жүйрік Санат деген бала бар, бәріміз соны мегзедік. Санат хатты қолына алды да,
судыратып оқи жөнелді. Хатты судыратып оқу да мақтаныш.
Бірінші хатта Тоқтар жараланып госпитальға түскенін жазыпты. Жарақаты
жеңіл екен оқ бүйірін жалап өткен көрінеді. Хатты бұрын да ары өткен, бері
өткендерге талай оқытып, талай жылаған кемпір бұ жолы да иегі кемсеңдеп қоя
берді.
− Жарығым… қайтып шыдады екен? Жанына батпады дейсің бе?..- деп
күңкілдеп қойды.
− Жә, енді қоя тұршы жыламай,- деді Шымырбай. Санат келесі хатты
оқыған: мұнда Тоқтар жарақатының жазылып қалғанын, тәуір болғанын жазыпты.
− Иттің баласының еті жақсы еді, маған тартқан. Қандай жара болса да ем-
домсыз тез жазылып кететін,- деп Шымырбай мәз бола сөйледі.
− Иә, со қашанда өзіңді қолпашта, байғұс,- деді көз жасын сүрткен кемпір.
Санат үшінші хатты оқыды: онда да со госпитальда жатқанын тәуір
болғанын жазыпты, ал төртінші хатта қайтадан майданға аттанып бара жатқанын
жазған, бесінші хат — майданнан жазылыпты. Жауып тұрған оқтың астындамыз
депті.
Кемпір тағы да жылады.
Алтыншы, жетінші хат, бәрі де со жауып тұрған оқ астында жазылған екен.
Ең соңғы хат осыдан бір ай бұрын келген, онан кейін хат жоқ…
Шымырбай қарт орнынан тұрып кетіп, әр нәрсені бір шұқылай бастады. Сірә,
бізге көз жасын көрсеткісі келмеген болар. Кемпір болса ағыл-тегіл жылап отыр.
Үн шығармайды, бірақ көз жасы тыйылар емес.
− Құлыным… қайда жүр екен?..- деп аһ ұрып күрсінгенде, біздер де жас
толып қалған көзімізді бір-бірімізден тайдырып, жер шұқып кеттік.
Әлден соң кемпір беті-қолын жуып кеп, әлгіндегідей емес, кәдімгідей
дастарқан жайып, үйден ала дорбаны алып шығып, бір таба нанды алдымызға
қолымен опырып турады да, әлгіндегі ағаш шелектегі айранды араластырып-
араластырып қайта құйды. Бұл жолы әрқайсымызға жеке-жеке тостаған тиді. Біз
таба нанды аузымызға бұралай тығып шайнамай қылғытып, айранды қомағайлана
сіміреміз.
− Іше ғой, айналайын, кәне тағы ішші,- деп кемпір де үстелей түседі.
Ағаш шелектегі айран да, дорбадағы нан да әп-сәтте сап болды. Қарнымыз
қампиып қозғала алмай қалдық. Бір-бірімізге мұртымыздан күле қараймыз. Кемпір
болса:
− Айналайындар…- деп елжіреп отыр. Ауық-ауық ұлы есіне түсіп кететін
болу керек:
− О-оһ! — деп терең күрсініп қояды.
Керіліп-созылып орнымыздан тұра бастағанбыз. Шымырбай қарт қасымызға
қайтып оралды.
− Ал, балалар, жол болсын,- деді.
Біз жымың-жымың етіп бір-бірімізге сен айт, сен айт дегендей түртпектесіп
тұрдық та, ең соңында бәріміз жол басшымыз еді-ау, деп Әжібекке тоқталдық.
− Қауын жегелі келдік,- деді ол түйеден түскендей етіп.
− Ә, бар бұйымтайларың сол ма? Жөн-жөн,- деді Шымырбай шал сақалын
тарамдай тұрып, ойланған кейіпте:
− Бірақ менің бір қысылып тұрған жайым бар, балалар. Қауын әлі піскен жоқ
қой, әне, пәлекте жатыр,- деп үй іргесінен жүз-жүз елу қадамдай жердегі жыраны
кеулеп салынған бақшасын нұсқады. Төңкерілген қара қазандай үлкен-үлкен
қарбыздар теңкиіп-теңкиіп көрінеді. Қызыға-қызыға көз тастап, бір-бірімізді тағы
да түртпектейміз.
