9 мамыр – өте маңызды мерекелердің бірі, өйткені бұл күннің адамзат үшін тарихы ерекше. Бұл мерекеде тебіренбейтін, осы күнді құрметтемейтін адам - ол тарихты білмейтін надан болар.
Ұлы Отан соғысы – бүкіл әлем тарихындағы ең қорқынышты әскери қақтығыс. Жеңіске жету үшін халық көп қиындықты бастан кешірді. Ұлы Отан соғысындағы жеңісті – биік рухтың, қайсар мінездің, қиын-қыстау кездегі халықтар арасындағы ұлы достықтың, Отанға деген шексіз махаббаттың жеңісі деп ойлаймын. Шын мәніндегі Ұлылықтың жеңісі деп білемін. Ортақ Отан үшін ортақ ерлік, ортақ тағдыр, ерлікке толы ортақ тарих жазылды. Осы жылдардағы тыл еңбеккерлерінің «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!»- деп күндіз - түні тынбай еңбектенгені ерліктің жоғары үлгісі.
1939 жылы басталған екінші дүниежүзілік соғыстың ең маңызды және шешуші бөлігі 1941-1945 жылдар аралығындағы КСРО - ның нацистік Германияға және оның Еуропалық одақтастарына қарсы төтеп беруі болды. Екінші дүниежүзілік соғыста жалпы саны 70 миллион адам қаза тапқан болса, оның 27 миллионы Ұлы Отан соғысының құрбандары еді.
Жыл сайын ардагерлер азайып барады. Олар соғыстан кейін де тынбай еңбектенді. 80 жылға жуық уақыт өтсе де әлі күнге дейін сол алапат соғыстың ызғары жүректерден өшкен емес. Қазіргі бейбіт өмір үшін жанкештілікпен майданға түскен аталарымыздың ерлігі ешқашан ұмытылмайды, өйткені соғыс қасіреті барлығымыздың ата-апаларымызға тікелей қатысы болды. Біз сол батыр, еңбекқор, адал адамдардың ұрпағымыз, бізге бейбіт өмір сыйлаудың төлемі сіздер үшін қаншалықты қымбатқа түскенін сезінеміз. Қаншама тағдыр тәлкек болды, қаншама арман орындалмай кетті, қаншама көз жасы, қаншама тер, қаншама қан төгілді десеңізші?! Бұл адамзат тарихындағы теңдесі жоқ жойқын қасірет болды. Сіздердің ерліктеріңізді құрметтеу қасиетті борышымыз деп білемін.
Аманаттарыңызға адал ұрпақ ретінде бас иеміз!
“Өрел орта мектебі” КММ
7 «А» сынып оқушысы
Жұлдыз Серікқызы
Жетекшісі: Баспақова Маржан Серікбекқызы.