Алимбаев аслан есемканович


Мәңгілік Ел идеясы және түркілік интеграция



бет21/23
Дата02.03.2022
өлшемі263,17 Kb.
#26879
түріДиссертация
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   23
2.3 Мәңгілік Ел идеясы және түркілік интеграция

Негізге оралу, түп тамырды іздеу, шығу төркінін анықтау осы секілді т.б. ұғымдар адам санасына сәуле түсіріп, әлсін-әлсін найзағайдай жарқылап, ұлтқа серпіліс беріп тұрады. Ұлттың ел болып қалыптасуында сан-қатпар қиындықтар мен бұралаңдары болады. Осы кедергілерге төтеп беретін ұлттың негізі мықты болары даусыз. Ақпараттық соғыс жүріп жатқан кезеңде өмір сүріп жатқан сіздер мен біздер тура жолды табу оңай емес. Құндылықтар өзгеріп, заман көшінен қалмаймыз деп дұрыс дүниелер теріске, теріс дүниелердің дұрысқа айналған шақта елдікті сақтау, адами капиталмен оның адамгершілік қасиеттерін арттыру үшін қандай әдістеме керек? Руханияттың адамзат өркениетіне берері не? Технологияның адамзатқа қандай пайдасы бар? Осы екі сауалдың жауабын бүгінгі күн тұрғысынан зерделеу аса маңызды. Жаһандану үдерісі жүріп жатқан тұста ұлттық идеологияның мүмкіндіктерін анықтау бүгінгі материалдық емес құныдылықтар негізінде анықтауымыз керек. Материалдық емес құндылықтардың негізі – тіл мен әдебиет, өнер, салт-дәстүр. Осы негізгі тұғырларды нығайту арқылы ұлттық идеология үстемдік құрады.

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың ұлттық идеология Мәңгілік Ел идеясы деп жариялағанына біраз жыл болды. Әрине, бұл бір күнде қалыптаса қалатын дүние емес. Ойдан тапқан да дүние емес.

Мәңгілік Ел идеясын орнықтыру, оның тарихи, ғылыми негізін анықтау мақсатында гуманитарлық ғылым саласында көптеген ғылыми-зерттеу жұмыстары жан-жақты салалар бойынша қарастырылып келеді. «Тарих көрсеткендей, адазаттың жауы – адамның өзі, қанағатсыздық, нәпсіқұмарлық, жыртқыштық. Ізгілік жойылғанда мемлекет те, адамзат та жойылады. Адам баласының жүрегіне ізгіліктің нұрын құятын – тарихи тамырдан нәр алған тәрбие, дәстүр. Дәстүр мен тәрбиенің халық өзінің рухани өкілдері арқылы жасады, ал оны қолдайтын, іске асырып пайдаланатын қоғам. Қазақ халқының да тарихтың өне бойында жүйеленіп, ысылған дәстүрлі дүниетанымы бар. Заман дамып, уақыт өткен сайын, ғылым мен технология, қоғамдық қатынастар жетілген сайын, осы дәстүр өз маңызын арттыра түсіп, қоғам қажеттілігіне барынша көкейтесті бола түсуде» [19, б. 243].

«Ақпараттық жаңа отарлау», «ақпараттық соғыс» сияқты жаңа ұғымдар шын мәнінде қауіп төндіріп тұр. Бұл қауіп-қатердің алдың алу үшін ұлттық сананың ашықтығын қамтамасыз етуде. Жаһандану заңдылықтарына ұлттық құндылықтарымызды бейімдеу арқылы әлемдік аренада қазақ мәдениеті, әдебиеті мен тарихын насихаттаудың жаңаша бір тәсілін анықтау. Демек, руханияттың интеграциялануы қажет. Яғни жаһандану үдерісінде шетелдік идеялардың емес, керісінше ұлттық мәдениеттің іргетасы беки түсуі мүмкін. Түбі бір ұлттардың руханиятын бір арнаға түсіру күн тәртібіндегі өзекті мәселе.

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек» [54], – деп нақты не істеуіміз керек екенін айтып отыр. Заман ағымына икемделу дегеніміз не? Көш басындағы елдердің барлық болмысын өзімізге қабылдап, бойымызға сіңіру ме? Әлде жақсылыққа еліктеп, жаманнан жирену ме? Немесе ата-баба жолын, көне замандардан келе жатқан қалыпты дәстүрлерді өзгертпей жалғастыру ма? Осы сынды сауалдарды әлі де жалғастыра беруімізге әбден болады. Сауалдарға жауапты сауалдың өзінен-ақ алуымыз керек. Елбасының мақаласында да сауалдарымызға нақты, тұшымды жауап ала аламыз: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай.

Бірақ, ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық.

Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды.

Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды [54].

Ұлттық-рухани тамырынан нәр алып, Мәңгілік Ел идеясын жаңа заманда жаңғыртып отырған түркілердің ата қонысы Қазақстанның жалпытүркілік мәденитке бей-жай қарамайтынын кепілі. Осы ретте түркі тектес елдердің геосаяси, эконимикалық, мәдени дамуы әлемдік деңгейде серпін береді. Жаратылыс рухани тығырыққа тіреліп, әлемдік қауымдастық жаңа қатерлермен бетпе-бет келіп, дінаралық, ұлтаралық қатынастардың маңызы артқан тұста мемлекеттер мен мемлекеттерді идеялық тұрғыда біріктіретін, әр халық ұлттық құндылықтарын сақтап қалатын идеяларға мұқтаж. Осы тұрғыдан келгенде ұлтымыздың ата-баба дәстүріне, тарихқа құрметінің ерекше белгісі ұлттық идеяны он ғасырдан астам кейінге шегеріп, көне дәуірден тауып, жаңа заманда жаңғыртуымыз бекер емес. Ұлттың рухы, рухан мәйегі бүгінгі және болашақ ғажайыптардан да жоғары тұру тиіс.

Тарихшы ғалым М.Қ. Қозыбаев «Даму барысын қамтамасыз ету үшін жалпы халық, барша ұлт біртұтас, алып күшке айналуы керек. Ол үшін оларды біріктірер бүкіл халықтық, жалпы ұлттық мақсат идея алыстан жарқырап, мен мұңдалап тұруы қажет. Басын бәйгеге тігер адам идеясыз қайда барарын білмейді, айдасаң да ілгері жүрмейді, қабағын жадыратып күлмейді» [55]. Академиктің пікірімен толықтай келісе отырып, жеке адам мақсат-мүддесіз өмір сүре алмайтын болса, мемлекеттердің де идеясыз болашағы жарқын болмайды. Біз Мәңгілік Ел идеясын түркілік интеграция негізі өзегі деп айтуымыз бекер емес. Бұл идея елімізді белгілі бір мүддеге, белігілі бір бағытқа, яғни ізгілікке қарай беттеп келе жатқаны айқын. Сондықтан да түркілік дәуірдің салтанат құруы үшін де осы идеяның үстемдігі басым болғаны абзал. Ойымызды академик М.Қ. Қозыбаевтың пікірімен жалғастырсақ: «Ұлттық, бүкілхалықтық идея өміршең болу үшін халыққа сүтпен барып, қанына сіңуі керек, ол идеяның іс, қимыл-әрекетке айналуы бірнеше факторларға байланысты. Бірінші фактор. Ұлттық бүкілхалықтық идея мөлдір, таза, кәусар бұлақтың суындай асыл мұратқа арналуы керек, ол шын мәнінде гуманизмге, адамгершілік қасиеттерге негізделеді. Екінші фактор. Ұлттық, бүкілхалықтық идея баршаға айдай аян, түсінікті болуы шарт. Үшінші фактор. Ұлттық, бүкілхалықтық идея барша халықтың, оның әртүрлі топтарының мүддесінен туындауы керек» [55, б. 81]. Егер түркі халықтарының шығу төркіні бір, негізі бір болатын болса айтып отырған Мәңгілік Ел идеясы да ата-бабаның қанымен, ананың сүтімен ғасырлар бойы осы күнге жетіп отыр. Идеяның өміршеңдігі де осында деп білеміз. Яғни таңсық дүние емес.

Біз сөз етіп отырған Елбасы мақаласындағы идеялар бүгінгі күн тұрғысынан ғана емес, болашақта да маңыздылығын жоймақ емес. Мәңгілік Ел идеясының жүзеге асырудағы тетіктерінің негізгі өзегі осы мақалада.

Атап айтар болсақ:

ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы;

Бәсекелік қабілет;

Прагматизм;

Ұлттық бірегейлікті сақтау;

Білімнің салтанат құруы;

Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы;

Сананың ашықтығы. Осы аталған тақырыптар төңірегінде қозғалған ұлттық мәселелер ғылымның барлық саласында зерделеніп, зерттеліп келеді.

Көне түркілер елдікті, бейбітшілікті аңсап, сол жолда аянбай тер төккені туралы алдағы бөлімдерде жан-жақты талдаймыз. Түркілер танымындағы ізгілік, гуманизм, адамгершілік сынды асыл қасиеттер бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі өзегіне айналып отырғанын әлем мойындады. Ұлттық бірлік, елдің тыныштығы мен тұрақты дамуы ата-дәстүрге адалдығымыздан деп түйіндеуімізге болады. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген мақал – осының айғағы.

Ұлттық идеология тек ұлтты біріктіруші ғана емес, елдің ішкі, сыртқы қадамдарын реттеп, қазақ мемлекетінің абыройын әлемдік қауымдастық шеңберінде асқақтатып, оның одан әрі өсіп, өркендеуіне мұрындық болуы тиіс. Әлем жұртшылығының алдында тұрған ғаламдық мәселелерді төл ұлттық идеология тұрғысынан шешуге атсалысып, табысты нәтижелерге қол жеткізуге міндетті. Қазақ тарихын саралау барысында төл идеологияның тарих тезінен абыроймен шығып, өз заманының талабына сай міндеттерін атқарғаны белгілі болып отыр [19, б. 246]. Айталық мемлекетіміздің ұлттық идеясы Мәңгілік Ел деп белгіліп алдық, көне түркілік кезеңнен келе жатқан ұлттық бағыт екенін айттық. Осы тұрғыдан келіп түркілік интеграцияның кепілі Мәңгілік Ел идеясында жатыр деп тұжырымдасақ қателеспейміз.

Мәңгілік Ел идеясы қиял, утопиялық дүние емес. Идеяның еліміздегі ұлттар мен ұлыстардың басын біріктіре алатын да қуаты бар. Қоғамдық сананың жаңғыруына ықпал ете алатын алпауыт күшке ие. Рухани жаңғыру мақаласындағы прагматизм мәселесіадам бойындағы асыл қасиеттерді жетілдіруді мақсат тұтатындығын көріп отырмыз. «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек.

Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді.

Нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық бере отырып, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдалану – мінез-құлықтың прагматизмі деген осы» [54]. Заманауи әлемде ұлт немесе жеке адам нақты бір межеге жету үшін мақсатты түрде еңбек етуі қажет. Прагматизм дегеніміз қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «ақиқатты практикалық пайдалылық тұрғысынан түсінетін философияда кең таралған субъективті-идеалистік бағыт» деп берілген [56, б. 679].

Прагматик тұлға үйренуден жалықпайды, зейін-түйсігін тәрбиелеумен болады. Кез келген істі ақылға салып, ұтымды жолын ойластырады. Қолда бар ресурсты жұмсауда минимализм мен табыс тауып жетістікке жетуде максимализм қатар көрініс табатын тұлға шынайы прагматик десек болады [57]. Осы ойды біз қазақ әдебиетіндегі Абай қалыптастырған «толық адам» ілімін ХХІ ғасыр көзқарасы негізінде жаңғыртуымыз керек. Адам баласы біріншіден, өз-өзін тәрбиелеуден бастаса, «толық адам» дәрежесіне көтеріледі. Содан-соң «құтты билік» орнайды, ізгілікті қоғам түзіледі. Міне, осы рухани жаңғыру болмақ. Қоғам жаңғыру үшін адам бойындағы мінін түзеуден бастау дұрыс деп ойлаймыз.

Әділ қоғам, адамдар арасындағы түсініспеушілік пен қайырымдылық, бақытқа жету жолында бір-біріне жәрдем беру, тәлім мен тәрбие, бейбітшілік пен достық, жаман мінезді сөгу идеялары әлемдік әлеуметтік-саяси теорияның біртұтас бөлігіне айналып кеткені баршамызға аян.

Мәңгілік Ел идеясының жариялағаннан күннен бастап бірізді, жүйелі түрде іске асып келе жатқан ауқымды істер көп. Материалдық және материалдық емес құндылықтарды жаңғырту, оны дамыту мақсатындағы шаралардың маңызы мен мәні орасан.

Жоғарыдағы мақаланың жалғасы ретінде тұңғыш Президент Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы 2018 жылы жарияланған болатын. Бұл мақаланың мән-мағынасы мен маңызын тілші ғалым Қ. Мамаділ зерттеу мақаласында былай жазады: «Қазақ жерінің күллі түркі дүниесінің қара шаңырағы, алтын бесігі екені ақиқат. Күндіз тізе бүгіп, түнде көз шырымын ала алмаған қайсар әрі құс ұйқылы асыл бабаларымыздан қалған қасиетті Қара шаңырақты сақтап қалу, әрине, қайран жұртымызға оңайға түспегені де тап-таза шындық. Қазақ баласы мұны ертеден-ақ санасына тоқыған. Қара шаңырақ иесі екенін тарихының алмағайып күндерінде есінен бір сәтке шығармаған. Қара шаңырақ – күллі түркі жұртының өзегі болғандықтан, оның қазаққа артар жүгі басқа түркі баласына қарағанда, тым ауыр. Қара шаңырақтың амандығы – күллі түркілердің тілегі. Сондықтан «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаланың түпкі мәнін содан іздеу керек. Бұл, шындығында, тек қазақтың ғана емес, тұтас еуразиялық тарихты қайта ой елегінен өткізіп, дұрыстауға шақырған үндеу іспетті. Қазақ, расында да, тым көне халық және сақ, ғұн, ата түркі, көне түркі тілдерінен жеткен асыл тілдің ғажайып гармониясын жасаған ел. Мұның ізі осы заманға жеткен жазба жәдігерлердің бәрінде де сайрап жатыр» [58, б. 118]. Қазақ халқы көні түркі тілдерінен жеткен асыл тілдің ғажайып гармониясымен қатар сөз өнерінің идеясы мен мазмұндылығының көркемдігін осы заманға дейін жеткізген. Көне заманнан бізге тек қана рухани құндылықтар ғана жеткен жоқ. Заттық, яғни материалдық құндылықтардың түп тарихы қазақ топырағанда, түркілердің атақонысында пайда болғаны туралы ғылымда дәлелдер көп. Елбасының мақаласында:

І Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт

Атқа міну мәдениеті

Ұлы даладағы ежелгі металлургия

Аң стилі

Алтын адам

Түркі әлемінің бесігі

Ұлы Жібек жолы

Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны

ІІ. Тарихи сананы жаңғырту

Архив – 2025

Ұлы даланың ұлы есімдері

Түркі әлемінің генезисі

Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі

Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы

Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі

Көріп отырғанымыздай мақалада қозғалған тақырыптардың ауқымы кең. Көне замандардан жеткен матриалдық құндылықтардың бүгінгі кезең тұрғысынан саралау – барлық ғылым саласының еншісінде. Аталған тақырыптардың ішінен бізге қажеті – әдебиеті мен мәдениеті, түркілердің руханият әлемі. Қазақстан түркі әлемінің алтын бесігі екені баршамызға аян.

Сөз етіп отырған мақалада: «Тарих пен география түркі мемлекеттері мен ұлы көшпенділер империялары сабақтастығының айрықша моделін қалыптастырды. Бұл мемлекеттер ұзақ уақыт бойы бірін-бірі алмастырып, орта ғасырдағы Қазақстанның экономикалық, саяси және мәдени өмірінде өзінің өшпес ізін қалдырды.

Орасан зор кеңістікті игере білген түркілер ұланғайыр далада көшпелі және отырықшы өркениеттің өзіндік өрнегін қалыптастырып, өнер мен ғылымның және әлемдік сауданың орталығына айналған ортағасырлық қалалардың гүлденуіне жол ашты. Мәселен, орта ғасырдағы Отырар қаласы әлемдік өркениеттің ұлы ойшылдарының бірі – Әбу Насыр Әл-Фарабиді дүниеге әкелсе, түркі халықтарының рухани көшбасшыларының бірі Қожа Ахмет Ясауи Түркістан қаласында өмір сүріп, ілім таратқан» [59].

Мақалада аталған нақты мақсаттар кезең кезеңмен, жоспарлы түрде орындалып келеді десек, артық айтқандық емес. Тіл, әдебиеттану, тарих, мәдениеттану т.б. ғылым салаларында магистрлік, докторлық диссертация тақырыптары арасында түркі әлемі руханиятына қатысты жұмыстар жазылып, қорғалып жатқаны, түркі әлеміндегі Қазақстанның орны ерекше екені айғақтайды. Мәңгілік Ел идеясының көркемдігі, оған дейінгі және кейінгі әдеби дәстүр сабақтастығын үзбей жаңа заманға жеткені түркі елдерінің руханиятқа, сөздің магиясы мен киесіне деген құрметінің белгісі. Түркілердің мәңгі тасқа қашап жазған жырлары бүгінгі күн тұрғысынан әдебиеттің барлық шарттарына сай келмейтіні рас. Дейтұрғанмен, бүгінгі әлем әдебиетімен терезесі теңескен қазақ әдебиетінің күре тамыры, өзегі осы түркілік әдебиетте жатыр.

Кез-келген ұлт өзінің тарихын тым тереңнен бастап, оған неше түрлі дәлелдер айтып, фольклорлық шығармалардан мысалдар келтіріп, архив құжаттарынан фактілерді жазып жатады. Мұндай түсініктердің қалыптасып, таным-түйсігімізде жаңғыруы заңдылық. Бұл жөнінде Елбасы мақаласында: «Шын мәнінде, немістердің, италиялықтардың немесе үнді халықтарының жылнамасына көз жүгіртсек, олардың мыңдаған жылды қамтитын төл тарихындағы ұлы жетістіктерінің дені осы елдер қазір мекен етіп жатқан аумақтарға қатыстылығы жөнінде сұрақ туындайтыны орынды.  Әрине, ежелгі Рим деген қазіргі Италия емес, бірақ италиялықтар өздерінің тарихи тамырымен мақтана алады. Бұл – орынды мақтаныш. Сол сияқты, ежелгі готтар мен бүгінгі немістер де бір халық емес, бірақ олар да Германияның мол тарихи мұрасының бір бөлшегі. Полиэтникалық бай мәдениеті бар ежелгі Үндістан мен бүгінгі үнді халқын тарих толқынында үздіксіз дамып келе жатқан бірегей өркениет ретінде қарастыруға болады.   

Бұл – тарихқа деген дұрыс ұстаным. Сол арқылы түп тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оның күрмеулі түйінін шешуге мүмкіндік туады» [59].

Мәңгілік Ел идеясының жүзеге асыруда жүйелі түрде жұмыстар атқарылып жатыр дедік. Бұл жай ғана айтыла салған сөз емес. Біз талдап, саралап, пайымдап, зерделеп отырған мақалаларымыз бұған дәлел. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты бөлімінде: «Көпшіліктің санасында тарихи үдерістер, негізінен, тұлғаландыру сипатына ие болатыны белгілі. Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады.

Мысалы, өткен дәуірлердегі Тутанхамон, Конфуций, Ескендір Зұлқарнайын, Шекспир, Гете, Пушкин және Джордж Вашингтон сияқты дүние жүзіне белгілі тұлғалар бүгінде «өз мемлекеттерінің» баға жетпес символдық капиталы саналады әрі сол елдердің халықаралық аренада тиімді ілгерілеуіне септігін тигізіп отыр.  

Ұлы дала Әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді» [59].

Ұлтымыздың символдық капиталы саналатын тұлғалардың елі үшін жасаған еңбегі телегей-теңіздей. Мұндай тұлғаларды халықаралық аренада насихаттау арқылы еліміздің интелектуалды өресінің деңгейін көрсетеміз.

Ел тарихында өзіңдік сара жолы бар, дара туған тұлғалардың мерейтойын атап өту еліміз өз алдына жеке ел болғаннан бастап кең етек алғаны рас. Бұл жөнінде академик М.Қ. Қозыбаев «Ұлы арыстар тойларының тағы бір айырмашылығы – көңіл мен пейілге рухтың жалғасуында, дарқан той мен терең ойдың қосылып, бір арнаға құйылуында» [55, б. 95]. Рухтың үндесуі үшін, терең ойдың жаңғыруы үшін де Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өту салмақты, жүйелі істің барысын көрсету деп білеміз. Абай шығармалары жеке адам өмірі мен жалпы мемлекеттің бағыт бағдарын айқындайтын темір қазық деп түсінсек біз Абайды атаулы күндері ғана емес, күнделікті өміріміздің бөлшегіне айналдыруымыз керек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек» деп нақты айтқан болатын. «Абай туындылары күнделікті өмірімізбен біте қайнауы тиіс. Бұл дегеніміз – үлкен ойын-сауық орталықтары, мекеме, спорттық кешендер, театрлар, мешіт, көше атаулары Абай өлеңдерінің, қарасөздерінің өн бойындағы тіркестерден болса. Мысалы, «Нұрлы ақыл», «Ай менен күн», «Жақсылыққа», «Жәуанмәртлік», «Үш сүю», «Имани гүл». Бұндай атауларды көрген жасы да, кәрісі де «бұл не екен?», «мағынасы қандай екен?» деп ізденеді, оқиды және Абайды табады» [60], - деп жазыппыз «Хәкімнің тойы – сөзден іске көшетін той» атты мақаламызда. Президент мақаласындағы айтылған ойдан түйгеніміз осы. Байқап, барлап, бағамдап отырсақ, бірізділік, жүйелілік біздің рухани өмірімізде, экономикалық, технологиялық тұрғыдан да бар екенін көріп отырмыз. Қазақстан билігінде отырған екі Президент мақалаларын саралап отырсақ елдің болашағы үшін, оның рухани кемелденуіне не қажет екенін анықтап айтып отыр. Бұл идея Президент жолдауларында да жалғасып, дамып отыруда. Мәңгілік Ел түркілік интеграциялануына жалғыз біздің ел ғана емес, барша түркі тектес ұлттар мүдделі болуы керек. Даму бағыты мен шарттарына сай келмейтін мемлекеттер мен ұлттар жаһандану үдерісіне жұтылып кетпеуіне ешкім кепілдік бермейді.

Ғасырлар қатпарында қалып қоймай, осы күні жаңғырып, жаңарып жатқан «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асырушы тұлғалар бойында қандай ізгі қасиеттер болу керек? Елдіктің, мемлекетшілдіктің жарқын үлгілерін көне әдебиет нұсқаларынан анық байқаймыз. Мәселен, Аттиланың қолбасшылық, ел басқару өнері жайында айтқандары:

«Көсемнің ел қатарлы ғұннан айырмашылығы – күрделі шешімпаздық қабілет-қарымында.

Патша әрқашанда басшылыққа үздік ғұндарын тағайындауы тиіс, қалай болғанда да оған сол орын қажет-ақ.

Кездейсоқ адамдарды ешқашан тағайыңдамаңыз. Басшылықты дарынды ғұнға тапсырыңыз, өкілеттікпен жауапкершілікті жүктеңіз, содан кейін одан талап етуіңізге құқыңыз бар.

Көрген көсем сәттілікті ешқашан арқа тұтпайды, өз болашағын әрқашан ауыр еңбек, төзімділік, табандылық және оптимизммен жасайды.

Әрекет етуге ұйғарған көсем тек қана жеңіске жетуге тиіс, итжығыс немесе ымыраға келу мүлде болмауы тиіс.

Егер де көсем көштің соңында келе жатса, онда ол ешқашан қолбасшы емес.

Өзін-өзі ұстауын жоғалтқан көсем жеңіліске душар болады. Өз күшіне ғана сенуі тиіс, сол кезде жеңіліс тапқанның өзің де де, бар мүмкіншілікті қолданғаныңнан хабардар боласың.

Тобасынан жаңылған, менмен және бақайқұрт жетесіз көсемдер нағыз ұрлыққа сирек жетеді, оның есесіне кісі көзінше өзін ұлықтайды.

Ұлы көсем өзін ешқашан да ұлықпын деп есептемейді [61, б. 328]» осындай қағидаларды ұстанып, елдік мұратты биік деңгейге көтере білген Аттиланың өсиет сөздерінің мазмұны мен құндылығы артпаса кемімегендігі анық. Түркілердің елдікті сақтаудағы ұстанымы мығым, өзегі бекем екенін жоғарыдағы мысал дәлел бола алады.

Көне дәуірден бүгінге дейінгі түркі әлемі тарихын, тілі мен әдебиетін және мәдениетін зерттеп, түркі мемлекеттерінің әлемдік өркениеттегі орны мен ерекше үлесін төлтума деректер негізінде аша отырып, жалпы түркі әлеміне қатысты ғылыми зерттеулерді үйлестіретін бірегей орталыққа айналдыру керек. Сонда ғана қазіргі түркі халықтарының тарихи байланысы мен бірлігі нығайып, түркі елдерінің ортақ мәдениетін әлемге танытуда маңызды болары анық [62, б. 11].

Түркі халықтарының бірлігін біз тек Мәңгілік Ел идеясын тұтас түркі дүниесі тұрғысынан қарастыра алсақ қол жеткіземіз. «Түркі халықтарының тарихи мұраларын шын мәнінде бағалай білу, олардың тарих, мәдениет, әдебиет және тіл тұрғысынан алғанда баға жетпес қазына екендігін көпшілікке, оқушылар қауымына жеткізу – кезек күттірмейтін негізгі міндеттердің бірі» [63, б. 3] деп белігілі тілші ғалым Ғ. Айдаров атап өткендей түркілік руханият бүгінгі идеологияның қайнар көзі, негізгі өзегіне айналса ғана түркілік интеграция жүзеге асады. «Көне түркі жазба ескерткіштері тілінен көріністапқан «Мәңгі ел» идеясын қазіргі түркітілдес мемлекеттердің ұлттық идеясына, ұлттық тәрбиенің өзегіне айналдыру түркі дүниесінің ынтымақтастығы мен ықпалдастығына қызмет ететін, жаһандану үдерісіне түркілік болмыс-бітімімен араласа алатын ұрпақ қалыптасырумен сабақтасып жатқан өзекті мәселе. Мәңгілік Ел идеясы – әлемдік өркениеттегі Түркі өркениетінің орнын бағамдауға, Түркі дүниесінің жасампаздығын қамтасыз етуге бағытталған сара жол» [44, б. 106].

Түркі әлеміне ортақ мақсат пен ортақ мүдде елін мәңгі ету, халқына баянды ғұмыр сыйлау. Осы мақсат сан ғасыр бойы шыңдалып, бүгінгі күнге жетіп отыр. Қайырымды қала, ізгілікті қоғам, мәңгілік ел тұрғындарының бағыты айқын екенін фольклорлық және көне түркі әдебиеті үлгілерінен көз жеткіздік. Мәңгілік қайырымды қала тұрғындары әлемді бейбітшілік пен ынтымаққа, толеранттылық әрі татулыққа шақыруда.

Түркітілдес халықтардың мәдениет аралық қарым-қатынастарын жаңғыртуды сапалық жаңа деңгейге көтерудің, жаһандану үрдісі жағдайында жалпытүркілік рухани құндылықтарды сақтап қалу және насихаттауда түркі халықтарының өзара ықпалдастығы мен ынтымақтастығын арттыру маңызды.

Тарихи жағдайға байланысты бір негізден тараған түркі халықтарында әртүрлі әлеуметтік, шекаралық, рухани, тілдік ерекшеліктер қалыптасты. Бірақ бұл үрдіске қарамастан «Мәңгілік Ел» идеясын тұтас түркі әлемінің ұстанымына айналдыруға бүгінгі таңда барлық мүмкіндіктер бар.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   23




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет