Алмас қылыш



Pdf көрінісі
бет98/102
Дата15.05.2023
өлшемі1,7 Mb.
#93224
1   ...   94   95   96   97   98   99   100   101   102
Байланысты:
алмас қылыш

Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004 
www.kazakhstanets.narod.ru
 
194 
Ел абыройына нұқсан келтіріп қайтесіңдер. Хан адасса да халық адаспау керек. 
Қыздарыңды бердің деп Бұрындықты елден қусаңдар, Мұхамед-Шайбанимен 
жасасқан бітім-шартын бұзған боламыз. Айып Мұхамед-Шайбанидың өзінен 
болсын. Шартты өзі бұзғанша шыдауымыз керек. Ал шартты Әбілқайыр
бөлтіріктері алдымен бұзатынына дау жоқ. Оларға бұл шарт Түркістан мен 
Мауреннахрды алғанша ғана керек. Содан кейін қанды аузын бізге салмақ. 
Аталары Әбілқайыр билеген Дәшті Қыпшақты қайтарып алмай көңілдері 
көншімейтіні хақ. 
— Біз де солай ойлаймыз. Мұхамед-Шайбанимен арамыз тым алшақ жатыр. 
Бір мықтап қан төгіспей екі жақтың дауының бітуі мүмкін емес. Хан бұны неге 
түсінбейді? 
— Хан бұл арада шолақ ойлап отыр. Ал біздің борышымыз сонау келешек 
айқасқа осы бастан дайындалу. Қапы қалмауымыз керек. 
— Сонда Бұрындықты қайтеміз? 
— Екі бірдей қызын беріп отырған құдасымен алысуға Бұрындық қазір бара 
алмайды. Ол бұл тартыстан шығуы абзал. Майданға өзіміз дайындаламыз. Ал
Бұрындық өз қатесін өзі түсініп, халқымен бір болғысы келсе, хан абыройын 
сақтап Арқа жеріне, не Сарайшыққа көшеді. 
— Дұрыс айтасың. Ал Бұрындық көшпеймін десе? 
— Көп қорқытады. Егер өзіне пайдалы шешімнен бас тартса, өз обалы өзіне! 
Ертеңіне Қасым сұлтан басқарған бір топ ру бастықтары хан аулына келді. 
Бұрындыққа хан абыройын сақтап қалу үшін өздерінің шартын айтты. 
Бұрындық хан шу дегенде бұлқан-талқан боп ашуланды. Бұл бүлікті шығарып 
жүрген сенсің деп Қасым аулын шауып алмақ та болды. Әйтсе де әрі тулап, бері 
тулап, қазақ батырларының темір тегеурініне шыдай алмай, Сарайшыққа көшпек 
боп пәтуаға келді. 
Міне, осы кезде Бұрындық ханның қылығына ызаланған «Жалғыз көз» батыр 
бір топ серіктерімен ханның қалың жылқысын қуып әкетті. Кілең көк аланы айдап 
апарып ол, Мұхамед-Шайбани жасақтарынан жер шұқып қалған кедей ауылдарға 
бөліп берді. «Жалғыз көз» батырдың бұл қылығына сүйсінген қалың бұқара 
қайтадан дүрлікті. Бірақ ол бір түнде жоғалып кетті. Басшыларынан айырылған 
кілең жыртық тымақ, жаман шекпен кедейлер ру батырларының айтқанынан шыға 
алмай тартыс іркіліп қалды, тұтаса жауыққан жұрт қатары жүдеп, халық 
қозғалысы енді лажсыз кібіртіктей бастады. 
Екі апта өткеннен кейін Бұрындық хан жеті қатыны жеті ауыл болып, ырғалып-
жырғалып Сарайшыққа көшті. Бірақ ол бос көшпеді. Малын шапқан «Жалғыз көз» 
батырды хан алтынына сатылған екі арамза серігі Бұрындыққа ұстап берген. 
Жұртқа таралып кеткен малын қайтара алмайтынын білетін хан «малымның өшін 
өзіңнен алармын» деп сырт көзден тасалап «Жалғыз көз» батырды қол-аяғын 
шынжырлап, тулаққа орап өзімен бірге ала көшті. 
Бұрындықтан іргесін алыс сала бастаған Жәнібек балалары хан Ордасынан 
алыс отырайын деп Шу бойында қалды. Күз әкелерінің ескі қонысы Қараталға 
көшіп келді. Қыстауына жеткен күннен бастап Қасым сұлтан бұл арадағы қазақ 
руларының басын қосып, сонау болашақ айқасқа қамдану әрекетіне кірісті... 
Қасым сұлтанның болжағаны дұрысқа шықты. Мұхамед-Шайбани хан аз 
жылдың ішінде дегеніне жетті. Самарқант, Бұқар, Андижанды билеп отырған 
әбусейіт ұрпақтары мен Ташкент, Сайрам уәлиеттерін билеп келген моғол


Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004 
www.kazakhstanets.narod.ru
 
195 
Сұлтан-Махмұт ханның араларындағы наразылықты пайдаланып, Сұлтан-Махмұт
хан берген бес мың әскерді өз әскерімен қосып, ең алдыменен Самарқант, Бұқар, 
Андижанды алды. Содан кейін барып, Жағатай әскерін өз әскеріне қосып 
күшейтіп, Ташкент уәлиетіне ауыз салды. Ташкент, Түркістан, Самарқант, Бұқар, 
Андижан уәлиеттерін әбден өзіне бағындырғаннан кейін, Дәшті Қыпшақ жерімен 
шекаралас Хорезмді шапты. Сөйтіп Мауреннахр, Түркістан өлкесін тегіс жеңіп 
болып, енді Дәшті Қыпшақты жаулауды ойлана бастады. 
Мұхамед-Шайбанидың жиһанкерлік әрекеті мінекей осылай, Қасым сұлтан 
ойлағандай боп шықты. Мұхамед-Шайбани хан елу мың атты әскерімен Созақ пен 
Ұлытауға аттануға дайындалып жатқанын естіп, Қасым сұлтан Қаратаудан 
қайтадан Шу бойына көшіп келді. Бұл кезде Бұрындық хан Сарайшықта болатын, 
абыройын айрандай төгіп алған ханның құр «хан» деген аты ғана қалған, бүкіл 
билік әскер басы Қасымға көшкен. 
Қасым Шу бойына көшіп келісімен, «бәлем, сені ме!» — деп Мұхамед-
Шайбаниға әбден өшігіп алған қазақ халқына дабыл қақты. Мұхамед-Шайбанидың 
достық шартын бұзып Ұлытау мен Созақты шапқалы жатқанын хабарлады. Егер 
Созақ пен Ұлытаудан айрылса Дәшті Қыпшақтың басқа жерлерін қорғап отыра 
алмайтындарын түсіндірді. Мұхамед-Шайбани хан Мауреннахр мен Түркістан 
өлкесіне аттанып, Моғол, Жағатай, Ақсақ Темір әмірлерімен қан-жоса болып 
қырылысып жатқанда, ешкіммен жөнді соғыспай әжептәуір тынығып қалған 
Дәшті Қыпшақ жауынгерлері қайтадан атқа қонды. Ұран салып топтанып, ру-ру 
боп өздерінің батырларының жанына жинала бастады. Дәл осы кезде Мұхамед-
Шайбани елу мың атты әскермен Қорасанға аттанды. Ташкент уәлиетін билеп 
тұрған Сүйіншік сұлтанды жиырма бес мың адаммен Ұлытауға жүргізді. Рабиу-
Бегімнің екінші баласы, Түркістан уәлиетінің осы кездегі әміршісі Күшкінші 
сұлтанды отыз мың әскермен Созақты алуға жіберді. Мұхамед-Шайбани бұл 
уақытта әбден күшейіп алған. Ол енді бұрынғыдай қалаларды біртіндеп алу 
саясатынан бас тартқан. Өз күшіне өзі сенген әміршінің ғұрпыменен оңтүстігі мен 
солтүстігіндегі екі елді бірден жаулап алуға кіріскен. Бірақ Мұхамед-Шайбани хан 
Қорасанда жеңіске жеткенмен, Созақ пен Ұлытауда сәтсіздікке ұшырады. 
Ұлытау мен Созаққа келген Қасым мен Қамбар сұлтанның қалың әскері 
Сүйіншік пен Күшкінші сұлтанның лашкарларының быт-шытын шығарды. Елу 
мың әскердің тең жартысына таяуын қырып, қалғанын сонау Дәшті Қыпшақтың 
шекарасында жатқан құмайт, тақыр құмды далалармен Түркістан мен Ташкентке 
дейін қуды. Бұл жеңіліс бүкіл Орта Азияны өзіне бағындырып, енді Дәшті 
Қыпшақ пен Иранға ауыз сала бастаған, айбындарымен талай елді тітіреткен 
Әбілқайыр бөлтіріктерінің көптен бергі елеулі жеңілісі еді. Ал Дәшті Қыпшақ 
халқының рухын көтеріп тастады. Енді қазақ рулары Қасым төңірегіне жинала 
бастады. Дәл осы кезде Сарайшықтан Бұрындық хан бар балаларының аулымен 
көшіп келді. Құр ғана көшіп келген жоқ, өзімен бірге бір тайпа елге бақытсыздық 
ала келеді. Өткен қыс өте қатты болған. Әсіресе Тянь-Шань тауының теріскей 
жағында отырған көптеген қырғыз, қазақ ұлыстары жұттан бар малын қырып 
алған. Қатты күйзеліске ұшыраған. Сол себепті Дулат руының біраз ауылы өзінің 
жылдағы әдеті бойынша Шудың Жуанарықтан жоғарғы жағына жайлауға шыға 
алмай, Жаңғы қаласына таяу жердегі Талас өзенінің жағасындағы көкорай 
шалғынды жайылымға жылжып көше салған. Елдің ат жалын тартып мінер бар 
жігіті Қасым мен Қамбар батырға еріп, Ұлытау мен Созақты жаудан арашалауға 




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   94   95   96   97   98   99   100   101   102




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет