Алаш прозасы Сайын МҰратбеков: «Жабайы Алма» бірінші бөлім көкінай



Pdf көрінісі
бет2/28
Дата27.01.2017
өлшемі1,42 Mb.
#2790
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   28
әжемнің көзінше екеуі де түк білмегенсіп сызыла қалыпты. Бір-біріне тек көздерінің 
астымен ғана қарап қояды. 
− Қарағым өзің әйтеу әскерге шақырғаннан амансың ба? — деп сұраған 
әжем. 
− Қыста бір рет шақырған, жасым әлі толыңқырамапты. Енді осы жазда 
шақыратын шығар. 
− Е, алла-ай, тал шыбықтай бұралып енді жеткендеріңде сендерге де ауыз 
салды ма?! Қу соғыс, қараң өшкір пәшис?.. Әй, Нәзира, тағы құйып әкеп бер, 
айран!.. 
− Рақмет, әже, тойдым. 
Есік көзінде тұрған Нәзира әпкеме Тоқтар босаған тостақанды қайтарып 
беріп жатып: 
− Рақмет,- деді сыбырлап. Нәзира әпкем көздері күлімсіреп басын изеді. 
«Ой, қуларын-ай» деймін-ау! 
Сол жолы Тоқтар кеткеннен кейін де ойында басқа дәнеңе жоқ әжем баяғы 
«қу соғысты», «қараң өшкір пәшисті» қарғап-сілеп ұзақ отырды, бір ауық әскердегі 
баласын (біздің көкемізді) есіне алып, жылап та алды. 
Кешкісін апам жұмыстан қайтып, шайға отырғанымызда, әжем сөз арасы: 
− Апыр-ай, әлгі Шымырбайдың баласы мұрты өсіп, зіңгіттей азамат бопты,- 
деген тамсанып. 
− Оны қайдан көріп жүрсіз? — деп сұраған апам. 
− Бағана есік алдында жүн иіріп отырғанымда кеп, өзі амандасты. Тіпті бір 
инабатты боп өсіпті: «Ағадан хат кеп тұра ма?» — дейді. 
− Ол мұнда неғып жүр? — деп апам Нәзира әпкеме көзін аларта қараған. 
Нәзира әпкем жерге кірердей боп қысылды. 
− Білмеймін. Әжем екеуі сөйлескен,- деді. 
− Е, есік алдынан өтіп бара жатып амандасқаны ғой,- деді әжем, апамның 
сөзіне мән бермей.- Шіркін-ай, тал шыбықтай бұралып өскенін қайтейін, биыл 
жазға әскерге шақыртпақ еді дейді. 
− Оған қайдағы әскер,- деген апам немқұрайлы сөйлеп,- әлі екі жылы 
жетпейді. Біздің мынадан,- деп апам Нәзира әпкемді нұсқап қойды,- үш айдай ғана 
үлкендігі бар. Тоқтар жазға салым туды да, мынау күзде туды емес пе?! 
− Онысын қайдан білейін, маған өзі қыста бір шақыртып, жасым толмай 
қалғам, енді осы жазға шақыртады деді. Сөйдеді емес пе, Нәзира? — деп әжем 
әпкеме қарады. 
− Иә,- деді Нәзира әпкем.- Ол анау жылы комсомолға өтемін деп екі жасты 
қостыртып жазғызған болатын. 
− Ә-ә,- деп апам аңырып қалды.- Қап, әттегене-ай, а… 
− Әй, бірақ өзі де сүйекті бала екен,- деді әжем.- Тіпті алпамсадай ғой. 
Міне, сонан бері мен кездескен жерде Тоқтардың мұртына қараймын. Әрине, 
жақыннан абайлап, үңіліп қарасаң мұрты онша мұрт сияқты боп көрінбейді екен, 
жаңада ғана тебіндеген ұп-ұсақ, сирек-сирек, ал алыстау тұрып қарасаң, екі 
ұртының үстінен әп-әдемі боп қиылып, ақсары өңіне ерекше жарасып тұрады. 
Жұрттың бәрі өзін жақсы көреді. Мен ғана онша ұнатпаймын. Өйткені, ертеңді-кеш 
Нәзира әпкемді жағалай беруі ұнамайды. 
