Ќан жїйесі физиологиясы



бет44/128
Дата31.12.2021
өлшемі6,9 Mb.
#23273
түріОқулық
1   ...   40   41   42   43   44   45   46   47   ...   128
Кальций ұлпалық сұйық, қан құрамында болады, оның иондары көптеген ферменттік процестердің жүруін қамтамасыз етеді, бұлшық ет жиырылуының механизміне қатысады, бұлшық ет пен жүйке жүйесінің қозғыштығын төмендетіп, торша қабығының өткізгіштігін азайтады, жүрек қызметін реттеуге қатысып, қанның ұюында ерекше рөл атқарады, темірдің алмасуына оң ықпал етеді, калий, натрий, магнийдің залалды әсерін жояды, организмнің инфекцияға қарсы тұру қабылетін жоғарылатады, токсиндер әсерін әлсіретеді, кейбір ферменттер (актомиозин-аденозинүшфосфатаза, энтерокиназа) әрекетін жандандырады, ал дипептидаза әрекетін тежейді. Қаңқа дұрыс өсіп, дамуы үшін кальцийді жас организм көп қажет етеді.

Тауық денесінің 1 кг майсыздандырылғын құрғақ затында 13,5-26,9 г кальций болады. Кальцийдің шамамен 99 пайызы сүйекте жиналады. Жасы ұлғайған сайын құстарда кальций мөлшері көбейе береді.

Құстың жеке мүшелері мен ұлпасындағы кальций мөлшері (100 г балауса ұлпаға мг шаққанда, В.И.Георгиевский деректері бойынша, 1970):

Қаңқа еттері 4-5 жүрек 8-20

Ми 2-12 көкбауыр 9-15

Бүйрек 6-20 өкпе 10-19

Тері 7-25 ішек 13-15

Бауыр 13-30 шеміршек 40-96


Құс кальцийді азықпен және минералды қоспалармен қабылдайды. Ал кальцийдің сіңуіне бірнеше факторлар әсер етеді. Қарын сөлінің құрамындағы тұз қышқылының әсерінен кальцийлі қосылыстар иондарға тез диссоцацияланатын хлоридтерге айналады. Иондалған кальций ішекте оңай сіңіріледі. Кальцийдің өт және май қышқылдарымен байланыс түзуі де оның сіңірілуіне оң ықпал етеді. Кальцийдің сіңімділігі фосфор мен Д витаминінің болуына да байланысты. Кальций организмнен ішек арқылы (85 %) және зәрмен (15 %) шығарылады.

Жұмырқалайтын құстар кальцийді жұмыртқа түзу барысында жоғалтады. Тауық жұмыртқасының қауызы (қатты қабығы) құрамында 1.6-2.4 г кальций болады. Қауыз түзілуге ас қорыту жолынан сіңірілген кальцийдің 60-75 % және сүйектен алған кальцийдің 40-25 % жұмсалады. Егер тауық жылына 200 жұмыртқа жұмыртқалайтын болса, онда ол қауыз түзу үшін шамамен 400-420 г кальций шығындайды, бұл кальцийдің организмдегі мөлшерінен 20 есе көп.

Организмде кальцийдің алмасуын қалқанша серік без гормоны - паратгормон реттейді. Ол кальцийдің сүйектен шайылып шығуын тездетеді, сондықтан кальцийдің қандағы концентрациясын көбейтеді. Қалқанша без гормоны (тиреокальцитонин) кереғар әсер етеді.

Организмде кальций жетіспесе құс рахит дертіне шалдығады, оның тәбеті төмендейді, өсуі тежеледі, жұмыртқа қауызы жұқарады, каннибализм байқалады.

Кальцийдің мөлшері шамадан артып кетсе, құстың тәбеті нашарлайды, өсуі тежеледі, нерв жүйесінің әрекеті бұзылады, натрий мен магний организмнен көп мөлшерде бөлінеді.

