Ұйқы және оның табиғаты. Гипноз. Ұйқы - жалпы организмнің, оның миы мен жүйке жүйесі әрекетінің бәсеңдеп, сыртқы тітіркендіргіштерге жауап реакциялардың төмендеуімен, ми нейрондарының ерекше белсенділігінің қалыптасуымен сипатталады. Ұйқы - азық қабылдау мүмкіндігі шектелген, сыртқы орта жағдайларының күрт ауытқулары мен жыртқыштар қатері кеміген кезде организмнің белсенділігін төмендететін физиологиялық күй. Аталған факторлармен ұйқының ұзақтығы және ерекшеліктері тығыз байланысты. Ұйқы зат алмасу қарқынын, организмнің белсенділігін өзгертеді, ол ішкі табиғи мұқтаждық болып табылады.
Ұйқының бірнеше түрі болады. Құстарға да тәуліктік ұйқы тән болады. Мерзімді тәуліктік ұйқының екі түрі болады: жалғыз фазалы және көп фазалы. Жалғыз фазалы ұйқыға күндізгі немесе түнгі ұйқы мен ояу күйдің тәулік бойына бір ғана рет алмасуы тән. Көп фазалы ұйқыда ояу күй мен ұйқы тәулік ішінде бірнеше рет қайталанып, алмасып отырады.
Құстың көпшілігі таң ата оянып, күн бата ұйықтайды. Тек байғұс пен үкі ғана күндіз ұйықтайды. Үй құстарына жалғыз фазалы ұйқы тән, дегенмен тыныштық сақталса олар күндіз де азықтандырғаннан кейін ұйықтап алады. Кейбір жабайы құстарда қолайсыз жағдайлардың (аяз, құрғақшылық) әсерімен мерзімді маусымдық ұйқы да байқалады. Ұйқының түрлі химиялық заттардың (морфий, эфир, хлороформ, алкоголь, тұрақты электр тогы) әсерінен туындайтын түрін наркоздық ұйқы дейді. Құсқа күшпен рабайсыз кейіп берсе, онда ол гипноздық ұйқыға кетеді. Анемия туындаса, немесе ми уланса патологиялық ұйқы байқалады.
Ұйқы - күрделі нейрогуморальдық құбылыс болып табылады. Оның туындауының сыры әлі толық ашылмаған. Алғашқыда ұйқыны мидың қанмен жабдықталуының күрт төмендеуінің салдары деп түсіндірген, себебі күре тамырды басқанда ұйқыға ұқсас күй қалыптасады. Бірақ ұйқы кезінде қан тамырлары тарылмай, керісінше, кеңейетін көрінеді, сондықтан бұл болжам дұрыс болмай шықты. Қазіргі кезде ұйқының табиғатын түсіндіру мақсатында химиялық, рефлекстік және арнаулы орталық теориялары ұсынылған.
XX – ғасырдың басында Француз ғалымдары ұйқы тәуліктік әрекет барысында зат алмасу өнімдерінің - гипнотоксиндердің жинақталуы салдарынан туындайтын құбылыс деген болжам айтқан. Қатты шаршаған, немесе қысқы ұйқы жағдайындағы жануар миының сығындысын еккеннен соң мысық пен ит ұйқыға кеткен.
Француз ғалымы М.Монье (1965) ж) айқас қан айналым жасау арқылы қоянға жүргізген тәжірбиесінде қызық нәтиже алған. Бірінші қоян миының ұйқы туғызатын аймағын тітіркендіргенде, екінші қоян да ұйықтап қалған. Бұл құбылысты бірінші қоян организмінде жиналған гипнотоксиндердің (ацетилхолин, гамма–аминді май қышқылы, серотонин) екінші организмге таралуымен түсіндіруге болады. Бірақ П.К.Анохин лабораториясында қан айналымы ортақ болып жабыса туған егіздердің бірі ұйқыға кеткенде екіншісінің сергек жағдайда болуы жайлы жинақталған фактілер бұл теорияның дұрыстығына күмән тудырады.
XІX ғасырдың ортасынан бастап ұйқының жүйкелік теориясы қалыптаса бастады. 1933 жылы Швейцария физиологы В.Гесс аралық мидың гипоталамустық аймағында ұйқы орталығы болатыны жайлы болжам айтты. Ол иттің аралық миының артқы бөлімін жіңішке электрод арқылы тітіркендіріп, 10–40 минутқа созылатын ұйқы тудырған. И.П.Павлов В.Гесс ұсынған ұйқының қыртыс асты құрылымдарға тән құбылыс екенімен келіспей, қыртыстық механизмдерге бой ұсынған. Шартты рефлекстерді зерттеу үстінде ол ішкі тежелудің нәтижесінде иттерде ұйқышылдық байқалатынына көңіл аударған. Кейбір жағдайларда тежеуші тітіркендіргіштер әсерімен ит тіпті ұйықтап та қалған. Өз тәжірбиелеріне сүйене отырып, И.П.Павлов ұйқыны үлкен ми жарты шарлары қыртысында жайыла таралып, қыртыс асты құрылымдарды қамтитын тежелу деп түсіндірді.
И.П.Павлов пікірінше ұйқы мен тежелу бір текті процесс. Әрекет үстіндегі ми қыртысының торшаларында қатты қажудың нәтижесінде тежелу процесі туындап, олардың қызметі тоқтайды. Осы тежелу жайылып, бүкіл ми қыртысын қамтиды да, қыртыс асты орталықтарға тарап, жүйке торшаларының жаңа сапалық күйі - ұйқы туындайды. Сырт қарағанда ұйқы кезінде шынында да организм функцияларында тежелу процесінің көріністері байқалады. Мысалы, организмнің қимылы тоқтайды, не шектеледі, анализаторлар қызметі бәсеңдеп, сыртқы ортамен байланыс нашарлайды, шартты рефлекстер тежеледі, зат алмасу қарқыны төмендеп, ішкі мүшелер қызметі баяулайды. Ұйқы, И.П.Павлов пікірі бойынша, тек жүйке торшаларының әрекетсіз күйі ғана емес, сонымен қатар ол нейрондардың сергектік кездегі жұмыс қабілетін қалпына келтіруге қажетті зат алмасу деңгейін қамтамасыз ететін процесс.
И.П.Павлов ұйқыны белсенді (активті) және ырықсыз (пассивті) түрге бөледі. Белсенді ұйқы бүкіл ми қыртысына жайылып, қыртыс асты түйіндерді қамтитын ішкі тежелу болып табылады. Ал, ырықсыз ұйқы рецепторлардан ми қыртысына келетін импульстердің күрт азаюының нәтижесінде туындайды. И.П.Павлов лабораториясында тәжірибе жүзінде ырықсыз ұйқы тудырылған. Иттің иіс сезу, көру, есту рецепторларын бұзып тастағаннан соң, ол барлық кезде ұйықтап жатып, тек табиғи мұқтаждық әсерімен (тамақ қабылдау, зәр бөлу, нәжіс шығару т.с.с.) оянып отырған.
Ұйқының табиғатында қыртыс асты құрылымдар да маңызды рөл атқарады. Ояу кезде торлы құрылым ми қыртысына белсендіруші импульстер жіберіп отырады да, ұйқыны болдырмайды. Ал осы торлы құрылымның белсендіруші әсерін тоқтатса (мысалы, зақымдау арқылы), онда жануар терең ұйқыға кетеді.
Сонымен, эволюция кезінде ми қызметінің үш түрлі әрекеті қалыптасқан: ояу күй (сергектік), шапшаң (терең) ұйқы және баяу (сергек) ұйқы.
Ұйқыдан оянуға организмдегі биохимиялық өзгерістер, ми қыртысы, гипоталамус, торлы құрылым аралығындағы функционалдық байланыс өзгерістері және сыртқы орта тітіркендіргіштерінің организмге әсер етуі себепкер болады. Ояу күй анализаторлар қызметі мен қимыл-әрекеттердің күшеюімен сипатталады және белгілі мерзім аралығында түрлі ішкі және сыртқы факторлар әсерінің арқасында сақталады.
Гипноз. Құстарда гипнозы жайлы алғашқы деректерді 1636 г. Даниел Швентер жариялаған. Ресейде құс гипнозын В. Я. Данилевский (1852—1939) зерттеген. Ол құсқа ауырсыну түйсігін тудырмай абайсыз кейіп беріп, аз уақыт ұстап тұрса, ол қимылдау қабылетінен айырылып, гипноз жағдайына көшеді. Осы әрекет қайталанса, құс, әсіресе тауық, гипнозға оңай көшеді. Осыдан В.Я. Данилевский құс гипнозы үрей негізінде туындайтын рефлекстік тежелу деп санаған.
Ұйқыны зерттеу нәтижесінде И.П.Павлов гипноз құбылысына физиологиялық тұрғыдан түсініктеме берді. Гипноздың да негізінде тежелу процесінің жайылуы жатады. Бірақ терең ұйқы жағдайында тежелу процесі бүкіл ми қыртысын қамтып, қыртыс асты түйіндерге дейін таралса, гипноз жағдайында тежелу процесі ми қыртысының тек белгілі бір аймақтарына жайылады.
Жануарларда гипноз қауіп төнген кезде қимылсыз тырып ете алмайтын күймен бейнеленеді. Жалпы, гипноз - шала ұйқыдағы күй. Бұл кезде ми жарты шарлары қыртысының тек белгілі бір аймағында сергектік сақталады да, басқа аймақтары ұйқыда болады.
Достарыңызбен бөлісу: |