Алматы, Казахстан некоторые вопросы орфографических норм казахского языка



бет4/7
Дата15.04.2023
өлшемі37,15 Kb.
#83126
түріСтатья
1   2   3   4   5   6   7
Байланысты:
РИНЦ АЛДАШ АЙМАНКУЛ

Зерттеу материалдары және әдістері. Сөз болатын проблемаларды ғылыми-практикалық тұрғыдан тиянақтау мақсатында қазақ тіл білімінің іргетасын қалаушылардың (А. Байтұрсынұлы, Қ. Жұбанов), тіл мәдениеті және орфография теориясының белгілі мамандарының (М. Балақаев, Р. Сыздық, Н. Уәли), сондай-ақ әлемдік лингвистикадағы осы мәселені қарастырған танымал ғалымдардың (Ю. Апресян, В. Ицкович, Р. Будагов, Ю. Караулов) көзқарастары талданды және оларға сүйеніш жасалды. Нормативті лексикографиялық еңбектер (15 томдық Қазақ әдеби тілінің түсіндірме сөздігі, Орфографиялық сөздік) материалдары пайдаланылды. Қазіргі мерзімді басылымдардағы тілдік фактілер іріктелді.
Проблеманы нақтылай түсу мақсатында орфография теориясына қатысы бар мәселелерді жалпы түрде және шолу түрінде теориялық-лингвистикалық талдау, лингвистикалық интерпретация әдісі, жазба нұсқалардан іріктеу, байқау және моделдеу әдістері қолданылды.
Зерттеу нәтижелері. Қазақ тілтанымының іргетасын қалаушы А.Байтұрсынұлы тілдің дыбыстық жүйесі мен грамматикалық құрылымын талдаған еңбектерінде «жазу тәртібі» деген терминді қолданып, «сауаты ашылған адам жазылған, я басылған сөзді әрпіне қарап оқымайды, сүгіретін танып оқиды, әр сөзді тұрпатына қарап танып айтады» деген пікір қалдырды [12, 482]. Ал тіл ғылымының теоретигі Қ.Жұбанов «Тілдің ілгері басып өсуі үшін емле мен термин мәселелсі дұрыс шешілмей болмайды...сондықтан емленің жалпы ережесіне көнбейтін оқшаулықтарды көбейтіп, тілдің шын қалпына жанаспайтын ережелерді аңдатып, ... қиындатпауымыз керек... емле әркімнің өзінше жазуын қойдырып, жазуда бір із болу керек» деп көрсетті [13, 339]. Осы аса маңызды тұжырымдар орфографиялық норманың қалыптасуына, сауатты жазудың маңыздылығына тікелей тірек болды.
Академик Р. Сыздық көрсететініндей, орфографиялық норма дегеніміз – сауатты жазу. Әрине, сауатты жазу әдеби тіл нормаларының барлық түрлерімен тығыз байланыста. Алайда олардың сыртында жазудағы сауаттылықты танытатын қалыпты адам, сауаттылығы жоғары, сауаттылыққа мұқият қарайтын адам (әдеби нормалары туралы қалыптасқан заңды мойындайтын, ережелерде берілгеннің барлығын жазу ісінде қадағалайтын және оның бәрін дұрыс деп түсінетін) болады. Ол адамда норма туралы түсінік қалыптасады, түсінік, жоғарыдағы еңбектерге орайластыра айтқанда, адамның когнитивтік нормасын қалыптастырады, санасында бекем орнығады. Жазу сауаттылығына еркін және бейтарап қарайтын адам да болады.
Сауатты жазу / сауатты жаза білу жайы қазақ мәдениетінде білімнің, мамандықтың, тәжірибенің, сауатты жазу арқылы өз деңгейін танытудың, тұтастай алғанда, жоғары мәдениеттіліктің және қоғам құрылымындағы басқа да белгілерді сақтаудың негізгі көрсеткіштердің бірі болып келді. Егер алдыңғы кезеңдерде сауатты жазуға тілдің қолданылу заңдылықтары сақталған ережелер, сондай-ақ жазба нұсқаларды, оның ішінде көркем әдебиетті оқу, оқырмандық ұмтылыстың жоғары болуы, емле қиындықтары жағдайында нормативті сөздіктерді пайдалану сүйеніш болса, соңғы жылдарда сауатты жазуда айтарлықтай еркіндіктер пайда болды. Еркіндіктер әсер беріп отырған әсіресе сыртқы түрткіжайттар жеткілікті.
Ал жазу тәжірибесі дегенді қазірге дейін жеке адамның санасында бекітілген ережелер арқылы орнығып, когнитивті санасында нормативті нұсқау ретінде қалыптасқан жазу үлгілері деп түсіну қажет. Міне, осы себепті орыс тіл біліміндегі тілдік нормаға құрылымдық-жүйелілік тұрғысынан қараған В.В. Виноградов, Г.О. Винокур, Б.Н. Головин, К.С. Горбачевич, О.С Ахманова, С.И. Ожегов, Л.И. Скворцов және басқа да ғалымдардың пікірлерін жалғастыра отырып, олардың қазіргі ізбасарлары, жоғарыда айтқанымыздай, когнитивті лингвистика аспектісінде талдай бастады. Мәселен, тілдік норма – тіл мәдениеті саласының проблемасы, ал тіл мәдениеті бойынша зерттеулер жүргізу тілді тұтынушының ауызша және жазбаша тілде қолданысына (қалай; қандай деңгейде, сөз қоры қандай) негізделеді, демек, осы бағыттағы зерттеулер үшін антропоөзектік талдау маңызды және жалпы тілдік норма және олардың түрлері жөніндегі анықталмаған көптеген мәселелерді таратуға жол ашады деген мазмұндағы тұжырымдар көбейе түсті.
Тілдің норма жүйе ретінде тұрақталады, дегенмен тіл дамуындағы өзгерістер де норманың тұрақтылығына қозғау салады. Нақты айтқанда, қоғамдағы өзгерістер алдымен адамның тілдік санасына әсер етеді, сөйтіп, тілдік санадағы «жаңалықтар» тілдік норманың тұрақтылығын қайта қараудың қажеттілігін туындатады.
Мәселен, қазақ терминжасамының құрылымы мен қорын түбегейлі жаңартуға ықпал жасаған сыртқы түрткіжайттар нәтижесінде қазақыландырылған көптеген жаңа терминдер: а) пайда болды, көптеп жасалды, бұл – айтарлықтай қарқынды үдеріс; ә) ұсынылды, бұл – сындарлы, кодификациялау, ықпал жасау бағытындағы үдеріс; б) қолданысқа түсу деңгейі әр басқа, бұл – бәсең үдеріс. Осы үдерістердің тілдік санаға ықпалы бар, бірақ олардың тілдік санаға көшуі мен коммуникативтік санаға ауысу (жоғары жиілікпен қолданысқа түсуі) деңгейі бірдей емес.
Айталық, түбіртек, зияпат, бұғаттау, затбелгі, баянат, мәтін сөздері пайда болды / ұсынылды. Бірақ алдыңғы төрт сөздің қолданысқа түсуі белсенді емес, өйткені нақ қазіргі қалыпты, сауаттылыққа мұқият қарайтын адам адам оларды мойындатылған норма деп тани тұрса да, оның (оған бірнеше тілдегі білімі, жазу тәжірибесі, ауызша коммуникацияның ықпалын, жазу тәжірибесінің орнықтылығын меңгеру тән) когнитивті санасына жетпеген. Сондықтан қалыпты адам когнитивті санасындағы баламаны пайдалануға бейім. Ал соңғы «мәтін, баянат» сөздері белгілі бір салада жоғары жиілікпен қолданысқа түсуінің нәтижесінде автоматизм дәрежесінде қалыптасқан, когнитивті сананың бір қуысында ғана орналасқан.
Қазақ терминжасамына қатысты бұлайша қысқаша мазмұндаудың бір себебі бар.
Латыннегізді әліпбиге ауысуға байланысты емле ережелерін қайта қарау мәселесі көтерілді. Сөз жоқ, бұл – дұрыс, аса маңызды іс-шара. Өйткені соңғы емле ережелері бекітілгелі бері қырық жылдай уақыт өтті, осы аралықта тілдің дамуындағы өзгерістер қалыптасқан жазу, емле қағидаларын толықтырудың, жетілдірудің қажеттілігі айқын көзге түсіп отыр.
Осы мәселе төңірегінде екі бағыт бар: бірі – түбегейлі өзгеріс жасау, екіншісі – қазіргі дейін қалыптасқан жазу тәжірибесін сақтау. Жазу тәжірибесін сақтаудың бір дәлелі – қоғам мүшелерінің жоғары сауаттылығына кедергі келтірмеу жолдарын іздестіру. Академик Р.Сыздық «жазу тәжірибесі» дегенді көп пайдаланады, сөйтіп, осы негізде «л, р дыбыстарынан басталып, одан кейін а, ә, е, у, ұ, и дыбыстары келетін түбір сөздердің басында ы, і әріптері жазылмайды деп көрсетеді [14, 25]. Ал осы емле ережесін жаңарту немесе түбегейлі өзгерту бағытын ұстансақ, онда аталған сөздердің таңбалануы ырас, ылайық, ырай түрінде өзгеріп, олардың моделімен ырақмет, іренжу, іреңк, ырұқсат / ұрұқсат, ырақым, ыризық, ылайым, ілеп, ілебіз, ілезде, ылақ (төл мағынасында), бірақ: су лақ етіп төгілді орфограммалары жасалады.

Орфографиялық норма, әдеби нормалардың басқа түрлеріне қарағанда, жазба коммуникациядағы қолданыстарды, тілдің өзіне тән заңдылықтарды, сыртқы түрткіжайттарды ескере отырып, әрі осылардың ықпалынан болған өзгерістерді ұдайы қадағалап, нормаландырып отыруды қажет етеді. Әсіресе жаһандану заманы адамының білімдік, танымдық индексін белгілеу, тілдің өміршеңдігін сақтап қалудың басты құралы болып отырған жазу үлгісінде көптеген өзгерістер бар. Тілдің қатаң заңдылықтары да, яғни орфографияға негіз болатын принциптер мен ғылыми тұрғыдан негізделгендер сақталады, сонымен қатар орфографиялық варианттар, шекаралас орфограммалар /шекаралас қолданыстар, сатылана орфографиялану, орфографиялық ауытқулар кездеседі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет