− Арқан қайда? — деді Байдалы шал.
− Әнеу жерде, ши қияқтың тұсында қолымнан түсіріп алғаным,- деді Тоқтар.
− Пах шіркін, Жиренқасқа да ат-ақ екен, сен де жігіт-ақ екенсің! — деді
ауылдың ең үлкен ақсақалы, тоқсанға келген Қуатбей шал сүйсініп.
− Мен мұны өзін мігіт пе деп жүрсем, жо, жігіт екен,- деді Байдалы шал да.-
Әй, Әжібек, анау ерттеулі атқа міне сап барып, арқанды алып келші.
Біздің, балалардың, Тоқтарға сүйсінуімізде шек жоқ еді.
Көктемге қарай біз, балалар, сиырдың түлеген өлі жүнінен алақанымызға
сап домбақтап-домбақтап бір-бір жүн доп жасап алатынбыз. Бірауық көше
ортасында сол жүн доптарымызбен ойнаушы ек. Неше түрлі ойындарымыз
болатын: «қашпалы доп», «жұмыртқа», «шошқа доп», деп .бірінен-бірі қызық боп
кете беретін. Сондай бір ойынның кезінде, қасымыздан бригадирдің атына мініп
алған Әжібек өтті. Бізге таяй бергеннен-ақ қатты-қатты тебініп, тізгінді жұлқа
тартып аттың текірек жорғасына салды да, өзі көлеңкесіне қарап қойып, тікіреңдеп
әндете жөнелді.
Түбіне Қособаның жатып алдым,
Біреуді мергендікпен атып алдым.
Болған соң өзім батыр кімді аяйын,
Өлтіріп, Байдалының атын алдым.
Гик-кай-га-га-га
Гик-кай-ай-ай-а-ай…
Біз болсақ ойынымызды тоқтатып аузымызды ашып, оған қызыға қарап
қалғанбыз. Әжібек анадай жерден аттың басын кілт қайта бұрып, біздің
қасымыздан тағы да бір ойқастата әндетіп өтті. Қыз Жібектің тұсына кеп, Төлегенді
өлтіргенін естірткенде, сірә Бекежан да Көкжорғамен дәл осылай ойқастатқан
шығар дейміз.
− Әй, Әжібек,- деді осы кезде көшенің сонау басындағы үйінің алдында
тұрған Байдалы шал бүкіл ауылды басына көтере айқайлап.- Ә, әкеңнің аузын,
басыңды… шақша бас! Әй, мен саған шаппай барып суғар дедім, ғой!.. Желкең
үзілгір, қинама атты!..
Әжібек болса бет-аузын қисаңдатып оны мазақтап қойды:
− Кинәмә әтті,- деді тілін шайнай мәңкілдеп,- Өй, кәкпәс. Өлтіріп кеттім бе
десем тірі тұр ғой, әлі.
Әрине, Байдалы шал алыстан мұның бет-аузын қисаңдатып мазақтағанын
да, айтқан сөздерін де көріп, естіп тұрған жоқ.
Әжібек көлеңкесіне қарап қойып:
Гик-кай-ги-га-га-га
Гик-кай-ай-а-ай… −
деп еліре әндетіп, атты тағы да езулеп, тебіне түскен. Едәуір ұзап барды да
кенет тізгінді тартып, тағы кейін қайырылды.
− Әй, Қанат, бері келші! — деді маған. Мен жүгіріп қасына барғам.
− Сен неғып жүрсің мұнда?! — деді қабағын шытып.— Дабай, үйіне қайт!
Көкеңнен қаралы қағаз кеп, жұрт соны естірткелі үйіңе жиналып отыр, ал сен
болсаң, панимайш, ойнап жүрсің. Өй, доп қуған дозар!..
