деді бұйырған үнмен. Өзі көшенің
ортасына тоқтап, мен қасына барғанымша күтіп тұрды.- Әй, сені Қыдырман көкем
мал қораға тез жетсін деді. Қоғалы бұлақ жаққа шөпке барады екен, соған бірге
ала кетем дейді.
Әнеугүнгі Нәзира әпкемнің Қыдырман мен Зибашқа Қоғалы бұлақ жаққа
барсаңдар, біздің шөбімізді жеткізіп бергейсіңдер деген тілегі есіме түсіп, мен
дереу мал қора жаққа қарай жүгірдім.
− Әй, Қанат! — деді Нәдірман мені тоқтатып.- Алдыңдағы садағыңды маған
қалдырып кет.
Нәдірманның ожар мінезін білетін мен екі ұшты ойда тұрғам.
− Өй, садағыңды жей қоймаймын, шөптен келген соң аласың ғой,- деп кеп,
мойнымнан жұлып алғандай болды.- Оқтарыңды да қалдыр.
− Байқа, оқтарымның ұшы өткір, біреуді атып ап жүрме.
− Егер жыныма тиетіндер болса ата салам,- деді Нәдірман екіленіп.
− Қой, садақпен кісі атуға болмайды.
− Жай айтам… Қалжыңым ғой,- деп мәз бола күлді ол.
* * *
Сөйтіп, Қоғалы бұлаққа шөпке бара жатқан Қыдырман мен Зибаш Нәзира
әпкеме берген уәделерінде тұрып мені өздерімен бірге ала жүрген. Әлі таптаурын
бола қоймаған жол ауыр екен, жазда екі-үш сағатта барып қайтатын жерге түске
қарай малтығып әзер жеттік. Зибашты шанасымен осында біраз күн бұрын Махмұд
пен Манар бұзған бергі шеттегі маяның түбіне қалдырып, Қыдырман екеуміз
бұлақтың жарлауыт қабағын жағалап, тұғылға түсе берістегі біздің шөпке қарай
жол аштық. Жазда Нәзира әпкем екеуміз жинағанымызда, кішігірім маядай
көрінген шошағымызды қалың қар төбесіне дейін сіреп бүркеп тастапты, айдалада
адасып отырып қалған жетім баладай көзге әзер шалынады Әпкем екеуміз
күнделікті таңғы алагеуімнен тұрып, бірер сағат тан қол шалғымен бір ай бойы
шауып едік. Бұлақтың төңірегіндегі жырым-жырым боп тарамданған құлама
жыраларға өскен қалын шалғын таңға жуық шыққа бөгіп жататын, жапырақтар
мен гүлдердің бүршіктеріне қонақтаған мөп-мөлдір моншақ тамшылар тиіп кетсең
сау-сау ететін, сондайда жылы төсектен жаңа ғана тұрған өне бойыңды балғын
леп тітірентіп, дірілдетіп жіберуші еді. Шалғыны біраз құлаштай тартып, бойың
жылына бастаған кезде, балғын шалғыннан қышқылтым қошқыл иіс бұрқырай
бастайтын, бүкіл тынысың, көкірегің содан жарылып кетердей болатын. Қазір
Қыдырман әуелі шошақтың төбесіндегі қарды күрекпен опыра ойып аударып
тастап, онан кейін алты айырлы ашасын бойлата сұғып, судыраған құрғақ шөпті
аудара көтерген кезде, жаздан бері тұншығып бұғып жатқан көк шалғынның құп-
құрғақ ашулы иісі кеңсірігімізді жарып жіберердей бұрқырай жөнелді. «Апшхи!..
Апшхи!.. паһ, паһ, шіркін!..» Мойындары салбырап сүмірейіп тұрған өгіздер де
шыдай алмай, мойынтұрықтарынан бұлқына тартынып шөпке қарай тұмсықтарын
өзеурей созған.
− Жә, жә, Қанаттың азғантай шөбіне көз алартпаңдар-ей — деп қойды
қозғалақтаған шананың үстінде көтерген шөбімен құлап қала жаздаған Қыдырман.
Аяғының тойтықтығына қарамастан Қыдырман өте қайратты екен, әне-міне
дегенше шошақты ойсыратып жіберді. Шамамның келгенінше мен де екінші
бүйірден тиеуге кіріскем. Жаздағы өзім орып, өзім жиған шөптің әр талшығы таныс
сияқты, қайсысын қай жырадан орғаныма дейін білетін сияқтымын. Сондықтан
шашау шығарғым келмейді, ал Қыдырман болса алды-артына қарамай опырта
істегендіктен, қаншама шөпті жерге түсіріп шашып, ысырап қып тұрған сияқты,
секіріп жерге түсіп, сол шашылған шөптерді жинаймын. Шошақтың жартысына
жуығы тиелген соң, Қыдырман:
− Бір жолға осы да жетеді,- деді жарты шанадан аздау шөпті үстінен
жаймалай тұрып.-Ендігісін тағы бір келгенімде жеткізіп берем. Әйтпесе әлгі
Байдалы қақпас көріп қалса, колхоздың малы ашығып жатқанда, жеке меншіктің
шөбін тартып жүрсің деп пәле қылады.
Онысы да рас, басқаны білмесек те Байдалыны білеміз ғой.
− Мақұл.
Мұнан соң әлгінде Зибашты шанасымен қалдырып кеткен маяға қайтып
келдік. Қыдырманның біз қайтып оралғанша дем ала тұр дегеніне қарамастан,
Зибаш өз шанасына әжептәуір шөп тиеп қойыпты.
− Түу, жаңа айтып ем ғой дем алсаңшы деп,- деген Қыдырман оған ұрса
сөйлеп.
− Қойшы, босқадан босқа қалай отырмақпын,- деді Зибаш күліп.
Қыдырман енді маяның үстіне шығып, жердегі шаналарға жоғарыдан
жойқын күшпен шөптен қопара аударып тиеуге кірісті. Біз Зибаш екеуміз екі
шананың үстінде тұрып, ол аударып тастаған шөпті жаймалап үлгере алар емеспіз.
− Шамаларың жетпесе онша қиналмаңдар. Артынан мен өзім жаймалаймын
ғой,- деп қояды Қыдырман. Онан Зибашқа арнайы: — Сен онша. зорланбасаңшы,
дем алсаңшы,-дейді.
− Зорланып тұрған жоқпын,- дейді Зибаш ерке үнмен.- Құрғақ шөп жеңіл
ғой.
Біраз қимылдап тершігендікі болу керек, Зибаш өрттей боп қызарып тіпті
әдемі боп кетті, күлкі ойнаған көзі жалт-жұлт етіп, сөйлеген, езу тартқан кездерде
аппақ тістері жарқырай көрінеді.
Бір кезде Зибаш шөп түсіп кеткен болу керек, көзін уқалап тұрып қалған.
− Не болды? — деді маяның үстіндегі Қыдырман тойтық елең етіп.
− Көзіме…
Ойпыр-ай, ертегі-аңыздардағы «Жолбарыстай атылып» деген осындай-ақ
болар, сонау маяның үстінде тұрған Қыдырман қас-қағым сәтте бір-ақ орғып,
Зибаштың алдына кеп дік ете түсті ғой, тіпті аяғының тойтық екенін ұмытып
кеткен.
− Тұра тұр!.. Қолыңды тигізбе…- деп есі кете епелектей тұрып, Зибаштың
көзіне түскен шөпті тілімен жалап шығарды.
− Түу, көзің қызарып кетті ғой. Міне, көзіңе түскен мынау қылтанақ,- деді
тілінің ұшымен алған шөпті көрсетіп.
− Тікенше қадалып еді, тікен бе өзі, немене?
− Тікен сияқты… Әлі ауырып тұр ма?
− Қойды,- деді Зибаш қызара жасаураған көзін жыпылықтата тұрып. Онан
соң Қыдырманға еркелегендей күле қарады: — Осының бәрін қайдан білесің?
− Нені?
− Көзге түскен шөпті тіліңмен жалап шығарғанды.
− Е, білем ғой,- деп Қыдырман да күліп, теріс айналып кетті.
− Құдай-ау, осыны да көп көрер ме екенсің,- деген Зибаш әлі де көзінен
сорғалаған жасын тыя алмай тұрып.
Маяға өрмелеп бара жатқан Қыдырман кейін қарай жалт бұрылды.
− Саған осындай сөзді айтпашы деп талай ескерттім ғой,- деді.
− Сенен де айрылып қалам ба деп қорқам.
− Қорықпа,- деді Қыдырман көңілдене сөйлеп.- Ол жағынан қорықпа.
Айрылып қалам деп емес, осы тойтықтан құтыла алмаймын-ау деп қорық. Солай
ма, Қанат! — деп маған қарап көзін қысып қойды.- Әйел деген осы да. Қит етсе
көз жастары дайын тұрады.
Осы сәтте Қыдырман маған кереметтей әдемі, сұлу жігіт боп көрінді, ат
жақты ақ сұр өңі, күлімсірей қараған қысыңқы көзі, қалың қабағы, дөңестене
біткен үлкен мұрны — нағыз ерге лайық айбынды кескін-келбет екен ғой. Ой,
аллай, осы уақытқа дейін қалай байқамай жүргенмін, кейін өскенімде осындай
болсам дейтін жігіт қой мынау. Нәзира әпкемдер мұны неге мазақтайды екен? Оу,
мазақтайтын емес, қызығатын, ғашық болатын жігіт қой. Сол Нәзира әпкем, сол
Нұрбике, сол Үміттер кезінде мазақтап жыртың-жыртың күлгендерінше, мұның
нағыз ер келбетті жігіт екенін аңғарулары керек еді ғой. Енді, міне, Зибаш
иемденіп алған. Зибаштың қазір оған елжірей қарап ғашық боп тұрғанына мен
әбден сенем. Әне, ол маяның үстіне көтерілді, төмендегі біздерге күлімсірей
қарап.ашасын қолына алды да, шөптен қопара көтеріп екі шанаға кезек-кезек
құлаштай лақтыра бастады. Шіркін, мен қашан осы Қыдырмандай болар екем.
Мейлі, тіпті тойтық болуға да бармын, тек тезірек ер жетіп, жігіт боп осы
Қыдырмандай болсам! Шіркін!..
Мұндай күшті бірінші көруім, алты айырлы ашасын алты ай қыстан
тығыздалып басылып, киіздей боп жатқан шөпке бойлата сұғып одан үй орнындай
ғып қопара көтеріп ап, қайқайта тұрып шананың үстіне гүрс еткізіп тастаған кезде,
жер солқылдағандай болады. Зибаш екеуміз жаймаламақ түгілі, шөптің астында
бастырылып қала жаздаймыз. Сөйтіп, екі шананы да қайқита тиеп болған кезде,
дәу маяның да бір жартысы опырылып ортайып қалған еді.
