Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
193
алған Сауранға, екіншісін Отырарға ұзатты. Бірақ бұл қуаныш кейін Бұрындыққа
қайғыға айналды.
Екі елді осыншама қан-жоса етіп бүлікке салып, мал-мүлкін талан-тараж етіп,
ұл-қызын құлдық пен күңдікке айдатып, кеше қан майдан ашып ұрысқан екі
ханның, бүгін елдің төгілген қанына, жерге тапталған
ар-намысына қарамай оп-
оңай ауыз жаласып кеткені халыққа қорлау сынды көрінді. Әсіресе қазақ рулары
бұлқан-талқан боп ашуланды. Жұрт кәрі-жасы қалмай жерін, суын, малын қорғап
атқа мінгенінде, Бұрындық хан оларды алдап кеткендей болды. Сонау талан-
таражға түскен дүние-мүлік, төгілген көз жасы, — бәрі бірдей тек Бұрындықтың
қыздарын Әбілқайыр ханның ұрпақтарына қатынға беру үшін істелгендей
тәрізденді. Өздерінің көкейкесті тілегін, ата жауына сатып кеткені үшін халық
Бұрындыққа түйіле қарады. Оның қаһарынан қорықпай, бізге бұндай адам хан
болуға тиісті емес деп өктем-өктем сөйледі. Лепірген, қорланған, намыстанған
жұрт, ақырында өзінің сүйікті батырлары Найман
Қаптағай мен Алшын Оңайды
Қасымға жіберді. «Не Бұрындықты елімізді шапқан, ұл-қызымызды құлдыққа,
күңдікке тартып әкеткен қас-жауымызбен ауыз жаласуын тоқтатсын. Не хандығын
тастатып өз жайына кеткізсін» деді. Халық ашуы қарғыстан да жаман... Дәшті
Қыпшақ Ордасына түйілген бүліншіліктің тағы да бір қара бұлты шоғырлана
түсті.
Қазақтың көп аулын шауып, мал-мүлкін талап, бүкіл Дәшті Қыпшақ елін өзіне
қарсы қойған Мұхамед-Шайбанимен дәл бүгін құда бола қалудың қауіпті екенін
айтып Бұрындықты көндіре алмаған Қасым, келген батырларды тік тұрып қарсы
алды.
—
Ел-жұртымызды шауып, мал-мүлкімізді талап, бүкіл Дәшті Қыпшақ елін
қорлаған Мұхамед-Шайбанимен Бұрындық ханның құда түскені бізді қорлағаны.
Хан не қыздарын бермесін, не бізден кетсін, — деді халықтың сөзін сөйлеп қарт
Қаптағай батыр.
— Сонда сіздер ханның қыздарын бергеніне қарсысыздар ма, әлде бітім
жасағанына қарсысыздар ма?
— Екеуіне де қарсымыз. Хан халықтың көзі. Олай болса хан қыздарын ежелгі
жауымызға бере алмаса керек-ті. Ал бітім жасайтын болса, Мұхамед-Шайбани хан
талаған мал-мүлкімізді, құлдыққа, күңдікке әкеткен ұл-қызымызды қайтарсын.
Хан лашкарларының сойыл-шоқпарынан күнәсізден күнәсіз қаза тапқан мейірбан
ерлеріміздің құнын төлесін. Сонда бітімге отырамыз. Ал қыздарын Мұхамед-
Шайбанидың інілеріне қосып, бітімге келдім деп бізді қорламасын. Бұндай бітім
бізге керек емес. Егер біз тілеген бітімге Мұхамед-Шайбаниды көндіре алмаса
ерікті өзімізге берсін.
Ақ найзаның ұшымен, қас батырдың күшімен ол кәззапты
өзіміз көндіреміз.
— Сонда тағы соғыспақсыңдар ма?
Жаратылғалы соғысып келе жатқан жоқпыз ба? Бұрын ханға еріп соғыссақ,
енді халық болып соғысамыз. Жеріміз, суымыз, намысымыз үшін бүкіл қазақ
болып көтерілуге бармыз.
— Хан бұл тілектеріңді қабылдамайды.
— Онда ханды біз де қабылдамаймыз. Көшсін бұл арадан.
— Қайда көшеді?
— Құдасы Мұхамед-Шайбани жеріне.