Фосфор аралық зат алмасу процесінде маңызды рөл атқарады. Ол көмірсулар алмасуындағы фосфорлану процесіне, ет жиырылуын қамтамасыз ететін биохимиялық әрекеттерге қатысады. Организмде фосфор әмбебап қуат көзі болып табылатын аденозинүшфосфор қышқылының (АТФ), креатинфосфаттың, фосфатидтер мен фосфопротеидтердің құрамында кездеседі. Фосфор қанның қышқыл-сілтілік тепе-теңдігін реттеуге қатысады. Фосфор ішекте глюкоза мен май қышқылдарының сіңірілуіне ықпал етеді; қышқыл-сілтілік тепе-теңдікті ұстап тұратын қан буферінің бір бөлігі болып табылады; ол ұлпалық тыныс алуда маңызды рөл атқаратын кодегидраза құрамына енеді; бүйректе экскреция процесін жүру үшін қажет; май, белок, көмірсулардың алмасуы мен тасымалдануында маңызды рөл атқарады; кальцийдің қалыпты сіңірілуі, жұмыртқа сарыуызы түзілуі үшін қажет;

Фосфор организмнің барлық ұлпаларының құрамына енеді. Ересек құстардың майсызданған ұлпаларында оның үлесі 0,7-0,85 % құрайды. Құс организмінде фосфордың шамамен 82-85 % қаңқада фосфорқышқылды кальций түрінде болады. Балапан организмінде ересек құстармен салыстырғанда фосфор аз болады.

Ас қорыту жолына фосфор бір, қос және үш негізді бейорганикалық фосфаттар және органикалық қосылыстар -фосфатидтер, нуклеопротеидтер, фосфопротеидтер түрінде түседі. Фосфаттардың сіңімділігіне олардың ерігіштік қасиеті көп әсер етеді. Фосфордың калийлі, натрийлі, аммонийлі тұздары суда жақсы еритіндіктен оңай сіңіріледі, ал фосфорқышқылды кальций суда ерімейді десе де болады, сондықтан ол нашар сіңіріледі.

Азық құрамындағы фосфорлы қосылыстардың бір бөлігі қарында тұз қышқылы әсерінен ериді. Дегенмен, органикалық фосфордың басым бөлігі күрделі қосылыстар құрамынан ішек сөлінің эстеразасы мен фосфатазсының әсерімен ажырайды.

Фосфордың сіңімділік көрсеткіші құстың жасына байланысты өзгеріп отырады. 7-10 күндік балапанда қабылданған фосфордың 80 % -ы, ал жас тауықтарда 40-50 % сіңіріледі. Ішекте кальций тұздарының мөлшері көбейсе, фосфордың сіңімділігі нашарлайды. Фосфор тұздарының организмде жинақталуы және пайдаланылуы осы процестерді реттейтін Д дәрмендәрісіне байланысты. Фосфор организмнен бүйрек және ас қорыту жолы арқылы бөлінеді.

Фосфордың алмасуын паратгормон реттейді. Ол бейорганикалық фосфордың зәрмен шығарылуын арттырып, оның қандағы деңгейін төмендетеді. Ұйқы безі гормоны инсулин бейорганикалық фосфордың шығынын көбейтеді.

Фосфордың жетіспеуінен балапандар тәбеті төмендейді; өсу процесі бәсеңдейді; сүйек массасы азаяды; шеміршек ұлпасында кальций жиналады; күрке тауық балапандарының сүйектері майыса, тұмсығы жұмсара бастайды; құстың жұмыртқалағыштығы төмендейді; жұмыртқа қауызы жұқарады және балапандау көрсеткіші нашарлайды.

Магний торша ішінде жинақталатын катион. Ол митохондрияларда жинақталады да, тотықтырғыш фосфорлану процесінің маңызды белсендіргіші болып табылады. Бұлшық еттерде магний актин мен миозин белоктарын байланыстыратын магнийлі белок кешені құрамына еніп, еттің жиырылуын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Магний гликолиз процесін реттейтін көптеген ферменттік жүйелердің құрамына кіреді, кальцийдің антогонисі болып табылады. Қан құрамында магний мөлшері өссе, жүйке жүйесінің қозғыштығы төмендейді. Магний жұмыртқа түзу үшін қажет.