− Әнең қарашы! — деп Санат маған сыбыр ете қалды. Көк есектің алдында
бір үлкен қарбыз жарылып жатыр екен. Әжептәуір. Қам жүгіріп қызара бастаған
қарбыз. Енді бәріміз сол қарбызға қарап қаппыз.
− Міне, көрдіңдер ме, әлі піспеген. Мал үзіп кеткен екен кеше, жарып көк
есектің алдына тастадым,- деді қарт әлгі жарылған қарбыздың бір бөлегін аяғымен
қозғап.
Әжібек сол жарты қарбыздың үстіне төніп түсе жаздап тұр.
− Былай болсын, балалар, сендер араға енді бір он күн салып келіңдер әй
бір, қарық қылайын бәріңді де,- деді Шымырбай.
Біз қипақтасып кете қоймай, біресе көк есектің алдында жарулы жатқан
қарбызға, біресе анау пәлекте теңкиіп жатқан қарбыздарға қарай бергенбіз.
− Әй, Тоқтаржанның көкесі-ау, көк қарбызды аяйсың ба, біреуін әкеп жарып
бер балаларға, көрсін,- деді осы кезде кемпірі.
− Сен де қызықсың, піспеген жемісті үзуші ме еді. Ол болмайтын ырым,- деп
Шымырбай қарт кесіп тастады.- Сөйтіңдер, балалар, енді он күннен кейін
келіңдерші…
Басымыз салбырап, сүлесоқ басып, келген жолымызбен ауылға қайттық. Күн
еңкейіп, көлеңкеміз ұзара бастаған. Алдымызға түсіп ап, ербең-ербең етеді: қол
аяғымыз шидей ұп-ұзын, басымыз соп-сопақ, менің көлеңкем анау деуге
намыстанасың. Біріміздің көлеңкемізді біріміз мазақтап, жыртақтап күлеміз:
асқабаққа теңейміз, қиярға теңейміз, астауға теңейміз, келсапқа теңейміз…
теңемейтін затымыз қалмайды.
Жыланша бұралаңдаған ирек жолмен біріміздің артымыздан біріміз тізіліп
жотаның үстіне шықтық. Иіріле қап кейін қарағанбыз. Шымырбайдың үйі табанда
сай ішінде жәпірейіп кіп-кішкентай ғана боп қалыпты. Мұржасының түтіні
будақтайды, тасада тығылып отырып тартқан шылымның түтіні сияқты: қарттың
өзі қорасының төбесінде бағанағы шөбін жаймалап жүр, кемпірі есігінің алдында
күйбің шаруаға кіріскен, ал көк есек ойыншық сияқты кіп-кішкентай боп сол бір
орнында сілейген де қалған.
− Бір қарбызын аяды-ау мына шал,- деді Әжібек тісінің арасынан сөйлеп.-
Зәуімен сонау ауылдан келгенімізде көк есегі ғұрлы болмадық қой. Қап, қорлығы-
ай, мына қақпастың.
Әуелі ренішпен жай бастаған сөзінің соңын кіжіңмен аяқтады.
− Ал енді ерегескенде бар ғой, бүгін осы шалдың қауын-қарбызынан дәм
татпай кетпеймін.
− Мен де,- деді Қайрат іле қоштап.
− Мен де,- деді тағы бір бала.
Сол-ақ екен, тұс-тұстан, бәріміз де: «Мен де, мен де» — десіп шулап кеттік.
− Айтқанымнан қайтпан, ант етем сендердің алдарыңда,- деп Әжібек оң
қолын көкірегіне апарып, батып бара жатқан күнге қарап тағзым еткен. Мына
қылығы бізге мүлдем қатты әсер етті, кәдімгі үлкен жорық алдындағы ердің
антындай. Дереу бірімізден кейін біріміз Әлсібектің сөзін қайталап, батар күнге
қарап тағзым ете тұрып ант бердік.
