Ауыз қуысындағы ас қорыту. Құс азықты тұмсығымен шоқып қабылдайды. Әртүрлі құстарда тұмсықтың пішіні мен көлемі түрліше болып келеді. Тауықтарда, күрке тауықтарда және кептерлерде олар қысқа, сүйір және қатты, аздап төмен қарай имектелген. Үйрек пен қаздар тұмсығы ұзын әрі жалпақ, ұш жағы доғал және оның төмен иілген өсіндісі – тырнақшасы, болады. Тұмсықтың үстіңгі бөлігінің жиегінде суды сүзуге және өсімдіктерді қиюға ыңғайлы мүйізді майда кертпештер (тісшелер) орналасады. Тұмсықтың мүйізді затында үштармақ жүйкенің көптеген қапшықты сезімтал ұштары болады, олар сезгіш денешіктер деп аталады. Мұндай құрылымдар сонымен қатар қатты таңдай мен тіл эпидермисінің мүйізді қабатының астында да кездеседі.
Тілдің пішіні мен көлемі құс тұмсығына сәйкес келеді. Тілдің беткейінде ұштары көмекейге қарай бағытталған мүйізді кертпештер болады. Олар қабылданған азықты ауыздан түсірмеуге және өңешке қарай бағыттауға мүмкіндік береді. Су құстары тілінің жиектерінде мүйізді қылтықтар мен инешіктер болады. Олар тұмсықтың көлденең табақшаларымен бірлесіп, суды сүзген кезде азықтың ауыздан шығып кетуіне мүмкіндік бермейді.
Құстар азықты көру мүшесі көмегімен тауып қабылдайды. Бұл процесте дәм және иіс сезу мүшелерінің қатысы онша болмайды. Тауық пен күрке тауықтар алакөлеңкеде азықты нашар қабылдайды. Тауық минутына 180-240, күрке тауықтар – 60-қа дейін шоқу қимылын жасайды. Нақтылы бір мерзім аралығында құс қабылдайтын азық мөлшері қорек орталығының қозу деңгейіне, құстың түрі мен жасына байланысты болады. Құс тәбетін реттейтін орталық гипоталамуста орналасады. Бұл отралықтың қозып, тежелуі түрлі экзогенді (азықтың түрі мен сипаты, азықтандыру жиілігі мен ұзақтығы) және эндогенді (зат алмасу қарқыны) факторлардың әсеріне байланысты.
Сұйық азық пен суды құс басын тез жоғары көтеру арқылы қабылдайды. Осының нәтижесінде сұйық масса мен су ауыз қуысынан өңешке ағады. Кептерлер ғана суға тұмсығын батырып, сорып ішеді.
Ауыз қуысындағы азық сілекеймен шыланады да, тез жұтылады. Құстарда сілекей бездері нашар дамыған. Құстарда сілекейдің бар болғаны қабылданған азықтың өңеш бойымен жылжуын оңайлатады.
Құстарда жұту актісі тілдің шапшаң қимылымен басталады. Осының нәтижесінде азық жұтқыншақтың жоғарғы жолымен өңешке бағытталады. Осы сәтте көмекей алға тартылып, жоғары көтеріледі де, оның кіреберісі тіласты сүйегінің табаны мен тіл түбіріне қысылып, тыныс алу жолдарын жабады. Сондықтан тіл түбіріне жиналған азық тек өңешке өтеді де, оның толқынды (перистальтикалық) жиырылуының нәтижесінде бөтегеге түседі, ал құс аш болса ол бірден қарынға бағытталады.
Өңеш ұзына бойына қатпарлы кілегей қабықпен астарланған. Оның терең қабатында морфологиялық тұрғыдан ауыз қуысындағы бездерге ұқсас кілегей бөлетін түтікті бездер орналасады. Олар бөлген шырышты түзінді (секрет) өңеш беткейін шылап, жұтылған азықтың түтікше бойымен жылжуын жеңілдетеді.
Б
3-сурет. Тауықтың ас қорыту жолының схемасы.
1-өңеш; 2-бөтеге; 3-безді қарын; 4-етті қарын; 5-көк бауыр; 6-өт қапшығы; 7-бауыр; 8-өт өзектері; 9-ұйқы безі; 10-жіңішке (12 елі) ішек; 11-аш ішек; 12-тұйық өсінді; 13-тоқ ішек; 14-саңғуыр (клоака).
өтегеде ас қорыту. Тауықтарда, күрке тауықтарда, мысыр тауғында (цесарка), кептерлерде өңештің бойында ерекше қалта болады, оны бөтеге (жемсау) дейді (3-сурет). Үйрек пен қаздарда бөтегенің орнында өңеште ұршық тәрізді аз ғана кеңейген құрылым болады. Бөтеге көкіректің алдында томпайып шығыңқырап тұрады. Оның алдыңғы беткейі теріасты еттерімен тұтасып кетеді де, бұл азық келіп түскенде бөтегенің кеңеюіне ықпал етеді. Бөтегеге азықтың кіріп-шығуын арнаулы қысқыштар реттеп отырады. Сфинктерлер аралығында бөтеге жолы орналасады, ол арқылы аш құстарда азық пен су бөтегеге түспей, өңештің төменгі бөлігі мен қарынға бірден өтеді. Тауық бөтегесінің сиымдылығы 100-120 г шамасында болады.
Бөтегеде рН шамамен 4,5-5,8 деңгейінде қалыптасады. Мұнда азық жұмсарады, бөрітеді, араласады, азықпен түскен ферменттер мен бактериялар әсерімен үстіртін қорытылады. Дегенмен, бөтегені алып тастағанда қоректің ас асқорыту жолынан өтуі шапшаңдап, сіңімділігі төмендейеді, құс салмағын жағалтады.
Бөтегеде азықтың бөгелу ұзақтығы қарынның толу дәрежесі мен ас қорыту процестерінің жылдамдығына, сонымен қатар азық сапасы мен құрғақтығына байланысты болады. Жұмсақ және дымқыл азыққа қарағанда қатты және құрғақ азық бөтегеде ұзақ бөгеледі. Азық сапасына қарай оның бөтегеде аялдау мерзімі 3-4 сағаттан 14-18 сағатқа жетеді.
Бөтеге кезеген жүйкемен жүйкеленеді. Жүйкені екі жақтан қиып тастаса, өңеш пен бөтегенің жиырылуы тиылады. Кезеген жүйкені тітіркендіргенде бөтегенің жиырылуы жиілейді әрі күшейеді. Симпатикалық жүйкені тітіркендіргенде кері әсер байқалады: бөтегенің жиырылуы сиреп, әлсірейді, одан шығар тұстағы сфинктер қысылады.
Тауықтарда бөтеге азықтандырған соң 1-2 сағаттан соң әр 15-20 минут сайын 3-4 қимылдан құралатын серия түрінде жиырыла басталады. Азықтандырудан 15-20 сағат өткен соң бұл сериялар 10-30 мин қайталанады. Аш тауықтарда бөтеге сағатына 8-16 рет жиырылып тұрады. Тауықтарда бөтеге жиырылғанда оның қуысындағы қысым 718 см дейін көтеріледі.
Аталық және аналық кептерлер балапандаған кезеңде бөтегеден ақ түсті майлы масса – «бөтеге сүті» бөлінеді. Онымен олар алғашқы 10-16 күндері балапандарын қоректендіреді. «Бөтеге сүтінің» құрамында 16% белок, 11% липидтер, 3,3% минералды заттар, А және В тобындағы дәрмендәрілер (витаминдер) болады.
Достарыңызбен бөлісу: |