Түс ауа ауылға бет бұрғанбыз. Мен алдыңғы Қыдырманның шанасында
жалғызбын да, ол өзі кейінгі Зибаштың шанасына отырған. Күн жылына, қары
жантақтала бастаған көпсік жолда өгіздер аяқтарын санап басқандай зорға
адымдап, жон арқалары, сауырлары бірде созылғандай, бірде жиырылғандай
мықшия тырмысып, әзер тартып келеді.
Әлгіндегі шөп тиеген кездегі терім біртіндеп басылып, бойым тоңази
бастаған соң, бастырықтың үстінен отыруға жайлы болсын деп салынған бос
шөпке үңги кіріп, шалқалай жатқам. Қысқы аспан бұлыңғыр. Кірпік қақпай ұзақ
қарасаң, көзіңді бұлдыратады. Осы аспанның төбесі тиіп тірелетін жері бар ма
екен? Ал төбесі бар болса, оның ар жағында не бар екен?.. Бірнеше күн толассыз
боран соққан кезде, әжем жарықтық: «Аспанның тесігі ашылып кеткен бе?» —
дейді, демек, аспанның тесігі бар да, оның арғы жағында аңырап соғып тұратын
бораны бар; ал жағрапия пәнінен Әнипа апайымыздың түсіндіруінше, аспан деген
— түбі жоқ тұңғиық кеңістік, ешбір шегі жоқ,-дейді; ал жеке менің өзіме салса, сол
«түпсіз», «шексіз» дегенге онша түсіне де алмаймын, сене де қоймаймын, маған со
әжемнің айтқанының жаны бар сияқты көрінеді. Дүниедегі заттың бәрі көзге
көрінетін, қолмен ұстайтындай болуы керек қой, ал олай болмаған күнде сенуге
болмайды. Боран соғады, тау бар, тас бар, дала бар, қар бар, шана бар, шөп бар,
су бар, нан бар… Осы тұста жүрегім сазып, іші-баурым бір түрлі темен тартып
жаман боп талықсып кетті. Қарнымның ашқанын қанша еске алмайын десем де,
ұры мысықтай ішімді тырналай жөнелді. Жо, жоқ, тамақты ойламау керек. Әне,
кең аспанды қарашы! Осыны шексіз дейді, тұңғиық дейді. Сонда ол қалай шексіз
болады? Әйтеу бір жерде, тіпті сонау көзге көрінбейтіннің арғы жағындағы
шексіздікте де түптің түбінде бір шек болады ғой. Оны жаңағы жағрапия пәні де
білмейтін тұста шығар… Өстіп ұйқылы-ояу күйде маужырап жатқам, Қыдырманның
қарқылдаған күлкісінен оянып кеткендей болдым.
− Қойдым… қойдым… айналайын…- дейді күлкісін тыя алмай жалына
сөйлеп.
− Жоқ, сен бәрібір қоймайсың,- дейді сыңғырлаған Зибаштың үні. Басымды
көтеріп кейін бұрылсам, Қыдырман шалқалаған күйде қол-аяғын ербеңдетіп
күлкіге түйіліп бұлқына тулап жатыр да, Зибаш оның үстінен төне түсіп қытықтап
отыр екен. Қыдырманның қарқылдағаны бүкіл даланы жаңғырықтырып тұр,
«қойдым… қойдым…» деп өлердегі сөзін айтады, ал Зибаш өзі де сықылықтай
күліп, Қыдырманның омырауына қолын тығып өршелене түседі. Ақыры қытықтан
қашқан Қыдырман тулай дөңбекшіп барып шанадан домалап түскен, жол шетіндегі
қалың қарға оңқа-шоңқа болды. Сонда да күлкісін тыя алар емес, бөксесіне дейін
батқан қалың қардан үйелеп қалғандай тұра алмай жатып: «Қоймаймын!…
Қоймаймын!..» — деп қарқылдай күледі, Зибаш шанадан секіре түсіп, енді
Қыдырманды сол қарға батып жатқан жерінен үстінен бас салуға ұмтылған.
Қыдырман жан дәрмен ұшып тұрып қаша жөнелген, бірақ тойтық аяғымен қайда
барсын, Зибаш оны қия бастырмастан қуып жетіп, бар салмағымен жігіттің
мойнынан асыла құшақтай алған, екеуі де сол сықылықтаса күлген бойлары омбы
қарға ұмар-жұмар құлады. Лып етіп ұшып тұрған Зибаш жігіттің мойны-қойнына
қарды тықпалап-тықпалап жіберді де, өзі қаша жөнелді. «О-о-о!..» — деген
Қыдырман қисалаңдай тұрып еңкейіп, мойнына, қойнына тығылған қарды еңкейіп
қағып, тыржалаңдай күліп біраз тұрды да, ондайда қатқақ қардың үстінде бұған
көлденеңдей сес көрсетіп ойнақшып тұрған Зибашты қуып берген. Міне қызық,
жүгіре алмайды деген тойтық Қыдырманым түлкідей бұлаңдаған келіншекті
аттатпастан лезде қуып жетіп, бас салды да (сірә, Зибаштың өзі де соны тілеп
тұрды-ау деймін), күректей алақанымен жерден қарды көсіп іліп ап, келіншектің
мойнына салған, Зибаш: «И-и-и!..» — деп шыңғыра секірген, екеуі қар үстіне қайта
құлады. Қыдырманның қарқ-қарқ күлкісі, Зибаштың еркелей шыңғырғаны, одан
сықылықтап күлгені бұл дүниеде торығу барын, мұңаю барын мүлде
ұмыттырғандай. Дөңес-дөңес боп мелшиіп жатқан қысқы дала да енді сылқ-сылқ
күліп жатқан сияқты. Бірі тұра қашады, екіншісі тұра қуады, одан қалың қарға
ұмар-жұмар қайта құлайды. Шаршау деген ойларына да келер емес, екі беттері
нарттай боп қызарып, жүздері бал-бұл жайнайды, екеуі де ерекше құлпырып,
сұлуланып кеткен.
− Қыдырма-а-ан-н!..- дейді Зибаш қасында жүрген тойтықтан адасып
қалғандай шырқырай дауыстап.
− Зиба-а-аш-ш!..- дейді Қыдырман да даланы басына көтере айқайлап.
− Мен бақытты-ы-мын!..
− Мен де бақытты-ы-мын!..
Шананың үстінде отырып мен күлем: үп-үлкен адамдар да ақымақ боп
кетеді екен-ау деймін, ал іштей екеуінің осы қылықтарына қызыға қараймын.
Расында да, жаңағы өздері айқайлап айтқандай бақытты болған соң осылай
шығар. Бір ауық қарнымның ашқанын да ұмытып кетіппін, тек ауылдың қарасы
көрініп, мұржаларынан жарыса көтерілген көк шуда түтіндерге көзім түскенде
ғана, ертеден бері аш екенімді есіме алдым. Осы кезде Зибаш та:
− Бәлі, мына Қанатты байқамаппыз да ғой,- деді мені енді ғана көргендей
көзі шарасынан шыға.
− Қанат, сен бізге күліп отырған шығарсың,- деді Қыдырман да.
− Ұят-ай, ұят болды ғой,- деді Зибаш қызара тершіген бетін сүрте тұрып.-
Қанатай, айналайын, сен біздің мұнымызды ешкімге айта көрме… Бала құсап
кетіппіз ғой.
Қыдырман әуелі Зибашты көтеріп шанасына отырғызды да, өзі кеп менің
қасыма өз шанасына шығып отырды.
− Қалай, ішің пысқан жоқ па?
Өңі жақыннан тіпті әдемі, елжіреп тұрған жылы еді. Мен Зибаштың мұны
жайдан жай ұнатпағанын енді ұққандаймын.
Мал қораның алдына кеп тоқтағанымызда, Байдалы шал бастаған сиыршы-
малшы шал-шақпыт бір топ адам қарсы алдымыздан шыққан. Орталарында
дөңгелек көк бөрікті, қара пальто киген күжірейген бір бейтаныс адам бар,
ауданнан келгені айтпай-ақ көрініп тұр.
− Әлтаев кеп қапты ғой,- деді Қыдырман.
Иә, ортада тұрған шолақ қол өкіл Әлтаев жолдас екен. Бәрі біздің
жолымызға қарап күтіп тұрған сияқты.
− Қанат, сен қазір шанадан түс те үйіңе қайта бер, шөбіңді мен өзім
артыңнан жеткізіп берем,- деді Қыдырман маған сыбырлай сөйлеп.- Әйтпесе
мыналардың көзінше әкете алмаймыз.
− Мақұл,- дедім Мен жағдайды ол айтпаса да жақсы түсініп.
Байдалы шал топтан озыңқырап шығып:
− Әй, тойтық, мына тұрған жерге сонша жоғалып қайда жүрсің? — деген.
− Түлкі қудық,- деді Қыдырман жайбарақат үнмен.
− Не дейді?!
− Түлкі қудық деймін.
− Жә, бос қалжақты қайтесің,- деді Байдалы шал зекіре сөйлеп. Онан соң
малшы, сиыршы шалдарға бұрылып: — Сендер мына екі шананың шөбін түсіруге
Қыдырманға көмектесіңдер! — деді бұйырып.- Ал, Зибаш шырағым, біз Әлтаев
жолдас екеуміз сені күтіп тұрмыз. Сөйлесетін сөз бар,- деді жұмсақ үнмен.
Зибаш біз жаққа, Қыдырманға жалтақтап бірер қарады да, енді қайтейін,
менде ерік бар ма дегендей, шарасыздықпен шанасынан сырғи түсіп, Байдалы шал
мен шолақ қол өкілдің алдына барған. Шолақ қол өкіл оған күлімсірей қарап, сау
қолын беріп амандасты.
− Түу, қолыңыз тоңып қапты ғой,- деген, Зибаш ұялшақтап теріс қарап,
үндеген жоқ.
Біз де шанадан түскенбіз. Қабағы жабылып, тұнжырап кеткен Қыдырман
шөп бастырықтың бір басын ызалана кеп шешіп оқыс босатып жіберген, шіреп
тұрған бастырық қатты серпіліп барып, Байдалы шалдың иығын жанап барып дәл
арт жағына ұшып түскен.
− Ой, тойтық неме, кісі өлтірейін деп пе ең, абайламайсың ба?! — деді
Байдалы шал ақырып.
− Шананың іргесінде тұрмай аулақ барып сөйлеспейсіңдер ме,- деді
Қыдырман да қиястанып. Онан соң өз қылығына өзі риза болғандай маған қарап
көзін қысып қойды да, үйіңе қайта бер дегендей ымдады.