Мұнан әрі не болғаны анық есімде жоқ, үйге жүгіріп қалай жеткенім, талып
жатқан апамның үстіне қалай құлап түскенім, әйелдердің бетіме су бүріккені —
бәрі еміс-еміс қана. Құлағымда тек азан-қазан жылап-сықтаған дауыстар, ауыл
адамдарының өң мен түстей бет әлпеттері: бірінен кейін бірі дауыстап келіп
жатыр, кейбіреулері құшақтап жылап менімен де көріседі, ондайда өне бойым
ұйып, тұншыға бастаймын, бетіме біреулер тағы да су бүркеді… Түннің бір
мезгілінде талықсып ұйықтап кетіппін. Таңертең оянып, басымды көтерсем: үй
ішінде ауылдың кемпір-шал, қатын-қалаштары шай ішіп отыр екен. Дастарқан
үстінде әр үйден келген: бауырсақ, туралған таба нан, қазан жаппа, ірімшік-құрт,
сүтке шыланған талқан. Көзім әжеме түскен, бет-аузынан сау-тамтық жоқ, жосадай
боп тырналған, көгеріп ісіп, көлкілдеп тұр, өзі жиі-жиі: «У-уһ!» — деп күрсініп
қойып, шай ұрттайды. Дастарқан басынан апам көрінбеген, кейіннен байқадым,
мен жатқан кереуеттің түбінде жерде шалқасынан жатыр, көзі жұмулы, тек
кеберсіген ернін ғана жыбырлатады. Қасында оты рған әйелдердің:
− Басыңды көтеріп, ыстық шай ішші,- дегендеріне үндемейді. Маған ешкім
көңіл аударған жоқ. Кереуеттен сырғып түстім де сыртқа шықтым.
Сәске кезі боп қалған екен. Күн күндегісіндей жаймашуақ маужырап тұр.
Есік алдында екі-үш самауыр қойылыпты, жерошақ қазылып, қазан асылып жатыр.
Көкемнің бәсіресі атап, көкем соғыстан аман-есен қайтқан күні соямыз деген, ала
қыстай үй-ішіміз боп тегіс мәпелеп, басқа малдан ерек күтіп жемдеген, шөптің де
тәуірін соның аузына ұстаған Көксеркенің терісі қораның іргесінде ілулі тұр. Әрине,
қазанда асылып жатқан — сол Көксеркенің еті. Көрші-қолаң әйелдердің бірі шай
демдеп, бірі қазанның көбігін алып жатыр, енді бір-екеуі қол диірменді орталарына
алып, қаптың түбінде қалған соңғы бидайдан үн тартып отыр. Кәдімгі, ауылдағы
қаралы қағаз келген қаралы үйдің қалыпты әрекет-тіршілігі. Мені сәл
таңдандырған — отын бұтап жүрген адам болды. Әдетте мұндай шаруаны ең
жақын туыс-туғаның атқаруы тиіс, ал біздің үйдің отынын Тоқтар жарып жүр. Ол
бізге ешқандай да жақын туыс-туған емес қой деп таңданам. Нәзира әпкемді
іздестіргем, анадай жерде иінағашпен бұлақтан су әкеле жатыр екен. Өңі сынық,
тұнжыраңқы, ешкімге көз салмастан, бос тұрған самаурынның біріне әкелген
суының бір шелегін құйып, от тұтатты.
Мен үйдің бұрышында күн шуақта екі тіземді құшақтаған күйі ұзақ отырдым.
Үйдің ішінен жылаған дауыс шыққанда селк ете түскем, әжем екен жоқтау айта
бастаған. Зарлы қоңыр даусы өне бойымды дірілдетіп жіберді.
Құлыным кетті-ау, бел асып,
Беліне белбеу жарасып.
Жарасқаны құрысын-ай,
Қапыда қалдым адасып…
А-ай…
деген кезде, көз алдыма беліне белбеу буынған көкем келді, со күйі түсі
суық, артынан жылап-сықтаған бізге еш қайрылмастан, адымдай басып бел асып
кете барады; дәл бір отынға баратын адамша жайбарақат адымдайды, бірақ енді
бізге еш уақыт қайтып оралмайтындай боп кетіп барады; өзі жападан-жалғыз…
«Қайда барасың, көке-ау, бізді тастап? Қайда кеттің?».. Ып-ыстық жас көзіме
құйыла берді. Көз жасының ып-ыстық болатынын мен сонда бірінші рет сездім.
Дауыстап жылап жібере жаздап, өзімді-өзім зорға тежеп тістеніп, бетімді екі тіземе
бастым. Әлден уақытта біреу басымнан сипады, қарасам Тоқтар екен. Оның да көзі
жасқа толып, иегі дір-дір етіп, тістеніп қасымда отыр екен. Оған қарай еңкейе
беріп, баурына бетімді басқан күйде еңіреп жылап жібердім.
− Қанат… Қанат…
Ол басымнан, арқамнан сипап жұбатқысы келеді, мен онан сайын өкси
түсем. Біраз жылаған соң ішіме толған ащы өксік түгел сыртқа шығып, көкірегім
босағандай болды. Жылауымды қойып, басымды көтердім. Іштегі жоқтау айтқан
әжемнің даусы да басылыпты.
− Беті-қолыңды жу,- деді Тоқтар шәугімнен қолыма су құйып. Салқын сумен
жуынып, есімді жинап, сергиін дедім. Тоқтар өзі де жуынды. Нәзира әпкем
екеумізге үйден сүлгі алып шығып берді, өзінің көзі ісініп қызара жасаурап тұр
екен, мені жылатқысы келмеді-ау деймін, қабағын шытынып, тез теріс айналып
кетті.
− Сен еркексің ғой, бүйтіп көп жылай берме,- еді енді Тоқтар.- Әйтпесе, әне,
апаң қайта-қайта қысылып қап жатыр, сенің жылағаныңды көріп онан әрмен
қиналады ғой.
Осы кезде есік алдына колхоз бастығы — Нұғыман кеп атынан түсіп жатқан,
Тоқтар со кісіні қарсы алуға тұрып кетті. Нұғыман өлікке әсте жылап келмейтін
адам, қаралы үйге ылғи осындай жылау-сықтау басылды-ау деген кезде келіп,
көңіл айтып қана шығатын. Оған жылауға да және жылап-сықтау дауыс шыққан
жерге баруға да болмайтын. Бір кездері — колхоз ұйымдастыру жылдарында оны
бай-құлақтар өшігіп, тірідей жерге көмген екен, содан аурулы боп қалған. Аурулы
екені түрінен де белгілі, ап-арық, жағы суалған, көзі бажырайып, еш уақытта
күлмейді. Қасында тұрған адамға қарағанның өзінде, бір түрлі, сонау алысқа қарап
басқа бірдеңені ойлап тұрғандай болады. Соғысқа дейін пенсия алып, ешқандай
жұмыс істемейтін. Үйінің төңірегіне бау-бақша өсіріп, ермек етіп, тау бөктеріндегі
жабайы алмаларды екпе алмамен будандастырам деп әуре болған көрінеді. Ал
соғыс басталып, дені сау ер-азаматтар тегіс майданға аттанған соң, амалы жоқ,
колхозға бастық болған.
Үйге кірген Нұғыман көп отырмастан қайта шықты. Нәзира әпкемді шақырып
алып, хал-жағдайымызды сұрады да бір парақ қағаз жазып берді.
Осы қағаз бойынша колхоздан жәрдем ретінде бір қой, екі пұт ұн алыңдар,-
деді.- Тоқтар қалқам, сен өзің жәрдемдесерсің.
− Мақұл, аға.
Атына мініп кетуге ыңғайланған Нұғыман:
− Нәзира шырағым, егер бірдеңе қажет болса ұялмай өзіме кел,- деді тағы
да.
Сөйтті де атын тебініп жүріп кетті. Бағанадан байқап тұрғам, маған
бастықтың аттан түсісі де, мінген кезі де, ат үстінде отырғаны да бір түрлі қызық
көрінді.
− Онысы несі? — деп сұрағам Тоқтардан.
− Кеудесіне көрсет киеді,- деді.
− Ол не?
− Темірден жасаған кеудеше.
− Онысы несі, оқ өтпесін дей ме.
− Әй, Қанат-ай, қайбір жетіскенінен киеді дейсің. Кеудесі ауру ғой, оның
үстіне екі қабырғасы және жоқ.