Құс организмінде магний фосфор, көмір, тұз қышқылды тұздар және белокпен қосылыс түрінде кездеседі. Құс организмінде магний негізінен қаңқа және бұлшық етте жинақталады. Денедегі магнийдің 70 пайызы сүйектерде, ал 20 пайызы бұлшық еттерде болады.

Құс эритроциттерінде сүт қоректілермен салыстырғанда магний 5.7-5.8 мг % құрайды, демек әлдеқайда көп. Қан плазмасы құрамында магний мөлшері тауықтарда 2.75 мг %, қаздарда - 2.4 мг %. Плазма құрамындағы магнийінің 35 пайызы белоктармен байланысқан күйде болады, бұл көрсеткіш репродукция кезінде тауықтарда 55-70 пайызға жетеді. Жасы ұлғайған құстарда магний мөлшері қан плазмасында, бұлшық еттерде, бауырда көбейеді, ал сүйекте азаяды. Әр түрлі органдарда магнийдің мөлшері шамалас (30 мэкв/л деңгейінде).

Магний ішекте сіңіріледі. Қышқылдар мен майлардың әсерінен магнийдің қиын еритін тұздары түзілуі мүмкін. Магнийдің сіңірілуі майдың, фитин және қымыздық қышқылдарының, фосфор мен күкірттің шамадан тыс көбеюінен қиындайды. Магний ішек арқылы және аздап зәрмен бөлінеді. Кальцийдің әсерінен магний бөлінуі күшейеді.

Жұмыртқалау кезеңінің алдында магний көбейеді, ал жұмыртқалау кезеңінде организмде оның теріс балансы байқалады.

Организмдегі магний алмасуын қалқанша серік бездің паратгормоны және бүйрек үсті бездің қыртысты қабатының альдостероны реттейді. Паратгормон қан плазмасындағы магний мөлшерін көтереді. Альдостерон әсерінен торша ішіндегі магний азаяды. Оның деңгейін реттеуге қалқанша без бен гипофиз гормондары қатысады.

Организмде магний жетіспесе тауықтар мен үйректерде тәбет төмендейді, қауырсындану, өсу процестері тежеледі, жүрек аритмиясы байқалады, бұлшық ет тонусы төмендейді, тремор (діріл), атаксия байқалады, бүйрек пен жүрекке магний тұздары жиналады, құс өлімге ұшырайды.

Магний шамадан артып кеткен жағдайда перозис, рахит белгілері байқалады, жұмыртқа қауызы жұқарады, іш өтіп, организм кальцийді жоғалтады. Магнийдің артық дозасы наркоз тудырады.



Күкірт организмге белок құрамында енеді. Ол организмде азоттыты заттар - креатин, муцин, мукоидтар, метионин, цистин, цистеин амин қышқылдары, көптеген биологиялық белсенді заттар (глютатион, инсулин, питиутрин, кофермент-А мен белок тектес гормондар), таурин мен оның туындылары және басқа органикалық заттар құрамында кездеседі. Күкірт организмде күкірт қышқылын түзіп, тоқ ішекте жиналатын уытты заттарды залалсыздандыру процесіне қатысады. Ол тиамин (В1) және биотин дәрмендәрілерінің, құс қауырсыны мен мамығының құрамына енеді. Қалыпты жағдайда күкірт тапшылығы байқалмайды. Денеден күкірт күкірт қышқылының тұздары түрінде несеппен, аз мөлшерде нәжіс құрамында бөлінеді.

Күкірт құс қауырсындардағы метионин, цистин, цистеин амин қышқылдарының құрамына енеді; тотығу-тотықсыздану процестерінде маңызды рөл атқарады; ми ұлпасын түзу үшін қажет; дәнекер ұлпалардың мукополисахаридтері, шеміршек (хондроитинкүкіртті қышқыл), шырыш (мукоитинкүкіртті қышқыл), биотин және тиамин дәрмендәрілері құрамына енеді; инсулин гормонын синтездеуге қатысады; күкірт қышқылы құрамына енетіндіктен, тоқ ішекте түзілетін улы заттарды (индол, скатол, крезол, фенол) залалсыздандыруға қатысады.

Күкірт креатині бар құрылымдарда: тұмсық, қанат (2-3 пайызға дейін) көп болады. Оның мөлшері жас ұлғайған сайын көбейеді. Күкірт шеміршекте, етті қарын кутикуласында да көп болады.