Мен үйге қайтқам. Қарнымның қатты ашып, әлсірегенімді енді сезіп, аттаған
адымым кейін кетіп қиқалақтап келе жатқанымда, жолда Петька кездесті. Есі-
дертім тамақ боп келе жатқан мен оған:
− Ертеңгісін Әбілтайдың арқасында бауырсаққа бір тойған шығарсыңдар,-
дегем.
− Әбілтайдың арқасында дейсің бе?! — деп күлді Петька сирек тістерін
Әбілтайдан көк көзі күлімдеп.- Сабақты дұрыстап оқи алмайтын сол Әбілтайдан не
шығушы еді,- деді.- Рас, бауырсақ жедік, бірақ Әбілтайдың арқасында емес…
Мен кеткен соң сәлден кейін, Байдалы шал Әбілтайды желкесінен түйгіштеп
қуып шығыпты үйінен. Сөйтсе Байдалы шалдың оқытпақ болған қағазы жаңаша
мен ескі латын әріптері араластырып жазылған екен, соны Әбілтай оқи алмапты.
«Түк шықпайтын, адам болмайтын арам тамақ неме»,- депті Байдалы шал. Онан
соң есігінің алдында отын бұтап жүрген атқарушы Ысқақ шалға: «Қайтсең де анау
Санатты барып алып кел»,- деп бұйырыпты. Содан Ысқақ шал Санаттың атасына
барып айтып, Санаттың өзіне жалынып жүріп, ақыры атқа алдына мінгізіп әкетті.
Ал Санат болса әскерден келген хаттарды оқи жүріп, латын әріптерін де жақсы
танып алған емес пе, Байдалы шалдың әлгі қағазын мүдірместен судыратып оқып
беріпті.
− Сөйтіп, Санаттың арқасында үш-үштен бауырсақ жедік, тәтті болғанда
тәтті,- деді Петька ертеңгісінгі жеген бауырсақтың дәмі таңдайында әлі де
тұрғандай тамсана тұрып: «Қап, шөпке бармағанда мен де жейтін едім-ау»,- дедім
іштей өкініп.
Үйге кеп әжеме шөпті біраздан кейін Қыдырманның өзі әкеледі дедім. Бірақ
Қыдырман шөпті әкелген жоқ, кешкілік іңір кезінде шайқалақтай басып өзі келді.
Мен мал қоралап сыртта жүргем.
− Қалай, Қанатай, шаршамапсың ба? — деген, Мен басымды шайқадым.
Шөпке барған жолымыз, оны тиегеніміз, онан қайтардағы Зибаш пен
Қыдырманның бала құсап ойнағандары бәрі есіме түсіп, еріксіз күлдім.
− Өте көңілді барып қайттық қой,- дедім ризалығымды білдіріп.- Ендігі
барғандарыңда мені тағы да бірге ала жүрсеңдерші.
− Әй, енді өйтіп бара алмайтын шығармыз,- деді Қыдырман күрсініп.
− Неге?
− Неге дерің бар ма. Қанатай, әзәзілдер жолымызды бұзғалы тұр ғой.
Әлгіндегі шолақ қол өкілдің Зибашқа күле қарағаны, сау қолын беріп
өбектеп кеп амандасқаны, Байдалы шалдың әлдеқандай боп паңданып
Қыдырманға қоңырақтауы тегін болмады ғой. Бір түрлі әлденеден секем алғандай,
жақсы бір нәрсемнен айырылып қалатындай, көңілім құлазыңқырап қалды.
− Жә, оларды да көріп алармыз,- деді Қыдырман мені жұбатып,
әлдекімдерге кіжінгендей тіктене сөйлеп.
− Олардың дегені бола қоймас. Әжең қайда?
Онан соң үйге кіріп әжемнен кешірім сұрай тұрып, өкіл мен Байдалы
қадалып қарап тұрған соң, шананың астыңғы жағындағы біздің шөпті де амалсыз
колхоздың мал қорасының төбесіне шығарғанын айтты.
− Сіздердің шөпті белгілеп бөлек жинап қойдым. Бірер күнде ретін тауып
түсіріп берем, әже,- деген.
Бірақ Қыдырман солай деп уәде бергенімен де, біздің сол шөбіміз ақыры
өзімізге бұйырмады.
БАЙДАЛЫ БАСТЫҚ
Осы жолы шолақ қол өкіл ауылда біраз күн болып, елді біраз дүрліктірді.
Сол келген күннің ертеңіне ол Байдалыны ертіп, Нұғыманның үйіне көңілін сұрай
кіріп шығыпты. Аурудың енді қайтып төсектен тұрмасына көзі анық жеткен соң,
келесі күні түске қарай жаңа бастық сайлау үшін көпшіліктің жалпы жиналысын
шақыртқан. Анда-санда бір өтетін осындай жиналыстың өзін тойдан кем көрмейтін
біздің ауылда үлкендерден қалмай балалар да тегіс жиналатынбыз. Бір-бірімізді
түртпектеп, алысып-жұлысып ойнап, клубтың арт жағындағы қара көлеңке
бұрыштарда топырласа тұрып, үлкендердің аузынан шыққан сөздерін де, іс-
қылықтарын да қалт жібермейтінбіз. Жиналысқа кімнің қалай келгені, қандай киім
киіп келгеніне дейін біздің назарымыздан қақас қалмайтын. Ондайда шетімізден
мысқылшыл, қалжақ сөзді қақпақылдай қағар керілдеу боп аламыз. Сол әдетпен
бүгінгі жиналысқа келгендерді де өзімізше мінеп-шенеп, іліп-шалып сөз етіп
тұрғанбыз.
− Ойбай-й, әнең қараңдар, Зибаштың бүгінгі әдеміленіп келгенін,- деген
балалардың бірі ішегін тартып.
Шынында да, есіктен басында бөртпе шәлі бар, үстіне қара пүліш пальто
киген, шашының маңдайын қақ жарып жылтырата тараған Зибаш кіріп келгенде,
балалар тегіс ішегімізді тартып, аузымызды ашыппыз да қаппыз. Зибаштың дәл
осылай үлде мен бүлдеге орануын көргеніміз бірінші рет еді. Бұрынғы сұлулығы
сұлулық па, мына сұлулығына тіпті тіл жетпестей. Өзі бұрала басып, былқ-сылқ ете
қапты.
− Паһ, паһ!.. Уай, шіркін-ай!..
− Тура Қыз Жібектің өзі ғой!
− Әжібек ғашық болса болғандай ғой,- деседі балалар тамсана тұрып бір-
бірімен сыбырласып. Артынша біреу, сірә, Қайрат болу керек:
− Әй, өзі бүгін неғып сонша сәндене қалған? — дейді таңырқап.
− Ой, маубас, соны да білмейсің бе?! — дейді екінші бала, сірә, Бәтен болу
керек, оны кінәлағандай.- Анау, шолақ қол өкіл келген соң, ол сәнденбей кім
сәнденсін.
«Біліпсіңдер,- деп қоям мен оларды іштей қыжырта, Зибаштың ендігі жерде
кім үшін сәнденетінін дәл осы арада өзімнен жақсы білетін ешкім жоқ екенін еске
ала тұрып. Сондықтан Зибаш қақында айтылған әлгіндей бопса сөздерді басқым
кеп:
− Бәрі бос сөз,- деймін.
− Иә, саған бос сөз, бүкіл ауыл шулап жүргенде.
− Мейлі, шулай берсін, бәрібір бос сөз,- деймін нық сеніммен әр сөзімді
шегелеп. Өз сөзіме қолдау іздегендей көзіммен Қыдырман тойтықты қарастырам,
бірақ ол көріне қоймайды. «Қайда жүр өзі, мына жұрттың Зибаш туралы қаңқу
сөздерін неге басып тастамайды»,- деп қоям.
Қыдырман тойтық кешігіңкіреп келді. Үстінде сол кешегі шөпке барғандағы
киімдері, сірә, мал қора жақтан келген беті болса керек, түсі бір түрлі суық, ашулы
көрінді. Кимелеп барып көпшіліктің орта тұсына сығылыса отырды.
Жиналыс басталып, бірден сөз алған шолақ қол өкіл әуелі соғыстың барысы
туралы, біздің әскерлеріміздің қанқұйлы жауды ес таптырмай өз жеріне қарай түре
қуып, қаһармандықпен соғысып жатқанын әңгімелеп өтті де, онан соң біздің
ауылдың жағдайына ауысты. Соңғы кезде Нұғыманның төсек тартып мүлде жатып
қалуына байланысты жаңа колхоз бастық сайлау қажеттігін айтты және аудан
атынан бастықтыққа осы уақытқа дейін бригадир боп істеп көзге түскен,
тәжірибесі бар, шаруа жайын жақсы білетін, іскер адам деп Байдалыны ұсынады
деді.
Мұндай тосын шешімге көпшілік бірден не дерлерін білмей әуелі тосылып
отырып қалған, артынша кейбіреулері күңкілдеп Байдалының сауатсыздығын айта
бастап еді, ондайларды шолақ қол өкіл қабақ шытып тыйып тастады.
− Бізге Бәкеңнің сауаты емес, шаруа жайын білетін іскерлігі керек,- деді
қатқыл үнмен қайталай мақтап.- Қағаз жазуға осында есеп-қисапты жүргізуші бала
бар ғой,- деп осы тұста иегімен жиналыстың хатшысы боп отырған Бектайды
меңзеп өтті,- осылар істейді. Қазіргі кезеңде бізге колхоз жұмысын ақсатпай
жоспарды орындатып отыратын белсенді адам керек. Міне, сондай адам деп біз,
аудан Бәкеңді ұсынып отырмыз.
Өкілдің өзі сөйлеп тұрған соң кім не десін! Қатын-қалаш, бала-шаға
Байдалыға қарсы сөйлеп өле алмай жүр ме, мақұл десіп, бір ауыздан қол көтерді.
Осылайша Байдалы шалдың колхоз бастық боп сайланғанын, шолақ қол өкілдің
оны әлгіндей деп қайталай мақтағанын өз көзімізбен көріп, өз құлағымызбен естіп,
біз, балалар да, көпшіліктің арт жағында тым-тырыс тұрдық. Колхозшылардың
жалпы жиналысы осылай деп қаулы алды, Бектай есепші осының бәрін хаттап
қағазға түсіріп отырды. Сөйтіп, әліпті таяқ деп білмейтін Байдалы шал колхоз
бастық боп шыға келді.
− Енді Байдалы шал біздің Санатты өзіне хатшы етіп алатын шығар,- деген
Петька қалжыңдай күліп.
− Егер бауырсаққа тойғызып тұрса, қағаздарын оқып беріп тұрам ғой,- деді
Санат та күліп.
− Әй, балалар, шуламаңдар,- деді осы кезде шолақ қол жиналысты әрі
қарай жалғастырып: — Жолдастар, енді екінші мәселе қаралады.
Көпшілік бастық боп сайланған Байдалының орнына кім бригадир болар
екен деп елеңдескен. Оны да Әлтаев жолдас өзі айтатын шығар деп, шолақ қол
өкілдің аузына қараған.
− Бригадирді Бәкең өзі тағайындасын,- деді өкіл бұл жолғы билікті жаңа
бастықтың өзіне беріп.
Көпшілік арасында күбір-сыбыр гулей жөнелді. Әркім өз жорамалын айтып,
анау болатын шығар, мынау болатын шығар деп, ауылдағы азын-аулақ еркек
кіндіктердің аттарын атасып дуылдасып кетті. Байдалы шал орнынан көтеріліп,
сөзін неден бастарын білмегендей жөткірініп, тамағын кенеп, күбір-сыбыры басыла
қоймаған көпшілікке бір, одан менің шаруам жоқ, кімді атасаң да өзің біл дегендей
боп, еріндері дүрдиіп, алдына бедірейе қарап, мелшиіп отырған өкілге бір қарап
жөткіріне берген.
− Ал айтыңыз ойыңызды,- деді өкіл оған демеу бергендей, онан соң
гуілдесіп отырған көпшілікке қабағын шытып: — Жолдастар, тынышталыңыздар,
бастықтарыңыз сөйлегелі тұр ғой,- деді.
− Мен айтсам… менің ойым… мен тағайындасам…- Жайшылықта боқтықты
қардай боратып, жарықшақ ащы даусы ауылдың бір басынан екінші басына дейін
шарылдап, құлағыңды жарып жібере жаздайтын айқайшының аяқ асты дымы бітіп,
мыңқылдап қапты.
− Иә, кімді айтасың? Ойың кім? Кәне, аташы? — десті шыдамсызданған
көпшілік жан-жақтан кеу-кеулеп. Байдалы шал жалтақтап өкіл жаққа тағы бір
қарап алды да:
− Біргәдір Зибаш болсын,- деді.
− Әй, не дейді?!
− Зибаш болсын дей ме?!
− Атпал азаматтар тұрғанда Зибашы несі-ей, мынаның?! — десіп, көпшілік
мүлде гуілдесіп кетті.
− Жолдастар, тынышталыңыздар! — деді шыдай алмай кеткен Әлтаев
жолдас столды тықылдатып, көпшілік оған да тоқтай қоймаған соң орнынан
тұрды.- Кәне, шуламаңыздар!
Өкіл орнынан тұрған соң, көпшілік басыла қалды.
− Жолдастар! — деді Әлтаев жолдас тағы да со қабағын шытқан күйі, кәне,
осыдан қайсың дауыс көтерер екенсің дегендей, көпшілікке жағалай қарап өтті де,
ақыл айтқан сабырлы үнмен: — Бригадирді бастықтың өзі тағайындап алады.
Өйткені ол адам бастықпен тіл табысып істей алатын болуы керек. Бәкең сол
себепті Зибашты атап тұр.
− Өзі тағайындап алғанына қарсы емеспіз, бірақ енді еркектерден алуы
керек қой,- деді көпшіліктің орта тұсынан гүжілдей шыққан жуан дауыс. Бұл —
Қыдырманның даусы еді. Жұрттың бәрі бірден соған бұрылып, елең ете қалды.
− Сен кімсің? — деген өкіл қабағын кіржитіп.
− Мен Қыдырманмын,- деп, тойтық орнынан тұрды.
Қыдырман тойтықтың Зибашқа қарсы болғанына көпшіліктің таңырқағаны
өзінше бір басқа шығар, ал менің таңырқауымда тіпті шек жоқ еді.
− Өй, мұнысы қалай? — деппін қасымдағы балаларға. Маған жауап берген
ешкім болған жоқ, бәрінің назары сахнада тұрған шолақ қол өкіл мен Қыдырманда.
Енді не болар екен деп, бір қызықты күткендей телміре қалған.
− Ал керек болса!.. Міне, қызық!..- деседі балалар да сыбырласып.
Шолақ қол өкіл:
− Сен қарсымысың? — деп қайталай сұраған.
− Иә, мен қарсымын,- деді Қыдырман тойтық та қайталап.- Ол қатын
біргәдіріңе ешкім бағынбайды. Осы ауылда біраз еркек бар ғой, біргәдірді солардан
қою керек. Мысалы, әне, жақында ғана әскерден қайтқан Көбеген бар, ал егер ол
жарымжан десеңдер, есепші боп жүрген анау Бектай, әр түрлі жұмыста жүрген
мына мен бармын…- Ол өзін айтқан кезде, жұрт ду күлген. «Алда, шіркін-ай,
мұның өз ойы бар екен ғой!», «дәмесін қарай гөр, тойтықтың!», «қайтсін енді,
өзін-өзі айтпаса басқалар аузына алмайды»,- десіп, дуылдасып қалған. Жұрттың
күлкі-мазағына Қыдырман ыза боп кетті.- Әй, сендер неменеге күлесіңдер?! Осы да
күлкі ме? — деп төңірегіндегілерге көзін аларта қарады, жылқының ту
құйрығындай қайратты шашын артына қарай қақыра сипап қойды да: -Бәрібір ол
Зибаш бригадир боп оңдырмайды, мен қарсымын, өйткені ол…
− Әй! — деп Әлтаев жолдас мұнан әрі оны сөйлетпей ақырып қалды.- Сен
өзің қазір не сөйлеп тұрғаныңды білесің бе? Үкіметтің саясатына қарсы сөйлеп
тұрсың. Әйел жолдастарды көтеру, оларды басшылыққа сайлау — бүгінгі таңдағы
үлкен саяси мәселе. Ал ол саясатқа қарсы адамды біз маңдайдан сипай
алмаймыз…
− Мен саған маңдайымнан сипа деп тұрған жоқпын,- деді Қыдырман тойтық
дүңк етіп.-Мен саясатқа қарсы емеспін, мен мына қатынның біргәдір болғанына
қарсымын.
− Тоқтат, кәне, сөз таластырғанды! — деп, Әлтаев жолдас столды қойып
қалды.- Бұл неғылған бейбастақтық!
− Сен өйтіп айқайлама! — деп, Қыдырман да орнынан қай- тадан атып
тұрған.— Әркім өзі ұнатқан қатынды біргәдір сайлай берсе, іс бола ма екен.
− Мынау не сөйлеп тұр, жолдастар?! — деді кенет қызарақтай бастаған өкіл
лажсыз күліп.
Осы кезде әр тұстан:
− Әй, Қыдырман, қойсаңшы! Ол қатынға сен де алыс емессің ғой.
− Өкілмен салғыласып қайтесің, ұят болады.
− Кімді сайласа да бәрібір емес пе,- дескен басу сөздер естілді.
− Өкіл жолдас, ол тойтықтың сөзін тыңдамаңыз,- деді Байдалы шал да
бәйпектеп. Әлтаев жолдас та сабасына түскендей болды.
− Жолдастар,- деді енді сабырлы сөйлеуге тырысып,- аудан Бәкеңнің
таңдауын қолдайды. Өзі таңдаған адамын бригадир қоймақ екен, онысын
құптаймыз. Кәне, осыған кім қарсы?
Көпшілік тым-тырыс отырып қалды.
− Бәрібір мен қарсымын,- деді Қыдырман тойтық.
− Сен қой… Сенімен басқа жерде сөйлесеміз әлі.
− Құдай өзі берген жанын өзі алады. Ал мына қатын біргәдіріңе мен
бағынбаймын.
− Бағындырамыз.
− Бағынбаймын… Жарайды, Көбеген ақсақ болсын, мен тойтық болайын, ал
енді анау отырған Бектайды лайық емес деп кім айтар екен. Қолы хат таниды,
жазуы да жақсы, шаруа жайын да Байдалыдан артық білмесе, кем білмейді.
− Дұрыс, дұрыс! Сол Бектай болсын да бригадир! — дескен құптаған
дауыстар әр тұстан естілген.
Шолақ қол өкіл cay қолымен столды тағы да қойып қалды.
− Тоқтатыңдар тәртіпсіздікті! — Онан соң көзі шатынай тұрып көпшілікке
төне қарады да: -Бастықтарыңыз бұл баланы емес, Зибашты атап тұр ғой, кәне,
кім соған қарсы, тұрсыншы орындарынан?! — деді.
Қыдырман тойтықтан өзге ешкім тұрған жоқ.
− Әй, тойтық неме! — деді осы шыдай алмай кеткен Байдалы шал.- Әй, осы
жұрттың шырқын бұзбасаң отыра алмайсың ба-ей, сен ит, а?! Қойсаңшы енді!
Мына жұртқа қырсығың тиеді ғой. Өкіл жолдаспен салғыласып нең бар-ей, а?!
− Өкіл болса қайтейін. Мен одан қорқады дейсің бе?! Мен кейбіреулер
сияқты бай-құлақтың құйыршығы боп көрген емеспін, сондықтан құдайыңнан да
қорықпаймын.
Әрине, «кейбіреулер» деп тұрғаны Байдалы шалды айтқаны. Үлкендер жағы
Байдалы шалға ренжігендерінде, ылғи да өстіп оның бір байдың атшысы болғанын
еске алып, бетіне басатын. Қыдырман да сонысын мегзеп тұр.
Мұнан әрі Қыдырман тойтықпен сөз таластырып жеңе алмайтынын білген
Байдалы шал:
− Жарайды, қыңыр адам бір жақ, қырық адам бір жақ демекші, сенің сөзің
өтпейді. Ал басқа кімнің қарсылығы бар? — деген.
Шолақ қол өкілден ығып қалған жұрт үндеген жоқ.
− Ал, жолдастар, онда көпшілік жиналыстың қолдауымен Зибаш біргәдір боп
сайланды,-деді Байдалы шал сөздің тоқ етерін айтып.- Енді келесі мәселеге —
зайымға жазылу мәселесіне көшеміз…- дей берген, осы кезде өкіл оған бірдеңе деп
күңк ете түсті.- А! Иә, айтпақшы, ұмытып барады екем,- деді сасып қалған
Байдалы шал.- Жолдастар, Зибаш мына жерге шығып отыруы керек. Зибаш! Әлгі
Зибаш қайда? Кәне, бері кел, мына біздің қатарымызға кеп отыр. Кел, кел!
Ұялатын дәнеңе жоқ, еркек көрмей жүрсің бе?!.- деп сөзінің соңын бәдік
қалжыңына айналдырып, жұртты бір күлдіріп алған.
Алдыңғы жақта шетте отырған Зибаш ұялшақтай басып сахнаға көтерілді.
Ұялшақтығы сонша, жерден басын көтерместен аяғы-аяғына шалынысып,
жығылып қала жаздады. Үстіне бар жақсысын киіп әдеміленіп келгені енді белгілі
болды, бригадир сайланатынын білген екен ғой. Байдалы шал мен Бектайдың
ортасына барып отырған. Екі беті өрттей боп қызарып, көзін көтермейді. Дәл осы
сәтте көпшіліктің орта тұсынан бір әйел даусы:
− Әй, жаман қар, ақыр отырған соң тұп-тура анау өкілдің қасына
отырмайсың ба?! — деген самбырлай жазғырып.
Жұрт тағы да ду күлді. Әлтаев жолдас қабағы түксиіп әлгі жаққа жалт
қарады.
− Әй, жолдастар, қалжақ сөзді қойсаңдаршы,- деді Байдалы шал қипақтап.
− Қап, мына қатынның Қыдырманды жер ғып кеткені-ай! — деген бізден
ілгерірек тұрған Татубай сиыршы күңкілдеп.
− Шынында да, тойтыққа обал болды,- деді екінші біреу.
− Е, біраз күн сусындады ғой, жетер,- деді үшінші біреу.
− Қыдырман тойтықтың қызығы осымен бітті.
− Өзі Зибаш болсын да, тойтыққа байланып қалсын.
− Бәсе десеңші!..
− Әй, мына шолақ өкілің де мүттәйім екен, бұғалықты қыл сағақтан салды
ғой.
− Е, қолында билігі болса керек еді…
Біздің алдыңғы жағымызда тұрған үлкендер осылайша қақпақылдасып,
күңкілдесе бастаған.
− Әй, арт жақта тұрғандар, тынышталыңдар! — деді Байдалы шал.
Мұнан әрі заемға жазылу жүргізілді де, біздер — балалар үшін қызықсыз
көрінген соң, сыртқа шығып ойынға кірістік. Барлығымыздың тамсана сөз
қылғанымыз Қыдырман тойтық. Әне, ешкімнен қорықпайды деп соны айт. Тіпті
әуелі өкіліңнің өзімен тайталасты ғой.
Біраздан кейін жиналыс бітіп, жұрт үйді-үйіне тарай бастаған, үлкендермен
бірге біз -балалар да қайттық. Қыдырман тойтық жеңгесі Сәруеге ілесіп, біздің
жаққа қарай жүрген.
− Әй, жүгірмек-ау, немене, сендер істеген жұмысты біз істей алмайды дейсің
бе, бір Зибашқа бола бүкіл қатын атаулыны кемсіткенің не?! — деген Сәруе былай
шыққан соң жазғырып.- Екі ортада жеки, үкіметтің саясатына қарсысың деп өкіл
өзіңе айып тақты.
− Ой, жеңеше, барлық қатындарда шаруам қанша, бірақ сөзім солай шығып
кетті. Әйтпесе мына сендерді сайлап жатса, қарсы сөйлеп нем бар,- деді
Қыдырман ақталғандай үнмен.
− Тіпті со Зибашты сайлағанға да қарсы бола қоятын дәнеңе жоқ. Сайлана
берсін. Жүгірмек-ау, содан зиян шегемін дейсің бе? — деген сөзінің соңын
сыбырлай күліп.
− Жоқ, маған оның ондай пайдасының керегі жоқ. Мен ол шолақ қол өкілді
өлтірем,- деді жеңгесінің әзіліне міз бақпаған Қыдырман кіжіне сөйлеп.
− Жә, жайрағыр, қатын үшін кісі өлтіремі несі мынаның?! Бірдеңеге ұрынып,
сотталып кетіп жүрерсің.
− Сотталсам, кетем.
− Не дейді?!. Бетім-ау, әркімнен қалған бір салдақыға бола өміріңді қор
қылып не көрінді, сонша?! Жә, мына сөзіңді менен басқа ешкім естімесін,- деді ұрса
сөйлеген Сәруе.- Әй, осы ауылда не көп, бойжеткен қыз-қырқын мен жесір
келіншек көп. Соларды шетінен шертіп жүріп ұнатқаныңды айтшы маған, алдыңа
өзім жетектеп әкеп беремін.
− Жоқ, маған басқа ешкімнің керегі жоқ. Бәрібір мен ол өкілді Зибашқа
жолатпаймьін. Ерегескенде мен оның анау сау қолын сындырам енді.
− О, шірік!.. Жақсы ағама тартпай кеткір шірік!..- деді қайнысының мына
қылығына күйіп-піскен Сәруе ыза болып.
Мұнан әрі Сәруе бұрылып өз үйінде қалып қойды да, Қыдырман тойтық
ақсаңдай басып әрі қарай кетті. Біз, балалар, енді бір сойқан болатын шығар деп,
сол күні сырттай Қыдырманың қайда барып, қайда жүргенін аңдумен болдық.
Петьканың: «Байдалы шал енді біздің Санатты өзіне хатшы етіп алатын
шығар»,- деген қалжыңы шынға айналды. Айтқанындай-ақ бастық болған күннің
ертеңіне Байдалы шал Санатты сабақта отырған жерінен шақыртып әкеткен.
Содан бір сабақты өтіп, одан келесі сабаққа кірерде ғана, Санат қалтасы толы
бауырсақ, жымың қағып тоқ көңілмен оралды.
− Иә, не болды? Неге шақырыпты? — деп, жан-жақтан жапырлай қалған
біздің сұрауымызға Санат:
− Жай,- дей салды.- Мә, одан да бауырсақ жеңдер,- деді онан соң
қалтасындағы бауырсақтан бәрімізге жеткенінше үлестіріп. Ақ ұннан пісірілген иісі
аңқыған қызыл сары бауырсақ нанды ұмыта бастаған біздер үшін тәттіден бір кем
емес еді. Сондықтан бәріміз шетінен аз-аздан қана тістелеп дәмін алсақ, енді
біріміз құрт құсатып сөлін сорып тамсанамыз. Бүкіл класс ішін бауырсақ иісі алып
кетті. Тек бір кезде біздердің аузымыздың малжаңдап отырғанын сезіп қалған
Әнипа апай:
− Кәне, сабақ үстінде тамақ жегендеріңді қойыңдар! — деп зеки ұрысқан,
аузымыздағы бауырсақты жұтып-жұтып жібердік.
Ертеңіне атқарушы Ысқақ шал тағы келген, бірақ бұл күні Санат ауырып
қалған еді.
− Онда,- деп ол кластағы балаларды тегіс шола қарап шықты да, көзі маған
түсіп: — Қанат, сен жүр,- деді. Мен оның назарына іліккеніме қуана қорбаңдап
орнымнан тұрдым. Төңірегімдегі балалар: «Бауырсақ әкелетін бол… бауырсақ…» —
деп сыбырлап қап жатыр.
Атқарушы шал мені алдына сап кеңсеге қарай алып жүрді. Байдалы шал қақ
төрдегі қызыл мата жабылған үлкен столдың басында көк мауыты тысты бөркін бір
шекесіне қарай қисайта киіп, бүктеп ұстаған қызыл тобылғы қамшысымен алдында
қобырап жатқан қағаздарды түртпектеп қойып отыр екен. Мені көріп қабағын
кіржитіп, тіксініп қалды.
− Әлгі Санат ауырып қапты, оның орнына мынаны алып келдім,- деді
атқарушы шал.
Байдалы шал астыңғы ерініндегі насыбайды алып тастап, аяғының астына
қақырына былш еткізіп бір түкірді де, маған шегір көзімен шаншыла қарап,
атқарушы Ысқақтан:
− Мұның аузы қалай еді, берік пе еді? — деп сұрады дәл бір өмірі мені көріп,
білмеген адамдай.
− Ол жағын қайдам, бірақ хат тануы жақсы деп жүрген балалардың бірі ғой.
− Әй, онда бері кел, отыр,- деді Байдалы шал қарсы алдындағы орындықты
нұсқап, өзі менен көз айырар емес. Бұрын байқаған баламен де, шағамен де
қалжақтасып жүретін, бірде бату, бірде тату дегендей мінезі бар, өзіміз кейде
«аталап» соңынан қалмай әзілдеп, кейде сыртынан мазақтап жүретін, ақ көңіл
сияқты көрінетін Байдалы шалдың қазіргі сұсы адам қорқарлық еді. Шегір көзі
өңменімнен өтіп, ішіп-жеп, бет қаратар емес.
− Сенің өзі, аузың қалай, берік пе? — деп сұрады.
− Берік,- дедім мен.
− Кеңсенің құпиясын сыртқа шашпайсың ғой?
− Шашпаймын.
− Егер осыдан сенен естідік деген бір сез шықса, мына қамшы төбеңде
ойнайды. Ұқтың ба?
Мен басымды изедім.
− Әй, Ысқақ! — деді ауыз үйге қарай дауыстап. Есіктен қорбаңдай басып
атқарушы шал кірген.
− Әлі бағанағының әкеп бергені мына хат па? — деді көк конвертті көрсетіп.
− Иә, осы төрт бұрышты. Ауданға жазылған екен деді ғой.
− Жә, онда орныңа бара бер.
Атқарушы шал шығып кеткен соң, әлгі көк конвертті маған ұсынды да:
− Онда, мә, оқышы,- деді. Мен әлгінде атқарушы шалдың өзім туралы «хат
тануы жақсы» деген мақтауын ақтау үшін айдақ-сайдақ жазылған қағазды бар
ынтамды салып судыратып Оқи жөнелдім. Өйткені жақсы хат танудың басты
шарты қағазды тез оқу ғой.
− Әй, тоқта,- деді Байдалы шал мені бөліп.
− Жау қуып келе жатқан жоқ қой, сен өйтіп аптықпай, әр сөзді түсінікті етіп,
дұрыстап оқы деп, өзі ұғып қалған алғашқы сөйлемді қайталап шықты: «Арыз.
Аудандық партия комитетіне. Біз бір топ колхозшы осы арызды жазуға мәжбүр боп
отырмыз…»
Мен Байдалы шалдың өзінің мақамына салып, әр сөзді дауысты дыбысы бар
тұсында соза отырып, қайтадан оқи бастадым.
«Арыз. Аудандық партия комитетіне. Біз бір топ колхозшы осы арызды
жазуға мәжбүр боп отырмыз. Өйткені Байдалы колхоз бастық болып ешкімді
көгертпейді. Өзі бұрын бай-құлақтың құйыршығы болған адам…
− Не дейді?! Жә, тоқтат иттің күшігі! — деп ұшып тұрған Байдалы шал
қамшысымен столды салып қалды. Шегір көзі шатынап ашудан қалш-қалш етіп
маған төне қарайды. Енді болмаса қамшысымен салып жіберетіндей. Қорқып
кеткен мен қағазды өзінің алдына тастай сап зыта жөнелмек ем, дабыр-дұбырға
ауыз үйдегі атқарушы шал кіріп, жолды бөгеп, есікке кесе-көлденең тұра қалды.
− Әй, күшік, не оқып тұрсың-ей, а? — деген маған тап бере ақырып.
− Өзіңіз оқы дедіңіз ғой қағазда жазылғанды…
− Мына қағазда шынымен солай деп жазылған ба?
− Иә. Солай жазылған.
− Әй, бұлар ма?! Бұлардан бәрі шығады. Ел емес қой,- деді тағы Байдалы
шал түңіле сөйлеп.- Шетінен жер аударып жіберсең обалы жоқ иттер ғой. Кәне,
отыр орныңа! — деді маған ақырып. Амал жоқ, оның қарсы алдына барып
қайтадан отырдым.- Иттің балалары, баяғыда менің Мәтіжан байға жалшы
болғанымды әлі күнге бетіме басып, бай-құлақтың құйыршығы болған деп жала
жапқылары келеді.
− Көре алмайтындардың ісі ғой,- деді Ысқақ шал жағына сөйлеп.
− Со көре алмайды. Жә,- Байдалы шал біраз бұлқан-талқан боп барып
сабасына түсейін деді.- Сен орныңа бара бер,- деді атқарушы шалға, онан соң
орнына отырып, шегір кезі со шатынаған қалпында маған қарап: — Оқы әрі қарай!
— деп бұйырды. Мен әлгіндегі тоқтаған жерімнен әрі қарай жалғастыра оқыдым:
— …Сөзінде еш пәтуа жоқ. Тек одыраңдап қатын-қалаш, бала-шағаға қамшы
үйіргеннен басқа қолынан түк келмейді. Ойлайтыны қара басының қамы. Соңғы
кездерде жас келіншектерге қырындайтын әдет шығарды…
− Жә, оқыма, әкел бері,- деп Байдалы шал мұнан әрі шыдай алмай арызды
жұлып алды.-Ойпырай үйің күйгір-ай, қайсысы екен мұны жазып жүрген?!.
Қайсысы екен, ә? -Ойланып қалған ол қарсы алдында менің отырғаным біраздан
кейін барып есіне түскендей: — Әй, сен неғыл деп омалып отырсың?! Кәне, жоғалт
көзіңді! — деп, қамшысын үйіре ақырған. Мен зытып сыртқа шықтым. Әуелі таяқ.
жемей аман құтылғаныма қуансам да, кеңседен ұзай бере құр қол кетіп бара
жатқаным есіме түсіп, Саматтың бауырсақ әкелгеніне үйреніп қалған балалар
қолыма қараса не деймін. Құр қол сүмірейіп қайтқанымды көрсе, бәрі де: «Әй, сені
қойшы…» — деп бірден теріс айналады ғой. Әй, тәуекел, не болса о болсын,- деп
кеңсеге қайта қайттым. Ауыз бөлмеден өтіп, ішкі есікті ашқам, Байдалы шал
әлгіндегі бір парақ қағаздың басы қайсы, аяғы қайсы екенін біле алмай айналдыра
қарап тұр екен.
− Ата, бауырсақ берші! — дедім.
− А! Ә, сен кетпеген екенсің ғой,- деді әлгіндегідей емес ашуы тарқағандай
үнмен Байдалы шал. Онан соң:
− Мә, бауырсағың,- деп қалтасынан бір уыс бауырсақты алып столдың
шетіне қойды. Оның бір уысы менің кішірек қалтамды толтырды да қойды. Кете
беріп едім:
− Тұра тұр, енді мына бір қағазды оқышы,- деді ол тағы бір парақты ұсынып.
Бұл — акт қағаз екен. Мен әлгіндегідей әр сөзді анықтап, мақамдап оқып шықтым:
− Акт. Мен колхоздың бақташысы, Шотай Дайырбеков, колхоздың қызыл
қасқа құнажынының ақырға құлап, қазыққа арандап өлгенін хабарлаймын. Мұны
куә Көлбай керең мен Сағила кемпір растайды. Сол үшін қол қоюшылар…
Мұнан әрі ирек-ирек адам түсініп болмайтын әріптермен үш адам қол
қойған.
− Жандарың шыққырлар, ақырға құлап өлді деп өздері сойып алмаса
неғылсын,- деді Байдалы шал кіжініп.- Басқаны білмесем де Шотай итті білем ғой.
Кәне, берші,- деп актінің қағазын қолына алды да: — Әй, Қанат, сенің көзің
өткірірек қой, анықтап қарашы, мына екі қағаз бірдей емес пе? — деді.
Расында да, әлгіндегі арыздың қағазы мен мына актінің қағазы бірдей екен,
бір дәптерден жыртып алынған. Мен соны айттым.
− Бәсе, бұ Шотай қайдан тыныш жүрсін деп едім-ау. Кәне, қарашы,
жазулары да бірдей ме екен?
− Жоқ, жазулары екі түрлі, екі адам жазған.
− Жә, ол жағын анықтармын.
− Әй, ЬІсқақ! — деді ақырып. Ауыз үйден атқарушы шал кірген.- Мына
қағаздарды менің алдыма кім қойды? — деп сұрады әлгіндегі екі парақты көрсетіп.
− Қайдам?! Бар қағаз кешеден бері осы үстелдің үстінде жатыр ғой.
− Үстелдің үстінде жатқанын білем. Соны кім қойды деймін?
− Казиттерді мен әкеп қойдым, тағы бір қағаздарды шатауат әкеп қойды,
басқасын білмедім.
− Бар, шақыр шатауатты.
Атқарушы шал көрші бөлмедегі счетовод бүкір Бектілеуді шақырып келді.
Бектілеу ертеден кешке дейін есепшоттан бас көтермейтін, ешкіммен шаруасы
жоқ, ешкіммен сөйлеспейтін, өкпесі сырылдап отыратын аурушаң, құныс адам еді.
Ауыл адамдары: «Бектілеу мен қара шот бір туысқан»,- деп күлетін. Ол сөзге
Бектілеу өзі де мәз боп қалатын. Қазір сол Бектілеу үлкен қой кезі бағжаң-бағжаң
етіп, Байдалы шалдың алдына қорқақтай кірді.
− Әй, Бектілеу, мына қағаздарды менің алдыма кім қойғанын білесің бе?
Бектілеу әлгіндегі арыз бен акті қағаздарын қолына алып көрді де:
− Жо, бұ қағаздарды кім қойғанын білмеймін, менің қойып кеткенім мәлімет
қағаздар,-деп барып, Байдалы шалдың алдында жатқан қағаздардың ішінен өзі
қойғандарын тауып берді.- Міне, мына қағаздар, ал мыналарыңызды білмеймін.
− Әй, сонда осы сендер не білесіңдер-ей, а?! Жалғыз бастықтарыңның
алдына кімнің арыз қойып кеткенін білмейсіңдер. Мына қамшымен шеттеріңнен
пәре-пәрелеріңді шығарсам, обал жоқ иттерсіңдер ғой. Тфу, енді қайтейін-ай!..-
деп ыза боп бір түкірді де, қайтадан атқарушы шалға бұрылды: — Әй, әлгі Бектай
қайда жүр?
− Ертеңгісін мал жаққа кеткен.
− Әй, мына жақта дүние қирап жатқанда, ол малды жау шабады дей ме-ей,
а?! Бар, шақырып кел, тез! Осыдан бірдеңе көрем демесе, жетсін тез!
Атқарушы шалға ілесіп мен де кете бермекші едім, Байдалы шал қайыра
тоқтатты.
− Әй, мә, енді мыналарды оқы,- деп алдындағы қағаздарды шетінен бере
бастады. Әр түрлі арыздар еді: әскер семьясы ретінде азық-түлік жәрдем сұраған,
отын сұраған, шөп сұраған құлағалы тұрған үйіне тіреу қоюға бөрене сұраған.
Байдалы болса әр арыздан кейін: «Жә, оттапты», «былшылдапты»,
«сандалмасын», «өй, шіркін-ай, бөренені мен қайдан тауып береді дейді-ей, дәл
мен бір қарағайдың ортасында жүргендей»,- деп, арыз иесі дәл алдында тұрғандай
бірде кекеп-мұқап ауызша жауап қайырып отырды да:
− Жә, енді мына қағаздарды оқышы,- деп алдында жатқан басқа
парақтарды ұсынды. Бұлар бүкір шатауат Бектілеу мен Бектай есепші берген
мәлімет қағаздар мен актілер екен: ауырып өлген, көтеремнен өлген малдар
туралы, қайсының қалай өлгені, қай жерде өлгені жазылған. Байдалы шал бұл
актілерді жазған адамдарды да бір-бір сыбап боқтап алады: «Өй, жаның шыққыр,
өтірікті көйітуін»,- дейді, екіншісіне: «Е, жарайды, көрерміз»,- дей салады, енді
біріне: «Мұны анықтау керек шығар»,- деп қояды.
Ауыз бөлменің есігі сықыр етіп ашылып, біреу тарс-тұрс басып кеп ішкі
бөлмеге басын сұққан. Байдалы шал маған тоқтай тұр дегендей қолын сілтеді де,
есік жаққа ежірейе қалды. Әлгі адам сол басын сұққан күйде бізге қызықтағандай
қарап есік көзінде тұрып алды, екі көзі жылт-жылт ойнақшып, қос танауы
таңқиған, жалбыраған қияқ мұртты қайыстай қатқан қара кісі — кәдімгі анау
кездегі Байдалы шалдың үйінің отынын бұтайтын Тұржан. Әлден соң бас жоқ, аяқ
жоқ: «А-а-а-а…» деп шақылдай күлген, бүкіл аузы ұрадай боп үңірейіп, көмейіне
дейін қара қошқылданып түгел көрінді.
− Паһ, паһ, баяғының болысы да бүйтіп отырған жоқ шығар! ГІаһ, паһ,
отырысыңнан айналайын, Байағам! — деді ернін сылпылдатып.- Аруақ!.. Аруақ!..
Жарықтық, Шорағұл бабамыздың аруағы қолдаған екен де!..- Енді сәл болса
жылап жіберердей күйде тұр.-Құлдық еттім!.. Құлдық еттім!..- деп басын еңкейтіп
табалдырыққа тигізді. Тек сонан кейін ғана:
− Кіруге рұқсат па, Байаға? — деген.
− Кір,- деді Байдалы шал.
Осыдан кейін ғана есіктен кірген Тұржан:
− Ассалаумәлейкө-ө-м! — деп, сәлем беріп қаудырлаған сары тонының
делдиген етегімен жолындағы орындықтарды қаға-маға қос қолын созып төрге
ұмтылды.
− Әликісалам!
Қол алыса тұрып ұрадай аузын ашып тағы да таңқылдай күлді.
− А-а-а-а…- дейді тісі жоқ болғандықтан түкірігін шашырата тұрып.- Уай,
колхоз бастыққа баса-көктемей, естіп рұқсат сұрап кіру керек қой! Солай ма,
Байаға, а-а-а-а…- деп үп-үлкен басымен кейбір шолжаң балаларша бет-аузын
қисаңдатып еркелегендей, ырбаң-ырбаң етіп. езуін жия алар емес, әйтеу өзінен-өзі
мәз-мейрам біреу.- «Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» дейді ғой
Байаға, алдиярым, міне, алдыңа кеп тағы да басымды нем… а-а-а-а…
− Қашан келдің? — деп сұраған Байдалы шал.
− Келген бетім осы. Үйге соқпай, әуелі кеңсеге бұрылып, алатаудай боп
төрде отырғаныңызды көргім келді. Ризамын аруаққа!
− Ал отыр,- деді Байдалы шал оған деген риза көңілін жасыра алмай.- Иә,
үй ішің аман ба? Келіннің халі жақсы ма? — деп дәл әнеугүнгідей амандық
сұрастыра бастады.
− Аман ғой, оларды ит жей ме, а-а-а-а…- деп, дәл әнеугүнгідей жауап
қайырған Тұржан ұрадай аузын ашып тағы күлді. Сөзі ұнап отыр ма, ұнамай отыр
ма, онда шаруасы жоқ, әйтеуір өзі мәз боп күледі. Осы уақытқа дейін маған үлкен
адамдардың бәрі ақылды боп көрінетін, тіпті кейбіреулері туралы: «Әй, соны
қойшы, түйір ақылы жоқ»,- дегеннің өзінде ондай адамның ақылсыздығын андай
алмайтынмын. Ол да кәдімгі басқа адамдар сияқты көрінетін маған, ақылының
жоқтығы үлкенге білінсе де, маған білінбейтін. Ал мына адамды әнеугүні де көрген
жерден бір түрлі ұнатпап едім, ал қазір: «Әй, мынаның түйір ақылы жоқ қой»,-
деген ой бірден оралып шықпай қойды. Сөйлеген сөздері қандай парықсыз, күлкісі
қандай дарақы, жүріс-тұрысы, қимыл-қозғалыстарына дейін еш түйсік жоқ,
санасыз адамның ісі. Өзі түк-түк ойланбайтын адам сияқты. Тышқанның көзі құсап
жылт-жылт еткен көзінде де, түрінде де ешқандай ой жоқ.
− Ауыл-аймақтарың қалай? — деп сұраған Байдалы шал.
− Ауыл-аймақ қайда көшер дейсіз енді, сол өкімет қондырған орнында тұр
ғой, а-а-а-а…
Байдалы шал тағы біраз амандық-саулық сұрастырды да, Тұржан оған
таңқылдай күліп жауап қайырумен болды. Енді бір сәт сөз кезегі өзіне тиген:
− Байаға, сіздің бастық болғаныңызды естігенде, төбем көкке екі елі жетпей
қуандым,-деді Тұржан.- Құдай, аруақ бар екен ғой, біздің де көз жасымызды көреді
екен ғой деп жылап жібердім. Аруағыңнан айналайын, Шорағұл бабам өзі қолдап
жүр ғой сізді.
− Жалғыз мені ғана емес, бүкіл ұрпақтарын қолдап жүр ғой, жарықтық.
Мына сені де қолдайды.
− Байаға, бөліп-жаратын несі бар, мына сізді қолдағаны — бәрімізді
қолдағаны ғой.
− Оның рас.
− Әне, дәл таптым ба?! А-а-а-а…- деп Тұржан тағы да мәз болды.
Сөз әлпеттерінен менің түйгенім — Тұржан Байдалыға төрт-бес атадан
барып қосылатын туыс екен, мына көрші Ақтасты колхозында тұратын көрінеді.
Туысының әлгі сөзіне көңілі өсіп әбден риза болған Байдалы шал қалтасынан
шақшасын алып, түбін столға тықылдатып қағып, көк бұйра насыбайдан
алақанына молдау етіп салды да, шалқая түсіп аузына тастап жіберді, онан соң
астыңғы ернін бұлтита жымқырып сақаулана:
− Әй, осы сені әскерге неге алмады? — деп сұрады.
− Ойбай-ау, Байаға-ау, менің жасым асып кеткен ғой.
− Қалайша? Қырыққа енді ғана келдің емес пе?
− Анау жылы пашпыртымды жоғалттым деп қайта пашпырт алғанда, бір
мүшел жасты қостырып жазғызғам, сонымен әскерден қала бердім. Менің тісіме кім
қарап жатыр, тіпті қараса да тісім жоқ, а-а-а-а…
− Оның дұрыс болған екен,- деп Байдалы шал да рақаттана күлді.- Сен осы
кішкентай күніңнен-ақ тапқыр едің, әлі соныңнан жазбапсың. Баяғыда байдың
қойын бағып жүргеніңде, өрісте саулықтардың астына шалқалап жата қап емуші
ең.
− Иә, а-а-а-а… Байдың бәйбішесі ыдысымды тауып алмақ боп талай аңдып,
тінтіп еді. А-а-а-а…
Мұнан әрі екеуі баяғы кездегі бастан кешкендерін айтысып, біраз мәз боп
қалды. Тіпті жасаған ұрлықтарының өзі ерлік сияқты көрініп даурығысады.
− Байаға,- деді енді бір сәт ыржаңдай күлген Тұржан.- Баяғыда Бейсенғазы
бай болыс болғанда, інісі Сейсенғазы: «Бейсекем болыс болды дегенше, Сейсекең
нойыс болды десеңші» демекші, сіз колхоз бастық болды дегенді естігелі, мына
жаман ініңнің де тақымы қопаңдайтынды шығарды. Қашанғы мен де тентіреп анау
Ақтастыда жүре бермекпін, өзіңнің қасыңа келгім келеді. Сіз бастық болғанда, мен
неге біргәдір болмаймын деймін. Ашсаңыз алақаныңызда, жұмсаңыз
жұдырығыңызда емеспін бе? Менен сенімді кім бар сізге?!
− Ондай ой өзімізде де болып еді, бірақ әлгі шолақ қол өкіл еркіме қойды
ма?! Осында бір қатынға көңілі ауған екен, шолақ ит соны біргәдір сайла деп
отырып алды ғой. Бұ қазақтың қатын десе жан беріп, жан алысатынын білесің ғой,
амал жоқ, айтқанын орындауға тура келді. Жә, келем десең, біргәдірліктен де өзге
жұмыс табылады ғой. Мысалы, мына маған ары-бері шапқылап жүретін атқарушы
керек.
− Ойбай, Байаға-ау, ол атқарушылығыңа мен дөй деймін ғой.
− Е, онда болды. Сапыбекке де бір жұмыс табылар.
− Хат тануы жақсы дедің бе осы?
− Үш класс бітірген, таниды ғой.
− Әнеугүні қайтып барған соң сіздің айтқандарыңызды айтқам, қуанғаны
сонша: «Мен Байатама барлық балаларды бір шыбықпен айдап бағындырып
берем»,- дейді.
− Былай,- деді Байдалы шал ойына бірдеңе түскендей,- Сен мені «Байаға
деме. Құрысын, «бай» деген сөзді қайтесің, пәледен аулақ.
− Онда, аға дейім.
− Мейлің, тек «бай» дегенді айтпа.
Байдалы шал көз алдында отырған мені енді ғана көргендей.
− Әй, сен неғып отырсың? — деді.
− Өзіңіз мына қағаздарды оқы деп жібермей қойдыңыз ғой,- дедім.
− Ә, солай ма?! Онда қалғанын ертең оқырсың, бара бер,- деді маған, онан
соң Тұржанға: -Жүр, үйге баралық,- деді.
Мен шықтым, менің соңымды ала Байдалы шал мен Тұржан да шыққан
тысқа, атқарушы Ысқақ шал ертіп келген Бектай есепші екеуі аттарынан түсіп,
кеңсеге кіргелі тұр екен. Бектай есепшіні көріп Байдалы шал бірден ақырып сала
берді:
− Әй, сен осы қайда жүресің?
− Қора жақта, мал жақта жүрмін,- деді Бектай.
− Әй, сенің ол жақта нең бар-ей, а?! Малдың заппермесі, бақташысы бар
емес пе, а?!
− Қазір енді, қыс кезінде…- деп Бектай міңгірлей берген.
− Өйтіп қыс кезі деп сылтаурататын түк те жоқ,- деді Байдалы шал аузын
қисаңдата, даусын жіңішкерте мазақтай сөйлеп.- Шикін-ай, ә, қайбір малсақтанып
жүрмін дейсің, есі-дертің, айналшық жегендей барғыштап, жағалап жүргенің, анау
әлгі сиыршы Құныпияның қызы Қаншайым ғой.
− Онда сіздің шаруаңыз болмасын.
− Жо, болады… Жаман неме, өзіңше сен де текешіктенейін дедің бе? Байқа,
етіңді сылып алам.
− Ақсақал, айтар сөзіңізді ойланып айтыңыз,- деген лезде өрттей боп
қызарып кеткен Бектай көзін алақ еткізіп.
− Өй, мынаны қара, маған ақыл үйретеді-ей!
− Аға-ау, осындайлармен де тәжікелесіп тұрасыз ба, дырау қамшымен өрім-
өрімін шығармайсыз ба?! — деген шетте тұрған Тұржан кіжіне ұмтылып.- Әй,
колхоз бастықпен бүйтіп сөйлесетіндей сен кімсің-ей, а?! Кәне, ағамның бетінен
алмай тарт тіліңді, әйтпесе тура көресіңді көрсетем!
Бектай да ыққан жоқ, қамшысын оңтайлап безере қарсы тұрды, салғыласып
және сөз қайтармады.
− Әй, Тұржан, жүр кеттік. Бұл жүгірмекпен сөзім сонан кейін болсын,- деді
Байдалы шал.
Екеуі аттарына мініп, Байдалы шалдың үйіне қарай кетті де, Бектай есепші
мен Ысқақ шал үшеуміз кеңсенің алдында қала бердік.
− Әнеугүнгі жиналыстан кейін-ақ соңыма түсіп алды,- деді Бектай
шағынғандай.
− Е, шырағым, бастықтың қырына іліге беріп қайтесің, айтқаныңыз құп деп
жүре бермейсің бе? — деді Ысқақ шал.
− Сөйтпегенде қайтіп жүрмін енді.
Мұнан әрі мен өз жөніммен мектебіме кеттім. Қалтамдағы иісі аңқыған
бауырсақтан басым айналғандай болса да, жол бойы, ең болмаса, біреуін аузыма
салмадым. Балалардың алдына барғанымда, қалтам ортайып қалатындай көрінеді.
Үзіліс кезі екен, класқа кірер-кірмесімнен мені де балалар жапырлай қоршап ап:
«Иә, неге шақыртады екен? Не істедің?» — деп үздіге сұраған. Санат құсап мен де
олардың төбелерінен қарай тұрып:
− Жай, әншейін,- дей салдым немқұрайлы үнмен.- Онан да мә, бауырсақ
жеңдер,- деп жеткенше бір-бірден үлестіріп бердім. Өзім бір бауырсақ қана алып
қалғам.
− Қанат, мен құр қалдым ғой,- деген кластағы ең кішкене бала Көпен
жүгіріп кеп. Амал жоқ, соңғы бауырсақты соған ұстата бердім. Сөйтіп, бір қалта
бауырсақтан өзім ауыз да тие алмадым. Оның есесіне Санат сияқты кластағы
балалардың алдында менің де шоқтығым бір өсіп қалды.
* * *
Түстен кейін ертеңгі үйге берілген тапсырманы орындап сабақ оқып
отырғам, сырттан кірген әжем:
− Әй, Қанат, шық, әне, Қыдырман шөбіңді әкелді, түсірісіп жібер,- деді.
Тонымды иығыма іле сап атып сыртқа шықсам, Қыдырман шананың үстінде
тұрып ортадан аз тиелген шөптен қораның төбесіне қарай лақтыруға кірісіпті. Мені
көріп:
− Жоғарыға шық, тез түсіріп алайық,- деді.
Мен қораның арт жағындағы күнделікті өзім шығып жүрген басқышпен
төбеге көтеріліп, Қыдырман әперген шөпті іліп ап, кейін тартып жаймалай
бастағам.
− Әй, иттің балалары, тоқтаңдар, кәне! — деп ақыра боқтаған Байдалы
шалдың даусы селк еткізді.
Кеңседен шыққан беті болу керек, торы жорғасын борбайлата қамшылап
құйындата шауып келеді екен. Жетпіс жеті атамыздан бері қарай сыбап келеді.
− Иттің ғана балалары, тапайдың тал түсінде колхоздың шөбін ұрлап…
Құртам екеуіңді де… Түрмеде шірітем!..
Ағып келген бойда дойыр қамшысымен жеткенше сілтеп шана үстінде
бейқам тұрған Қыдырманды салып-салып жіберген. Қыдырман шөпке шаншып
тұрған ашасын суырып ап өзіне қарай ұмтылғанда ғана, атының басын кілт бұрып,
кейін тайқыды. Бірақ боқтауын тоқтатар емес, бүкіл ауылға естіртіп азан-қазан боп
тұр. Әуелде «иттің балалары» деп екеумізді қоса қабаттап боқтаудан бастаған,
енді аша ала ұмтылған соң Қыдырманның жеке өзіне ауысты: «ұры» дейді,
«қаскүнем» дейді, «пәшіссің» дейді, «колхоздың жауы» дейді, тақпаған айдары
қалып жатқан жоқ, «ертең айдатам», «түрмеде шірітем», «тұқым-тұғияныңмен
тұздай құртам» — деп, зәре-құтты алатын сөздерді және қосақтайды. Әлден
уақытта Байдалы шалдың соңын ала кеңседен шыққан беттері екеуі екі атқа мінген
шолақ қол өкіл мен Зибаш та жетті. Екеуі бар жайды анадайдан-ақ көріп, біліп
келеді. Әсіресе басқа білмесе де бұл шөптің жайын Зибаш жақсы білетіні анық.
Сондықтан Байдалы шал алғаш ақырып аттандай жеткенде, зәрем ұшып
кеткенмен, Зибашты көріп ес жиғандай болдым.
− Бұл біздің өзіміздің меншікті шөбіміз, жазда Нәзира әпкем екеуміз
шалғымен шауып жинағанбыз, нанбасыңыз, әне, Зибаштан сұраңыз,- дедім төбеде
тұрып айқайлап.
− Мен саған көрсетем өз шөбіңді, иттің күшігі, кәне, осыдан түсші бері! —
деп, Байдалы шал атымен қораның төбесіне шығып кетердей емініп қойып
қамшысын сілтей ақырды.
− Рас айтады, бұл Қанат пен Нәзираның өздері шапқан шөбі, мына Зибаш та
біледі ғой,-деп енді Қыдырман да соны арқалана сөйлеген.
Зибаш шолақ қол өкіл екеуі қатарласа кеп тоқтаған, қазір бірдеңе дейтін
шығар, шындықты айтып ара түсетін шығар деп Қыдырман да, мен де енді соған
жалтақтай қарағанбыз. Зибаш қабағын шытынып томсырайған күйде шанадағы
шөпке, одан сендерді қайда көрдім дегендей, әуелі Қыдырманға, одан қораның
төбесінде тұрған маған бажырая бір-бір қарағаны болмаса, не дұрыс деп, не бұрыс
деп бір ауыз сөз айтпастан сызданып, үнсіз тұрды да қойды.
− Айтсаңшы! — деген Қыдырман оған шаншыла қарап.
− Зибаш тәте-ау, әнеугүні шөпке бірге барғанымызда, мен өзім бастап
апарып, Нәзира әпкем екеуміз жазда жиған бір шошақ шөбімізден жарты шана
тиеп әкеліп едік қой. Мынау сол шөп емес пе? — дедім.
Зибаш үндеген жоқ, тіпті жұмған аузын ашқан жоқ. Біздің сөзімізді естімеген
адамдай сол безерген күйі атын тебініп қалды да, жүріп кетті.
− Әй, қарағым,- деді осы кезде әжем шолақ қол өкілге.- Мен мына
Байдалыға сөзімді қор қылып ештеңе демеймін. өйткені бұл өзімізге белгілі
Байдалы. Мен айтарымды жөн білер деп өзіңе айтам. Соғысқа барып қан кешіп
қайтқан азамат екенсің. Ал менің балам сол соғыста қаза болды. Келінім осы
колхоздың жұмысында жүріп ұры-қарының қолынан опат болды. Үлкен немере
қызымды күні кеше үкімет бұзылған қалаларды салғызамыз деп және әкетті.
Қалған шиеттей балалар мен өлмелі кемпір менің түрім мынау. Енді өзіміз шапқан
шөпті зорлық қып тартып әкетсеңдер, сонда біздің күніміз не болады? Әскер
семьясына жасаған жәрдемдерің осы ма сонда?
Әжемнің сөзін үнсіз тыңдаған шолақ қол өкіл ымдап қасына Байдалыны
шақырып алды да, бізге естіртпестен бірдеңе-бірдеңе деп күңкілдеді де, атын
тебініп Зибаштың соңынан жүріп кетті. Өзі қалған Байдалы шал қаһары қайтпаған
сол ашулы қалпында Қыдырманға қарап:
− Ендігі жерде ісім сенімен болсын, тойтық ит! — деді кіжініп.- Мына шөптің
жартысын ғана түсір де, жартысын қайтадан колхоздың мал қорасына алып жүр.
− Өзі азғантай шөптің не жарты дейтіні бар,- деген Қыдырман.
− Әй, тойтық, дәл бірдеңе көрейін демесең, айтқанды істе! — деп ақырды
Байдалы шал.
− Әй, Байдалы, өз шөбімізді өзімізге қимай тұрсың ба? — деген әжем.
− Колхоздың малы ашығып жатқанда, мен сендерге шөптеріңді колхоздың
шанасымен тартыңдар деген жоқпын.
− Сонда біз арқалап әкелеміз бе?
− Арқалап әкеліңдер, бірақ колхоздың көлігіне тимеңдер.
Сөйтіп, Байдалы дігерлеп тұрып алған соң, Қыдырман амалсыздан шанадағы
өзі аз шөптің жартысын ғана түсіріп, қалғанын колхоздың мал қорасына қайтадан
алып кетті.
Қораның төбесінде азғантай шөпті жинастырған боп қала бердім. Көзіме ып-
ыстық жас құйыла береді, өзіме-өзім тығылып не істерімді білмей қыстығып
тұрмын. Кімге барарсың, кімге шағынарсың? Егер балалар зорлық жасаса,
үлкендерге барып шағынуға болар еді, ал үлкендердің өзі зорлық жасаса, кімге
шағынарсың? Нәзира әпкем екеуміздің таң алагеуімнен тұрып жүріп тірнектеп
шауып, тірнектеп жинаған шөбімізді зорлық қып тартып әкеткеніне қалай
жыламайсың. Тапайдың тал түсінде бүкіл ауылдың алдында бақырайтып қойып
тартып әкетті ғой. Әне, әркім үйді-үйіне кіріп жүр, әншейінде ағайынсымақсып
өбектей қалатындарын қайтерсің, ал жаңа Байдалы кеп жер-жебірімізге жетіп,
зікінеп, тапап кеткендей боп тұрғанда, ең болмаса біреуі келіп: «Әй, мұның
қалай?» деуге жарамады-ау.
Әжем маған төменнен аянышпен қарап:
− Жә, қапаланба, қозым, тіршілікте мұндайдың әлі талайын көресің, тек бас
аман болсын дейік,- деді жұбата сөйлеп.- Құдайдан тапқырлар… Уһ-а-а…- деп
сөзінің соңын ауыр күрсініспен аяқтады.
Сонда бұл дүние әлсізге әлі жеткен, өстіп қиянат жасаудан тұрғаны ма?
Жарайды, Байдалы шалға әлгіндегі әжем айтқандай сөз тауыспай-ақ қоялық, ал
сонда Зибаштың жаңағы көрсеткен мінезі қай мінез? Бригадир болғанына бес-ақ
күн етті ғой, әйтпесе қысы-жазы бірдей Нәзира әпкеммен бірге осы колхоздың ең
ауыр жұмыстарында телім-телім боп жүруші еді ғой. Жағдайымызды, халімізді
басқа білмесе де, Зибаш біледі емес пе. Әнеугүні Нәзира әпкем көз қырыңды сала
жүр деп бізді тапсырғаны да осы Зибаш еді ғой. Әжем айтқандай: «О-о, опасыз
дүние… Опасыз адамдар…»
Достарыңызбен бөлісу: |