Лимфа және лимфа айналымы. Ұлпа торшалары тұйық жүйеде айналымда болатын қанмен еш уақытта тікелей жанаспайды. Олар қанмен тек торшааралық кеңістікті толтырып тұратын ұлпалық сұйық арқылы байланысады. Ұлпа сұйығы қанның сұйық бөлігі мен ондағы заттардың капиллярлар арқылы сүзіліп шығуының нәтижесінде пайда болады. Осы ұлпа сұйығынан торша өзіне қажет қоректік заттарды сіңіріп, оған өзінде пайда болған алмасу өнімдерін бөліп отырады. Организмдегі мөлшері жағынан ұлпа сұйығы қаннан 2 есе көп болады. Оның құрамы толассыз жаңарып тұрады. Оған қанның сұйық бөлігі үзілмей өтіп отырады да, ұлпа сұйығы организмде білтелік (дренаждық) қызмет атқаратын лимфа тамырымен ағып кетіп отырады. Ұлпа сұйығының бір бөлігі капиллярға кері сіңіп те кетеді. Осыдан оның құрамы тұрақты болмайды.
Лимфа тамырындағы ұлпа сұйығын – лимфа деп атайды. Лимфа – түссіз немесе сарғыштау сұйық. Ол физикалық қасиеттері мен химиялық құрамы жағынан қан плазмасына ұқсас. Онда белок мөлшері плазмамен салыстырғанда 2 есе аз, судың мөлшері 94-95 %, құрғақ зат 5-6 % құрайды. Осыдан оның тұтқырлығы мен тығыздығы плазмамен салыстырғанда төмен. Лимфаның әрекетшіл ортасы (рН) – әлсіз сілтілік.
Лимфаға ұйығыштық қасиет тән болады, себебі оның құрамында фибриноген белогы бар. Лимфада эритроцит жоқ, аз шамада түйіршікті лейкоциттер болады. Көп мөлшерде лимфоциттер кездеседі. Бұл торшалар лимфа түйіндерінде түзіліп, олардан лимфамен шайылып шығады.
Түрлі органдардан ағып шығатын лимфаның құрамы бірдей болмайды. Ол органдар қызметінің ерекшеліктеріне, олардағы зат алмасу қарқынына байланысты өзгеріп отырады. Мысалы, бауырдан ағып шыққан лимфа құрамында белок, ал ішектен ағып шыққан лимфа құрамында - эмульсияланған май көбірек болады.
Лимфаның түзілу қарқыны тамырлардағы қан қысымының деңгейі және қан мен ұлпа сұйығы арасындағы онкостық қысым айырмасына қарай өзгеріп отырады. Қан қысымы жоғарыласа, лимфа түзілу қарқындайды. Лимфа бауырда қарқынды түзіледі, себебі оның капиллярларының өтімділігі жоғары болады. Түрлі заттардың (микроб токсиндерінің, гистаминнің) әсерімен капиллярлар өтімділігі жоғарыласа, лимфа түзу процесі күшейеді.
Лимфа жүйесі ұлпаларда тармақтала орналасқан лимфа капиллярларынан бастау алады. Лимфа капиллярлары бір қабат эндотелийден құралған бітеу құрылым. Олардың қабырғасының өтімділігі өте жоғары, сондықтан лимфаға торшааралық қуыстан коллоидты ерітінділер мен жүзгіндер (взвесь) оңай өтеді. Лимфа лимфа капиллярларынан майда, орташа, ірі лимфа тамырларына өтеді де, негізгі лимфа өзектеріне қарай жылжиды. Құстарда артқы аяқтардан, дененің артқы жағынан, жыныс бездерінен, бүйрек үсті бездерден, ішек-қарыннан, ұйқы безі, бауыр, көк бауыр, өңештің төменгі бөлігінен шыққан лимфа омыртқаны бойлай орналасып, бір-бірімен көлденең тармақтармен жалғасып отыратын қос көкіректік өзекке жиналады. Бұл өзектер жоғарғы қуыс венаның бұғаналық және ойыс веналар бірлесе жалғасқан жеріне келіп құяды. Осы көкіректік өзектер аяқталар тұста оларға бас, мойын, бөтеге, жүрек, өкпе, қанаттардан бастау алған лимфа тамырлары келіп жалғасады.
Лимфа тамырының бойында лимфоидты ұлпалардан түзілген лимфа түйіндері орналасады. Құстарда бұл түйіндер бозғылт зат пен қыртыстық қабаттарға анық бөлінбейді. Түйіндер биологиялық сүзгі (фильтр) рөлін атқарады, оларда лимфа бөгде заттардан, микробтардан тазарып, лимфоциттермен байып отырады.
Құстарда лимфа түйіндері орналасу жағдайына қарай мойын-көкіректік және белдеулік немесе жамбас бөлімдік болып жіктеледі. Үйрек пен қазда лимфа түйіндерінің осы екі түрі де кездеседі, ал тауықта белдеулік түрі болмайды. Сонымен қатар, құс денесінде түйін құрмаған лимфоидты ұлпалар элементтері де кездеседі. Бұл құрылымдар да лимфа түйініне тән қызметтер атқарады.
Лимфаның қозғалуына (жылжуына) бұлшық еттің жиырылуы және ауа қапшықтарындағы қысым деңгейі әсер етеді. Ірі лимфа тамырында арнаулы қалталы қақпақшалар болады, олар лимфаның бір бағытта жылжып, кері ығысуына мүмкіндік бермейді. Сонымен қатар кейбір ірі өзектер бойында бұлшық ет ұлпасынан тұратын, ұршық іспеттес құрылымдар - «лимфалық жүрек» болады. Ол жүрек тәрізді жиырылып, лимфаның жылжуына көмектеседі. Көптеген құстарда «лимфалық жүрек» тек эмбриондық даму кезеңінде ғана іске қосылады. Су құстарында бел жағында екі «лимфалық жүрек» орын теуіп, тұрақты қызмет атқарады. Тауықта бұл «жүректер» тек эмбриналдық және бастапқы постэмбриналдық кезеңде ғана жұмыс істейді.
Лимфоидтық органдарға көкбауыр (талақ) та жатады. Дегенмен, көк бауыр көпқырлы қызмет атқарады. Ол қан депосы болып табылады. Онда эритроциттер жойылып, лимфоциттер түзіліп отырады. Лимфа түйіндері сияқты ол да биологиялық сүзгі рөлін атқарады, организмді бөгде заттардан, токсиндерден, кездейсоқ еніп кеткен микробтардан тазартады. Инфекциялық ауру кезінде көкбауырдың көлемі ұлғаяды.
Бақылау сұрақтары. 1. Жүрек жұмысы қалай атқарылады, жүрек айналымы қандай сатыларға бөлінеді? 2. Жүрек жұмысының ырғағы қалай қалыптасады? 3. жүрек жұмысына симпатикалық және кезеген нервтердің әсері қандай? 4. Қанның тамырлармен жылжуының себебі неде? 5. Қан ағынының көлемдік және сызықтық жылдамдығы деген не, олардың түрлі тамырлардағы шамалары (көрсеткіштері) қандай? 6. Капиллярларда қан ағынының баяулауының биологиялық маңыз неде? 7. Қан қысымы деген не, оған қандай факторлар әсер етеді? 8. Тамырларда қан қысымының айырмасы қалай пайда болады? 9. Ұлпа сұйықтығы және лимфа деген не? 10. Лимфа қалай түзіледі, лимфа айналымы қалай атқарылады?
Достарыңызбен бөлісу: |