Күкіртке деген қажеттілік азық арқылы толығымен қанағаттандырылады. Күкірт жоңышқа мен қалақай құрамында көп болады (2 пайызға дейін). Бейорганикалық күкірт организмге сульфат күйінде түседі. Күкірт көзі ретінде азыққа ет, балық, ет-сүйек және қауырсын ұнтағын қосуға болады. Құс түлеген кезде күкіртке деген қажеттілік бірден артады.

Күкірт ішекте сіңіріледі. Бұл элемент организмнен зәр құрамында шығарылады (80 % бейорганикалық сульфаттар күйінде және шамамен 10% индол, скатол, фенолмен байланыс күйінде).

Күкірт жетіспеушілігі аптериоз тудыруы мүмкін.



Темір организмге азық құрамында бейорганикалық қосылыс түрінде енеді. Ол гемоглобиннің, миоглобиннің, тотығу-тотықсыздану ферменттері - пероксидаза, оксидазалар, каталаза мен биологиялық тотығу процесін жүргізетін цитохромдық ферменттер құрамында кездеседі. Денеде темір бауырда, көк бауырда, ішектің кілегейлі қабығында ферритин (темірдің гидрат тотығы) мен белоктардың қосылысы түрінде жинақталады. Ферритинмен қатар организмде гемосидерин кездеседі. Оның құрамында 35 пайызға дейін темір болады. Темірдің қан плазмасындағы белоктармен қосылыс түзген түрін сидерофилин деп атайды. Бұл қосылыс темірді дененің бір құрамасынан екіншісіне тасымалдауға мүмкіндік береді.

Тауық денесіндегі темірдің жалпы мөлшері 162 мг шамасында; соның 64-66 % қан құрамында, 20 % бұлшық етте, 5 % бауырда, 6 % қаңқада, 2 % көк бауырда, 2-4 % басқа ұлпаларда жиналады. Эритроцит құрамындағы темір мөлшері 98-105 мг %, қан плазмасында - 0.15-045 мг %. Тауықтың бір жұмыртқасында 1 мг темір болады. Темір құстың қызыл қауырсынында көп (38-40 мг/кг) болады.

Организмде темір геминді және геминсіз түрде болады. Гемоглобин, миоглобин, цитохромдар, цитохромоксидаза, каталаза, пероксидаза құрамындағы темір геминді темір. Геминсіз темір сидорофилин (трансферин), ферритин, гемоксидерин және темір протеинаты құрамына енеді.

Темірдің негізгі бөлігі жіңішке ішекте сіңіріледі. Темірдің сіңімділігін антиоксиданттар: аскорбин қышқылы, токоферол, глютатион және күкірт құрамды амин қышықылдардың сульфгидрильді тобы, жақсартады. Темірдің сіңірілуін темірдің ерімейтін тұздарын құрайтын органикалық қышқылдар (лактат, цитрат, оксалат), сонымен қатар фосфат, күкіртті сутегі және қант бөгейді. Темір ферритин және гемосидерин түрінде бауырда, көк бауырда, ішек қабырғасында қорға жиналады. Темір организмнен нәжіспен шығарылады. Құс зәрінде темір болмайды.

Темірдің алмасуын гипофиз, қалқанша без, бүйрек үсті без және жыныс бездерінің гормондары реттейді. Гипофизді және бүйрек үсті безін алып тастаса, қан құрамындағы темір концентрациясы азаяды. Қалқанша безді сылып тастаса, темірдің сүйекке жиналуы нашарлайды. Жыныс гормондары организмде темірдің жинақталуын жақсартады. АКТГ мен кортизон темірдің ішектен сіңірілуін жандандырады және бауырдағы ферритин мөлшерін азайтады.

Темір жетіспегенде эритроциттердің түзілуі бұзылады, анемия байқалады, қауырсынның реңі өзгереді. Алайда темір жетіспеуі сирек байқалады, құсты азық құрамындағы темір толық қанағаттандырады. Үлкен дозада темір уыттылық танытады.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   40   41   42   43   44   45   46   47   ...   128




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет