Қыртыс асты (базальдық) түйіндер. Үлкен ми жарты шарлары қыртысы мен көру төмпегі аралығында орналасқан торшалар шоғырын қыртыс асты немесе базальдық түйіндер деп атайды. Олардың негізгісі жолақ дене болып табылады. Ми қыртысы нашар дамыған жануарларда қыртыс асты түйіндер мен таламус орталық жүйке жүйесінің жоғарғы бөлімін құрайды. Мысалы, құстарда олар тек туа қалыптасқан ғана емес, жүре пайда болған рефлекстерді де қамтамасыз етеді.
Жолақ дене тарихи тұрғыда ми қыртысымен салыстырғанда ертерек дамыған құрылым. Ол өткізгіш жолдар арқылы үлкен ми жарты шарлары қыртысымен, көру төмпегімен, гипоталамуспен, ортаңғы мимен, торлы құрылым ядроларымен, ми көпірімен, сопақша мимен тығыз байланыста болады.
Қыртыс асты түйіндер түрлі инстинктердің (дағдылы әрекеттердің) атқарылуын қамтамасыз етеді. Инстинкт деп туа қалыптасқан, табиғи мінез-қылықтардың жиынтығын айтады. Олар организмнің тіршіліктік маңызы зор қоректену (қоректік инстинкт), зақымдаушы әсерлерден сақтану (қорғану инстинкті), ұрпақ жалғастыру (жыныстық және ата-аналық инстинкт) т.с.с. функцияларының атқарылуын қамтамасыз етеді.
Барлық инстинктердің физиологиялық негізін орталықтары қыртыс асты түйіндер (жолақ дене) мен аралық ми ядроларында орналасқан шартсыз рефлекстердің күрделі тізбегі құрайды. Қалыпты жағдайда инстинктер ми қыртысы мен қыртыс асты түйіндер орталықтарының үйлесімді әрекеті нәтижесінде атқарылады да, күрделі шартсыз рефлекстерге көптеген рефлекстер жиынтығы қабаттасып кетеді.
Бақылау сұрақтары. 1. Рефлекс деген не, рефлекс доғасы жайлы не білесіз? 2. Кері афферентация деген не? 3. Нерв орталығы деген не, оған қандай қасиеттер тән? 4. Синапс деген не? 5. Жұлын мен сопақша мидың қызметтерін баяндаңыз. 6. Мишық пен ортаңғы мидың қызметін баяндаңыз. 7. Аралық ми мен қыртыс асты ядролардың маңызы. 8. Инстинкт (дағдылы әрекет) деген не, оның қандай түрлерін білесіз? 9. Ретикулярлық формация деген не?
Достарыңызбен бөлісу: |