Арбитраждық сотты халықаралық ретінде тану үшін қолданылатын белгілер: 1)Тараптардың мемлекетке тиесілігі. Егер талапкер немесе жауапкер немесе екеуі де шетелдік заңды немесе жеке тұлғалар болса, дау және осы дауды қарайтын арбитраждық сотты халықаралық деп атауға болады. Арбитраждық сот құрылған ұйымның тіркеу орны мен талапкер мен жауапкердің тіркеу орындары сәйкес келмеу керек. Шетелдік қатысушылары бар дауды қарайтын арбитраж соты оның атауында «халықаралық» деген сөз болмаса да, ол халықаралық болып табылады. Мысалы, Стокгольм қаласындағы сауда палатасының Арбитраждық институты- танымал халықаралық арбитраждық сот, негізінен Шығыс- Батыс деп аталынатын тараптары ТМД, Батыс Европа, Канада және АҚШ елдерінің ұйымдары арасындағы дауларды шешеді. Қазақстанда тәуелсіздік алғанға дейін мұндай арбитраждық соттар болмайтын, тек 1993 ж. Қазақстан Республикасы Сауда-өнеркәсіптік палатасы жанындағы Арбитраждық комиссия мен «IUS» Құқықтық орталығының халықаралық аралық соты құрылады, одан басқа шетелдік жеке және заңды тұлғалары арасындағы дауларды қарайтын басқа да арбитраждық институттары құрыла бастайды.
Қазақстандық заңнамада арбитраждық сот ішкі немесе халықаралық сипатқа ие болғанда, арбитраждық іс жүргізу тараптарының ұлтына байланысты болатындығы туралы айтылады. Осылайша, Қазақстан Республикасы 2004 жылғы 28 желтоқсандағы «Халықаралық коммерциялық төрелік» туралы Заңында анықталған (6 б. 4т. «Дауды төреліктің шешуіне беру»): «егер, тараптардың ең болмаса біреуі Қазақстан Республикасының резиденті емес болса, жеке тұлғалар, коммерциялық және өзге де ұйымдар арасындағы азаматтық- құқықтық шарттардан туындайтын даулар тараптардың келісімі бойынша төрелікке берілуі мүмкін».24 Заң шығарушы халықаралық коммерциялық арбитраждың құзыретін анықтауда «резидент емес» деген термин қолданады, оның мазмұны республиканың бірнеше заңи актілерінде ашылады, мысалы «Салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» 2001 ж. 12 маусымдағы Қазақстан Республикасы Кодексінде, 2005 ж. 13 маусымдағы «Валюталық реттеу мен валюталық бақылау» туралы Қазақстан Республикасы Заңында бұл терминнің әр түрлі мағыналары беріледі. « Резидент емес» деген терминді түсіндірудегі ұқсастық, жоғарыда көрсетілген заңи актілердің кез-келгенімен қолданылмайды, өйткені бұл актілердің әрқайсысы ерекше қатынастарды реттейді, яғни «резидент» және «резидент емес» деген терминдер заң шығарушымен жалпы емес тар мағынада қолданылады.
«Резидент еместер» – олар, біріншіден қазақстандық домицилиі жоқ шетелдік тұлғалар мен азаматтығы жоқтар, сондай-ақ шетелде домицилий бар екендігін куәландыратын құжаты бар тиісті түрде тіркелген және тұрақты тұратын қазақстандық азаматтар, екіншіден шетелдік мемлекеттің заңына сәйкес құрылған (тіркелген) заңды тұлғалар мен олардың филиалдары және өкілдіктері, үшіншіден шетел мемлекеттерінің дипломатиялық, сауда және басқа ресми өкілдіктері, Қазақстан Республикасының аумағындағы халықаралық ұйымдар мен олардың өкілдіктері.
Егер арбитраждық сот Қазақстан Республикасы аумағында орналасса,2004 жылғы Заң халықаралық коммерциялық арбитражға қолданылады.Әр түрлі мемлекеттердің тараптары тартылған дауды қарайтын арбитраждың орны Қазақстан аумағынан тыс орналасса, қазақстандық заңнама үшін бұл халықаралық емес, шетелдік арбитраж және шетелдік арбитраждық келісім болады.