Оттегінің қанмен тасымалдануы. Өкпе капиллярларынан О2 қанға өтеді де, эритроцит құрамындағы гемоглобинмен қосылып, оңай ажырасатын, қайтарымды қосылыс – оксигемоглобин түзеді. Өкпе капиллярларындағы оттегінің үлес қысымы неғұрлым жоғары болса, соғұрлым қанда оксигемоглобин мол түзіледі.
Қанның оттегімен қанығу деңгейі оның құрамындағы көмір қышқыл газдың мөлшеріне де байланысты. Вена қанында СО2 көп болса, оксигемоглобин түзілуі азаяды, себебі СО2 - ның бір бөлігі карбогемоглобин түрінде гемоглобинмен қосылыста болады. Қанда және ауада бөгде заттың (аммиак, сутекті күкірт, СО) болуы гемоглобиннің О2 байланысу қабілетін төмендетеді. Қанда сутегі иондарының мөлшері артса, рН төмендеп, оттегіні сіңіру деңгейі азаяды. Бұл қанда қышқылдар, әсіресе сүт қышқылы жинақталғанда байқалады.
Ұлпаларда оттегінің үлес қысымы күрт төмендейді, сондықтан капиллярларда оттегі оксигемоглобиннен ажырап, алдымен ұлпа сұйығына, содан кейін торшаларға өтеді. Ұлпаларда температура жоғарыласа, оксигемоглобиннің ажырауы (диссоциациясы) шапшаңдайды, температура төмендесе - баяулайды.
Гемоглобинмен қатар организмде миоглобин деген зат болады. Ол әсіресе суда жүзетін және сүңгуір құстарда көп болады. Миоглобин О2 қоймасы (депосы) болып табылады. Ол құрамындағы оттегіден осы газдың ұлпадағы үлес қысымы күрт төмендеген жағдайда ғана ажырайды. Соның арқасында сүңгіген құс организмінде су астында тыныс алу уақытша тоқтағанның өзінде биологиялық тотығу процесі жоғарғы деңгейде жүреді.
Достарыңызбен бөлісу: |