Бата оқу мотиві. Өлімге қайғырғаны туралы, қайғыруының себебі тек өлімде ғана емес екенін оқырманға түсіндіріп өтеді. Ұрпағының жағдайы қалай болады деген сарын жырда: «Осылайша қайғырдым. Көзге жас келсе – кетер, көңілге шер келсе – ұмытылар. Қайғырдым. Қатты қайғырдым. Екі шад, соңымдағы туғандарымның, ұрпақтарымның, бектерімнің, халқымның көзі, қасы әз болады-ау деп қайғырдым», деп баяндалады. Жырда қара жамылып отырған елдің өкілдеріне нақты осылай айтты деп жазылмаған екен, тек қаралы елге есепсіз алтын, күміс, т.б. заттар әкелгені туралы ақпарат айтылады. Бұл жоралғы осы күнге дейін сақталған, оны «бата жасау», «бата оқыр» деп атаймыз.
Қайтыс болған адамға жақын-жуықтары мен ілік-жұрағаттары арнайы келіп бата қылады. Оның мәнісі – қайтыс болған кісінің аруғаына жылқы, сиыр, қой сияқты сойыс әкеледі немесе қазіргі жағдайда ақша береді. Дұға оқытады. Бұл сыйласудың әрі қарасудың белгісі ретінде негізделген. Дәстүр бойынша адамы, туысы қайтыс болған адамдарға үйіне әдейі барып, көңіл айтады, ет жақындары бақа оқыр жасайды [48, б. 114].
Көңіл айту мотиві. Жақын адамы қайтыс болғанда оның туған-туысқандары мен таныстары, іліктері қазалы үйге әдейі барып бата жасап, көңіл айтады. Көңіл айтудың мәні – мұңды адамды жұбату, сергіту, «өлгеннің артынан өлмек жоқ» деп уайымға берілмеу жөнінде жанашырлық ақыл-кеңестерін айтып, қайрат береді. Қайғыға берілген адамды кейбір өткір шешендер әрі мінеп, әрі сынап, әрі ұрысып тоқтатқан. Мысалы, Бағаналы Ерденнің баласы өлгенде басын көтере алмай қалғанда Таз Шоқай би былай деген екен:
– Уа, Ерден!
Басыңды көтер жерден!
Осы балаң өлмегенде
Кетіп едің керден.
Өзі беріп, өзі алдыэ
Нең бар еді құдайға берген?!
Балаң түгілі
Әкең Сандыбай да өлген.
Оны Шоқай көрген.
Көкті бу көтереді,
Жүкті нар көтереді,
Өлімді ер көтереді.
Жақын-жуық немесе білетін адамдар қайтыс болғанда кісі орнына әдейі барып көңіл айтпаса, ол үлкен мін әрі ұят. Мұндай жағдайда қайтыс болған кісінің жақындары оған өкплеуі, ұялтуы да мүмкін. Көңіл айта білу де көрегенділік» [48, б. 293].
«Күлтегін қой жылы [тоғызыншы айдың] он жетісінде ұшты. Тоғызыншы айдың жиырма жетісі күні жерледік. Барқын, бедізін, бітіг тасын мешін жылы жетінші айдың жиырма жетісі күні аяқтадық» [32, б. 74]. Барқын, бедізін, бітіг тасы қазіргі тіл айналымындағы көктас деген мағынаны білдіреді. Шариғат заңы бойынша қайтқан кісінің басына там, күмбезді там орнатуға болмайды деп жатады. Ал түркілердің бұл дәстүрі ислам дінімен бітісіп осы күнге дейін жеткенін көз көріп жүр. Қайтқан кісінің басына үй көтеру дәстүрі – осы күні қалыпты жағдай. Бұл туралы этнограф ғалымдар әртүрлі көзқарастар ұсынады. Бұл әржердің жергілікті ерекшелігіне байланысты өзгеріп, толығып, я болмаса керісіше жұтап отырады ақиқат.
«Бейіт өлген адамның өсиетіне қарай салынады. Күмбезді, төрт құлақты, ат бейіт болып үшке бөлінеді. Күмбезді байлар жоғады соғады. Төрт құлақ орташа тап. Ат биіт – кедейлердікі. Бұлардың сыртында тас бейіт деген де бар. Бұл көбінесе соғыста өлгендердікі. Шейіт болғандарды асығыста дұрыстап жерлей алмағандар өліктің бетін таспен жауып кетеді. Бұнысы ит-құс, қарға-құзғын жемесін дегені. Бейіт аруақтың мәңгілік үйі. Мұны қалауға жақын-жуық жиналады. Мал сояды. Бұл көбінесе қырқынан бұрын бітеді. Зиратқа арқардың мүйізін, жетісіне, қырқына, жылына, сойылған жылқының басын қояды.
Кейбір бейіттің ішінен кең алып қасына күйеуі өлсе – әйеліне, әйелі өлсе – күйеуіне орын қалдырады. «Сүйегімді туған жердің күні сүйіп, жаңбыры жауып жатсын» деп көп қазақ төбесі ашық, төрт құлақты бейітті ұнатады. Онан соң: «Бейітіме туған жердің топырағымен суынан өзгені араластырмандар» деп өсиет ететіндер болады. Кейбір артына сенбегендер зиратын көзі тірісінде салдырып кетеді. Оны қазақ «тірі бейіт» дейді. Мәйітті жерлегендерге бір-бір белбеу-орамал, онан соң ақша беріледі. Зират басына барып топырақ салғандарға бірден қол жаулық беріледі. Мәйіт шыққан үйге – сол түні қырық шырақ жағылады. Шырақ жағу, бұл үйде енді қайғы-қасірет болмасын деген ырым» [49, б. 287]. Елге танымал тұлғалар, қоғам және мемлекет қайраткерлеріне арнайы зират (пантион) салу көне дәуірлерде қалыптасып, осы күнге дейін жалғасып келеді.
Жоғарыда аталған жөн-жоралғылардың көне дәуірлерден бастау алып осы күнге дейін жетуінде бір мән бар деп топшылаймыз.
Көне түркілердің жазба мұраларының ең басты құндылығы мәңгілігінде. Сондықтан жырларында да «мәңгі» мотиві кеңінен орын алған. Мотив термині ХХ ғасырдан бастап белгілі ғалымдар А. Веселовский, В.Я. Пропп еңбектерінде қарастырыла бастады. Аталған зерттеушілер әдеби шығармаларда сюжеттік сарындардың бар екенін дәлелдейді. «Мотив» – қайталанып отыратын сөз, сөз тіркесі, оқиға, зат немесе идея [50, б. 3]. Яғни, мотив - сюжет құрауға негізі болып, маңызды ақпарат береді. Әсіресе, эпостық жырларда қайталанып кездесіп отыратындығымен ерекшеленеді.
«Мотив» (латыннан қозғалу, қозғалысқа енгіземін, қозғалтамын және «топос» деген мағынаны да білдіруі мүмкін) әртүрлі қайталаулардың, көптеген ньюанстардың көмегімен дамитын тақырып, образ немесе кейіпкер» [50, б. 182]. – деп әдеби шығармалардағы мотивтің қызметін айқындайды. Ал, түркі халықтарының тұрмыс-тіршілігінен, өзіндік дәстүрінен ақпарат беретін мотивтерді атасақ:
«Мәңгілік бейне»;
«Мәңгілік су»;
«Мәңгілік өмір»;
«Мәңгілік алау»;
«Мәңгілік Ел»;
«Мәңгілік тас»;
«Мәңгілік жарық» осы сынды мәңгілік сөзіне тіркесіп келетін ұғымдар көптеп кездеседі. Жалпы шығармадағы мотивтердің тұрақты композициясы осы ретпен көрсетілген. Бұл мотивтерден ұққанымыз адам баласының бойындағы мәңгілікке деген құштарлықтың басымдығы, я болмаса жаратушыны тануға деген болмыстан туған деп ұғынуымызға болады. Түркі халықтарының наным-сенімдерінде осы жазба ескерткіштерден байқауға болады. Көк тәңіріне сену, ел болу үшін тәңірге сыйыну мотивтерінен басталады. Мәселен, Күлтегін, Тоныкөк жазба ескерткіштерінде «Тәңірдей тәңіріден жаралған...», «Тәңірі жарылқағандықтан...», «Тәңірі қуат берген соң...», «Тәңірі жарылқағандықтан...», «Төбеңнен тәңірі баспаса, Астыңнан жер айырылмаса, Түркі халқы, ел жұртыңды кім қорлайды...», «Сөйтіп тәңірі жарылқады...», Хан бердім, ханыңды тастап бағындың. Бағынғаның үшін (басқаға), Тәңірі сені өлімші етті, Түркі халқы қырылды...», «Сөйтіп тәңірі ақыл берген соң, өзім оны қаған еттім...», «Тәңірі жарылқады, жеңдік...», деп келеді де, «Атамыз, бабамыз ұстаған жер-су иесіз болмасын деп...», «Тәңірі, Умай, қасиетті жер, су жеңіс берген екен» деген сияқты діни мотивтердің астарында да тәңірдің қалауына сүйене отырып, елдікті сақтауды мұрат етіп алғанын байқауға болады.
Көне жазбалары нұсқасында «Күнге мадақ» жырында:
Біз тұлпарлары қанатты,
Мәңгілік жарыққа,
Күнге сиынамыз.
Күн жарық шашқанда,
Күн жылу шашқанда
Жүз мыңдағандар
Құдыретті сезінеді,
Содан соң Мазданың
Сыйлаған Жерінде
Жарық-нұр салтанаты үшін,
Ақиқат салатанаты үшін
Бақытын табады әркім,
Бақыт сыйлайды әркім [31, б. 12].
Мәңгілік жарық – символдық бейне. Күн адамзатқа мәңгі жарық сыйлаушы жұлдыз. Бірақ күнді де бұлт басып, түн болатын кездер болады. Бұл – жаратылыстың заңдылығы, табиғаттың бұлжымас серті. Жоғарыдағы «Күнге мадақ» жыры былайша жалғасады:
Кімде-кім Күнге,
Тұлпарлары қанатты,
Мәңгілік жарыққа сиынса,
Қаратүнектен туған
Жын атауларды жасқап,
Қаратүнекпен күреспек болса,
Ұрылармен күреспек болса,
Мыстандармен күреспек болса,
Қатерден және ұмытылудан
Сақтанғысы келсе –
Өзінің Жан рухы,
Әулие және мәңгі өлмейтін
Жерде әрі көкте
Тәңірінің көңілін табады,
Кімде-кім Күнге,
Тұлпарлары қанатты,
Мәңгілік жарыққа сиынса [31, б. 13].
Пенде әрқашан өзіне сүйеніш, қолдау іздейді. Қарадан бастап ел басқарып отырған бектер де тылсым күшке, сиқырға сенеді. Осы сенім де адамзатты адастырмай тура жол сілтеп келе жатқаны рас. Ата-бабаларымыз тәңірге сиынған, бүгінгі түркі тілдес халықтардың көбі ислам дінін қабылдап, хақтың жолы деп сенеді. Түркі тектес халықтардың бір бұтағы бүгінгі қазақ халқы да исламды қабылдап, бір Аллаға сиынып, Мұхамбет ғ.с. үмбеті екеніне шек келтірмейді. Дейтұрғанмен көне түркілік дәуірден сақталған жөн-жоралғылар ислам дінің заңдылығымен интеграцияланып, біртұтас ұғым мен танымға айналған.
Бүгінгі таңда күнге сиынау болмағанымен туған айға бата беру дәстүрі әлі күнге дейін сақталған. Отқа табынушылықтың қалдығы аластау, жана туған сәбиге күйе жағу да сонау көне замандардан қалған салт-жоралғылар.
Бақыт үшін сиынамын,
Жалбарынамын және де
Тұлпарлары қанатты
Мәңгі жасайтын Күнге,
Тұлпарлары қанатты
Мәңгі жасайтын Жарыққа,
Сиымды арнаймын
Хаом шырынынан,
Барсман шыбығынан,
Сезім шұғыласынан,
Әрі ойыммен, әрі ісіммен,
Әрі ақиқат сөзіммен
Мен күнге құрмет көрсетем.
Жаратқан Жалғыз Иеміздей,
Жаратқан Жалғыз Иеміздей,
Мәңгі жасаушы, Жарық сыйлаушы, тұлпарлары
қанатты Күнге табынамыз әрі мадақтаймыз,
қуат пен күш берсін оған.
«Ақиқат сыйдан артық...» [31, б. 14].
«Мәңгілік жарық», «Мәңгілік күн» ұғымын бүгінгі таным түсінік тұрғысынан пайымдасақ. Яғни жарық – ол жақсылықтың, ақтың, кіршіксіз тазалықтың символы. Елдігіміздің жарқын болашағы жолында тек тазалықты ұран деп түсінетін болсақ, мәңгілік жарық –Мәңгілік Елдің кепілі.