− Қабырғалары қайда кеткен?
− Анау жылдары бай-құлақтар жерге тірідей көмгенде екі қабырғасы сынған
екен, кейін оны операция жасап алып тастады.
− Ә-ә…
Қаралы қағазға қарап отырып апам көкемнің қырқын беретін күнді есептеп
шығарған. Соған әзірлене бастадық. Анадағы колхоз берген қойды әжем аннан-
мұннан қаққыштап жем тауып байлап әжептәуір семірткен болатын, соны сойып
алдағы жұмада құдайы тамақ бермекпіз. Үйде отын жоқ еді. Нәзира әпкем екеуміз
таудан тобылғы шауып әкелуге шықтық. Екеуміз түске дейін жүріп, бүр жарып
гүлдей бастаған тобылғыдан әрқайсымызға арқалап жүре алатындай етіп
лайықтап екі арқа тобылғы шауып алдық. Нәзира әпкем оларды тап-тұйнақтай ғып
буды да төмен қарай домалатып жібердік. Табанға түскен соң өзді-өзіміздің
тобылғымызды арқалай бастағанбыз, ауыл жақтан қылтадан сопаң етіп Тоқтар
шыға келді. Анадайдан сүйінші сұрайтын адамша ыржиып күліп келеді.
− Екеуіңнің отынды қалай домалатқандарыңды бағанадан көріп тұрдым,-
деп қояды.
− Мұның не, Тоқтар-ау?! Әнеу күні келісіп едік қой,- дейді Нәзира әпкем
абыржып.
Әнеу күні бұл екеуі менің алдымда: «сөзге ілікпеу үшін, күндіз жұрт көзінше
кездеспейік, бір-бірімізді көрсек, анадайдан бұрылып кетейік»,- деп келіскен
болатын.
Оның үстіне соңғы кездері апам бұл екеуінің жиі-жиі кездесулеріне наразы
еді. Бірде Тоқтарды тоқтатып алып:
− Қарағым, мен сені артықсынбасам кемсінбеймін. Қызымды сенен артық
ханның баласына берер деп пе ең. Тек, уақыт болса мынадай, сенің алдыңда әлі
әскери міндетің тұр. Соны өтеп, аман-сау қайт. Қайтқан күннің ертеңіне үйге кеп
қолынан жетектеп кетсең «тек» демеймін. Ал оған дейін басын қатырып, ұятқа
қалдырма.
Тоқтар қып-қызыл: боп ұялып:
− О не дегеніңіз, тәте?! О не дегеніңіз?! Мен ондай емеспін ғой… Ондай
емеспін…- дей берген.
Сонан бері екеуі кездессе де, қас қағымдай уақыт қана сөйлесіп, ете сақ
жүретін. Енді, міне Тоқтардың артымыздан келісі мынау.
− Апам байқап қалады ғой, Тоқтар-ау…
− Нәзира, маған шақырту келді, ертең жүрем,- деді Тоқтар күліп.
− Біржола ма?
− Иә, біржола. Осы ауылдан ертең таңертең төрт адам аттанамыз. Әкем мен
шешем де мені шығарып салуға осында келген, қазір нағашымдікінде отыр. Жаңа
сытылып әзер шықтым.
− Тоқтар-оу, Тоқтар-оу… сен әлі жас емессің бе?! Мұның не?!.
Нәзира әпкем өзі арқалайтын тобылғының үстіне теріс қарап отыра кетті.
− Құдай-ау, соғысқа баруға сен әлі жассың ғой…- деді тағы да, Нәзира
әпкемнің даусы дірілдеп, соншалық аянышты шықты. Тоқтар болса со күлген
күйінде тұр, біресе маған, біресе Нәзираға жалтақтап қарай береді. Әлден соң
Нәзира әпкем со теріс қарап отырған қалпында басына тартқан орамалын алып
көзін сүртті.
− Жарайды, кешкісін уәделі жерге кел, біз Қанат екеуміз күтеміз,- деді.
Ол тобылғысын арқаламақ болған, бірақ Тоқтар оған көтертпей өз иығына
салып алды. Сөйтіп ауылға кіре беріс көшеге дейін көтеріп барды.
− Енді аз қалды ғой, өзіме бер,- деді Нәзира әпкем. Тоқтар тобылғыны
жерге қойып, екеуі бір-біріне қарсы қарап тоқтаған.
Тоқтар со бұрынғысынша күліп тұр, ал Нәзира әпкемнің көзі жасаурай
береді. Тоқтардың бетінен сипады, онан қолынан ұстады.
− Келші кешкісін,- деді қайталап.
Кешкісін мен Нәзира әпкемнің ақылымен мал қоралаған кезде, (мал дегенде
үш ешкіміз болатын) тік мүйіз сары ешкіні жекелеп бөліп, ауылдың сыртына қарап
айдап жібердім. Сөйттім де апақ-сапақ шақта апама келіп:
− Әлгі тік мүйіз сары ешкі жоқ, жалғыз іздеуге қорқам,- дедім.
− Әне, Нәзира екеуің іздеп келіңдер.
Өзіміздің де тілегеніміз осы еді, зытып далаға шықтық та, уәделі жерге
қарай жүгірдік. Нәзира әпкем екеуміз ойлап тапқан қулығымызға мәз боп күлеміз.
Қазір Тоқтар келген соң, апамды қалай алдап шыққанымызды оған да айтпақпыз.
− Қанат-ай, сен сонан кейін, анау жерге барып тұр, жарай ма?
− Қорқам ғой.
− Қорықпа. Неменеден қорқасың?! Мә, қолыңа мына таяқты ұстап ал.
− Мақұл. Тек сендер көп сөйлеспеңдер.
− Жо, көп сөйлеспейміз.
Біз естіп тықыршып Тоқтарды күтіп тұрдық. Бірақ ол келіп қоймады. Ымырт
қараңғылығы қоюлана, дала тым-тырыс тынши бастады. Әлдеқайдан зарлаған
дауыс естіледі. Күндегі осы мезгілдегі әдетінше есігінің алдына шығып алып
әндеткен жынды Бүбітайдың даусы.
Тоқтар әлі жоқ. Нәзира әпкемде төзім қалмады.
− Неге келмей жатыр енді? — дейді маған.
Мен қайдан білейін. Менің де мазам кетті. Уақыт деген зырлап өтіп жатыр.
Қараңғыда біреу бізге қарай жүрген.
− Біз мұндамыз! — дедім қуанып кеткен мен дауыстап.
− Құдай атсын сен екеуіңді! — деді келе жатқан адам. Апам екен,- Әй, үйдің
іргесінде маңырап жүрген ешкіні айдаладан іздеп, сен екеуіңе, сірә, бірдеңе
көрінген шығар. Жүріңдер кәне!
Нәзира әпкем екеуміз апамның алдына түсіп үйге қайттық. Дәл есікке
таяғанымызда, біреу жүгіре басып, біздің үйдің тұсынан өте берді. Нәзира әпкем
де, мен де танып қалдық, соның өзі. Мен:
− Қазір кірем,- деп кейіндеп, сыртта қала бердім. Әрине, апамның аңдығаны
мен емес, сондықтан маған онша көңіл бөлместен Нәзира әпкемді алдына салып
үйге кірді.
Мен үйдің сырт жағында тұрған Тоқтарға келдім.
− Біз сені күттік. Көп күттік,- дедім оны кінәлап.- Ақыры, міне, соңымыздан
апам барып қуып қайтты.
− Көрдім. Бәрін де көрдім. Мен уақытында шыға алмай қалдым, Қанат-ай.
Әкем мен шешем екі жақтап жылап, тіпті тырп еткізбеді. Әлгінде ғана екеуін әзер
дегенде қойғызып, шыққан бетім. Бар, Нәзира әпкеңді жіберші, ең болмаса бес
минутқа.
− Апам жібермейді ғой енді.