− Жүріңдер, күн батқанша анау қылтада жасырынып жатамыз,- деді
Әжібек.- Шабуылға шығардың жоспарын сол жерде ойластырамыз.
Әжібектің айтқаны біз үшін екі дегізбес заң. Қайрат пен және бір баланы
барлаушы ғып жотаның үстіне отырғызып қойды. Ол екеуі Шымырбай шалдың
үйіне біреу кеп, біреу кете ме, түнге қарай не істеп, не қояды соны тегіс бақылауға
тиіс. Қалғандарымыз тасаға барып жасырынып жаттық. Бастаушымыз өзің, бір
саған сендік дегендей бәріміз Әжібекке қарай береміз.
− Кәне, мені бір жыбыр-жыбыр жасап жіберіңдерші,- деп ол етпетінен жата
кетті.
Тау шөптерінің арасынан бір-бір шоқтан таңдап алып жыбыр-жыбырға
кірістік. Әжібек тағы да, ой, есінен танып, рақатқа батты дейсің. Шетімізден мақтау
естіп, мәз боп қалдық.
− Бәрің менің сарбазымсыңдар, оң қолымсыңдар! — деп бір тастады.-
Бүгіннен бастап жұбымызды жазбайтын боламыз. Біреуіңе қиянат істер адам
болса, ол біздің бәріміздің қас жауымыз.
Шіркін, сол кезде жер үстінде біздерден бақытты жан болды ма екен?! Әй,
қайдам! Әжібектің қарамағында болу, оның айтқандарын қалтқысыз атқарып,
нөкері боп жүруден артық не арман бар еді бізде.
Үсті-басы әбден қызарып, қотырларының аузы қанталаған Әжібек орнынан
тұрды.
− Жыбыр-жыбырға осы жердің шөбінен алып кету керек екен,- деді.
− Алып кетуге болады. Мен мына жейдемнің етегін ышқырланып алам да,
ішіне салып жүрем,- деді мәймөңкелеген бір бала.
− Мен де сөйтіп алам,- деді екінші бала. Қойшы, қысқасы, әлгі жердің
шебінен бәріміз де жейдемізді қампитып тығып алдық.
Кештің түсуін күтіп иіріліп отырмыз. Күн қып-қызыл боп шелденіп батуға
таяу. Найза тастардың ұштары бояулы қарындаштай қызыл күрең тартып жан-
жақтан состиып тұр. Аспандағы ала шабыр бұлттардың бауыры жарып-жарып
қойған қарбыздай қып-қызыл.
− Хе-хе-хе-хе, шіркін! Қазір күн батсын кішкене, аш бөрідей тиісерміз,
бүйірден,- деп сақылдай күлді Әжібек, батырлар жырын оқығандай мақамдап.
Діңкелеп шаршаған күн де ұясына барып қонды-ау ақыры. Найза тастар
ымырт қараңғылығына сұғынып қарауыта бастады. Тау жақтан салқын самал
соқты. Бойымыз сәл тоңазып, орнымыздан ширыға көтерілдік.
Шабуылға шығатын тұсты бағана күн жарықта Әжібек белгілеп қойған:
Шымырбай шалдың үйінің желке тұсындағы тік қабақтан дәл қауындықтың үстіне
құлап түспекпіз, жегенімізше жеп, көтергенімізше алып, у-шусыз сол тікпен қайта
көтеріліп кетпекпіз. Біздің жоспарымыз бойынша Шымырбай ол тұстан ұры келеді
деп күтпейді де, ештеңені сезбей де қалады.