Мәңгілік деген сөзге бірнеше сөздер тіркесіп келіп үлкен ұғымдар береді. Жоғарыда «Мәңгілік жарық» тіркесін шамамыз келгенше пайымдауға тырыстық. Ендігі кезекті «Мәңгілік бейне» тіркесін саралап көрелік.
Әдебиетте бейне (образ) термині көркем шығарманың өзегі десек қаталеспейміз. Жазушы бейне жасауда детальдарға жүгінетінің біз әдебиет теориясынан білеміз. Бұл жөнінде академик З. Қабдолов «Әдебиеттегі деталь – суреткердің шабытты еңбегінің нәтижесі, аса сирек ұшырасатын сәтті табысы. Мұнда азғана сөз айқын суретке айналады да, шалқар шындықты танытады, көл көсір мағынаға ие болады, сол арқылы оқырманды қызық сезімге бөлеп, қызықтыра жетелеп әкетеді» [40, б. 86]. Образ жасауда детальды көне түркі әдебиеті нұсқаларында ұтымды қолданған. Жауды ойсырата жеңгендегі, олардың батырының мүшкіл халін суреттеудегі «Таңғұттарға қарсы күрес жырлары» жазбасында бейнелі суреттеледі.
Мысалы:
Қаласам, жауды шабар ем,
Әскерін қойдай қамар ем,
Қылышын басын қағар ем,
Жалынып бірақ бас ұрды.
Зәресін алып айбыным,
Құрбан қып мүлкін байлығын,
Жау шекті зарын қайғының,
«Жанымды қи!» деп шошыды-ай.
Аяғыма келіп жығылды,
Сұрады жалғыз ғұмырды,
Ұяттан өліп бүгілді.
Тоқтатты мені осылай
Қайғыға жауды батырдым,
Кешірдім ісін жат ұлдың,
Ұятыңды жу деп ақырдым,
Шешті өзі сонда теңдерін [31, б. 34].
Бұл үзіндіден көріп отырғанымыздай, түркілердің батырлары, жауларының «әскерін қойдай қамар ем» деуінде де бейбітшілікті сүйетін халық екеніне көз жеткіземіз.
Орыстың көрнекті түркітанушы ғалымы И.В. Стеблеваның «Развитие тюркских поэтических форм в ХІ веке» деген ғылыми зерттеу еңбегінде жоғарыдағы көркем аударманың орыс тіліндегі түпнұсқадан аударманың төмендегідей береді. Бұл жерде де жеңілген батырдың бейнесін суреттеудегі көркем әдістерді көре аламыз.
Если бы я пожелал, я бы /его еще/ преследовал,
захватил бы /и/ рассеял его войско,
взял бы /его/ в плен /и/ рассек его голову, /но/
он собрал для меня весь выкуп.
Он хотел продать свой дом /и/ постройки.
Отдав выкуп, он хотел заслужить милость.
Он хотел остаться в живых.
/Так/ родился для него день горя.
Он послал мужей (воинов), /и/ они преклонили /передо
мной/ колени,
свои головы /и/ шеи они склонили.
Устыдившись, они согнулись.
Он сказал: « Не преследуй, не уничтожай» – /и тем/
связал (удержал) /меня/.
Отпустив, я освободил /его/,
я заставил /его/ принести имущество для выкупа.
Я велел прикрыть позор (?) /его/ мужей (воинов).
Весь свой груз он сам увязал [51, с. 247].
Осындай детальдар арқылы бейне жасалады. Бұндай бейнелер «Мәңгілік бейне» болуы әбден мүмкін. Біз нысанаға алып отырған көне түркі жазба ескерткіштеріндегі батырлар мен бектердің бейнелері осы мәңгілік бейненің шарттарына келеді. Әдебиеттанушы ғалым М. Базарбаев мәңгілік бейнеге төмендегідей анықтама береді, «Мәңгілік бейнелер бір заманда, қоғамдық ортада қалыптасқан мінез-ерекшелігі бар, сонымен бірге бойынан жалпы адамзатқа тән сипат-қасиеттер де айқын танылатын типтік тұлға дәрежесіне көтерілген әдеби бейнелер. Олар адамгершілік пен әділетсіздік, махаббат, зұлымдық, қызғаныш секілді жағымды және жағымсыз мінез, іс-әрекеттер арасындағы қайшылықты, тартысты көрсетеді. Ғасырдан ғасыр ауысып, заман өзгерсе де, мұндай бейнелер өзінің танымдық, тәрбиелік мәнін жоғалтпайды. Және бір халықтың әдебиеті көлемінде қалмай, дүние жүзі мәдениетінде танымал бейнелер болады» [39, б. 233]. Анықтамада көріп отырғанымыздай, мұндай бейнелер бір халықтың болмысында ғана қалмай, барша адамзаттың құндылығына айналады. Адамзатқа қандай тұрғыдан әсер ететіні әр халықтың таным-түсінігі мен болмыс-бітіміне байланысты әртүрлі деңгейде әсер етуі мүмкін. Мәңгілік бейнелер, аты атап тұрғандай, қанша ұрпақ ауысса да идеал тұлға ретінде, не барша адамзат санасында зұлымдығымен есте сақталып қалған тұлғалар.
Көне түркі жазба ескерткіштеріндегі кейіпкерлер қиялдан туған образдар болмағанымен, әсіре көркемдеу, әсіре бояулар көп кездеспегенімен, кейіпкерлерді танытуда, олардың ерлігін жазуда жасаған бейнелерінің мәңгілігінің құпиясы шынайылығында. Бүгінгі бейне жасау қағидаттарына сай келмесе де, оқырманды ойға қалдыратын жасампаз қаһармандардың бейнесін көру қиындық туғызбайды.
Көне түркі әдебиетінде де ұрпаққа мәңгі қалдырған «Мәңгі су» мотиві «Атамыз, бабамыз ұстаған жер-су иесіз болмасын деп...» (Тоныкөк жазбасы) басқа да әпсана, аңыздарда кездесетіні рас.
Мәңгілік су – әбілхаят – мәңгі өмір дарытатын қасиетті су. Мұндағы әб – су, хаят – өмір деген мағынаны білдіреді. Оны Қызыр пайғамбар тапқан, ол суды ішкендіктен, мәңгі өмір сүреді деген әпсана бар. Осылай кие дарыған Қызыр пайғамбар елсіз шөл далада қиындыкқа душар болған жолаушыны желеп-жебеп жүреді. Әсіресе байырғы өлең жырларда Қызыр мен Ілияс аталардың аты қатар аталады. Әдетте Қызыр-Ілияс деп қатар қолданылғанымен, Қызыр құрлықта, Ілияс теңіз сапарында жүрген жолаушыларды қолдап, жебеп жүреді деген сенім бар. Сондай-ақ ел арасында мынандай әпсана бар: Ескендір патша тірі суды іздейді. Оған перілер көмектесіп, аңсаған арманы орындалады. Патша өмір суын ішпес бұрын ойға кетеді. «Егер мұны ішсем, мың жасайды екенмін, болашақта мені не күтіп тұрғаны да бұлдыр, одан да құдайдың өзі берген жасын жасап, өлшеулі күнін кешейін деп бас тартады да, қасиетті су толтырылған торсықты балқарағайдың бұтағына іле салады. Сол торсықты карға шоқып, тесіп жібереді. Содан қарға мен әлгі балқарағай ағашы мың жасайтын болған екен деседі. Бұл мифтің тағы бір нұсқасында Ескендір патша тірі суды торсыққа құйып әкеле жатып, қарағайдың түбінде демалып жатқанда құзғын шоқып, тесіп жібереді де, киелі су қарағайға, аршаға төгілгендіктен ол ағаштар жап-жасыл болып, мәңгі жасайтын болады. Судың жердегі қалдығын түлкі жалап, жүні ағарғанша, тұмсығы тиіп құзғын да ұзақ жасайтын болғандығы айтылады. Жалпы түркі-моңғол халықтары, соның ішінде қазақтар мәңгі суды Тәңірдің сыйы, адам жанын мәңгілік жасарту үшін жасалған шипалы су деп ұғады. Мәңгі су ұғымымен мәндес зәмзәм (Меккеде), кәусар (Жұмақта) деп аталатын қасиетті сулар бар [52, б. 305].
Жаратылыстың негізі өзегі судан екенін биология ғылымы арқылы баршамызға аян. Тіршіліктің қайнар көзі, шығу тетігі – су. Бүгінгі ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек су болған жерде тіршілік пайда болады деген тұжырым жасалғанына да біраз уақыт болды. Марс планетасында судың бары анықталғаннан бері болашақта Марсқа көшетіндер болады деген болжамдар да жиі айтылып жүр. Бұл – әдебиеттің еңшісіндегі дүние емес, дейтұрғанмен қоғамның рухани жетілуіне барлық ғылым салсының үлесі зор.
Мәңгі су, мәңгілік өмір бастауы бір-бірімен тығыз байланысты. Мәңгі су, мәңгілік өмір туралы аңыз-әңгімелер біршама көп. Ескендір Зұлқарнайынның өлмес суды іздеуі туралы әпсана-хиякалардың бірнеше нұсқалары бар:
«Ескендір патша өзінің Қызыр және Ілияс деген жолдастарын ертіп, өлмес суды іздеп, Зұлматқа барады, бірақ ол суды алға қарай озып кеткен, Қызыр мен Ілияс тауып ішеді де, соңынан Ескендір келіп жеткенде, өлмес су ғайып боп кетеді немесе ол суды қарғалар ішіп қояды. Сөйтіп Ескендір патша «өлімге дауа болатын суды» іше алмай қалады [35, б. 163].
«Ескендір өлмес суды тапса да, іше алмайды, себебі, су біресе өзі ғайып боп кетеді, біресе қарғалар ішіп қояды, енді бірде судың өзі патшаның тамағынан жүрмей қояды. Осының бәрін көрген Ескендір: «Алла тағала маған өлмес суды бұйыртпаған екен!» деп Құдайдың шешіміне, өлімге мойынсұнады. Сондай-ақ өзінен бұрын өлмес суды ішіп, енді өле алмай қор болып жүрген адамды көріп, Ескендір патша дереу өзінің райынан қайтып, өлмес суды ішуден бас тартады [35, б. 164].
Ескендір барлық ғалымдарын жинап алып, дүниеде көп жасауға ойланып, «Өмірдің ұзақ болуына не шара бар?» деп сұрақ қояды. Сонда ғалымның біреуі тұрып: «Қап тауының аржағында, қараңғылықта Ғайнылхаят бұлағы бар, содан су ішкен адам қияметке дейін өлмейді» дейді. Оған басшыны Қытай елінен іздеу керек болған. Қытайлықтар Ескендірге Қызыр деген адамды басшы етіп береді. Туар малдың ең көргіші қысырақ бие дегенді естіген соң Ескендір жиырма мың бие тапқызып, әскерлеріне мінгізеді. Қызырға қараңғылықта жарық қылатын бір жауһар тас беріп, оны ілгері жібереді. Артынан Ескендір тауды өрлеп, жоғарылай береді. Алдынан қиямет күні жел жіберетін Исрафил періште жолығады. Ескендір одан мәңгім суын сұрайды. Ол тобықтай ғана бір тас береді. Ол тас адамның көз сүйегі болып шығады. Оның сырын патшаға қасындағы Қызыр түсіндіреді. «Бұл – көз сүйегі. Адам тірлікте ешнәрсеге тоймайды, өлген күні бір уыс топырақтан қанағат табады», – деп жауап береді Қызыр [35, б. 165].
Академик С.Қасқабасов Ескендір Зұлқарнайынның өлмес су іздеуіндегі фольклорлық ерекшеліктер, діни наным-сенімнің әсері туралы талдай келе Қорқыттың өлімнен қашқаны сынды сюжеттермен салыстырмалы герменевтикалық тұрғыдан зерделейді. Өлмес су іздеген Ескендір мен мәңгілік өмірді іздеген Қорқыт өз заманың жасампаз қаһармандары.
Осы сынды «мәңгі тас» деген ұғым үлкен мәнге ие. Әсіресе көне түркілік кезең тарихын бағамдау үшін тасқа қашап жазған жазулар мен белгілердің мәні зор. Түркілердің жүріп өткен тағылымды ғұмырларынан ақпар беретін – мәңгі тастар. Қазақта «тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады» осы мақалда айтылған түйіннен мынандай қорытынды шығаруымызға болады. Тастың қаттылығын дәлелдеуді қажет етпейді. Ал тілдің қаттылығы тастан да өткір екені рас. Осы екі қатты заттың бірігуінен тұтас бір халықтың тарихы мен руханияты бүгінгі заманға жетіп отыр. Тасқа жазған жазу туралы филолог ғалым М. Жолдасбеков «Тарихтың беті сан өзгеріске ұшырады. Жылдар жылжып, ғасырлар алмасып жатты. Жер жаңарып, қоңыс өзгеріп жатты. Бірақ Орхон өзенінің бойындағы қас батырдың ерлігіндей тәкаппар, сұсты, маңғаз тас ескрткіш он екі ғасырдан аттап, өз заманының шындығын, қайғы-қасіретін, амал-әрекетін арқалап, сол күйінде бұзылмай, бүлінбей бүгінгі күнге аман жетті» [16, б. 30]. Тасқа қашап жазылған жырларда да «мәңгі тас» деген тіркес кездеседі. Жалпы адамзат баласының жаратылысынан мәңгілікке, жақсылыққа, күштілікке, ізгілікке құштар болары шындық. Жер бетіндегі халықтардың елдігін сақтау, оны тәуелді емес, тәуелсіз ел болуына ықпал жасау қарапайым тұрғыннан бастап ел басындағы барлық басшылардың арман-тілегі, мақсат-мұраты. Мәңгі тасқа жазылған жырлар да осыны мақсат тұтқан.
Тоныкөк жырында «Мәңгі тас» туралы былайша әңгімеленеді: «Бұл қағаныңнан, бұл бектеріңнен, жеріңнен, суыңнан айрылмасың, түрік халқы, өзің жақсылық көргейсің, сен! Ынтымақты болғайсың сен, мұңсыз болғайсың сен! – деп тіледім. Кейін табғач қағаннан шебер келтірттім. Менің сөзімді сындырмады (бұзбады). Орда шеберін жіберді. Ақыр (мүсін) тасын, барқын тұрғыздырттым. Ішініе, тысына сурет өрнек салдырттым. Тас тоқыттым, көңілдегі сөзімді бастырдым. Он-иелік әулетіне, кірмеңе дейін бұны көріп біліңдер! Мәңгі тас орнаттым. [киелі] жерге қойдырдым. Жаздым. Бұны көріп, бұдан біліңдер. Ол тас барқын» [31, б. 185].
Ал Күлтегін жырында «Мәңгі тас тоқыттым. Бұл киелі жер еді. Қазір де киелі жер. Осындай киелі жерге тас тоқыттым, жаздырдым. Бұны көріңдер, осылайша біліңдер. Ол тасты тоқыттым. Бұл жазуды жазған – Иоллғ-тегін. Күлтегіннің алтынын, күмісін, ақығын, дүние-мүлкін, төрт мың жылқысын, ірі қарасын қағанның айтуы бойынша Тұйғындар таратты. Тасқа жаздым. Иолығ-тегін біз жаздық» [31, б. 176]. Аталған мәңгілік сөзімен тіркесіп келетін тіркестердің негізінде Мәңгілік Ел идеясының өміршеңдігін, оның бос қиялдан тумағандығына көз жеткіземіз. Ұлттық болмыс пен ұлттық сана тұрғысынан бұл идеяның жаңғыруы заңдылық.
Ш. Уәлиханов «От әулие (киелі) болып саналады. Отқа түкіруге, ошақты басуға болмайды. Жаңа түскен келін [күйеуінің] әкесінің үйіне кіріп, сәлем жасап, «аруақ разы болсын» деп тағзым етеді, отқа бір қасық май құюы керек. Жас келін сәлем еткенде «аруақ разы болсын» деп, тізе бүгіп, еңкейіп, маңдайын еденге тигізеді. Отқа тамызған май жанып, жатқанда, жас келіннің енесі немесе әйелдерінің бірі алақанын отқа қыздырып, келіннің бетін сипайды. Үлкен үйдің отының құрметіне деп, қалындық атасының иығына шапан жабады, отағасы жас келінді: «Иін қандырып илеген терідей мінезің жұмсақ болсын қарағым» деп бата беріп, тулаққа, қой терісіне отырғызады. Жан беру (ант) беру үшін екі жерден от жағып, адам сол екі оттың арасынан өтіп, кісі өлтірген мылтықтың ұңғысын сүюі тиіс» [53, б. 180]. Көріп отырғанымыздай, отқа қасиетті, киелі дүние деп қарау көне замандардан келе жатыр.
Достарыңызбен бөлісу: |