Әнеу бір күні Нәзира әпкем бұлаққа суға барған кезде, мен де соңынан 
көрінбей ілесіп барып, анадай жердегі қалың бөргездің тасасында тұрғам. Бір 
мезетте атын суғармақ боп Тоқтар жетіп келді. Бірақ атын түк те суарған жоқ. Ал 

кеп Нәзира әпкем екеуі сөйлессін, сықылықтасып кеп күле ме-ау, бір-бірінен асып 
түскілері келгендей ауыздары-ауыздарына тимей, әй, жарысып сөйлейді. Қол-
аяғымама бергөздің тікендері инеше қадалғандарына қарамастан, «Осылар не 
сөйлеседі екен, осы?» — деп сөздеріне құлағымды түріп, жақындау келгем. 
Сөздерінің пәлендей қызық, соншама мәз боп күлетіндей ештеңесі де жоқ екен, 
баяғы мектепте оқыған күндерін, кімнің сабақ үстінде қалай отырғанын анау 
өйтуші еді, мынау бүйтуші еді деп, соны сөз қып тұр екеуі де. Тіпті бұлақтың 
басында тұрғандарын да ертең ауыл арасы өсек етер сырт көз барын да мүлде 
ұмытқан өздері. 
Шыдай алмай кеттім, жұдырықтай тас алдым да екеуінің дәл ортасына 
лақтырып жібергем, екеуі де селк етіп, сасып қалды. Тасты қай жақтан, кім 
лақтырғанын біле алмай аң-таң. Мен тағы тас лақтырдым. Осы кезде ғана Нәзира 
әпкем өзі мені көре алмаса да, мен жасырынып тұрған қалың бөргез жаққа қарап: 
− Әй, Қанат, көкшешек, қой енді, әйтпесе желкеңді қиям, – деді. 
Тоқтар бірдеңе деп күңкілдеп сөйледі де тез атына мініп, түк білмегендей 
желдірте жүріп кетті. Нәзира әпкем иінағашпен суын көтеріп, мен жаққа қарай 
тағы бұрылды да: 
− Шық бері, жүр! — деді. 
Мен бөргез арасынан шыққам жоқ, со жасырынған күйімде қала бердім. 
− Сені ме, бәлем, тұра тұр! — деді әпкем. 
Бірақ Нәзира әпкемнен қорқып жүрген мен жоқ. Шындасам оның жігітпен 
сөйлескенін әжем мен апама айтып, жанын шығартам ғой. Сондықтан күштің өзім 
жақта екенін жақсы білетінмін. 
Кеше доп қуудың қызығымен кештің қалай түскенін білмей, ымырт үйіріле 
ойыннан қайтып келе жатқам, дәл өзіміздің сиыр қораның іргесіне жете 
бергенімде, бұрышта сөйлесіп тұрған екеудің үстінен түскенім. Тағы да со Тоқтар 
мен Нәзира әпкем. Тоқтар Нәзира әпкемді білегінен ұстап ап, жібермей тұрған 
сияқты. 
− Қойшы, Тоқтар, сүйіскен деген не ол, ұят емес пе. Айтып тұрмын ғой енді, 
өмір бойы сендікпін деп, сенсеңші сөзіме. 
Тоқтар бірдеңе-бірдеңе деп сыбырлай күңкілдеді. 
− Қойшы, жіберші. Үйден біреу шығып қалса, құртады мені. 
Қараңғыда еңкейіп жүріп қолыма іліккен кесекті ала салдым да лақтырдым. 
Тоқтар Нәзира әпкемді жібере салды да, әрі қарай қаша жөнелді, ал Нәзира әпкем 
үйге қарай зытты. Жолында тұрған мені қағып кете жаздады. 
− Көкшешек, аңдығаныңды қашан қоясың осы?! Желкеңді қияйын ба! 
Қиып көр,- дедім мен. 
− Қиямын,- деп кеп ол желкемнен ұстай алды. Қолы мұндай қатты, қарулы 
болар ма, мытып жіберді. Мен еркексініп айбат білдіріп бұлқынып көріп едім, 
босатар емес. Онан сайын сығымдай түседі. 
− Қоясың ба, аңдығаныңды? 
− Қоймаймын. 
− Мә, ендеше қоймасаң, мә… 
Желкемнен со сығымдап қысқан күйінде, май құйрығымнан бір-екі рет 
тартып-тартып жіберді. Ұрғаны қаудырлаған тері шалбардан онша өте қойған жоқ, 
бірақ желкемнен қысқаны жиырма бата бастады. 
− Әже-е! Апа-а!..- деп бақырып жібердім. 
Нәзира әпкем жібере салды. 
− Қоймасаң, көрдің ғой, алатын сыбағаң осы! 
− Мен қазір әжеме, апама айтам. 

− Айтып көр! 
− Айтам,- деп мен есікке беттедім. 
− Қанат, тоқта! Жә, тиіспеймін. Әншейін әзілдегенім ғой, шынымен кек 
тұтып қалдың ба? 
− Бәрібір айтам, Тоқтармен әнеу күнгі бұлақ басында тұрғаныңды да, 
жаңағы оның сені сүймек болғанын да… бәрін айтам қазір. 
Есікке қарай шегіншектеп аттай түскем. 
− Қанат, айналайын, не істе десең де істейін құлың болайын,- деді жаны 
шыға жаздаған Нәзира әпкем жалынып.- Рас, сен не істе десең де істейін. 
Нәзира әпкемнің өзіме осынша жалынып, жалбарынғанына қыбым қанып, 
рақаттанып қалдым. 
− Ал жарайды,- дедім өзімше күжірейіп.- Енді менің құлым боласың. Не 
бұйырсам да орындайсың. 
− Орындаймын дедім ғой. 
Осы арада оны құлым қылу үшін не бұйырсам екем деп ойладым да, 
қапелімде жөнді ештеңе ойлап таба алмадым. Тек: 
− Бір аяғыңды көтеріп, бір қолыңа кірпіш ұстап тұрасың,- дедім. 
− Не дейді? 
− Біздің класта Мұқан ағай тәртіп бұзғанымызда бір аяғымызды көтертіп, бір 
қолымызға кірпіш ұстатып бұрышқа тұрғызып қояды. Сен де сөйтесің. 
− Мақұл. 
Үйге кірген соң қабағы салыңқы апам екеумізді де біраз қуырып алды. 
− Сен қайда жүрсің, осынша түн жарымына дейін тентіреп?! — деп,әуелі 
мені тергеді. 
− Ойнадық… 
− Ойының осылсын, ойының осылғыр. Үсті-бастан сау тамтық жоқ, алым-
жұлым боп. Шық былай, сүміреймей. 
Осымен мен құтылдым. Енді апам Нәзира әпкеме ауысты. 
− Сенің не ауруың бар осы, жұмсаған жерге жоғалып кететін. Мына тұрған 
үйден елеуіш әкеле қой дегеніме дәл бір шай қайнатым уақыт болған шығар. 
− Елеуіштері бос емес, өздері ұн елеп жатыр екен, күтіп отырып қалдым. 
− Әйтеу, сылтау тапсаңшы. Айтпады деме, бір күні шашың. ды талдап 
жұлам. 
Нәзира әпкем зәре-құты қашып үндемейді. 
− Неғып тұрсың енді селтиіп, еле анау ұнды! — дейді апам зекіп. 
Осымен Нәзира әпкем де құтылады. 
Біз, балалар, қарнымыз сыздағанша атала көжеге тойып, әжем мен апам 
маңдайлары терши отырып шөлдері қанғанша қаймақ қатып, тұз салып ақ су — 
шай ішіп болған соң, үй ішінде аса бір көңілді жақсы шақ орнайды. Қабағынан қар 
жауып тұратын апам да жадырайды. Басы Нәзира әпкем болып балалар бір-
бірімізді түртпектеп ойынға кірісеміз. Әсіресе, мұндайда апам көрші үйлердің біріне 
шаруасы боп шығып кетсе тіпті рақат. Онда көзіміз ұйқыға кеткенше біраз асыр 
салып қаламыз. Әжеміз үйде ойнағанымызға әсте ұрыспайды. 
Бүгін де апам бір шаруасымен бригадирдің үйіне барып келмек боп шығып 
кеткен. Апам кетісімен-ақ мен дереу Нәзира әпкеме қыдыңдауымды бастадым. Ол 
үлкендігін істеп бағынғысы келмей қиқаңдамақ болған. Мен: 
− Әже десе, мына Нәзира әпкем әлгінде кешкісін…- дей беріп едім, әпкемнің 
жаны шығып кете жаздады. 
− Қанатжан, Қанатжан, мен сенің құлыңмын ғой,- деп аяқ жағыма кеп отыра 
кетті. 

− Ендеше, ана бұрышқа бар да бір аяғыңды көтеріп, бір қолыңа кірпіш ұстап 
тұратын бол,- деп бұйырдым. 
Амалы қанша, Нәзира әпкем айтқанымды еріксіз орындады. Ауыз үйдегі 
ошақтың алдында күйе-күйе бос кірпіш жататын, соны алып кеп, бір қолына 
көтеріп тұрды. 
− Мен ұйықтағанша сөйтіп тұрасың,- дедім де өзім шешініп, ұйқыға кірістім. 
Сөйтіп, Тоқтар мен Нәзира әпкемнің бұ дүниедегі қас дұшпаны мен едім. 
Мен дегенде екеуінің де төбе шаштары тік тұратын. Қолдарына түскен жақсы 
заттары болса маған сыйлайды. Бір рет кешкісін ойыннан қайтып келе жатқанымда 
қарсы алдымнан Тоқтар шықты. 
− Қанат, мә, қызыл қарындаш керек пе? — деді. 
Қуанып кеттім. 
− Керек,- дедім. Шынында да бояу қарындаш. Кәдімгі, Мұқан ағайдың біздің 
дәптерімізге баға қойып жүрген бояу қарындашы сияқты. 
− Менде неше түрлі бояу қарындаштар көп,- деп қойды Тоқтар.- Керек 
десең бәрін де саған әкеп берейін. 
− Әкеп берші. 
− Қанат, Нәзира әпкеңді шақырып жіберші, аздаған шаруам бар еді. 
− Мақұл,- дедім мен.- Тек ертең тағы бояу қарындаш әкелетін бол. 
− Мақұл,- деді ол да. 
Мен үйге кірсем бір жақсысы апам жоқ екен, ұсақ балалар әжемнің баурына 
тығылып ертегі тыңдап жатыр да (бұл көктемде мен өзімді есейдім деп біліп, 
бұрынғыдай әжемнің баурына кіріп жатуды қойғам, тіпті өйтуге 
намыстанатынмын), ал Нәзира әпкем жемпір тоқып отыр. Мен оған бояулы 
қарындашты көрсетіп қулана күлдім. 
− Жүр далаға,- дедім. 
− Немене, сыртымнан мені бір қарындашқа сатып келгеннен саусың ба? — 
деді ол да күле сыбырлап. 
− Ол маған ертең тағы да әкеп беретін болды,- дедім. 
− Ақымақ,- деп Нәзира әпкем мені шекемнен ақырын нұқып қойды. 
Өзі дереу киіне бастады. 
− Әй, қайда барасыңдар? — деген әжем. 
− Мен сақамды жоғалтып алдым есік алдында, соны іздейміз,- дедім мен 
табанда өтірікті қиыстырып. 
− Ә-ә… 
Сыртқа шыққан соң мен екеуіне де өктем сөйлеп, өзімнің басымдығымды 
білдірдім. 
− Тек сүйісуші болмаңдар және көп тұрмаңдар. Мен өзім бақылап тұрам,- 
дедім. 
Және солай істедім де. Төрт-бес қадамдай жерде екеуінен көз айырмай 
қарадым да тұрдым. 
− Иә, не айтасың? — деді Нәзира әпкем. 
− Жәй, әншейін сені көргім кеп кетті… 
Мұнан әрі екеуі де үндеген жоқ. Бір-біріне қарама-қарсы қарады да тұрды. 
Әлден соң Тоқтар әпкемнің қолынан ұстаған. 
− Әй, әй, онша жақындаспаңдар! — дедім мен қатал ескертіп. 
Екеуі менің ескертпеме күліп қана қойды. Ауыл арасы тым-тырыс. 
Терезелерден өлеусірей жанған май шамдар жылтырайды. Бақа шұрылдады. Бір 
сәт Бүбітайдың зарлаған даусы естілді. 
Қара көзім, 

Жете алмадым, 
Жер шалғай, 
Жалғыз өзім… 
Менің өне бойым қалтырап, зәрем ұшып кетті. Қап-қараңғы мынау түн, 
жынды әйел салған зарлы ән, үн-түнсіз тұрған Тоқтар мен Нәзира әпкем… Екеуі 
тас боп қатып қалған сияқты. 
− Әй, неге үндемейсіңдер?! — дедім. 
− Қанат, қорқып тұрсың ба? Кел, біздің қасымызға,- деді Нәзира әпкем. 
Мен екеуінің қасына барып тұрдым. Кенет Нәзира әпкем мені бас салды да 
қатты қысып тұрып бетімнен сүйіп алды. 
Көп ұзамай етектен тауға қарай көшкен мал ауылға кеп жағалай қонып, төл 
аяғы жетілгенше көктеуде отырған. Мәре-сәре шуға толы қызықты кез туды. Ала 
қыстай сыз қорада үстері сауыс-сауыс болған қора-қора қойлар мол, тегін көкке 
жетіп, өлі жабағыларын сілкіп, бауырларын жазып, емін-еркін тойына бастады. 
Ауыл-аймақ тегіс жапатармағай қой сауып, аузымыз аққа бір жарыған еді. Сүт пен 
айранды күндіз-түн ішем десең еркің. ор үйдің қазанында бұрқылдап ірімшік-құрт 
қайнап, ашқұрсақ қарын бір майланған. 
Біз, балалар, ертеңді-кеш қозы қайырысып, шешелерімізге сауылатын 
қойларды қосақтасқаннан кейін-ақ зытып отырып ауылдың сыртындағы тас қораға 
тартамыз. Мұнда колхоздың құмнан көшіп келе жатқан жылқысы қамалады. 
Ауылдың еркек кіндік атаулысы сонда жиналып, тай-құнандарды күзейді, жылқыға 
колхоздың таңбасын күйдіріп басады, әскерге жіберілетін аттарды іріктейді, 
асаулар үйретіледі. Осқырына жер тарпыған айғырлардың төбелесі, ойнақ салып 
жарыса шапқан тай-құлындар, бұғалық салған кездегі аспанға шапшыған асаулар 
— жатсақ-тұрсақ тауыса алмайтын әңгімеміз. Және де бәріміздің аузымыздың суы 
құрып сөз ететініміз — Тоқтар. Кәдімгі, маған күнде бояу қарындаш берігі «Нәзира 
әпкеңді шақыршы» деп жалынып жүретін Тоқтар. Бұ күндерде өзі қолы тимейтін 
болу керек, біздің үйді жиі торуылдауын қойған. Үш күн, төрт күнде бір: 
− Қанат, өзің білесің ғой, бүгін уәделі жерде жолығайық,- дейді қулана 
жымиып. Сол күні мен ымырт үйіріле әр түрлі сылтау айтып Нәзира әпкемді ертіп 
шығамын да, өзім көз жазбай бақылап қарап тұрып, екеуін бір шай қайнатымдай 
ғана сөйлестірем. Онан соң Нәзира әпкемді алдыма салып үйге алып кірем. Екеуі 
менің осы қызметіме де өлердей риза. Өйткені мен болмасам өйтіп те кездесе 
алмас еді ғой, апамның қатал мінезі белгілі, Нәзираның жалғыз өзін мүлде тырп 
еткізбес еді. Менімен бірге шығатын болған соң күдіктенбейтін болу керек, апам 
онша қадалып, тексеріп жатпайды. 
− Көп жүрмей тез қайтыңдар,- дейді де қояды. 
Сол Тоқтар әскерге жарайды деп іріктелген аттардан күнде бір асау 
үйретеді. Небір жүген-құрық тимеген құр асауларға тақымы тиді-ақ болды, жалына 
мысықша жабысады да тастай қатып айырылмайды. Мейлі аспанға шапшысын, 
мейлі мөңкісін бірақ одан жығылар Тоқтар жоқ. Қайта біраз тулатып-тулатып 
алғаннан кейін қос өкпеге тепкілеп, әрлі-берлі ойқастата көсілтіп шабады, 
қамшыны да басады аямай. Сөйтіп, біраз шапқаннан кейін ала өкпе болған 
асаудың үсті-басы ақ көбік тер болып, сайтаны бастыға бастайды. Ал кешкісін құр 
осқырынғаны болмаса таңертеңгідей аспанға шапшуға де, мөңкуге де шамасы 
келмей титықтап кеп, кермеде ауыздықты күтір-күтір шайнап, таң асуға 
қаңтарылады. Ертеңіне кез келген адам ерттеп мініп, жүре беруіне болады. 
Күн сайынғы Тоқтардың асау үйретуі біз үшін дүниеде теңдесі жоқ қызық 
көрініс. Тоқтарды да, ол үйреткен асауларды да менсінбейтін бір-ақ адам бар, ол 
— колхоздың бригадирі Байдалы шал. 

− Тәйірі, осы күнгінің жылқысы жылқы ма,- деп насыбайды аузына тастап 
жіберіп, астыңғы ернін тырсита малжаңдап тұрып алады.- Сиырдың бас жібін 
ілмектеп мойнына тастай салсаң тұра қалады, ерттеп мініп ал да шаба жөнел, 
құйрығын шыжбыңдатып бір-екі шоқалақтайды да соныменен тынады. Шіркін-ай, 
бір асауға мінгендей боп тақымыңды қыса алмайсың ғой. Мына Тоқтарлардікі, 
әншейін асау үйретті деген аты ғана да. Баяғыда асауға төрт қабат арқаннан ескен 
бұғалықты тастап жіберіп, әлекедей жалаңдаған бес-алты жігіт өкшемізді қадап, 
шірене тартып, тұра қалатынбыз. Сонда әлгі асау аспанға тік шапшып сүйрете 
жөнелгенде етіктеріміздің ұлтаны қақырап кетуші еді. Жануарларды ұстағаныңда 
жылқыны емес тап бір жолбарысты ұстағандай болатынсың. Әне, асау деп 
соларды айтсаңшы!.. 
Байдалы шалдың әңгімелерін тыңдасаң, бұрын тумай, қазіргі заманда 
туғаныңа өкінесің. Бүгінгінің адамдары да қораш, малдары да азғын, ең аяғы иті 
екеш итіне дейін бұралқы. Ал біздерді — балаларды ол мүлде іске алғысыз деп 
біледі. 
− Мұрындарын сүрте алмай жүрген осыларды қойшы. Баяғыда бұлардың 
жасында өзіміз отау тігіп, үй болып едік. Ал бұ түгелер ертеңнен қара кешке 
салпақтап киім тоздырып, ойнағаннан басқаны білмейді. 
− Ата, сіз неше жасыңызда үйлендіңіз? — деп сұраймыз. 
− Мен бе?!- ол аузындағы насыбайын алып тастап, түкірініп қойып, неше 
жасымда үйленгенін іштей есептеп сәл ойланып қалады. — Маған әкем алты 
жасымда қыз айттырыпты. Содан он толып, он бірге шығарымда ұрын барып, 
келер күзінде үйлендім ғой. 
− Осы кемпіріңізге ме? 
− Жоға тәйірі. Бұл кемпіріме кейін, бертінде совет заманында теңдік алған 
кезде үйлендім. 
− Ал, әлгі, айттырып алған әйеліңіз қайда сонда? — деп біздер де 
қоймаймыз. 
− Бәтшағарлардың тақымдауын сонша,- деп Байдалы шал шегір көздері 
жасаурай күлімсіреп бәрімізді сықпырта бір боқтап алады.- Қара бұларды қатын 
десе тақылықтай қалғандарын, оқуға осындай боп тақылдасашы, боқмұрын 
немелер… Кәне, аулақ жүріңдер, жылқыны үркітесіңдер! 
Мұнан әрі ол сөйлескісі келмейді, қолындағы қамшысын үйіріп, жасқап 
біздерді тас қораның аузынан кейін қарай едәуір қуып тастайды. Оның қуғанынан 
кетіп жатқан біз жоқ. Біраздан кейін қайта қаумалап аламыз. 
− Ата, әлгі бұрынғы айттырып алған әйеліңіз қайда, айтыңызшы? — деп 
тағы қиыламыз жан-жақтан. Әрине, біздерге шалдың бұрынғы үйленген әйелінің 
қайда екені бес тиынға да керексіз, тек оны тағы да сөйлетуге, әңгіме айтқызуға 
құштармыз. 
− Немене, қайда екенін айтсам, барып ала қояйын деп пе едіңдер, 
қызтәләктар, ей, мұрындарыңды…- деп тағы бір сыбап алады.- Қайда болсын, оны 
жер жұтты дейсіңдер ме, мына Ақтасты колхозында тұрады. Бәтшағар, Тәнеке 
дегеннің баласымен ашына боп, сөз байласып жүреді екен, совет үкіметі орнаған 
соң бір түнде сонымен қашыпты да кетіпті. 
− Ал сіз қайттыңыз? 
− Қайтушы ем. Ата-бабамда қатыннан зарығып өлген ешкім жоқ, кетсе 
кетсін дедім. Сөйттім де бір түнде мен де мына қазіргі әжелеріңе үйленіп алдым. 
− Қалай үйлендіңіз сонда, ата? 
− Не дейді?! Қалай үйленгені қалай?! Жә, басымды қатырмай аулақ 
жүріңдер. Кәне, кейін тұрыңдар, жылқыны үркітесіңдер!.. Әй, Тоқтар, бүгін анау 

Жиренқасқа бестіні үйретші. Өзін әскерге айдап әкеткенше біраз күн мен мініп 
қалайын. Жануардың әкесімен әнеу бір жылы көкпарға шапқаным бар еді. 
− Бұл, кәдімгі, атақты Жирен айғырдың баласы ма-ей, Байдалы? — деді 
шалдардың бірі. 
− Иә, Шіркін, айғырым-ақ еді-ау. Сонау Ұзынбұлақта болатын үлкен той 
есіңде ме? Жұрт көкпарды колхоз-колхоз боп жақ-жаққа бөлініп тартысып еді ғой. 
Әуелде біресе қапшағайлар, біресе қоңырлар алып, бірақ ешқайсысы ұзаққа әкете 
алмаған. Көкпарға бергендері бір нән серке екен, тіпті ешкім өңгеріп жүре алмай, 
қайта-қайта түсіріп алады. Мен болсам, жұрт біраз қызықтай түссін деп Жирен 
айғырды тың сақтап, шеттеу жүргем. Бір кезде шыдай алмай кетті-ау деймін
өзіміздің Байарыстан: «Ой, өңшең тыраштар, көкпарды өстіп тарта ма екен»,- деп, 
атын тебініп қап, тартыстың ең ортасына кіріп кетті де, серкені қос қолдап 
төбесіне көтеріп, суырып алып шықты. 
− Паһ, шіркін, азаматым, балуан еді ғой. 
− Серке сөз бе екен. Байарыстан дегендер құдыққа түсіп кеткен атан түйені 
жұлып алушы еді ғой,- деп басқа шалдар да бір-бір үн қатысып қалды. 
− Иә, сонымен,- деп Байдалы шал әңгімесін жалғастырды,- әлгі Байарыстан 
жұрт алдына өңгере алмай жүрген нән серкені лақ көтергендей төбесіне көтеріп 
алып шықты да: «Мә, Байеке, әкет, тарт ауылға!» деді. Серкені алдыма өңгердім 
де, Жирен айғырдың басын қоя бердім. Жануар, зорға шыдап тұр екен. Тақымды 
қысуым-ақ мұң екен құстай ұша жөнелді. Ауыл қайдасың деп аңырады-ау, дейсің. 
Мен болсам серкені түсіріп алмайын деп үстінен қос қолдап басып, ердің алдыңғы 
қасына етпеттеп жатып алдым. Осы төңіректегі алты колхоздың небір бота тірсек 
саңлақтарына шалдырмай ауылдан кеп бір-ақ шықтым ғой. 
− О, Жирен айғырлар мал емес құс еді ғой, жануар,- деп шалдардың бірі 
қостап қойды.-Менің де бір көкпарға түскенім бар Жирен айғырмен. Жануар 
көкпардың жайын адамнан артық түсінетін. 
− Иә, иә. Алдыңғы жылы өзін әскерге әкеткенде, әлгі боянкомның1 адамы: 
«Нағыз қолбасшы мінетін айғыр екен»,- деді ғой. 
− Сөйдеді ме тіпті?! 
− Міне, Жақып тірі ғой, осының көзінше айтқан. 
− Онысы рас,- деді сөзге сараң Жақып шал да. 
Бұл кезде Тоқтар әлгі Жиренқасқа бестіге бұғалық салған. Құдай сақтасын, 
асау деп осыны айт. Аспанға шапшыды дейсің кеп, шапшыды дейсің. Арқаннан 
шірене тартқан төрт-бес адамды қаңбақ құрлы көрген жоқ. Тулап-тулап, ақыры 
жұлып шықты да құйрығын тік шаншып ап құла дүзге бет алып, шыбын-шіркей боп 
жөнелді. Тоқтар ерттеулі тұрған бір атқа міне сап қуған болып еді, қайда 
Жиренқасқа мүлде қарасын көрсетпей кетті. 
− Е, бәсе, шын асау осылай болушы еді. Шіркіннің шапшуын көрдіңдер ме. 
Атым-ақ болғалы тұр екен,- деді айызы қанып, риза болған Байдалы шал.- Ал, 
бала, екі айналымға келмейтін мәстектерді үйретіп мәз болғанша, енді мықты 
болсаң осы Жиренқасқаны үйретші,- деді Тоқтарды қайрай түсіп. 
Тоқтар жылқыдан қашаған қуатын Көкбиені ұстап міне сап, Жиренқасқаның 
соңынан кеткен. Әлден уақытта асауды кейіп қайырып оралды. Қашаған қуып 
әбден әккі болған Көкбие бастырмалатып-ақ келеді екен, тіпті жалтартпайды. 
Жылқыға жете бере Жиренқасқа шабысын сәл баяулатып, Көкбие онымен 
үзеңгілесе берген. Енді байқадық: Жиренқасқа шұбатылған бұғалықтан 
әйеншектеп, бір қырындап, көсіліп шаба алмай келеді екен. 

− Қап, өстіп жүріп осы жалғыз арқанды құртады-ау,- деді Байдалы шал 
күйзеле сөйлеп, онан соң Тоқтарға дауыстады: — Әй, анау арқанды… арқанды 
босат!.. 
Мұнан әрі қалай болғанына тіпті көз ілеспей қалды. Тоқтар шауып келе 
жатқан бойда лып етіп Жиренқасқаның үстіне бір-ақ ырғып мінді. Мұндай оқыс 
қимылды күтпеген Жиренқасқа ышқына кісінеп жіберді де атқақтай тулап, қарғып-
қарғып кетті. Бірақ Тоқтар оның жалына тастай қатып жабысып былқ еткен жоқ. 
Жиренқасқа дүркірей үріккен жылқыдан кейін бұрылып ап, тулаған күйі далаға 
қарай қайта алып жөнелген. Шұбатылған бұғалық жерді кесіп шаң көтеріп барады. 
− Ойпырмай, асауға жүгенсіз мініп мына Шымырбайдың баласы жүрек 
жұтқан екен. 
− Жазым болмаса игі еді. 
− Арқанға аяғы шалынысып ат жығылмасын десеңші. Онда екеуінің де 
мойыны үзіледі,-десіп шалдар дүрлігісіп тұр. 
Тоқтар қақпайлады ма кім білсін, бір кезде Жиренқасқа орағыта айналып 
кейін бұрылды. Бері қарай өрлеу болатын, Тоқтарға керегі де сол болу керек, ал 
кеп қамшыны басты дейсің. Жиренқасқа жұлдыздай аққан күйде кеп қалың 
жылқының ортасына қойып кетті де қақ жарып өте шықты. 
− Бұғалық қайда қалған? 
− Арқан жоқ қой! — десті жұрт. 
Жиренқасқа қатты шабыстан енді іркіліп, жылқыға қарай тағы оқыс бұрыла 
берген сәтте, Тоқтар ыршып секіріп жерге түсті, жығылған да, дәнеңе еткен жоқ, 
екі аяғымен дік еткен. Бағанадан не болар екен деп демімізді ішімізге тартып 
тұрған біздер «уһ» дедік. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   28




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет