|
Құдай ұрып, ересің.
Ертең әкем келгенде,
«Жалғызым қайда?» дегенде,
Не деп жауап бересің?—
Тарта бер, жұртым, тарта бер!»
Онда Алпамыстың қадірін білетіндер келіп, әрқайсысын бір ұрып, ажыратып
жіберді. Жәдігер кісенмен шапқылап қозыға қарай жөнелді, бір жерде аяғын кісен
қиып жүре алмай, зарлап жылап отырса, Құлтай бабасы, тақымында көкпары бар,
«Жәдігерді көрдің бе?» — деп, онан сөз сұрап тұрғаны:
«Жылап жатқан жас бала,
Мұсылманға бас бала,
Айналайын қарағым,
Жәдігерім көрдің бе?»
Жәдігер сонда қарады,
Бабасын тани қалады:
«Немереңді танымай,
Көзің неден ағарды?
Астыңа ат міндің бе?
Үстіңе киім кидің бе?
Өз келінің тойында
Қызық дәурен сүрдің бе?
Ұлтан патша болғанға
Қуаныш қылып келдің бе?
Шешемді алам дегенде,
Төбең көкке тиді ме?
болмаса, жан баба,ß
Әкемнен хабар білдің бе?»
Онда Құлтай баба: «Шырағым, сен бе едің, сүйінші!» — деп, балаға көкпарын
беріп, жүріп кетті. «Әкең келді» деп айтуды ұмытып кетті. Онда Жәдігер ойлады:
«Менің көкпар шабатын заманым болса, өстіп жүрем бе, бұл көкпарды Қарлығаш
апама апарып берейін, жігіттерге асып берсін!» — деп, мойнында кісен, аяғында
шынжыр, құнан атына сүйретіп ауылға алып барды. Мұны ауылда тұрып Ұлтан хан
көріп: «Бөрінің баласы бөрілігін қылады екен, шешесімен бірге жатқанда, бір күні
мені өлтіреді екен»,— деп қауіп қылып: «Өлтіремін, бар, Қарлығаш, Жәдігерді
алып кел!» — деп, Ұлтан құлдың Қарлығашқа келіп айтып тұрған сөзі екен:
Келе жатқан баланы
Ұлтандайын ханыңыз
Ауылда тұрып көреді.
Баланың күшін көргесін,
Тек жүрмесін білгесін,
Қарлығашты жұмсады.
Жұмсағаны құрысын,
Жұдырықпен бір салды:
«Тұр, Қарлығаш, сен,— деді,—
Үкіміме көн,— деді,—
Жәдігерді алып кел,
Өлтіремін мен»,— деді.
«Өлтіремін» дегенін
Қарлығаш тәуір көрмеді.
Жалғызын ұстап бере алмай,
Ботадай боздап еңіреді:
«Ұлтан атты төреміз,
Айдауыңа көнеміз.
Бірге туған жалғызды
Қайтіп ұстап береміз?
Ұлтан атты бегіміз,
Тараған жоқ па кегіңіз!
Екі бірдей қос жетім
Қолыңызда келеміз.
Ерік өзіңде болғасын,
Не қылсаң да көнеміз.
Ашуың кетпей бойыңнан,
Кегің кетпей ойыңнан,
Бес байталдық құл еді
Бұрынғы ата-тегіңіз!
Құл болсаң да бұл күнде
Болдың ғой біздің бегіміз.
Құлағы кесік қу құлым,
Теңгерілді кеміңіз.
Дәулет құсы бастан ұшқасын,
Болдық қой әзір жеміңіз!»
Есіткесін бұл сөзді,
Ұлтанды ашу кернеді.
Суырып алып қылышын,
Қарлығашқа сермеді.
Қарлығашты бір ұрып,
Жәдігерге келеді,
Оны да салып қалады.
Жеті жасар балдырған
Жағасынан алады.
Бүркіттей-ақ саусағы
Тырыстырып барады.
Қарлығаш көріп, жүгірді
Өкпесін алып қолына,
Ұлтанға жетіп келеді.
Таяқ жеген жетімді
Арашалай береді.
Әлі келмей Ұлтанның,
Араша беріп жөнелді.
Қарлығаш сонда жылады,
Көзінің жасы бұршақтап.
Еңіреп тұрды егіліп,
Жәдігерді құшақтап:
«Көкпар шауып, қарағым,
Тұр ма еді әкең алшақтап?
Қарағым, сенің жолыңа
Құрбандық болып өлейін!
Еркелігің әлі бар,
Жәдігер, саған не дейін?!»
Осыны айтып Қарлығаш,
Егіліп жылап күңіренді:
«Мен сияқты қара бет,
Бозбалаға той қылып,
Асып берер күн бе еді?
Басымнан кетпей қамалым,
Таусылып тұр амалым.
Жаяу сүйреп көкпарды,
Не қылғаның, қарағым?
Бозбалаға той қылып,
Асып берер жиын ғып,
Қай жақта қалған заманым!»
Жәдігер бала сөйледі:
«Қой, апажан, жылама,
Жылағанмен бола ма,
Күйіп-жанып тұрғанда,
Жанымды, жылап, қинама...
Ұлтан құлдан таяқ жеп,
Далада жылап тұрғаның
Бола ма бізге лайық?»
Мұны көріп, шыдамай,
Пайыз қылып тұра алмай,
Жүгірді зарлап анасы.
Алдынан шығып көрісті
Қызы менен баласы.
Үш мұңлының даусына
Байсын деген өзеннің
Күңіреніп кетті даласы.
Анасы сонда сөйледі:
«Байладың, Құдай, бағымды,
Сындырдың, Құдай, сағымды.
Ертелі-кеш зарлайсың,
Жәдігер, саған не қылды?»
Жәдігер сонда сөйледі:
«Тамаша тойға келгенім,
Тамашаны көргенім,
Құлтай бабам келгенін,
Көкпарын маған бергенін.
Көкпарымды көре алмай,
Малынан көкпар бере алмай,
Тамаша тойдың құрғаны.
Сонан соң құлдың ұрғаны,
Ұрғанын құлдың кек қылып,
Балаңның жылап тұрғаны».
Анасы сонда сөйледі:
«Молдалар оқыр кәләмді,
«Бісмиллә» деп жол басын,
Кәміл пірім қолдасын.
Абайлап, қалқам, көрдің бе,
Әкең сорлы болмасын?!»
Жәдігер тағы сөйледі:
«Қой, апажан, қорықпа,
Бір бәлеге жолықпа.
Менің әкем Алпамыс
Ақ сақалды болып па?..»
Анасы сонда сөйледі:
«Күмән қылма, шырағым,
Көзіңменен көргенді.
Көрдім деген адам жоқ
Ажалы жетіп өлгенді.
Сенің әкең Алпамыс,
Бабай түкті бабасы
Алпыс амал берген-ді.
Беті секпіл көрінсе,
Ор азабын көрген-ді.
«Балаң сондай» дегесін,
Көрейін деп келген-ді.
Құлтай болып, қарағым,
Көкпарын саған берген-ді.
Бүгін жатып түс көрдім,
Түсімде ғажап іс көрдім,
Қуат-жәрдем пірлерден —
Сондай бүгін күш көрдім.
Жібек баулы ақ сұңқар
Қондырыппын қолыма.
Қалмаққа кеткен әкеңнің
Екі көзім жолында.
Жәрдем болып пірлерден,
Келетін күні болды ма?!»
Онда Ұлтан ауылда тұрып айқай салды: «Улап-шулап далада тұрсыңдар ма, ана
қозы кетті ғой»,— деді Жәдігерге. Қарлығаш пен шешесі қала берді. Бала кісенмен
шапқылап, қозыға қарай жүре берді. Онда қозыға жете алмай, аяғының тікенін
шұқылап жылап отырса, бала мен қозының арасынан бір шұбар мінген диуана өте
берді. Онда Алпамыс көзіне түскеннен кейін, Жәдігер бала мұсылман екенін
танып, диуанаға қарап айтқан сөзі еді:
«Ей, диуана, жол болсын,
Жеке басың қол болсын,
Олжа басың мол болсын!
Атыңның мойны қақпақтай,
Садағың аузы шақпақтай,
Диуана, саған жол болсын?!
Диуана, маған келе кет,
Мен сорлыны көре кет.
Егер сауап іздесең,
Жетімнен күдер үзбесең,
Сауап үшін қозымды
Бір қайырып бере кет!
Жүрейін десем, жолым тар,
Аяғымда кісен бар,
Басымда үлкен қайғы-зар.
Мен бишара кәріпке
Бір бал ашып бере кет!»
Есіткесін бұл сөзді,
Рахым түсті басына,
Көзінен аққан жасына.
«Менің де жалғыз қарағым
Осындай болып жүр ғой»,— деп,
Диуана келді қасына.
Ал Жәдігер сөйледі:
«Атың сенің жараулы,
Бүкеңдетіп желдің бе?
Қабағың да қатулы,
Түн ұйқыңды бөлдің бе?
Ел-жұртынан айрылған,
Қанатынан қайрылған,
Әкеке, жаным, келдің бе?!
Ауызыңа қарасам,
Сұлуды таңдап сүйгендей.
Келбетіңе қарасам,
Қымқапты таңдап кигендей.
Әкежан деп асылсам,
Мойыныңа мінгендей.
Мен сияқты кәріптің
Қадірін жақсы білгендей.
Кешегі ел ауғанда,
Ел табаны тайғанда,
Іште қалған жетімің,—
Мен қозыңа ұқсаймын,
Сен атама ұқсайсың.
Торайғырдың тоқтығы-ай,
Тоқ болады шоқтығы-ай.
Әлі сабыр қылғаның,
Әлі де шыдап тұрғаның —
«Жалғызда мейірім жоқ» деген —
Мейіріміңнің жоқтығы-ай».
Тауға біткен шие-ді,
Босатты бала жүйені.
Алпыс екі тамыры
Алпамыстың иеді.
Ат үстінен көтеріп,
Алдына алып сүйеді.
Сүйсе — мейірі қанады,
Ат үстінен құлады,
Жатып есін танады.
Басын сүйеп Жәдігер,
Қайрат беріп сөйледі:
«Сабағың басы ясин-ді,
Сүйегің, көке, жасиды.
Жалғыз ұлың Жәдігер
Зарлап отыр қасыңда,
Көтерші, көке, басыңды?!»
Көтеріп басын алады,
Жәдігерге қарады,
Алаудай ішін күйдіріп,
Ақша бетін сүйдіріп,
Мойнындағы шынжырын
Қолымен бұрап сындырып,
Алып тастап кісенін,
Енді алдына мінгізіп,
Жәдігерді қуантып,
Әудем жерге жүргізді.
Шұбарды беріп астына,
Төбесін көкке тигізді.
Әкесінің барлығын
Тап сол жерде білгізді.
Ашуы кернеп Алпамыс,
Шұбарды мініп алады.
Ауылға қарай жөнелді,
Қозыға тастап баланы.
Ұлтан құлдың тұсына
Диуана болып барады.
Патшаның келіп тұсына,
Алпамыс айтқан ғазалы:
«Ай, Ұлтанбек, Ұлтанбек,
Еш мүйізің шыққан жоқ,
Әкім болып жұртты жеп.
Ау-қалам, ау-қай!
Байлаудағы бедеу ат,
Астыңдағы алтын тақ
Я сенікі, я менікі!
Уһ, Алла, диуанаңмын!
Диуана айтар бүгін зарын,
Төгіп айтар беттің арын.
Қатардағы нарларың,
Қазынадағы барларың,
Тәңірі берсе — менікі,
Адам берсе — сенікі!
Уһ, Алла, диуанаңмын,
Отаудағы айымдарың,
Сөзден келер қайымдарың.
Еске түсер айымдарың,
Уһ, Алла, диуанаңмын!»
Онда Ұлтан айтты: «Мына диуананың ғазалы маған жақпайды, түк бермеймін,
біреуің барып қуып жібер!» — деді. Онда біреу шығып: «Әй, диуана, патша ұрсып
жатыр, жөніңе кет!» — деп, жөнелтіп жіберді. Онда Алпамыс топтағы адамның ана
шетіне қарай жүре берді. Онда Алпамысты өз әйелі Гүлбаршын сұлу көріп: «Мына
диуананың басындағы лыпасы болмаса, құтты менің еріме ұқсайды екен-ау,—
деп, өзінің қызметкер әйелі Мапия деген сақауға сегіз тіллә беріп,— Ана, диуанаға
бал аштырып кел»,— деді. Мапия сақау тілләні екі бөліп, жарымын ұрлап,
дамбалының ауына түйіп: «Ейтен базайға байып, киім алып киейін, көңілім сүйген
жігітпен ойнап-күліп жүйейін, диуананың ежиіне шиейін, төйтеуін бишем де аждық
қылмаш»,— деп, диуанаға тілләсін беріп тұрған жері еді. Алпамыс жынын
шақырғандай болып айтқан сөзі еді:
«Ал ер Домбай, ер Домбай,
Шақырғанда кел, Домбай,
Мұңды менен шерлінің
Ырымын шегіп бер, Домбай.
Сақау қатын баллары,
Келер ме екен жарлары?
Айтқаның анық келмесе,
Өтірікші дер, Домбай.
Келер ме екен Алпамыс,
Келмес пе екен Алпамыс?
Осы тойдың ішінде
Келіп жүрген болмасын
Амалы көп қартамыс?!
Бұл диуана келіпті,
Оны Гүлбаршын көріпті.
Бал басы деп, біздерге
Сегіз тіллә беріпті.
Бұл антұрған Мапия
Төртеуін ұрлап алыпты,—
Дамбалына түйіпті,
Езуіме сиіпті.
Тілләмді бер, сақау қар,
Сары қызым, біліпті.
Аруағымды айдармын,
Қол-аяғын байлармын,
Сөйтіп, сақау, жайлармын!»
Ал Мапия сөйледі:
«Менің атым Мапия,
Дидәңді алдым қапия.
Ашудан ба, шияғым,
Кигізейін басыңа
Бес дидайық тақия.
Қой, айуағыңды айдама,
Қой-аяғым байдама.
Кимесем кебіс, кимейін,
Адия қайсын дидайың,
Дені шау боп жүйейін».
Әлқисса, Мапия сақау тілләсін берді. Сол уақытта Ұлтан хан бір дарақтың басына
жамбы қойып, кім атып түсірсе, Қарлығашты беретін болып, бәйге тігіп жатыр еді.
Онда бірқатар жігіттер Ұлтанға келіп: «Е, тақсыр, тамашаның бәрін көрдік, енді бір
күн өлең айттырсаңыз болар еді»,— деді. Онда Ұлтан хан: «Мақұл, жігіттер, кім
өлең айтса, бек болдың деп мені мақтап айтсын»,— деді. Ешкім мақтап айта
алмады, айтуға бата алмады. Сонда Ұлтанның Бадамша деген сақау қатыны
келіп, баяғы Мапия сақауды қосып алып: «Ұлтан бегіме лайық өйеңді өжім
айтамын»,— деп, екі сақау қосылып тойды бастап айтып жатқан аужар өлеңі екен:
«Айдай, айдай, жай-жай,
Айдын көйін жағаяй
Қаз баяй-ай, жай-жай.
Заманымда хан болды
Ұтан бегім, жай-жай.
Матап-мақтап өйең айт,
Бозбаялай, жай-жай.
Күй тайтамын шыбызғы
Тешігінен, жай-жай.
Шошынады жас бая
Бешігінен, жай-жай.
Падышаны мақтап айт
Өйеңіңде, жігіттей,
Теңге аяшын патшадан,
Кешегімен, жай-жай.
Бадам ханым киеді,
Би-би башып, жай-жай.
Қағыса бей, бозбая,
Ешік ашып, жай-жай.
Патшайыққа Ұйтанның
Міні бай ма, жай-жай.
Жүйдік пенен тұйпайдың
Сыны бай ма, жай-жай.
Құдай бейген дәулеттің
Айқасында, жай-жай,
Жәдігейді асамыз
Ейтен дайға, жай-жай.
Айт дегеннен айтамын,
Ай, Күйбайшын, жай-жай.
Жақынияқ қасыма
Кей, Күйбайшын, жай-жай.
Құдай бейген дәулеттің
Айқасында, жай-жай,
Біздің жайға тоқай боп
Жүй, Күйбайшын, жай-жай.
Елім көшай Байсынды,
Төмен ағып, жай-жай.
Байбөйі бай өзі жүй
Түйем бағып, жай-жай.
Айнайын Құдайдың
Дәулетіне, жай-жай,—
Қайығашты бейеміз
Бәйге тігіп, жай-жай».
Әлқисса, сақау осыны айтып көңілі тасып: «Ей, жігіттей, бағанағы диуананы ейтіп
келіңдерші, би-екі-үш өйең айтып, кеудешіне теуіп, жөніне жібейейін!» — деді.
Сонда біреуі барып диуананы ертіп келді, сонда екеуінің айтысы еді.
Б а д а м ш а а й т а д ы:
Айшық мүйіз ақ сейке
Қойды баштай, жай-жай.
Бейі қыпша жігіттей
Тойды баштай, жай-жай.
Бізді мақтап өйең айт,
Бек болдың деп, диуана,
Кеулі кейсе Бадамша
Теңге таштай, жай-жай.
А л п а м ы с а й т а д ы:
Бісмиллә деп өлеңді
Көп айтамын, жар-жар.
Асықпасаң, тойыңда
Кеп айтамын, жар-жар.
Мәні-жайы қандайын
Білгенім жоқ, жар-жар.
Ел қыдырған диуана,
Нені айтамын, жар-жар?
Б а д а м ш а с а қ а у:
Бісмейдә деп өйеңді
Көп айтыңыз, жай-жай.
Тоқай бойған Күйбайшын
Білмеймішін, шикін-ау,
Құтты бойшын тоқайың,
Деп айтыңыз, жай-жай.
А л п а м ы с:
Бисмиллә деп тойына
Келе алмаймын, жар-жар.
Байың тегін берсе де,
Сені алмаймын, жар-жар.
Әлі де болса сен күңсің,
Ол Гүлбаршын — бәйбіше,
Сені бәйбіше болады
Дей алмаймын, жар-жар.
Б а д а м ш а:
Бижияма, шикін-ау,
Бижияма, жай-жай.
Миың кетіп башыңнан,
Қайжияма, жай-жай.
Ұйтан бегім төбеңді
Ойып қояд, жай-жай.
Бет алдыңа бижияп,
Сандияма, жай-жай.
А л п а м ы с:
Сен де шаптың бәйгеге,
Мен де шаптым, жар-жар.
Ашуланып, бетімнен
Иттей қаптың, жар-жар.
Өлгеніңше мақтайсың,
Ұлтан құлды, сақау қар,
Ұлтан құлдан сен қанша,
Пайда таптың, жар-жар?!
Б а д а м ш а:
Шен де шаптың бәйгеге,
Мен де шаптым, жай-жай.
Келішпедің, бетіңнен
Иттей қаптым, жай-жай.
Мен мақтамай, кім мақтайд
Ұйтанымды, жай-жай.
Заманымда дидадан,
Шашбау тақтым, жай-жай.
А л п а м ы с:
Өлең айтып алдыңнан
Есейін мен, жар-жар.
Бұл Байсынды жағалай
Көшейін мен, жар-жар.
Заманыңда тағыпсың
Тіллә шашбау, жар-жар.
Осы тілдә шашбауды
Кесейін мен, жар-жар.
Б а д а м ш а:
Өйен айтып айдымнан
Жедей ешші, жай-жай.
Ейдей көшші, жай-жай.
Шашбау түгіл, дамбайым
Бауы жібек, диуана,
Неғылады, тішіңмен
Тіштеп шешші, жай-жай.
А л п а м ы с:
Жүруші едің, Бадамша,
Отын жағып, жар-жар!
Жүруші еді Ұлтан құл
Малын бағып, жар-жар.
Қалай-қалай сөйлейсің,
Ей, сақау қар, жар-жар.
Өлтірейін астыңа
Қазық қағып, жар-жар.
Сонда сақау орнынан қарғып тұрып: «Диуадасы да құйсын, өйеңі де құйсын, бұ кім
өжі... Өйең айтпаймыз»,— деп, жұртты тарқатып жіберді. Сондағы Алпамыстың
айтып тұрғаны:
«Ей, қатындар, қатындар,
Кең сарай үйде жатыңдар,
Өлеңіңді айтыңдар,
Таң атқасын қайтыңдар.
Айтқызармын өлеңді,
Тартқызармын күйіңді.
Үйде көрдім түрімді,
Тыста көрдім түрімді,
Өңкей ғана сақау қар,
Қайнатармын сорыңды.
Құрытармын шараңды,
Шулатармын балаңды.
Ойламадың Құдайды,
Өңкей надан сақаулар,
Ау-қалам, ау-қай!»—
деп атының басын бұрып алып, Гүлбаршын сұлудың тұсына келіп, келін деп өлең
айтып, екеуінің айтысқаны.
А л п а м ы с:
Жаңа көрдім Байсынды,
Жерім деймін, жар-жар.
Жаңа көрдім Қоңырат,
Елім деймін, жар-жар.
Біз бір мейман, тұсыңа
Келе қалдық, жар-жар.
Екі-үш ауыз өлең айт,
Келін деймін, жар-жар.
Г ү л б а р ш ы н:
Диуана, дедің бізді
Келін деймін, жар-жар?!
Өлең сөзге, айт десең,
Ерінбеймін, жар-жар.
Жеті жылдай қақсадық
Екі жетім, жар-жар.
Құдай бізге бермеді
Өлім деймін, жар-жар.
А л п а м ы с:
Мына сөзің, келін-ау,
Көрім деймін, жар-жар.
Не себептен тілейсің
Өлім деймін, жар-жар?!
Ә дегеннен аузыңа
Өлім түсті, жар-жар.
Ұлтан құлда кетті ме
Кегің деймін, жар-жар?!
Гүлбаршын сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
«Етегім бе, жеңім бе,
Өлең менің теңім бе,
Айналайын Құдай-ау,
Осы менің бегім бе?
Құдай салсын аузыма,
Бегім келсін қасыма.
Айналайын Құдай-ау,
Жалғызымының даусы ма?!
Абырой берсін сөзіме,
Көрінеді осы адам
От-жалын болып көзіме.
Айналайын Құдай-ай,
Осы тұрған диуана
Жалғызымның өзі ме?!
А л п а м ы с:
Ендеше, Гүлбаршын, сен той тойладың,
Той-тойлап жүргеніңде нені ойладың?
Сұрайтын енді сенен бір сөзім бар,
Бәдірек құлыңменен неше ойнадың?
Г ү л б а р ш ы н:
Белгілі осы Байсын жерім болсын,
Жарқырап жалғыз ұлым керім болсын.
Сөзіне сол құлыңның құлақ салсам,
Некелеп әкем келіп ерім болсын!
А л п а м ы с:
Бір Құдай куә болсын сырымызға,
Қосылар күн бар ма екен жарымызға?
Сақтапсыз жеті жылдай орнымызды,
Ризамыз сізге берген малымызға.
Осыны айтып Алпамыс,
Қатынымен көрісіп,
Амандасып білісіп,
Еш адамға білдірмей,
Басылар емес көңілі,
Ата-анасын күлдірмей.
Енді атына мінеді,
Жамбыға қарай жүреді.
Кетіп бара жатқанда,
«Ой, қозым!» деп зарлаған,
Саулы інгендей аңыраған
Бір адамның дауысы,
Құлағына келеді.
Құлақ салып қарады
Алпамыс берен баласы.
Осынша шыдап жүргені —
Ақылының данасы.
Арқасында отыны,
Көкке қарап қақылдап,
«Жалғызым!»— деп тақылдап,
Жылап-еңіреп келеді
Бишара болған анасы.
Келе жатып сөйледі:
«Иіні құрғыр, тартасың,
Қымқапты қашан киесің?
Еріні құрғыр, қышисың,
Баланы қашан сүйесің?
Көзі құрғыр, тартасың,
Жалғызды қашан көресің?
Құрып қалған қу емшек,
Нені көріп иесің?»
Әрқайсысын бір айтып,
Босатты кемпір жүйесін.
Аналықтай бәйбіше
Саңырау екен құлағы,—
Тарс етіп барып ашылды,
Жаңадан парлап бұлағы.
Анасын көріп Алпамыс,
Шыдай алмай, жылады.
Емгендей болып емшегін,
Көзінің жанды шырағы.
Енді атынан түседі,
Есепсіз батыр кісі еді.
«Жалғызың келді, ана!»— деп,
Құшақтап алып қысады.
Аналық атты бәйбіше
Құлағы желдей ашылды,
Дұшпанның көңілі басылды.
Анасы мен баласы
Ботадай боздап қосылды.
Ұлтан ханға барсам деп,
Жамбыны атып алсам деп,
Көңілі тасып, құлшынды.
Анасымен көрісіп,
Көздің жасын төгісіп,
Енді атына мінеді,
Жамбыға қарай жүреді.
«Диуана да келді!»— деп,
Мазақ қып Ұлтан күледі.
Атайын деп оқталып,
Төсіне садақ тіреді.
Атып тастап жамбыны,
Ұлтанға жетіп келеді.
Етегінен ұстады:
«Бәйгемді бер!»— деп қыстады.
Мастанып тұрған Ұлтан хан
Көтіне де қыспады.
Антұрған құл, қарашы,
Алпамыс кімге ұқсады?
Жалт етіп Ұлтан қарай сап,
Алпамысты тани сап,
Топтан шыға қашады.
Жібермеді Алпамыс,
Албастыдай басады.
Арттан келіп Жәдігер
Найзасымен шаншады.
«Ата, маған бер,— деді,—
Қайратымды көр»,— деді.
Баласына береді,
Артынан өзі ереді.
Тышқан алған мысықтай
Тамашасын көреді...
Бәйтеректің басына
Салбыратып іледі.
«Кешегі ханың Ұлтан»,— деп,
Көргеннің бәрін күлдірді.
«Жалғыз ағаң келді!— деп,—
Тілегіңді берді!»— деп,
Сүйінші сұрап бір адам,
Қарлығашқа білдірді.
Қарлығаш енді келеді,
Сүйіншіні сұраған
Бір түйе, бір ат мінеді.
Жақындасып, жанасып,
Бірін бірі көреді.
Құшақтасып көрісіп,
Беттерінен өбеді.
Үш мәртебе тіріліп,
Үш мәртебе өледі.
Басын сүйеп Алпамыс,
Бетіне суды себеді.
Маңдайынан сипалап,
Алпамыс айтқан кеп еді.
Сонда Алпамыс сөйледі:
«Жалғыз бауырым Қарлығаш,
Басылсын мауқым, көзіңді аш.
Қырық арқан бойы зынданда
Жеті жыл жаттым болып аш.
Мамықтан жұмсақ боп кетті
Астымда жатқан қара тас.
Қызығыңды көрмедім,
Киім де әкеп бермедің,
Бекерге өтті-ау өмір жас.
Тігілгесін бәйгеге,
Көзімнен ақты қанды жас.
Адамзаттың баласы
Болады екен мұнша тас?!»
Ал Қарлығаш сөйледі:
«Арыстан көке, келдің бе?
Жалғыз балаң Жәдігер
Кісендеулі, көрдің бе?
Қарағым деп, қалқа етіп,
Алдыңа алып сүйдің бе?
Қызыл шоқ болып жайнадың,
Өлімге белді байладың,
Күймедің бе, күйдің бе?
Жеті жыл жатып зынданда —
Тірімісің, өлдің бе?
Шулап жүрді құлағым,
«Қарлығаш қалқам» дедің бе?
Сол жерде жатып, көкешім,
Менің де қамым жедің бе?»
Қарлығаштың сөзіне
Жиылған халық жылады.
Тозып кеткен ел-жұртын
Тегіс жиып алады.
Тентегі мен телісін
Түзетіп, жөнге салады.
Атасы мен анасын
Боз биенің сүтіне
Шомылдырып алады.
Әкесін таққа мінгізіп,
Сыртынан өзі қарады.
Алпамысқа тілектес
Қаракөзайым баяғы,
Мұнан да күдер үзген жоқ,
Бір жылда екі барады.
Ерлікпен жетті мұратқа,
Еңбектің болып баяны.
Тыңлаған халық, риза бол,
Осымен бітті аяғы.
Достарыңызбен бөлісу: |
|
|