− Бірдеңе ғып шықсын да…
Мен үйге кіріп, апамның көзін ала бере Нәзира әпкеме сыртқа шық деп
ымдадым. Бірақ Нәзира әпкем сыртқа шығудың еш ретін таба алмады. Бір-екі рет
шығып кетуге оқталған еді, апам:
− Жә, отыр, сыртқа шығатын түк те жоқ,- деді зекіп.- Осыдан аяғыңды қия
басып көр!..
− Бұған неғып сонша қадала қалдың,- деген әжем ара түспек боп.
− И-и, ене-ай, қажетсіз жерге араласып қайтесіз. Мұны қазір еркіне жіберіп,
ертең анау Жақыптың Гүлсарасы құсатып не қыз емес, не әйел емес дегізейін деп
отырсыз ба? Әне, қалды ғой, Гүлсара зар еңіреп, Беріктен қара қағаз келді де.
− Ей-ә, десеңші… У-уһ!..- деді әжем күрсініп.
Төсекке жатқан соң да үлкендер күрсінісіп, «аһылап-үһілеп» ұйықтамай
қойды. Біз, Нәзира әпкем екеуміз, кереуетте жатқамыз, шеттегі маған көше жақ
терезеден жылтыраған темекінің шоғы көрінді. Мен Нәзира әпкеме сыбырлап соны
айттым.
− Ол темекі тартпаушы еді ғой,- деді Нәзира әпкем де сыбырлап.
− Енді, әскерге кететін болған соң, тартқаны ғой,- дедім мен.
− Сен екеуің жыбырламай ұйықтайсыңдар ма, әлде менен бірдеңе көргелі
жатырсыңдар ма,- деді апам.
Біз жым болдық. Мен терезеден көз алмай қарадым да жаттым, темекінің
шоғы қозғалады, кейде өше бастайды да, сорған кезде қайта жайнап қоздайды.
Ертеңіне таңертең әскерге аттанатындарды шығарып салуға бүкіл ауыл
жиналды. Бәрі жылап-сықтап қош айтысып, аман-сау барып қайтуларына тілек
білдіріп жатыр. Әжем де, апам да осында еді. Тек Нәзира әпкем ғана ондық-
мұндық шаруа істеген боп өзіміздің үйдің алдында жүр. Бері келуге апамнан
батпайды. Қос ат жегілген арба қозғала бастады. Әкесі мен шешесінің
құшақтарынан зорға деп босаған Тоқтар жұртпен тез-тез қоштасты да, менің
қасыма жүгіріп келді. Мені құшағына қысып, қатты-қатты сүйді де:
− Нәзира әпкеңе айт, мені күтсін,- деді.
Енді байқадым, көзі жасаурап тұр екен.
− Қош бол! — деді сыбырлап.
Осы кезде Нәзира әпкем де біз жаққа қарап қадалып қалған екен. Тоқтар
оған қоштасып қолын бұлғады да арба соңынан жүріп кетті.
НҰҒЫМАН, ӘЖІБЕК, БАЙДАЛЫ
Біз, бір топ бала, сәске кезінде ескі клубтың көлеңкесінде асық ойнап
жүргенбіз. Ойымызда дәнеңе жоқ, ойынның қызығына алаңсыз кіріскен шағымыз
еді, клубтың тасасынан Әжібек шыға келді. Келді де тігулі тұрған асықтарымызды
тегіс сыпырып алды. Біз шулап қоя бердік. Біріміз жыламсырап, біріміз «ағатайлап»
жалынып Әжібектің етегіне жабыстық, бірақ ол тісін ақситып ыржиған күйінде
бірімізге де міз бақпастан асықтарды қалтасына салды. Шаужайлап жармасып
болмаған бір-екі баланы май құйрықтан теуіп-теуіп жіберді. Амал қанша,
әлімжеттік қылғанға көнгеннен басқа шара бар ма. Төбелесіп жеңе алмаймыз,
өзімізді ұрып тастайды, үйге барып шағым еткенмен Әжібек қатын-қалаш, кемпір-
шалдың сөзін құлағына да қыстырмайды, қайта ерегесер болса үлкендерге тас
лақтырып, балағаттап кетеді. Өзін қуып және ешкім ұстай алмайды, шапқан атқа
жеткізбейтін жел аяқ. Соғыс кезінде ондай бәтуасыз, бетімен кеткенді жөнге салар
кім бар.
Сөйтіп ойынымыздың шырқы бұзылды. Әжібек тұрғанда асықты қайта тігіп
ойнауға ешқайсымыздың батылымыз бармады. Ұйлығып тұрдық та қойдық.
− Ал, кәне, асықтарыңды қайтып берем,- деді ол ойына бірдеңе түскендей
көзі жылт-жылт етіп күлімсіреп. Сөйтті де қалтасынан бір асықты шығарып:
− Мынау кімдікі? — деп сұрады.
− Менікі,- деді асық иесі Сәмет.
− Сенікі ме…- Әжібек қақырынып ап, асыққа түкірді де: — Мә асығың,- деп
Сәметке қайтып берді.
Анау асығын алмастан көзі жасаурап теріс айналған. Әжібек оны бір
қолымен шап беріп желкесінен ұстай алды да, енді кеңсірігіндегі бар қақырығын
жинап алып, асыққа тағы жақты.
− Мә, ұста асығыңды, әйтпесе көкеңді танытам,- деді кіжініп. Анау бұл жолы
да алмаған. Әжібек енді асықты қақырық-түкірігімен оның қалтасына салды да өзін
бүйірлете теуіп кеп жіберді. Сәмет анадай жерге топыраққа бұрқ ете түсті де,
бақырып жылап үйіне кетті.
− Бар кет! Маған десең құдайыңа бар шағынып. О несі-ей, менің
қақырығымнан жиіркенгені. Осыдан балалардың маңына жолап көрші!.. Ешқайсың
жолатушы болмаңдар. Онымен ойнағаның менен жақсылық күтпеңдер! — деді
ескертіп.
− Мынау кімнің асығы? — деді Әжібек енді екінші асықты шығарып.
− Менікі,- деді шашын ұстарамен бүгін ғана алғызған Бәтен деген бала.
− Әй, сенің тақырайған маңдайың жақсы екен, кәне, бері кел,- деп қасына
шақырды да, Бәтеннің маңдайына дың-дың еткізіп екі шертіп, асығын қайырып
берді. Біз күлкіге баттық, ал Бәтен көзі жасаурап, маңдайын сипалай берді, бірақ
жылаған жоқ.
Осылайша біріміздің асығымызға түкіріп, бірімізден шертпек алып, бір-екі
баланы май құйрықтан теуіп, онан қалған асықтарды құлаштап тұрып лақтырып
жіберді де:
− Барыңдар, тауып алыңдар! — деп қарқылдай күлді. Сөйтіп,
қалғандарымыз оның тәлкегінен оңай құтылдық.
Онан соң Әжібек алым-жұлым жейдесін шешіп тастап көк шөпке етбетінен
жатты да:
− Әй, жетпегірлер, кәне, келіңдер, бойымның құрысып тұрғаны, кішкене
жыбыр-жыбыр жасап жіберіңдерші! — деп бұйырды.
«Жыбыр-жыбыр» — Әжібектің біраздан бері ойлап тапқаны. Өзі қышыма
қотыр, сол қышыған кезде қолды-аяққа тұрмай безілдейді-ау, қолмен қасуға
әйенкестенеді де жұмсақ шөппен жыбырлатады. Өзі жыбырлатқанға айызы
қанбай, бүкіл өне-бойын бізге жыбырлаттырады. «Жыбыр-жыбыр» осыдан кеп
шыққан.
Қазір де біз жапа-тармағай кеп, біреуіміз табанын, біреуіміз алақанын,
біреуіміз жотасын, желкесін, құлағының түптерін жұмсақ шөппен жыбырлатып
сипап, қытықтауға кірістік.
Әжібек көшенің шетіндегі көк шөптің үстінде қап-қара боп тыриып рақатқа
батып, маужырап жатыр. Сыриған күс-күс қол-аяғын соза түседі. Белінде, екі
қолының қары мен білегінде,- екі балтырында қотыры бар, соларын шөппен
жыбырлатқан кезде жаны кіріп, аузынан сілекейі шұбырып кетеді. Сәлден соң
шалқасынан аударылады, енді көкпеңбек боп қабысқан қарнын жыбырлатамыз.
− Тағы да, тағы да… Кішкене жоғарырақ… сәл төмендеу…- деп есі кетеді. Біз
онан сайын жанымыз қалмай бар өнерімізді салып-ақ жыбырлатамыз.
Жыбырлататын шөпті де таңдай білу керек: аса жұмсақ болса қышындырмайды, ал
сәл қатаңдау болса тікенше қадалуы мүмкін. Ондайда Әжібек жыбыр-жыбырды
дұрыс жасай алмаған баланы не теуіп қалады, не жұдырықпен салып жібереді.
Егер біреуімізге риза болса:
− Маладес, маладес…- деп мақтап қояды.
Шіркін, Әжібектің мақтауын естігеннен артық бақыт бар ма екен десеңші!
Мақтау естіген бала оның ең жақын етенесіне айналып, басқалардан сүйем қарыс
биіктеп кетуші еді. Ол күні ондай баланың десі жүріп, әрқайсымызға орынды-
орынсыз қожаңдап тиісе беретін. Арқа сүйері Әжібектің өзі болған соң кімнен
қорықсын.
Бүгін до сөйтіп әркім өз өнерін салып Әжібекті жыбыр-жыбыр жасадық.
Қабысқан қарындағы қатпар-қатпар қышымаға шөп тигенде Әжібектің мүлде есі
кетті. Сілекейі шұбырған үстіне шұбырып, тілі салбырап, бет-аузы қисаңдады да
жатты. Бүкіл өне-бойы қалақай шаққандай қып-қызыл боп бөрте бастаған.
− Уһ, рахат-ай!.. Уһ, рахат-ай!..- деп ыңқылдап кеткен.
− Әй, бұларың не? — деген дауыс бәрімізді селк еткізді.
Атымен дәл үстімізге төніп кеп колхоз бастығы Нұғыман тұр екен. Әжібек
жайлап басын көтеріп, малдасын құрып отырды.
− Үстім дуылдап қышып болмаған соң, мыналарға жыбыр-жыбыр жасатып
жатыр едім,-деді байсалды үнмен.
− Жыбыр-жыбыр дейсің бе? Қызық екен. Ал енді қотырыңды мыналарға
жұқтырасың ғой.
− Е, жұқса бұлар менен әулие ме?
− Қой, олай деме. Өз қотырыңды жұртқа жұқтырып қаскөйлік жасама.
Ондай адам көгермейді. Қайта бұлар үйірсектей берсе, өзіңнен аулақ ұста. Сен
осылардың ішіндегі естиярысың ғой, бұларды жамандыққа емес, жақсылыққа
баулуың керек.
− Бұ жетпегірлерді баулып-ақ жүрмін Қиқаңдағандарын ептеп төмпештеп те
алам, тірісіне тірі көкесін, өлгендеріне өлген көкесін танытып қоям.
− Сен өзің тіпті ірі сөйлейді екенсің, ә. Кәне, бір әңгімелесейікші,- деп
Нұғыман атынан түсіп, қасымызға отырды.- Жә қорықпа, тиіспеймін.
− Кез келгеннен қорқа беретін қоян жүрегіңіз мен емес. Неменеге қорқам,
сіз азар болса сілейтіп тұрып бір сабарсыз қазір, ал мен өскеннен кейін оның
есесін он есе ғып қайтарам ғой. Сіз шал болған кезде.
Нұғыман күліп жіберді.
− Қалқам, біріншіден мен сені соқпаймын, ал екіншіден сен ер жетіп
өскенше тірі де болмаймын. Мына соғыс аяқталғанға дейін жаным шыдаса со да
олжа маған.
− Соғыс қашан аяқталады?
− Кім біледі, қашан аяқталатынын. Осы күні біздің әскерлер жаудың өкшесін
Достарыңызбен бөлісу: |