Көрген күнім осы деп,
Көзінің жасын шашады.
Әйелдің жолы жіңішке,
Жұмысы кетті теріске.
Тағы да қайтып кетеді,
Түніменен жүгіріп,
Қыз үйіне жетеді.
Құдіреті күшті Құдайым,
Жарылқаса не етеді?!
Қыз үйіне кіргенше,
Алпамыс хатты көргенше,
Арасында бұлардың
Ұзақ сағат өтеді.
Ауғаннан соң елінен,
Шалқыған шалқар көлінен,
Жерінен ауған жеке оңбас,
Ауғаннан соң жерінен,
Гүлбаршын қызын ап қашып
Алпамыс қыран теңінен,
Қараманға кез болып,
Тапқандай болды пейлінен.
«Аруақ мені ұрды»,— деп,
Кетпейді осы көңлінен.
Қараманға қараса,
Түсі де суық темірден.
Қайратына мас болып,
Тізесін шайнап кемірген.
«Қорықса, қызын берсін,— деп,—
Зорлығыма көнсін»,— деп,
Жеп жатыр малын семірген.
Үш мәртебе оқыды,
Әр сөзін ішке тоқыды,
Сөз осы хатта көрінген.
Көрді оқып жас бала,
Қайратқа сенген мас бала.
Өз айтқаны болмаса,
Көнбейтін бұл масқара.
Ойланды енді бармаққа,
Сол елден хабар алмаққа.
Қазақ болса, қайрылып,
Әңгімеге қанбаққа.
Қалмақ болса зарада <қосылма>,
Ойлады қырғын салмаққа.
Рас болса хат сөзі,
Ойланды өліп қалмаққа.
Осыны бала ойланып,
Алғыр құстай бойланып,
Қызыл найза қолға алып,
Абжыландай толғанып,
Шұбардың басын төгеді,
Қолтығын Шұбар сөгеді.
Ерігіп жүрген жануар
Төгіле басып жөнелді.
Әне-міне дегенше,
Қолтықтан тері келгенше,
Қазақ пенен қалмақтың
Арасына келеді.
Ұйып жатқан қалмақты
Көзіменен көреді.
Жердің жүзі қайысқан
Есепсіз қалмақ көп еді.
Бұл қалай деп сұрауға
Жолығып ешкім келмеді.
Рас екен өзі деп,
Тасқа жазған сөзі деп,
Қыз сөзіне сенеді.
Буырқанып, бұрсанып,
Мұздай темір құрсанып,
Ашуы қысты денені.
Айдаһардың тіліндей,
Салса, кеткен білінбей,
Қынабынан суырып,
Қолына алды беренді.
Ат қойып жалғыз барсам деп,
Жазым болып қалсам деп,
Артында көмек жоқтығы
Ойына ердің келеді.
Ата-анасын ойланып,
Жалғыздық түсіп басына,
Көзінің жасын төгеді.
Жад қылып жылап еңренді,
Сондағы айтқан сөзі еді:
«Жад қылып әуел Алланы,
Тапсырдым Шұбар аланы.
Жалғыз бауырым Қарлығаш —
Тапсырдым, Алла, өзіңе
Артымда жалғыз қараны!
Көретұғын күн қайда
Ата менен ананы?!
Жердің жүзі қайысқан,
Қалмақтың түрі жаман-ды.
Иірген қойдай қораға
Қазақты қалмақ қамады.
Жалғыз өзім шырқырап,
Бұзамын қайтіп қамалды?!
Он қарадан бір қара,—
Салып тұр бетке жараны.
Қайда барып төгемін
Ішімдегі сананы?!
Қыз деген — ердің олжасы,
Әлі жеткен алады.
Бұрынғыдан соңғыға
Қалған өрнек болады...»
Көнбеймін деп қорлыққа,
Кім шыдайды деп зорлыққа,
«Алатаулап» айқайлап,
Шетінен келіп тиеді.
«Алатаулап» ат қоймақ —
Орта жүздің ұраны,
Алпамыс айтқан кеп еді.
Сол уақта Гүлбаршын
Үйіне жаңа кеп еді.
Әкесі мен шешесі:
«Қайдан келдің?»— деп еді.
Күркіреген күндей боп,
Алыстан келген тілдей боп,
Алпамыстың айқайы
Құлағына келеді.
«Кепті ғой»,— деп Гүлбаршын,
Көзінің жасын төгеді.
«Тілегіңді берді,— деп,—
Алпамысың келді»,— деп,
Әкесі мен шешесі
Бетінен келіп өбеді.
Енді Алпамыс бақырып,
«Алатаулап» ұран шақырып,
Қалмаққа жалғыз тиеді.
Қойға шапқан бөрідей
Талқандап қуып бөледі.
Алтын сапты ақберен
Деммен тартып тиеді.
Кейбірінің кесіп кәлласын,
Кейбіреуін тіледі.
Қалмақтар атқан қалың оқ
Жаңбырдай болып тиеді.
Еті түгіл, баланың
Терісіне кірмеді.
Ғайып ерен қырық шілтен
Баланы қолдап-демеді.
Жанып тұрған жалындай,
Құбылып тұрған сағымдай
Шабылып Шұбар терледі,
Терлеген сайын өрледі.
Ана шетте бір көрсе,
Мына шетте бір көреді.
Жүрсін бала сонымен,
Ерлердің салған жолымен,
Ауып келген халайық,
Мұнан да хабар алайық:
Шекті деген ел еді...
Ә дегенде, мә дейтін
Ішінде ерлер көп еді.
Қаншама батыр болса да,
Қалмаққа әлі келмеді.
Қорқыныш кетіп, қазақтар
Соңынан бәрі ереді.
Тышқан алған мысықтай
Тамашасын көреді.
Әр жерден сүйреп өлігін,
Бір жерге бәрін үйеді.
Май құйып отқа ерітіп,
Жынды адамдай күледі.
Тізеден Шұбар қан кешіп,
Шалпылдап шауып жүреді.
Сол уақытта бір қалмақ
Барды қашып ханына.
Найза тиіп көк еттен,
Өлмейтін қылған санына,
Жер-жаһанды ластап,
Судай ағып қаны да,
Етпетінен жығылды,
Ханның барып алдына:
«Ей, Қараман, Қараман,
Әкім болдың жасыңнан!
Айдай әлем қараған,
Шұбар атты бір бәле
Кепті бүгін даладан.
Әскердің бәрі қырылды
Сол келген жалғыз баладан!
Келбетіне қарадым,
Қалмайды мұнан жан аман.
Біле алмадым мәнісін,
Ірі көрдім жұмысын.
Айтайын сізге қылысын,
Әскердің бәрін қырысып,
Жапырып барад жалындай,
Баланың түрі құрысын!
Шапқанын ешкім көрмейді,
Өлгенін ешкім білмейді,
Сілтегенде қылышын.
Жаралы болып санымнан,
Бітіп тұр менің тынысым.
Гүлбаршынды алам деп,
Сенің де бітер жұмысың.
Білмедім өзі қалмақ па,
Қалмақ емес, қазақ па?
Егер де қазақ болмаса,
Қалмаққа келген ғазап па?!
Бұған өзің бармасаң,
Қаласың ақыр ұятқа.
Жасырынған сайменен,
Көкалалы тайменен
Бар екен бәле бұ жақта.
Халықтың бәрін қырдырып,
Жатасың ба жырақта?
Сұлуды алма ойыңа,
Бермейді сенің қолыңа.
Жанып тұрған бір жалын
Келіпті бүгін сорыңа».
Мұны естіп Қараман,
Ашуланып, долданып,
Жіберді тұлпар қара атқа,
Тағы да біреу шаптырып
Сауыт, сайман, жараққа.
Ашуы қысып дірілдеп,
Қоспақ нардай күрілдеп,
Қарайды қалмақ жан-жаққа.
Ақырын Құдай оңдағай,
Күллі әулие қолдағай,
Қиын болды бейбаққа.
Ашуланып Қараман,
Мінеді тұлпар қарасын.
Ер-тоқымын саймандап,
Басынан алды дорбасын.
