Орфографиялық варианттар – нормативті сөздіктер арқылы бекітілген, норма деп танылған тілдік бірліктердің жазба коммуникацияда қолданысқа түскен басқа үлгілері.
Шекаралас қолданыстар негізінен бір сөздің құрамындағы дыбыстардың алмасуынан, жылысуынан пайда болады.
Тілдің даму барысында тілдік бірліктердің сатылана өзгеру үдерістері (градация) болады, осы үдерістер арқылы тілдік бірліктердің қолданысы реттеледі.
Орфографиялық нормалардан ауытқулар тілді пайдаланушының әлеуметтік-мәдени деңгейінен, білімдік-танымдық индексінің дәрежесінен пайда болады. Осы аталғандар орфографиялық норманың қадағалануында біршама қарама-қарсылықтар туындатады.
Аталған түрлерге және ішінара қарама-қарсылықтарға талдау жасап көрелік. Ең алдымен айтарымыз – қазіргі жазу практикасында А.Байтұрсынұлы көрсететініндей, дыбыс жүйесі мен грамматикалық құрылымның жазу тәртібі ереже түрінде орныққан, жазу практикасында бұл арада оқшаулықтар байқалмайды; қазіргі жазуда тіл заңдылықтарына және орфографияның принциптеріне сәйкес қатаң норма сақталады: а орманға (ормаңға емес), байып (байыбы), бауырсақ (бауырсағы); қуану, қуанбау, қуанған (қуанбау, қуаңған емес); сүйену, сүйенбеу, сүйенген (сүйембеу, сүйеңген емес); түнгі (түңгі) емес. Сонымен қатар семантикалық айырмашылықтары бар тілдік бірліктердің төмендегіше жазылу себептері (сөз мағынасындағы айырым белгілер) тілді тұтынушыларға түсінікті: ғажап, ғажабы, бірақ: ғажаби (кіт.), қазақ, қазағы, бірақ: қазақы, аймақ, аймағы, бірақ: аймақы, аймақы текемет (жерг.), барақ, барағы, бірақ: барақы тау. Орфографиялық варианттардың пайда болу себептері мен оны реттеуді жолдары Қ.Жұбанов еңбектерінен бастау алады [13, 339]. Ғалымның пікірі қазіргі жағдайда аса маңызға ие. Біріншіден, қазіргі жазу практикасында әртүрлі жазу, яғни орфографиялық варианттар бар, бұған әсер ететін факторлар да аз емес. Қазіргі орфографиялық варианттардың пайда болуына ықпал жасайтын негізгі түрткіжайттардың бірін ғана атап өтелік. Тіл саясатына қатысты соңғы заңнамалық құжатта айқындалған анықтыққа қарағанда, Қазақстанда қазақ тілінде сөйлейтіндердің 30 %-ы қарапайым, 61-62 %-ы – орта, ал 8-9 %-ы – элитарлық тілдік тұлғалар екені анықталды» [15].
Осылайша әртүрлі деңгейдегі топтар жазба нұсқаларға жазарман ретінде араласады. Соның нәтижесінде әсіресе бірге немесе бөлек жазылатын күрделі сөздер мен тұрақты тіркестерді таңбалауда, грамматикалық түрленімдерде орфографиялық варианттар бар.
Бөлек және бірге, сондай-ақ дефис арқылы жазылып келе жатқан күрделі сөздердің түпнұсқасы, бастапқы формасы, әрине, екі (үш) сөздің мағыналық үйлесім арқылы бөлек таңбаланған тіркестер. Мәселен, бір де бір; кем де кем; ас та төк; ара жігі; ара қашықтық; ата мекен; ата қоныс; аяқ астынан; көзі қарақты; туа бітті; жүре бітті; жан дүниесі; бет әлпеті; аты шулы; жат жұрттық; екі арада; жазға салым; күні бұрын; күн ілгері; күніұзаққа; асыл тұқым; бетке шығар; бетке ұстар типтестердің алғашқы формасы сөз тіркесі екендігі дау тудырмайды. Көрсетілгендердің бір тобының 1988 жылдан бергі Емле сөздіктеріндегі тұлғаларында бірге немесе дефис арқылы таңбалануы басым: бірде-бір; кемде-кем; аста-төк; арақашықтық; атамекен; атақоныс; аяқастынан; туабітті; жүребітті; көзіқарақты; атышулы; екіарада; жазғасалым; күнібұрын; күнілгері; асылтұқым; беткешығар; беткеұстар; күніұзаққа. Грамматикалық түрленім тұстары да орфографиялық варианттар түзеді: тіл заңдылығы бойынша -нікі / -дікі /- тікі грамматикалық норма болғанымен, жазу тәжірибесінде Асқардікі / Асқардыкі; онікі /оныкі; замандікі / замандыкі варианттары бар. Бір мәтінде кездескен бір ғана мысал келтірелік. Шыңғысхан туралы жазған Тілеуберді Әденайұлыныкі өте дұрыс» дейді. Түркі заманынікі де немесе моңғолдан кейінгі замандыкі де болуы мүмкін («Қазақ әдебиеті» газеті, 21 ақпан, 2020).
Осы жайттарға себепкер болып отырған жоғарыда аталған түрткіжайттармен қатар тағы да бір фактор бар, ол – жазарманның жазу ісіне либералды қарауы.