Алаш зиялыларының саяси және рухани күресіндегі негізгі мақсат, ол ұлтымызды ұйыстыру, сол арқылы елдігімізді айқындау десек, онда осындай ұланғайыр сауапты істің аясында ана тілімізді сақтау мәселесі тұрды
Байланысты: Презентация. Алаш зиялыларының тілдік мұрасы
Кіріспе
Алаш зиялыларының саяси және рухани күресіндегі негізгі мақсат, ол ұлтымызды ұйыстыру, сол арқылы елдігімізді айқындау десек, онда осындай ұланғайыр сауапты істің аясында ана тілімізді сақтау мәселесі тұрды. Алаш қайраткерлерінің қай-қайсы да тілдің саяси, қоғамдық һәм рухани үлкен күш, ұлтты біріктіруші қуатты құбылыс екендігін жақсы сезінді. Сондықтан да Алаш сияқты аса ірі қозғалыстың негізінде қазақ тілі мәселесі ерекше орынға ие болды.
Ұлт-азаттық күрес заманы қалыптастырған зиялылардың ана тілімізге арналған еңбектері, тіл жолындағы алуан күрестері – бүгінгі өзі де азат, тілі де азат күнге жеткен қазақ баласына тағылымды мұра, өміршең өсиет. Алаш зиялыларының тіл төңірегіндегі еңбектерінің алуандығын ескере келе Алаштың тілдік мұрасын сан тарапты құбылыс деп танып, оны бірнеше аспектіде қарастырғанды жөн көрдік.
Негізгі бөлім
Тілтану
Алаш азаматтары қазақ ғылымының төлбасы әрі арналы саласы ретінде ең алғаш болып тілтану ғылымының іргетасын қалады. Оның себебіне үңілсек, Алаш қайраткерлері барлық ұлттық ерекшеліктердің ішінен халықтың болмысын, өткені мен бүгінін танытатын тіл деп білген. Қандай ғылым болса да, әлбетте, белгілі бір қолданбалы, жүйелік сипаттан өрістейді. Осы тұрғыдан келгенде, Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу құралы», «Тіл құралы» атты еңбектерін және Телжан Шонанұлының, Елдес Омарұлының оқу-әдістемелік мақалаларын айта аламыз. Алаш оқымыстылары қалыптастырған қазақ тіл білімі Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми-тілдік мектебін қалыптастырды. Бұл мектеп ілгеріде есімдері аталған тілтанушыларды өсірді, бұдан кейінгі кезеңде совет заманындағы қазақ тіл білімі де Ахмет Байтұрсынұлының ізімен жүрді, оның атын атай алмаса да, еңбектерін пайдаланды. Енді тәуелсіздік алған заманда біз тағы да Ахмет Байтұрсынұлының оқулылықтарының негізінде білім алып жүрміз.
Ұлттық жазба әдебиет
Алаш қаламгерлері XIX ғасырдың ортасында алғашқы белгілері байқалған ұлттық жазба әдебиетімізді жанрлық жағынан да, стильдік тұрғыдан да қалыптастырды, анағұрлым байытты. Бастапқыда Шортанбай Қанайұлы, Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Әбубәкір Кердері және тағы да басқа исламдық ағартушылық ағымның өкілдері шығармашылығында, сәл кейінірек тұтастай түрде Ыбырай Алтынсарин, Абай өнернамасында қалыптаса бастаған жазба әдебиетінің көркемдік, стильдік, жалпы тілдік белгілерін іргелендірді. А.Байтұрсынұлы, Ғ.Қараш, М.Дулатов, С.Торайғыров, Б.Серкебаев шығармаларындағы жазба реалистік дәстүр, М.Жұмабаев, Б.Күлеев поэзиясындағы романтикалық жазба әдебиетінің қалыптасқандығын байқатса, Ж.Аймауытов, М.Әуезовтердің көркем прозасы классикалық жазба әдебиетінің зор үлгілері болды. Әңгіме, повесть, роман, поэма, баллада, драма сияқты жанрлардың түгенденуі де ұлттық жазба әдебиетіміздің сол замандағы жемісі десек болады.
Тілге қатысты еңбектер
Алаш зиялылары XX ғасырдың басында ұлт тәуелсіздігі мәселесін көтере отырып, ұлттың рухани-мәдени өрлеуіндегі, саяси ұйысуындағы асыл қазынаның бірегейі тіл екендігін байыптады. Сөйтіп, олар тілді сақтау, дамыту, қолданыс аясын кеңейту міндеттерін көтере келе, қазақ тілінің саяси, қоғамдық, әлеуметтік мәртебесіне ерекше мән берді. А.Байтұрсынұлының «Туған тілім», М.Жұмабаевтың «Қазақ тілі», С.Торайғыровтың «Туған тіліме» өлеңдері – жалпы қазақ әдебиетіндегі тіл тақырыбында жазылған тұңғыш көркем туындылар еді.
Баспасөз қалыптасуы
Алаш қозғалысы тұсында шын мәніндегі ұлттық мазмұндағы қазақ баспасөзі қалыптасты. Бұл құбылыс тиісінше әдеби тіліміздің көсемсөз жанрын дүниеге әкелді. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Ғұмар Қараш, Міржақып Дулатов, Сұлтанмахмұт Торайғыров және тағы да басқа Алаш қаламгерлерінің XX ғасырдың алғашқы жылдарындағы публицистикалық еңбектерін тізбелемегеннің өзінде, «Қазақ» газеті сияқты ұлттың ұлы басылымының өзі публицистикалық стильдің, жалпы әдеби тілдің қалыптасуына өлшеусіз мол үлес қосты. «Қазақ» газеті бетінде жарияланған алуан материалдар сол кезеңнің тынысын, қозғалыстың барысын ғана куәландырып қоймай, сонымен бірге әдеби тіліміздің де өсу, тармақтану қарқынын аңғартты. М.Дулатовтың «Тарихи жыл» мақаласы, Ә.Бөкейханның «Қазақ сиезі», «Алаштың талапты азаматына», редакцияның «Алаш партиясы» және тағы да басқа публицистикалық туындыларда ұлт баспасөзі деңгейінің артқандығы, публицистикалық стильдің ширағандығы сезіледі. Алаштың рухани көсемі Ахаңның еңбегімен дүниеге келген «Қазақ» газетімен бірге, Түркістан көсемі Мұстафа Шоқай шығарған «Бірлік туы» және Алаштың астанасы Семей қаласында Райымжан Мәрсекев, Халел Ғаббасовтар шығарушылары болған «Сарыарқа» газеттері публицистикалық тіліміздің айрықша дамуына іргелі үлестерін қосты. Сөйтіп, қазақ публицистикалық тілі мен стилі Алаш зиялыларының ықпалымен Алаш қозғалысы тұсында аяқтанды деп айта аламыз.
Ғылым тілі
Алаш оқымыстыларының ғылыми және ғылыми-танымдық еңбектері, әр салаларға арналған оқулықтары арқылы тіліміздің ғылыми және ғылыми-көпшілік стильдерін қалыптастырды. Айталық, Ә.Бөкейханның тарих, фольклортану, әлеуметтану саласындағы ғылыми шығармалары, А.Байтұрсынұлының 1912 жылдан бастап 1928-1929 жылдарға дейін жазылып жарияланған оқулықтары, оқу құралдары, ғылыми мақалалары, Х.Досмұхамедұлының медицина, биология, тілтану саласындағы ғылыми еңбектері, М.Тынышпаевтың тарихи зерттеулері, М.Дулатовтың тілтану, әдебиеттану, математика саласындағы ғылыми шығармашылығы, Ж.Аймауытовтың психология, әдебиеттану саласындағы ғылыми ізденістері, М.Жұмабаевтың педагогика, әдебиеттану саласындағы еңбектері, Т.Шонанұлының тілтану, әдістемеге арналған оқу құралдары мен зерттеулері, сондай-ақ Ә.Ермековтің, М.Тұрғанбаевтың, Е.Омарұлының, С.Асфендияровтың, М.Бұралқиевтың, Қ.Кемеңгерұлының, С.Сәдуақасовтың ғылыми еңбектері ғылым тілінің, қазақтың ғылыми терминологиясының қалыптасуында айрықша белес болды.
... Н.Төреқұлұлының «Ауропа сөздері» т.б. еңбектерде тіліміздің орфоэпиялық, орфографиялық нормаларының сақталуы, басқа тілдердің әсері, тіл табиғатының бұзылмауы, сөзжасам т.с.с. мәселелер айтылып, қазақ тілінің табиғи болмысын сақтау, тіл тазалығы, сөз мәдениеті тақырыбында бүгінде өзектілігін жоймаған ойлар өрістетілді.
Қазақ аудармасының негізі қалануы
Алаш қаламгерлерінің аударма саласындағы алуан еңбектерінің нәтижесінде қазақ аудармасының негізі қаланды. Бұл арада Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Қ.Кемеңгерұлы және тағы басқалар жасаған көркем аудармалар, Х.Досмұхамедұлы, Ж.Аймауытов, Т.Шонанұлы және тағы басқа қаламгерлер жасаған ғылыми аудармалар, сондай-ақ әлеуметтану, саясаттану, философия салаларында орындалған аудармалар, әлбетте, саны жағынан да, түрі жағынан да өзіне дейінгі кезеңдерге қарағанда әжептеуір өсу болатын.
Ресми-іскери стильдің қалыптасуы
Алаш қайраткерлері жалпылай келгенде, Алаш қозғалысының барысында облыстық қазақ комитеттерінің, Алаш партиясының құрылуы тұсында, Бірінші, Екінші жалпықазақ сиездері кезінде, Алашорда үкіметінің қызмет етуі кезеңінде тіліміздегі ресми-іскери стильді қалыптастыра бастады.
Қорытынды
Қазақ тілінің Алаш қозғалысы тұсындағы өрістеу бағыттары өз кезеңінің ғана емес, бұдан соңғы жылдарда да тоқтаусыз дамып, ілгері жылжып отыратын құбылыс. Алаш зиялыларының қазақ тіліне жасаған зор, тіпті ұлы еңбектері қай жағынан алсаңыз да өзекті әрі тарихи құнды дүние. Оның ықпалы бүгінгі күнге дейін жетіп, біз оқып жүрген оқулықтарға негіз болған. Біз де сол құндылықтар негізінде білім алып, келер ұрпаққа жеткізуді міндет деп санаймыз. Бізге Алаш зиялыларының тілдік мұрасы осыны үндейді.