Қырайын деп ойлады
Қазақтың күллі алашын,
Қолына алды найзасын.
Сәскелік жерден шаншыды,
Таптырмайды айласын:
«Осы бүгін қылайын,
Көрінсе қазақ, қырайын.
Бұл күшімнің көремін
Қай уақытта пайдасын?!.»
Басына қалқан төңкеріп,
Сауытын алды киініп.
Саймандарын сайланып,
Әбден алды түйініп.
Лашын құстай құйылып,
Қабағы тастай түйіліп,
Жауатұғын бұлттай
Келе жатыр қалмақ құбылып.
Келе жатса, жолында
Қалмақтардың өлігі
Өртеніп жатыр үйіліп.
Долдыққа сыймай Қараман,
Тістеніп келед кіжініп.
«Қай жақта,— деп,— қазақтар?»
Қарайды қалмақ үңіліп.
Әр төбеге шығады,
Қылышын алып суырып,
Айбатпенен айқайлап,
Жердің жүзін қуырып.
Мұны көріп Гүлбаршын,
Жанынан кетті түңіліп.
Қысылып, зарлап тарықты,
Көзінің жасы төгіліп.
Гүлбаршын сұлу жылайды,
Көзінің жасын бұлайды.
Жад қылып жалғыз Жаппарды,
Баланың жанын сұрайды.
«Жеттім,— деп,— жалғыз түбіңе,
Сұлулықтан таптым»,— деп,
Жылай берді егіліп,
Қабырға кетті сөгіліп.
Сол уақытта Алпамыс,
Шұбар атын тыныстап,
Тұр еді келіп кідіріп.
Туған айдай жалтырап,
Көзіне қалды көрініп.
Батырды көріп Гүлбаршын,
Тұра алмады керіліп.
Неше алуан киініп,
Қасы-көзі қиылып,
Алпамыстың қасына
Жетіп келді жүгіріп.
Сол уақытта Алпамыс
Қызға назар салмады,
Сәлем берсе, алмады.
Қалмақты көріп құнтиып,
Ұрыспағын қамдады.
«Менсінбей батыр тұр ма»,— деп,
Қарары қыздың қалмады.
Көзінің жасы көл болып,
Келді де сұлу зарлады:
«Айналайын қарағым,
Құтты болсын талабың!
Аллатағала жар болып,
Оңыңнан тұрсын самалың!
Сен өлсең егер, мен күйдім,
Жазым боп тайса табаның!
Келеді қалмақ күркіреп,
Айтқалы келдім хабарын.
Тайлы бие, тоғыз қой —
Жеп шықты жаңа тамағын.
Өлуі қиын қалмақтың,
Бермесе Алла амалын.
Тілімді алсаң, қаш енді,
Болады қандай заманың?!»
Сонда Алпамыс сөйледі:
«Ашыса жаның, Гүлбаршын,
Жолама менің қасыма!
Нелер келіп, не кетпес
Ер жігіттің басына.
Сонша жерден келгесін,
Ар қылмай, ерлер қаша ма?!
Жалғыздың жары бір Құдай!
Біреуден біреу саса ма?!
Әйелдік қылмай, қайт жылдам,
Еркекті әйел баса ма?!
Пешенеге жазылсаң,
Бұйрықсызға қоса ма?
Үйіңе бар да жата бер,
Сабырсызға ұқсама!»
Мұны естіп Гүлбаршын,
Кетті қайтып қуанып,
Бала да болса, баланың
Айтқанына жұбанып.
Кішігірім таудай боп,
Келеді қалмақ қуарып.
Күлді: «Қазақ қайда?— деп,—
Шұбар атты бала?»— деп,
Айқайлап даусын шығарып.
Қараманды көргесін,
Жақындасып келгесін,
Сонда Алпамыс сөйледі:
«Жаратқан Жаппар Құдайым,
Дәргейіңе жылайын.
Қашпағым менің ар шығар,
Өлсем де қарсы тұрайын.
Қабырғам болса, қатқан жоқ,
Барма деп атам айтқан жоқ,
Енді қандай қылайын?»
Осыны айтып болғанша,
Шұбарды кейін бұрғанша,
Айтып — ауыз жиғанша,
Қарап — көзі тайғанша,
Жетіп келді Қараман
Алпамыстың қасына.
Қолындағы күрзімен
Кетті салып басына.
Осы ұрған күрзіге
Құлар еді шапқанда
Қойқаптың тауы, тасы да.
Атының жалы сел болды
Көзінің аққан жасына.
Ұстайтын еді Қараман,
Сәл тұрғанда қасында.
Қарғып кетті Шұбар ат,
Шыдай алмай астында.
Үстінде бала бар еді,
Келмеді әлі басына.
Ап қашты Шұбар баланы
Құла дүз мидай далаға.
Қараман қамшы басты енді
Астындағы Қараға.
Енді қалмақ бір жетсе,
Мұнан да адам қала ма?!
Бала жылап барады
Жаратқан жалғыз Аллаға.
Жалынады жас бала
Астында Шұбар алаға:
«Айналайын Шұбар ат,
Қолтығыңда бар қанат.
Тастап кетпе апарып
Адам көрмес салаға.
Өлігімді тастамай,
Аман-есен алып бар
Ата менен анама!
Мүйіз шықпас басыңа,
Иең жоқ өзің барғанда.
Барғаныңда не дейсің
Жиделі-Байсын қалаға?!»
Мұны естіп Қараман,
Салып кетті қамшымен
Қара тұлпар санына.
Қамшы үстіне қамшы ұрды,
Бір жетсе деп балаға.
Ашуланып Қараман,
Тұлпарды ұрды сауырлап.
Жетпедің деп Шұбарға,
Ұра берді бауырлап —
Жамандатқыр ит Қара ат
Келе ме деп ауырлап.
Шабысқанда айып жоқ,
Келеді желдей зуылдап.
Жеткізбейді Шұбар ат
Атқан оқтай зырылдап.
Құйындай ұшып шабады,
Жал-құйрығы суылдап.
Үстінде бала барады
Бозторғайдай шырылдап.
Қара тұлпар санына
Қаншама қамшы ұрса да,
Аяғын өре бастады,
Шабысқа шабыс қоспады.
«Ауырлап келе жатыр»,— деп,
Сауыт-сайман жарағын
Әр жерге қалмақ тастады.
Жеңілденіп алды да,
«Енді шап!»— деп қыстады.
Жарақтың бәрін тастатып,
Бір іске Құдай бастады.
Мұны біліп Шұбар ат,
Қиқаңдап ұзап қашпады.
Құдайдан қуат болғасын,
Бала да қорқып саспады.
Сол уақыттар болғанда,
Жарақтың бәрі қалғанда,
Шұбарға тұлпар жетеді.
Қаруы жоқ қолында,
Жеткенмен, қалмақ не етеді?!
Қоя берсең, Шұбар ат
Күндік жерге кетеді.
Жеткен жері тұлпардың
Абсиған апан бет еді.
Қалт бергенде жалт беріп,
Қараманды Алпамыс
Ұрып-ұрып кетеді.
Қаршығадай қайрылып,
Ителгідей сүзіліп,
Ұрып-ұрып өтеді.
Ұрған сайын, Қараман
Қарақұстай қалбаңдап,
Құрбаң-құрбаң етеді.
Жақындасып, жанасып,
Тұлпар мен Шұбар жарысып,
Құйындатты Шұбарды,
Басымен бала алысып.
Тістенеді Қараман,
Қасқырдай жағы қарысып.
Бір арманы қалмақтың:
«Көрмедім,— дейді,— алысып».
Кетпесін деп арманда,
Өтіп кетті бір жерде
Бір-бір қамшы салысып.
Қаршығадай қайрылып,
Қалмақты бала бір ұрды.
Жасқанайын дегенде,
Қолын ұрып сындырып,
Тағы да шапты қылышпен.
Оңбады қалмақ бұл істен,
Әне-міне дегенше,
Екі қолын сындырды.
Ұрыстан өзін тындырып,
Екі қолын сындырып,
Доңыздай қалмақ шыңғырды.
Енді бала құтырып,
Ителгідей жұтынып,
Жетіп келді ұмтылып.
Жағасынан ұстады,
Буындырып қалмақты,
Ат үстінен мұштады.
Бағана жеген құйрығын
Ә дегенде-ақ тастады.
Сүйте-сүйте Қараман
Кесектеп қанды құсады.
Ұстады бала жағадан,
Айрылды патша бағадан,
Қайта шапты Шұбар ат.
Шығарып көкпар қорадан,
Қай жеңгені келер деп,
Жеңгенге сұлу тиер деп,
Әр төбенің басында
Қазақ пен қалмақ қараған.
Құйындай шауып Шұбар ат,
Өте шықты арадан.
Күлмеген адам қалмады,
Жеңілген соң баладан.
Гүлбаршынның алдына
Көкпар әкеп тастады,
Өңгеріп серке даладан.
Созылды даудың аяғы,
Өшігіскен қатындар
Жиналды түге баяғы.
Өлтірмекке қалмақты,
Алқымға пышақ таяды...
Әйелдер болды жүректі,
Сыбанды екі білекті,
Зорлығын көрген қалмақтың
Берді деп Құдай тілекті...
Жанды жерден жарылып,
Құрылдап қалмақ жөнелді,
Дүниенің болмай баяны.
Дәу ақымақ деген сол,
Қалғасын болды жарағы.
Жауға барсаң — кесерді ал,
Дауға барсаң — шешенді ал!
Жарақсыздың мәнісі —
Кетеді өстіп аяғы.
Енді бала алшаңдап,
Қайраты тасып қалшылдап,
Қойға шапқан бөрідей
Жан-жағына ырсылдап,
Әлемді алды айбаты,
Қабыландай арсылдап.
Астында Шұбар ойнақтап,
Аузынан көбік балшылдап,
Омыраудан аққан тер
Бақайына тамшылап,
Мысалы, үрген местей боп,
Ұсталар соққан пештей боп,
Денесі кетті тырсылдап.
Шұбар атын қаңтарып,
Қалмақтан кегін қайтарып,
Түсті барып бір жерге.
«Алпамыс күйеу келді!— деп,—
Қалмақтың бәрін жеңді»,—деп,
Тартылды керней әр жерге.
Құданың қалай беруі
Мың ердің күшін бір ерге?!
Алпамыс қыран келмесе,
Көз жасын Құдай көрмесе,
Қорқыныш кіріп қазақтар,
Көз жеткен еді өлуге.
Алтын кілем үстінде
Отырды толқып бұл елде.
Хан қылып халқы көтерді
Есебі жоқ көп елге.
Қатындар ертіп жүгірді
Отауға барып кірерге.
Қыздар да кетті қуанып
Гүлбаршынды әкеп берерге.
Гүлбаршын сұлу жүгіріп,
Мырзаның түсін көрерге,
Лажын тапса, аямай,
Құрбан ғып жанын берерге,
Жол тимеді арадан
Құшақтап келіп сүйерге.
Самаурынды қайнатып,
Дастарқанды жайнатып,
Қыздарменен шай келді,
Шырын шекер, бал келді
Алтын леген үстінде.
Әр түрлі тағам ішінде
Қазы-қарта, жал келді.
Түрегеп күйеу ізет қып,
Қыздарға төрден жай берді.
Гүлбаршын сұлу айдай боп,
Қысыр емген тайдай боп,
Оң жағына барды енді.
Ғашық оты жағылып,
Абыройы жабылып,
Оң қолтыққа алды енді.
Неше түрлі қылықпен
Құйып отыр шайды енді.
Қыз-бозбала ойынын
Ортаға түгел салды енді.
Арасында бұлардың
Біраз мезгіл болды енді.
Ұйқы алып денесін,
Қыздардың бәрі қалды енді.
Оятса да оянбай,
Сілесі қатып қалды енді.
Шымылдықтың ішіне,
Мамық төсек үстіне
Шаһи көрпе жайды енді.
Аққудай болып байпаңдап,
Бәйге атындай қайқаңдап,
Төсекке күйеу барды енді.
Кермаралдай керіліп,
Басарына ерініп,
Құбылып сұлу жанды енді,
Назданып күйеу әзілмен:
«Қай жақта, шіркін, мал?»— деді...
Сұлу айтты қылмыңдап,
Неше түрлі жымыңдап:
«Керегің болса, ал»,— деді...
Осыны айтып болды да,
Қоян алған қырандай
Төсекке тартып алды енді...
Онда Алпамыс батыр қалмақтарды көндіріп, келмегенін келтіріп, атасы
Сарыбайды сол елге хан сайлады. Отыз күн ойын, қырық күн тойын ғып,
Гүлбаршынды өзі алды. Бірнеше ай жатып, күндерде бір күн еліне қайтуды
ойланып, қоштасуға халқын жинап алып, рұқсат сұрады, ол елінде жақсылар
ақылдасып, кеңесіп, қырық нарға зер артып, алтын отау жасап, Сарыбай қызы мен
күйеуін шығарып салды. Бірнеше күн жол жүріп, аз ғана емес, мол жүріп, өзінің
еліне келді.
Алпамыс батыр аман-есен еліне келсе, әкесі Байбөрінің жылқысын Тайшық хан
деген қалмақ шауып әкетіпті. Онда Байбөрі, «Мал ашуы мен жан ашуы бір»
дегендей, тақат тұтып тұра алмай, баласы мен келініне қуанбай, келген дүниеге
көңлі алданбай, ашуға шыдап тұра алмай, Алпамыстың алдынан шығып,
Байбөрінің айтып тұрған сөзі еді.
Байбөрі сонда сөйледі:
«Тумай кеткір Алпамыс,
Тұр, көрінбе көзіме!
Еш қайратың тимеді
Адам болып өзіме!
Тайшық алды жылқымды,
Құртып кетті мүлкімді,
Тұр, алдымнан кет!»— деді,
«Кет» деген сөзі кекті еді.
«Тайшық алған жылқымның
Артынан қуып бар,— деді,—
Қалмақтан кегімді ал,— деді.—
Ала алмасаң кегімді,
Пенде боп сонда қал»,— деді.
Сонда Алпамыс сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
«Тайшық алған жылқының
Ал артынан кетейін.
Шаһимардан жар болса,
Артынан қуып жетейін.
Жете алмасам, жан ата,
Жылап жүріп өтейін!
Ата, сенің сөзіңді
Күніге естіп нетейін.
Атқа салдым терлікті,
Дұшпанға қылдым ерлікті.
Мен кеткесін, атажан,
Көрерсін құлдан қорлықты.
Атқа салдым пыстанды,
Мен кеткесін, атажан,
Ақыры жерсің пұшманды.
Әке, сенің артыңнан
Бес байталдық бедірек құл
Аңлып жүрген дұшпан-ды».
Сол уақта осы сөз
Қатты тиді өзіне.
Қажырланса Алпамыс,
Жан көрінбес көзіне.
Буырқанып, бұрсанып,
Мұздай темір құрсанып,
Алып келді Шұбарды,
Мойнына тағып тұмарды.
Бейсенбі күні бесінде
Тайшыққа қосын шығарды.
Алты айлыққа жүрмекке
Алпамыс берен ойлады.
Алтын бауыр Шұбардың
Басын жолға салады.
Тұлпар туған Шұбар ат
Сүмбедей болып жарады.
Үйіне де түспеді,
Бір кесе сусын ішпеді.
Тайшық алған жылқының
Алпамыс атты жас қыран
Артынан қуып барады.
Онда халқы жиналып келіп, Алпамыстың кететінін біліп:
«Ей, шырағым Алпамыс, жалғыздық Құдайға жарасқан, жалғыз өзің барма, еліңді
жинап, көппен бар!»— деді. Онда Алпамыс айтты: «Жұртым, жалғыздың жары бір
Құдай болсын, сіздер маған жандарың ашыса, көрсеткен көмектерің болсын, атам
мен анамның қабағына қараңыздар,— деді.— Әйелімнің ішінде жеті айлық бала
қалып барады, ұл туса, атын Жәдігер қойыңыздар!»— деді. Осыны айтып,
Алпамыс батыр Тайшыққа қосын шығарған күні, түнде жатып қалмақтың ханы
Тайшық түс көріп, түсінен шошынып, ел-жұртын жинап алып, өзі мұнараға шығып:
«Түсімді жорыңдар!»— деп, халқына айтып тұрған сөзі еді.
Тайшық хан сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
«Е, жарандар, жарандар,
Бәрің де бермен қараңдар!
Бүгін жатып түс көрдім,
Түсімде жаман іс көрдім.
Заманам менің қағынды,
Қағынбаса, не қылды?!
Құрсаулы қара нар келіп,
Қарсы қарап шабынды.
Көзімнің жасы егілді,
Қабырғам менін, сөгілді.
Басымдағы тәж, дәулет
Жерге барып төгілді.
Бір арыстан өзіме
Шабатұғын көрінді.
Талқан қып алды шәһәрімді,
Талауға салды барымды.
Екі бүйірін таянып,
Алатұғын көрінді
Қойнымда жатқан жарымды.
Қаланың аузын қан қылды,
Қақпаның аузын шаң қылды,
Айдарлымды құл қылды,
Тұлымдымды тұл қылды,
Солқылдаған мырзамды
Табанға салып жүн қылды.
Ауызына қарадым —
Сұлуды таңдап сүйгендей,
Келбетіне қарадым —
Қамқапты таңдап кигендей,
Қабағы қалың сол бала,
Тіпті шұнақ қу бала
Шұбар ат мініп келеді,
Сол Шұбардың дүбірі
Құлағыма келеді.
Мен білмеймін, тап сонан
Қандай адам өледі?!
Жылағанда көзіме
Қанды жасым тола ма?!
Тауға біткен бәйшешек
Қураса, бір күн сола ма?!
Жиделі Байсын жерінен,
Қоңырат деген елінен
Алпамыс атты жас берен
Атқа мінген бола ма?!
Алдынан шығып сол ердің,
Жылқысын берсем, ала ма?!
Жылқысының кегіне
Қызымды берсем, бола ма?!
Ер баласы ер еді
Кегін алмай қояр ма?!»
Әлқисса, халқы жиналып, айтты: «Е, тақсыр, түс деген түлкінің боғы болады,
қорықпаңыз, ешнәрсе етпейді»,— деп, жақсыға жорыды. Онда Тайшық хан айтты:
«Жоқ, оларың болмайды, онан да ойласып, ақыл табыңдар!»— деді. Ешкім амал
таба алмады. Сол кезде жасы үш жүзге жеткен, көрінгенмен ұрысқан, қабағы
қатып тырысқан, өзін туғаннан Құдай атқан, бір кез ширек бойы бар, адам таппас
ойы бар, тізесіне шекпен жетпеген, басынан жаманшылық кетпеген, басы мүйіз,
көті киіз бір мыстан кемпір келді. Ол айтты: «Патша, сіз өзіңіз патша болсаңыз, сол
сияқты дұшпанға жалғыз қызыңыз Қаракөзімді беремін дегенің қалай?»— деді.—
Самайынан ірің аққан, мұрнынан боқ аққан менің таз балам бар, соған қызыңды
берсең, дұшпаныңды байлап әкеліп, аяғыңның астына салып беремін»,— деді.
Онда патша: «Құп болар»,— деді. Қызын беретін болып, уәде жасады. Онда
кемпір қырық отау, қырық шөлмек арақ алды, ханның қызы Қаракөзді бас қылып
қырық қыз алды, қырық отауды Алпамыстың келетін жолына тіктіріп, қырық қыздың
басына жаулық салып, келіншекше киіндіріп, қырық шөлмек арақты әрқайсысына
беріп, мыстан Алпамыстың жолын тосып жатты. Сол уақыттар болғанда Алпамыс
батырдың мыстанға келіп жолығуы:
Ел-жұртымен қоштасып,
Алпамыс батыр жөнеді,
Ләшкер тартып келеді,
Ауыздықпен алысып,
Ұшқан құспен жарысып, Достарыңызбен бөлісу: |