Алпамыс батыр



Pdf көрінісі
бет5/6
Дата12.03.2017
өлшемі328,93 Kb.
#8741
1   2   3   4   5   6

Түсінде жаман іс көрді.

Төсегінің үстінде

Бір күшіген құс көрді.

Түсі суық құс екен,

Бір түнде соны үш көрді.

Ақырында Алпамыс

Өзі барып ұшырды,

Айбатымен қорқытып,

Қайтадан жерге түсірді.



Кәлласын кесіп денеден,

Өкпе-бауырын пісірді.

Бір сойқанның болғанын,

Ауылын жаудың алғанын

Ақылмен байқап түсінді.

Ойланды бала қайтпаққа,

Жол азабын тартпаққа.

Қайғы түсті көңіліне,

Тағат жоқ қамсыз жатпаққа.

Қаракөзайымды оятты

Қайтамын деп айтпаққа.

Бұл сырды біліп Қаракөз,

Қарғып тұрды орнынан.

Қараса, түннің іші екен,

Шошынды тұла бойынан.

Сол күні түнде түсінде

Ұшырған екен бұ дағы

Ақ тұйғын құс қолынан.

«Айтсаңшы енді, ерім, — деп,—

Не сыр көрдің бүгін?» — деп,

Құшақтады мойнынан.

Алпамыс айтты баяндап

Түндегі көрген сырынан.

«Аһ,— деді қыз сорлы,—

Арылмадым ба сорымнан?!»

Көзінің жасы ағылып,

Көрпенің шетін жамылып,

Тұра алмады қойнынан.

«Шұбарды әкеп ертте,— деді,—

Көп кешігіп кетпе»,— деді,

Тұрғызды сүйеп қолынан.

Жылап-еңіреп жөнелді

Ылажының жоғынан.

Жолға түсіп елбеңдеп,

Жылайды, жазған, еңкеңдеп.

Шешіп ала жөнелді,

Тұра алмады кідіріп.

Сылап-сипап ерттеді,

Көзінің жасы төгіліп.

Өксіп-өксіп жіберді,

Тізесін басып бүгіліп.

«Қалдым ба,— деп,— айрылып?»

Қабырға кетті сөгіліп,

Сол уақытта Алпамыс

Далаға шықты жүгіріп.

«Кеттің бе,— деп,— шынымен?—

Сөйледі сұлу бұрылып. —

Қош, аман бол, алғаным,

Алаша төсек салғаным.

Табанымнан тас өтіп,

Маңдайыма күн өтіп,

Қайғысын шектім Алланың.



Қызығын да көре алмай

Ата менен ананың...

Қылатын ісі осы ма

Ақылы кәміл дананың?

Жаныңа сенің құрбан ғып,

Еліме ойран салғаным.

Ата-анамнан айрылып,

Жұрдай болып қалғаным.

Еш болмаса балаң жоқ,

Артыңда белгің қалған жоқ,

Ішімде кетті-ау арманым.

Арман емей, немене,

Алдыңнан кетсе алғаның?!

Алғаныңнан айрылсаң,

Қызығы бар ма жалғанның?!

Мінемін дедің — мін енді,

Жүремін дедің — жүр енді,

Көрермін басқа салғанын.

Болмаса неғып ілесіп,

Шұбар атқа мінгесіп,

Еліңе неге бармадым?!

Қыз деген — ердің олжасы,

Ат көтіне салмадың.

«Алғаның — кәміл пірің» деп,

Аятын көрдім Құранның.

Аман барып, есен жүр,

Жолыңа мен бір құрбаның.

Қош енді, ерім, қош енді,

Қош деп айттым үш енді,

Әмірі шығар Алланың!»

Алпамыс сонда сөйледі,

Сөйлегенде бүй деді:

«Затың әйел болған соң,

Ақылың сенің кем,— деді.—

Мен кеткесін, сен кетсең,

Бұзылмай ма ел,— деді.—

Шұбар атым бар болса,

Келемін демде мен,— деді.—

Алтын қазық сен болдың,

Айналатын мен болдым,

Тұра бер мұнда сен,— деді.—

Ерлі-зайып арасы,

Айтқаның да жөн,— деді.—

Ақ сұңқар ұшар жем үшін,

Туады ерлер ел үшін.

Болған білем ата-анам

Қарақұс қуған көгершін.

Жеті жыл болды кеткелі,

Қандай боп қалды үй ішім?

Үйде отырсаң, түзің жоқ,

Түзге шықсаң, үйің жоқ,

Жалғыздың күні құрысын!



Тоқтай алмай барамын

Ағайын-туған, ел үшін.

Бейнет шектің мен үшін,

Келермін қайтып сен үшін.

Ризалықпен жауап бер,

Алысайық қол ұшын?»

Осыны айтып Алпамыс,

Шұбарға келді мінгелі.

Құбылып шықты құлпырып,

Өңшең жібек кигені.

Көтерді сұлу қолтықтан

Екі көзі сүрмелі.

Құшақтады мойнынан,

Алпамыс берен сүйгелі.

Бетіне беті тигенде,

Ақ тамақтан сүйгенде,

Басылды іштің күйгені.

Алмас қанжар асынып,

Жеңіне тығып жасырып,

Тұр еді сұлу өлгелі.

Қош айтысып сұлумен,

Алпамыс берен жөнелді,

Жөнеген кезде түн еді.

Анадай барып қайрылып,

Үш мәртебе келеді.

Айтатын басқа сөзі жоқ,

Сәлем бер деп тіледі...

Көзінің жасы ағылып,

Мойнына гәуһар тағынып,

Күндіздей түнге шағылып,

Қолына шылбыр береді.

Ақылменен аңғарып,

Қимағанын біледі.

Қыз да болса дана еді,

Әкесі Тайшық хан еді.

Рахымы оның келеді,

«Есен барып, сау қайт»,— деп,

Аузынан бата береді.

Сол уақытта Шұбар ат,

Ауыздық басып ауызға,

«Қоя бер»,— деп сүзеді.

Айтып ауыз жиғанша,

Қарап көзін жұмғанша,

Ғайып болды Шұбар ат.

Кеткенін де білмеді,

Енді бала жөнелді,

Шұбардың басын түзеді.

«Алпамыс қашып кетед»,— деп,

Қалмақтың келді көңліне.

«Қашты» деген ат болды,

Кетпегесін көріне.

Ертеңіне ойланып,



Түсініп қалды Кейқуат

Алпамыс қылған ебіне.

Ақылынан адасып,

Жынды адамдай бал ашып,

Ханның қызы Қаракөз

Отырды жылап күніге.

Енді Шұбар шабады,

Жер жобасын табады.

Аяғы тиіп еріне,

Шабатұғын жүйрікке

Ылдиы не, өрі не,

Тигізбейді шаң-тозаң

Судай аққан теріне.

Күніге шауып жануар,

Түсті әбден күйіне.

Алпамыс жетсе үйіне,

Жіберер дейді үйірге.

Сол уақытта Алпамыс

Жад қылады еренді,

Шұбардың басын жіберді.

Таудан аққан тасқындай

Төгіліп Шұбар жөнелді.

Адыр-адыр бел еді,

Адам қорқар жер еді.

Неше қиын жерлерден

Тегістей шауып келеді.

Мейлі дала, мейлі адыр,

Теп-тегіс болды жер енді.

Айдын-айдын көл еді,

Көлдің де аты көп еді.

Жарбаңдап ұшқан қарғадай

Аяғы жерге тимеді.

Сонда Алпамыс сөйледі:

«Айналайын Шұбар ат,

Қолтығыңда бар қанат.

Жазым болып жығылсаң,

Бір шұқырға тығылсаң,

Өлмеймін бе мен?!»— деді.

Бұл сөзге Шұбар шамданып,

Мұнан да жаман өрледі.

Кешегі шабыс бүгін жоқ,

Төрт аяғы — атқан оқ,

Әртүрлі шабыс бастады.

Пайда еткен жоқ балаға

Шабыстан қорқып-сасқаны.

Алдында жатқан аңғарды

Жер ошақтай тастады.

Екі көзін тарс жұмып,

Бала да ерден ұстады.

Енді Шұбар ұмтылды,

Құбылып ұшқан сұңқардай

Жердің жүзін сыпырды.



Қалың жыныс ағашта

Қос құлақты жыпырды.