Әлгі тік қабаққа келдік, алды-артымызға қарамастан темен қарай шұбыра
домалап жөнелдік. Қалың бөргез, тобылғы, қараған өскен, жықпыл-жықпыл
тастары көп қия екен. Әзер түстік. Алдымыз қауындыққа жетіп бір-бір қарбызды
көтеріп ұрып, енді бас қоя бастағанбыз, Шымырбайдың бағанағы тайыншадай
төбеттері арсылдап қоя берместері бар ма. Ең болмаса, бір асап үлгірмеген
жарулы қарбызды тастай сала кейін қарай зыттық бәріміз де. Сүріне-қабына,
бірімізді-біріміз басып кетердей боп тік қияға қаштық. Төбеттер арсылдап жетіп те
қалған. Артқы бір-екі бала қорыққандарынан бақырып жіберді. Осы кезде үй
жақтан:
− Майлыаяқ, Құттөбет! Кә, кә! — деген Шымырбайдың даусы шығып
жанымыз қалды. Екі төбет те ұмтылғандарын қойып, жай ғана арсылдай үріп кейін
қала берді.
Біз болсақ өліп-өшіп, екі өкпемізді қолымызға алып, қияның үстіне шықтық.
Бөргез тікен мен бұталар үсті-басымызды алым-жұлым ғып жіберді. Қияның үстіне
шыққан кезде Әжібек:
− Кәне, тас жинаңдар! — деп бұйырды.- Егер қуатын болса шалды да,
иттерін де тастың астына аламыз.
Дереу қараңғыда сипаланып жүріп тас жинай бастадық. Бірақ Шымырбай
артымыздан қуған жоқ. Әлден уақытта төменнен:
− Әй, балалар! — деп дауыстады.- Шырақтарым, бұларың не? Піскен жоқ
деп бағана айтпап па ем өздеріңе. Міне, піспеген көк қарбызды босқа жарып
тастапсыңдар. Не шықты содан. Әй, балалар-ай!.. Өздерің жейтін қауын-
қарбыздар еді ғой.
Біз тырс етіп дыбыс берместен құлағымызды елеңдей тігіп тыңдап тұрмыз.
Демігіміз әлі басылар емес. Шымырбай тағы бірдеңелерді айтып күңкілдеп сөйлеп
жүр. Арпылдап үріп қоймаған иттеріне: — Жә, жатыңдар, әрі! — деп жекіргені
естілді. Кемпірі келді. Екеуі күңкілдей сөйлесіп, біраз жүрді. Онан соң! — Әй,
балалар! — деп, бізге бір-екі рет дауыс берді де, жауап болмаған соң иттерін
ертіп, үйлеріне кетті. Сірә, бізді де кетті деп ойласа керек.
− Біржола ұйықтасын енді,- деп қойды Әжібек.- Қап, жаңағы менің
жарғаным піскен қарбыз еді, алып кетті-ау, ә.
− Мен ортасынан бір асап едім, тәп-тәтті екен,- деді Қайрат.
Біз сол отырғаннан ұзақ отырдық. Қараңғылық әбден қоюланды.
Табанымыздың асты тастай қараңғы шыңырауға айналды, үңірейіп жатыр,
бір кішкентай ғана от жылт-жылт етеді. Шымырбай шалдың есігінің алдындағы
қоламтаның оты.
− Ал еріңдер соңымнан! Домалап кетпей, абайлап түсіңдер! — деп
сыбырлап бұйрық етті Әжібек. Өзі төмен қарай қараңғылыққа сүңгіп кетті, аяқ
астындағы тастардың тықыры, бұта-бұтаның сыбдыры ғана естіледі.
Қалғандарымыз жүрексініп іркіліп қалғанбыз.
− Жүріңдер! — деп зекіген бұйрық естілді төменнен.- Тек дыбыс
шығармаңдар!
Қараңғыда қолымызға ілінген бұта-бұталардан қарманып ұстанып біз де
домалана жөнелдік. Тік қия, өте тайғақ, мүлт бассаң кеткенің, бөргез тікендері,
сойдиған бұталар үсті-басымызды жұлмалап, тырналап келеді, аяқ асты — қырлы
тастар сүрініп омақаса жаздайсың, табанды тілгілейді.
Сүріне-қабына қауынға да жеттік. Әжібек үлкен бір қарбызды жерге гүрс
еткізіп қойып қап, қақ айырып, қолды салып та жіберіпті. Қомағайлана асайды.
Қолымызға ілінгенді біз де жерге қойып қап бір-бір асап үлгірдік. Піспеген ап-ащы
екен, тастай бере келесі бір теңкиіп жатқанды көтеріп ұрдым. Сөйтіп, қозы қораға
түскен аш бөрілердей әп-сәтте қауындықтың үстін әлем-тапырық қылдық, қолға
іліккеннің жарылмағаны қалмады, жесек те, жемесек те жара бердік. Бүлдірудің
құмарлығы, қызығы әбден билеп алған еді бойымызды.
Әуелде үнсіз келіп сақтықпен кіріссек те, сәлден кейін кей бірімізді есірік
жеңіп, дыбыс шығарып «аһылап, үһілеп», бір-бірімізге дауыстай мақтанып, мүлдем
есіріп кеттік. Шу-шу етіп аяғымызға ілінген қарбыз желілерін тепкілеп үзіп,
қараңғыда қарбызға таласа бастадық.
Осы кезде Шымырбайдың қос төбеті тағы да арпылдап үре бастады. Біреуі
тіпті ұлып-ұлып үрген.
− Жә, өй, өз басыңа көрінгір! — деген шалдың даусы шықты.
Біз тағы да зәре-құтымыз қалмай кейін зыттық. Тағы да бұта-бұтаға бет-
аузымызды жырғызып қияға өрмеледік.
− Тас! Тас! Тас алыңдар!.. Итті ұратын! — деп бұйырды Әжібек. Бірақ бір
таңқаларлығы үй жақтан жұлқынып үргендері болмаса иттер әлгіндегідей қуған
жоқ соңымыздан. Оның есесіне:
− Әй, иттің балалары-ай, сендерді ме! — деп ақырған Шымырбайдың даусы
өте жақыннан естілді. Сірә, өзі қуып келе жатса керек.
Біз қияның орта тұсына таяп к,алғанбыз. Балалардың біреуі үлкен бір тасты
сайға қарай домалатып жіберген, сайдың іші салдырлай жөнелді. Сөйткенше
болған жоқ, тағы біреу тас домалатты. Алды-артымызға қарамай тағы зыттық.
Соңымыздан салдыр-гүлдір домалаған тастардың жаңғырығы, «о-о!..» — деп
күңірене айқайлаған Шымырбай шалдың даусы естілді. Біздерді қарғап-сілей
бастады. Көпке дейін басылған жоқ. Тау арасын жаңғырықтырып зарлай созған
даусы естілді де тұрды.
Біз сол қашқан бойда екі-үш жотаны асып барып, бір-ақ тоқтадық.
Алдымызда келе жатқан Әжібек кейін қайырылып:
− Түгелсіңдер ме? — деп сұрады.
− Түгелміз.
− Ештеңе ала алдыңдар ма?
− Мен екі қарбыз алдым,- деді Қайрат.
− Маладес!
− Мен де екеу алып қашып едім, біреуін домалатып алдым,- деді Санат.
− Мен мына бір үлкен қарбызды алып шықтым,- деді тағы біреу.
Сөйтіп ұрлап шыққан қауын-қарбыздарымызды ортаға салдық.
− Ал енді бұларды ауылға апаруға болмайды,- деді Әжібек.- Осы арада
отырып рақаттанып жеп алайық.
Айдалада, түннің бір ортасында су татыған көк қарбыз бен көк қауындарды
дірдектей отырып жеп алдық…
Ертеңіне үй ішіндегі абыр-дабырдан ерте оянып кеттім. Бет-аузым түндегі
жеген қауын-қарбыздан сірне-сірне боп тырысып қапты. Ернімді жалап керіп едім,
дүрдиіп ісіп кетіпті, ұшық шыққан сияқты. Үй ішінде әжем мен көрші кемпір
сөйлесіп отыр екен.
− Сорлы Шымырбай, сорлады ғой, сорлады ғой,- деді әжем күйзелген
үнмен. Мен елең етіп құлағымды түргем: Тоқтардан қаралы қағаз кепті, ауылдың
ақсақалдары жиналып соны естіртуге барғалы жатыр екен. «Түу, мен де бір,
түндегі жорығымызды сетіп қойды ма деп, зәрем ұшса, қаралы қағаз екен ғой…» —
деп ойладым.
Бұ балалық дегенді қойсаңшы. Сол бір оқиға есіме түссе күні бүгінге дейін
кірерге жер таппай қысыламын. Сонымыз не біздің? Неге біз сондай болдық?
Жалғыз үй шал-кемпірге не үшін қиянат жасадық сонда? Жазығы не еді олардың?
Неге?.. Неге?.. Бәлкім, балғын балалығымызға жара салған соғыс кінәлі шығар,
күтімсіз өскен жабайы алмадай ащы болуымыз да содан шығар, жабайы алманың
тісті қамап сырқырататыны тәрізді жанға батар қылықтар істеуіміз де содан
шығар? Кім білсін. Бір нәрсе ғана ақиқат: өзің ақымақ, әрі қорқақ болсаң жауыз
болуың да оп-оңай, тек бастаушың болсын.
Сәлден кейін Нұғыман кешегі қауынға ұрлыққа аттанған барлығымызды
кеңсеге шақыртып алды. Менің апам да осында екен. Екеуі де түнеріп ашулы отыр,
бізге жек көріп суық қарайды. Ортамызда Әжібек жоқ боп шықты.
− Әлгі басшысы қайда бұлардың? — деді Нұғыман біздерді шақырушы
балаға.
− Ол таң атпай тұрып станциядағы нағашысына кетіпті. Сол жақтан жұмыс
істеп, оқу оқимын дейтін көрінеді.
− Қашқан түрі ғой. Сол жақтан-ақ ұстаймыз оны. Ал сендерді қазірден
бастап анау тас қораға он күнге қаматам, ешқандай тамақ бергізбеймін,- деді
Нұғыман біздерге түйіле қарап.- Сендердей ұрыларды аштан қатырғаннан басқа
амал жоқ.
Біздер зәре-құтымыз қалмай дірілдеп кеттік. Нұғыманның тас қораға апарып
он күн бойына қамайтынына, еш тамақ бергізбей аштан қатыратынына титтей де
күмәніміз болған жоқ. Мен араша түсе ме дегендей апама қарағам, мүлде селт
етер емес, қабағын қарс жауып алған, алдында баласы — мен емес, тура бір
фашист отырғандай түсін бермейді. Нұғыман одан:
− Сіз балаңызды қамағанға қарсы болмайсыз ба? — деп сұраған.
− Жоқ, қарсы емеспін. Алыс бір жаққа айдатып жіберсеңіз тіпті жақсы болар
еді. Мұндай қарақшы баланың маған барынан жоғы,- деді апам түңілгендей.
Мен шыдай алмай жылап жібердім.
− Апатай-ай, ендігәрі ондай ештеңе істемейін, кешірші мені… кешірші…
Сол-ақ екен басқа балалар да шуылдап жылап қоя берді, олар да бастыққа,
менің апама өлердегі сөздерін айтып, жалынып-жалбарынып кешірім сұрап жатыр.
− Жарайды,- деді әлден уақытта Нұғыман,- бір жолға кешірейік. Ендігәрі
олай істеуші болмаңдар.
− Істемейміз.
− Енді Әжібекке ілеспейміз,- деп бір ауыздан уәде бердік.
− Барыңдар! — деді енді Нұғыман даусын жұмсарта сөйлеп,- Бір сағаттан
кейін пішенге баруға дайындалып, осы кеңсенің алдына жиналыңдар. Байдалы
арбамен Қоғалыбұлаққа апарып салады.
Айтқанындай бір сағаттан кейін қос ат жегілген Байдалының арбасына
тиеліп, ауылдан алты-жеті шақырымдағы пішеншілер қосы — Қоғалыбұлаққа жол
тарттық. Қос көк ат бастарын шұлғып қойып, сонадан қорғаншақтап өздерін өздері
құйрықтарымен сабалап бүлк-бүлк желеді, арба борпылдақ қара жолмен былқ-
былқ етіп тербетіледі. Төңіректегі балқұрақ сәске күннің қыздыра бастаған
аптабына майланған қайысша балбырап, былқып тұр. Гүл қуған неше түрлі
көбелектер сайпалақтай ұшып аттардың баурына, арбаның астына кіріп кете
жаздайды, ал шегіртке дегенің жыртылып айырылып жатыр, Аттың шашасынан
шашылған құмдай бытырайды. Байдалы шал дамылсыз сөйлеп келеді. Бар сөзі
Әжібекті жамандау.
− Бас бітімі жаман ғой иттің шақшадай боп. Әй, әсте жақсылық шыға қоймас
ол бастан. О, ол ма? Ол әлі жер өртейді, көріңдер де тұрындар. Осы айтқаным
келмесе мына мұрнымды кесіп берейін,- деп қояды.
Қоғалыбұлаққа жеткен соң әрқайсымыз бір-бір өгіз сүйреткінің басына
мінуге бөліндік. Мен әуелден-ақ Нәзира әпкемнің жетегіндегі сүйреткінің басына
мінуді меншіктеп алғам. Солай қарай жүрдім. Мені анадайдан таныған Нәзира
әпкем де жайраң қағып қуанып қарсы ұмтылды. Он күндей көрмегенге сағынысып
қаппыз. Мені баурына қысып құшақтап бетімнен, көзімнен сүйді. Өзі күнге әбден
қарайыпты және бір байқағаным бұрынғыдан да гөрі өсіп, толысып кеткен сияқты.
Мұрнының үсті шып-шып тершіп тұр. Құшағы да, демі де ып-ыстық екен, мені де
лезде терлетіп жіберді.
− Әжем, апам ауырмай ма? Балалар қалай? Ауылда не жаңалықтар бар?
Маған хат келген жоқ па? — деп бастырмалата сұрап жатыр. Әрине, хатты кімнен
күтетінін мен жақсы білем.
− Бәрі аман, бәрі жақсы. Ешқандай хат келген жоқ,- деймін мен, бірақ көзіне
тура қарап айтуға жүзім дауаламай, теріс айналдым. Тоқтардан келген қаралы
қағаз есіме түскенде жүрегім суылдап қорқып кеттім.
− Ал жарайды, кейін сөйлесерміз. Кәне, өгізге мін,- деп аяғымнан көтеріп
мінгізді,-Келгендерің жақсы болды ғой, әйтпесе өзіміз өгіз жетектеп, одан шөмеле
тиеп ит әуре боп жүр едік.
Мен егіздерді қақпайлап шөмелелерді жағалата жүріп отырдым да, әпкем
сүйреткіге шөп тиеуге кірісті. Қимыл-қозғалысы нық, қарулы. Анда-санда маған
күле қарап қояды. Сүйреткіге шөпті таудай қып тиегеннен кейін салынып жатқан
маяның түбіне әкеп, маяшыларға көтеріп бере бастады. Маяның үстінде Көлбай
керең екен, қағып алып жаймалайды.
Түсте қос басына жиналып, тамақ ішуге отырдық. Әйелдердің бірі:
− Балалар, айтсаңдаршы, ауылда не жаңалық бар? Ешкімнен жаманат хабар
жоқ па? — деп сұраған. Осы арада Қайрат:
− Ойдағы Шымырбай шалдың баласынан қаралы қағаз келді,- деп дүңк
еткізіп қойып қалды.
− Не дейді?
− Не дейсің, ойбай, Тоқтардан ба?! — десіп әйелдер шу ете түсті.
Нәзира әпкемнің, отыра бергені сол еді, көзі шарасынан шыға жалт етіп
Қайратқа қадалды. Қайрат болса қаннен-қаперсіз қаралы қағаздың қашан
келгенін, ауыл ақсақалдарының жиналып Шымырбайдікіне естіртуге кеткенін
егжей-тегжейімен айтып шықты. Енді бір сәтке жұрт тегіс Нәзира әпкеме қарай
қалған. Ол басын тұқыртқан күйде өңі бұзылып, сұрланып өне бойы дір-дір етіп,
менің білегімнен тастай қып қысып ұстап алды да, мелшиіп отырды да қойды.
Тоқтарды естеріне алып, көздерін сығымдаған, әке-шешесіне жанашырлық айтқан
әйелдердің сөздеріне де селт еткен жоқ. Алдына қойылған быламық көжеге де қол
созған жоқ, со күйі қалды. Жұрт орындарынан көтерілген кезде, ол да тұрып, мені
ертіп әлгіндегі сүйреткіні доғарған жерімізге қарай жүрді. Жасаурай берген көзін
маған көрсеткісі келмей аспанға, ала шабыр бұлттарға қарады.
Кешке дейін ләм деп сөйлеген жоқ, жұмысты үнсіз істеді. Екі-үш рет айырға
сүйене тұрып әбден титықтап шаршағандай жабырқау, жүдеу кейіпте: «О-о…» деп
күрсініп қойды.
Жұмыс қас қарая тоқтатылып, пішеншілер қос басындағы, құжынаған
жынды көбелектер мен шыбын-шіркейлердің талауына түскендей жалп-жұлп еткен
май шамның көмескі жарығында қалғып-мүлгіп отырып кешкі тамақтарын ішті де,
әркім қалаған жеріне шөп төсеп, қисая-қисая кетті де ұйқыға кірісті. Мен Нәзира
әпкемнің ірге жағына кеп тығыла жатқам. Енді ұйықтап барады екем, астымдағы
қурайлы шөп сылдыр етті. Селк ете түсіп, көзімді ашқам, Нәзира әпкем түрегеп
кетіп барады екен. Алды-артына қарайтын емес, қараңдап алыстап барады. Ұшып
тұрдым да соңынан ілестім. Қараңғыда аяғыма шөгірлер батып ұшып түсе
жаздаймын, бірақ сонда да Нәзира әпкемнен көз жазбай келем. Қостан кеп ұзап,
алыстап кеттік. Бір кезде алдымда келе жатқан Нәзира әпкемнің өксігені, одан үн
шығарып жылағаны естілді. Тағы біраз жүре түскен соң, кәдімгідей дауыс салып
жылады. Әуеліде сөйлеп-сөйлеп алып жылаған:
− Неден осынша бақытсыз болдым. Неден осынша сормаңдай едім. Жарық
дүние-ау, қай күні ғана қарғысыңа шалынып тудым екен. Әкеден айырылғаным
анау, сүйгенімнен айырғаның мынау… Неден жаздым?.. Неден?..
Біраздан кейін сөзді қойып, ыңырсып жылап, зарлы жоқтауға ауысты. Өзі
дамылсыз жүріп келеді, шабылмаған қалың шабындыққа шыққамыз, соны кешіп
келеді, сөйтіп келе жатып жоқтау айтып келеді. Жанына батқан қайғыға
қабырғасы қайысып, егіле жылап, зар илейді. Мен де жылап келем. Тоқтарды
есіме түсіріп, ол енді еш уақытта Нәзира әжеме кеп, біздің үйді торуылдап
жүрмейді-ау деп, ойлаған сайын ішім удай аши түседі. Өкіріп жылағым келді.
Нәзира әпкем құсап ішімдегімді мен де сөзбен, зарлы жоқтаумен шығарғым келеді.
− Тоқтар аға!.. Тоқтар аға!..- деп еңіреп жылап жібердім де алға қарай
жүгірдім, шабындыққа аяғым оралып сүрініп жығылғам, тұра сап қайта жүгірдім.
Нәзира әпкем екеуміздің құшақтарымыз айқаса кетті, айдалада екеуміз де
ішіміздегі құсталықтарымызды ағыттық. Дауыс сап, көрісіп тұрып жыладық. Қанша
уақыт жыладық, аз ба, көп пе, білмеймін. Есімді жиып, басымды көтерсем,
Достарыңызбен бөлісу: |