Ықтияр кетіп өзінен,

Лажсыз бала отырды.

Басын жерге салмады,

Су ішіп мейірі қанбады.

Осындай болып танбастан

Отыз күн шапқан сықылды.

Келді Алпамыс саламат,

Құстай ұшты Шұбар ат

Жиделінің шетіне.

Жаман-жақсы әр жұмыс

Жігіттің болмақ ниетіне.

Жайылып жатыр көп жылқы

Жиделінің бетінде.

Оқыранды Шұбар ат,

Үйірін танып секіре...

Күллі жылқы шұрқырап,

Ілесіп алды көтіне.

Анасы да бар екен,

Баласы да бар екен,

Тигізді бетін бетіне.

Айғырларын тістелеп,

Құлын-тайын иіскелеп,

Баланың көнбей еркіне,

Оқыранып Шұбар ат,

Шығарды даусын өкіре.

Жаңа түсті есіне,

Жүргеніне өкіне,

Тағы да бала тоқтады,

Босаған кеуілі бекіне.

Аман-есен келгесін,

Жеткендей болды сертіне.

Онда Алпамыс батыр көңілін қатайтып, жүрегін тоқтатып келе жатса, жолында бір 

шатыр тұр. Алпамыс шатырға келсе, ішінде бес бек ұйықтап жатыр, бес бектің 

алдында біреу мосыға шай қайнатып отыр. Біресе жылап, біресе қалғып отыр, 

назарын салса: әкесіне немере Құлтай деген бабасының Тортай деген жалғыз 

баласы бар еді, сол екен. Бес бекке қараса, Алпамыс өзі барында жылқы бағатын 

бес құлы екен. Бұл бесеуін танып, жай-мәнісін сұрағалы, диуаналық киім киіп: 

«Аға, бұл кімнің жылқысы?» — деп сұрап тұрған жері еді.

Сонда Алпамыс сөйледі:

«Ассалаумағалайкүм,

Қарахан тауда бабамыз!

Сірә, қабыл болғай да,

Аға, сіздің тобаңыз.

Осы бағып жүргенің

Қандай бектің жылқысы,

Бишара болған бабамыз?!

Кірекеш едік жолаушы,

Қалаға кіріп барамыз,

Байсын деген өз елім,

Жиделі байтақ қаламыз.



Бөтен емес, бөгде емес,

Осы жерде туған баламыз.

Жеті жыл болды кеткелі

Ажырасып арамыз.

Біз кеткенде тірі еді

Ата менен анамыз.

Айналайын Құдай-ау,

Хабарын кімнен аламыз?!»

Сонда Тортай сөйледі:

«Мінген атың қаракер,

Жалғызға, Құдай, пана бер.

Заманым кеткен сорлымын,

Менен несін сұрайсың,

Көп сөйлемей, жүре бер.

Жиделі Байсын жерінде

Қоңырат деген бай еді,

Төрт түлік малы сай еді.

Маңдайында сорлының

Жалғыз ұлы бар еді,

Жалғыз да болса нар еді.

Байбөрінің жылқысын

Тайшық хан алып жөнелді.

Әкесі айтты балаға:

«Артынан қуып бар,— деді,—

Қалмақтан кегімді ал,— деді.—

Ала алмасаң кегімді,

Бенде боп сонда қал!»— деді.

Шыдай алмай ашуға,

Артынан қуып жөнелді,

Кеткесін қайтып келмеді.

Өткеннен де сұраймын,

Кеткеннен де сұраймын,

Хабарын ешкім білмеді,

Жеті жыл болды кеткелі,

«Ел-жұртым қалды» демеді.

Ұшырадық зорлыққа,

Көніп жүрміз қорлыққа,

Тілекті Алла бермеді.

Ұлтан құл деген бек болды,

Болғанына көп болды.

Халыққа қорлық көрсетіп,

Қазына-малды жеп болды.

Қарахан таудың түлкісі,

Келмейді ердің күлкісі.

Осы бағып жүргенім —

Кешегі кеткен жас берен

Алпамыс ердің жылқысы.

Қарахан тауда қамалым,

Баяғыдай бола ма

Алпамыс келіп заманым?!

Ежіктеп мұнша сұрадың,

Әр сөздің басын құрадың,



Естідің бе, қарағым,

Келіп тұр менің жылағым,

Кім едің өзің, шырағым?!»

Онда бұл сөзді естіп, бес бек ұйқыдан оянып: «Ей, қақбас, Алпамысты бізден сұра, 

Алпамыс қалмақтың қолында өліп кеткен, ел қыдырған диуана не біледі, шайыңды 

қайнат!» — деп ұрып-соғып, қуалай берді. Онда Алпамыс батыр бес бекке келіп, 

араша сұрап: «Жігіттер, бұларың қалай, мені сыйлаңдар, болмаса, мен де сіздерге 

өнер көрсетемін»,— деп тұрған жері еді.

«Араша, батыр, араша!—

Арашалап, бұлардың

Қасына келді жанаса,—

Араша деп тілеймін,

Тыңдаған сөзім жараса.

Арашаны білмесең,

Іс қыламын тамаша!

Қойсана, батыр, қойсана,

Ашуы жоқ болсана.

Қой дегенде қоймасаң,

Түсірермін ой-сана!

Айналдырған алтауың

Бір кісідей болсана».

Қой десе де қоймады,

Қоятұғын болмады.

«Бұл иттерді қайтем?» — деп,

Ер Алпамыс ойлады.

Буырқанды, бұрсанды,

Мұздай темір құрсанды.

Мойнындағы сотамен

Әрқайсысын бір салды.

Асаменен басқа ұрды,

Тұра алмастай тас қылды.

Бір ұрғанды көтермей,

Бесеуі де мырзаның

Жанын Хаққа тапсырды.

Бесеуі де өлгесін,

Алпамысты көргесін,

Тілегін Алла бергесін,

Айқай сап Тортай өкірді.

Мұны көріп Алпамыс,

Тағат қылып тұра алмай,

Атынан түсе секірді.

Бірін бірі құшақтап,

Көзінің жасы бұршақтап,

Көрісе берген секілді.

Көрісіп болған соң, Алпамыс айтты: «Ей, аға, елдің жайы қалай?» — деп сұрады. 

Тортай айтты: «Ей, шырағым, елдің несін сұрайсың, өзіңнің Ұлтан құлың бек 

болды, «Менің тілегімді тілемей, Алпамыстың тілегін тілейсің» деп, әкеңді түйеге 

салып, атаң Құлтайды қойдың соңына салып қойды. Өзіңнен қалған жеті айлық 

балаң Жәдігерді жалаң аяқ, жалаң бас, мойнына шынжыр, аяғына кісен салып, 

қозы бақтырып қойды. Өзгесін не қылайын, әсіресе өзіңнің Гүлбаршын жарыңды 

аламын деп отыз күн ойын, қырық күн тойын қылып, басып-көктеп бүгін кешке 

некесін қиятын күні, шырағым, тілімді алсаң, ертерек бар»,— деді. «Алпамыс келді 



деп ешкімге айтпа»,— деп, атына мініп жүріп кетті. Алпамыс келе жатса, әкесі 

Байбөрі түйесін суға айдап бара жатыр, өзі қалап алған әңгімесін айтып бара 

жатыр екен, Алпамыс түйенің арасында тыңдап жүре берді. Сондағы Байбөрінің 

айтқан сөзі еді.

Байбөрі сонда сөйлейді:

«Айналайын Құдайым,

Бір өзіңе жылайын.

Бүйтіп қорлық көргенше,

Көзімнің жасын бұлайын.

Жалғызым менің келер ме,

Көзімнің жасын көрер ме?

Арманда кеткен баламды

Қадыр Алла берер ме?!

Тауға біткен ақ терек,

Қыздар тағар мойнына

Қалампыр, маржан текшелеп.

Айдасам, жөнге жүрмейсің,

Есіз қалған ақ шелек!

Арай, жаным, арай!

Сенің бірің қалмағыр,

Сені ешкім алмағыр,—

Айдасам, жөнге жүрмейсің,

Қарағымның артында

Есіз қалған тайлағы,

Арай, жаным, арай!

Қарахан таудың аршасы,

Түсіп қалды үстімде

Киген киім баршасы.

Айдасам, жөнге жүрмейсің,

Қарағымның артында

Есіз қалған наршасы,

Арай, жаным, арай!

Қара таудың шиесі,

Байбөріңе келді ме

Пірілердің киесі?!

Айдасам, жөнге жүрмейсің,

Қарағымның артында

Аманат болған түйесі,

Арай, жаным, арай!

Темірменен құрсаулы

Жәдігерім білегі,

Сірә, қабыл болар ма

Байбөрінің тілегі?

Айдасам, жөнге жүрмейсің,

Қарағымның артында

Есіз қалған үлегі,

Арай, жаным, арай!»

Онда Алпамыс түйенің арасынан шыға келіп: «Ассалаумағалайкүм, ата!»— деп 

сәлем берді. Онда Байбөрі бай зәресі ұшып кетті, қолындағы таяғы жерге түсіп 

кетті. Ұлтан құлдың әдейі аңдытып қойған адамы екен деп ойлады. Онда Алпамыс 

батыр: «Әкемнің жүрегі жарылып кетер»,— деп, әкесіне қарап айтып тұрған сөзі 

еді:


«Ассалаумағалайкүм,

Қарахан тауда бабамыз!

Сірә, қабыл болғай-ды,

Жан баба, сіздің тобаңыз.

Кетіп еді қай жаққа,

Баба, сіздің балаңыз?!»

Байбөрі сонда сөйледі:

«Тілекті Құдай берді ме,

Көзімнің жасын көрді ме,

Қалмаққа кеткен жалғызым —

Алпамысым келді ме?

Менің бабам екен деп,

Танып сәлем берді ме?

Атқа мінген жел еді,

Қоңырат деген ел еді.

Ұлтан патша болғалы,

Сәлем берер кісім жоқ,

Мәһрбан <қосылма> болып бұл жерде,

Сәлем берген кім еді?!»

Алпамыс сонда сөйледі:

«Ата, саған келгенім,

Келіп, сәлем бергенім.

Біреудің малын бақпашы,

Біреудің отын жақпашы.

Балаңнан хабар білмеймін,

Бекерге жала жаппашы!»

Байбөрі сонда сөйледі:

«Қой, шырағым, алдама,

Алдағаның бола ма?

Молдалар оқыр кәләмді,

Бісміллә болар сөз басы.

Кәміл пірім жар болып,

Осы бүгін қолдашы.

Қалмаққа кеткен жалғызым —

Алпамысым болмашы?!

Мінген атың қара-ды,

Бауырынан жарады,

Шыныңды айтшы, шырағым,

Жөргектегі иісің

Мұрнымды жарып барады!

Бейнет көрдің басынан,

Қорлық көрдің жасыңнан.

Айналайын, шырағым,

«Атеке» деген даусыңнан!»

Сонда Алпамыс сөйледі:

«Дария тасып лайланып,

Дұшпанның жолы байлансын.

«Жалғызым» деген даусыңнан,

Мүсәпір болған жан ата,

Мендей қозың айналсын!»

Осыны айтып Алпамыс,

Атынан түсе секірді.



Тасқа құлап Байбөрі,

Ботадай боздап өкірді.

Ата-бала екеуі

Айдалада жолығып,

Көрісе берген секілді...

Онда Алпамыс тыңдап, Байбөрі жылап, мауқын басып болған соң: «Ата, елдің 

жайы қалай?» — деп сұрады. Байбөрі айтты: «Елді сұрама, мынау жерде Құлтай 

бабаң қой жайып жүр. Ол сенің тілегіңді менен кем тілеп жүрген жоқ, әуелі, барып 

сол Құлтай бабаңды қуант!» — деді. Онда Алпамыс батыр қойға келсе, Құлтай 

бабасы қойын жусатып, таяғын шаншып, көйлегін көлеңке қылып, басы көлеңкеде 

жатыр еді. Алпамыс батыр өзі барында серке қойған екі лағы бар еді, сол екеуі 

жеті жасар серке болған екен. Екеуі Алпамыстың екі үзенгісін иіскеп, ілесіп жүре 

береді. Құлтай баба таяғымен көйлегін алуға шамасы келмей, серкелерін шөрелеп 

келе жатып айтқаны:

«Бедеу аттың бестісі-ай,

Адамның азбас естісі-ай.

Қайда кетіп барасың,

Қарағымның артында

Аманат қойған ешкісі-ай?

Шөрей, жаным, шөрей!

Қарахан таудың бұлағы,

Неге шулай бересің

Қу Құлтайдың құлағы?

Қайда кетіп барасың,

Қарағымның лағы?

Шөрей, жаным, шөрей!

Атлас еді көрпесі,

Қайда кетіп барасың,

Қарағымның артында

Аманат қойған серкесі?

Шөрей, жаным, шөрей!»

Сонда Алпамыс тұрады,

Атының басын бұрады,

«Айналайын, ата,— деп,—

Серкеңді бер,— деп сұрады.—

Айналайын жан ата,

Мұнша неге еңіредің?

Көкірегің күрілдеп,

Көзіңнің алды іріңдеп,

Артынан қуып келгенің.

Мен де сенің бір балаң,

Бір кезіңе келгенім.

Бір кезіңе келгенде,

Бір серкесін балаңның

Құдайы қылып бергенің.

Бере қалсаң, жан ата,

Мені тәуір көргенің».

Сонда Құлтай сөйледі:

«Бұл серкеден айрылсам,

Ғамкүн болып өлемін,

Мен айтайын, сен тыңда,

Соның үшін келемін.



Кебенек киген ер еді,

Кебін киген жоқ еді,

Өлмесе, қозым келеді,

Ертең қозым келгенде,

«Серкем қайда?»— дегенде,

Мен сияқты қу бас шал,

Не деп жауап береді?!

Алпамыс атты баламның

Жеті жыл болды кеткелі,

Құлтайдайын бабаңның

Басына қайғы жеткені.

Сұрады деп сөкпейін,

Сен де қой, балам, өкпені!»

Сонда Алпамыс сөйледі:

«Жігітіңде жүруші ең

Кіреуке тонды жамылып.

Жеті жылдай жүрдің бе

Балаңызды сағынып,

Қартайғанда, жан баба,

Жаяу жүрсің неғылып?

Ерлік қылған жігіттің

Тәңрім берген бағы да,

Асықпасаң, боларсың

Баяғыдай тағы да.

Нағып қойды жайдыңыз

Сақалыңның ағында?

Мұнша бейнет көріпсің

Өлеріңнің шағында.

Қартайғаның емес пе,

Азуыңды шалыпсың,

Мұнша бейнет көргесін,

Ақылыңнан таныпсың.

Жаяу қойды баққанша,

Құл жұмсасаң болмай ма,

Қам-қайғы болып қалыпсың».

Сонда Құлтай сөйледі:

«Сұрағаның бұл сөзді —

Ақылыңның барлығы,

Бабаңның айтып тұрғаны

Басына түскен зарлығы.

Қойды бағып жүргені —

Ұлтан құл иттің жарлығы».

Сонда Алпамыс сөйледі:

«Ақша бір жауған қар еді,

Кәріптің кеуілі тар еді.

Балаңыздың, жан ата,

Не белгісі бар еді?»

Сонда Құлтай сөйледі:

«Қарағым менің нар еді,

Іздегені ар еді.

Белгісін айтып берейін,

Жаурынының үстінде



Дөңгелек қалы бар еді.

Мінген аты Шұбар-ды,

Ойнауға дайын құмар-ды».

Ағыта тастап кісесін,

Алпамыс өзін танытып,

«Мінекей қал»,— деп шығарды.

Қалынан сүйіп баланың,

Дариядай Құлтай тасады.

Ботадай боздап Құлтекең,

Бауырына басады.

Құдай салса бір істі,

Көтерер бенде әр істі.

Айтып, айтпай, немене,

Құлтай менен Алпамыс

Ботадай боздап көрісті.

Онда Алпамыс Құлтайменен көрісіп, әрбір сөзге келісіп: «Ата, елдің жағдайы 

қалай?» — деп сұрады. Онда Құлтай айтты: «Балам, елдің жағдайын көрерсің, 

мына жерде Жәдігер жалаң аяқ, жалаң бас, мойнында шынжыр, аяғында кісен, 

қозы бағып жүр; әуелі соны барып қуант»,— деді. Онда Алпамыс айтты: «Ата, мен 

танымаймын, сіз өзіңіз мына атқа мініп, «Әкең келді» деп, Жәдігерден сүйінші 

сұрап келе қойыңыз»,— деп, атын берді. Онда Құлтай баба атқа мініп, көңілі 

тасып, бір сөз деген жері екен:

«Айт, жануар, Шұбарым,

Мойныңда алтын тұмарың,

Тасып-толып тарқасын

Бүгінгі күні құмарым,

Сенің шабар күнің-ді,

Менің жүрер күнім-ді.

Он бестегі күнімдей

Жайнатты Құдай гүлімді.

Мен шаппай енді қайтейін,

Көрсетті Құдай ұлымды.

Алпамысым өлтірер

Ұлтан атты құлымды.

Қызғалдақ шығар желкілдеп,

Қыздар өлең айтады

Бетін бүркеп күлімдеп.

Сен шаба гөр зырқырап,

Мен шабайын күркіреп.

Үйде отырған Ұлтанның

Көтені түссін бүлкілдеп».

Әлқисса, осыны айтып, көңілі тасып, балаға қайрылмастан, көкпар шауып жатқан 

Ұлтанның тойына келді. Онда Ұлтан көкпарға құнан атап беріп, шаптырып жатыр 

еді, ешкім көтеріп шаба алмады. Құлтай баба келіп, тірсегінен тіліп, ердің басына 

іліп алып, Шұбарға өңгеріп қашып, құтылып кетті. Онда халық Ұлтанға барып, 

көкпар сұрады. Онда Ұлтан айтты: «Сендерге адам көрмеген қызық көрсетейін, 

анау жүрген жеті жасар Жәдігерді көкпар қылып шабыңыздар!» — деді. 

Алпамыстың қадірін білетіндер бармады. Қадірін білетін көз көргендер: «Кешегі 

Алпамыс ердің көзі емес пе?» — деді. Қадірін білмейтіндер барып көкпарға шауып, 

баланы шырқыратып тартып жатты, сондағы Жәдігердің жігіттерге жалынып 

айтқаны:

Енді бала секірді,



«Көкежан» деп өкірді,

Өксіп-өксіп жылады,

Қайғымен көзін бұлады.

«Жан сауға,— деп,— көкелер!»

Әркімге мойын бұрады.

«Қарама,— деп,— бетіме»,

Әрқайсысы келіп ұрады.

«Қарамайын, Жәке»,— деп,

Әркімге басын тығады.

Ақша бір жауған қар еді,

Кәріптің көңілі тар еді.

«Алдыңа салып қуғандай,

Әрқайсың келіп ұрғандай,

Айналайын көкелер,

Не жазығым бар еді?!

Өзіңнің інің емес пе ем,

Қас болсам, құлмен қас болдым,

Әкем жақсы ер еді,— деп,

Дәулетіне мас болдым.

Кісен қиып барады

Аяққа түскен қақпандай.

Зырқылдаймын алдында

Құлаштаған сақпандай.

Ел ішінде еңіредім,

Қылмысымнан тапқандай

Айналайын көкелер,

Не жазығым бар еді,

Көкпар қылып шапқандай?!

Өзімнің итім құтырып,

Өзімді қаптың қуалап.

Ұлтан патша болғалы,

Иі болмаған қайыстай,

Көрсетті қорлық қуалап.

Айналайын Құдайым,

Дәргейіңе жылайын,

Өзімнің итім қауып тұр,

Қандай бір айла қылайын?!»

Осыны айтып Жәдігер,

Жігіттерге жылады.

Жыласа да балаға

Ешбірі мейірім қылмады.

Енді бала зарлады,

Көзінің жасын парлады.

Мейірімі жоқ иттерді,

Отыра қалып қарғады:

«Аш бүгіліп жарағыр,

Жетім қалып жасыңнан,

Мендей болып жылағыр,

Тарта бер, жұртым, тарта бер!

Ешкі жасын жасағыр,

Аяғыңнан ақсағыр.

Ағайын кетіп қасыңнан,



Досың кетіп басыңнан,

Мендей болып қақсағыр,

Тарта бер, жұртым, тарта бер!

Алпамыстың төресін,

Әлі-ақ ертең көресің.

Ұлтан құлдың тіліне,



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет