ЕКІНШІ БӨЛІМ
─ Уу - у! Қандай суық?!- деді, үсті - басы аппақ қар Курнос Иван үйге аюдай қорбаңдап, сөлекеттеу кіріп келе жатып.
Ызғырық жел есіктің қарсы алдынан соғып тұрған. Курнос Иван есікті жабам дегенше ар жақтан ақтүтек айқай боран ішке лап беріп, үй іші әп-сәтте уілдеп ұлып, әсіресе, ауызғы бөлме ызғыды да кетті. Иван үстінің қарын есіктің алдында тұрып қақты да, ұлтанына сіреу қар қатқан етігін сықырлата басып төрге өтті.
─ Шура, асың әзір ме?
Шура терезе алдында сыртқа көз салып отыр еді. Орнынан созалаңдап ақырын түрегелді. Иван сырт киімін ас ішерде де шешпеді. Тұла бойынан сырттың суығы мен шикі балықтың иісі шығады. Суық шалған бет қара қошқылданып, қабарып кетіпті. Соған қарамастан көңілді. Қолын уқалап - уқалап жіберді де, асқа отырды. Жылы үйге кіргесін қасы - қабағындағы қырау еріді. Танауының іші қарауытып түктене бастады. Бір түйір тамшы жалғыз қыл ұшына ілініп тұрған-ды. Балықты қарбытып асай бергенде, о да мөлт етіп, омырауына үзіліп түсті.
─ Балық көп шықты. Бес мың пұттан асады,- деді Иван, кешеден бері сан рет айтқан сөзін тағы қайталап.
Шура үндемеді. Жағын бастыра бір тартқан ақ шыт орамал жүдеу бетін бүрістіріп, шүңқитіп жіберген. Курнос Иван өз қуанышына өзі мәз...
─ Осы жасқа дейін қуғаным байлық еді. Қолыма бүгін түсті. Шура, слышешь... енді маған мұрагер керек. Өзіңе жібек көйлек әперем.
Шура Орал қаласындағы бір кішілеу шіркеудің звонарының қызы еді; ауру шешесі төсектен тұрмай ыңырсып жататын да қоятын. Өмірінің ақырғы шағында ішкілікке салынған әке ақыры бір күні удай мас қалпымен қоңырау қағатын мұнараға тәлтіректеп көтеріліп бара жатқанда құлап, екі күн ессіз жатты да, үшінші күні жан тапсырған-ды. Кішкентай қыз кейде әкесіне еріп шіркеуге баратын. Әсіресе, кәделі мерекелерді жақсы көретін. Сондай күндері әкесі сонау биік мұнараның басына шығып, әлемді күмбірлетіп қоңырау соққанда, мына жақта құдды айт, тойға жиналғандай қызыл ала киінген ығы-жығы халық екі бетін айқара ашып тастаған абажадай есікке шұбап кіріп жатады. Сол маңда қол жайған қайыршы көп. Қанша күннен бері нәр татпаған кішкентай қыз қысыла -қысыла шіркеуге барды. Баруы барса да, бірақ екі беті дуылдап бір жанға назар тіктеп қарай алмады. Кісі - қара жоқта қолын созса да, қасына біреу жақындаса шидей саусақтар дірілдеп қолын бауырына тартып ала қоятын. Кішкентай қызға өзінен кәрі сәл-пәл естиярлау қайыршы бала күн көрсетпей қойды. Шіркеуге барса әлгі кіп-кішкентай қылжақбас сап етіп алдынан шығады. Аузы-басын қисаңдатып мазақ қылады; бір күні бала соңынан қуып жетті. Онан қандай да бір сорақы қылың күткен Шура сасып қап еді; жоқ, бұл жолы мыж-мыж кепкада шылдыраған тиын-тебенді қыздың сумкасына ақтара салды. Онан бұны күтпеген қыз аузын ашам дегенше, бала: «Қайыр сұрағанша, бикеш, күйеуге шықпайсың ба?!»- деді де жүгіре жөнелді. Сотқар баланы сонан қайтып көрген жоқ. Ай өтті. Жыл өтті. Бір күні, шамасы түс кезі. Күн ыстық, қайнап тұрған. Зілдей бақырлар Шураның алақанын шоқтай қарып жатқанды. Біреудің күректей қолы қыздың ілгері созған қолын алақанында жатқан бақырлармен қоса уысына қысып алды. Қыз дір етіп, басын көтерсе... қира сары сақал, шүңірек көз еңгезердей біреу қарсы алдында бұған күлімсірей қарап тұр екен. «Жүр, кеттік »,- деді. Қыз дір-дір етіп тартыншақтай берді. «Қорықпа! Жүр. Қарның тоқ болады»,- деді көпес. Соның аяғы... Соның аяғы, бұның дәм-тұзы көтеріліп Арал теңізінен бір- ақ шықты. Көзі тірісінде, обалы не керек, Федоров бұны алақанына салып бақты - қақты. Ол тек бір- ақ рет көңілін қалдырды. Аралға келгесін бір жылдан кейін бала көтерді. Шура бойына біткен баланы сақтағысы кеп жалынып та, жылап та көрді. Федоров жібімеді. Қыстың көзі қырауда Шалқарға апарып, таныс дәрігер арқылы бойындағы баланы түсіріп тастап еді. Өлген адамды кінәлап соңынан өкпе-наз артқысы келмесе де, қаныпезер жанның қаталдығын ұмыта алмай-ақ қойды. Федоровтың көзі тірісінде лажсыз ішінен тынып жүрген Курнос Иван ол өлген күні ертеңіне бұның үстіне удай мас боп, баса-көктеп кіріп келді де «сенің Құдай қосқан қосағың мен... мына менмін»,- деп, ай-шай жоқ Шураға тарпа бас салды. Сонан бері Шураны талай сабады. Бір рет жығып сап, өлтірем деп жатқанда көршілер үстінен шығып арашалап алды. Дүние қадірін білмейтін дала суан неме аз уақыт ішінде екі бетінен қан тамған уыздай жас келіншекті ұйпалақтап тастады. Соңғы кезде Курнос Иван тағы бір мінез шығарды. «Жақында байимын. Соңыра өзім өлгенде малыма ие болатын мұрагер тап... Бедеу қатын маған қажет емес»,- деп, Шураға қыңқылдап жүр.
Курнос Иван асын жеп болғасын аузын сүртті. Қос өңірі ас ішкен баланың омырауындай бір қылқан, бір балық.
─ Шура!- деді ол тұрып жатып. Орнынан қозғала қоймаған әйелді иығынан сығымдап ұстады да, ожар қимылымен өзіне қарай жұлқып қалды. Әйелінің көзіндегі жасты көріп,-немене, Федоровты азалап отырсың ба? Қой енді! Ну!..- деп жекірді.- Шура, мен бүгін кеш қайтармын. Бәлкім, келе алмаспын. Маған тамақ жеткізіп бер. Ұқтың ба?
Шура басын изеді. Курнос Иван далаға шыққанда сырт әлі ақ түтек екен. Қар көктен жауып, жерден борап тұр. Промсолдан екі дауыстай жерде, ақтүтек мұз үстінде мол балық үйіліп мұнартып көрінеді.
Осы өңірді қыстайтын төрт-бес ауылдың адам - қаралары балық басына жиналған. Аттысы, жаяуы бар, бас-аяғы жүзге тартады. Иттер де көп. Әр иттің аузында бір балық. Көк жүзі қарғадан көрінбейді. Курнос Иван жақындай бергенде бір пәле бастарына төнгендей, қарғалар оқыс дүрлігіп, қарқылдап ұша жөнелді.
─ Бұрын маған бір жан жуымайтын. Енді, ана қарашы!.. Байлыққа қалай үймелейді. Көздері жеп барады. Қара қарғаларға дейін менің байлығымды бір- бір шұқып қалмақ.
Курнос Иван қарақұрым жиыннан бөлініп оқшаулау шығып тұрған бір топ кісіні көрді. Қалың киімді шетінен өңшең балпанақтай жуан. Аттары да семіз. Өзге малдардай ық іздеп тықыршымай, қаптай соққан желде құйрық, жалы суылдап, ыққа қарай күлтеленіп желп-желп етеді. Курнос Иван тани кетті.
─ Әй, болыс, аман-сау барсыз ба?- деп ол Құдаймендеден бастап шіреніп тұрған осы елдің байлары, билерімен амандасып шықты. Курнос Иванның тақырайған танауына қар кіріп тығындап тастаған еді. Ол судан шыққан балықтай, көбіне аузымен дем алып,- бұрын байдың қосын жегетін едім, енді өзім баймын. Қарқалләзи боп жатырмын. Сыралғы қонақ болдыңдар. Ал, кәне, сыралғы алыңдар!- деді саңқылдап. Қиын сөзге де мүдірмей, дәл бір қазақтың өзіндей тақпақтап сөйледі. Аналар үндемеді. Бірақ тегін олжаны бөтен көрмей тұрғанын біліп, Курнос Иван майлық аузында үйіліп жатқан балыққа қарай беттеді. Аналар да соңынан еріп, аттарын тізгіннен жетелеп келеді. Құдайменде өзімен қатар келе жатқан семіз сары кісіге - өзі бай, өзі би - Рамбердіге мойнын бұрып:
─ Ыссы тары көженің де буы бола - туң. Ал, байлықтың буы тіпті әлемет - ау! Мына кәржік мұрын қара орыс қалай паңқып тұр, ә?!- деп күліп еді, Рамберді Курнос Иван естіп қалды ма деп қауіптеніп, Құдайменденің осындай жердегі келеңсіз әңгілігін жаратпайтын әдетпен кіржің етті. Сұйық сары мұртын сипап, өзінің әншейіндегі әрі маймақ әккілігіне бағып:
─ Мұн - дай- да үндемеген о – за - ды,- деп ыңырсыды да,- ауызға түсейін деп тұрған несібеңді аяғыңмен теппе, бала,- деп, сөзінің аяғын мұрнымен созып, ыңылдап бітірді. Онан ол Кәленді ымдап:
─ Досыңды көрдің бе?- деді.
─ Ой, енесін...
Кәлен оларды көрсе де, көрмеген сыңай танытты. Курнос Иван майлың аузында бірнеше жерде жал боп үйіліп жатқан балыққа келді. Тоң балықты аяғымен қақ жарып, мыналарға беретін сыралғыны бір шетке қарай бөліп келе жатқан-ды. Рамберді осы арада шегіншектеп, жұрттан жырылып кейіндеу қала берді. Ол жан - жаққа қарап алды да, ана жақта қалып бара жатқан көп балықтың ірілеуін аяғымен қағып, сыралғыға қарай сырғыта бастады. Курнос Иван оны байқап қап:
─ Қақ! Қақ, Рамберді! Қағатын сапарың бұл! - деп күлді. Осы арада Кәлен сап ете қалды. Ол Курнос Иванға:
─ Алудың есебін үйретпей - ақ қой. Халық үстіндегі адам қағып та, соғып та жей береді,-деді.
Құдайменде тіс жарып түк айтпай, бұрылып жүре берді. Рамберді де атына қарай аяңдап бара жатып әлденені міңгірлеп, түсініксіздеу ыңылдады. Курнос Иван сасқалақтап:
─ Ay, байеке,- деп, жүгіріп барып Құдайменденің шалғайына оратылып еді, ашулы болыс қолын қағып жіберді:
─ Кет әрі!
Рамберді былай шыққасын Құдаймендеге қатарласты.
─ Ұры досың қырғидай тиді ме, қалай?
Олардың қарасы ұзағасын Курнос Иван Кәленге тап берді:
─ Есің дұрыс па? Болыспен ұстасып өле алмай жүрсің бе?
─ Әй, неге әкіреңдейсің? Болысың өзіңе...
─ Кет! Қараңды батыр!
─ Мен жалғыз кетпеймін. Өзіммен бірге мына кісілерді ала кетем.
─ Жарайт...- деді Курнос Иван міңгірлеп.
Кешегі торгта ол промсолды сатып алған татар байының алдын орап, бұл араның тәжірибелі, талапкер балықшыларын таңдап алған-ды. Осы деректі татар байымен екеуінің арасында аздаған кикілжің де бар еді. Кәлен өлген - тірілгенін білмей, балық сүзіп апыр-жапыр боп жатқан кісілерге келді. '
─ Аналарың немене... жер бетінің жемтігін тауысып, енді теңіз түбін тіміскілеуге шыққан ба?
─ Әй, соларды қойшы! Қанды ауыз қасқыр емес пе? Қызылға келіп жатқан да. Әйтпесе, мұз үстінен иман іздеп жүр деп пе едің?!. Маған бер сүзгіңді.
* * *
Болыс аулына белгілі бай - Темірке келді. Ол қазір осындағы промсолдың қожасы. Анада Федоровтың промсолын сатып ала алмағанына Тәңірберген әлі өкінеді. Ағалары тап бір тәуекелге бел буатын жерде тізгін еркін бұған бермей, тартыншақтады да, тегін байлықты татар байы аузынан қағып әкеткендей көреді. Көп нәрсені көңілі танығанмен де, бұның өзі де жеме-жемге келгенде кем талап, бұнан бұрын да талай сыбағадан қағылды. Ақша өнетін жерде кісі, асылы, мына Ебейсіндей бетіне көн қаптап алғандай, ештеңеден жүзі шімірікпейтін имансыз болу керек пе, қалай? Тіпті, осы Теміркелердің өзі көк дүкенге кіргенде қазан - аяқ ұстаған қатындай, прилавканың ар жағына тұра қап, кір, ластан жиіркенбей, көк нілге дейін оймақтап сата жөнеледі. Осындай шаруаға араласса бұл құдды бір жерін ластап алатындай, бойын аулақ салып, басқа біреудің қолымен пай да таппақ болады. Осы ниетпен ол Ебейсінді саудаға шығарып еді. Ол қазір Қабырға болысының жүн-жұрқасын жиятын жалдап. Қалаға қатынаған сайын Тәңірбергенге соқпай кетпейді. Мырзаның базарға салатын малдарын үйір - үйірімен айдап апарып, ақшаға айналдырып қайтып жүр. Бай ауылдың кездемесі мен шай - шекері де соның мойнында.
Татар байы бүгінде Ебейсінмен әмпей. Оны шынымен жақсы көре ме, әлде қазір іш тартқансып, кейін осының бәрін оның ар жаң пиғылын анықтап біліп алғысы кеп істей ме, жас мырзаға бұл арасы әзір дүдәмал. Бірақ бір анық білетіні - татар байының бір тұста Ебейсіннен жүрегі шайлыққан жері бар. Сонан бері Ебейсін әңгіме бола қалса, татар байының түсі қашып, тақия киген басын шайқап: «И- и, ул әпендені қой! Ул, ул бик қиын жігіт»,- деп күбірлеп отырғаны.
Тәңірберген болыс ағасы мен татар байын безбеннің екі басына қойып, үнемі іштей салыстырып жүреді. Ағасы қазір төрт құбыласы түгел, өрісі малға толды. Басына бақ қонып болыс боп, ел билігі қолына тисе де, шынтуайтқа келгенде әлі де болса мына ілмиген қалқан құлақ татар байының қойнына кіріп кетуге әзір.
─ Курнос Иван сыралғы екен. Есіткен шығарсың, тағы да майлатып салды,- деді Тәңірберген.
─ Күп мә?
─ Бес мың пұттан асады деседі.
Аңдаусызда үстіне мұздай су құйып жібергендей, Темірке қол
- аяғын бауырына жиып, бүрісе қалды. Тәңірберген оған көз қиығын тастап, жымия қарап:
─ Сенің промсолыңа жұмыс табылды. Бес мың пұт балықты қабылдау саған да оңай болмас. Тек, қайдам, тұзың жетсе...- деп еді.
─ Иоқ, иоқ!- деді Темірке қолын сілкілеп.- Мен Иваннан бір қадақ та балық алмаймын. Шуші күні өз балығымды солит итәргә дә тұзым иоқ, вит.
─ Сонда, ол сорлы қайтеді?
─ Онда менің шаруам қанша?! Маған десе балығын суға ағызсын.
Тәңірбергеннің Курнос Иванда ала алмай жүрген өші жоқ. Болыс ағасына берген сыралғы балықты бұл кеше екі түйе қып, Шалқарға жөнелтіп жіберген-ді.
Үй іші үнсіз. Темірке әлі де болса күйген терідей бүріскен күйі. Құдайменде болса -болмаса да көмейінде тұрған сөзді қалай бастаудың ретін таба алмай күрмеліп отыр.
─ Болыс ағамның көптен бері сізге айтқысы кеп жүрген бір шаруасы бар еді,- деді Тәңірберген.
Темірке кенет қан иісін сезген кәрі жыртқыштай дүр сілкініп, басын көтеріп алды. Осыған дейін бір ашып, бір жұмып отырған шүңірек көздің жанарына шоқ түскендей жарқырап кетті.
Ол алақанымен құлағын қалқалап, бар бойымен Құдаймендеге созылды.
─ Иә, бай?..- Құдайменде ырғалып қойды.
─ Біз... ертең жайлауға көшеміз...
Інісі итермелеген әңгімені құлықсыз бастады. «Кәленді құртқаннан іс бітпейді, сәті түсіп, орайы кеп тұрғанда онан да мына іргеңде күнде лақ сап отырған балықшылар аулына тізе батырып алайың?»- деп күнде - күнде қыңқылдап, құлағының құртын жеп болды. Бұның өзіне салса, алдымен Көленді құртпақ. Майлың басында болған кешегі оқиғадан кейін Кәленге әсіресе қаны қатып өшігіп алған-ды. Құдайменде қазір қастасқан кісіні шетінен қол-аяғын кісендеп Сібірге айдатқысы келеді де тұрады.
─ Біз ертең жайлауға көшеміз,- деп болыс құлықсыз бастаған әлгі әңгімеге қайта оралды.-Сонан қашан күз түсіп, жерге кірбік қар жауғанша жағаға келмейміз. Мойын алысқа түскесін ел тізгінін ұстаған кісі басқа жаққа бұрыла алмай кете - туң.
─ Әлбетте! Ие, бай?..
─ Көңіліңе келмесін, сендердің балықшыларың түктің мәнісін білмей - туң. Бәрі де анадан туғалы түйе баққан қыр қазағы... Өздері қыр құсы сияқты, тіпті тобығы бататын судан қорқа - туң.
Темірке көйлек жағасынан қылқиып шыққан қылдырықтай мойнын Құдаймендеге құлықтана созып, қалқиған құлағын оның дәл аузына тосты:
─ Ие, ие, бай?
─ Ана, жар басындағы балықшыларды білесің ғой?
─ Әлбетте, әлбетте, бай...
─ Білсең, олар анадан туғалы теңіз кешіп, тор сүйретіп жүрген кәсіпшіл кісілер. Теңіздің астын өз отының басындай біле - туң.
Тәңірберген шынтақтап жастықты ысырып, Теміркенің дәл қасына тақымдаса отырды.
─ Сырт кісі көреген келеді. Мен де байқап жүрем: балығы көп жерге олар ау - торын жайып, сенің кісілеріңді қақпайлап шетке ысыра береді.
─ Мырза бик... бик дұрыс айтып отыр,- деді Темірке.
─ Асылы, сен балығы көп жерлерді болыстың қағазымен өз меншігіңе қаратып ал,- деп, епті жігіт бұлардың басына келмей отырған бір ойды көземелдей қойды.
Құдайменде шошып кетті:
─ Әй, қайдам... қиянаттың да шегі бар. Ол дұрыс болар ма екен?
─ Болады. Әбден болады. Бұл, бик ғажап ақыл. Жас мырза, матур. Бик матур жігіт,- деп татар байы Тәңірбергенді арқасынан қағып - қағып қойды да, сосын Құдаймендеге бұрылды,- Ендігі жерде біз балығы көп жерлерді запретная зона істейміз.
─ Қазірет дейсің бе?- деді Құдайменде.
─ Жоқ, запрет... запретная зона. Ондай жерге болыстың ұлықсатынсыз ешкім өз бетімен барып балық аулай алмайды. Заң, бит. Матур заң.
─ Әсіресе, ана Кәлен, Мөңке, Рай, Дос сияқтылардың аяғын қия бастырмау керек.
─ Иә, иә, мырза дұрыс айтады. Запрет жерлерге олар ау салса...
─ Ауын сыпырып ал! Қайтарып берме.
─ Матур жігітсің, бик, бик матурсың... Ауын қайтарып бермейміз.- Тәңірберген рахаттана күлді.
─ Байдың бұнысы асық ойнағанда әлмендірек баланың: «Бүк түссе де менікі, шік түссе де менікі»,- дегеніндей болды ғой.
Темірке жас мырзаның өзінен сыбаға дәмететін сыңайын байқады да, қылқиған құрықтай мойнын ішіне тартып, бір уыс бола қалды:
─ Сенің еңбегіңді, мырза, іншалла ұмытпаспын.
* * *
Жұмыс істеп, кішкене жаны қиналса, үй ішінен жанжал шығаратын сылтау іздейтін Қарақатын бір арқа отынды есік алдына жыға салып: «Уһ, қара байланғырдың арқаны иығымды қиып кетті ғой»,- деді. Ақкемпір үндемеді. Ал, Қарақатынның дәл аузынан түскендей, астыңғы ерні үстіңгі ернінен бір сүйем сүйриіп озып, сөз тілеп тұратын бойжеткен қыз - Балкүміс төр алдында тізесін құшақтап отыр еді. Қызының бет - аузын долылық буып сазара қалған мекерлігін жаратпаған Қарақатын:
─ Ой, бетің тіліңгірі Ақбала құсап бедіреюін қараш!- деп еді:
─ Өзіңнің бетің оқып тұрған шығар!- деді қыз.
─ Е, менің бетімнің несі бар? Көп болса бетім отын арқалап, жаным қиналғасын қарайса қарайған шығар.
─ Ие, басқа кезде аппақ деген...- Қарақатын қызына оқты көзімен ата қарады:
─ Мөңкенің қатыны құсап, балпылда да отыр солай.
─ Өзің балпылдамайтын шығарсың?..
─ Тұтақ! Сен мендей де бола алмайсың. Ана Судыр Ахметтің қатыны құсап, соңыра байың күнде - күнде шашыңнан сүйреп, таяқ астында жүрерсің - ау, сен бейбақ.
Басынан сөз асырып алғанына күйінген қыз ызадан іші өртене жаздап, жылап жіберді. Қызының бетін қайтарғанына көңілі көншіген Қарақатын әлгідей емес, енді көңілденіп, қызыл тілді безеп, сөз таластырған салғыласта алдына жан салмайтын ділмарлығына ырза болғаны сонша, ол енді өзінің де ұл өсіріп, қыз тәрбиелеп отырғаны есіне түсіп:
─ Сен жақсы болсын деп айтам,- деді бықсып жанбай жатқан отты үрлеп,- соңыра барған жеріңде абысын - ажындарың «айтса да өнегелі, көргенді ананың қолынан өсіп - өнген қыз ғой»,- десе, өзіңе де, бізге де жақсы. Көрінгеннің аузында сөз болатын сен әлдекімнің қызы емессің. Құдайға шүкір, анаңды ел біледі. Осы елдің бас - аяғы... Әй, мына жау жегір отқа не болды? Неге тұтамайды?
Қарақатын ошақ алдына тізерлеп отыра қап, еңкейіп әрі - бері үрлеп еді, отын бәрібір тұтамады, көк түтін көзіне кіріп, қақалып - шашалып әпі-шәпі боп жатқанда, қастан шықпағыр Ақкемпір, сыртқа апарып көрпе - төсекті қағып, ішке бір кіріп, бір шығып жынына тигені:
─ Осы үйді ұстап отырған сен бе едің?! Осы үйі құрғырда төсек қағатын кісі бар емес пе?!
Үй ішінің тыныштығын ойлайтын кемпір үн - түнсіз пеш түбіндегі өзінің дағдылы орнына барып отырды.
─ Отты жағып қойсаң қайтеді? Қолыңа жұғатын ба еді?
─ Үйде отын болмады ғой.
Қарақатынның көктен тілегені жерден табылды. Қайыс қара бетке қапелімде мысқыл ойнап, кеудесі қайқаңдап, қос бүйірін таянып шыға келді:
─ Отын жоқ болса, отынға барсаң қағынды келетін бе еді саған? Ac ішіп, аяқ босатқанда бәрімізден артықсың.
─ Ей, жарқыным, асың өзіңе. Тыныштығымды берсең болады.
─ Тыныштың па саған?!.
Ақкемпір келініне қарап еді, төсегінен шұбар ала жылан шыққандай, тұла бойы тітіркеп кетті. Арық әйелдің қан - сөлсіз бетінде рахымның ізі жоқ екен. «Қазинесі кең Құдай - ай, бұл пәлені жалғызымның маңдайына қайдан тап қылдың? »
Қарақатын балаларын тамақтандырғасын, күйеуінің келуін күтпей, сығыраң шамның білтесін басып жатып қалды.
Дос бүл күні де түн ортасы ауа келді. Үсті - басы малмандай су. Аяғын басқан сайын су шұлғау селіккен байпақты етік қорқ - қорқ етеді. Киімшең бойымен қисайған кемпір орнынан тұрып баласының сырт киімін шешіндірді. Шұлғауын сығып алды.
─ Мынау не көрім?! Таңның бір уағында кетіп, түннің бір уағында келдің. Жаурап өліпсің ғой, сорлы балам.
Келіні тұрам дегенше, Ақкемпір от жақты. Ошақ алдына көрпе жайды. Қазан астында маздаған қызыл шоқты бері тартып, баласының арқасына жылы киім жапты. Соның өзінде Дос тұла бойы жылымай, дірілдеп ұшып бара жатты.
─ Балықтарың не болды? Өткізе алдыңдар ма?- деді кемпір.
─ Құрыды. Ит пен құстың аузында кетті.
─ Не дейді? Ана Темірке шіркін ақыры алмады ма?
─ Жоқ.
─ Қайырымсыз, қатыгез екен, шіркін неме.
Таң алдында бір сағат ғана мызғыған Дос ояна салысымен анасы әзірлеп қойған асты апыл - ғұпыл ішті де, сыртқа шықты. Дала тастай тұман. Теңіз жағасына жақындаған сайын ақсүт тұман дүниені басып тұрды. Дымқыл сыз ауа да тынысты ауырлатып, Дос дем арасында алқынып қалды.
Кәлен мен Мөңке үйге қайтпапты. Қасында бес - алты кісі. Тау - тау боп үйілген балықтың басы - қасында жүр екен. Бәрі бірдей иіні түсіп кеткен. Биыл қыс басынан қайрат қылған осы кісілердің бұл өңірде сүзбеген теңіз түбі қалмаған-ды. Әуелі бұлар Көлқораның, онан бекіре, қаяз жүретін дәмелі қайырым еді деп Бозбиенің тұсын сүзді. Бірақ қай жерді қалай сүзсе де балық шықпай, салы судан қайтып жүргенде, Құдай беріп, Қаражардың астындағы қайырымнан қарық боп еді. Бұлардың сорына қарай, татар байы келісімге келмей, қасарып отырып алғасын, басқа жол іздеді. Ту сонау Қазалы, Қамбаш, Шалқар шаһарларында тірек, дүкен ұстап отырған орыс, татар байларына тоң балықты арзан бағаға сататын болып келіскесін ел арасынан кіреші іздеп еді. Оған жүк тартатын мықты көлік шықпады. Көлігі бар байлар несиеге сенбей, ақшаңды әуелі алақанға сал деп отырып алды. Соның арасында он күн етіп еді. Балық ит-құстың аузында кетті. Ол аз дегендей, көктем күні шұғыл жылып, қар еріп, мұз үсті шұрқ-шұрқ тесіліп қызыл су басып барады. Бүгін, әсіресе, түске қарай күн қатты жылып, тоң балықтар су бетіне қалқып шықты. Түс ауа әлсіз мұз әр жерден жарық ашып, бұлардың көп балығы теңізге кетті. Бұлар не істерін білмей, шарасы құрып тұрғанда промсол жақтан Курнос Иванның қарасы көрінді. Түнімен ұйқы көрмей, жылап шыққан ба, көзінің алды күлтілдеп ісіп, жанары қанталаған қып-қызыл. Бір жанға не көз салмады, не тіл қатпады. Қызыл су бетінде қалқыған балықтың әрқайсысын бір теуіп, құтырған қасқырдай ерсі-қарсы кезіп жүрді де, кенет «эх – х - х!» деп, өз басын өзі жұдырықтап төпелей бастады. Есірік халде екі көзі түк көрмей, теңселіп жүр еді, аяғы астындағы жарықты байқамай, тұңғиық қара суға күмбір - самбыр құлап түсті. Сол арада тұрған кісілер жабылып судан әрең шығарды.
─ Үсіп өлесің. Сорлы, тезірек үйге жет!
Курнос Иван ешкімге құлақ аспай, тұла бойынан су сорғалап қалшылдап ұшып бара жатып та өз басын өзі жұдырықтап зарлап жүріп алды. У ішкен иттей ыңырсып, тісін шықыр-шықыр қайрап жүр.
─ Құртты! Құртты мені, қу татар! Қайда өзі, жарып өлтірейін...
Сүйдеді де, аяғындағы ішіне су толған етікті қорқылдатып жағаға жүгірді. Дәл осы кезде үй алдындағы биік ақ шоқалақтың басына шығып тұрған Темірке сонадайдан Курнос Иванды көріп: «Ә, шоқыншық, саған бұл әлі аз»,- деді. Курнос Иванға қаны қататын реті бар. Федоровтың промсолын сатып алғасын ол іле-шала Курнос Иванға сөз салды: «Балықтың мәнісін білесің ғой. Маған бедіретшік бол»,- деп өтініп еді, ол көнбеді, табыс ортақ «пай шерік» деген қолқасына да құлақ аспай, бұл неғұрлым жалынса, ол соғұрлым шалқайып жатып алды. Онымен де қоймай, торг кезінде Теміркенің алдын орап, жиған-терген бар ақшасына Федоровтың ау - құралын түгелдей сатып алды. Теміркемен де, онан да басқа бір кісімен қос болмай, өз алдына дербес талап қылғысы келді де, осы өңірдегі өзі білетін кәсіпқой, тәжірибелі кісілердің бәрін түгелдей жалдап алып еді.
─ Әй, Темірке! Кәкетай!..
─ Нәрсә? Нәрсә деп тұрсың?
─ Тым құрыса... қалған балығымды...
─ Иоқ, иоқ! Сенің үсіп кеткен балықтарың маған керекми.
─ Байеке- ай!.. Аяғыңды жалайын... қалған балығымды алшы!
─ И- и, Алла! Қой енді. Нешік биберекет адам едің өзің. Сенің үсіп кеткен балықтарың түгіл, өзімнің балығымды солит итәргә дә тұз иоқ. Ал, қош!
Темірке үйіне кіре берді, тек есікті жабар жерде артына бұрылды. Үсті - басы су - су, сілейіп тұрған Курнос Иванға күлімсірей қолын көтерін:- Қош, әпенде Иван!- деді де, ол бірдеңе дегенше бұл есікті жауып алды.
Үміті әбден қырқылған Курнос Иван осыдан кейін енді қайтып балықтың басына барған жоқ. Үйіне аяғын сүйретіп құр сүлдері әзер жетті.
Күйеуінің түрінен шошып кеткен Шура сасқалақтап артына қарай шегіне берді. Кенет жауырыйы жарға тірелін тұра қалды. Курнос Иван дір - дір еткен әйелге осылай төніп келді. Қос қолымен әйелді иығының басынан манжамды шеңгелмен қатты қысып ұстап, көзін көзінен айырмай тесіле қарап тұрды да, кенет қарқ-қарқ күлді:
─ Мұрагер!.. Ха – ха – ха - а!
* * *
Кәлен қолы сәл босаса, жұрттан жырылып оңашалана беретін боп жүр. Кейде түннің бір уақытына дейін ұйқтамай, қараңғы үйде көзі ашық жатады. Осындайда басына қайдағы -жайдағы келіп, бірде Курнос Иванды ойлайды. Сорлы қаңғып кетті. Теңіздің бұл бетіне қазір татар байы бір өзі қожа. Онымен осы өңірдегі орыс байлары да есептеседі. Оның алдында Құдайменде болыс қол қусырып тұрады. Ең ар жағы не істесе де бір жанға ым -жымын білдірмей істейтін айлалы, әккі Тәңірбергеннің өзі бірде болмаса бірде аңдамай татар байының тырнағына ілігіп қалатындай сескеніп, оның алдында үнемі етек - жеңін жиып отыратын болды. Ал, Курнос Иван қоңқалақтап жүріп Теміркенің бір тарпығанынан шықпады. Осыған дейін Курнос Иванның қол астында істеп келген балықшылар күнделік қазан қайнатып отырған күнкөріс кәсібінен айырылып қалды, Темірке керек десе оларға ау - құрал бермеді.
Баяғыдай емес, бұл күнде балыққа жалданатын кісі кеп. Жұтқа ұшыраған қыр қазақтары жыл сайын атақонысын тастап, теңіз жағасына ағылады да жатады. Олардың сорына биылғы аласапыранның аяғы ұзаққа созылып, балықшы ауыл қатты күйзеліп тұр еді. Бұндайда бір мезгіл аққа иек артатын мал - тегене де жоқ. Балық аулайтын ау - құрал тағы жоқ. Басқа көсіп таба алмаған соң көктемдегі ала қардың тұсында Кәлен осы өңірдің қалаға балық тасыған кірешілеріне ілесіп, Шалқар шаһарына жол тартып еді, бір жетіден кейін қайтып оралды.
Үсті - басы сары ала батпақ. Сақал - шашы өсіп, көзі үңірейіп жүдепті. Қалада тұратын таныстарынан ау тоқитын аз ғана жіп әкеп, әр үйге бөліп берді. Бұнан кейін де Кәлен қол қусырып отырмай, тағы да талап қып, қасына Райды алып, Түбектегі ауылға тартты. Осы сапарда Рай Есбол атасының бурасын алып, Кәлен ел ішіндегі көңілдес бір досынан түйе мініп қайтты. Сосын өздеріне қарасты үйлердің іске асар лыпасын жиып алды да, Рай екеуі көрші ауылдың астықшыларына ілесіп Қоңырат асты. Қоңырат сапары қашанда қауіпті. Қалашылар жүретін керуен жолда ұрылар көп деген суық хабар естіліп жататын.
Ақбала Райдың барғанына қарсы болды. «Улап - шулап жатқан бала - шаға жоқ, көппен бірге күнелтерміз»,- деп қайнысын азғырып көріп еді, бірақ Рай көнбей, түс ауа жолға шықты. Қасына Бөбекті ерткен Ақбала қайнысын ауыл сыртына ұзатып салды. Жастар қысылмасын деген оймен Кәлен ілгері озып кеткен қалашының ізіне түсіп, түйесін тайрақтатып желе жөнелді. Тақымына басып алған қара шоқпары бар. Қалың тымақ, қалың күпі киген нар тұлғалы ірі кісі жазылы түйе үстінде отырғанда сырт қараған кісіге тіпті айбатты екен.
Кәленді көргесін Ақбаланың жүрегі аздап орнына түсті. Тек Кәлен бір қыр асып, көрінбей кеткесін үрей қайта биледі. Бұрын бұндай емес-ті. Әкесіне тартқан Ақбала бұрын қандай жағдайда да өзін де, өңін де билеп, әншейіндегі сырбаз, жайдары қалпын сақтап отырар еді. Осы жолы бұған бірдеңе көрінді. Кім білсін, алыс жолға бара жатқан қайнысын уайымдады ма, әлде өз жайының қайтеріне көзі жетпей, алаңжарлы боп жүрген екіұдай жағдайын уайымдады ма, айырылысар жерде жаулығының шетімен аузын басып үнсіз жылады. Бөбек те жылады. Рай сыр бермеуге тырысып еді, бірақ олар ғана емес, өзінің де көңілі босап бара жатқанын көрді де, жеделдетіп желе жөнелді.
Бұл күндері Ақбала үйге сыймады. Оңаша қалса, өзінің жалғыздығын сезеді. Аңғал-саңғал үйде көңіл бөлетін ештеңе жоқ. Құндақтаулы балаға көз тоқтамады. Күні толмай туғасын ба, тым құрыса, жыламайды. Мезгілімен оятып емізбесең, өздігінен оянбайды. Сондайда өліп қалғандай көріп, жүгіріп барып құндағымен көтеріп алуын алса да, бірақ көзін ашпай сұлқ жатқан шарананы қайтерін білмей ақырып отырып қалады.
Еламан ұсталғалы үйден шықпады. Ана жолғыдан кейін Судыр Ахмет те аяғын баспай қойды. Райдың әжесінен басқа бір үйге бас сұқпай күндіз-түні қаңыраған үйде қос тізесін құшақтап, көңілі құлазып отырады да қояды. Дәл осылай жалғыздың қинап, жер бетіне сыймай қойғанда, тым құрыса, жас баланың жылағанын аңсаушы еді.
Қайнысын шығарып салған күні бұған, әсіресе, қиын болды. Өз үйіне өзі беттемеді. Ішке кірерін де, кірмесін де білмей, есік алдында іркіліп біраз тұрды. Бір кезде өзін еңселегендей боп зорға дегенде табалдырықтан аттай берді де, қалшиып тұра қалды. Мына адыра қалғыр үйге кіргесін де аяғын ілгері баспай, есік алдында аңтарылып қалды да, сосын бұрын - соң от басында істемеген әдетін істеп, жолда тұрған ыдыс-аяқтарды теуіп, үйдің ішін әңкі-тәңкі қылды. Күйік көтерген әйел бұған да місе тұтпай, тұла бойын долылық буып қалшылдап көгеріп алды. «О, Құдай, көрсетпеген нең қалды? Бәсе... енді не қалды? Әлде...» Жанары жалындаған көз балық соятын пышаққа түсті. Бұрын басына келмеген сұмдық ойға ниеті ауып, түсі бұзылып тұр еді, дәл қасынан «пыс» еткен дыбыс шықты. Құдды ұядағы балапан үніндей, құлағы шалған еміс-еміс дыбыстан селк етті. Күнде осы мезгілде емізетін баласы екен. Иманы ұшқаны сонша, жүгіріп барып пеш түбінде жатқан баланы құндағымен көтеріп алды. Иманын ұшырған жаңағы сұмдық буынын әкетті ме, аяқ астынан әлі құрып баратты. Баланы қолынан түсіріп алатындай қорқып, жалма-жан бауырына тартып, қысып ала қойды да, аяғы басып тұрған жерге отыра кетті. Әлгі бірде өзі тыңқитып ораған құндақ арасынан шала туған нәрестенің бір шөкім беті әзер көрінді. Күнде-күнде осы мезгілде тарының түйіріндей жанары жылтырап, оқта - текте бір пыс етіп ернін қайзап жататын бала бүгін оянбады. Аузына апарған емшекке де селт етпей, ернін жымқырып алды. Сосын Ақбала үш жағы тершіген төмпіш танауын шымшып еді, бала «пыс» етті де, бетін өрмен бұрып әкетті.
─ Әй! Әй, азаматым!- деді де, Ақбала тоқтап қалды. Енді бірдеңе десе, көзіне құйылғалы тұрған жасты күшпен тежеп, біраз отырып барып.- Әй, қасымдағы қарам. Құлыным. Құлыным - ау, деді демі дірілдеп,- қашанғы ұйқтай бересің? Ояншы! Көзіңді ашшы, құлыным!
Бала бұған да селт етпеді.
─ Құдай - ау, не жаздым? Не пиғылымнан таптым?- От жанбаған үй ызғып тұр. Ана көкірегін жарып шыққан жаңағы ыстық сезім тұтана түсті де, оты өшкен ошақтай сәтте суып, жалғыздың зарын тартқан әдеттегі шерлі, налалы халін қайта тапты. Құндақтағы бала қолынан түсіп, тізесінде жатыр. Күн батты ма, жоқ па, белгісіз. Ымырт үйірілген, құлазыған жайдақ бөлменің бұрыш - бұрышы түксиіп, қаракөлеңке жан - жақтан тұтасып келеді. Күндегі тірлік осы. Бұндайда қолы ештеңеге бармайды. Кейде қазан көтермей, қызыл іңірден баласын қасына алып мұздай төсекке қисайып жата кетеді.
Еламан айдалып кеткелі көз жасы құрғамады. Әсіресе, алғашқы күндері қиын соқты. Құлазыған үйде жалғыз жатқанда елегізіп, таң атқанша көз ілмей шыққан күндер болды. Сосын әке - шешені сағалап біржолата көшіп алғысы кеп анасы арқылы сөз салып еді; бірақ айтқанынан қайтпайтын әке «көзім. тіріде Еламанның шаңырағын құлатпаймын », -деп бет бақтырмады.
Астықшылар кеткен күні теңіз беттен дауыл тұрды.. Соқыр шам жалп етті де, сөніп қалды. Жапқышсыз қысқа мойыны пештің көмейі гүрілдеп, топсасы босаған жаман есік сықырлап,і жел ызғыған тас қараңғы үйдің іші әлдебір қараң-құраң көлеңкеге толып кетті. Құндақты бауырына қысып алған Ақбала тас қараңғы үйдің бұрышына тығылып, дыбыс шығаруға қорқып, дір-дір етіп отырғанда есік сықыр етті. Әлдекім ар жағынан сып беріп ішке кірді. Ақбала шыңғырып жіберді.
─ Қорықпа. Бұл мен... Мен ғой.
Сүйдеді де, әлгі кісі аяғын ілгері басып, сырттан әзірлеп келген оттықты шағып жарығын алдына туралады.
─ О, Тәң - ір... Тәңірім!..
Ышқынып шыққан бір үзік дауыс сонан ары өрістемей, кілт үзілді. Сүйткенше үрей ұшырған қара түнекті кейін серпіп, түлкі тымақты, қара мұртты жігіт оттық ұстаған қолын ілгері созып ұмтылып келді де, құндақ қолынан түсе жаздап, ес - түссіз, дір-дір етіп тұрған әйелді бас салып құшақтай алды. Екеуін жақындатпай арасында тіреп тұрған әлденені кейін сезді. Жас мырза дереу құшағын жазып, кейін шегіне берді. Әйел қолындағы құндақты алуын алса да, бірақ оны қайтерін білмей, ақырып қалды. Басқа амал таппағасын қараңғы үйдің әрегірек бұрышына апарды да жерге қоя салды. Әлі де есін жия алмай тұрған Ақбаланы құшақтап бауырына тартты. Ақбала сұлқ. Үрей есін алып кеткен. Әй-шәйге қаратпай, баурап әкетіп бара жатқан ыстық құшаққа құлай кетті. Қызусыз, жалынсыз құр сүлде. Жаңа есі шығып қорыққанда иен дүниеде өзін іздеп тауып, пана болған ыстық құшаққа кірді де, тып-тыныш бола қалды. Тәңірберген де соны қалады. Сорлы әйелдің өзіне-өзі кеп, тынышталғанын күтті де, шашынан иіскеп тұр еді. Ақбала кенет өкіріп жылап жіберді.
Тәңірберген үндемеді. Жұбатқан да жоқ. Құшағында өкірген әйелдің дір-дір еткен денесін тас қып бауырына қысты да, басын шалқалатып сырт жағындағы төсекке жыға берді. Төсекке жыққасын тіпті ай - шәйге қаратпады, осындайдағы өктем қимылға басып өліп-тіріліп аймалап, шашынан, маңдайынан сүйді. Келесіде көзінен, тағы да маңдайынан сүйіп, алаулаған ыстық ерні аймалап жүріп Ақбаланың ернін тапты да, сүліктей қадалып, жабыса қалды. Осыған дейін солығын баса алмай, солқылдап жатқан құр сүлде ерніне ерін тигенде құдды, жас тәнге шоқ түскендей дір етті де, дереу жасын тыйып ала қойды. Өзі де өрттей тұтанып, шап беріп жас мырзаны мойнынан қысып алды. Осы сәттен бастап жалғыздығы есінен тарс шығып кеткен еді. Адыра қалғыр дүниесі құрғырдан шеккен зәбір - жапа да ұмытылып, тірлік шіркіннің тәттілігін тағы да сезген еді. Жігіт денесіне өз денесімен жабысып, жалаңаш төсіне бетін басты да, нәпсісі құрғырдың қашаннан құлқынын құртып жүрген зәруіне қайта қауышып еді...
Жас мырза енді Ақбаладан шошынды. Балықшылар ерте тұрады. Көзге түспей тұрғанда із - тұзын білдірмей кеткісі келсе де, оған бірақ құтырынып алған әйел жібермеді. Мырзаны қайта - қайта аймалап, жалындаған жас денесімен жабысып алды.
Сонан тек таң саз бергенде әрең босанды. Есіктен шыға бергенде маңдайшаға маңдайын ұрып алды. Бірақ асыққанда оны да елең қылмай, сыртқа атып шықты. Сол бойда дереу бұға қап, ауыл сыртындағы қоңыр төбенің астына қалдырып кеткен атына келді де, аяғын үзеңгіге салып тұрып ауыл жаққа көз тастады. Ол енді асықпады. Мұртын сипап, миығынан масаттана бір мырс етті де, ілгері жүріп кетті.
* * *
Сол күні Ақбала сәске түсте оянды. Былайғы күнде ұйқыдан тұрғанда денесін ауырлап, кейде басы ауырып, түкке зауқы шаппай сүлесоқтанатын. Бүгін қалжыраған денені қозғауға ерініп біраз жатты. Тәтті кіреуке тұтқан көзінің алды тұманданып, тастөбедегі шелін алған шыңылтыр қой қарнын тұтқан терезеге тек немқұрайды салғырт көз салғаны болмаса, осы қазір зейін қойып, дендеп қарап жатқан жоқ-ты. Есіне не түскенін қайдам, ол кенет жастықтан басын шұғыл көтеріп алды. Әлденеге аяқ астынан абыржып, айналасын асығыс сипалады. Бірақ қолына ештеңе ілікпеді. Соған түсінбеген әйел есіне әлдебірдеңені түсіре алмай, қабақ шыта қиналып отырғанда, кенет шұғыл жадырап басын көтеріп алды. Түнде төсектен аулақтатып, тастай қараңғы үйдің бір шетіне құндағымен көтеріп апарып тастаған балаға не бара алмай, не қарай алмай, беті өртеніп белі бүгіліп отырып қалды. Соның үстіне әкесі келді.
Сүйеу қарт күйеу баласы ұсталғалы қызына жиі қатынап жүрген-ді. Бұрын шай, құрт, ірімшік әкелетін. Бұл жолы үйіткен қой етін бұзбай тұтас әкелді. Арқасындағы зілдей ауыр қапты қазандықтың жанына дүрс еткізіп тастай салды да, төрге шықты. Тымағы мен етігін сосын шешті. Көзі қырағы шал жаңа ішке кірер - кірместе қызының төсегінен аулақ шетте жетімсіреп жатқан құндақты көзі шалған еді де, ақ кірпігін ашулана қағып, қалт етіп тұра қалған-ды. Төрге шыққасын да қызының ажарына қадалып қарады. Оның бүгін неге көзін көтермей, шай құйғанда да бетін ары бұрып сырттай берген қазіргі түріне түсінбей, аппақ ақ кірпігін лып-лып қағып осқырынып қалды. Бірақ үндеген жоқ. Шайды да аз ішті. Дастархан жиналысымен түрегелді.
Ақбала қазанға ас салғысы кеп еді, Сүйеу қарт рай бермеді. Есіктен шығып бара жатып үйдің түп жақтағы құндақ жатқан бұрышына бұрылып қарады. Сосын:
─ Шешең қуатты. Сәлем айтып жатқан,- деді де, сонан артық тілге келмей шығып кетті.
Қызына келген сайын бір соғып кететін бұл өңірдегі өзінің жақсы бастасы Әлібиге барды. Сүйеу дегенде Әлібидің де шығарда жаны басқа. Әлібидің кемпірі қыстан қалған сүрді қазанға толтыра асты да, сыртқа самауырды ала жүгірді.
─ Шайға дейін бесін намазын оқып алайық.
─ Не дейді?.. Болып та қалғаны ма?
─ Мұнан өтсе қаза жіберіп аламыз.
─ Рас шығар. Бесін намазың бір пәле. Көктемдегі сауын малындай, тым мазасыз,- деп Сүйеу түрегелді. Далаға шығып іш дәрет алып келді. Бесін намаздан кейін, бастас екі шал сары бауырсақ, сары ірімшікті ат жал ғып төккен үлкен дастарханды ортаға алып, шайға жаңа отыра берген - ді. Бір жігіт сүріне - қабына кіріп, сыртта Алдаберген софының аттан түсіп жатқанын хабарлады. Әншейінде ауыр қозғалатын Әліби түрегелді. Асыққанда кебісін кие алмай, қалбалақтап сасып:
─ Кемпір, тұр. Оттың басын былай қағып - сілкіп... Бол, бол,- деді.
Сүйеу қарт бастасының мына қылығын жақтырмай, кіржің етті де, тұсындағы терезеден сыртқа көз салып еді; үй алдына адам - қара жиналып қапты. Қошеметшіл көптің ішінен Алдаберген софының ірі денесі көзге басқалардан бұрын түсті. Пұшпақ ішіктің екі омырауын ашып тастапты. Қамшы ұстаған қолымен бір бүйірін таянып, көп алдында тұмсығын көтере сөйлеп тұр.
─ Паһ, паһ!.. Мына жаманның жер бетіне сыймай тұрғанын - ай! - деді Сүйеу қарт.
Ішке бес - алты кісі кірді. Алдаберген софы төр алдында отырған Сүйеу қартты көрсе де, оны көзіне ілген жоқ. Сүйеу де сұп - сұр, оған жонын тосып теріс қарап бұрылып алды. Жібитін емес. Бұл екеуінің бұрыннан келе жатқан ішараздығын білетін Әліби өз отының басында бір бүлік шығып кете ме деп Сүйеу мен Алдабергеннің алдында қалбалақтап жатыр:
─ Жақсы болды. Асқа дегендей келдің.
─ Бұл менің мақтап жүретін үйім ғой,- деп софы сүр иісін сезіп, қазан жаққа көңілдене көз тастады. Асқа отырардың алдында әуелі бесін намазын оқып алғысы келген софы сырт киімін шешіп бойын жеңілдеп жатып:
─ Қыстыгүні жоғалған екі қара атым табылды. Ұры алыстан емес, мына өзіміздің қоңсылас көршіміз - Қабақ руынан таптым. Соның дауынан қайтып келе жатқан бетім еді,- деді.
Осы екі аттық жаласын Құдайменде анада Кәленнен көріп, күшпен мойнына қиып салған жағдайды білетін жұрт іштей абыржып қозғалақтап қалды. Соны ішіне түйген Сүйеу қарт тақайымы қашан келеді деп бағып отырған-ды. Әдетте оның жағына пышақ жанығандай құп-қу, боп-боз бетінде атжалданып тұрған қыр мұрнының танауы қусырылып, ақ кірпікті ашумен қағып-қағып қалды. Ашқарақ софы дастархан басына тезірек отырғысы кеп, іш дәреттің ырымын ғана істеді. Асыққанда төс қалтасынан тастамай алып жүретін мәсуегін де ұмытып, аузын құмандағы сумен шая салып еді. Сүйеу соны сөзге ілгіш қып:
─ Әй!.. Әй, Алдаберген,- деп шаңқ етті,- әнебір жолы көргенімде аузыңды қазықпен арлы - берлі сұңқылап, іш дәреттің де кәдесін қиындатып жіберіп едің. Бұл жолы өйтпедің ғой. Әлде екі қара ат есіңді алды ма? А? А?
Алдаберген софы түк басқан бетін салмақпен бұрды:
─ Е, сорлым - ай! Сенің тілің зәр ғой. Бірақ, есіңде болсын, менің қоңым қалың. Шыбын шаққан құрлы көрем бе екен?!
─ Ә!.. Ә, дегендей! Доңызға таяқ қана өтеді деген ғой...- Софы түтігіп кетті. Жанжалдан қорыққан Әліби «сендерге не болды, қойсаңдаршы»,- деп басалқы айтып көріп еді, софы өрекпи түсті:
─ Ей, ақшұнақ шал, абайла! Ақ патшаның кісені жетеді. Күйеу балаңның қол - аяғына салған кісен, шындасам, саған да табылады.
─ Ә! Ә, зымиян! Түсіндім. Бір ерге бата тиіп, бір ерге қате тиіп жүргені рас. Ал!.. Ал, бірақ дүние кезек. Абыралы әулеті, соңыра келдек басы өзіңе тигенде... сенің әуселеңді сонда көрерміз.
Алдаберген асқа қарамады. Бесін намазын оқыды да, асығыс киініп, жүріп кетті. Сүйеу үнсіз. Әліби тіл қатып көріп еді, оған да қыбыр етпеді. Ақ кірпігін анда - санда бір қағып, тіп - тік боп тура алдына тесіле қарап отырды да, кенет әлденеге осқырына мырс етті:
─ Тұтақ!.. Тұтақ, шіркін! Пұшпақ бөркін бір шекесіне осқырта киіп, өзі де маған одырая қарайды. О, жаман!
Әліби бұл жанжалдың арты тегін кетпесін, түбі бір пәлеге ұрындырарын білді де, дастархан жиналғасын да қыбыр етпей,ауыр ойға шөгіп отырып қалды.
* * *
Үй ішіне қара көлеңке үйірілген кешкі зауал шақ; бірақ әлі бір үй шам жаққан жоқ; қаладан қашық тұратын ауылға бәрі қат, бәрі зәру, кіріптарлың басына күнде түсе берген қазақ әйелдері керосинге дейін үнемдеп, қас қарайғанша шам жақпай, көбіне қазан астында жанған оттың сәулесін жарық қып жүдеу өмірді онан сайын жұтата түседі. Кей үйдің шамы төсек саларда ғана сығыраятын.
Осы бүгін Әліби үйінің шамы жанбады. Бағана ас ішер кезде Бөбек үйден үн-түнсіз шығып кеткен-ді.
─ Кемпір, тентегің неге көңілсіз жүр?- деді Әліби.
─ Қайдан білейін?..
─ Сен бірдеңе деген жоқсың ба?
─ Мен не деуші едім?.. Құдайға жазықты болсақ та, оған жазығым жоқ.
─ Енді неге көңілсіз? Жүзі сынық қой.
─ Мен қайтейін? Қолдағы жалғыз бала болғасын қасы - қабағына қарайсың. Қайдам, сорлы ата-ананың көңілі балада болғанда, баланың көңілі басқа жақ...
─ Қой әрі! Не деп бықсытып барасың?
─ Құдай - ай, «Жаны күйген Тәңірісін қарғайды» деп, сен де маған дап - дайын тұрасың. Бір ілгіш тауып, найзаңды бүйірімнен сұққылайсың да жатасың,- деді де, кемпір табақта жеусіз қалған етті көтеріп ала жөнелді.
Бұрын мыңқ етпейтін. Енді бір ауыз сөзді көтере алмай, аяқ астынан тулағанына Әліби аң - таң. Кемпіріне барлай қараған күйі от сәулесінің жарығында ойланып қалды. Кемпір бұрын істемеген жат мінез көрсетіп, өрешедегі ыдыс - аяқтардың ойранын шығарып даңғырата бастады.
─ Балаңды жақсы көретінің шын болса,- деді сол жақтан даусын көтере сөйлеп,- көзіңнің тірісінде құтты жеріне қондыр.
─ Әй, қойсаң...
─ Мен не деп қоям?.. Көз бар ма өзіңде, әне, көрмейсің бе, қызың бой жетіп...
Ішке Бөбек кірді де, кемпір аузындағы сөзін аяқтамай, үні өше қалды. Бөбек кірген бетте назарын көтеріп әке - шеше ажарына қарады. Өмір бақи бір- біріне жел боп тимеген момын жандар бүгін қалай да өзара тіл табыспай, түс шайысып қалған сыңай байқалды. Бөбек оны сұрамады. Бірақ қыздың іші бірдеңені сезді. Оны жаңа ішке кіргенде бұған бұрылып қараған әке жанарындағы үнсіз сұрақтан аңғарды да, көзін көтермей бөлмеге өтіп кеткен-ді.
Анасы пақыр екі құрсаң көтерді. Екеуі де қыз. Үлкені - Әлиза. Кішісі - бұл. Қолдағы жалғыз алданыш болғасын, қайтсін, әзірге осыдан жұбаныш іздеп, кемді күн дәтке қуат көрген ата - ана бұны өздеріне ертең арқа тірер азамат көріп, еркек бала ғып өсіріп еді. Онан не тапты? Еркек бала киімі астында қыз жүрегі гүлдеп өсіп келе жатқанын білді ме?!
─ Болды! Жетер енді!- деді Бөбек. Даусы қатты шығып кеткенін кейін сезді. Бірақ ана жақтағы әке - шешеден қысылады. Естісе мейлі. Бүгін болмаса, ертең естиді, түбі бәрібір жұртқа жария болатынын білгесін, бір есептен кейінге созбай, қазір, тап осы қазір жұртқа бұның қыз екені жария болғаны жақсы. Жігерге шындап мінген қыз кенет құтырынып кетті. Үстіндегі бозбала киетін киімдерден де осы қазір біржолата құтылғысы келді де, басындағы бөрікті, беліндегі кішкентай әдемі кездік байлаған күміс тоға былғары белбеуді, сол кездегі қала үлгісімен жұтындырып тіккен тік жаға зәгірен бешпетті -бірінен кейін бірін тез - тез шешті де, жытырып бұрышқа лақтырды.
Сосын ертең үстіне не киетінін ойлап, сәл дағдарып қалды да, төсекке бетін басып жата кетті. Жылағысы кеп еді, көзінен жас шықпады. Кеше астыққа кеткен қалашыларды бұл ауылдың қыз - келіншектері біраз жерге ұзатып салған-ды. Сонда қоштасарда Рай бұның құлағына сыбырлап «астықтан келгесін үйленеміз. Саған осы жолы қалыңдыққа лайық қос етек ақ бәтес' көйлек, өңіріне зер салған қынама бел қамзол әкелем»,- деп еді; «Тек аман - есен, тез оралса екен»,- деді Бөбек. Рай кеткелі зәре жоқ; мына Ұлықұм басынан Қоңырат, Шымбайға қалашылап кеткен астықшыларды сонау Үстірттің қара жонындағы" жапан түзде жол тосқан ұрылар тонапты деген суық хабар бұл жаққа да дүңкілдеп естіліп, зәресі ұшқан жұрттың жүрегі қазір май ішкендей. Қорқыныш - қауіп күшейгелі бал ашушылар; құмалақ тартып жолға қараушылар көбейді. Ес - түс қалмаған жұрт түнде түс көріп, төсектен тұра сала шай - суын ішпестен Судыр Ахмет пен Қарақатынға жүгіреді. Түсін жорытады. Бөбек те түс көріп, ұйқыдан шошып оянды. Қай ел, қай жер, қай мекен екені белгісіз, күндіз, не түн екенін де білмейді. Әйтеуір, аңылжыған дала. Тастақ даланы тасырлатып қиқулап қаптай шапқан аттылылар. Бастарында көзіне түсіре басып киген бір-бір қойдың терісінен тіккен қауқиған - қауқиған сеңсең бөрік. Жалақтаған қылыш. Астықшылардың көшіне тиген жол тонаушылардың ішінен қауқиған қара бөрікті, шүңірек көз, қан-сөлсіз бетте рахымның ізі байқалмайтын біреу қолында жүзі жарқылдаған қайқы қылышты қайқайып көтеріп, енді Райды шапқалы кезене бергенде Бөбек шыңғырып жіберді. Шошып оянғанда өз даусын өзі есітті. Аттай тулаған жүрек дүрсілдеп, басын жауып бүркенін алған көрпе астында сонан қашан таң атқанша төсектен тұрмай дір-дір етіп жатқан-ды.
Сонан бері ұйқтауға қорқады. Бір жолы түн ортасы ауса да салулы төсекке жатпай, мұржалы шамның білтесін жоғары көтеріп, сәулесін самаладай ғып жағып отырған үстіне анасы келді. Бөбек анасын мойнынан құшақтай алды. Сонан ол құшағын жазбай, анасына жабысып отырып: «Түсті қалай жору керек? »- деп сұрап еді; қарт ана қызының өңіне сыр тартқандай, көзін іркіп қарады. Қызының ар жағында ашып айта алмай түйткілденіп тұрған әлдебір қорқынышты аңғарды.
─ Қайдам... Біз не білейік? Бұрынғылар «Түсіңде корықсаң, өңіңде қуанарсың» деуші еді,-деп жұбатпақ болды. Сосын сәл үнсіз отырып, қызына көзін қайта тіктеді:- Немене... сен астықшыларға түс көргеннен саумысың?
Бөбек үндемеді. Ана мойнынан құшағын жазып түрегеліп кетті.
* * *
Биыл көктем кеш шықты; қар бір еріп, бір жауып, жазғытұрғы сілемік күн ел еңсесін көтертпей қойды. Көк жүзіне қайта - қайта бұлт айналып, сүйектен өткендей суың жел жұрттың зықын алып тұрған. Бұл өңірдің ауқатты байлары ерте көктемнің осындай жайсыз мазасыздығына қарамай, асығыс қимылдағандардың алды жайлауға әлдеқашан көшіп кеткен-ді. Малдары күйлі. Киіз үйлері жылы. Ақтүтек үскірік соғып кетсе де ығы мол. Ер-азаматтары да сайлы. Ал, бірлі-жарым мал ұстаған шаруалардың жөні басқа. Олар өздерінен гөрі қыстан қоңсыз шыққан арық - тұрақ мал жайын көбірек ойлап, көктемнің құбылмалы ауа райының ақысын аңдып, әуелі қай ауыл бастап көшер екен деп біріне-бірі қарайлап отырғанда, ұсақ мал төлдеп қалды. Жылы қорадан шыққысы келмей, сылтау іздеп, бойкүйезденіп отырған алакөбең шаруаға о да етек басар. Енді осыдан қашан жас төлдің қаратабанданып жер басып кеткенін күтеді. Қыстан қалған аз ғана шөп күн сайын ақсирақтанып, сақ тартып барады. Жаңа тебіндеген жас көк ауыз толтырмай, сауын мал ақ үрпіленіп божырап кетті. Теңіз жағалауындағы ауылдарға етек басар болып отырған тағы бір жай- қалашылар. Үшкөңді қоныстанған үш ауыл - Судыр Ахметтің, Пірмән, Шірмән, Әліби ауылы қалашыларға қарайлап елі қорада отырған-ды.
Осы үш ауыл бүгін үлкен әбігерде. Таң алдында Қоңыраттан астықшылар келді. Судыр Ахметтің құмалағына түскендей, айтары жоқ, ат- көліктері аман. Бөктергілері мол, олжалы. Бәрі де түйелердің жүгін толтырып, ырғап-жырғап келген. Астықшылардың қуанышты хабары жұрттың аузында. Бірінің аузынан шыққан алыпқашты әңгімені қалғандары сол сәтте қағып әкетіп, ел асырып, жер асырып әр саққа жүгіртіп, ақырында алыпқашты аңызға айналдырып жатқан кез. Бұрын ел ішінде көзге шыққан сүйелдей ит түрткі боп жүрген әлдекім кеше астыққа бір шығып келді де ауызға ілікті. Бұл күндері бала екеш балалар да қарық. Қолына ұстатқан бір-бір кірендерді қалай жеудің, кімге көрсетіп мақтанудың есебін таппай, үйір-үйір, у-шу боп үй-үйдің арасында шапқылап жүр. Жүгері қуырмай, сөк ақтамай жатқан үй кемде-кем.
Бүгін жар басындағы балықшылар ауылы тіпті қарық. Кәлен мен Рай кісі басына алты -алты қаптан астың әкеп, кіре беріске үйіп тастай сапты. Кәленнің үйі кісіге лық толы. Көбін Кәлен танымаса да, бірақ жүзі сынып, иіні ебіл-себіл мына кісілердің түріне қарап, өздері қалашылап кеткеннен кейін қыста малы жұтқа ұшырап, тігерге тұяқ қалмағасын теңізді сағалап, қырдан көшіп келген келімсектер екенін іші сезіп отыр. Басқалардай емес, бұлар еңбекақы сұрамайды. Ау - құрал бергенге ырза. Сондай босқындар биыл айрықша Ақсақ Жагордың промсолына көп құлапты деп есіткен-ді.
─ «Таланты ерге нұр жауар» деген. Енді, міне, бір жылдың азығыңды әкелдің,- деді Дос.
─ Айналаң аузын ашып отырғанда, кісі қарны тойып ас іше алады дейсің бе?..- деді Кәлен.
─ Е, несі бар. Әркім тапқанын ішеді. Халықтың бас-аяғын түгендеу қай пенденің қолынан келген?!
─ Дос аға... жапан түзде жалғыз үй отырғам жоқ, халықтың арасындамын. Өле жегенше, бөле жеймін. Әй, қатын, бар, халықты жи,- деді Кәлен.
Жамал қолындағы барын көршілерімен бөлісіп отыратын қолы ашық әйел еді; ол күйеуінің.ниетіне түсінді. Ішінен оны құптап, ширақ басып сыртқа көңілденіп шықты. Дос өлі де болса, Кәленнің сөзіне сенер - сенбесін білмей, екі ойлы, енжар отырған-ды. Жоқ, шынға айналған сыңайын байқағасын:
─ Әй, Кәлен,- деді бір кезде,- осы сен ойланбай айтып отырсың - ау. Алты қап астығың бір үйге алты ай азық болса да, көпке шашқанда қай тобырдың аузынан табасың?! Көпті жарылқай алмайсың.
Кәлен Досқа түсі бұзыла қарады:
─ Ол ақылың өзіңе. Бір қатын, бір баламды беліме байлап жүріп жұмыс істесем де, тамақ тауып берем.
Дос ләм-мим деп тіл қатпастан тұрды да, шығып кетті. Оның ренжігеніне Кәлен қынжылмады. Хабар құлағына тиген ауыл адамдары қапелімде жиналған-ды. Кәлен шайдың аяғына қарамай, орнынан тез тұрып сыртқа шықты. Екі-үш жігітті қасына шақырып ап:
─ Мына астықты бөліп беріңдер,- деп әмір етті де, баласын қолынан жетелеп, жүріп кетті. Беті - ауыл сыртындағы қара мола. Қыстыгүні қайтыс болған баласы осы қорымға жерленген-ді.
Бүгін Райдың үйі де толған кісі. Рай қарт әжесіне Қоңырат базарынан әкелген базарлығын беріп жатыр. Бірақ қарт әженің базарлықпен ісі болған жоқ. Сүйікті немересін ендігі жерде көзінен екі елі таса қылмасын айтып, қос қолын тас қып ұстап жабысып алды.
Рай әлденеге қосүрей. Астықтан келгелі көңілі орнықпай, үйде аузы-мұрнынан шығалық толы кісілердің ішінен Ақбаланы көре алмай, тақат - сабырын тауысып, тынышсызданып отырды да, ақыры шыдамады.
─ Еламан ағамнан не хабар бар?
─ Ешқандай хабар жоқ. Жер түбіне айдап әкетті емес пе?..
─ Ие, сабаз ер, ақыры ат жетпес, атан жетпес жерге көз асып кетті ғой. Жоқ болды ғой!
─ Баласы аман ба?
Есік жақтан Қарақатын күңк ете қалды.
─ Сол көрдемше өлетін бе еді?..
─ Ақбаланың күйі - жайы қалай?
Балықшылар үндемеді, бұл жолы тағы да Қарақатын күңк етті:
─ Оның несін сұрай береді?! Алты қап астық әкелген сенен күйлі.
Рай осы үйдегі кісілердің жаңағы жерде Қарақатынды беттен қағып, тыйып тастамағанына таң қалып отыр. Соған қарап, Райдың өз көңілінде де күдік оянып, ойы жаманшылыққа ауып бара жатты. Осыдан кейін ол көңілсізденіп, үй ішіндегі әңгімені тыңдамай, кәрі әженің қасында қоңырайып отыр еді.
─ Әй, өңшең шуылдақ! Үйлеріңе барыңдар! Баламмен оңаша қалдырыңдар, түге!- деді кәрі әже. Осы ауылдың үлкені болған соң Райдың әжесі балықшыларға өзімсініп, әмір ете сөйлейтін. Және айтқанын істететін-ді. Балықшылар үн-түнсіз бір- бірлеп тарай бастады. Үй оңашарғасын да кәрі әже бұйығы қалпынан сергімеді. Қос тізесін құшақтап, бір уыс болып отырған қалпынан қозғалмай, тек немересіне жекіп:
─ Еңкей! Құлағыңды әкел!- деді. Бөбек жөнінде бірдеңе айтарда, әжесі әрқашан дәл осылай түсін суытып, зілдене тіл қататын әдеті еді. Рай әжесін құшақтай алды.
─ Сен неме, не біліп қуандың?
Рай тіл - жағы байланғандай, түк айта алмай, бар болғаны, кәрі әжесін құшырлана қысып, жабыса түсті.
─ Ой, жәдігөй, ой, шірік неме! Әжеңе әншейінде жабыссақ қайда қалдың?!- деп күліп,-сенің әлгі жүгірмегің кеше де келіп кетті. Маған келеді дейсің бе, сен ғой оның ынтығатыны. Бәлденіп, зарықтыра бермей, барып қайт!- деді.
Әлібидің қыстауы жақын, үрген иттің даусы естіліп туратын жер. Сыртқа атып шыққан Рай зырлап құстай ұшып келе жатып, қыстаудың сырт жағына тіккен алты қанат боз үйдің алдында тұрған бір топ кісіні көрді. Ортада Алдаберген софы. Үлкен - кіші соның аузына қарап қапты. Соған жыны келген Рай қасақана, алдымен софының қолын алмай, шетінен амандасты. Қиқар жігітке қарт софы да қырыстанып, сырт айнала берді. Ақ боз үйдің бет алдындағы сай бойынан бір тал үкі бұлғақ етті. Соны көзі шалып қалған Рай кілт тоқтай қап бұрылып қарап еді. Қараторы қыз бауырына қысқан кішкентай қошақанға сай бойының жаңа - жаңа тебіндеген жас көгін жұлып беріп отыр екен. Райды о да көрді. Орнынан лып етіп ұшып тұрды. Қос етек көйлектің етегі дүркіреп жүгіріп келіп, жігітті құшақтай алатындай еді, бірақ қыз ұяты сонан артыққа жібермеді ме, құшағындағы қозыны бауырына қысып, құшырлана сүйіп - сүйіп алды.
Сыртта тұрған кісілер қауқылдап, даурыға сөйлеп үйге беттеді. Ішке кірер жерде Рай кісілерге жол берген боп кейіндеп қала берді. Соңғы кісіні ілгері жіберіп, енді өзі кірер жерде сөл іркіліп, есікті жамылып тұрып Бөбекке бас изеді де, ішке кіріп кетті.
* * *
Алдаберген софы қолтығында құс жастық. Қақ төрде дөңбектей боп көлбеп жатыр. Шаңырақтан түскен көктем шуағына маужырап жатады да, ара-арасында қалғып кетеді. Қалашы әңгімесіне құлықсыз. «Енеңді... с... жаман балықшылар, бес-алты қап астың әкелдім деп, көйлегіне сыймауын қарашы. Қоңырат шаһарын шауып келгендей, түге»,-деп ішінен боқтап қояды.
Өз аулының астығы әкелулі. Малы бағулы. Осы үйдің қайнап жатқан шайы мен асылып жатқан асын күткеннен басқа алып-жұлып бара жатқан шаруа жоқ. Мал, дүние тізгіні тетелес інісі - Құдайменде мен Тәңірбергенде. Олар тұрғанда ата малының мұрты шағылмасы кәміл. Тек діндар шал екі інісінің Алла тағаланың ырзық - несібесіне шүкірлік етпей, барған сайын ындыны ашылып бара жатқан нысапсыздығынан қорқады. Осы жолы да олар софының қарсы болғанына қарамай, кеше осы өңірдің елі жайлауға көшерде алдағы жылдың қамын ақылдасты. Жыл сайын малына мал қосылып мыңғырып байып бара жатқан бай ауылды көбіне-көп шабындың жайы қинайтын. Құдаймендеден де гөрі Тәңірберген осы биыл теңіз жағасының шұрайлы шабындығын өздеріне қаратып алғысы кеп жүр. Әсіресе көзін тіккен жер - Қандыөзек. Қоңсы отырған Әліби мен Пірмән, Шірмәннің, Судыр Ахметтің ауылы осы Қандыөзектің екі бетіндегі құрақты талай жылдан бері бөліп шауып келе жатқан. Үш - төрт ауылдың малына аузы-мұрнынан шығатын. Теңіздің бұл бетінде көк құрақтың қаулап шығатын бітік жері де осы еді; тек бір қиыны -суы терең. Қайықпен ормаса, жаяу кісіні барғызбайды.
Тәңірбергеннің ақылын тыңдаған Құдайменде биыл Қандыөзектің құрағын бір өзі дербес шаппақ. Сол ниетпен жағадан көше қоймаған ауылдарға софы ағасын жіберіп, Әліби мен Пірмән, Шірмәнға сәлем жолдады: «Биыл өзектің екі бетінің құрағын мен алайын. Сендер жағалаудағы менің шабындығыма ие болыңдар. Қолында қайығы жоқ кісіге Құдай қосқан жер. Суы тайыз, сарықтық. Шөпті шапқан жеріңе суындап үйіп, шөмелелеп жинап кете бересің»,- деп Құдайменде бұларға қолқа салды. Ондағы ойы - Қандыөзекке табаны бір іліксе, ол жерге бұдан былай да өзі қожа болмақ. Кісі жүзін жыртпайтын Әліби мен момын шаруа Пірмән, Шірмәнда соңырағы күні шаршы топқа түсетін шама жоқ. Егер өтінішін орындамаған күнде де Құдайменде мен Тәңірбергеннің есебі түгел. Ағайынның күні бұрын алдынан өткенін сылтау қып, соңыра пішеншілерін бұлардан бұрынырақ жіберіп, өзектің екі бетіндегі құрақты құлатып тастамақ. Оларда дауласатын дәрмен жоқ.
Алдаберген софы інілерінің бұл ойын кейі ұқты. Болыс інісінен көрі бұның бәрі Тәңірбергеннің ісі екенін іші сезіп: «Әй, сұм! Сұм - ау!»- деп, басын шайқады. Сонан соң ол түстеніп отырған үйдің қазанын ойлап, сыртта ошақ басында күбірлеген әйелдердің сөзіне құлақ тікті. Ac қамымен ішке кіріп-шығып жүрген әйелдерге тұмсығын бұрып, қазандағы астың иісін аңғармақ болады. Бауырсақ иісін анық сезді. Сүр иісі де сезіле ме, қалай?
Ішке Бөбек кірді. Төр алдында мүлгіп жатқан қарт софы басын көтеріп алды. Алдына жайған дастарханды, атжал қып төккен сары бауырсақты көргенде, қарт софы көңілденіп:
─ Иә, балам, ләппай,- деп Райға бұрылды.- Сонымен... Сүйтіп сендер Қоңыраттан бері қарай шұбалып шықтыңдар ғой... Кәне, сонан кейінгі жөндеріңді ұқтыршы!
Рай ыссы шайды бір- екі ұрттады. Үй толы кісілердің назары ауғанын байқағасын ба, әлде шай құйып отырған Бөбектің жұртпен бірге бұған қарап иегін тізесіне сүйеп, қыбыр етпей қалғанынан қысылды ма, әйтеуір сөзінен жаңылып қала берді. «Иә, Қоңыраттан шықтық. Қоңыраттан шыққалы жатқанда... Ие, сонымен біз Қоңыраттан шыққанда...»
─ Ау, балам - ау, Қоңыраттан шыға алмай - ақ қойдың ғой...
─ Жо - қ, неге, шықтық қой.- Жұрт ду күлді.
─ Қоңыраттан біз алдымызды түн қыла шықтық. Кіре басы Кәлен ағам. Онан бергі жағында да Кәлен ағам үш ауылдың қалашысын өзі бастап отырды.
─ Ұры - қары кездеспеді ме?
─ Жоқ. Кәлен ағам ылғи түнде, қараңғы жамылып жүрді. Күндіз көзге түспейтін тасаға бекініп...
─ Несін айтасың?! Кәлен жауға алдырмайды ғой. Ал, сонан кейінгі әңгімеңді айтшы.
─ Жер қара қатқақ еді. Қоңыраттан шыққасын Әзберген бағына көлігіміз талмай жетті.
─ Қалашыға, сірә, Әзберген бағынан бергі жер ғой қиыны...
─ Иә, бергі жол ауыр соқты. Қар әлі айықпаған, кей жер ала қанат. Қайсыбір жерлерде табанқар жатқан ерте көктем емес пе?! Біз шық жағалап, сыпыра үстіртпен тартып отырдық. Астымызда семізден қатқан жардай атандар. Несін айтасың, жолға түсіп бір жүріп кеткесін түйе жарықтық бой бермейді ғой. Тек Қасқажол, Қаратамаңка келе бергенде теңіз беттен қатты жел соғып, жапалақтап қар жауып берсін... Сонан табандатып тоғыз күн жауды.
─ Құдай сақтаған екен.
Алдаберген үнсіз. Көп ішінен көзін Бөбектен айырмай бағып қапты. Әлібидің осы қызы Ожар Оспанның жарымес баласына атастырулы екенін білетін. Кейін Рай мен Бөбектің көңілі жақын деген сыбыс шыға бастаған-ды. Осында келгелі соның растығын өзі де байқап отыр. «Ризамын. Енеңді с... Қара түндікті Торжымбай көптігіне сеніп, күпсіп жүргенде, мына жігіт жесірін іргесінде жатып, хе – хе - е, реттеп апты». Болыс інісіне тізгін бермей жүрген Ожар Оспанның осы арада белін бір сындырғандай болды. Райға да ырзалықпен қарады.
─ Ал, сонымен қарға не амал істедіңдер?- деді софы.
─ Қар бел алып жауа берді. Қиын кезде Кәлен ағам бәрімізге күш берді. Түйелерді шөгеріп, теңді түсіргесін үстіне сайғақ, сырғауыл шаншып, өзімізге баспана істеп алдық. Азық мол. Ық бар. Айылымызды жияйық па?! Қоңырат базарынан алып шыққан етті қарашықтап, тары көже мен жүгері көжені асып түсіре бердік.
─ Е, ас ішіп, аяқ босатар болдың де?! Көлікті қайттіңдер?
─ Үш ауылдың ортасынан сайланып шыққан сақадай жігіттер емес пе?! Ішімізде мына кірме күйеудей нар жігіттер де бар.
Рай қасында отырған топай ауыз, торсық ұрт жігітті нұқып қойды.
Бұған жұрт ду күлді. Алдаберген софы өзінің сауалын мына жігіттің тағы да қиқарланып күлкіге шаптырып отырғанын ұнатпады. Ол кеудесіне түскен көк шулан сақалды уысына толтырып, төр алдында дөңбектей боп жатқан-ды. Кенет басын көтеріп, Райға мысқылдай қарады.
─ Япыр-ау, осы сен бала не деп отырсың? Сол Қоңыратқа баяғы жас кезімізде біз де барған едік... Қостанып керуен тартып, көп түйемен астық әкелгеніміз бар. Сонда көріп едік... Шыңның сырт жоны кіл қарабаялыш болатын. Жолсыз жүрісте түйенің табанын сояды. Жайылымға кеміс еді ғой. Түйенің бабын таптың деп жеңістік бермейсің. Өз басыңды білмеймін, ал әкеңді көріп едім... Пақыр қызыл сөзді желге шашқан, дуасыз ауыз еді,- деп қарт софы кеудесін көтеріп, кеңк-кеңк күлді.
Райдың қараторы беті ду етті. Софы сөзі Бөбектің де шамына тиіп, шай құйып отырған кеселерді шатыстырып алды.
─ Аталас болмасақ та, қоңсы отырған көрші едік. Оның үстіне әкеммен тұстас болған соң, сізді бөтен көрмейміз ғой. Әке орнында сыйлауға парызбыз...- деді Рай.
─ Е- е, адасқан жоқсың. Осы бетің нағыз жау түсіретін жігіттің тәсілі,- деп көңілдес бір жігіт Райды көтермелеген боп отырып, қолтығына дым бүрікті. Алдаберген өзінің ағат кетіп қалғанын ұқты. Мына жігіттің енді аямасын біліп:
─ Е, бұл бала сыйлы сөзбен сазайымды тарттыруға қарады,- деп қауқарынан айырылып, жанында жатқан жастыққа жантая кетті.
─ Әй, Рай, қарағым, қоя ғой, енді,- деді Әліби.
Бұл Бөбектің жұрт алдына шығып алғаш шай құйғаны еді; Рай мен софының сөз алысып қалған тұсында екеуіне жалтақтап кезек қарап отырғанда, алдына келген кеселерге шай құйылмай иіріліп қалып еді. Сырттан екінші аққұманды демдеп әкелген келіншек қонақтардың көзін ала бере қайын сіңілісін бүйірінен түртіп қалды. Жалт қараған Бөбекке:
─ Шайың кесіліп қалыпты ғой, енді демдеп әкелген аққұманнан құярсың,- деп сыбырлады да, сыртқа шығып кетті.
Үйдегі кісілер қалашы әңгімесіне қайта оралды:
─ Ал, түйені қайттіңдер?
─ Бәсе соның жөнін ұқтыршы. Шың үстінде қотырқара, баялыштан басқа түйенің тісіне ілінетін не бар дейсің?
─ Жоқ, шың үсті керім от, іріп тұр екен. Несін айтасың, бой алып өскен сарбалақ бұйырғын кілк-кілк етеді. Жүк тартқан түйе нені шыдатсын, ерні үйіргеннің бәрін шалып оттап отырды.
─ Ау, қатты желде қай мал да жайыла алмай, ықтап кете беретін еді ғой, сендер қайттіңдер?
─ Кәлен ағам бұған да тәсіл тапты. Түйелерді түнемелікке қарай қостың ығына шөгеріп, тізерлетіп тастады. Ал күн шыға бар түйені тізіп алады да, борап жауған қарға бет қояды. Желге қырындамай, тіке тартып кетеді. Сонан ол барып-барып түйелердің бұйдасын мойнына салып, ыққа қарай қоя береді. Шетке шыққанын қайырып, қара беріп отырсаң өзге малдай емес, түйе жануар табан тіреп іркіле жайылады екен..
─ Апыр - ай, ә?..
─ Рас шығар - ау! Кәленнің көріп - білгені жалғыз осы ма?! Жол жүрген адам ғой, мал сырын білетін. Әйтпесе, кісі қанша мал ұстап, бірер қараның сүті мен қоңына иек артып машықтанғаны болмаса, мал сырын біле бермейтін көрінеді ғой.
Кірме күйеу осындайда сөзге кіріскісі келіп, билігі қыштап отыратын.
─ Қазір осы елдің жүн-жұрқасын жиятын кім?- деді ол.
Оның сөзіне жөнді жауап бермейтін жұрт осы жолы да тәлкек қылды:
─ Е, оны қайтесің? Қай түйеңнің жүнін өткізейін деп едің? Әлде өз бойыңдағы қыл-қыбырыңды күзеп бермексің бе?
─ Шын айтам. Мініп келген атанымның мойын шудасын жұлып едім...
─ Ендеше қарық бола ғой. Қазір бұл елдің жүн-жұрқасын жиятын Ебейсін.
─ Сорлы орнын жаңа тапқан екен,- деді Рай күліп. Күні кешеге дейін Алдаберген осы өңірдің жүн-жұрқа, тері-терсегін жинап, жұртты безбеннен жеп зар қақтырған еді. Төр алдында дөңкиіп жатқан софыдан есесін қайтаратын ыңғайдың орайы келгенін білген Рай көңілденіп:
─ Апыр-ай, сол Ебейсін бет-аузы көнмен қаптағандай. Өзі де жылы қанға тұмсығын тығып, ел ішін іреп жатуға лайықты еді. Қап, не қыласың, қонысы келісіп кеткен екен,-деп күлді де, үйден шығып кетті.
Күлкіге булыққан қыз кісілерден бетін бұрып сырт айнала берді. Баяғыда Алдаберген ауылға келер еді. Ол келгенде кішкентай қыздар түнімен ұйқы көрмейтін: Бөбек Құдайдан түннің қараңғы болғанын тілейтін. Ай туғанша іргесінде жатқан түйелердің мойын шудасы мен балақ жүнін жұлып, бір етек қып Алдабергенге апаратын. Сонда Алдаберген бетінен оты шығып тұрған кішкентай ұялшақ қыздарға: «Ә, балам, кел! Бері кел! Тек жүнің аз екен, өлшеуге толмайды»,- деп етегіндегі жүнді шеңгелімен бүріп, қанар қаптың түбіне зытырып жіберер еді де, сосын бұлардың қолына бес-алты түйір өрік салатын. Бөбек қанша жасырғанмен келесі күні анасы оның ұрлығын біліп қап: «Түйенің бар жүнін жұлып алыпсың ғой»,- деп ұрсатын еді.
Күлкіге булыққан Бөбек кесе-аяқты шаққа жиды.
* * *
Астықшылар келердің алдында аз ғана бұрын ел ішіне Еламан өліпті деген жаманат хабар тараған-ды. Өз ажалынан өлмеген, Жаманқалаға айдап апара жатқан жолда қашпақ болғанда солдаттар атып тастапты. Қарт әжеден қанша жасырса да бәрібір білетін сияқты. Астықтан келгесін, бір жолы Рай шам жақпаған қоңыр кеугім үйге кіріп еді. Қарт әже Еламанның атын атап, көй - көйлеп күңіреніп отыр екен.
─ Еламан есіме түсті. Қандай қарағым еді? Жұрт не демейді, бірақ өз көңілім жамандыққа қимайды.
Райға бәрінен бұрын Ақбаланың азары жанына батты. Астыққа жүрерде көрер көзге азып-тозып кеткен жеңгесін ана жақта бір айдай жол жүріп, қайтып келгенде танымай қалды. Жұп-жұмыр әдемі аппақ иек астына кәдімгідей болар-болмас бұғақ білініпті. Басқа да бар мүшесі балғын тартын, баяғы бақытты кездегі ажарын қайта тауыпты. Келіншектің қазіргі түрінде көзі түскен кісіні ықтияр - еркіне қоймай қандай да бір сиқырымен арбайтын ажар пайда болған. Рай да кездескенде көз тоқтатып қараса күнәкар болатындай, назарын алып қаша берді. Сөйлескісі кеп қанша оқталды, бірақ соның бәрінде де кісіге сөзін жібермейтін әйел: «Сүйікті қайным - ау, осы сен не деп тұрсың? Қай жігітті қойнымнан ұстап алып едің? »- десе не дейді.
Бұрынғыдай емес, қазір Рай сирек қатынайтын боп жүрген-ді. Бір күні «Жас мырза ел жата келеді екен» деген сыбыс шықты. Рай жүгіріп Кәленге барды. Қолы боста қарап отырмай, әр нәрсені бір істейтін ұсынақты Кәлен астықтан келгелі әйеліне етік тігіп жатқан-ды.
─ Кәлен аға!- деді Рай,- Ақбала ардан безді.- Кәлен етігін тіге берді.
─ Басқасын қайтейін, Тәңірберген сұм түнде келіп жүретін көрінеді...
Кәлен етікті ірге жаққа тастай салды да, Райға бұрылды:
─ Қой, өтірік болар?..
─ Рас, Кәлен аға.
─ Өз көзіңмен көрдің бе?
─ Жоқ, бірақ көрген кісі бар. Таң алдында Ақбаланың үйінен шығып бара жатқанын Қарақатын көріпті.
─ Жә, кете бер!- деді Кәлен.
* * *
Қыс бойы иттері үріп, адам - қаралары улап-шулап жататын теңіз жағалауындағы малды-жанды ауыл бұл өңірден әлдеқашан көшіп кеткен. Ақ ауыр жақ жым-жырт. Көп ауыл Қоңыраттан астықшылар келгесін үйлерін жығып, асығыс жөнеп кеткен-ді. Қазір теңіз жағасында балықшылар аулы мен Әлібиге қарасты бес-алты үй ғана. Және ой жақтағы қыстаулардың бірінде төбесі шошайып Судыр Ахмет отыр. Жылдағы әдетіне бағып, ол биыл да ерте дүрліккен-ді. Оның өз отының басына салған әбігері әнебір тұста қоңсы отырған көрші ауылдарға да мазасыздың әкелген еді. Құдайменденің бәйбішесі ертеңгі шай үстінде:
─ Ау, осы сен не ойлап жүрсің? Көші-қон жөнін ауызға алмай кеттің ғой. Мына Судырақтың аулы көшкелі жатқан көрінеді,- деп күйеуіне құлаққағыс қылып еді, Құдайменде кесесін қоя сап, қарқ-қарқ күлді:
─ Ой, қатын - ай, сен не біле - туң?! Судыр Ахметтің жайын менен сұра. Кәпірдің нағашысы мына Кішіқұм бойындағы Бестоқал Бақай, Шақай деген ағайынды екі мазасыз еді. Бұл Судырақ та жылда елден бұрын дүрлігіп, ақыры өзі бар елдің соңында бақырауық інгенімен жалғыз үй қала - туң,- деген-ді.
Құдайменденің айтқаны шынға соқты. Қазір Судыр Ахмет бүкіл бір ауылдың жұртында жалғыз үй төбесі шошайып отыр. Ол кеше де жатарда қатынына ертең ертелете көшеміз, буынып-түйініп әзір отыр деп әмір беріп еді. Ертеңінде сәскеде бір- ақ оянды. Онда да әйелі бас жағында байғыздай қақсап отырып алған соң, Судыр Ахмет көзін уқалап жіберіп, күзен бел ұзын денесімен созылып сыртқа терезеден көз салды. Сосын әйеліне тап берді:
─ Тал түс қой! Шекең күнсіп, бұрымың сірке - сірке боп тал түске дейін жатқансың ғой?..
─ Оятқанда тұрдың ба?..
─ Ана қарашы, сөзінің сиқын қарашы. Әйел болып, бір күн ерте тұрсаң қайтеді? Енді, осы ыссыда жалғыз түйені қан сорпа ғып, көшпек пе ақылың? Өшір үніңді! Ой, ақымақ. Ой, иттің асыраған төлі!
Мұндайда бетіне келген - шамы. Бетіне келген кісіге Судыр Ахмет дедектеп жетіп барады. Жеп жіберетіндей, ұзын мойнын өршелене созып, шықшытындағы күре тамырлар білеудей көгеріп, бастырмалатып үсті - үстіне сөйлеп кететін-ді. Әйелі үндемеді. Судыр Ахмет бел ала берді:
─ Мен көшелік дегелі қашан?! Осылай боларын біліп, саған... сен келеңсізге орта тоқсаннан қақсадым ғой. Ау, қатын - ау, «Көшейік! Көшейік!»- деп құлағыңа құюмен келдім ғой.
─ Көшелік десең... мен бе сені көшірмеген?- Судыр Ахмет бұған дем арасында дерек таба алмай, қатынына қамшы ала жүгірді. Асылы, көші - қон жөнінде кінәласқысы келмейді. Кінәласса өзіне қиын соғарын біледі. «Көшелік» деп үй ішін ерте бастан әбігерге салып қойып, тап көшер жерде атына мініп, ел аралап кетті. «Амандық болса бір- екі күнде оралам. Мына Көлқора табанындағы ауылдардан көшкенде жүк артатын бір- екі түйенің майын сұрап әкелем. Қатын, сен үй-ішін буып-түйіп бұйдақты есіп, жазықты жамап әзір отыр»,- деп кеткен-ді. Ол бірақ сол кеткеннен мол кетті. Көлқора табанындағы Рамберді ауылы мен Жылқыбай ауылын өз қолынан көшірісіп ұзатып салды. Онан жолшыбай қонған, түстенген үйлеріне бай ауылдардың малдары ығы-жығы боп қара құрттай қаптап, жайлауға қарай ұбап-шұбап көшкенін аузынан суы құрып, жыр ғып айтып отырды. Сөйтіп жүріп жылы көктемнің қалай келгенін білмей қалды. Бойға жұққаны жоқ. Не жетекке алғаны жоқ, жаман тұғырын жалына қақпалап, жағада жалғыз үй қалған қатын-балаға жетті. Әйелі жалғыз түйемен жүкті жеңілдеп көшкенді қалап еді, оған Судыр Ахмет көнбеді:
─ Ay!.. Ау, қатын - ау! Күл шыққан адамдай жалғыз үй көшкен ырымға жаман - ды. Жоқ, қатын, қара керек! Мына арадағы Пірмән, Шірмән аулына барып келейін.
Пірмән, Шірмән аулы ертең таң біліне көшетін боп, үйлерін жығып, дүние-мүлкін теңдеп отыр екен. Судыр Ахмет олармен бірге көшпек боп уәделесіп қайтты. Жүрісі жаман торы ат жол бойы қайта-қайта құмалақ тастап, сиырбүлкілге салып жұлынын үзе жаздады. Судыр Ахмет ызаланып, торы атты түтіп жердей боп: «Осыдан Хан жайлауға көшіп алған соң, сен арам қатқырдың көзіңді құртпасам ба», деп кәріне мініп келе жатқан-ды. Кенет көз қиығы бір бұру қалып бара жатқан балықшылар аулына түсті. Онан жар басында жарбиған жерқазбалардың мұржасынан будақ-будақ шыққан түтінге көзі түсті. «Құдай біледі, осы үй, дәу де болса, балық асып жатыр»,- деп шілқұйрық сақалының ұшын тістеп ойланып қалды. Көші-қон жайы ойында тұрса да, былқып піскен жас балыққа ақсары ауып кетті де, сол жолы Қарақатынның үйіне түсіп еді. Ақкемпірмен араз. Доспен де онша емес. Сондықтан бұл үйге келсе, көбіне Қарақатынмен шүйіркелесетін. Осы жолы да ол Қарақатынға қарап сұңқылдап отырып, түннің бір уақыты болғанын байқамай қалған-ды. Сыртқа шығып жұлдыздарға қарағасын ғана санын соқты:
─ Алда, Құдай - ай. Таң атып қапты - ау!
Судыр Ахмет қалбалақтап асыға басып атына барды. Шылбырдың ұшын беліне қыстырып, ат арқасына қонғалы бір аяғын үзеңгіге енді сала берді де, «ау!»- деп оқыс ойланып қалды. «Ау!.. Жеті қараңғы түнде қайда барам? Онан да ертең елең-алаңда кетсем... О, тәйірі, атты кісі көзді ашып-жұмғанша жетіп бармай ма?!»- деп ойлап, үзеңгіден аяғын алды. Ертең елең-алаңда жүретін болғасын шешінбей, Қарақатын салған төсекке киімшең бойымен қисая кетті. Қақпа шекпенмен басын тұйықтап бүркеп алып, үнсіз жатқан-ды. Бір кезде жылан шаққандай, шекпенін аяқ жаққа қарай серпіп тастап, атып түрегелді.
─ Ойбай... ойбай, жарып кетті!.. Жарып кетті! Шырт ұйқыда жатқан үй шошып оянды. Дос басын жастықтан үрейлене көтерді:
─ Аха, не болды?
─ Не дерің бар ма?! Қандала... Өзі де тайдай екен! Міне, алақанымда тулап жатыр.
Ақкемпір іргеге қарай аударылып жатты: «Заңғардың тынышсызы - ай! Пайғамбар жасында болып тұрғаны мынау, бала кезінде қандай болды екен? Анасы сорлы ошаққа түсіріп, отқа күйдіріп алмай, қалай өсірді екен десейші?!»
Осыдан кейін де Судыр Ахмет ұйқтай алмай, жыбыршып болды. «Ертең көшкенде қиын. Көрші ауылдың қызын оятып, өрелі таңды көзінен атырған жігіттей... ат үстінде басым бұлғаңдап кесір қылады - ау»,- деп ойлады. Осы ойы өзіне де қызық көрініп, шекпен астында бүркеніп жатып шиқ-шиқ күлді. Осыдан тан, алдында ғана көзі ілінді. Аңшылар сияқты балықшылар да ерте тұратын. Достың үйі, тіпті, ерте тұрды: Судыр Ахмет те ұйқысы қанбай, терісі тарылып, қытымырланып түрегелді. Оның үстіне түнде байқамай аты құрғырға тұсауды кең салыпты. Торы ат ұзап кетіп, түске тарта тапты. Ертеңгі салқынмен көшкен Пірмән, Шірмән ауылы бұл кезде, сөз жоқ, Үйобаның, не Сырғақтының деңгейінде кетіп бара жатқан болу керек...
Судыр Ахмет кімге ұрынарын білмей, бойын ашу кернеп келсе, әншейінде ісі өнбей, шұлғауына сүрініп жүретін әйелі үй ішін көшуге әзірлеп, жалғыз інгенді есік алдына шөгеріп қойған екен.
─ Өй, әтеңе нәлет! Ой, ернің аққа тимегір! Мал көрмеген көргенсіз!- деді Судыр Ахмет; аузынан сөз шыққан сайын иегінің ұшындағы шілқұйрық сақал шошаңдап, шоршып тұр.-Былқылдап боталайын деп тұрған інгенді тал түске дейін матап тастағаны несі? Әй... әй, ол қай қылығың, ә?
─ Маған қайт дейсің?.. Көшеміз деп дүрліктірген...
─ Ана қарашы! Тілі сала құлаш!.. Көшеміз дегенде, саған... сен көргенсізге буаз түйені тал түске дейін матап таста деп пе едім? Кәне, айтшы? Қашан сүй деп едім?
Судыр Ахмет ішке кірді. Қатын-баланың қай жерінен мін табам деп, өңін бермей келген-ді. Алдынан шыққан екі-үш баласына да жүзі жылымады. Көзіне түсіріп киген киіз қалпақ астынан үй ішіне ызғарлана көз тастап, табалдырықтан аттай берді де, есік алдында қалтиып тұра қалды. Көшуге әзірленіп отырған үй іші астаң-кестең. Төсек-орындар артып жүре беретіндей, тең-тең ғып буып-түйіп қойған екен. Судыр Ахмет жүктің әрқайсысын бір теуіп, ыдыс-аяқтарды сындырып, үй - ішін опан - топан қылды. Онан босағаға жабысып тұрған қатыны мен балаларын бөріктіре сабап, тыныш отырған үйді көзді ашып - жұмғанша у - шу қылды да, жөн - жосығын айтпастан атына мініп тартып кетті.
* * *
Әліби зәті жуас. Үй ішіне де қыры жоқ. Биыл қызы мен кемпірінің дегенінен шыға алмай, осы ыссыда маса - сонаға таланып жағада отырып қалғаны жанына батады. Сыртына шығарып айтпаса да ішінен ренжулі. Көршілерге де қатынамады. Күнде қызыл іңірден жататын. Бүгін де таң намаздан кейін көзін ілмей ояу жатса да ертеңгі асқа тұрмай, басын көрпемен бүркеп алған-ды. Кемпірі сырттан сүріне-қабына кірді:
─ Әй, тұр!.. Тұр!..
Әліби қозғалмады. Кемпір жұлқылай бастады.
─ Тұр!.. Тұр деймін, ойбай!
─ Не? Не боп қалды?
Әліби күңкілдеп іргеге қарай аударыла берді де, осы арада кемпіріне көзі түсіп шошып, басын көтеріп алды.
─ Жай ма?
─ Тұр, ойбай. Қыр жақтан дүбір шығады...
─ Дү - бір?
─ Иә, дүбір...
Әліби көйлекшең, дамбалшаң бойымен сыртқа ұмтылды. Есіктен шығар жерде сүрініп кетті. Үй сыртына кісі - қара жиналып қалған екен. Бәрі де түс жоқ, өң жоқ. Әліби жалтақтап әркімге бір қарады. Құлағы шулап, қол - аяғы қалтырап барады.
─ Түрі жаман екен. Тегін болмас. Түрікпендер... апыр - ай, солар емес пе екен?..
─ Жап... жап аузыңды!
─ Кемпір... әй, кемпір... Тентек қайда? Оны көзден тасалай тұр.
─ Иә, иә, сүйтейін... Бө - бек... Бөбекжан!
Дәл осы кезде ауыл сыртындағы жасыл белге жиырма-отыз атты шауып шықты. Әліби тілін кәлимаға келтірді. Түрікпен шапқыншыларын талай көрген. Олар басына қара елтіріден қайғадай құрайш киетін. Ал, мыналар... Апыр-ау, бұлар кім болды екен? Бәрі де басын ақ шыт орамалмен шарт байлап апты. Қолдарында сойыл. Шоқпар. Сыртта үрпиісіп ұрған кісілерді көрсе де, әдеп сақтап ат басын тартпады. Бейбіт ауылдың итін шулатып, төбеңді тесетіндей тасырлатып шауып келді. Сәлем-сауқат жоқ, үй алдында үрпиісіп тұрған кісілерді баса жаздап, аттарын омыраулата тоқтады.
Жиырма-отыз жігітті бастап келген қаба сақал қара шоқпарын сығымдап ұстап тебініп қалды да, бүйірін соғып ентігіп тұрған аттың тұмсығын Әлібидің кеудесіне тірей бере тоқтады:
─ Бізді таныдың ба?
Әліби жігітке назарын көтеріп қарай алмай, көзін төмен салып тұрған. Кеудесіне тіреген ат тұмсығы да ожар ауылдың жігіттері әкелген озбырлың сияқты. Қара тер ғып шауып келген аттың қос танауынан шыққан ыстың дем шал денесін түршіктіріп барады.
─ Ұмытайын деген екенсің. Танымадың - ау деймін?- деді қаба сақал.
─ Таныдым ғой... Танып тұрмын, қарағым. Құда, құдағи қалай? Дені-қарны сау ма?
─ Дені-қарныңды қой. Әуелі мынаны айт: сенің қызың, біздің болашақ келініміз қайдағы бір қара борбай балықшымен ашына дейді...
Әліби аузына сөз түспей, еріндері дірілдеп кетті.
─ Шырақтарым - ау, тым құрыса шашымның ағын аясаңдар нетті?! Бәрің де ұл өсіріп, қыз асырап отырсыңдар ғой...
─ Біздің қызымыз жаман балықшымен жүрмейді.- Жігіттер қарқ-қарқ күлді. Әп-сәтте Әлібидің жанына ауылдастар жиналып қалған еді; олар момын шалға ара түспек болғанда, қаба сақал тірі жанға бет бақтырмай, аузын ашқанды қақ басқа тартып қап тұр. Қаба сақал атын кимелетіп, Әлібиге қайта шүйлікті:
─ Бізді құдаң жіберді. Жанжал керек болмаса дереу жайлауға көшсін деді. Жаңа жұртта, жақсы тілеу үстінде екі жастың тойын жасап, некесін қиямыз деді. Көнсең осы. Көнбесең, онда обалың өзіңе. Онда мыналар,- деп анталап тұрған әпербақан жігіттерді көрсетті:-Қызды күшпен әкетеміз.
Әлібиге қараған бес-алты үй сол күні лаң тигендей әп-сәтте үйін жығып қырға бет қойғанша Ожар Оспанның әпербақан жігіттері кетпей, анталап тұрып алды. Олар Бөбектің де аяғын қия бастырмады. Керек десе, Әлиза апасымен қоштасып қайтуға рұқсат етпеді.
Қас қылғанда сол күні балықшылар аулынан бір жан қатынамай қойған-ды. Әлібиге қараған аз ғана ауыл араға екі қонып, үшінші күні Жаман Боташтың етегіндегі кең алқапқа ілікті.
─ Құдама сәлем айтыңдар. Антты аттап, батаны бұзайын деп жүрген мен жоқ. Рас, бетіне қарап отырған жалғыз бала болғасын ел қызынан ерекшелеу өсірдік. Балаға деген ата-ана көңілі белгілі ғой. Өзімізге салса, әлі бес жасар бала сияқты...- дей беріп еді.
Құда аулының бір жігіті күліп жіберді. Көкірегі көпті танығанмен кісіге қыры жоқ, момын жан тағы да жер боп қалды. Көзінде мөлтілдеген жасты анталап тұрған әпербақан жігіттерге көрсеткісі келмей, төмен қарап, жер шұқылап отыр.
─ Біз жүреміз. Ал, құдаңа не дейсің?
─ Сәлем айт! Бір жетіден кейін тойын жасаймыз. Өзім той қамымен болам ғой. Қыздың сырын кім білген?.. Күйеу баланы жіберсін. Ендігі жерге жесірін өздері көзінен таса қылмасын.
Әліби бір жанның бетіне қарамай, көзін төмен салған күйі үстіндегі түйе жүн шапанның етегі жер сызып, ауыл сыртына бет түзеп ақырын ұзай берді.
Осы күннен бастап Әліби үйіне жуымай, жатарда да көршілеріне қонып жүрді. Оған, айрықша, Бөбекті көру қиын.
Көңілшек шал қит етсе қызымен қосыла жылайтындай қорқады. Ол Ожар Оспанның бұл қылығына қайран. Күні кешеге дейін үн-түнсіз жүріп кеп, бұлайша аяқ астынан тулағанына түсінбеп еді, себебін кейін білді. Пәле Алдаберген софыдан шығыпты. Анада шабындық жайымен теңіз жағасына келгенде, ішінен Райға қаны қарайып кеткен екен. Сол жолы үйіне бара сала алты-жеті ауылдасын шақырып апты. «Тәйірі, Ожар Оспанда көз бар ма?! Ана жақта жаман балықшы жесіріне іргеден қол салып, хе - хе, қызығын көріп жатқан көрінеді. Биыл Әлібидің жайлауға көшпей отырғаны да содан екен»,- деп сол отырыста оқшау өсекті ел ішінің сыбыр - жыбырын баққан су - маңайлардың құлағына құйып жіберген екен. Бұл әңгіме қара түндікті Торжымбайға бір күнде тарапты. Бұндайда рас - өтіріктің шындығына жететін Ожар Оспан ба, әлгі әңгімені ести салысымен, ол өзіне қараған ауылдардың ұр да жық есерлерін жиып алыпты да, дереу құдасына шаптырыпты. «Дәм - тұзым атсын»,- деді Әліби Алдаберген софыға ренжіп.
Сол күні қосшы - қолаңын ертіп күйеу келді. Ата жолын қуып ұрын келген сапары болса да, әдеп сақтап жатпады. Оқыс жігіт бұл ауылға өзімен бірге ожар әке мінезін ала келген еді. Үлкен - кіші деп жатқан жоқ, кісі - қара арасында келіспеген бірдеңелерді түйеден түскендей дүңк еткізіп айтып салып, оған өзгеден бұрын өзі мәз болып қарқ-қарқ күлетін, қыли көз, құж қара жігіт. Қайын жұртын өзінің алдында кінәлідей сезді ме, келген бетте бұларды қырып жібере жаздады. Қаһарын ала бөле қалыңдығына төгіп, өзі тоқтаған үйдің дәл жанына тіккен отауға қамап қойды. Қыздың аяғын қия бастырмай, күндіз - түн көз алдында ұстады. Бөбек үйден шықса, ере шығады. Ең арысы, жеңгелері тілдессе де, оқыс жігіт қасында қарақшыдай барып тұрғаны. Той үстінде де екі көзін қалыңдығынан айырмай, әр қимылын аңдумен болған-ды. Осыдан той өтіп, үйге кіргізіп алғасын көңілі көншірін біледі; салт бойынша бүгін той тарасымен екі жас оңаша үйде қалатын күн. Отау үйде екі жастың төсектері әлден салулы тұрғанын қасындағы қосшы жігіттер бұған күні бұрын хабарлап кеткен-ді. Сонан бері дегбірі қалмады. Той тарқай қоймай, ойын-сауық неғұрлым ұзаған сайын, ол соғұрлым ыза болып, жастарды боқтады: «Енеңді с... Ой, өңшең жөркелеш, желөкпе!...»
Жастардың жуық арада тарайтын ойы жоқ. Әнші қыз, домбырашы жігіттер кезек-кезек өлең айтып, домбыра тартып, алты қанат үйде асыр салып жатты. Ойын-сауықтың қызған тұсында төрде отырған Бөбек орнынан тұрды. Оның тысқа шығатын ыңғайын байқағасын үш-төрт қыз шашбауы шылдырап өре түрегеліп еді, Бөбек:
─ Отыра беріңдер. Жезделерің күзетші болуға жарап тұр,- деді. Айтса да, күйеу жігіт есікке қыздан көрі бұрынырақ барып қалған еді. Тысқа оның соңын ала шыққан Бөбек есіктен дәл шығар жерде күні бұрын босағаға сүйеп қойған темір мосыны білдірмей қолтығына қыса кетті. Аспан ала бұлт екен; төбеден ауып бара жатқан толық ай бұлт тасасын қорғалап, ұзақ уақыт көрінбей қойды. Бірақ той боп жатқан ауылдың бар тынысы Жаман Боташтың кең жазығынан аның сезіледі. Ошақ басында табақ көтерген жігіттер, шаңқылдаған әйелдер қараңдайды. Бөбек соларды сезді ме, жоқ па, белгісіз, артында аңдушы болғасын аяғын әдейі асықпай, сабырмен басып ауыл сыртына қарай ұзай берді. Үйден шыққалы артына бұрылып қарамаса да, ізін өкшелей басқан оқыс жігітті шөптің сытыры мен аяң дыбысынан анық естіп келе жатқан-ды, кенет қалт тоқтады.
─ Әй, малғұн!.. Боқ жейтін ит емессің ғой. Қалатын кезің болды ғой.
Күйеу қанша жетесіз болса да, осы жолы өз ісінің шынында оғаш болғанын сезді де, төбеге ұрғандай тұрып қалды. Күдік туғызғысы келмеген қыз онша ұзаған жоқ; анадай жерге барды да, шапанын басына бүркеп, бір түп шидің ығына бой тасалай отырды. Жігіт қыздан көз жазбады. Сүт пісірімнен асты, бұл әлі тырп етпей, табанынан сарсылып тұр. «Әкеңнің көрі... Немене арқан... жатырма?» Бір орында сарсылып тұра - тұра, әрі -берідесін аяғы талды. Шыдамы да таусылып барады. Бірақ дыбыс беруге дәті бармай, онсыз да ызадан жарыла жаздап тұрғанда ауыл жақтан бұны іздеген кісілердің даусы шықты. Кідірмей бір топ жігіт жүгіріп келді.
─ Ау, не болды? Неғып тұрсың?
─ Жеңгеміз қайда?
─ Жеңгең бар болсын!
─ Е, неге түңілдің? Не болды?
─ Не болсын... Отыр той, әне!
Жігіттер ши түбінде қарайған бірдеңені көріп, бірін - бірі шымшылад мырс-мырс күле бастады.
─ Атаңның басына күлесіңдер ме? Ой, өңшең дуылдақ! Өңкей жөркелеш!- деп Ожырай оларға зекіріп тыйып тастады. - Қалай, ана жақтарыңда дырду бітетін бе?
Шеткерек тұрған жігіт қасындағыға күңк етті: «Сорлы, қайтсін?! Қалыңдығы қолына тимей, өліп-ақ тұр екен». Ет пен қымызға тойып есіріп алған жігіттер бір есептен көңіл ашар ермек табылғанға мәз. Есерлеу бірі бұта түбінде қарайғанға ай-шай жоқ жетіп баратындай ұмтылып жүре түсті де, кілт тоқтады. «Жеңеше! Әй! Әй!» деп дауыстап еді, бірақ жауап болмады. Ожырайдың қасына қосшы қып ертіп жүрген мына жігіттердің бәрі де оған еліктеп шетінен боқтампаз, ожар, сотқар болатын. Күні ертең өздеріне жеңге болғалы тұрған мына қыздың бұлар көк желкесіне тақап кеп әрі-бері дыбыс берсе де, бірақ қызы құрғырдың үндемей қойғанына әуелі таңданып бір- біріне қарады. Сосын ызаланып: «Ой, әкеңнің көрі...» деп ожырайшылап боқтады да, ши түбінде отырған қызға сырт жағынан төніп келді де «Әй, жеңеше! Жеңеше!..» деп тағы да дыбыс беріп еді, бірақ қыз бұл жолы да қозғалмады. Сосын есерлеу біреу:
─ Жеңгеміз ғой, несіне ұяламыз?!- деп күлді де, басына бүркеншік жамылған қызға жетіп барды. Сырт жағынан төніп, мойнын созып қарады.
─ Мәссаған - н!.. Ой, әкеңнің көрі... Әй, әй, бері келіңдер! Бері, бері келіңдер!
Кейінде тұрған Ожырай қасындағы жігіттермен бірге жүгіріп келе бергенде, әлгі әумесер жігіт мосыға жапқан қыз қамзолын сыпырып алып лақтырып жіберді. Сүйтсе, манадан бері бұлардың сыртынан торуылдап тұрғандары қыз емес, үш аяқты темір мосы боп шықты. Қыз мосыны аласалау ғып құрып, үстіне мақпал қамзолын бүркепті де, өзі қараңғыны жамылып тайып тұрыпты.
* * *
Бөбек қанша жүгіргенін білген жоқ-ты. Жолында ұшырасқан қарайғанның бәрінен қорқып, бұға-бұға өзінде де зәре қалмады. Бағана күн батар алдында ауыл сыртында жайылып жүрген бір топ аттарды байқағаны бар- ды. Шамасы, құдалардікі болу керек, ерін алмай шылбырдың бір шетімен тұсап жіберген үш аттың үстінен шықты. Екі күннен бері мүшеге шауып, борбайын созып тастаған аттар терін әлі баспапты.
Бөбек қолына түскен атқа міне сала шапты. Сонан қан сорпасы шыққан ат таң алдындағы қоңыр салқын қарсы алдынан қос қолтығы мен омырауына соғып, кішкене көтеріле түсті де, сәлден соң аяғын ала алмай тапырақтай бастады. Бұл кезде жазғы таң да жақын қалған-ды. Сәлден соң шығыс жақтан күн шапағы кәдімгідей саз беріп, сары қабақтана бастап еді. Ат басын бірден Бел - Аранға туралаған қыз балықшылар аулына қалай да қуғыншылардан бұрын жеткісі келді де, қан сорпасы шыққан атты үсті - үстіне тепкілеп бірде шоқытып, бірде сыдырып келеді. Шығыс жақ алаулап қызара бастағанда, қыз тақырға тұрған қаңқа килікті. Айналып өтсе уақыт өтетін болғасын толарсақтан келетін шалшық суды тақымы астында аяғын тәлтіректеп басқан атпен шалпылдатып кешіп өтті. Әуелі ат шашасынан келген қақ суы ілгері барған сайын қайсыбір жерлерде тереңдеп, аттың бауырын шайып отырды. Енді тереңдейді - ау дегенде, қаң су қайтадан тайыздап, тағы да ат шашасынан кеп, шалпылдатып кешіп келеді. Кейде ат тұяғы су астындағы тасқа тиіп, шақылдап кетеді. Бөбек бір сәт ат үстінен еңкейіп, шалпылдаған су мен шақылдаған тасқа құлақ тіге түсті де, қуғыншы есіне түсіп асыға бастады.
Aт алқынып қалды. Бөбек атты «шу-шулеп!», артына қайта-қайта жалтақтап қараумен келеді. Кейінгі жақтан әзір шаң көрінбеді. Түндегі ала бұлттың қазір етегі ыдырап, аспан шайдай ашылды. Жаз шыққалы мал жайылмаған жағалаудың реңі тіпті жақсы екен. Көз жеткен жердің түгі түлеп, әсіресе, күн шапағы түскен шөп басындағы сіркедей шықтар жылт-жылт етеді. Ілгері жүрген сайын жан-жағынан ақырған ащы жусан иісі аңқып, басы айналды ма, тақымы босаңсып бара жатқан сияқтанды. Дәл сол сәтте бұта түбінде қонақтаған бозторғай аттың аяғының астынан пыр етіп, жоғарыға шырқай көтерілді. Бөбек бойын жиып алды. Тастөбеде қыбыр етпей тұрып алған торғай емес, бұның өзі де бір орында тапжылмай тұрып алғандай шошып кетті.
─ Шүу! Шүу, жануар!
Бел - Аранның кезіне ат ырсылдап әзер шықты. Ілгергі жақтан жарты әлемді алып жатқан ұлы теңіз жарқырап қоя берді. Сол жақтан өгіз шағалалар өкірді. Онан жар басында жарбиған жер қазбалардың жер қазбасын көргенде, қыз күліп жіберді. Бел - Аранның кезінен аса бергенде артына бұрылып еді, бұл жолы көз ұшынан шаң керінді.
─ Шүу! Шүу, жануар!.. Айналайын, көкетайым, жалынам! Әне, анау біздің ауыл... басшы аяғыңды! Басшы!
Бөбек атты тепкілеп, басқа-көзге сабалай бастады. Бірақ ат әбден болдырған еді, ырсылдап, аяғын әзер алып келе жатқан-ды. Балықшылар аулының көк желкесіне келгенде тілерсегі дірілдеп, аяғын ілгері бір басты, екінші басқанда гүрс етіп құлап түсті. Бөбек ұшып тұрды. Ат тізгінін тастай сала басынан жұлып алған орамалды бұлғап, шырылдап, жанұшырып жүгіріп ала жөнелді. Бұл кезде қуғыншылар Бел - Аранның кезінен бермен асып, аттарын борбайлап келе жатты. Олар Бөбекті көрді. Бөбекке көмекке жүгірген балықшыларды да көріп, аң көз жігіттер атқа қамшы басып, бар даусымен «Қапта! Қапта!» - деп ұран тастап келеді.
─ Рай... Райжан... Құтқар!
Жанұшырған қыз жігіт құшағына құлай кетті. Балықшылар жан-жақтан жүгіріп кеп жатыр. Кәпелімде қырық - елудей кісі қызды ортаға алып, қиқулап келіп қалған көп аттылының жолында иық тірестіріп тұрып алды. Аналар да сойыл-шоқпарын оңды-солды сілтеп ағызып келген беті бірден лап берген жоқ. Құдды жарға соққан толқындай, аттарын шапшытып, суық сұспен бетпе-бет тоқтады. Бәрінің көзі Кәленде. Өз тобының алдына шығып, құлаштан астам болат сүйменді қу таяқ құрлы көрмей, шірене басып тұрған нар тұлғалы жылан көз бұжыр қараны көргенде қай кісінің де жүрегі шайлығып қалғандай. Кәленнен тек Ожырай ығар емес. О да өз елінде аты шыққан ақ көз. Астында Оспанның әйгілі ақбақайы. Оң қолын шынтағына дейін сыбанып апты. Сол қолымен ат тізгінін тежеп, ал білегін сыбанып алған әлгі оң қолымен емен найзаны сығымдап ұстап дір-дір етеді.
─ Уа, ағайын,- деп Мөңке өз тобының арасынан суырылып алға шықты.- Ағайын, ақылға кел! Қайтыңдар!
─ Жесірімізді бер!
─ Жесірімізді алсақ, өзіміз де қайтамыз.
─ Бөбек саған жесір болса, маған балдыз емес пе еді?.. Әйелімнің туған сіңлісі еді ғой. Бұта түбін қорғалаған бір балапан торғай шырылдап кеп бауырымызға тығылған да...
─ Уай, ондай мәмілең өзіңе. Әй, жігіттер!.. Не тұрыс бұл?.. Уа, қапта! Қаптаңдар!..
Сүйдеді де, ана жақтан қаба сақалды еңгезердей біреу ұзын сойылын зәрлене көтеріп алды. Иін тірескен аттылар лап беретіндей ілгері ұмтыла бастап еді. Бөбек жүгіріп ортаға шықты.
─ Мыналардың аяйтын түрі жоқ. Қайтем, тағдырдың салғанын көрем де,- деді де, қыз ар жағында анталап тұрған аттыларға қарай жүгіре жөнеліп еді, мына жақтан Рай да жүгіріп қызға аналардан бұрын жетіп, көтеріп алды. Сол сәтте Ожырай:
─ Ой, атаңның көрін... деп атқа тақым басты.
Иін тірескен нөпір лап қойып, екі жақ апыр-жапыр айқаса кетті. Аттар кісінеп, сойылдар сартылдап ала жөнелді. Екі жақта да үн жоқ. Тек бір- біріне ұмтылған кісілердің тістері шықыр-шықыр. Құлшына сілтеген қайың сойылдар сарт-сұрт. Екі жақтан да соққыға жығылған кісілер қансырап құлап жатыр. Ана жақтың осындайда қайрат көрсетер жігіті -қаба сақалды қара бірден Кәленге тап берген-ді, Кәлен жалт беріп сойыл астынан сытылып кетті. Екінші айқаста өзіне сілтеген сойылды Кәлен денесіне тигізбей, темір сүйменмен қағып жіберді де, қаба сақалдыны қақ шекеден көздеп еді, бірақ аттылы кісіге қолы жетпей, сілтеген сойыл иықтың басына тиді. Қаба сақалды талықсып, құлай жаздап, жан - дәрмен ат жалына жабысты.
Алғашқы айқаста Ожырай Райға тап берген-ді. Бірақ бер жақтан көмекке ұмтылған балықшылардың ортасына түсіп қап, оңнан - солдан соққылар жауып бара жатқасын Ожырай тайқып шықты. Аттың басын іле-шала бұрып Райға қайта шүйлікті. Райды қорғамақ болған жас жігіт қадасын көтеріп қарсы ұмтылып еді; Ожырай оны аттың омырауымен қаға бере көк сүңгіні дәл жүректен салды. Әлі де найзасын ырғап, ұңғысы бойлап кіргесін ғана қайта суырып алмақ болғанда үлгіре алмай, ат екпінімен ағып өтті. Қолынан шығып кеткен найзаға қайрылмады. Көзіне қан толып кеткен. Шаң арасында қаша ұрыс сап бара жатқан Райды көре сала ақтабан атты тебініп қалды. Қалың топты жарып, омыраулап келді де, дойырмен Райды ұрып жықты. Бөбек шыңғырып жіберді. Кәлен Райды көзінен таса қылмай жүр еді. Жас жігіттің соққыға жығылғанын көргенде, өзін ортаға алып, жан-жағынан анталап тұрған аттыларға ақыра ұмтылды. Темір сүйменді оңды - солды сермеп, жолын кес-кестей берген екі жігітті аттан ұшырып түсірді. Бірақ Кәлен жетем дегенше, Ожырай ақтабан атпен шүйлігіп келіп, қызды көкпар лағындай іліп әкетті. Аттың басын асығыс бұрған күйі қызды алдына ұзыннан сұлата салды. Қалғандары да аттарын бұрып, Ожырайдың соңынан құйындатып шаба жөнелді.
Кәлен жүгіре түсті де, ат шаңына тұншыға тұрып қалды. Қолындағы темір сүйменді лақтырып жіберді. Қасына Рай келді. Қос самайдан аққан қан бетін жуып кеткен. Көзінде жас.
─ Ағаеке - ай, қ орлығы өтті-ау мыналардың. Мынадан кейін бүйткен тірлігі құрысын! Құрысын!
* * *
Анада кеткеннен Судыр Ахмет теңіз жағасында, иесіз қора арасында жалғыз үй қалған қатын - баласына екі айдан кейін ғана оралған еді. Ой, несін айтасың, аты күйлі. Өзі ажарлы. Омырауын айқара ашып тастаған аң көйлектің жағасы кіршіксіз аппақ. Ердің артына бөктерген жетім қозы қарнындай екі бөлек түйіншегі бар.
Судыр Ахмет үйге жеткенше шыдамай, анадай жерден айқайлап, балаларының атын атап келеді. Осы түрі қаланы базарлап, іші-сырты майланып ырғап-жырғап қайтқан кісідей. Ол асыққанмен, бірақ астындағы алқабел торы аяғын басар емес. Жаз шыққалы көкке тойып қабырғасын жауып алған тұғыр жағаға жақындап, кеше көктем жылт етісімен қырға көшкен ауылдардың иесіз қыстауы, қора-қопсысынан үркіп осқырынады. Оның үстіне жаз бойы ылғи кең жайлау, салқын сабатқа қанат жайып қаз-қатар қонған ақ үйлердің белдеуінде тұрып малды-жанды ауылға үйреніп қалған-ды. Енді мына айналасына қамыс шәлі тартқан, үңгір - шүңгірі көп, үнсіз мелшиген қыстау үрей туғызып, торы ат қос құлағын төбесіне тіге осқырып, аяғын ілгері баспай, артына ығысып, шегіншектей берді. «Ay! Ау, бұ қалай? Тірі жанның жоғы несі?- деп ойлап, Судыр Ахметтің жүрегіне суық үрей шапты. Үзеңгіге тіреген аяғының басы дірілдеді. Өндіршегі тоқпақтай ұзын мойнын ілгері созып, қамыс шәлі үстінен созыла қарап:
─ О, қатын!- деп еді, есік-терезесі жоқ, үңірейген иесіз там іле жаңғырығып: «О, қа...ын – н - н!» - деп қайталады.
Судыр Ахметтің екі көзі атыздай болды. Әншейінде, от басында, қатын - бала алдында отырғанда ерсігені болмаса, бұл өзі зәті қорқақ. иесіз қыстау мен, әсіресе, елсіз жердегі қора, молалардан қорқатын-ды. Енді мына есік-терезесі жоқ, иесіз қаңыраған үй бейне екі көзін ойып алған кісідей, қамыс шәлінің ар жағынан үңірейе қарады. Судыр Ахмет тілін кәлимаға келтіруге жарады. Бірақ атының басын бұра алмады. Үркек ат осқырып жалт бергенде, ол ерден түсіп қала жаздады. Онда да қос қолымен ердің қасынан ұстай алған Судырақ тақымының астынан суырылып шығып бара жатқан аттың жан - дәрмен жалына жабысты. Қанша шапқанын білмеді. Қай жерге келгенін де шамалай алмады. Бір кезде торы аттың шабысы жайылып, ырсылдап қалғанын сезіп тізгінін тартты. Әншейінде басына қоңырайтып киетін киіз қалпақ көзіне түсіп кетіпті. Жаңа ес-түсі қалмай шапқанда үстіндегі қақпа шекпеннің қос шалғайы тақымынан шығып, құс қанатындай жалпылдан келеді екен. Есін жиғасын қараса, жаңа ғана ердің қасында ілулі тұрған ат дорба ұшты -күйлі жоқ, қайда түсіп қалғаны белгісіз.
Ол ат үстінде дұрысталып отырып, айнала төңірекке көз тастап еді, күншығыс жақ тұтасып жатқан теңіз. Кәдімгі өзінің желсіз тымықтағы дағдысы: күн сәулесі астында үлкен айдын аппақ боп жалтырайды. Шырадай аң тымық! Теңізден көз ала бергенде, берегіректе отырған балықшылар аулының түтіні көрінді. Осыдан кейін ғана Судыр Ахметтің жүрегі орнына түсті. Ауыл іргесіне келіп тұрып есі кеткенше шапқаны оның өзіне әлде оғаш, әлде қызық көрінді ме, әйтеуір сасық күзендей шақ-шақ күлді.
Судыр Ахмет үсті-басын дұрыстап, ағаш ерге қайтадан қоңырайып отырды. Атын ақырын бастырып Бел - Аранның баурайындағы терең сайға жалғыз аяқ ешкі ізбен қиялап түсіп келе жатып көз салып еді, несін айтасың сай бойының реңі тіпті басқа екен. Талдыбекенің көгі сірә да қалың, көлеңкелі табанына құба тал біткен. Тал арасында беке - бұлақтар сылдырап ағады. Және осыдан қашан жаз аяқталғанша шілденің ыстық аптабы шалмайтын сай бойы керім от, іріп тұр. Басқа жерден гөрі бұлақ маңының шөбі қау. Айрықша, бір- бірімен бой жарыстыра таласа өсетін сарысолма, изен, таспа боз кер жусан бойшаң, балғын. Бәрі де бауырына көлеңке сақтап, хош иіс аңқып тұр.
─ Паһ! Паһ! Түлеп-ақ тұр екен! Жарықтық, несін айтасың, осы мына Талдыбеке жер шұрайы ғой,- деп Судыр Ахмет анадайдан мұрнын жарып қоя берген көк жусан иісімен құшырлана дем алды.
Ол енді асықпады. Оу, несіне асығады?! Міне, көрмейсің бе, жағада отырған балықшылар аулына келді. Үй болған үй қазан-ошағын сыртқа шығарып, есік алдына құрып апты. Сыртта, жіп кермеде бауырынан жарып қақтаған балықтар алыстан көз құртын жеп барады. Судыр Ахмет шұқбырып бара жатқан сілекейін аузына жиып тартып алды. Ауыл іргесіне тақап келгенде шыдамай, атын үстін - үстіне тебініп қаттырақ бастырып, емпелеңдеп келе жатқан-ды. Кенет көзі шеткі жолым үйге түсті. Онан желі басында жатқан жас ботаны көргенде көңілденіп кетті: «Ә, қараша інген... О, жануар, аман-есен боталаған екен ғой». Үй жанында май шаңдақты бұрқылдатып, шауып жүрген қара домалақ балалар - бір ұл, екі қыз көзіне оттай басылды:
─ О, қозыларым!.. Боталарым!..
Көзіне жас келді. Балаларының атын атап дауыстайын деп еді, оған бірақ қапелімде даусы шықпай, көмейі бүлкілдеп, мұрны суланып бара жатқасын ат үстінен еңкейіп мұрнын дың еткізіп бір сіңбірді.
Судыр Ахмет қатынына дән ырза. Өзіне де ырза. Өзі жоқта екі-үш керегенің басын қосып, лаждап қусыра салған жаппаның қақ төріне шығып отыр. Екі тізесінде - екі қызы. Алдында - ұлы. Өзі орасан көңілді. Сұңқ-сұңқ етеді:
─ Е, сөйтіп көшіп алдым де... Ал, қатын, мұның ақыл болған.
─ Ақыл болды ма, әлде ағаттың істедім бе, тап сол арада өлшеп - пішкен мен жоқ. Мойның алысқа түсіп кеткенін білдім де, балықшы қайныларымның қасына көшіп алдым.
─ Міне, ақыл! Ау!.. Ау, Бибіжамал - ау, мен ел қыдырып кеткенде, сенің бұл жақта осылай өзіңе үйір табатыныңды біліп кеттім ғой. Ал, сонан қараша інген боталады де! Үйге де береке келді десейші...
─ Ие, ерніміз аққа тиді. Балалар балыққа тойып, оңып қалды.
─ Осал екенсің! Бәсе, біздің қатын бас пайдасын білсе керек еді ғой. Ау, қатын - ау, үй шаруасын артымда сен бітірсең, түз шаруасы менен де қалмады. Осы сапар мен де қармақты талай жерге салып келдім. Алғаным да бар, алмағаным да бар. Бірақ, қатын, тұра түр... түбі бір қарым қылам. Әлгі ала қоржын қайда?
Судыр Ахмет ірге жаққа қол созды. Қоржын деп қампайтқаны - ер артындағы екі түйіншек. Оның бірінде көк бүйрек ақ құман. Екінші түйіншекте - бір-екі қадақ шай, арзанқол кәмпит. Оны да Шалқарда тұратын бірге туған ағасы - Нағымет әперді. Нағыметтің баласы жастайынан кәсіп қуып қалаға кетіп, аяқ жолын білгендей орысша үйренген-ді. Өлермендігінің арқасында соңғы кезде сот кеңсесіне тырнағы ілікті. Қазір сотта болмашы бір қызметте. Сонан келе ел көзінде нағыз сот өзі секілденіп көшеге сыймай жүреді. Жұрт ұғымында да солай. Айрықша, алып қаштысы көп ел іші оны сот деп дәріптеп, істі болған кісілер осы күні Нағыметтің шалғайына оралады. Судыр Ахмет те «сот» інісіне жиі барғыштап жүр. Нағымет пен Ахметтің арасын адам түсінбейді. Ағасының баласы « сот » болғалы бұл екеуі айрықша қырғи қабақ. Судыр Ахметтің көңілінде қуаныш та, қызғаныш та бар. Қалаға барған сайын жұрттың Нағыметті -«соттың әкесі» деп құрметтеп жүргенін көреді. Істі болған кісілердің Нағыметке қошемет көрсетіп, жалпылдап жатқанын көргенде, Судыр Ахмет қызғаныштан жарылып кете жаздап, оңашада: «Ау, бұл қалай?- деп ойлайды, - Нағымет Маралбайдың баласы болғанда, мен... обай - ау, мен жерден шықтым ба екен? Бұл халың мені неге «соттың ағасы» демейді? Әлде... ерегіскенде көшенің ортасында тұра қалып, өзім айғайласам ба? »
Қалаға келген сайын жұртқа ол езін қалай да «соттың ағасы» деп айтқызғысы кеп әбігерге түседі. Кісі - қара көзінше келініне таза көрпе салғызып, қақ төрге қақшиып отырып алады. Сырт кісі болса тіпті жаман. Онсын осы үйдің бар жанын бір өзі билеп-төстейтін кісідей, от басының болмашы ұсақ-түйек шаруасына араласып, әркімге бір әкіреңдеп зықын алып бітеді. Үйде інісі болса, Судыр Ахмет оның жанына барып отырып алады да: «Қабенжан!..»- деп оның асты-үстіне түсіп бітеді. Ал Қабең осы ағасын онша жақтырмайды. «Сот» інісі осы жолы Судыр Ахметке: «Е- е, сонымен үйің биыл жайлауға көшпей, жағада қалды де? Ендігі жерде ел ішіне «балықшы Ахмет ата-анам десеңші!» -деп күлді. Сол күні кісі - қара да ойдан-қырдан жинала қалған екен. Осы заманның кісілері де жасы үлкенді сыйлауды қойған. Шетінен ыржақай, жәркелеш. Және аузы қисық болса да атқа мінгенді сыйлайтынын қайтерсің?! Қабен айтқан әлгі сөз тап бір Құдайдың өз аузынан шыққандай қапелімде қала-далаға тарап, ел іші құлақтанып кетті де, бүл ыза мен намыстан өле жаздады. Бірақ, амал қайсы, көпке күл шашасың ба? Судыр Ахмет тап сол сәтте: «Сен итті енді көрмеспін»,- деп ойлаған-ды. Бірақ тегін кісі сот бола ма?! Арам неме кейін ағасына көйлек-дамбал кигізді. Жеңгесіне арзан - қол шыттан көйлек, жаулың әперіп, аз нәрсемен ағасын ырза қып аттандырып еді. Сүйтсе де Судыр Ахметтің көңілінде дық кетті. Шаршы топтың алдында «балықшы Ахмет» деген зәбірі есінен кетпеді. Теңізге жақындаған сайын осы атақ аршыл жанына аяздай батқаны. Маңдайына қара күйелеп баттитып жазып жіберген қорлық таңбадай жол бойы көзі шалған,құлағы есіткен дыбысқа дейін бұған «балықшы Ахмет!» деп ызыңдады да тұрды. Кісінің қадірі кетейін десе қайдағы - жайдағының бәрі үйір, не болса сол иықтан басатынын қайтерсің?! Қаладан шыға бере - ақ бұған бір шымшық тал болсын. Е, Алла... адам қор болайын десе аяқ астында. Сол шымшық қалып та қоймай, озып та кетпей, торы аттың алдына түсіп ап, таяқ тастамдай жерге ұшып - қонып, құйрығы қылп-қылп етіп, бұған бейне «балықшы Ахмет... Балықшы Ахмет...» деп шиқ-шиқ ететін сияқтанғаны.
Тәңірі жарылқағыр, Тәңірберген... Сол айналайын... Айтатыны жоқ, азамат қой. «Сот» інісінен көңілі жүдеп қайтқанда, сол... Иә, сол айналайын, бұнымен терезесі тең адамша сөйлесті - ау! Бұның жағаға кетіп бара жатқанын есіткенде... апыр-ай, жас мырза бұның жанынан шықпай жабысып алғанын қайтерсің?! Оу, бұ да Құдайдың бергені ғой! Сонан ол бұны жібермей қонақ қылды. Анау-мынау емес, тура хан... Тура ханның өзіне қызмет еткендей... хе-хе, астында атлас көрпе, қолтығында құс жастық. Ал! Ал, кәне, бұған не дейсің?! Әркім сыйлағанның құлы. Кісі осындай азаматтың жолында өліп кетсе де арман жоқ. Сонан, не керек, Тәңірбергенжан өзімен терезесі тең адамша асты-үстіне түсіп сыйлап отырып, ой, айналайын - ай, сол арада бұған өлердегі сөзін айтып, егер соңыра осы өтінішімді орындасаң астыңа ат мінгізем деп уәде берді. Иә, уәде берді ғой. Көрерсің де білерсің, айтты - бітті. Уәдесін орындайды. Жас мырзаның аулынан көңілденіп қайтқанда алдынан, міне, мінекей, қатын, баласы... балалары... «Сот» інісінен көрген зәбір, қорлық қазір бұның есінде де жоқ. Қатын-балаға қауышты. Қараша інгеннің аман боталағанын есітті. Желіде бай л аулы жатқан ботаның жанына барып, тұмсығынан шымшылап қайтты. Сонан соң балаларына қаладан әкелген базарлығын үлестіріп, үй ішін қарық қылды. Өзі де көңілді! Өзі әкелген кәмпитті тістеп, өзі әкелген шайға қара тер боп қанып алды. Қатын-балаға қауышқалы бетінен қағатын бір жан жоқ, өзі би, өзі қожа, сұңқылдап сөйлеп отыр. Ал, сыртта есік алдында бір қазан балық былқып пісіп жатыр. Түрулі есіктен сұр балықтың жеңсік иісі мұрнына кеп, танауын қытықтап барады.
─ Қатын, түсіретін уақыт болған жоқ па? Тәйірі, сүр балық бір бүлк етсе пісіп қалатын еді ғой,- деп Судыр Ахмет өндіршегі тоқпақтай ұзын мойнын қазан жаққа қайта-қайта созып үңіреңдеп, ашқарақтана көз тастап қояды. Осы қазір қатын-балаға ықыласы артықша. Айдары күңсіп, үсті-басы балық сасыған балаларын тізесіне мінгізіп:
─ Әкең жақсы ма? Қаладан кәмпит әкеліп берді ме? Ә- ә! - деп қыт-қыт күледі. Бір кезде аяқ астынан Ақбаланы еске алып,- пақырға бір қайнатым шай, бір тістем кәмпит берші! Тірі жетім боп отыр ғой,- деді мүсіркеп.
Сүр балыққа тойып алғаннан кейін, Судыр Ахмет тіпті көңілденді.
─ Ана жақтағы ауылдар... кедейің бол, байың бол, бір ағарғанмен отыр. Қара азық емге жоқ. Тісіңе дән тимейді. Оу, оу, Бибіжамал - ау, теңіз... бұл теңіз ше... мына үй іргесінде шалқып жатқан көк теңіз бар- ау, түбі жоқ ырзық қой. Көктен салбырап түсіп тұрған несібең ғой... Пісулі асың ғой бұл! Тек шалқаңнан аузыңды ашып жат та, қылғып жұта бер!.. Жұтуға ерінбесең болғаны,- деп мұндағы бар шаруаға көңілі бітіп, ырза боп кетіп,-қатын, не қыласың, биыл бізге Құдайдың қарасуының кемі жоқ,- деп қатынының тізесін құшырлана басып-басып қойды.
Ас-суын ішіп бола бергенде Судыр Ахметпен сәлемдесуге ауылдастар келді. Жаз бойы сол анау Хан жайлаудың қызығын көріп, қалаға шығып базар базарлап қайтқан кісіден көрген, білгенін сұрап сұхбаттасқан да бір ғанибет! Садағаң кеткір Судыр Ахмет, бұндайда қамшы салғызбайды. Жаңалық білмекке келген кісілерді зарықтырып, аузына қаратып қаңтарып қоймай, кім не сұраса да құдды тиегі салулы, ішек - пернесі тағулы, құлағын келтіріп қойған шыққыр домбырадай, тек шертсең болғаны - сайрай жөнеледі. Амандық-саулықтан кейін-ақ шаһарлы жердің жаңалығын өзі қозғап, аузына қарап ақталап отырған кісілердің зәресін ала сөйледі:
─ Халық басына бір нәубет келгелі тұр.
─ Тәйт! Аузың қандай жаман еді.
─ Аузымның жаман - жақсысын кейін білерсің. Ал, қазір айтарым - Ақ патша қазақтан солдатқа жігіт алғалы жатыр.
─ Астафиралла, не дейді?!
─ Қой, жарқыным, айдың күні аманда жамандық шақырып...
─ Ау, мен бе?.. Мен бе екен жамандық шақырушы?.. «Естіген құлақта жазық жоқ». Ана жақта қала іші гу - гу. Айтатын әңгімесі осы. Кеше түсте жас мырзаның үйінде қонақ боп отырғанда Құдайменде болысты ояз шақырып әкетсе... ойбай - ау, мен қайтпек екем?.. О несі - әй, пәле шақырдың деп маған тиіскені несі?!
Балықшылар сенер - сенбесін білмей, алақтап бір- біріне қарады. Дәл қазір бұлар қарсы бірдеңе десе Судыр Ахмет жеңсік бермей, езеурей түрегеледі. Жағалаудың тайыз суынан шабақ аулап жегеннен басқа түк білмейтін мына қара сирақ жаман немелердің жүрегін суылдатып, зәресін ұшырғанына дән ырза.
─ Көрерсің де білерсің. Ояздан оралғасын, Құдайменде болыс та қарап жатпас, өзі де бір хабарын берер!
Балықшылар жамандық есіткен жерде ұзақ отырмай, үйді - үйіне тарады. Олар кеткен бойда құрым киіз қостың есігі іле-шала қайта ашылып ішке Ақбала кіріп келе жатты. Құшағында құндақтаулы жас бала. Өңі жүдеу, бірақ есесіне үсті - басы мұнтаздай таза. Ақ бәтес көйлек шағаладай аппақ. Көйлек сыртынан көк масаты қамзол киіп, қос бұрым ғып өрген ұзын шаштың бір тұтамын өрмей, баяғы қыз кездегі сәнмен күлтелеп төмен түсіріп жіберген. Балықшылар кеткесін құдды бүгінгі күннің басты шаруасын бітіргендей, өз үйінің төрінде шалжиып жатқан Судыр Ахмет Ақбаланы көргенде басын жастықтан жұлып алды.
─ Амансың ба, қарағым?! Былай... төрге шық! Мында кел, өз қасыма отыр.
Судыр Ахмет келіншектің қандай оймен келгенін іші сезді. Сібірге айдалып кеткелі Еламаннан әлі хабар-ошар жоқ - тұғын.
─ Оу, орыс байын өлтіргесін аман жіберетін бе еді?.. Ол енді су түбіне кетті ғой. Бейшара топ басы болмаса да, әлгі жаман балықшылардың ішіндегі іліп ал ары сол еді.
Бұл осылай мәймөңкелеп отырып келіншектің қытықты жеріне тиіп бақты. Қанша ұстамды болса да Ақбаланың сырғалы құлағының ұшы сәл қызарып, күн тимеген аппақ маңдайын ыстың қан шарпыды.
─ Иманды болсын пақыр! Өзін жақсы көруші едім. Дұғама жиі кіргізем.
Судыр Ахмет көзіне кәдімгідей жас алып, мырсылдап отырды да, әлденеге әйеліне шыға тұр деп ымдады. Екеуден екеу оңаша қалғасын, ол көйлегінің жеңімен көз жасын сүртіп, құдды аяғы шықпаған мешел баладай Ақбалаға құйрығымен ырғақдап ысырылып отырды. Осы үйде өздерінің сөзін тыңдайтын бөгде ешкім болмаса да, әуелі жалтақтап жан-жағына қарап алды да, сосын аузын Ақбаланың құлағына тақап, құпиялар сыбырлады:
─ Өлгенмен бірге өлмек жоқ... тірі кісі тірлігін істеген. Шырағым, Ақбалажан, сен де қор болмас жағыңды ойла. Беліңнің күші, бетіңнің қызылы барда қатарыңды тап! Иә! Иә, сүйт,- деп, Ақбаланың қолын қос қолымен ұстап, қыңулап қысып - қысып қойды. Сыр сүзіскен көңілдес құрбы-құрдас сияқты. Қам көңіл келіншектің іші - бауырына кіріп барады. Ақбала бұрын бұл ауылдың кісілерінен ылғи көңіл делбегендей жұбаныш есітетін-ді. Содан өзі әжептәуір дәтке қуат алатын. Енді көрмейсің бе, мына жексұрын бұның сол азғантай ілдәлда үмітінің әлсіз тамырын түбінен қырқып үзе бастады. Еламанды ана жақта өз қолымен жерлеп, жаназасын шығарып келген кісідей, бұған ақи -тақи «үміт үз» деп отыр. Онсыз да Сібір айдалып кеткелі хабар болмай қорқып жүргенде мына сұмырай жұбату орнына, түсі суық бір жамандықтың шетін шығарып отыр. Ақбала аузына сөз түспей, әдемі иегі дірілдеп, өксік буып, булығып қалған-ды. Судыр Ахмет соны пайдаланып:
─ Сөз салған ешкім жоқ па?- деді. Беті шыдамаған келіншек Судыр Ахметтен жалма-жан бетін бұрып, сырт айналып отырды. Бірақ Судыр Ахмет құтқармады, дедектеп барып, келіншектің қарсы алдына жүзбе-жүз отырып алды:- Шырағым, саған бұл дүниеде тілегі түзу бір адам болса, бір адамды дос көрсең, сырыңды сенетін бір жан бар деп білсең... Ақбалажан, ол кісі - мен.
Жасы кіші ғой деп қысылған жоқ. Қайта Ақбала қысылған сайын ол еркінсіп:
─ Осы, мына Тәңірберген сөз салды ма?- дегені.
Ақбала ду етті. Шоқ қарығандай беті өртеніп бара жатқасын алақанымен дереу баса қалды да, тез тартып алды. Қорыққаны ма, әлде кінәлағаны ма, әйтеуір, Судыр Ахметке жас ішінде жанары дірілдеген көзі үрейлене қарады. Осы кісінің кескінін тап қазір көргендей қорқып кетті. Өн бойында ойдағыдай ғып жасаған бір мүше жоқ екен. Не артық жасап арбиып кеткен, не кем жасап, ойсырап мін боп тұр. Бір бас пен бір бет алдының өзінде талай оғаштық бар. Ұстарамен тықырлап алғызған басы шақшақайдың жұмыртқасындай көгіс. Төбе жағы сопақ. Сонысына қарамай құлағы аса үлкен, ақжарғақ, аламан құлақ. Алыстағы бір дыбысты сезіп, соған елең етіп, жарғақ құлағын алдына қарай шұғыл тігіп, тың тыңдап қалғандай, қапысыз сәт бар. Ақбаланың тұла бойы мұздап кетті.
─ Ақбалажан, сырыңды менен бүкпе! Мен саған дос адаммын. Тілекшіңмін мен.
Ақбала үнсіз. Судыр Ахмет қайта төніп:
─ Кіммен қара болсаң, сонымен ағар деген, шырағым,- деп қадала түсті. Тақа болмағасын, Ақбала:
─ Мынаны қайтем?..- деп қолындағы емізулі жас баласын көрсетті де, беті шыдамай бұрылып отырды.
Судыр Ахмет бір жайды шұғыл ойлап кеткендей, иегінің ұшындағы бес тал сақалын түбінен сығып ұстады да, тас қып көзін жұмып отырып қалған-ды. Бір кезде көзін ашып алды.
─ Ә, таптым...- деп өз санын өзі салып қалды.- Ал енді бұны... бұл балақайды... Аты қалай балақайдың?
─ Әшім...
─ Ә, Әшім бе? Аты жақсы екен... Алда, айналайын - ай! Құртақандай екен өзі де... Бұл балақайдың туғанына қанша болды?
─ Алты ай...
─ Е, алты ай де?! Өзі біразға келген екен ғой. Қарақұлақтанып қалған екен ғой! Қытық -қытық... Асылы, адам баласы шабан өседі - ау! Алты айдағы сиқы мынау. Тіпті бір жаста да бала түк емес. Қаз балапаны... ана көгілдірлердің жұмыртқасын жарған бойда жаутылдап суға мініп - мініп алатынын қайтерсің?!- деп Судыр Ахмет шықылықтап күлді де, кенет Ақбалаға қарай еңкейіп:- Ақбалажан, бұ балақайды сен әке-шешеңе апарып бер. Сүйекең баласын бақпай не бітіреді?.. Асылы, сен сөйт! деді сыбырлап.
─ Күйеуге шығатынымды білсе... әкемнің жайы белгілі, мені үйінің маңынан да жүргізбейді.
─ Ал, анаң ше?
─ Анам байғұс шыдамас еді... Бірақ әкем жібімейді. Оның мінезі белгілі ғой.
Судыр Ахмет көп ойланған жоқ: бұл жолы да тез ақыл тауып, соған қуанғаны сонша алақанын алақанына шарт еткізіп салып қалды:
─ Оларға күйеуге шығатыныңды айтпа! Тіпті, сездірме! Жас бала мойнымды бұрғызбайды де. Асымды да пісіріп іше алмай жүрмін де. Мына жиендеріңді өздерің бақ, қақ де, апарып таста... Сонда олар қалай қолқ етіп түсе қалмас екен. Иә, иә, сүйт! Сүйт!
Ақбала отырған орнынан бауырындағы баласын құшақтай түрегелді. Есіктен шығар жерде әлдене айтқысы келгендей, артына қайырылды да, бірақ ләм - мим деместен жүре берді. Ол ызалана басып есіктен шыққан бойда Судыр Ахмет шұғыл жадырап, санын алақанымен салып калды:
─ Болды бір қызық!
* * *
─ Ойбай!.. Ойбай! Мынау азап қой, нағыз дозақ мұнда екен ғой. Бағана ішкен асымның қайда кеткенін білмеймін.
Судыр Ахмет тастай қараңғы үйде жаны қыдырып жүгіріп жүр. Сары маса сыңсып тұр. Бірін өлтірсең, бірі келеді. Және құлағыңның дәл түбіне кеп, ызылдап тұрып алғанда, бейне біреу шекеңе бұрғы сап тесіп жатқандай. Тақа болмағасын Судыр Ахмет сыртқа жүгіріп шықты. Үй маңында үюлі жатқан тезекті тұтатып түтіндік салды. Қараңғы түнде үстіндегі ақ көйлек, ақ дамбал қылақытып отқа жүгіріп барды да, көк ала түтіннің ішіне сүңгіп кетті.
─ Ал!.. Ал!.. Ер болсаң, сен енді келші. Ә, солай ма? Хе – хе - хе!
Бірақ бықсып жанған ащы түтін астында тағат тауып тұра алмады. Сәлдесін - ақ көмейі мен көзіне түтін кіріп, дем ала алмай тұншығып бара жатқасын түтіндік астынан жүгіріп шықты. Шырт ұйқыда жатқан ауылдың сыртына қарай соңынан иттерді шулатып алау-далау боп жүгіріп барды да, өкпесі алқынып тоқтады. Түсі басқа кісіні танымай шабалаңдап үрген иттер ді жеті атадан боқтап, кесектеп қуалап салды. Бұнда да жаны сая таппағасын жаппаға қайтып келді. Сары маса өлі сықсып тұр. Соған қарамастан әлгінде өзі тұрып кеткен төсектің от жағында, керек десе, үстіне лыпа жаппай қаннен-қаперсіз ұйқыны соғып жатқан әйелін көріп, одырайып тұра қалды: «Осы ит-шошқа өліп қалғаннан сау ма?» Өлі - тірісін білгісі келді ме, еңкейіп әйелінің кеудесіне құлағын төседі. «Әй, тірі ғой...»- деді таңданып. Өзі жанын қоярға жер таппай жүргенде, бұл қайсаптың рахаттанып ұйқтап жатқанына ыза болды.
─ Неше, сірә, «қатынның қырық жаны болғанда» да, ой, найсап? Атаңа нәлет... Тұр!- деп Бибіжамалды бүйірден теуіп қалды.
─ А - а?! Жайшылық па?
─ Жайшылық болса жатпас па едім. Түр, үйді жық! Көшеміз.
─ Таң атсын да.
─ Таң атқасын менің өлігімді көрмексің бе?
─ Құдай шебер - ай, шыбын шаққаннан өлген кісінің моласын көргем жоқ.
─ Сұбыхан Алла! О, дінсіз!.. Көрмесең, енді көресің. Мына маса өлтірмей қоймас. Өлтірер!.. Өлтірер!- деп Судыр Ахмет қақпа шекпенмен басын тас қып бүркеп ап, зарлап жатты да,- ay, ay, қатын - ау...- деп, шыдамай басын қайта көтеріп алды. «Мына сары маса самсаған сары қол ғой. Бір де кем емес! Міне! Міне, ызылдап келді. Өзі ілмиген әп -әлжуаз. Қолыңа ұстап қарасаң тұмсығы да мүлік емес. Ал, сонан келе, сол тұмсықпен кісіні шаққанда... тап бір найза сұққандай! Міне - е!..
Алақаны арқасына сарт етті. Қақпа шекпенмен басын қайта бүркеп, қол - аяғын бауырына қысып бүрісіп жатыр. Осылай біраз саябыр тауып жатып, ара - арасында баж етіп ыршып түседі. Сонан ол таң алдында көз ілді. Онда да таң алдында теңіз беттен салқын самал соқты да, сыңсыған маса сап болды. Сонан Судыр Ахмет ұйқысын қандырып оянғанда бұл ауылдың балықшылары ауларын қарап келген екен. Сыртта, жер ошақ маңы қатын-қалаш. Жаулың ағараңдайды. Бибіжамал кісідей сары сазанды шыптаға салып, қабыршықтап жатыр еді. Судыр Ахмет үстіндегі шекпенді аяғының басына қарай серпіп тастап, атып тұрды. Дамбалшақ. Көйлекшең. Жалаң аяң. Жалаң бас. Төсектен тұрған күйі қыт-қыттап күліп, балық сойып жатқан қатынының қасына келді:
─ Осал екенсің!- деді де, күйбеңдеп Мөңкеге тартты.
Үй тола кісі. Араларында Кәлен, Рай, Дос. Рай жаралы басын ақ шыт орамалмен таңып апты. Балықшылардың әңгімесіне араласпай, босаға жақта жүдеп-жадап көзін төмен салып отыр. Судыр Ахмет мұнда болған төбелесті анада Шалқарда жүріп есіткен. Ожырай қазір кең жайлауға жазыла қонған жалпақ елдің аузында, аты шулы батыр. Оның бір балықшыны түйреп өлтіріп, Райды ұрып жығып, қызды алдына өңгеріп әкеткен ерлігіне бұ да қанық еді. Судыр Ахмет Райдың мұңды жүзіне мысқылдай қарады. Қызынан айырылып қалған жігітті кекеткісі кеп, тілі қышып отыр. Басқа жағдайда бұл өзін тежемес еді, қазір Кәленнен қаймығып, оған көз қиығын тастап қояды. «Кәпірдің бетін аулақ қыл! Бұл ма... бұл кісі өлтіруден тайынбайды».
Судыр Ахмет Ақбаланы жаңа кіріп келе жатқанда көрген-ді. Көңілге болмаса келіншектің өңі бүгін ала бөле сынық көрінді. Екі көзі қызарып кетіпті. Шамасы, түні бойы көз ілмей шыққан. Судыр Ахмет оны жақсы нышанға жорыды. «Ие, дұрыс. Дұрыс. Оу, қатынның көңіліне желік кірді дегенше, Құдай ұрды десейші»,- деп ойлады да, Тәңірберген беретін атқа тақымы тигендей, көңілденіп сала берді. Байқап отыр: Құдайменде аулы әңгіме болса, Ақбала ықыластана тыңдайды. Соны байқағасын, Судыр Ахмет салған жерден сөзді бай ауылдан бастады:
─ Биыл олар Ақмарқаны жайлады емес пе?! Несін айтасың, су жарықтық ел ырысы ғой. Мол су қоймапты. Жылда көңі құрысып жататын Ақмарқаның беткей, бөктері биыл кілем түгіндей құлпырып тұр. Құдайменде болыстың аулы көктемде бес - алты қап бидайды жусан арасына шаша салған екен... қазір сол далалыққа көк егін қақалып шыққан. Тұнып тұр - ау, тұнып тұр!
Мөңке мен Судыр Ахметтің әйелі екі-үш атадан қосылатын апалы-сіңлілі еді. Мөңке Судыр Ахметтің өз басын қанша жек көрсе де, тума-туыстың жағынан байлана беретін.
─ Қой әрі! Сол Қаратазды биыл жұрт көбеңдеу атап жүр еді ғой,- деп еді, Судыр Ахмет шап етті:
─ Көбеңі несі? Қазір Құдайменде болыстың көкке сермеген құрығы айға түсіп тұрған жоқ па?!
─ Не дейді, нанайын ба, жоқ па?
─ Нан, нанба, еркің білсін. Қазір оның дәулеті тасып дәуірлеп тұрған шағы. Жеті атасына бітпеген дәулет Құдайменде мен Тәңірбергенге бітті ғой. Өз аяғымен жайылатын малда есеп жоқ. Қырдағы жусанның жүзі қойдан көрінбейді. Ал, үйден суарылатын қызыл қозылар дуадақтай! Есік алдынан құйрығын тарта алмай өткенде көзіңнің құртын жеп -жеп кетеді.
Судыр Ахмет сөйлеп отырып та көзі жылтыңдап Ақбалаға қарап қояды. Келіншек жалғыз Судыр Ахмет емес, өзіне басқалардың да назары ауып, көзінің астымен бағып отырғанын байқағанда қайда кетерін білмей, үйде қалған жас баласын сылтау ғып орнынан тұра берді. Судыр Ахмет жымың етті: «Құдай қаласа, бай мырзасының бір сәйгүлігі біздің тақымға түскен шығар ». Осыдан кейін ол өзінің мініп жүрген атына ызасы келді: «Сол жамандатқырдан құтылсам екен. Арқасы қырғыштай. Кішкене жүрсең құйрығың ойылып қалады. Ит бүлкілі де ішіңді түсіреді».
─ Әй, суқит!..- деді Мөңке, Қаратаздың мақтауын жеткіздің. Саған оның арманы жоқ. Жә, сен енді қаланың әңгімесін айт. Ақ патшаның қазақтан жігіт алатыны рас па? Сол сөзіңнің түбі шикі емес пе?..
Судыр Ахмет аяқ астынан тулады.
─ Құдаймендедей бола алмайсыңдар. Оның басқан ізіне де тұрмайсыңдар.
Сүйдеді де, тұрды да жүре берді. Үйге бара сала жаман жаппасын жығып, ақ пен қызыл арасында Ақбаланың жерқазбасының жанына тігіп алды. Ол енді бұл ауылда Ақбаланың үйі болмаса, басқа бір жерге бас сұқпады. Көп ұзамай екі үйдің арасын жол қып тастады. Жүргенде күзенбел ұзын дене күйбең қағады. Кебіс киген аяғы бірде асығып, жортаңтап, бірде құдды ашу буғандай дыбырлап, жол шаңдағын бұрқ-бұрқ басады. Дене қимылында да бір түрлі күйбектік, тежей түскендік бар. Өзі аса ызалы. Үйіне келгелі әлі түк бітірген жоқ. Атын тұсап жібергелі бір жеті. Іздегісі кеп оқталады. Талай рет ноқтасын қарына іліп, сыртқа шығуы шықты - ау. Бірақ, пәле қылғанда, соның бәрінде де болмашы бір сылтау есіне түседі де, ізінше кері қайтады.
Кеше де атын іздемек боп шынымен жігерге мінгенде, сәті түспейін десе қойсайшы, сол арада қараша інгеннің мұрындығы есіне түсті. Әйелі әнебір күні шоқалақ арасынан бір тұтам қызыл түзген сындырып әкеп, «Аққозының әкесі, мынаны түйеге мұрындық істеп берші»,- деген-ді. Есінен шықпай тұрғанда, әуелі түйеге мұрындық істеп тастағысы кеп, әйелі әкелген түзгенді қолына алды. Онан түзгенді жонып отырғанда қылпып тұрған өткір пышақ қолын кесіп кетті. Қан тыйылмай, әуелі топырақ сеуіп, сосын әйелі киіз күйдіріп басып, үй іші әпі - шәпі болды. Онан басы қышып, шашын алдырғысы кеп Мөңкенің үйіне барып еді, бұның сорына о да қолға түспеді. Кәсіпқор неме ауын басқа жаққа аударып салмаң бон, жағаға кетіпті. Сол Мөңке бүгін де қолға түспеді. Сосын атын іздемек бон жүгенін қарына іліп сыртқа шығып еді. Үй жанында күлге шөгіп жатқан қараша інгенді көрді. Жаз шыққалы балаларды аз ғана ағымен алдарқатып отырған қолдағы жалғыз түйе адам аяғандай, іші-бауыры жабысып мықшиып қапты... Мұрнына құрт түскен бе, басын шайқап, пысқыра бергесін бұл жатты да ашуланды.
Асылы, Судыр Ахметтің бар қылығы балаға ұқсайтын. Егер ертеңгі күні жалғыз атты қасқыр жеп, не ұры алып кетсе, ол өзін кінәламайды. Тым құрыса, өткен жолы атын іздемек боп үйден шығып тұрып, ізінше кері қайтқанына да өкінбейді. Сол арада оның есіне мұрындық түседі. Оның ар жағын қазбаласаң, түйеге мұрындық істе деп түрткі болған әйел. Шоқалақ арасынан түзген сындырып әкеліп жүрген де сол! Сайып келгенде, ескі қазақ аулында келдектің қай басын басса да қайырылып әйелге тиіп, не басы жары лады, не көзі шығады.
─ Ойбау - ау, өзіме қалғанда әлдеқашан тауып әкелетін ат еді ғой. Осы қатынның - ақ ісі бітпейді... Ананы істе, мынаны істе деп кісінің қолын байлап... ақыры, міне...
Судыр Ахмет дедектеп, жүгіре басып жаппаға кірді. Бірақ көп айналмады. Әлдене салдыр - күлдір етті. Күйіп - піскен ызалы кісінің шаққылдаған даусы шықты. Сүйткенше болмай, ол жаппадан жын ұрғандай алау - далау боп жүгіріп шықты.
─ Ақбала! Уа, Ақбала! Қайдасың?- деп көрші үйге жеткенше шыдамай сырттан дауыстап келеді. Кебісін киюге де асыққан. Жалаң аяқ. Жалаң бас. Енді болмаса өрт ішінде қалатындай, есіктен ентігіп, сүріне-қабына кірді.- Ақбала қарағым, кешке біздің қатын отыннан келерде соғарсың.
─ Жай ма?
─ Қайдан жай болсын? Ойбай - ау, жай болса, сені шақырам ба? Үй ішін жинап жүріп, аққұманды сындырып алдым... Анада қаладан әкелетін көк бүйрек аққұман. Нағмет ағаекем сатып әперетін аққұман.
Ақбала аң-таң. Бұның өзі сындырған аққұманға отынға кеткен қатынның қандай қатысы барын біле алмай, дал боп тұрған-ды.
─ Ойбай - ау, мен... Мен бейбақ бұндайда шыдамаймын ғой. Сынған аққұманның ызасын кемпірден алам ғой. Ақбала қарағым, соңыра кемпір келерде соғарсың,- деді де, Судыр Ахмет шығып кетті.
Ақбала ойда. Осы Судырақтың ақылымен анада баласын ана сүтінен айырып, ата-ана қолында қалдырып кеткен-ді. Жөргектегі жас бала бие сүтін ашырқанып лоқсып құсып, жылап қалып еді. Сондағы шырылдаған даусы әл күнге Ақбаланың құлағынан үзілмей, жүйкесін жұлып, безек қағып тұрғандай. Айрықша, жерқазбада жалғыз отырғанда қиын. Оңаша қалса-ақ ойына баласы оралады. Ондайда шырылдап жылаған даусы үй алдына келіп-қайтып: «Қайдасың, анам!.. Анам!.. Анам!»- деп қақылдап тұрып алғанда бұл құлағын баса қала жаздайтын. Бала зары кейде тастай қараңғы үйде жалғыз жатқанда сырттағы желмен ілесе келетіндей. Қайсыбірде бала үні дәл қасынан шыққанда шошып оянып, төсегін сипалап қалатынды шығарған-ды. Кеше күн айналып жерге түскендей ыстық болған-ды. Үй іргесінен көлеңке іздеді ме, Қарақатынның екі лағы топырлап жүгіріп кеп, сыртта, есік алдында нәзік бір үнмен маңырағанда құдды бұның құлағына жас баланың даусы сияқтанып, ана жүрегі елеңдеп қалып еді.
Бір жолы осы екі лаққа шөлдеп жүрген шығар деп су берген-ді. Келіншектен мұндай мейірім күтпеген лақтар оған үркектей қарады. Ақбала мына лақтарға оңашада баласына айтатын ең бір мейірімді сөздерді айтып, өз қолымен су ұсынды. Екі лақ әлі де болса әйелге жаутаң-жаутаң қарап кішкене ауыздары шөпілдеп, суды шымшып ішті. Онан сайын Ақбаланың жан-жүйесі езіліп, қанша тежесе де ар жағында ағытылғалы тұрған жасқа ақыры ие бола алмады. Сосын ол жаулығының шетімен аузын басып, дыбысын шығармай, иығының басы дірілдеп отырды да, іші - бауырын күйік өртегенде баласы мен өзін осындай халге душар қылған тағдырына ма, Тәңірбергенге ме, әлде Судыр Ахметке ме, өзіне ме, кімге де болса лағынет қарғыс айтып, байдан да, байлықтан да безіп, бәріне талақ дегісі кеп кетті. Мойнына бұршақ сап, құс қанаты күйгендей ыстықта жазықсыз жас сәбиін... жетім лағын іздеп кеткісі келді. Кішкентай жетімегінің әлдеқайда айдауда жүрген әкесін аяды. Бала Ақбаланың бойына біткенде, ол сорлының қуанғаны есінде. Ана құрсағында баланың алғаш қимылдағанына мәз болған-ды. Қыста қақаған суықта күні бойы теңіз үстінде болып қайтқанда, басқа қалжыраған кісілер аяғын баса алмай қалғанда ол сорлы өмірі шаршау, қабақ шыту дегенді білмеді. Қайын жұртына барып, қалыңдығын көріп қайтқан жігіттей, үнемі үйге шаттанып күліп кіретін. Балық салған дорбасын босағаға тастай салып, келе сала үй шаруасына кірісіп кететін. Ондайда Ақбалаға ойын-шыны аралас: «Адам өзін шаққа алып жүргенде, сен дардай бір кісіні көтеріп жүрсің ғой. Маған бер», - деп күліп, үй шаруасын өзі істеп тастайтын. Ана жатырындағы балаға қаралай қуанып мәз боп жүргенде, енді міне, қол-аяғына кісен түсіп айдауда кетті. Судыр Ахмет секілділер оны әлдеқашан жерлеп қойды. Ас артынан Құран оқып, қол жайып, тие берсін айтып жүр. Ақбалаға да: «Шырағым, тие берсін де! Өлі аруақ артында қалған адамнан дұға дәметеді»,- деп зорлап отырып, бір- екі рет тие берсін айтқызды.
* * *
Кешкі қара көлеңкеде өз қайғысына өзі уланып отырған Ақбаланың үстіне Судыр Ахмет кірді. Бұл жолы да бар кездегідей етегіне сүрініп, даурығып келді:
─ Ay, Ақбала - ау!.. Ақбалажан - ау!.. Қарағым - ау, кел дегенім қайда? Есік ашылған сайын қараймын. Әне келер, міне келер деп күтіп, өзімді ұстап - ақ бақтым. Қайтейін, келмедің... Сосын, көрмейсің бе, кемпірімді шиедей ғып сабап келдім.
─ Ұрдың ба?
─ Я, ұрдым! Басын жардым. Келіп арашаламадың... Енді, оны өзің барып жұбат. Мен осында күте тұрайын.
Ақбала түрегелді. Есіктен шығар жерде Судыр Ахмет оны соңынан қуып жетіп, қолынан тартып ішке алып кірді.
─ Ал, Ақбалажан...- дей түсті де, әлденеден сақтанғандай үй ішіне айнала қарады. Ес-түсінен айырылып, сілейіп қалған Ақбаланы ол өзіне қарай тартып, аузын құлағына тақап, құпиялай сыбырлады, буынып - түйініп әзір отыр. Бүгін... Иә, бүгін таң алдында келеді. Қамсыз болма, білдің бе?
Ақбала түк дей алмай, тұрған жеріне отыра кетті. Қуанғаны, әлде қорыққаны белгісіз, тұла бойын діріл алып барады.
Ертеңіне балықшылар аулы у-шу болды да қалды. Тәңірберген тан, алдында бір топ жігітпен кеп, Ақбаланы алып қашқан-ды. Ақбала киім-кешегін буып-түйіп үйден шыққанда Тәңірберген сенімді жігіттерімен ауыл сыртындағы қоңыр төбенің астында аттарын тізгінінен ұстап тұрған-ды. Бай мырзасының мына қылығына ыза болған балықшылар у-шу боп жатқанда, ертеден бері бір шетте сөзге араласпай үнсіз тұрған Мөңке бір аттап ілгері шықты:
─ Жігіттер, күнде-күнде намысқа тиіп, басындыра бермей, бізге де қимылдайтын кез келді,- деді.
Онсыз да қанына қарайып тұрған ызалы жұрт жуық арада көтеріле қоймайтын қарт балықшының өзі бұлай деп тұрғасын делебесі қозып дуылдап шыға келді:
─ Қаптаймыз. Қырғын саламыз!
─ Дұрыс! Дұрыс айтып тұр. Аттанамыз! Кегімізді аламыз.
Ызалы жұрт жан-жақтан шулап, дүрлігіп бара жатыр еді,
Судыр Ахмет ортаға жүгіріп шықты:
─ Әй, Мөңке! Әй, сен де... Сендерде ес бар ма? Қазір көкте - Құдай, жерде - Құдайменде емес пе? Тұтақ! Құдаймендеге бәрің жиналсаң да түк істей алмайсыңдар.
Кәлен Тәңірбергенге әйелді шығарып берген өздерінін; арасында біреу барын жүрегі сезетін. Бірақ оның кім екенін білмейтін-ді. «Ә, сұмырай!»- деді ол тістеніп. Көзін Судыр Ахметтен айырмай, түйіліп келді де, қоян ілген бүркіттей желкеден бүріп алды.
─ Құдаймендеге түк істей алмасам да, ал, бірақ, сені, сен итті суға атпасам... Кәлен атым құрысын!
─ Ойбай!.. Ойбай, өлдім! Бибіжамал... Бибіжамал, қайдасың?!
Бір жан тырп етпеді. Бибіжамал да үнсіз. Үрейі ұшқан балаларын бауырына қысып апты. Мыналардың ішінде өзіне ара түсетін бірде-бір жанашырдың жоғын көргесін Судыр Ахметтің есі шығып, ит талаған мысықтай шар-шар етті. Кәлен оған қараған жоқ; қол-аяғын тыпырлатып қолтығына қысып алған. Осы бетінде түп - тура теңізге апарып, оны шыныменен суға ататындай еді; теңізге тақап келе бергенде тап жаңа қол-аяғы тыпырлап ойбай сап жатқан Судыр Ахмет кенет сап боп тыйыла қалды. Оның себебін түсінбеген жұрт таңданып, біріне-бірі қарады. Судыр Ахметке жаны ашыған қайсыбір көңілшектер: «Қайтсін бейшара, өлімге пейіл боп, басын бәйгіге тіккесін өмірінің ақырында бұған да Құдай дес беріп, өлсе де дыбысын шығармай, тістеніп өлейін деген ғой»,- деп ойлағанша болмады, Судыр Ахмет бұтындағы дамбалдың ауын толтырып, жаман иісті мүңкітіп жіберіп еді.
Кәлен бетін бұрып:
─ Ту, хайуан!- деді де, Судыр Ахметті басынан асыра жоғары көтеріп, анадай жерге тері тулақтай лақтырып жіберді.
Анау есінен танып, талып түсті. Бір жан қасына барып басын сүйемеді. Тек Бибіжамал ит те болса балалардың әкесі ғой деп, бір қолымен мұрнын басып жүріп үсті - басын жуып, аузына су тамызды.
* * *
Қазір ел ішінен біреуді біреу табу қиын. Жігіттерді майданға алатын болғалы ер- азамат үлкен әбігерде. Жастар жағы осы ыссыда аттарын сабылтып, ауыл мен ауылдың арасында жүйткіп жосып жүрген-ді.
Кәлен атын Сүйеу қарттың үйінің белдеуіне байлап жатып, ауыл тірлігіне көз салды: өрістен мал келетін күндегі дағдылы кез болған соң ауыл ішінің қазіргі қимылы, әсіресе қауырт екен. Қатын, бала қозы, лағын көгендеп, бота, бұзауын қуалап әбігер. Боташ тауының биік тұмсығын ықтай қонған ауылдың үсті у-шу, азан-қазан. Сүйеу қарт та ат үстінде жүргесін, Кәлен оның кемпірімен амандасып төрге шықты. Сосын үй ішіне көз салып отырып:
─ Шеше, Еламанның баласы қайда?- деп сұрады.
─ Қарағым, қорықпай - ақ қой. Бала тірі. Атасының тымағында жатыр.
Күніне толмай, шала туған баланы он айға дейін тымаққа салып, керегенің шұнақ басына іліп қоятын ескі ауылдың ежелгі ырымы болатын. Кәлен амандық-саулық сұрап отырып, ағаш төсек тұсындағы керегенің шұнақ басында ілулі тұрған сеңсең тымақтан көзін айырмады.
─ Келе бермейтін бала едің, отырып ас - су ішіп кет.
─ Рақмет. Асығыспын. Ағарғаннан ауыз тигізсеңіз болады.
Кәлен ат соғып, шөлдеп келген-ді. Жылы ағарғанды мейірі қанып іше алмай, бір- екі ұрттады да қайырып берді. Сонан соң өзінің ештеңеден тартынбайтын мінезіне басып, Тәңірбергеннің Ақбаланы алып қашқанын айтты да, кереге басындағы тымақты алды. Талай бастың шайыры сіңген ескі тымақ ішінде қара тер боп танау қағып жатқан сәбиді көргенде, аяныш қысқан жүрегі дірілдеп кетті. «О, пақыр!..»- деді ішінен. Сосын баланың жалындаған ыстық маңдайынан сүйді де, тымағымен көтеріп апарып кереуетке жатқызды.
Кемпір Кәленнің қалай кеткенін байқаған жоқ. Қайырып берген зеренді де алмай, ұршық ұстаған қолы тізесіне түсіп отырып қалған-ды. Ертеңіне Сүйеу келді. Шалының ашулы түрін байқаған кемпір аяғын ұшынан басып жүріп үй ішінің оны - пұны шаруасын істеді. Ол кеткеннен бері баланың әлсіреп қалғанын да айта алмады. Ақбаланы тіпті тілінің ұшына алған жоқ. Сүйеу қарт балаларының ішінде осы қызын өлердей жақсы көретін. Еламан айдалғалы оның орнын құлатпай, баласын барып, артын күтіп отырғанына тіпті ырза еді. «Менен ұл туған жоқ... тек, осы қызым... Ақбалам...»- деп үйде де, түзде де көлденең көк аттының бәріне мақтанатын. Жұртқа намысын қолдан бермейтін ызақор, ашушаң шал ел ішінде қайда бағы өрлеп тұрған кісілермен ұстасатын. Соған бағып, ол Құдаймендемен де бірде араз, бірде текетірес дүрдараз жүрген-ді. Енді көрмейсің бе... қызы құрғырдың қарт әкенің өмір бақи оты-суы қосылмай жүрген бай ауылдың жас мырзасына қатын үстіне шыққанын қайтерсің?! Бұны естісе... аршыл шал ызадан жарылып кетер... Кемпір бата алмады.
Үй іші оңаша. Дала шыжғырып тұр. Қозы, лақ үй іргесінен көлеңке іздеп, топырлап жүгіріп кеп, үйге сүйкенді. Ірге түрулі. Аңызақ аптап шарпып бетке соғады. Кейде жынша ойнап, кереге көгінде ызылдайды. Сүйеу төрде. Тіп-тік боп шаншылып алған. Ай татырда, ін аузында шаншылған саршұнақтай. Үстінде ақ бөз дамбал. Ақ бөз көйлек. Өзі де қан-сөлсіз арық. Және аппақ. Сақал-шашы да аппақ қудай. Бармағына толтыра салған көк бұйра насыбайды екі танауына кезек апарып күсілдетіп, құшырлана тартады. Екі көзі жасаурай түсіп, бүтіл беті жыбырлап отыр. Шалының түрінен қаймыққан кемпір көзін тоқтатпай тартып алады.
Сүйеу кісі ажарын танығыш еді. Ол кемпірінің сынық түрін байқады. Және бірдеңе айтқысы келгендей, оқтала түсіп тоқтап қалғанын байқады. Сүйеу жасқаншақ кісілерді жаратпайтын. Кемпіріне суық назарын шұғыл қадап, шытына қарап:
─ Әй! Ар жағыңда түйткіл бірдеңе бар ғой? Ол не? Неге айтпайсың?- деді.
Бары бар. Бірақ сенің қай жағыңнан шығарын...
─ Не дейді? Қай жағысы не?
─ Түсінбейтін несі бар? Жалғыз мен бе, осы үйдің бала-шағасы қайтсек көңіліңнен шығамыз деп қыпылдап отырмаймыз ба?
─ Ә-ә, солай ма? Ендеше біліп қой, менің көңіліме қарасаң, адамның қай жағын қайтем, бір Алланың жағын ойлап сөйлесеңдер болды. Бәрін көтерем. Күмілжіме, көңілдегіңді айт. Және жалтақтамай тура айт!
─ Мақұл. Ендеше қуана бер, әлгі елде жоқ, жақсы көретін қызың бар емес пе?! Сол Тәңірбергенге қатын үстіне шығыпты.
Үй іші жым-жырт. Сүйеу қыбыр еткен жоқ. Кемпір қайран." Әншейінде Мыршай түлкідей ашушаң, шақар шалдың бұ жолы үндемегеніне ыза болды. Күшпен іркіп келген ашу ананың да ішіне сыймай бара жатқан-ды.
─ Мақтаулы қызың... елде жоқ асылың ғой өзіңнің,- деп шалдың ашуын өзі шымшылағандай болды.
Сүйеу қарт бұған да тұтанбады. Ол тек ширығып:
─ Не оттап отырсың?! Құдайдың бергені де. Мен оны қайбір Хауа ана, Адам атадан таңдап алды дейсің?!- деді. Кемпір қарсы дау айтпады. Сыртқа шықты. Үйге кірді. Онан сыртқа қайта шығып үй іргесінде ойнақ сап жүрген көрші үйлердің қозы-лағын қуалап, әрі айдап салды да, қайтып келді. Шалына көз қиығын тастап еді. Сүйеу әлі қозғалмапты. Көз алабы қызыл. Жанарында суық ұшқын бар. Жотасы көтеріңкі болса да, бірақ есесіне жұқалтаң қырғыш мұрнының қос танауы қусырылып, шыңылтырланып кетіпті. Тура алдына тесіле қарап отырған аппақ қудай шал ішке кірген кемпіріне жалт етіп, осқырына қарады:
─ О несі - әй? Ол не дегені - әй? Бір жыл болмай жатып, күйеусірей қалса, мен қайтпек екем?- деп ащы даусы шаңқылдап, үзіп - үзіп сөйледі. Ашу емес. Соның бәрі жүрегін кернеп бара жатқан іштегі реніш, ыза, күйік секілді еді. Кенет ақ кірпік серпіліп, қызыл жиек, ашулы көз от басында жатқан тері тулаққа отыра берген кемпірге үнсіз тесіліп, жеп жібере жаздады. Бір кезде тағы шаңқ етіп:- О несі - әй? Маған айтқаны несі - әй? Күйлеген қаншықтың арлан өртеген күні бар ма? Оны маған айтқаны несі? Ол несі - әй? Пайғамбар жасына келгенде мен енді қолыма аса алып, күйлеген қаншықтың соңындағы қай арланды қуам?.. Қайсыбірін қуам ?.. Әлі жүні түспеген, жабағы құйрық төбеттерді қуам ба? О несі -әй? Әй, сен қақпастың бұл қай қорлығың, а?- деп атып түрегелді.
Кемпір қозғалған жоқ. Теке сақал, ақ кірпік, қызыл көз шал талай көрген жауы. Әлгіден кейін Сүйеу қарт кереге басындағы қамшыны ала салды да, былқ етпей ұршығын иіріп отыра берген кемпірдің шашын білегіне орап - орап алды да, бортылдата жөнелді. Кемпір ұршық ұстаған қолымен бетін көлегейлеп, әлсіз қорғанып:
─ Ау, енді қойсаңшы,- деп ренішсіз, дықсыз, ақырын ескертті.
Сүйеу бұрын бір- екі қамшы сілтегесін қоятын. Бұ жолы тоқтамады. Қайта, кемпірдің сабырлы қалпы шамына тиді ме, жындана түсіп еді, кемпір ұшып тұрып шалының қолындағы қамшыны оп - оңай жұлып алды да, түрулі тұрған есіктен сыртқа лақтырып жіберді.
─ Болды ғой енді! Қайратың тасып бара жатса, бар, ана қызыңды... елден шыққан жүзіқараны тыйып ал!
Қанша қорғаласа да, қамшы ұшы жаңа кемпірдің бетіне тиіп, қанталата осып кеткен екен. Соны көргесін Сүйеу қарт бұрылып кетті. Енді қайтып үндемеді. Түйе жүн шекпенін жамылды да, іргеге қарап бүк түсіп жатып қалды.
* * *
Кәлен қырда айналмады. Жағаға қайтып келе жатып, жолшыбай болған ауылдың бәрінде де қатын-баладан басқа бір жан кездеспеді. Ел ұлтаны боп есептелетін Торжымбай, Быламық, Андағұл - Бадық, Ақтеке, Жәдікке қараған рулардың ер-азаматтары тегіс атқа қоныпты. Осы өңірдің көп жігіті Ақшиліде отырған Ожар Оспан аулына ағылып, ақ патшаға жігіт бермейміз деп күпілдесіп жатыр екен. «Сорлылар... Ожардан не она табам дейді екен? Ол ақ көз, сау болса, орға жығады ғой»,- деді Кәлен ішінен.
Таралғысын қанша қысқартса да, сіңірлі ірі тор аттың үстінде үйелмендей боп отырған жылан көз ірі қара кісінің екі аяғы жерге тиіп салақтап келеді. Өзі көңілсіз. Қырдағы ауылда берекет қалмапты. Ер-азаматынан айырылып тұл болғалы тұрған елді көріп, көңілі пәс боп жүдеп қайтты. Кәлен сам жамыраған ақ пен қызыл арасында Бел - Аранның кезіне ілікті. Сол бойда ілгергі жағынан балықшылар аулының жерқазбалары құжынап қоя берді. Байқап келеді: бұл жақта да бар адам дүрлігіп, сыртқа шығып кеткен. Ауыл үсті әбігер. «Тегін болса жарар еді. Патша жарлығы бұл жаққа да жеткен болды ғой».
Үйреншікті аулын көргесін Кәленнің астындағы алқа бел торы аяғын ықыластанып, ширақ басты.
Ауылға тақай бергенде, алдынан Рай шықты. Екі езуі екі құлағында. Жүгіріп кеп ат жалына асыла кетті:
─ Ел – а - ман ағам...
─ Ела - ман?
Рай түк демей күле береді. Кәлен жігіт жүзіндегі жас пен күлкінің қайсысына сенерін білмей, ат үстінен еңкейіп:
─ Хабар бар ма?- деп еді.
─ Өзі... өзі келді,- деді Рай.
Кәлен тебініп, атты қаттырақ бастырып кеп үйге тұмсығын тірей тоқтады:
─ Уа, халайық, қуаныштарың құтты болсын!
─ Әумин! Айтқаның келсін! Ішке кір. Әй, жігіттер, ағаларыңа жол беріңдер!
─ Жоқ, жоқ, әуелі көрімдік берсін!
─ Кәлен аға, көрімдік! Көрімдік бермесең, көрсетпейміз.
Жұрт былайғы кезде осы кісіден қаймығатынын ұмытып кетті. Кәленді аттан түсірмей, бірі шалғайға, бірі жеңіне, бірі қолына жабысып көп дүрмек үйме-жүйме болды да қалды. Сары шілденің қазіргідей қайнаған ыстығында жолға шыққан қыр қазағының күн өтпесін дегенде қабаттап қалың киінетін әдеті. Кәленнің де үстінде белін қайыс белбеумен шарт буып алған күпі. Басында елтірі тымақ. Аяғында биік қоныш етік. Қанша кісі жабылса да қозғалмай, қайта жиын арасына түскенде батыр тұлғасы біртүрлі іріленіп, айдыны шыға түсіпті.
─ Әй, жігіттер, көрімдікке не берем? Атым болса, бір ауыз сөзге келмей түсіп берер едім. Үстімде асыл шапаным болса, шешіп берер едім. Менде оның бірі жоқ. Мына мәстек майын сұрап мінгем, біреудікі.
─ Кәлен аға, аттың да, шапанның да керегі жоқ. Өзің жақсы көретін бір әніңді айтсаң жетіп жатыр.
─ Ие, айт. Көрімдіктің қармысын өлеңмен қайыр. Кәлен айтқысы келген кезде қолқалатып сұратпайтын - ды. Бұ жолы да үйдегі - тыстағы жұрттың тегіс тына қалғанын байқады да, өзінің кең тынысты зор даусымен «Сарыны» шырқады.
Аяқты басар Тарлан екіленіп,
Қонаға жем сұрайды мекіреніп.
Шабыстан қажымайтын жануарым,
Арбаның белағашы секілденіп.
Шідерім күдеріден күміс тиек,
Бір малсың шөп жемейтін төре сүйек.
Көк тер қып шауып келіп байлай салсаң,
Тұрушы ең иегіңді үйге сүйеп.
Тарлан ат, бас аяғың ұрынбай-ақ,
Салбырап төбе шашың тұлымдай-ақ.
Жем беріп, сауырыңды сипап тұрсам,
Азбарда ойнаушы едің құлындай-ақ...
Кәлен даусын осы қазір өзі армандаған құлын мінез аттың еркелігіне сап, әдеттегіден гөрі көмейінде ұзағырақ шырқау биікке шығандатып апарды да, аяқ астынан кілт үзді. Кәленнің даусын көптен есітпеген балықшылар үнемі іштерінен ынтығып тосып жүретін. Ол даусын кілт үзгесін де, өн баурап алған жұрт қыбыр етпеді. Рай қасындағы біреудің қолын қысып, қыбыр етпей қатып қапты. Ән үзілгенде демін бір- ақ алды.
─ Әттең, қыз болсам, мен тек Кәлен ағаға ғашық болар едім!
Іштегілер Кәленнің келгенін әннен білді; ән тоқтаған бойда бәрі бірден дүрк көтеріліп тұрып кетті. Сыртқа шыққалы есікке беттей бергенде, ар жақтан жолында тұрған кісілерді омыраулап Кәленнің өзі ұмтылып келе жатты. Тертедей ұзын аяғы ерең - сереңдеп аннан -саннан бір басып келді де, орнынан көтеріле берген Еламанды аяғына тұрам дегенше, отырған жерінде бас салды.
─ Қайтсін, сағынған ғой, - деді кемпір-шалдар көңілі босап.
Кәлен құшағын тез жазды. Мөңкемен қатар қаң төрде отырған Еламанға бұрылып, бас-аяғына көз салды. Еламанның үстінде тептік көйлек. Аяғында қисық табан жайын ауыз бәтеңке. Сақал - шаш өскен. Жел қаққан жүдеу беті қарайын, осы отырған кісілерден өзгешелеу көрінді.
─ Жұрт сені өлді ден дұғасына кіргізіп жүр еді. Өзің о дүниеден келгеннен саумысың?..-деді Кәлен күліп.
─ Келсе несі бар?! О дүние орыстың түрмесіндей - ақ болар,- деп әзілге орай Еламан да күліп жауап берді.
─ Адам шіркін ит жанды ғой, басқа түскесін тозаққа да көнеді.
─ Тозақты о дүниеден іздеудің қажеті жоқ. Нағыз тозақ - орыстың түрмесі.
Кемпір - шалдар жағы күрсінді.
─ Кәне, жөніңді ұқтыршы, сені өздері босатты ма?- деді Кәлен.
─ Жоқ, қашып шықтым.
─ Бәсе, қолға түскесін босататын ба еді?! Сен қай жерлерде болдың?
─ Шалқардан айдағасын бізді Жаманқалаға апарды.
─ Жаманқалаң... Ay, ау, Еламанжан - ау, ол өзіміздің Жылда астық әкеліп жүрген жеріміз ғой?..
Үй лық толы. Сырттан кісі кірген сайын жерқазбаның жаман есігі сықыр-сықыр. Аласа үйдің ауасы әп-сәтте ауырлап, балықтың шырышы, тер сіңген киімнің күлімсі иісі қолқа ата бастады. Төрде отырғандар есік жақтағыларға «үйді пысынатпай, сыртқа шығыңдар»,-деп еді; оған ешкім селт етпеді. Еламан есік жақта сығылысқандардың көбін танымады. Сүйтсе, өткен жылғы жұтта малын қырып алып, басқа күнкөріс таппағасын қырдан көшіп кеп, балықшылық кәсіпке кіріскен кірмелер екен.
─ Шай келеді... Жол беріңдер!
Еламан шөлдеп отыр еді, соған қарамастан шайға зауқы шаппады. Үй ішіндегі әңгімеге ықылассыз. Бағана үй ішіндегілердің арасынан көзімен іздеп, сырттағы сел дыбысқа да елең етіп құлағын тіге қап, дегбірі қалмай отырған-ды. Енді қазір қауқылдап сөйлеп, қарқылдап күлген көңілді кісілердің арасында ештеңеге көңілі селт етпей, сазарып отыр. «Мүмкін, жалғыз тұру қиын болғасын әкесінің үйіне... жоқ, жоқ, әкесінің үйіне кетсе, мыналар мұнша қиналмас еді ғой. Иә, қиналмас еді... ал мыналар шынымен қиналып отыр...»
Күдігін анықтағысы келгендей, Еламан қасында отырған кісілердің әрқайсысына бір қарады. Бірақ мыналар беті күйгендей, Еламанға тура қарай алмай, жанарын алып қаша берді. Басқаны қойғанда, жан баласынан жүзі ықпайтын Кәлен де бүл білмейтін бір сырды ішіне бүгіп бітеуленіп апты. «Тегін болмас»,- деді Еламан ішінен.
─ Қырдағы ауылдар қалай екен?
Қарт балықшы Кәленге қаран тіл қатса да, көз қиығы Еламанда.
─ Оларда да береке қалмапты. Байлар жағы болмаса, былайғы халықта басы бүтін үй аз.
─ «Жыртық үйдің Құдайы бар». Қайта, Құдай оңдап әзір біз аман отырмыз, деді Дос.
─ Қой, Дос! Шанышқыдан жырылған балықтай, жалғыз сенің амандығыңның рахаты қанша?... - деді Кәлен.
Осы екеуінің көптен қырбай жүргенін байқайтын Мөңке тілге кеп қала ма деп қорқып еді. Шынында да, дөкір мінезді Дос дүңк етті:
─ Жұртты қайтем?! Өзімнің басымның амандығы керек.- Бір бүліктің басталатынын байқаған қарт балықшы алдын алғысы келді ме, әлде абыржып сасып отырып ертеден бері ыңғайын таба алмай қойған әңгімені қалай бастап жібергенін өзі де байқамай қалып еді:
─ Еламан қарағым,- деді оған өз қолымен кесесін алып беріп жатып.
Еламан кесеге созған қолының қалтырап кеткенін байқады. Бір қолымен ұстаса түсіріп алатындай, өзіне ұсынған кесені қос қолымен ұстады. Қарт балықшының бастауын бастаса да, бірақ ар жағын айта алмай, күрмеліп қалғаны Судыр Ахметке ұнамады. Еламан ертеден жүрегі сезіп отырған сұмдықты басқа емес, осы жолы тап осы кісінің өз аузынан есітетінін білді де, қыбыр етпеді. Демі де тоқтап қалғандай.
Үй іші жым-жырт. Сырттан қатты қайнатып әкелген жез самауыр ғана ентігін баса алмай быжылдап тұр.
─ Еламан қарағым...- дей түсті де, қарт балықшы тағы да тоқтады. Сосын:- Айналайын -ай, сен кеткенде артыңда үмітіңді ұстап қалған үйің... иә, үйің бар еді...- деп еді.
Еламан қос қолымен тас қып ұстаған кесе енді бір қысса сынатындай сықыр-сықыр етті.
─ Сен де темір тордан босаған құстай ұяңа ұшып келгенде... Әттең, дариға - ай...- деп, көмейі жасқа булығып тоқтап қалды.
Судыр Ахмет алғашқыда сытылып шығып кеткісі кеп еді, бірақ қарт балықшының сөз іләмінен қазір бір қызықтың боларын білді. Ұры көз жылтыңдап үй толы кісілердің арасынан Еламан мен Кәленге алма-кезек қарап... шыдамы әбден таусылғанда, сөзге өзі араласқысы кеп қозғалақтай бастап еді, Мөңке тоқтағанда қуанып кетті.
─ Әй! Әй, Мөңке, көлгектейтін не бар?! Көмейіңді буып, қылғынып сөйлеуіңді қой. Әйел - ауыр қаза емес. О, тәйірі, қырдан емес, теңіз жағасында таңдаулы қатын қазір мықты бір қараның пұлынан аспайды.
Еламан уысындағы қос қолдап қысып алған кесенің сықырлап сынып бара жатқанын сезбеді.
─ Ойбай - ау, бұрынғылар біліп айтқан ғой. Бұл әйел жеті дұспанның бірі ғой. Ер жігітке опа берген бе? Ay! Ау, Еламанжан - ау, Ақбала да опасыз боп шықты ғой. Сен кеткесін...
Судыр Ахмет Кәленнен бір пәле күткендей, кілт тоқтай қап, көзінің қиығын қорқақтап тастап еді. Кәлен осы әңгімені қайта Судыр Ахметтің айтқанын қалап отырған сияқты. Судыр Ахмет соны байқағасын:
─ Құрысын, айтатыны жоқ. Тәңірбергенмен ыржалаңдасып жүрді де, ақыры бір түнде тайып тұрды,- деп еді, Еламанның уысындағы кесе күтір етті. Алақанына төгілген ыссы шайды да сезген жоқ.
─ Еламанжан, қиналма. Саған әйелді өзім алып берем. Көре қал, сол сайқалдың әкесіндей әйел тауып бермесем бе...
─ Ой, қырт, шық үйден!- деді Кәлен ақырып. Судыр Ахмет Кәленнің қатты бұзылған түрін таныды да, жым бола қап, үй толы кісілердің арасымен жылысып кетіп бара жатып та қашан есіктен шыққанша бұжыр қара кісіден көз қиығын алмады.
Осы кезде сыртта әлдекім балықшылар аулының итін шулатып шауып кеп, атын есік алдына мінбелете тоқтады. Іштен шыға берген Судыр Ахметті басатындай атын омыраулатып кимелеп бара жатты.
─ Ay, көзіңе қара! Қырасың ба?
─ Бұл ауылдың ер - азаматтары қайда?
─ Е, мені әйел деп кім айтып еді?
─ Қыршаңқысын мұның. Балықшылар қайда деп тұрмын...
─ Е, немене... балықшыдан басқа кісі кісі емес пе?
─ Әй, қырт...
─ Өзің қырт! Сен... Сен қара сақалды, киіз кереқапты қыртсың. Ызам ішіме сыймай, қара тырнағыма дейін күйіп тұрсам, ойбай - ау, бұның... бұл жаманның басынып... Ойбай! Ойбай, өлдім... өлтірді...
Іштегілер бір-біріне қарады. Қара сақалды, киіз кереқапты кісіні Қабырға болысына қарасты ел жақсы білетін. Әсіресе, дәл қазіргідей бүліншілік кезде бұл кісінің жақсылықпен жүрмегенін білді.
Судыр Ахмет шар ете қалғанда есікке жақын тұрған Рай сыртқа атып шыққан-ды. Судыр Ахмет ат аяғының астында ала құрттай жиырылып жатыр. Қара сақалды оған қайта-қайта шүйлігіп, қамшысын үйіріп төніп қалған екен. Рай қамшыға қарсы ұмтылып, қара сақалдының қолына жармасты:
─ Ақсақал, бұның жарамайды...
─ Жібер қолымды.
─ Кісіні жазықсыз зәбірлеме.
─ Әй, бала... сенің атың Рай ғой осы?
─ Иә, Рай...
─ Ендеше, патша қызметіне баратын жеті жігіттің бірі боп тізімге іліктің. Бар, әзірлен...
Іштегілер сыртқа жүгіре шықты. Рай жөніндегі өмірді аның есіткен-ді. Қалған алты жігіттің кімдер екенін сұрауға бата алмады. Сұрай қалса, мына киіз кереқаптының аузынан әркім өз атын есітетіндей сезіп, суың үрей жүрекке шауып еді. Қалған алты жігітті атшабардың өзі атап берді. Балықшылар ес жиям дегенше атшабар «әзірлене беріңдер!» деп өмір етті де, аттың басын бұрып ап келген жағына құйындатып шаба жөнелді.
Еламан, Кәлен, Мөңке қозғалмай отырын қалған-ды. Атшабар кеткесін балықшылар ішке қайта кірді.
─ Әлгі ит азғантай қуанышымызды да улан кетті - ау,- деді Мөңке.
─ Оның қолында не тұр?! Болыстың жетегіндегі қарғылы төбет қой ол. Болыс «айт» десе, арс етін шалғайыңнан ала кетеді.
─ Қалай кемітсең де, бізге сол жаманның да өлі жетіп жатыр! Тыныш отырған аулыңды жау тигендей етті де кетті, әне!
Есік жақта отырған бір қария кенет зарлан қоя берді:
─ Апыр - ай, енді қайттік? Ендігі күндерің не болады?- Жауап күткендей ол әркімге бір қарады. Ешкім үндемеді. Бұның өзіндей олардың да дәрменсіз екенін білді де, қария өкіріп жылап жіберді. Оны ешкім жұбатпады. Кәлен былайғы кезде басына қандай іс түскенде де босаңсыған кісіні жақтырмай, жекіріп тастаушы еді; бұ жолы да үнсіз. Қария жасын әзер тыйды. Қолымен жер тіреп, ілгері таман жылжып келді де, Еламанның алдына тізе бүкті:
─ Шырағым, жас та болсаң осы ауылға бас едің. Кәрі кісі де бір, кәріп кісі де бір. Қысылғанда өздеріңе қол созамыз. Ер - азаматыңды қозыдай көгендеп әкетуге қарады. Бұған не істейміз?
Еламан қарияны қинаған сауалға қалғандары да жауап күтіп отырғанын байқады. Көріне келген ажалдай, патша жарлығы да бір жан араша тұра алмайтын ауыр нәубет. Оған не деп жауап береді. Рас, ол түрмеден қашып келе жатқанда жолшыбай талай елдің патшаға жігіт бермейміз деп қаруланып жатқанын көрді. Айрықша, мына Шалқар, Ырғыз, Торғай маңының қазақтары...
─ Әй, балам, еңсеңді көтер! Халық жөн таба алмай, торығып тұр ғой,- деді қария оның үндей қоймағанын ұнатпай. «Жөн тауып беретін кісіні тапқан екенсің»,- деді Еламан ішінен. Еламан өзінен жауап күтіп отырған кісілерге көзінің қарашығы ауырлап, сабырлы салмақпен қарады:
─ Өздеріңнен артың мен не білем?... Бар білгенім: патша жарлығы бір біз емес, барша халыққа тегіс көрінеді. Қай жерде де халық наразы...
─ Е, мынау бір жақсы лепес қой...
─ Бәсе, бұға бермей, ендігі жерде халық та халықтығын істер.
─ Бүкіл халық көтерілсе, бәлкім, патша бата алмас.- Халыққа Еламанның аузынан шыққан жаңағы хабар желеу беріп, жан-жақтан дабырлап, делебелері қозып бара жатты. Соны байқаған Кәлен:
─ Ей, Еламан, алдыңда тұрған мына өндірдей жігіттерді көремісің?! Ертеңгі күні бұларды қатын-балаларының алдында өз қолыңмен қозыдай көгендеп бергенше, нар тәуекел деп алысып өлсек қайтеді? Тым құрыса, басқа болмаса да, ана Қаратаздан кегімізді алар едік қой.
Қызба жігіттер Кәленнің сөзіне көтеріліп кетті. Кейбір ақ көз есерлері қолма-қол қаруға шақырып:
─ Кәлен аға, Еламан аға, бізді бастаңдаршы,- деп еліріп бара жатыр еді, Кәлен ақырып тыйып тастады да, тағы да ішін ашпай үнсіз тұрған Еламанға қарады:
─ Қырдағы ауылдарды көріп келдім. Бір адам айқайлап шықса, бәрі көтерілгелі тұр. Тайсақтайтын түгі қалмады...
─ Солай шығар, бірақ, Кәлен аға - ау, біз бәріміз де қара жаяу емеспіз бе? Жаяу жүріп, кімге қайрат қыламыз?!
Желігіп тұрған жігіттер жым болды да, үн - түнсіз үйді - үйіне тарай бастады. Кәлен мен Еламан ғана қозғалмай, әрқайсысы өз ойымен оңашаланып, тұрып қалды.
* * *
Бұл күндері Райдың көңілін делбемек болған балықшылар оны қолдан-қолға тигізбей кезек-кезек шақырып, қонақ қылуда. Бірге өскен қатар құрбы оны қатерлі жолға қимай, іштерінен тынып қиналса, ал, жақсы көретін жеңгелер кездесе қалса кемсеңдеп қол береді. Ондайда Рай әзілге шаптырып:
─ Қайта солдаттықтың өзі артық па деп қалам. Көрмейсің бе, ұзатылатын қыздай бұл ауылға бағым асып тұр,- деді күліп.
Бүгін оны Мөңке шақырып еді; осыған дейін уайым-қайғыны бойына дарытпай, жұрт алдында жарқылдап жүрсе де, қарт балықшының үйіне келгесін өзін ұстай алмады. Әсіресе, сіңлісіне қатты ұқсайтын Әлизаны көргенінде, Бөбек есіне түсті. Іргеде сүйеулі тұрған домбыраны қолына алын шерлі көңілге жұбаныш іздегендей, жалғыз ішекті шертіп тыңқылдатып отырған. Ac жабдығымен үйге кіріп-шығып жүрген Әлиза үйге ашық тұрған есіктен енді бірде еңкейіп кіре берді де, қалшиып тұра қалды. Жаңа ғана сыңарын жоғалтқандай жалғыз ішектегі жарымжан тыққыл сап боп тыйылыпты да, оның есесіне енді қос ішек қосыла үн қосып еңіреп жатыр екен. Және мынау сорлы сіңлісінің сүйіп айтатын еді - «О, қарағым, сен қайтесің мен дегенде?..» Осы бір шерлі саз Райдың қолындағы домбыраның қос ішегінен үзілмей, жұлын-жүйкесін үзіп барады. Бұ да өзінің өзегін өртеген арманды айтып жеткізе алмай, мұңын домбыраға шағып, жасқа толы көзі бұлдырап отыр!
Алдына ас келгесін, Рай домбыраны іргеге сүйеді.
─ Ай, Мөңке аға - ай! Бұл өмір кімге опа берген?! Басы жұмыр пендеде күңіренбей өткен, жүрегі бүтін кім бар дейсің?
Көңілі босап, көз жасына ие бола алмай бара жатқасын Әлиза түрегеп өрешеге кіріп кетті. Алдына қойған асты бір адам татып алған жоқ.
Сол үстіне Кәлен келді.
─ Рай, шырағым, бүгін кешке бізде боларсың.- Кәлен кеше шақырмақ болған еді, бірақ кеше қонақасыға лайың ештеңе болмағасын бүгінге қалдырған болатын. Қонақасының ретін әйелі бағана құлаққағыс қылғанда, Кәлен оған:
─ Ауға балық түскен шығар?!- деп онша саса қоймаған.
─ Қайдам... суға сену қиын ғой.
─ Әй, қатын, қара аспанды қапылтпа! Асым болмаса пейіліммен риза қылам. Өзіне келістіріп тұрып Сарының әнін шырқап берем,- деген еді де, Кәлен қос ескекті қолтығына тығып теңізге тартып еді. Қашанда тыныштықты ойлайтын қарт балықшы бұған: «Орыстардың қытығына тиіп қайтесің, өздерінің қызғыштай қорып отырған жері ғой?» дегеніне қарамай, Кәлен кеше ауды балығы көп запретке салған-ды.
─ Қате істедің ғой,- деген Мөңке.
─ Ау, бұл «қарашекпеннің байы» қазып шығарған теңіз емес, Құдай берген әммеге ортақ теңіз емес пе? Сонан келе таңдаған жерін Темірке алып, тастағаны бізге тиетіні не? Жоқ, жетер осы! Қашанғы ез боп, есек боп өтеміз?! Есек те «ың - қ!»- деп, иығына шұқи берсе, мөңкуші еді ғой,- деп Кәлен осындайда алды-артын ойламайтын өзінің ежелгі ақ көз ерлігіне басып кеткен . Жағаға келсе... бүтіл балықшы теңіз үстінде жүр екен. Жел жоқ. Аспан ашық. Теңіз шырадай тымық. Ақ шағалалар мен өгіз шағалалар қанаты сатырлап қаптап жүр. Айрықша, өгіз шағалалар балыққа құныққан, қомағай. Қанат қағысы да сөлекет. Өңменін салып, өңкілдеп ұшып кеп, ау қарап жатқан балықшының тас төбесіне төніп, аса бір сұғанақтықпен мойнын темен созып, үңіле қарап өтеді.
Кәлен қайықты суға салды. Қос ескекті малшылап, ақырын есіп келе жатқан. Кенет әлдекімнің:
─ Ана қара!.. Курнос Иванды қара!- деген даусын есітті. Бірақ оны елең еткен жоқ. Жалпақ табан қара қайықтың тұмсығын кішігірім қопаққа тірей тоқтады да, қос ескекті қайықтың кенеріне сүйей салды. Сосын тез еңкейіп аудың құлағын ұстады. Ау көзі балықтан құр емес, сірелеп басып қапты. Дені сазан. Қаракөз бен айнакөздер де қыз өңіріне қадаған күміс теңгедей жылтылдайды.
Кәлен ау көзінен балықтарды бір- бірлеп алып жатып, көз қиығын кейінгі жаққа тастап еді; Курнос Иван жеңіл ақ қайықтың қарағұсын бұған туралап, жостыртып, есіп келеді екен. «Мына әумесер қайтеді? » - деді Кәлен ішінен.
Курнос Иван есіп келе жатып бұған бұрылып қарап қояды. Кәлен де көз қиығын онан айырған жоқ. Курнос Иван биыл көп балықты шірітіп алғасын біраз уақыт дүниеден баз кешкендей боп беті ауған жаққа қаңғып кеткен-ді, сонан ол азып-тозып оралған еді де, татар байына жалынып-жалбарынып жұмысқа орналасқан еді. Бұл күнде ол мүлде өзгерген. Бұрынғыдай қазақтарға іш тартқансып, жылмаңдап тұрмайды. Әсіресе, Кәлен мен Мөңкеге қаны қатып алған. Ерегіссе морт кететін ожар. Балығы мол жерге жақындасаң, ауыңды тартып алады. Қарсы дау айта бастасаң, о да дереу қаһарға мініп, қара әйнек астынан үрей туғыза суың жымиып тұрғаны. Оны балықшылар әзірейілдей көретін.
Со л әзірейіл Кәленге түйіліп келе жатыр. Астындағы жеңіл ақ қайық тұмсығымен суды тіліп, жостыртып келді де, бұның қайығымен қатарласты. Курнос Иван ай-шайға қарамай, шап беріп Кәленнің қолындағы ауға жармасты.
─ Әй, тамыр... Тиме!
Курнос Иван жыр демей, Кәленнің қолындағы ауды білегіне орап - орап алды да, бар күшімен тартып қап еді, Кәленнің қайығы шайқалақтап қалса да, бірақ өзі былқ етпеді. Қайта білегіне орап алған кендір жіп Курнос Иванның алақанын осып, терісін сыдырып кетті.
─ Тиме дедім ғой, тамыр,- деді Кәлен.
Курнос Иван мына қара бұжыр кісіні күшпен ала алмасын білді де, ауды тастай сала қос ауыз мылтыққа жармасты. Бірақ оған кезеуге келтірмей, Кәлен мылтықты өзінен тайдыра қағып жіберді де, енді бір қимылмен ананың қолынан оп-оңай жұлып алды.
Кәлен де аның жаулыққа басқан еді. Соны байқаған көржік мұрын қара орыс:
─ Әй, батыр, қой! Қой енді,- деп еді, Кәлен құлағына да ілмеді. Оның ендігі қимылына көз ілеспеді. Тіпті ес жиюға келтірмей, ананы бас салып өз қайығына оп-оңай көтеріп алды. Табанын жерге тигізбей, басынан асыра жоғары көтерген бойы шайқалақтап тұрған, қайықтың қарағұсына апарды да, қол созымдай жердегі қамыс қопаққа атып жіберді. Небәрі киіз үйдің аумағындай шірік қопақ табан тіреуге келмей, Курнос Иван су түбіне салмағымен батып бара жатты.
─ Құтқарыңдар! Ағатайлар, құтқарыңдар,- деп жан даусы шыға шырқырады.
Кәлен оның қайығын өзіне қосарға алды да, қос ескекті ақырын есіп ұзай берді.
─ Қонақты қайттік?- деді Жамал балыққа кеткен күйеуінің құр қол келгенін көріп.
─ Қатын, сезді қой! Тез барып Еламан мен Мөңкені шақырып кел!
─ Тыныштық па?
─ Бар дедім ғой!
Жамал бір сұмдықтың болғанын білді де, жүгіре жөнелді. Кідірмей Еламан мен Мөңке келді. Кәлен оларды күліп қарсы алды:
─ Осы елдің бір тентегі баяғыда: «Істеп салдым бір істі, Алла оңғарсын бұл істі»,- деген екен. Бір істі мен де істеп кеп отырмын.
─ Қате істеген екенсің - деді Мөңке қынжылып. Кәлен бұндайда қиналғанды жаратпайтын. Еламан оған қайрат бергеннен басқа амалдың қалмағанын білді. Курнос Иван суға кетті ме? Әлде біреу-міреу құтқарды ма? Қайсысы болса да, оның артында жоқтаушысы бар. Онсыз да осы күні Құдайменде, Тәңірберген, Теміркелер балықшылар аулын қырына қалай аларын білмей, сылтау іздеп жүрген-ді.
─ Бір сыласы болғанша қамыс арасына тығыла тұрғаның мақұл,- деді Еламан шамына тимей, ақыры ескертіп.
Кәлен мақұл көрді. Сонысы жөн болды. Кәлен кеткен бойда жар басындағы балықшылар аулына Курнос Иван бастаған бір топ кісі келді. Су жұтып өлуге қарағанда оны балықшылар құтқарып алған екен. Үстіне баса-көктеп кіріп келген қарулы кісілерді көрсе де отырған орнынан қозғала қоймаған Кәленнің қатынын Курнос Иван теуіп жіберді:
─ Күйеуің қайда?
─ Тарт аяғыңды. Мен Кәленге қатын болсам да, саған қатын емеспін.
─ Қарай ғой бұны. А ну - ка... Ну - у, күйеуің қайда?
─ Күйеуім қайда жүретінін қатынымен ақылдаспайды.
─ Ах, так?!
─ Не дейді мына кәржік мұрын ақымақ?
Курнос Иван қатынды шаштан алып сүйрей бергенде, сыртта бір топ кісі топырлап кіріп келіп еді.
─ Тарт қолыңды!
Курнос Иван бұрылып қарамаса да, ту сыртынан шыққан мына дауысты таныды. Білегіне орап алған әйелдің шашын жібере қоймаса да, қатты бетінен қайтып қалғандай. Өзімен иық тіресе тоқтаған ірі денелі кісіге, бұ да бәрі айбатын алдырмай, ақырын бұрылды.
─ Мен қылмысты кісіні іздеп жүрмін. Сен бұл араға араласпа.
─ Қылмысты кім, қылмыссыз кім, ол бір Құдайға аян.
─ Қазақтың жақсы мақалы бар еді? Қалай еді? «Тышқан інге кіре алмай жүріп құйрығына қалжуыр байлап алады » деуші ме еді осы?
─ Онымен не айтпақсың?
─ Айтқым келгенін айттым. Өзгенің жөнін жөндеп қайтесің, сен, асылы, өз басыңның амандығын ойла.
Онсыз да зығыры қайнаған Еламан тап осы арада, тап осы қазір мына көржік мұрын қара орысты жығып салып қызыл жон қылып сабағысы кеп кетті.
─ Сенің жайыңды білем. Сен орыс байын өлтірген Еламансың ғой. Жылыңды өтемей түрмеден қашып келіп жүрсің. Абайла, өкіметтің құрығы ұзын...
─ Оны көрерміз. Ал қазір менің құрығыма түспей тұрғаныңда шық үйден!
Курнос Иван сырт айбатын алдырғысы келмесе де, бірақ Еламан шын тіктелгенде шошып кетті. Анада темір сүйменмен Федоровты ұрып жыққанда мына имансыздың түрі дәл осындай болған шығар деп ойлады. Бір жағынан Еламанмен бірге ішке ере кірмей, сыртта, есік алдында тұрып қалған балықшылар да есінен шыққан жоқ-ты. Курнос Иван кісілеріне қарап, кеттік деп ымдады.
Бұл ауылда аяқ артар көлік жоқ. Ендеше қара жаяу Кәленнің алысқа ұзап кете қоймағаны анық.
─ Кәленнің үйінен көз жазбаңдар,- деп әмір етті де, Курнос
Иван қалған жігіттерді ертіп промсолға тартты.
* * *
Үй ішінен төсек салатын ыңғай байқалғасын Еламан тысқа шықты. Қараңғыға көзін үйрете алмай, есіктен аттай бере іркіліп қалды. Күн шықпай тұратын кәсіпшіл ауыл әлдеқашан ұйқыға кетіпті. Жерқазбалардың бәрінде де шам сөнген. Еламан төсек салғанша ауыл сыртына шығып, сергіп қайтқанды жөн көрді. Күнұзын кісі - қара көп жиналған қапырық үйде сары жамбас боп езіліп ұзақ отырғандікі ме, сыртқа шыққасын да өз денесін ауырлағандай дел-сал. Аяғын ақырын алып, үй сыртына ұзап барады.
Ай батқан. Күндіз көк жүзін лайлаған сұйық сұрғылт бұлт бірде жауар күннің ажарын танытып, түтіндеп, тас төбеге шоғырлана түссе, енді бірде қырдан соққан қатты жел әп-сәтте дал - дұлын шығарып тұрған-ды. Түнемелікке қарай жел басылыпты. Күндіз Арал өңірінің жынды желі қуалап біткен мазасыз бұлт қазір қайта тұтасып, қорғасындай ауыр салмақпен жылжымай шөгіп апты. Жұлдыздар көрінбеді. Теңіз жақ қап-қара. Алғашқыда Еламан Бел - Аранды да көре алмап еді. Қараңғыға көзі үйренгесін балықшы ауылдың арқа бетінде қысы-жазы қалқан боп жататын шымылдық таудың ауыр тұлғасы түн түбегінен қарауытып қалқып шықты. Онан басқа бір нәрсе көрінбесе де, осы арада туып-өскен жігіт ата қоныстың әр бұтасын өз көкірегінде тірілтіп, қай жерде не барын жұмулы көзбен де сезіп тұр. Бел - Аранның теңізге тірелген тұмсығынан сәл берегірек құлай берісінде, шамасы, әне бір тұста Талдыбеке сайы, онан гөрі берігіректе Кендірлісай. Ақбауыр да онша қашық емес. Өз аулы... кейінгі жақта, бір қырдың астында қалды. Теңізге төніп тұрған тік жардың дәл ұшар басына мінбелете салған жерқазбаларды шығыс жаң шетінен санағанда үшінші үй өзінікі... Үйленгесін бір жылдай тұрған ыстың ұясы. Әлі есінде: төбесінен тесіп шығарған соқыр терезені кей түні қатты борасында қар басып қап, ертеңіне таң атқанын білмей қалатын. Ондай күндері кеш оянады. Өзі тұрып кеткен төсекте көрпе астында жас балаша қол-аяғын бауырына алып жатқан келіншегінің көңілін көтерем бе деген оймен «мына соқыр иттің алдап соққанын қарашы» деп күлетін. Еламан жерқазбаның есігіне «жылауық» ден ат қойып алды. Кірген-шыққан сайын екі бүктеліп еңкейіп кіріп, еңкейіп шығатын аласа есік, шынында да ашқан сайын бір жері сынып бара жатқандай сықырлап қоя беретін. Есік алдынан көлбей тартқан шымылдық пеш те, әлгі «жылауың есік» те, өз қолымен істеген дүние болғасын ба, өзіне бір түрлі ыстық. Осы қазір өз ұясын еске алғанда көз жанары қараңғыда қаттырақ ұшқындап, жүзі ыстың елесті қия алмай ірке түсті. Жаңа үйленген жас жігіт сол кездері бір түрлі өзгеріп кетті. Қуанышы қойнына сыймай үнемі жарқылдап күліп жүрді. Өмірі шаршамайтын. Күнұзын толқынмен алысып титықтаған кісілер кешкісін, әдетте, үсті - бастары малмандай су боп қайтатын. Осындай кезде оларға жар басындағы жерқазбаларына жету ақырет. Басқа кісілер әлденеше дем алып, ырсылдап шықса, бұның аяғы жерге тимейтін. Арқасындағы асымдық балықтың да салмағын сезбей, жар басына жүгіріп шығатын. Жаңа түскен жас келіншегін көргенше көңілі алып-ұшып ынтығып тұратын. Әлдеқашан құлаған ата шаңырағын осы келіншек түскесін қайта көтеріп, ел қатарлы үй болғанына қуанды. Қуаныш үстінде келіншегінің кейбір қытыққа тиер қылықтарын байқамапты. «Жоқ, байқадың»,- деді Еламан.
Мұзға ығар алдында, бір күні бұны Дос оңашаға алып шығып: «Әй, шырағым, сенен басқа кісілер де қатын алған. Келінді тым өбектеп кеттің. Басыңа шығарып алма. «Баланы -жастан, қатынды - бастан» дегенді білесің ғой»,- деп бетіне айтқаны қайда?!
Еламан жүрегіне уын жайып бара жатқан ойды үзіп тастады да, ілгері жүріп кетті. Еш нәрсе жөнінде ойлағысы келмеді. Ауыл сыртының оты қашанда қалың. Көк майқара жусан мен қызыл изен дендеп өсетін қалың қауға осыдан қашан күз түсіп, Құдаймендеге қарайтын малды-жанды ауыл жаз жайлаудан қайтқанша тұяқ тимей тұнып тұратын-ды. Еламан қалың қауды кешіп келеді. Ілгері басқан сайын түнгі таза ауада көк майқара жусанның хош иісі жан-жағыңнан аңқып, өзі де соған еліткендей, көзін жұмып, құшырлана дем алып келе жатқан-ды. Кәде түбінен бозторғай пыр етті. Аңдаусызда, аяқ астынан ұшқасын ба, Еламан дір етіп тоқтай қалды да, өзінің осынша шошынғанына күліп қайта жүріп кетті. Баяғыда, түнде жылқы күзететін. Көзіне ұйқы тіреліп ат үстінде қалғып келе жатқанда көде түбінде қонақтаған бозторғай дәл осылай аяқ астынан пыр ете қалатын. Аңдаусызда ат үстінен түсіп қала жаздап, ұйқысы шайдай ашылып кететін. Жеті жыл жылқы күзетіпті. Құдай-ау, осы тірлікте өзіне тиер осыдан артық сыбаға болмағаны ма? Жеті жыл... Енді, міне жеті жігітіңді қозыдай көгендеп әкеткелі жатыр. Бірі - өзінің бауырлас інісі. Бейшара баланың көз ашқалы бағы бір жанбады. Көз ашқалы көргені -қиянат, шеккені - зәбір, жас жанын жаралаумен келеді. Бұл өмірде бұларға басқа сыбаға бұйырмаған ба?
Еламан орынсыз дәмесін мысқылдағандай, мырс етті. Көз ашқалы өздеріне құдды өгей анадай аяушылығы жоқ рахымсыз қатал өмірден қайырым - мейірім күткен, сыбаға талап еткен орынсыз дәмесіне күлді. Құдіретті кісілер өзіңе тиген азғантай сыбағаңды да көпсініп аузыңнан қағып әкеткен жоқ па? Сен қосымша сыбаға дәметесің... Мұзға ығар алдында осы өмірден тиген азғантай сыбағаң езіңе жетпейтін бе еді? Үстіңде үйің, қойныңда некелі жарың бар еді. Бүгін екеу болсаң, ертең осы оттың басына тағы бір тәтті тірлік қосылып, қызығы мен қуанышы молая түсетіндей көретін. Енді, енді міне... тірнектеп тұрғызған ұяңды өзің жоқта тас- талқан қып, тағы да соқа басың сопайып жалғыз қалдың. Жалғызсың, жалғызсың...
Еламан қайтып келе жатып, осы сөзді ішінен әлденеше рет қайталады. Шаршағанын жаңа ғана сезді. Ой меңдетіп, қажыған денесін күшпен қозғап, шырт ұйқыда жатқан ауылдың шетінен ақырын кіре берді. Шеткі бір үйдің жанынан өте бергенде жылаған әйел даусын есітті: «Сенен қалып, біз кімге тұлға боламыз?.. Мына шиеттей балаларыңды тастап...» Еламан тезірек өтіп кетті. Ертеңгі күні азаматынан айрылғалы тұрған әйел зарын есіткісі де, ойланғысы да келмеді.
Төсекті сыртқа салған екен, Еламан шешініп жатып қалды. Таңның таяу екенін сезіп, сол бойда ұйқтап кеткісі кеп көзін жұмса да, жаңағы жылаған әйел даусы құлағынан кетпеді. Ер-азаматынан айрылғандағы күні не болмақ? Қалай күн көреді? Азаматы тізімге іліккен жалғыз сол үй ме? Осы түні талайы қайғыға уланып, аһ ұрып ұйқтай алмай жатқан болар?! « Дүние не боп барады? Ер-азаматын алғанда да ешкім қол қақпай, күңіреніп қала бере ме? Көне бере ме? »
Еламан жаңа жастыққа басы тисе ұйықтап кететіндей көріп еді. Ой қажытып қатты қалжыратты ма, ұйқы буып жатып та ұйықтай алмады. Тақа болмағасын жастықты жұмырлап бауырына қысып ап, бір мезгіл етпетінен жатып көріп еді, оң жақ кеудесінің астында бармақ басындай бір нәрсе тесіп жібере жаздады. Ұйқылы-ояу Еламан қозғалуға ерініп жатып: «Бұл не болды екен?»- деп ойлай түсті де, кенет бір сәтте ұйқысы шайдай ашылды. Сырға... Әлгінде артық сыбаға дәметкен қылығына күлгендей, Еламан мына сырғаға да күлді. Күлмегенде ше... Түрмеден қашып шыққасын бұл көзге түспеуге тырысып, ылғи елсіз, сусыз жерлермен жүріп отырды емес пе? Шалқарға да соғар -соқпасын білмей, екі ойлылау келе жатқанда, алдынан кішкентай қаланың шағаладай аппақ үйлері жарқырап қоя бермесі бар ма?! Бұның өз аулы, қатын-баласы, қарт әжесі, інісі көлікті кісіге осы арадан үш-ақ күншілік жерде. Еламан аяқ астынан абыржып, асыға бастады. Күн барында құттай да болса қатын-баласына жақындай түскісі кеп, қалаға туралап келе жатқан бетінен кілт бұрылды. Ол енді қалаға соқпай, көлдің арғы, елсіз бетімен кеткісі кеп, ширақ басып келе жатқан-ды. Жаз айларында суы тартылып қалатын кішкентай өзеннің көлге құяр сағасына тақап келе бергенде, дәл жанынан дауыс шықты. Еламан тоқтай қап, ілгері жағына көз сап еді, үш кісінің төбесі көрінді. Еламан мұндайда көзге түспей, бой тасалап кететін әдетпен бұрылып бара жатқан.
Аналар:
─ Әй, азамат, бері кел!- деп дауыстады.
Еламан бірден байқады: қалаға, базарға түскелі келе жатқан дала қазақтары. Өздері үш кісі. Шамасы: бір елдің Ебейсіні сияқты. Тері-терсек тиеген алқа бел ырдуан арба өткелден өтер артқы доңғалағы батпаққа батып, бір жағына жамбастап жатып алыпты. Татар байларына еліктеп киінген семізше екі жігіт ат айдаушыға жәрдем берудің орнына қайта оған екеуі екі жағынан қожаңдап: «Өйт - бүйт»,- деп жүр.
Еламан арбаны қалай шығарудың жолын ойлан тұрған-ды. Татар байларына еліктеп киінген жолаушы екеу:
─ Қазақ баласысың ғой... Айналайын, жәрдемдес, бір тоқтының пұлын береміз,- деп бұған жатты да жабысты.
Парлап жеккен қос күрең таяқ жеп залы боп қалған екен. Қасына кісі жақындаса дір-дір етіп, ала жөнелетіндей осқырып тұр. Еламан алдымен ауыр жүктерді бір- бірлеп тасып, арбаны жеңілдетіп алды. Сонан кейін арбаны шығарды. Жүктерді әп-сәтте қайта тиеп, жуан арқанмен үстінен бастыра тартып байлады.
─ Қайратты екенсің,- деді арбакеш жігіт Еламанға сүйсіне қарап.
Ана екеуі оның мақтағанын жақтырмай, зекіп тастады:
─ Ой, нәсілсіз ит! Өзің - ақ істей салатын оп-оңай нәрсе ғой...
Еламан еңбекақысын сұрап еді, арбасын шығартып алғасын ана екеуі жөндеп сөйлеспей, сырт айнала бастады. Әлгінде ертеңгі базардан қаламыз деп қорқып тұрып, ақысын артық айтып қойғанына өкінетін сияқты. Сол болмашы бірдеңемен құтыла салғысы кеп, тиын -пиын іздей бастап еді, Еламан жағадан ала кетті: «Бір тоқтының пұлын әкел!»- деп қозғалтпай тұрып, тиесілі пұлын түп-түгел құсқызып алды. Қолына ақша түскесін ауылға бас-аяғын бүтіндеп барғысы кеп, қалаға соқты. Ертеңіне жаймаға шығарған киімдерді қарап келе жатып, кенет көзі алтын жалатқан сырғаға түсті. Жылтыраққа құмар келіншегіне мынадай асыл сыйлық апарғысы кеп, сырғадан көзін ала алмай тұрғанын өзі де байқамаған-ды. Оның ойын байқап қалған сатушы: «Ал, ал», - деп тыққыштай бастады.
Ақшасы жетпей қалатындай қорыққан Еламан саудаласудан қашты. Уысында қысып тұрған ақшасын сатушының алақанына сарт еткізіп ұстата салған-ды. Сонан бұл жағадағы ауылға жеткенше үш күн бойына кіреші жолына түсіп алып, май шаңдақты бұрқылдатып емпеңдеп келе жатып, оқтын-оқтын тұра қап осы сырғаға балаша қуана мәз болған еді.
Еламан басын көтеріп алды. Орнынан тұрды. Сыртқа шықты. Уысында қысып тұрған сырғаға көз сап қарамастан жар басында тұрып темен қарай лақтырып жіберді.
* * *
Биыл Судыр Ахметтің иті қырын жүгіре бастады: сауып отырған сүті бұлақтай қараша інген жаман шөп жеп арам өлді. Іле-шала аяқ артып отырған торы ат із-түзсіз жоғалып кетті. Судыр Ахмет атын іздеп қайтпақ боп ауылдан ұзап шыға бергенде, қас қылғандай аяғына шөңге кірді де, үзеңгісін сүйретіп үйге жетті.
Күйеуінен күдер үзген Бибіжамал торы атты өзі іздеп тауып әкелді. Сонан бері Судыр Ахмет өз үйіне өзі сыймағандай сипақтап - сипақтап кіріп-шығып жүрді де, бір күні тал түсте атқа қонды. «Ие, Алла, жол бере көр!»- деді ішінен.
Қара жаяу балықшылардың арасында өзінің атқа мінгенін де мақтаныш көреді. Шыт көйлектің жағасынан шығып туратын өндіршегі тоқпақтай мойнын ілгері созып, ауыл үстіне қодилана қарады. Сыртта тірі жанның жоғы жынына тиді. Үйден қозы көгеніндей жер ұзап шыға берді де, «осы ештеңе ұмытқан жоқпын ба?»- деп ойлап, ат басын тартты.
Судыр Ахмет ырымшыл болатын. Ол тап жаңа ғана қолына ұстап отырған балтаны ұмытып кеткеніне қынжылды. Осыдан кейін бет алып шыққан жағына барғысы келмей: «Сірә, жолым болмас»,- деп ойлады да, кенет «әй, нар тәуекел!- деп атын тебініп қалды.
Қой торының қорт - қорт желісі жұлынын үзіп бара жатқасын аяққа көшіп еді. Пеле қылғанда шілде айының ыстық күні тас төбеге кеп шақырайып тұрып алды. Судыр Ахмет енді жанын қоярға жер таппай, бағана ертеңгі салқынмен шықпағанына ызаланды. «Әй, сірә, жолым болмас»,- деген ой мазалай берді. Құдайменде қыстауының сыртындағы шағыл құмға кіріп, үлкен кәрі жиденің жанына тоқтады. Ат үстінде тұрып ол әуелі жиденің мәуесін теріп жеп, аузының дәмін алды. «Үйге барғасын балалар қолыма қарайды ғой»,- деп ойлап, екі уыстай жидені үгіп ап, орамал шетіне түйді. Сонан кейін ғана жидені шабуға кірісті.
Осы жидені үш күн шауып, төртінші күні шаққа құлатты. Бұл күні үйіне тау жыққандай, көйлегіне сыймай келді. Ауыл шетіне кіргеннен - ақ әйеліне дауыстап:
─ Бибіжамал!.. Уа, Бибіжамал!..- деп торы атты қаттырақ тебініп, дүбірлетіп желіп келді.
Үйде ау тараштап отырған Мөңке елең етті: «Даусы пәтті шықты ғой, не бітіріп қайтты екен бұл Судырақ?» Қарт балықшы бажасының үйіне барып еді, Судыр Ахмет көйлекті сыпырып тастапты. Күлдәрі дамбалдың екі балағын түріп алған. Қолында өткір шапашот. Кісі беліндей қара жидені омырауға алып, ырс-ырс шауып жатыр екен.
─ Іске сәт!
─ Әумин...
─ Қатты кірісіпсің ғой!
─ Енді қайтейін, қатын-бала қамы ғой...
─ Дұрыс қой. Сонда бұнан не істемексің?
─ Ой, мына қатыны түскір келі шауып бер деп құлағымның құртын жеп болғаны. Бір қадалса бұлар... ойбай-ау, Мөңкежан - ау, құлағыңның тұсында сары масадай ызылдап тұрып алады ғой. Сосын, қайтейін... осы қатынның - ақ дегені болсын деп... келі істеп берейін деп жатқаным.
─ Ағаш шабатын да өнерің бар ма еді?
─ Е, болғанда қандай?! Тек мен қол білген өнерді көп аса тұтына бермеймін ғой... Сонымен бар ғой...
Судыр Ахмет маңдайынан сорғалаған терді сұқ қолымен бір іліп тастады. Сосын дөңкиіп жатқан қара жидені ары бір, бері бір аударып қарап алды да, жаңқалап шаба бастады. Шапашотты сілтеген сайын шыр жұқпаған арың кісінің қабырғалары ыржыңдап, ентігіп ырс-ырс дем алады. Мөңке оның ынты-шынтымен аянбай қимылдап жатқан түріне қарап: «Пақыр, қайтсін... пайдаға шындап қараған екен»,- деп ойлап, іші жылып отырған. Сүйткенше Судыр Ахметтің қолы ала-бөле жиденің бір бүйіріне батып бара жатқанын байқады. Бірақ оны Судыр Ахметтің өзі сезер емес. Қарт балықшының қошеметіне көтеріліп, қызыл танау боп есіріп алған еді, шапшаң сермеген шапашоттың өткір жүзі лыпылдап күн көзінде жарқ-жұрқ етіп, күпшек жиденің ала-бөле бір бүйіріне жыны түскендей қадалып, үңгіп шаба бастады:
─ Мына Тәңірберген ит екен. Өз ісін орайына келтіріп алғасын, маған сыртын тосып шыға келді. Сонан бері... ау, Мөңкежан - ау, менің де амалым құрып, ішіме тікен қадалғандай боп жүрмін қой,- деп, бұл білмейтін бір әңгімеге басып бара жатты. Мөңке шыдамай:
─ Тоқта! Тоқтай тұршы! - деп қолына жабысып еді.
Судыр Ахмет күйіп кетіп:
─ Тоқтамаймын! Ау, мен неге тоқтаймын?- деп, өткір шапа-шотты енді ызалы ашумен кіжіне сермеп, жиденің онсыз да ойсырап қалған жерін жапырақ - жапырақ аударып тастады. ─ Менің ішіме өкпенің үлкені де, кішісі де сыяды. Тісімнен шығармай тістеніп жүрсем де болар еді...
─ Жә, тоқташы! Бүлдірдің ғой...
─ Не? Не деп отырсың? Нені бүлдірдім?
Қазіргі Судыр Ахмет дәл бір қақпанға түскен сасық күзендей шаңқ-шаңқ етеді. Бет бақтырар емес. Кісіге зәредейден көңілі қалатын кінәмшіл де шамшыл. Оның сөз ұқпайтын сыңайын байқаған Мөңке:
─ Ой, ісің бар болсын,- деп қолын сілтеді де, шығып кетті.
Судыр Ахмет оңаша қалғасын ғана жидені бүлдіріп алғанын байқады. Бұндайда кінәні өзінен емес, өзгеден іздейтін ол өшін кімнен аларын білмей отырған үстіне бір кемпір келді. Былтырғы жұтта бар малы қырылып, барар жер, басар тау қалмағасын теңіз жағасын сағалаған жүдеу ауылдың кемпірі еді. Киімі жұпыны. Жалғыз баласы қыстыгүні ақ түтек боранда ығып кеткен аз ғана малын іздеп жүріп, үсіп өліпті. Келіні кәрі енесін тастап, төркініне кетіп қалған екен. Кемпір бұл ауылға күнде келіп, мұңын шағып, іштегі шерін тарқатып кететін-ді. Ол бүгін де:
─ «Арық көңіл - жарық». Келінімнің өр сөзі өңменіме атқан оқтай қадалады,- деп үйреншікті сөзін бастады... Бұрын желдей есе жөнелетін Судыр Ахмет бұ жолы үндемей, күйбектей берді.
─ Үстімде, мынау... бүйірі жыртылған ескі көйлек ылым-сылым...
─ Ә-ә!
─ Өз балам, өз келінім болса, осылай ебіл-себіл боп жүрем бе?
─ Ым - м...
─ Құрысын түге, жоқтық пен қорлықты кәрілікте көрдім ғой, міне.
─ Е - е!
─ Шалым барда қандай едім, бес аршын ақ жаулықты қарқарадай қып тартып, ақ інгенге алшая мініп шыққанымда алдыма қатын түсетін бе еді?
─ Ә - ә - ә!
─ Шалым ерте өлді. Соның бәрі сорлының өліміне көрініп жүр екен. Аз жасында не істемеді ол бейбақ?.. Тек өлгесін өзін-өзі көмген жоқ демесең...
─ Шек! Шек, әй!- деп, Судыр Ахмет қолындағы жидені тастай сала, атып тұрды. Есік алдында шелекті даңғыратып жатқан Қарақатынның екі ор лағын таяқтап қуып, әрмен асырып тастады. Содан ол қашан кемпір кеткенше үйге кірмеді. Кемпірден де бұрын көлемі кішірейіп қалған жидені көрсе, шыдай алмасын білді. Онсын арқасы ұстаған бақсыдай жыны қозып кетері белгілі. Ызаланғанда әншейінде ашуын басып алатын әйелі де үйде жоқ. «Атаңа нәлет, осы қатынның - ақ шаруасы бітпейді. Қара от үй іргесінде іріп тұрғанда, айдың күні аманда, атқа шөп шабам деп... ойбай - ау, басқа малдай емес, ат жарықтың жаз түгіл қыста да өз отын тұяғымен теуіп жей бермей ме? Ол әтеңе нәлеттің соны да білмегені ме, әй?!»
Судыр Ахметтің жиде шауып жатқаны жағадағы ауылға түгел тарап кеткен-ді. Кешеден бері балықшылар жұмыстан қолы босаса осы үйге жиналып, Судыр Ахметтің жиде шапқанын ермек ететін боп жүрген. Олар бүгін Еламанды ертіп әкелді.
Судыр Ахмет оларға ыңғай бермеді. Сықсыңдаған немелерден қысылды ма, жидеге қолы бармай, күйбектеп жүр.
─ Әлгі қақбастың қайдан келгенін білмеймін. Шалым барда бес аршын жаулықты қайқайтып тартып, ақ інгенге алшая мініп шыққанда алдыма әйел түсетін бе еді дейді. Ой, атаңа нәлет! Ой, қақбас ит!
─ Қап, не қыласың?! Әңгімеге алаң боп, қолың тайып кеткен - ау, шамасы.
─ Ие, ие, сүйтті ғой, сүйтіп құртты ғой мені. Мына бір шапашоты құрғыр да қылпып тұр екен. Аңдаусызда, жау алғырға батып кеткені.
─ Енді, қалай... келі шықпай ма?
─ Жоқ! Жоқ, келі шықпайды. Бижамалға келі, келсапты сәті түссе басқа кезде шауып берем.
─ Мұнан енді не істемексің?
─ Өзіме ер шауып алам. Не қыласың, жаман ер ат арқасын алып тастап еді...
Күлкіге булығып отырған балықшылар сыртқа ата - ата жөнелді. Олардың соңын ала Еламан да шықты. Кәлен жайы кешеден бері ойынан кетпей жүрген-ді. Өзі күйзеліп жүргесін бе, ол әйтеуір мына дап-дардай кісілердің дәл осы арада неге мәз болғанына түсінбеді. Бір жағынан желөкпе жастарға еріп кеткеніне ренжіді. Үйге кірмей теңіз жағасына барып, бой жазып қайтқысы келді. Қасындағы кісілерден бөлініп, үй алдындағы тік жардан қиялап түсе бергенде, дәл алдынан жоғары көтеріліп келе жатқан Мөңке қарсы кездесті.
─ Еламан қарағым, жағдай қиынға айналды. Курнос Иван Кәленді таба алмағасын ашынған тәрізді. Теңіз жағасындағы қамысқа от қойғалы жатыр.
─ Оны кім айтты?
─ Өз құлағыммен естідім.
─ Қорқыту үшін айтқан қоқан-лоқы болар.
Қарт балықшы иегімен сонау төменде, теңіз жағасында жүрген кісілерді нұсқады.
─ Көрдің бе, анау Курнос Иванның кісілері. Жаңа олар бір бөшке қарамайды домалатып әкеп, қамысқа шашып өрт қоймақ боп жатқан үстінен шықтым. Кәлен қайда кетер дейсің, табылар. Бір кісіні ұстаймын деп, осынша дүниені қарап қыласың ба, мына қамыстар жағаны қыстайтын елдің шабындығы. Қыс осы қамыстың ішіне мал жаяды, соңыра бүкіл елді өзіңе қарсы қоясың ғой деп, Курнос Иванды әзер тоқтаттым. Кім білсін, оның кейін не істерін?..
Еламан істің насырға шауып бара жатқанын байқады. Жалғыз Курнос Иван болса бір жөн. Кәленге қазір Құдайменде мен Теміркенің де қаны қатулы. Кәлен болса еш нәрседен хабарсыз. Өз тағдырын артында қалған жолдастарына сеніп, қамыс арасында қаннен -қаперсіз жатыр. Енді қайтті? Не амал бар? Еламан қарт балықшының көзінен де дәл осы сұрақты байқап, шамасы келгенше оған қарамауға тырысты. Жел қатайып барады. Қамыс сасқалақтай судырлады. Көк теңіз түтігіп, қарауытып қайнап жатыр.
Тұщыбас қолтығының арғы беті - сыпыра көк қатпар шық күңгірттеніп, көзден қашықтап кеткен екен.
─ Қараңғы түскесін қайыққа отырғызып теңіздің арғы бетіне өткізіп жіберсе қайтеді?-деді Еламан.
─ Ой, айналайын - ай, Курнос Иван бүл арада да алдыңды кесіп өтіп тұр ғой.
─ Қа - лай?
─ Оның жігіттері жаңа жағада тұрған қайықтың ескегі мен таяуын сыпырып әкетті.
─ Е, мейлі, әкете берсін. Ерегескенде, екі ескекті өзім істен берем.
─ Шырағым - ау, бұл ауылдан сынық ағаш таба алмайсың ғой.
Бір сенгені бар сияқты Еламан мұртынан күліп тұр. Мөңкеге жөнін айтпастан жедел басып, жиде шауып жатқан үйге барды. Есіктен басын сұға бере:
─ Ағажан, тоқташы!- деп жүгіріп барып, Судыр Ахметтің қолындағы шапашотқа жармасты,- осы жидені маған қишы.
Судыр Ахмет ентігін баса алмай, ырсылдап тұр. Жидесі құрғырдың абырой бермесін сезе бастаған сияқты. Ә дегенде сөзге келмей итере салғысы келін еді. Тек өзі құтыла алмай отырған ағашқа мынаның мұнша неге қиылғанына қайран қалды. «Бәлкім мен бұның қадірін білмей тұрған шығармын» деп ойлап, бір сөзге келмей Еламанға итере салған жидені жалма-жан өзіне қайта тартып алды. Ол енді жидені астына басып, атша мініп алды.
─ Сен... бұны қайтесің?
─ Керек боп тұр.
─ Маған керек емес екенін қайдан білдің?
─ Құдай шебер - ай!.. Қиындата бермей, қайныма бере салсаң қайтеді?!
─ Әй, қатын, тек отыр. Бұл сен араласатын шаруа емес. Ие, ал?.. Сен бұны не істемексің?
─ Ескек...
─ Ә, балыққа шықпақсың ба? Жөн! Жөн, бірақ бұл менің өзіме де қажет боп тұр ғой.
─ Босқа сұрап тұрғам жоқ, ақысын төлер едім...- Судыр Ахмет атып тұрды. Жаңа ғана атша мініп отырған жидені жерден көтеріп алды. Неге бүйткенін өзі де білмей, қайтадан жерге түсірді.
─ Ойбай - ау, Еламанжан - ау, салған жерден сүйдемейсің бе? Сүйдесең, жаман ағаң сенен ештемесін де аямайды ғой. Сенен аяғанды ит жесін!
Еламан оңай көнгеніне қуанды. Судыр Ахмет айнып кетпей тұрғанда тезірек әкеткісі кеп еді.
─ Жоқ, жоқ, ескекті саған өзім істеп берем, деді Судыр Ахмет.
Еламан оның бүлдіретінін біліп, жалынып көрді. Бірақ онан ештеңе шықпады. Қайта, неғұрлым жалынған сайын соғұрлым анау «өзім істеп берем», - деп өзеурей түсті. Тіпті ол кейінге қалдырмай, осы қазір табанда қолма-қол істеп бергісі кеп, қара жидені қайтадан омырауға алып ысылдап - пысылдап шаба бастады. Жидені ескектің қалағына лайықтап екіге бөлді. Алғашқы кезде жуан жиде жұқарып, ескектің қалағына ұқсап келе жатты. Еламан оның қолынан бірдеңе келетінін байқағасын:
─ Аха, мен бір айналып келсем қайтеді?- деді.
─ Бар, барып кел! Құдай қаласа, сен келгенше келістіріп ескек істеп қоям.
Еламан Мөңкені тауып ап, ескек дайын болатынын айтты. Қас қарая Кәленді қайыққа отырғызып, арғы бетке өткізіп жіберу жайын ақылдасты да, Судыр Ахметке қайтып келеді. Жиденің көлемі бұрынғыдан гөрі кішірейіп, бітімі өзгеріп кеткен екен. Оны Судыр Ахмет те сезген болу керек. Еламанның тез оралғанына тыжырынып, теріс айналды.
─ Мынаған не болған?- деді Еламан. Судыр Ахмет жидені теуіп жіберді.
─ Қаратаздың қыстауының жанындағы құмнан шауып алып едім. Қайырсыз ит емес пе, жидесінде қайдан қайыр болсын?..
Еламан не дерін білмей, дағдарып қалды.
─ Ескек шықпайтын болды. Енді ескекті қойдым. Менің ептеп етік тігетін де өнерім бар ғой. Енді қалып істеймін. Көре қал, осы жаз өзіме келістіріп тұрып етік тігіп алам...
Еламан бұрылып жүре берді. «Осы қасиетсізден бірдеңе шығады деп жүрген... Жаным -ау, мынау кім?» Көзін уқалап жіберіп анықтап қарап еді. Иә, сол! Соның өзі! Қолында қос ауыз. Басы пысынаған, елтірі қара бөрікті қолына алып, қос ауыз мылтықпен қосып ұстапты. Курнос Иванның аңдытып қойған жігіттерін көрсе де, айылын жимастан тапа -тал түсте қамыс арасынан шығып, ауылға беттеп келе жатыр.
Еламан бір есептен оның бұлай істегенін дұрыс көріп, алдынан қарсы шықты. Еламан жеткенше кейінгі жақтан Мөңке де жүгіріп келді.
─ Шырағым - ау, бұның не?
─ Әй, қашанғы тығыла берейін?! Маса шіркіндер мазамды алып бітті.
─ Не дейді, есің дұрыс па?
─ Ақсақал, саспа. Ажал шын төнсе, Тәңірінің қойнына тығылсаң да табады. Әй, қатын,-деп бұжыр қара кісі үй жаққа дауыстады,- шай қой. Жанымды алар әзірейіл келгенше келістіріп шайға қанып алайын. Сонан кейінгісін көре жатармын.
Балықшылар жиналын қалды. Бір тон жас жігіт пен Рай да жүгіріп кеп, бұжыр қара кісіні орталарына ала тұра қалды:
─ Кәлен аға, сені жауға бермейміз.
─ Жоқ, қалқам, сендер араласпаңдар. Бұл өзім бастаған іс еді, өзім аяқтайын.
─ Көпке жалғыз топырақ шаша алмайсың. Асылы, жігіттерді жиғанымыз жөн болар,- деді Еламан да.
─ Қойыңдар, араласпаңдар!- деп Кәлен бет бақтырмай, тыйып тастады,- қолымда он патроным бар. Сонымен әуелі он Курнос Иванды жайратып салмай, ағаң ешкімнің де қолына түспейді.
Курнос Иванның жігіттері мылтықтан қорықты ма, әлде оның дәл қазір қамыс арасынан қанын торсыққа құйып шыққан суық түрін таныды ма, әйтеуір, ауылға кірмей, сырттан торуылдап жүрген-ді. Кәлендер ішке кірген кезде олар тез бас қосып, ақылдасып алды да, бір кісіні дереу промсолға жүгіртті.
Дәл осы кезде қара сақалды, киіз кереқапты атшабар қыр жақтан құйындатып шауып кеп, Кәленнің үйіне ат тұмсығын тірей тоқтады. Қабырға болысына түскен жігіт санын толтыра алмай, Құдайменденің жаны қысылып жатқан көрінеді. Кешеден бері атшабарлар жан-жаққа шапқылап, мына киіз кереқапты қара сақал да балықшылар аулына келгіштеп кетті. Келген сайын жаңадан тізімге іліккен жігіттердің атын есіттіріп, әзірлік қамын ескертіп жүрген-ді.
Бұ жолы Құдайменде Кәленнің бес жасын кемітіп, тізімге іліктірген екен. Бұл хабарға Кәлен таңданбай, үнсіз тыңдады.
Атшабар:
─ Жинал, бол енді!- деп әмір етіп еді, Кәлен күтпеген жерден жымиып:
─ Мен әзірмін ғой,- деді де, шабарманнан бұрын сыртқа ытқып шықты. Белдеудегі атқа да ол шабарманнан бұрын жетті. Үзеңгіге аяғын салмай, тықыршып тұрған атқа бір- ақ ырғыды.
─ Ойнама, аттан түс!
Кәлен ала жөнелген аттың басын тартып, шабарманға қайырыла қарап:
─ Болысқа сәлем айт: адал кәсіп маған нәсіп емес екен. Пешенеме жазылмаған болды. Торы аттан күдер үзсін. Ұрлық мал ұрының бойына ғана жұғады,- деді де, атты тартып қап Бел - Аранның кезіне қарай тасырлатып шаба жөнелді.
* * *
Соңғы баласы өлгелі Мөңкенің үйі тілін жұлған қоңыраудай, күнде, әсіресе, кешкісін қаңыраған үйде кемпірі екеуі екі жерде үнсіз томсарып отырады да қояды.
Бір күні Әлиза кешкі астан кейін әңгіме бастады:
─ Әй, Мөңке!..- деп еді. Бұрын атын атамаған әйел енді бүгін «Әй, Мөңке», - дегенде шошып, селк ете қалды. Әлиза сәл үнсіз отырды да, әлгі оқшау әңгімені қайта бастады.-Сенімен отасқалы да біраз заман екен. Құдайдың құрамағаны болмаса, қойным құтсыз болған жоқ... он балаға ана боппын. Қандай қарақтарым еді!..
Әлиза тамағына жас тіреліп, даусы дірілдеп бара жатқасын сәл тоқтап, көңілін басып алды.
─ Баста да саған жеңгелей тиіп едім ғой. Сол жеңгелік жолым - жол... Енді сені өзім аяқтандырам.
─ Не деп тантып отырсың?
─ Әй, жарқыным, бұл үйде менің алдыма шығар адам жоқ. Сөзім - сөз. Сені өзім аяқтандырам. Қарақатынның аузы ластау демесек, қашаннан көршіміз. Ыдыс-аяғымыз араласып отыр. Оның Балкүмісі қызымдай болған бала... Балкүмісті саған әперіп, ендігі қалған өмірімде оған абысын, саған жеңге боп, екеуіңнің тілеуіңді тілеп, балаларыңды бағып берем.
Сүйдеді де, Мөңкенің келісімін күтпей, тысқа шығып кетті. Мөңке әншейінде өзінің ыңғайымен жүріп, тұратын әйелдің бүгін қапелімде уысынан қалай шығып кеткеніне қайран. Келесі күні ол өзінің дегенін істеп, Мөңкеге Қарақатынның қызын алып берді. Сонан бері бұл екі үй бір- бірімен араласып, әйелдер жағы абысын-ажын боп ауыз жаласып кетті. Дос пен Мөңкенің арасы тіпті жақын. Аз ғана ауларын қосып, балықты бірігіп аулап жүр. Қарақатынның қағанағы қарың. Әсіресе, алғашқы кезде Мөңкенің үйінен шықпады. Қызына үй ішін ұстап - күтудің ретін айтып, бай күтіп, бала бағудың жолын үйретіп жүр.
─ Құтты жеріне қондырдым. Еркек кісі алпыста да қыршын жас! Көре қал, Мөңке әлі де бір әйелді қартайтады.
─ Ие, қойшы! Ұялам...
─ Не дейді, мына жүзіқара?! Қатын боп, басыңа ақ салғанның несі ұят? Бір жігіт көз салмай, әкеңнің оң босағасында отырып қартайсаң қайтер едің? Қой, шырағым! Мына сөзіңді менен басқа бір адам есітпесін,- деп қызын тыйып тастады.- От басынан кеткенмен сен әлі өзімнің қанатымның астындасың. Мен тұрғанда қор болмайсың, қызым. Бақыттысың, қызым! Білмегеніңді былай істе деп көрсетіп беріп отыратын анаң бар қасыңда... Алдыңда Әлизадай абысының бар...
Қарақатын бұнымен де қойған жоқ, Әлизаға да ауыл арасының сыбыр - жыбырын жеткізе бастады. Бірақ Әлиза Қарақатынның сөзін құлағына ілмеді. Ал Ақкемпірмен екеуінің бір-біріне қай кезден де ықыласы басқа. Оның үстіне қазір құдағай. Ірі балық келсе, бір-бірін асқа шақыра қояды.
«Е, қос қақбас, бастарың қосылған екен! Не бауырларың бітіп бара жатыр дейсің?! Мен шығар жамандайтындарың »,- деп ойлады Қарақатын. Келесі жолы ол қызын Әлизаға айдап салды.
─ Ол сені оңдырмайды. Ізіне қара ермеген бауыры құтсыз қақбастан опа таппайсың. Қу тақырды гүлдетем деп сен әлек. Көре қал, ол сенің ізіңе тікен егеді. Оны айтасың ба, ол қақбас ертең сенің балаңды бауырыңнан шырылдатып тартып алып, өзінің қойнына басқалы жүр. Сосын өз балаң өзіңе жат боп кетеді. Балаңды берме! Үй ішінің билігін өз қолыңа ал!
Балкүмістің асты-үстіне қарай қайқайып біткен түрік ерні жайшылықта да шоқ түскендей, сөз тілеп, ұрыс тілеп жыбырлап тұратын-ды. Қазір тіпті долданып, көбіне ыдыс-аяқтарды теуіп қап, бұртаңдап бет алдына сөйлей бастады. Оның сөзін елеп жатқан Әлиза жоқ. Ештеңені елестірмей, үй ішінің бітпей жатқан шаруасын істеп, елпілдеп жүреді. От басының тыныштығына үйренген қарт балықшы аузы-басы сүйреңдеген Балкүміске таңдана қарап отырады да, тұрып кетеді. Сыртқа шығады. Кішкентай бәлекейдің жаңағы көкайыл долылығы сыртқа шыққасын да ойынан кетпеді. Оның Қарақатынға қатты ұқсайтынын алғаш рет осы қазір байқады. Балалы болғасын қояр деген әлсіз үмітті желеу етіп, өзін-өзі жұбатты да, Досқа барды:
− Теңізге шықпаймыз ба?
Дос ықылассыз. Ау - құралы тапшы. Кейінгі кезде екеуі серіктес болды да, ескі ауларды жатпай-тұрмай.жамап-жасқап, арқалығына қалтқы, табанына тас байлап көптен көздеп жүрген дәмелі жерге салмақ боп жүрген-ді. Мөңке мен Дос шөгір - шөгесі мол жағалауды жалаң аяқтарымен жасқанбай басып, қауқылдасып сөйлеп келеді.
− Теңізде ағыс бар-ау деймін. Сарылдауын көрдің бе заңғардың?
− Ағыс болса келіспеді.
− Ие, ағысты суда балық жүрмейді. Асылы, қай мақұлық та тыныштық іздейді ғой. Оның үстіне дауылда ауды шалаң басып, жабағы жүндей есіп тастайды.
Теңіздің қыл жиегі судырлаған бала құрақ. Бітік тұсы бауырына көлеңке сақтап, қара тұнықтанып сыбырлай бастады. Жағаға тұмсығын шығарып кеткен ақ қайың бұларға бала құрақтан бойын созып қарап тұрғандай. Бір қарға қайықтың қарағұсына қонып алыпты. Бұларды көрсе де ұша қоймады. Мінезсіз бай-бай сорлы мойнын қылғына созып: «Ғақ -қ!.. ғ - ғақ!..» - деп жаман, тарғыл даусы жыртыла айырылды. Бұнысы, бейне бір жақта жүрген жұбайын қарғап-сілеп: «Жер жұтты ма, сені?.. Қайдасың, ғы - ғақ!.. Қайдасың, ғы -ғақ?..» - деп дауыстап шақырып жатқандай екен. Мөңке күліп жіберді.
− Пай - пай, мына қара мырзаның Құдайы беріп, қонысы келісіп - ақ отыр екен.
Қарға әлі де болса ұшқысы келмей, бір- екі қопаңдады да басылды. Сулы көз алаң-құлаң, бұларға үркектей қарап алды да, ақырында: «Қой, болмас» - дегендей, байбалам сала дауыстап көтеріліп кетті. Мөңке мен Дос су ағатын, лақсалау жаман қайықтың қасына тоқтады.
Күн тымық. Сонан келе сонау аңғар жақ қарағаннан қарап гүрілдеп, ұлы теңіздің кешегіде ауылдан кейін әлі де тарқай қоймаған ашу-ызасын анық танытып тұр. Қараптан-қарап жатып көк теңіз ырғалып, кәрін тіге ыңыранып қояды.
− Дауыл болады... көрмейсің бе, мына заңғар ырғалып жатыр, - деді Мөңке.
− Ау салмасаң, асылы, өзекке барайық. Кешкі салқынмен қимылдасақ, тәйірі, қоямыз ба, кісі басы бір- екі түйеден көк құрақты құлатып тастаймыз ғой...
− Бұның ақыл. Ендеше сен қайықпен Қандыөзекті мойындап біткен құрақты шап. Ал, бергі сарықтық бойының құрағын мен шабайын.
− Ол араны кеше Судырақ шабам деп, алақанына түкіріп отыр еді.
− Ой, оны қой. Түк бітірмепті. Бір шабындық бүтін емес, бір- бір арқадан шөп алып, арамдап тастапты.
− Жолатпайтын кісі еді, сен болдың ба?... - деді Дос күңкілдеп.
Мөңке үндемей, шалғысы мен шарығын алды да, шөпке кетті.
Балық өнімсіз болғасын, биыл бұлар бай аулына бір- бір тоқтыға жалданып, өзектің құрағын шауып жатқан. Судыр Ахметтің күйі тайып бара жатқасын, Достың наразылығына қарамай, Мөңке оны өздерінің селебесіне алып, өзектің шөбін бірлесіп шаппақ болған-ды. Онысынан пайда таппады. Судыр Ахмет бір бауыр жерге дейін алым-берім істеді де, белі шойырылып отыра кетті. Тым құрыса өзгелердей кісі бойы көк құрақтың шетінен түсіп, қою - сұйығын араластыра шаппай, бітіктерін теріп, арамдап шапты. Бір уыс орған шөбіне бір қарал, қыт-қыттап күліп Мөңкеге барады:
− Орып жатырсың ба? Op, ор!
− Е, сен неғып жүрсің?
− Бел жазып алайын деп...
− Орғаныңнан бел жазғаның көп, жұмыс қашан өнеді?
− Қой әрі, жан қиналатын жұмыс істесем бір тоқтыны қайдан алмаймын. Сонша өлімімді сатып нем бар? Сондай-ақ, Тәңірберген маған ақысына құйрығын қарыстап қой беріп пе?! - деді де, Судыр Ахмет кетіп қалды. Қостанып шөп шауып жатқан бай ауылдың пішеншілеріне барып, Мөңкені жамандады.
Мөңке көк құрақты құлатып тастады. Сонан үйге қайтар кезде ғана басын көтерді. Қарақатынның ешкі - лағына екі бау бала құрақ орып алып, күн бата үйге қайтты. Ертеңінде күн дауыл боп, Мөңке мен Дос көк құрақты тағы да құлатып еді. Онан олар шапқан пішенін сарықтау жерге шығарып, суындап үйді. Бұл күні Мөңке сіркесі су көтермей, үйіне қалжырап қайтып еді. Судыр Ахмет алдынан жайраңдап күліп шықты:
− Бала, мен бүгін де шөпті өндіре алмадым.
− Кем талапсың, шөп қайдан өнсін?! Арқасына күн өткен ешкі құсап үйден шықсаң - ақ шыбыжықтап қайтып кете бересің.
− Кетпесіме лаж бар ма? Үйіңде аузын ашып отырған... анау бала-шағаның түрі. Бәрі маған қарап отырғасын теңізге тор жайып, торта - шабақ аулап кеткенім рас.
− Көріп отырмыз ғой... оны да келістіріп жүргенің шамалы.
− Ау, Мөңке - ау... Мөңкежан - ау, қасыңдағы өндіршегі қураған жаман шалға тап - тап бергенше, сен мықты болсаң, ана көктегі Құдайға айт... Жердің, көктің қожасына... баршамызды өргізіп - тұрғызатын Патша Құдайға айт! Мына Ахметтің ауына балық түсір де. О несі - ай, маған кіжіңдеп... Балық түспесе, су астына сүңгиін бе?
− Сөз емес. Су астына ешкім де сүңгіп жүрген жоқ. Үлкен теңізге шығып, былайырақ беттеп барып, айдынға өрлей ау салсаң ірі балық қаппай қоймайды.
− Ол балықты саған бергенім. Көк теңіздің түбіндегі балық түгіл қара жердегі... ойбай - ау, мен мына... мына... - деп Судыр Ахмет табаны астындағы жердің шаңын бұрқылдатып теуіп - теуіп қалды. – Ойбай - ау, мен мына қара жерге шашылған ризық несібемді теріп жей алмай жүрмін ғой. Маған шалқып жатқан көк теңіздің... тілсіз жаудың... кісі жұтатын құрдымның; түбінде тырағайлап жүрген балықты ұста дегені несі?! О, несі - ай?.. Ойбай... ойбай!.. - деп долылық буып, отыра қалып, өз маңдайын өзі төпеледі. Оның талай қылығына қанық Мөңке мына мінезіне қайран. Осымен қос боп жүрген өзіне ренжіді.
* * *
Ер-азаматынан айырылғалы отырған ауыл үш күн бойы әбігерде еді, әсіресе тізімге іліккен жігіттердің жүретін күні жақындаған сайын қатын-балалар қыңқылдап жылап, балықшылар ақыл таба алмай басы қатып отырғанда Бел - Аранның кезінен шаң бұрқ етті.
− Уай, мынау не?
− Апыр-ай, түрі жаман ғой...
− Тегін болса жарар еді. Беті қалай қатты?
− Қаратаз қаладан әскер шақырды деп еді, мынау сол болмасын...
«Әскер» деген сөзді есіткенде ауылдың әбігері шықты. Ата-аналар балаларын іздеп, қыз-келіншектер зып беріп өрешеге кіріп кетті.
Ер-азамат сыртта тұрып қалды. Шаң ауылға жақындап келеді. Әне-міне дегенше Бел -Аранның кезінен бері құлап, тұяқ астынан түйдек-түйдек ұшқан шаң арасынан жылқылардың жоны көрінді. Балықшылар аң-таң. Жаңа ғана жүзі қатты бір жамандықты сезгендей, жүрегі мұздап тұрған жұрт есін жиям дегенше болмай торы атты біреу жүз қаралы жылқыны дүркіретіп қуып әкеп, балықшылар аулының дәл үстінен құлатты.
− Әй, мынау... Кәлен ғой.
− Дәл өзі.
− Алда, есіл ер - ай! Арқа сүйер азаматым - ай! - деп үлкендер жағы риза.
Дос кейіндеу тұрған-ды. Қарақатын жүгіріп кеп, әлденені күйеуінің құлағына сыбырлады. Дос орнынан қозғала қоймады.
− Мына сорлыға не болған?.. Сыбағаңнан қаларсың. Барсайшы бұрынырақ, - деді Қарақатын енді күйеуін итермелей бастады.
Дос жылқыға басқалардан соңырақ жетті. Саяқ аттардың арасында әлдеқалай бір құла байтал ілесіп келіпті. Қарны жер сызады. Шелектей сан еттері де сыртына айналып кетіпті. Дос салған жерден құла байталдың күдірейген кереге жалына қызықтап қарап, көзін ала алмай тұр. «Бас тоқсанда жығып алсаң, пай-пай, жануар-ай, бір үйдің аузынан ақ майын ағызар еді-ау».
Кәлен жылқыны теңіз жағасына иіріп тастады да, іле-шала қайтып кеп аттан түсіп, тізгінін сол арада тұрған бір жігітке ұстата салды. Сосын сыртта өзін күтіп тұрған кісілерге келді.
− Мынау Қаратаздың жылқысы. Мойныма қарыз болады деп ойламаңдар. Бір- бірден ұстап мініңдер.
Дос көп жылқының ішінен құла байталға ындыны кетіп, қызықтап тұрған-ды. Кәленнің сөзін құлағы қағыс естіп, қасындағыға күңк етті:
− Не деп тұр мынау? Мінуге әкелген бе?
− Е, сен сойып жеуге әкелді деп пе едің? Бұртима, жүр, онан да, тақымға толық біреуін ұстайық.
Дос қозғалмады. Қасында оты, суы өзімен ыңғайлас жүретін бір-екі кісі бар. Арты даулы малдарға ыссылай ұрынбай, ақысын аңдығандай сыңай байқалады. Олардан басқалар жылқыларды аядай жерге иіріп, құрмалап ұстап жатыр. Еламан ұзын торы атқа елден бұрын бұғалық тастап, ноқталап апты. Елге келгеннен бері жадырап, еңсесін тіктегені осы. Үлкен ала көздің қарашығы әдеттегіден гөрі қаттырақ ұшқындап, жігерлене түскен.
− Жігіттер! Бұрын қара жаяу болғасын күресуге дәрмен жоқ болатын. Шерменде едік. Енді... астарыңда бір-бір ат...
− Қару болмағасын, аттан не қайыр?! Құр қол кімді қиратамыз? - деді сырт жағында тұрған біреу. Еламан Досты даусынан таныды.
− Кекті - қару емес деп кім айтты?.. - деді Еламан. Жігіттер шулап кетті:
− Бізді тек бастаса болды. Сойылмен де сазайын береміз. - Еламан қол созым кейін тұрған Кәленге қатарласты.
Екеуі күңкілдесіп, аз сөзбен ақылдасып алды да, жігіттерге қолын көтеріп «тынышталыңдар» дегендей белгі етті.
− Тараңдар! Даярланыңдар! Күн қызуы қайта аттанамыз!
Дос Кәленнің жеңінен тартты.
− Қаратаз кейін малын даулап жүрмей ме? - Кәлен қарқылдап күлді:
− Ол таз о дүниеде болмаса, бұ дүниеде мал даулауды қоятын шығар. Солай емес пе, Еламан?
− Иә, солай. Сосын, Қаратаздың малында мына кісілердің қай-қайсысының да маңдай тері мен табан ақысы бар. Ол итпен осы жолы мықтап есеп айырысамыз.
Дос санын соқты: қап, не қыласың, бұл әліптің артын бағып жүргенде желөкпе жігіттер тәуір аттарды таңдап әкетпесе неғылсын? Шынында да Досқа қыс бойы қойға мінген ақ қаптал шабдар қапты. Мінезсіз жаман тұғыр қасына жақындаса құлағын жымып, қос аяқтап тепкелі бөксесін бұра берді.
Еламан Досты көзінің қиығымен бағып, күліп тұрған-ды. Қасына Мөңке келді.
− Біздің заманымызда қазіргідей аласапыранда ата баладан безіп, әркім өз басын қайттап кететін. Сен болсаң жігіттердің басын біріктіріп жатырсың. Осы жұрт қара келлесін әзер алып жүрсе, сен қоралы жанның өлім-жітімін арқаламақсың. Кәне, жөніңді ұқтыршы... Сонда кімге сендің?
− Сендерге сенем, Мөңке аға.
− Е, сондай-ақ біз кімнің шікірасы екенбіз? - Еламан бұ жағын ойламаған-ды. Қарт балықшы соны біліп, ой салу үшін әдейі сұрап тұр ма?
− Жә, қу бала, адаспай отырсың. Қиын кезде халыққа сенгенің дұрыс. Бірақ... сүйтсе де, сен ендігі жөніңді ұқтыршы? - деді Мөңке.
Еламан қарт балықшының сұрағына қиналды ма, онан көзін алып, төңірекке көз тастады. «Ендігі жөнім?.. Бәсе, ендігі жөн... Апыр-ай, ендігі жөн...» - деп қинала қабақ шытып, ішінен екі-үш рет қайталады. Ендігі жөн?.. Жел қатайып бара ма, қалай? Және кешеден бері бірыңғай аңғар беттен соғып, ұлы теңіздің ашу-ызасы бойына сыймай, ыңыранып өкіріп жатқан-ды. Еламан көптен бері қол үзіп кеткен теңіз өмірінің осы бір өзіне таныс мінезін жаңа көргендей боп, аңғар беттен соққан желге қарсы қарап кеудесін тосып тұр. Ендігі жөні... Бәсе, бұл істің ендігі жөні қалай болады? Ауыл сыртындағы жазаңда бір топ жас қайық сойылдар сарт-сұрт сайыс сап жатты. Олардың да ойында түк жоқ. Ендігі жөнін бірде-бірі ойламапты. Жә, олар бұған сенсін, ал, бұл кімге... қай құдіретке сенеді? Ұзынқұлақ хабардан естуі: ел ішінде наразылық күшейіп, ашынған халық ызасы анда да, бұнда да бұрқылдап бара жатқасын болыс ояздан әскер сұрапты. Қару асынып, зеңбірек сүйреткен әскер Шалқардан шығып, қазір жол үстінде келе жатқан көрінеді. Болысқа тигенің - патшаға тигенің. Сонда, сен бас-аяғы жүз қаралы жігітпен патшаға қарсы шықпақсың ба?
− Мөңке аға, сенен жасыратын не бар?! Жағдай қиын. Бірақ бар- ау, - деді Еламан сөзін салмақтап. - Соңырағы күні сәтсіздікке ұшырап туым құлар, тағы кісендер. Тіпті, әрілесе қабырғамды бір- бірлеп сөгіп алар болса да, бұл бетімнен қайтпаймын.
− Иә, тайсақтаудың жөні қалмады.
− Күн кештете аттанамыз. Жайлаудағы жалпақ елді көтереміз.
− Жолың ғой, Сүйекеңе дидарласа кеткенің дұрыс. Сен дегенде жаны жоқ. Сен үшін жалғыз қызын да көрмей кетті ғой.
Еламан бұған да сыр бермей, үй іргесінде шуылдап өкіріп жатқан көк теңізге қыбыр етпей көзін тігіп отыр. Көз қиығын тағы да ауыл сыртындағы жазаңға бұрды. Қара жаяу жігіттер тақымына ат тигесін есіріп кеткен. Бір- бір сойыл қолында. Екеу-екеуден кездесіп сойылдары сарт-сұрт айқасып жатыр. Ертеңгі күні мылтықты, зеңбіректі әскерге кездескенде де дәл осылай...
− Уай, мынау не? Бұл не?
Еламан қарт балықшының назары ауған жаққа көз салып еді, ауыл үсті азан-қазан. Шаң -шұңдаған әйелдер үй мен үйдің арасын шаңдатып жосып жүр. Әлі де болса жаңағы ой жанын қинаған Еламан аяқ астынан абыржып, алдына түсіп жосып бара жатқан қарт балықшының соңында келе жатып, «апыр-ай, ә? - деді ішінен, - ертеңгі күні мылтықты, зеңбіректі әскерге кездескенде де, мына жігіттер дәл осы лай қу сойылмен қарсы шабар ма екен? Қыршын жігіттерді қырып алмасақ қайтсін? »
Дос үйінің алдына адам - қара үймелеп жатыр. Басқалардан гөрі Қарақатынның даусы басымдап шаңқылдап шығады. «Мына пәле бірдеңе істеді - ау шамасы?»
Еламаннан бұрынырақ жеткен Мөңке бәрін көрді: Достан ештеңе шықпасын білгесін Қарақатын алдындағы жалғыз қазыққа байлаулы тұрған семіз құла байталдың қарнын өзі күнде балық сойып жүрген селебе пышақпен жарып жіберіпті. Іште қаннен-қаперсіз шай ішіп отырған жігіт құла байталдың құлындай шыңғырған даусын естіп, сыртқа жүгіріп шықса, сағақ бауын үзе - мүзе шығынып қашқан байтал ақтарыла түскен ішек - қарнын сүйретіп барып, әудем жерге жете бере жығылыпты. Байтал жығылған жерге жұрттан бұрын жеткен Қарақатын енді бір адамды жолатпай, жалғыз өзі иемденіп жатыр екен. Құла байталдың иесі:
− Жеңеше, мұның не? Мен енді жаяу қалдым ғой, - десе, Қарақатын:
− Ой, сүдінің құрғыр. Қаратаздың жылқысы бәріңе де жетеді. Бір үйір жылқыдан бір жапырақ ет аузымызға тимейтін не сорымыз бар?!. - деп бой бермей жатыр екен.
Еламан миығынан күліп жақындай берді. Атсыз жаяу қалған жігіт Еламанды көріп, Қарақатынды тастай сала жүгіріп келді.
− Елаға, енді қайттім?
− Оқасы жоқ, бір сыласы болар. Ал, мына құла байталдың етін бөлісіп алыңдар.
− Не дейді? Қайным - ау, жұдырықтай байталдың несін бөлеміз, Өзім дербес алам, - деп Қарақатын қасында тұрған кісілердің бәрінен қызғанғандай, ала көзімен ата бастады.
* * *
− Мөңке аға, енді аттанамыз.
− Сапарларың оң, болсын, қарақтарым. Құдайым жандарыңа жамандық бермесін.
− Әумин! - деп Еламан бетін сипады.
Әзір тұрған жігіттер аттарына мінді. Сойыл - шоқпарларын тақымына басты. Атсыз қалған жігіт те бір кісінің артына мінгесіп ұлы дүрмектің ішінде кетіп бара жатты.
* * *
Еламан төбе басында жалғыз отыр. Әлгінде үш жүздей жігітпен осы қоңыр төбенің етегіне кеп тоқтаған-ды. Жорыққа шыққалы бәрі құрсақтанып жүрген жігіттер әлгінде тоқтаған бойда апақ-сапақ ас қамына кіріскен еді, бұл шапанын иығына желең сан төбе басына көтеріліп еді.
Қазір қас қараяды. Жел тынады. Күндізгі ала шабыр бұлт көк жүзіне қанат жайып тұтасып келеді. Бірақ бұ жолы да жаумай тарқайтын сыңай бар. Еламан өзі отырған төбе басынан төңірекке көз салды. Көп ұзамай күн батты. Қас қарайды. Әр жерден жарқылдап от тұтады. Қараңдаған кісілер. Дабырлаған дауыс. Бастас қатар жігіттер бір жерде әлденеге күлісіп, мәз боп жатса, екінші жерде домбыра тартып, ән салып мәре-сәре. Қайсыбіреу қараңғыда көз жазып қалған жолдасын іздеп:
− Ербоз!.. Ер - боз! Жігіттер, Ербоз көздеріңе түспеді ме? - деп еді, оған біреу:
− Көзіме түсті десең, кел, көзімді аш, қара, - деді. Еламан езу тартты: «Ербоз?.. Бізде ондай жігіт бар ма еді? Әлде... кейін қосылған жігіттердің бірі ме? » Көп кісі түңгі оттың төңірегіне жиналыпты. Бір от әлсіреп сөніп бара жатса, басқа жерде басқа бір оттар лапылдап, қызыл жалын қараңғы түннің етегін түріп, төңірек жап-жарық боп кетеді. Сол кезде Еламан от маңында қараңдаған кісілердің тұлғасын көріп, кейбірін түстеп танып қап отыр. Бір рет солардың арасынан Кәленді көрді. Жұрттың бәрінен жотасы асып, айдыны мен айбаты алыстан көзге түседі. Ертеңгі екі талай күн ешқайсысының ойына кіріп шығатын емес. Тоқта, мыналар кім?
Еламан қараңғыға көз тікті. Бір қора кісі аттарын ақырын бастырып келді де, түңгі отқа мінбелеп тоқтады. Теңіз жағасынан шыққалы төңіректегі ауылдардан талай жігіттер топ-тобымен кеп қосылып жатқан-ды. Еламан мыналардың келген сәтте бірден апақ-сапақ араласып кетпей, ат үстінде тұрып сөйлескен түріне қарап алыстан келген кісілер екенін топшылады. Дабырлаған дауыс арасынан « Ұлықұм» деген сөзді құлағы шалды. «Е - е, Тілеу - Қабақтың жігіттері болды ғой».
Еламан аттанбай жатып атының дабырайып алысқа кетіп қалғанына таң қалады. Түбі қайтерін кім білсін, алғашқы қадамы әзір сәтті. Ояздан шыққан әскердің Ұлықұм бойын жайлаған жалпақ елдің наразылығын баса алмай, әлі күнге жары жолда шырмалып жатқаны да жақсылық. Сосын бұ да асықпады. Болыс аулына жеткенше қол салмағын әлде де қомақтандыра түскісі келді де, әдейі кедей ауылдардың үстін басып, ақырын жылжып келе жатқан-ды.
Кәленмен ақылдасып жігіттерді жүздікке бөлді. Әр жүздікке бір- бір кісі белгілеп, ұрыс кезінде басқаруға ыңғайлап алды. Тек, әттең, қару тапшы. Шоқпар, сойылдан басқа кешеден бері қосылған жігіттерде шиті мылтық, шашақты найза, айбалта бар. Кеше бір қарт ұста бұған өзі соққан қылыш сыйлады:
− Кекке суарылған. Қаратаз түгіл қаратасты шапсақ та қақ айырады, - деп қарт ұста қылышты Еламанның беліне өз қолымен байлап еді.
Осы күндері Еламан өз басындағы қасіретті де ұмытып кетті. Бұның ықтияр - еркінен тыс басталған осы бір істің ақыры немен тынары белгісіз. Осынша қол жиғасын алда бір шайқастың болары анық, Сонда, бәтір - ау, бұта түбін паналаған торғайдай жер аяғы қияннан кеп жатқан мына сорлылардың ертеңгі күні не болмақ? Құр сойылмен зеңбірекке қалай қарсы шабады?
Күн өтті ме, қалай? Қос самайдағы көк тамырлар кенет лүпілдеп қатты соғып кетті. Басын ұстап еді, алақан астынан мұздай тер білінді. Күн өтті ме? Тоқта... Әлде ылдида лапылдаған көп оттың қызғылт сәулесіне қадалғасын көзі талды ма екен? Не де болса, әйтеуір, жанарына шоқ түскендей көзі ме, әлде дүниенің өзі ме, қызыл сәуле лыпылдап кетті.
Еламан есін жиғанша, ту сыртынан ат пысқырды. Іле-шала бір топ аттылы қараңғыда дабырлап сөйлеп кеп, төбе басында жалғыз отырған Еламанға қатарласты.
− Кімсіңдер?
− Сүйеу ауылынанбыз...
Еламан туғалы көрмеген тірі жетім баласын ойлауды да ұмытып кеткен еді, есіне түсті де, әлде реніш, әлде ыза тілін байлағандай, төмен қарап отырып қалды.
− Сүйеу ауылда ма?
− Ауылда.
− Қанша жер?
− Онша қашық емес. Еламанның сарбаздары...
− Иә, осы.
Әлгілер атын ақырын бастырып ұзай берді. Еламан да шекпенінің шалғайын қағып орнынан түрегелді. Еңсе басқан ойдан әлі айыққан жоқ. Ертеңгі күн екіталай. Ертең бұл не болыстың басын алады, не болыс бұның басын алады. Соның алдында, тым құрыса сорлы жетімегін бір көрсе. Бір рет те болса әке құшағына тас қып қысып, мауқын басқысы кеп кетті.
* * *
Теңіз жағасындағы бұл оқиға болыс аулына да жеткен-ді. Онсыз да патшаға жігіт бермейміз деген ауылдардың ер - азаматтары атқа мініп, қаруланып жер - жерде ереуілдеп жатқанынан хабардар еді. Бірақ соның бәрінен мыналардың беті қатты екенін жас мырза білді. Басқалардың наразылығы ашу - ызадан артыққа аспайтын. Көбі жаумайтын бұлттай тектен - тек шоғырланып, қалың дүрмекке құр ілесіп жүр. Ат үстінің желігіне елірген қайсы біреулер солдатқа кететінін желеу қып, түн болса айттырып қойған қалыңдығының төсегінің тұсына кеп түйе боп сүйкеніп, жұртты ұйқтатпады. Ал мыналардың беті қатты. Болыс аулының жылқысын қуып әкетті. Бұлар, керек десе, жау алған жылқы соңынан қуғыншы аттандыра алмай шырмалып жатқанда, мыналар, әне, бас-аяғын жиып, бар тобымен түйіліп келеді. Кімнің жетегіне ерерін білмей, елеңдеп отырған елдер жағадан аттанған қолдың осылай қарай келе жатқан хабарына қуанып, әлден дуылдасып жатыр. Жайлаудағы жалпақ елге ертең оның өзі келгенде не болмақ? Бұлардың абызындағы ел ертең іргесін жалаңаштап кетпей ме? Кеше орыс байына қол көтерген Еламан бұлардан айылын жия ма?.. Және бұларға деген бұрынғы кектің үстіне енді Ақбаланың ызасы қосылып, иесіне түсетін бүркіттей қанына қарайып келе жатпасына кім кепіл? «Иесіне түсетін бүркіт...» деді жас мырза ішінен. Аңшылық қыла жүргенде, ол әлі күнге иесіне түскен бүркітті көрген жоқ-ты. Бірақ тас төбеден сегіз найзаны кезеп, суылдап келе жатқан ызалы қыран көз алдына келгенде қол-аяғы мұздап кетті. Есіне алмайын десе де, әлгіден кейін ызалы қыран көз алдынан кетпей қойды. Ояздан шыққан әскер қашан жетеді? Үлгіре ме? Олар жеткенше, теңіз жағасынан шүйлігіп келе жатқан ызалы қыран қанды шеңгелімен бүріп кетпесе не қылсын? Айналасындағы арқа сүйерлерінің сиқы мынау. Апырай, болыс... болыс ағасы не ойлайды? Өздігінен түк әрекет істемей, өлімтігін оязға артып жатып алғаны несі?.. Өткел аузындағы түйедей ілгері баспай, кегежектеп кейін тарта береді.
Жас мырза бұндайда жұрт көзіне түспеу жағын ойлайтын да, өзіне жаманат келтірмей, пәленің бәрін ағасына ысырып тастап отыратын. Бұл жолы өзі араласпаса болыс ағасынан қайран жоғын білді де, тез іске кірісті. Күндіз-түні үй көрмей шапқылап, біреуді айбарымен ықтырса, біреуге бетінің ажарын салып, әп-сәтте жүз қаралы жігіт жиып алды. Жас мырза бұнан кейін де байыз таппай, тапа тал түсте бәйге күреңді қан сорпа ғып болыс ағасының аулына шауып келді.
− Ал, не бітірдің? - деді Құдайменде.
Ағасымен оңаша сөйлескісі келген мырза есік алдында отырған малайға иек қақты.
− Бар, атты суарып кел!
Малай ата жөнелді. Оңаша үйде өздері қалғасын жас мырза әңгімесін енді бастағалы оқтала бергенде сыртта жүрген қатын-қалаш у-шу болды да қалды. Сүйткенше Арал маңының әдеттегі алаяқ құйыны лап беріп, үй ішін әп-сәтте ұйқы-тұйқы қылды. Бұлардың қасында ойнап отырған кішкентай қыз бала шар етті.
− Әй, кім бар? - деді Құдайменде сыртқа дауыстап. - Алып кетіңдер мына заржақты.
Ішке Ақбала кірді. Басқадан бұрын көзі әуелі күйеуіне түсті. Бірақ үлкен алдында әдеп сақтап, онан көзін тайдыра берді. Ішке аттап кіре бере сұлу бойын сәл иіп, болыс қайнағасына сәлем етті де, баланың жанына тізе бүкті.
− Көзіңе құм түсті ме?
− И-ие...
− Сен жылама. Жақсы балалар жыламайды, - деп жас баланы алдарқатып отырды да, аппақ таза орамалдың шетімен көзіне түскен топырақты қағып тастады.
Ақбала балаларға онша иліге қоймайтын. Осы ауылға келін боп түскелі Тәңірберген де оның әлі күнге бір балаға иіліп, маңдайынан сипағанын көрген емес-ті. Сол келіншектің енді жылаған баланы соншалық бір аналық мейіріммен бауырына қысып отырып, теп-тез жұбатып ала қойғанына қайран. «Әлде өзінің баласы есіне түсті ме екен? Солай шығар -ау?» Үйішіндегі бір жанға көз салмай сызыла басып сыртқа шығып бара жатқан келіншегін бұл жаңа көргендей, аңыра қарап қалған-ды. Соны байқаған Құдайменде жақтырмай, інісіне көз қиығын қырыстана тастады. «Осы ит, қатынжанды болатын ба, қалай?» - деп ойлады да, наразы дауыспен дүңк етті.
− Кәне, не бітіріп қайттың?
− Осы... Сүйеу қарттың аулы... мына келе жатқандардың жолында емес пе?
− Ие, жолында... Ал, болса қайте - туң?
− Аз ғана бұрулау емес пе еді?
− Ие, бұрулау... - Тәңірберген шұғыл жадырады:
− Е, сүйтіп, теңіз жағасынан шыққан көкжал қанды ауыз қақпанның дәл үстінен туралап келеді де...
− Пай - пай, сенің осы бір жұмбағың бітпей - ақ қойды - ау. Сонда не қыла - туң?
Тәңірберген көңілденіп, орнынан күлімсірей түрегелді.
− Болыс аға, ол ғой Сүйеу қарттың қолындағы баласын туғалы көрген жоқ.
− Ал, сонда не бола - туң?
− Құдай біледі, осы жолы ол баласына қалай да соғады.
− Ал, соқсын... Сонда не бола - туң?
− Ағасы, біз алдын ала Сүйеу қарттың аулына кісі жібереміз. Енді түсіндің бе?
− Қой, жарқыным, самсаған сары қолмен келе жатқан жоқ па? Сенің кісілерің оған бұйым боп па? Қырады да тастайды.
− Жоқ, ағасы. Бір бұру жатқан Сүйеудің аулына ол барса, екі не үш кісімен барады. Бүкіл қолды ертіп қайтсін?!
− Апыр - ай, ә?! Міне, бұның жаны бар. Ал, кімді жібересің?
Тәңірберген о жағын да ойластырып қойған екен. Дереу Ебейсінді шақырып алды. Ептеп қоқжия бастаған Ебейсін қазір Тәңірбергеннің тілін бірде алса, бірде болмашы сылтаумен бұлдана қалатын боп жүрген-ді. Тәңірберген мына іске басқа кісіден гөрі Ебейсінді дұрыс көрді. Ел ішінен жүн-жұрқа жиған кісі боп, елеусіз жүре алады. Оның келген-кеткенінен ешкім сезіктене қоймайтын болғасын, осы араға Ебейсінді салды. Әйелінің ағасы тізімге іліккелі Ебейсін осы күндері болысқа күні түсіп жүрген-ді.
− Жарайды, мырза, өтінішіңді орындайын. Өзің де менің өтінішімді... - дей бергенде Тәңірберген:
− Мақұл! Уәде осы болсын, - деп алақанын алақанына шарт еткізіп соғып қалды.
Ебейсін қасына екі кісі алды. Екеуі де күреске түсіп жүрген палуан. Ебейсін атқа мініп, ана екеуі қант, шай, өрік, мейіз артқан түйеге мінгесіп, тайрақтатып желіп отырып, күн барында Сүйеу қарттың аулына жетті.
Сүйеу қарттың аулы оты, суы мол шұқырда отыр екен. Ер-азаматы Еламанға қосылып, ауылда тек бала-шаға, кемпір-шал қапты. Бұнда келгесін Ебейсін өзінің дағдылы кәсібіне кірісіп, жұрттың тері-терсегін шай - шекерге айырбастай бастады. Ауылдағы қатын-қалашты қақпай - соқпайлап безбеннен ұтып жүріп көз қиығын Сүйеудің үйінен айырмады. Кешке қарай, кісі аяғы басылғасын Ебейсін өздері түскен үйдің ірге жағын түргізіп қойды. Сыртқа кіріп-шыға бергеннен гөрі іште отырып іргеден бақылаған дұрыс.
Ел орынға отырған кезде екі-үш аттылы дыбыс шығармай, ақырын кеп, Сүйеу қарттың үйіне түсті. Аттарын белдеуге байлап, жан-жағына көз тастап шықты да сып етіп ішке кірді.
− Дайындалыңдар, - деді Ебейсін.
Еңгезердей екі жігіт мылтығын ұстай түрегелді. «Қарсыласса атыңдар», - деген Тәңірбергеннен пәрмен болған-ды.
Еламан шам жақпай, от жарығының сәулесімен отырған үйге сәлем беріп кіріп келгенде Сүйеу қарт ақ кірпігін серпіп қалды:
− Ә!.. Ә, келдің бе?
− Жасаған Ием - ау... мынау Еламан ба?.. Алда, қарағым - ай!..
Кемпір қалбалақтап сасып, көзіне жас алып жүріп төрге төсек жайды. Сүйеу қарт қасына тақымдаса отырған жігітке көзінің қиығын тастады да, тез тартып алды.
− Е - е, естіп жатырмыз. Бұрын қара борбай балықшы едің, енді қол бастап келе жатырған көрінесің. Дабылың бізге де жетіп жатыр. Біз де естіп жатырмыз.
− Әй, ата - ай, қайбір қарық болғаннан істеді дейсің?.. Ел басына күн туғасын үйде жата алмадық.
− Жә!.. Жә, Құдай беттеріңнен жарылқасын! - Еламан үй ішіне шыдамсыздана көз тастады. Сүйеу қарт оны байқаса да сыр бермей, шыдаммен сыздап бақты.
− Сорлы бала... науқастан шықпайды, - деді кемпір. Өзін әзер ұстап отырған Еламан қалай атып тұрғанын байқамады. Жер төсекте жатқан балаға жетіп барса да, жерден көтеріп алатындай қолын созып ұмтыла түсті де, іркіліп тұрып қалды.
− Жаңа ғана көзі ілініп еді, - деді кемпір оятпағанын тәуір көріп.
Қатал шал да үй ішін қыбырсыз бағып қапты. Оның алдында осалдығын көрсеткісі келмеген Еламан баланы қолына алуға бата алмай, жер төсектің жанында жүрелеп отыр. Көрпе астында кішкентай кеудесі көтеріліп - басылып, өкпесі сыр - сыр етеді... «Құлыным... сорлы балам...» Есіттіріп айтты ма, әлде ішінен айтты ма, оны білген жоқ. Демі жетпей бара жатқасын ерні дірілдеп, тоқтап қалды. Бірақ осыдан артық өзін ұстай алмай, баланы құшақтай алды. Жас сорғалаған бетін баланың алаулаған ыстық денесіне басып, бауырына қысты. Бала көзін ашты да, қайта жұмды. Еламан күйіп - жанып жатқан баланы қалай тастап кетерін білмеді. Тым құрыса сорлы баланың титтей жанын шырқыратқан ауыр дертті бөліп көтере алмағанына қиналып тұрғанда әлденеге үй алдында ұйқы-тұйқы бір қимыл болды. Еламан ес жиям дегенше ішке баса-көктеп біреу кірді де, соңындағы еңгезердей екі жігітке:
− Байлаңдар! - деді.
Екі жігіт тап берем дегенше кемпір жүгіріп барып, Еламанның қолынан баланы алды. Еламан есін жиям дегенше болмай, Ебейсін мен әлгі еңгезердей екеу оны орнынан тұрғызбай, отырған жерінде бас салып, қолын қайырып артына байлады да, сыртқа сүйреп ала жөнелді. Сүйеу жүгіріп барып, есіктің алдына қолын керіп тұра қалды.
− Уа, қара бет!.. Қара бет!.. Менің өлігімнің үстінен... - Ебейсін қалш-қалш етіп жолын бөгеп тұрып алған шалды бір түйіп құлатты да, үстінен аттап өтті.
* * *
Болыс үйі лық толы. Құдайменде төрде. Осы елдің игі жақсылары оның оңы мен солын ала, қаң жарыла отырыпты. Жиын ішінде Тәңірберген мен Таңқы Мұрын Торшолақ бала бар. Ішке сәлем беріп кірген Ебейсінге елден бұрын Тәңірберген жалт қарады. Көзінде шыдамсыз сұрақ. Бірақ Ебейсін оны аңғармаған кісідей, көзін төмен салып сылбыр басып жас мырзаның жанына отырды.
− Иә?
− Ұстадым.
− Қайда?
− Сыртта.
− Қашып кетпесін.
Ебейсіннің көнмен қаптағандай тобарсыған бетіне күлкі тепсінді.
− Ішке кіргізейін бе?
Тәңірберген басын изеді. Бірақ Ебейсін орнынан тұрып, сылбыр басып есікке бара бергенде, осы ісінің қате болғанын ойлады. Өз бетін аямаған кісі бетін шиедей қылудың осы арада өзіне лайықсыздау болғанын кештеу ұқты. Жұрт су сепкендей тына қап, жаңа Ебейсін шығып кеткен есіктің қайта ашылғанын күтіп қыбыр етпей отырған-ды. Сүйткенше болмай, ішке екі жігіт Еламанды екі жағынан итеріп кіргізді. Есікке көлденеңін беріп бір қырын отырған мырза үстіне кірген тұтқынға тура қарамай, көзінің қиығын ғана тастады. Тұтқынның қолын қайырып, қыл арқанмен байлапты. Басы да жарылған ба, қалай, оң жақ шекесінің тұсынан бөрік астынан жосылып аққан қан самайына жете бере қара түйірленіп ұйып қалған екен. Бет-аузы қан. Теңіз жағасынан көп қолды бастап келе жатқан әлгі бір иесіне түсетін ызалы қыран... Тәңірберген мырс етті.
− Алып кет!
Екі жігіт Еламанды екі жағынан тырп еткізбей, сығып ұстап тұрған-ды. Мырзадан әмір болған бойда олар тағы да тұтқынның бетін сыртына қарай күшпен бұрып, сүйрей жөнелді. Осыған дейін қару қылмаған Еламан есікке барған жерде табан тіреп тұра қалды. Екі аяғын шіреніп басып тұрып, төрде отырғандардың ішінен көзін тек Тәңірбергенге қадады:
− Әй, түлкі... - деді ақырып, қатты дауыстап, - осы жолы қолыңнан келгеніңді аяма, істеп қал. Айтып қояйын, дүние кезек. Соңыра менің қолыма сен түссең, теріңді соймай сыпырып алам, - деп соңғы сөзін айқайлап, сыртқа шығып бара жатқанда айтты. Үй толы кісілер бір- біріне көз салмай, төмен қарап қапты. Жалғыз жас мырза өзінің бағанағы бір қырын отырған күйінде нығыз қалпын сақтап қозғалмады.
− Мына кісілер сусап кеткен болар. Қымыз әкеліңдер! - Малай жігіт жүгіре жөнеліп еді, Тәңірберген соңынан іле дауыстады:
− Осы үйдің қатындары қайда? Қымыз құйып бермей ме?!
Бәйбіше көрші ауылға қонаққа кеткен-ді. Малай жігіт үлкен үйге іргесін тақап тіккен жас отауға жүгіріп барды. Сүріне-қабына табалдырықтан аттады да, бірақ үй ортасында қос қолын көкірегіне қысып, құп-қу боп тұрған Ақбаланы көргенде ақырып қалды.
− Жжееңеш...
Өз даусын өзі әзер естіді. Ақбала қыбыр етпеді. Жас жігіттің жасқаншақтап шыққан даусы түгіл, үйде кім бар, кім жоғын да сезбейтін сияқты. Жаңа малай жігіт келердің алдында осы күндері есінен шықпай қойған әке - шеше қолындағы баласын ойлап, өзінен-өзі жүдеп отыр еді. Құдайменде мен Тәңірбергенге күн демей, түн демей, ат ізін құрғатпай ағылып жататын кісі - қара осы қазір де қауқылдасып жатқан үлкен үйден кенет әлдекімнің аңырған даусы шыққанда Ақбала дір еткен-ді. Неге бүйткенін білген жоқ-ты. Бар білгені, кім де болса, мынау өзіне өте-мөте таныс дауыс. Және... Және, Құдай-ау, мынау ызалы жанның даусы ғой. Не дегенін есіткен жоқ. Тек ар жағынан зығыры қайнап шыққан жалғыз ауыз сөзді құлағы шалғанда орнынан қалай атып тұрғанын білмей қалды. Түлкі. бүйдеп бұл өңірде мырзаны тек бір адам... бір- ақ адам айтатын! Және оны басқа емес, жалғыз сол ғана айтатыны есіне түскенде Ақбала қараптан - қарап қол - аяғы мұздап кетті. Дәл соның үстіне малай бала келіп еді.
− Жжееңеше, сізді ммы - ы...
Ақбала мынаның не деп тұрғанын аңғармай, оған сұрақты кескінде үнсіз бұрылды.
− Мырза шақырып жатыр.
Мынаның не деп тұрғаны Ақбаланың санасына енді жетті. Ақбала өзінің қырсық шалдың қызы екенін әрқашан осындайда сезінетін. Құдды әкесі сияқты бұның да бір сәтте ызалы мысқыл бетіне шауып, сыртына шығармай ішінен мырс етті. Сосын аяғының басына түскен ақ көйлектің етегін алдыңғы жағынан көтеріп, сыртқа ұмтылды. Желегі басынан түспеген жас келіннің кім көрінгенге иіліп - бүгілетін әдеттегі ибалылықты жиып қойды да, үлкен үйдегілердің үстіне ақ жібек көйлектің етегі дүркіреп кіріп келді. Тізесін бүгіп сәлем еткен жоқ. Кірген бойда есік алдына тұра қап төр жаққа көз тастап еді. Бірақ үй толы кісілердің арасынан әлгінде мыналарға ақырған ызалы жанды көре алмай сәл ыңғайсызданып қалды.
Екі көзін әйелінен айырмай отырған Тәңірберген: «Мына атаңа нәлетке не көрінген? Есі дұрыс па? » - деп ойлады да, назарын басқа жаққа аударды.
− Ебейсін жігіт екен. Енді жаңағы кәпірдің кезін тезірек құрту керек, - деді Құдайменде. Тәңірберген ағасының сөзін жақтырмай, «осының келеңсіздігінен - ақ өліп болдым - ау», -деді ішінен.
Қымыз ішіліп болғасын жас мырза әйеліне кете бер деді. Әңгіме тұтамай, үлкендер жағы бір-бірінің қас-қабағын бағып күрмеле түсті. Құдайменде көптен көңілсіз. Ел ішінде наразылық етек алып барады. Байлар баласын бермеді. Басында бақ, бетінде ажары бар кісілер болыс аулын басып жатыр. Ағайын-тумалар, жекжаттар, ертеректе қыз алып, қыз беріскен ілік-шатыстар көбейіп, «қара орманымды алсаң да, жалғыз балама тие көрме», -деп қолқа салушылар жүргізбей қойды. Қабырға болысына түскен жігіт саны толмай, бір жағынан ана жақта ояз жанын алып барады. Жақында ояздан Таңқы Мұрын Торшолақ; бала келді. Онсыз да терісі тарылып жүрген кісіге кешеден бері о да таскенедей жабысып, дігерлеп бітті.
− Еламанды мықты күзетпен дереу қалаға жөнелту керек, - деді Таңқы Мұрын Торшолақ бала. Бұл болса Еламанды бір кісінің санағына іліктіріп, солдаттыққа жіберетін боп өз ішінен байлам жасап қойған-ды. Құдайменде біраз үнсіз отырды да: «Бұған сен қалай қарайсың?» - дегендей көзінің астымен інісіне қарап еді, Тәңірберген мақұлдап басын изеді. Торшолақ бала өзеуреп шыға келді:
− Мырза, оның жөні жоқ. Кісі өлтірген қылмысты адамды Сібірге... - дей бергенде, Тәңірберген қолын бір сілтеді.
− Сібірді қой. Сібірің әлгі бір байы сабап қуып жіберген қатындардың төркін жұртына тұрақтамай қайтып келе беретініндей бірдеңе ғой.
Төрде отырған екі кісі - екеуі де осы елдің жуаны еді, жымың етіп, бірін-бірі түртіп қалды. Үй ішіндегілердің ықыласы өзіне ауғанын байқаған мырза енді еркін сөйледі.
− Оны солдаттыққа айдаған дұрыс. Ажалдың аузына түсіп көрсін, аман қайтқанын көрейін.
− Мырза, ол заңға жатпайды. Ертең ояз начальнигі біліп қалса...
− Қой әрі! Қазақтың ішінде не боп жатқанын орыс қайдан білсін?!
Торшолақ бала мырс етті. Сосын арт жақтан бір жастықты өзіне тартып, жұмарлап қолтығына басып алды да, тер алдына көлбеп қисая кетті. Тәңірберген бұл тұста да өзінің дегені болатынын білгесін жылтыр қара мұртын сипап отыр. Ертеден бері үй иесінің ыңғайын бағып, үнсіз отырған кісілер осыдан кейін жадырап сала берді. Үй іші енді райлана бастағанда аузы жеңіл біреу желпініп сөзге кіріспек болғанда, мырза жекіріп тыйып тастады:
− Желігетін ештеңе жоқ. Ауыл әлі қатерде. Менің тілімді алсаң, болыс аға, жау басшысыз қалды. Енді қолда бар жігіттерді қаруландырып, қапысын тап та бұйқұт соқ!
Құдайменде бұған орай тіс ашып түк демей, қасындағы кісілерді бастап тысқа шықты.
* * *
Бала әлсіреді. Соны байқаса да Сүйеу қарт қақшиып алған қалпынан қозғалмай, жүзін сыртқа беріп отыр. Кемпір оған жасқаншақтай көз тастады:
− Ay, иманын үйірмейсің бе?
− Иман? Анасында иман жоқ, бұнда қайдан иман болады?
− Астафиралла... Жазықсыз сәбиге...
− Тәйт!.. Тәйт әрі! - деп Сүйеу ақ көйлектің жеңін ашумен сілікті де, тысқа шығып кетті.
Көптен бері үй іргесінде күнсіп жатқан ер-тоқымын арқалап, қалталақтап басып, түнде тұсап жіберген атына барды. Қызының анада Тәңірбергенге қатын үстіне шыққанын есіткенде, бұл қатты ширығып: «Шіріген жұмыртқа! Ана жатырынан ұшынып туған қыз. Сайқал!» - деген еді де, тыйылған еді. Сонан бері бір жанға тіс жарып тіл қатпай, өз күйігіне өзі өртеніп қалған-ды. Ол үйден неге шыққанын білген жоқ. Қайда баратынын да ойламады. Бір қырдың астында жайылып жүрген атын ерттеп міне сала тебініп шаба жөнелді. Бір-екі қырдан асқасын ат басын тартты.
Сүйеу аз қыдыратын. Үй жағалап жүріп, ет жеген кісілерге жыны түсіп, сыртынан боқтап отыратын. Осы жолы ол жаз жайлауда отырған қырдағы ауылдың біріне қонып, біріне түстеніп, ел жағалап жүріп қалды. Бұрын да аз сөзді қария бұ жолы, тіпті, тұйық. Сөзге зауықсыз. Қонған, түстенген жерінде тамақ ішіп те жарыған жоқ. Сүйтіп қаңғалақтап жүріп, бір күні ол Ожар Оспанның үйіне түсті. Оспанның Шалқар шаһарынан келіп отырған беті екен. Ана жолы қыз үшін қырғын салып, балықшы ауылдың бір жігіті қаза тапқаннан бері бұның басына бұлт үйіріліп, қалада түрмеде жатқан-ды. Істің түбі насырға шауып бара жатқасын ұлықты паралап, әке-көкелеп әзер босанып шыққан беті екен. Мықтап жүдепті. Тар қапастың тауқыметін тартса да, бірақ әлі сағы сынбаған. Аман-есен аулына кеп, өзін әлдеқандай көретін ағайын-тумасына қауышқасын кешегі кіріптар күні есінен тарс шығып кеткен. Алакөз алаң - құлаң, есіріп екі иығын жұлып жеп отыр.
Шалдар жағы:
− Оспан қарағым, ояздың да алдында болыпсың ғой? - деп еді.
Оспан:
− Ой, ояздың енесін с...! Болса қайтеді, о да өзіміздей адам емес пе?! - деп екіленіп, көтеріле түсті де, тағы бір көпшікті тақымының астына басып алды. - Ау, қайығым желге өрлеп тұрғанда, тәйірі, неден тайынайын?! Тартынбадым. Өзекті жанға бір өлім. Көзді тарс жұмдым да ояздың қаһарына өзімнің ақ көздігімді қарсы алып, періп кеп кетейін.
− Е, бәсе! Тусаң ту - ай! Ой, ер - ай!
− Ал, қызық. Сонан не болды?
− Не болсын? Ұлық ақ жал арыстан болса, мен енді соның алдында бота тірсектеніп маймақтап тұрар деп пе едің? Ұлықтың ашуына атаң қазақтың ақ кәздігін салып, тура ұмтылсаң, не ез басың қалады, не оның басын аласың. Екінің бірі...
− Паһ! Паһ!.. Әй, жаса! Тусаң ту!
Сүйеу қарт шайға қарамай, тұрды да жүре берді. Есік алдында самауыр қайнатып жатқан қараторы келіншекке қатарласа берді де, қалт етіп тұра қалды. Келіншек от тұтамай, түтін бықсыған самауырдың тасасына бетін көлегейлеп ақырын амандасты.
− Е! Е - е! - деп Сүйеу аяғаны, әлде кекеткені белгісіз, аққұйқа басын изеп-изеп қойды.-Райға да құрық түсті. Құрығы ұзын ғой бұлардың! Құрығы ұзын! Құрығы ұзын!
Келіншектің иілген басы жерге тиюге аз-ақ тұр. Көзін жапқан кірпік арасынан бір түйір жас үзіліп кетті. Сүйеу қарт ұзағасын да «е - е» деп бірдеңені міңгірлеп кетіп бара жатты. Ожар Оспаннан кейін араға тағы да бір күн салып түске салым үйге жетті. Терең сайды іргелей орналасқан аз ғана ауылдың сырт жағындағы жапырық қара төбе басында көне қорым бар еді. Сүйеу қарт ат басын әуелі соған бұрды. Жетер - жетпесте аттан түсті де, құбыла бетке тізе бүкті. Құран оқыды. Сосын қол таянып орнынан тұрды. Моланы аралап шықты. Әлденені іздегендей, жан-жағына жалтақ - жұлтақ қараса да, бірақ жас қабір көзіне түсе қоймады.
− Е, бақ! Е- е, бақ!
Қол-аяғы дірілдеп барады. «Е, бақ! Е, бақ!» Атына мінер жерде үзеңгіге аяғын сұға алмай, біраз әбігер болды. Сонан кейін де өмірде істемеген әдетін істеп, үйге жеткенше шыдамай, арық атты борбайлап, дүсірлетіп шауып келді. Кемпір сыртқа жүгіріп шықты.
− Ақырын. Есің дұрыс па?.. Оятасың ғой. Көзі жаңа ғана ілініп еді.
Сүйеу қарт кемпіріне көз салған жоқ. Ішке кіргесін де үй ішіне рай бермей, сыртын суытып, қақ төрге қазықтай шаншылып отырып алды. Бала жатқан жаққа қасақана назар салмай, бармағындағы кек бұйра насыбайды екі танауына кезек апарып, көзі жасаурап, беті жыбырлап, ашық күнде ашу шақырып, өзінің әдеттегі ажарын қайта тауыпты. Шалының жайына сырмінез кемпір миығынан күлді де, қара мосы мен қара шәйнекті алып сыртқа шығып кетті. Кемпір есіктен шыққан бойда Сүйеу қарт лып етіп орнынан тұрып, кереуетке созылды. Қос шекедегі кек тамырлар білеуленіп, бүлк-бүлк соғып жатқан әлжуаз балаға еміреніп:
− Ой, күшік! Ой, жаман неме! Жанының сірісін. Күшік!.. - деді. Бірақ сырттан тықыр шыққасын босаңсып бара жатқан бет өңін бір лезде билеп алды.
* * *
Жазғы таң сары қабақтан сыз беріп, алыс-жақын енді-енді бедерін бере бастаған шақ еді. Кеше ақ пен қызыл арасында Еламанның жасағы тоқтаған боз төбенің баурайына салт атты біреу тасырлатып шауып келді. Қара тер аттан қарғып түсті. Қатты дауыстап Кәленді сұрады. Түні бойы әне-міне келіп қалар деп Еламанды күткен Кәлен таң алдында ғана мызғып кеткен-ді. «Бұл кім болды екен? » - деп ойлап, қолына ұстай түрегелген шекпеннің жеңін асығыс кие берді.
− Бүл қайсысың?
− Сүйекең жіберді.
− Жайшылық па?
− Еламаннан айырылып қалдық.
− Не дейді?
− Тәңірбергеннің жігіттері ұстап әкетті. - Кәлен есін тез жиды.
− Аттан!
Сергек жатқан жігіттер атып-атып тұрды. Бәрі де бір пәле күткендей, шылбырдың бір ұшын қолында ұстап жатқан-ды. Бір лезде апыр-жапыр атқа қонып, сойыл-шоқпарын өңгеріп әзір тұр. Кәлен олардың бас-аяғына асығыс көз тастады, тақым астында тыныш тұрған торы атты тебініп қалды. Сіңірлі мықты ат салған жерден соңында мың сан тұяқ дүбірлеген қалың дүрмектің оң бойы алдына түсіп алды да, бауырын керіп сыдырып отырды. Ертеңгі салқынмен біраз жер өндіріп тастаса да, шілде айының ыстық күні лезде қайнап кетті. Түнгі салқында қырдың көк жусанына керелеп алған тоң аттар әрі - берідесін барлығып қалған еді.
Болыс аулы біраз жер. Кәлен айқас алдында аттардың терін басып, тынықтырып алу керек екенін білсе де, бір жерге аялдап тоқтаған жоқ. Ат үстінің желігін бәсеңсітпегені дұрыс. Қайта, осылай жас жігіттердің күш-жігері бойында тұрғанда болыс аулына аңға түскен қырандай, қапылыста бұйқұт тигенді оң көріп еді. Сиыр сәскеде бұлардың алдынан дүрлігіп көгпіп келе жатқан ауыл кездесті. Қалың қол Қаражалға шыға-шыға келгенде, көш бойындағы қатын, бала у-шу болды. Кәлен ат басын іркіп тұрып қалды. У- шу боп жатқан көштің соңында, сонау көз жетпейтін кең жазықта қара құрым қаптаған мал. Сол жақтан қапсағай бойлы ұзын қара жігіт бастаған алпыс шақты кісі құйындатып шауып келді.
− Кәлен аға, ассалаумалейкум!
Кәлен бір көрген кісісін ұмытпайтын. «Ағалап» жатқан мына жігітті қанша ойласа да есіне түсіре алмады. Қапсағай бойлы жігіт салған жерден салдырлап сөйлей бастады: биыл жаз басында көгі қалың кең жазыққа қатар қонған үш ауыл малын өріске бірге шығарып, қыз-бозбала бірге күліп-ойнап, қаннен-қаперсіз отырғанда ел басына келген мына нәубет бұлардың да шырқын бұзыпты. Үш ауылдың ақсақалдары әрі-бері ақылдасқасын патшаға жігіт бермейміз деп, өзара ауыз біріктіріп, тас- түйін боп отыр екен. Бүгін азанда бұларға оқшау хабар жеткен бойда үш ауыл аяқ астынан дүрлігіпті. Мынау олардың үйлерін асығыс жығып үркіп көшіп келе жатқан беті екен.
− Жолдарың болсын! - деді Кәлен.
− Әлей болсын! - деді қапсағай қара. - Панаңды бер, Кәлен аға. Ендігі жерде не көрсек те сендермен бірге көреміз.
Кәлен адам - қараның басы қосылғанын жөн көрсе де, бірақ мыналардың соңына ерген қатын - баланың аяққа оралғы боларын ойлады. Кәлен қапсағай қарамен ақылдасты да, екі жақ боп байлау жасап, бала-шағалы, ию - қию көш әзірше теңіз жағасын сағалай тұрсын деген пәтуамен ілгері жөнелтіп жіберді.
Кәлен оң бойы алда. Желсіз ауа бүгін тіпті қапырық. Тас төбеге кеп шақырайып тұрып алған күн жер-дүниенің апшысын қуырып барады. Суыт жүрген қалың көпірдің тұяғынан ұшқан шаң әрі - берідесін жүрісті ауырлатып, аттар жиі - жиі пысқыра бастады. Соған қарамастан бұлар ұзақ жолды суыт жүріспен өндіріп алғысы келді де, қара жусанды қатқыл даланы дүбірлетіп сыдырды да отырды.
− Құдық алыс па? - деді Кәлен.
− Енді қашық емес, - деді қапсағай қара.
Қара бұжыр Кәленнің бетіндегі түктер дала шаңдағымен бозғылданып ұзара түскен.
− Қаратаз аулы отырған жердің бергі жағында терең сай болушы еді ғой? - деді ол.
− Иә, бар, бар.
Деуін десе де, бірақ Кәленнің ар жақ ойын аңғара алмай, атын тебініп Кәленнің атымен қатарласа бере оған көлденеңнен көз тастады:
− Кәлен аға, қолыңа тізгінімізбен бірге тірлігімізді де беріп отырмыз. Сен бастасаң, осы жігіттер отқа түсуге әзір. Тек не істесең де алдын ала бізге айтып... бұрынғылар айтқан ғой, ақылдасып пішкен тон...
− Тон? Ол қай тон?
− Иә, тон... Тон болғанда... бұрынғы ата-бабаларымыз айтатындай... Әлгі: «Ақылдасып пішкен тон келте болмайды», - дейтін...
Кәлен ішінен: «Әр елде осындай бір- бір етек басатындар болады» , - деп ойлады да, мынаған енді рай берген жоқ. Онсыз да жүргісі кеп ұрынып келе жатқан ұзын торы аттың тізгінін қоя беріп қатты сыдырып, суырылып алға түсті. Осыдан ол торы аттың басын жаз бойы жаңағы үш ауыл жайлаған жұртқа келгенде бір- ақ тартты. Осы арада бұлар күн ыстығы қайтқанша аялдады. Кәлен бір жігітті болыс аулына астыртын жіберіп алды. Ауыл іргесіндегі көл табанға жылма-жыл қар суы айналып қақ тұратын. Өріске өз аяғынан барып жайылып қайтатын Абыралыға қараған үлкен ауылдың ірі қаралары жаз ортасы ауғанша осы қақтан су ішетін. Түс ауа бергенде оралған жансыз жігіт жүз қаралы солдаттың осы көл табанында көк құрақ ескен салқын сабатта шатыр тігіп жатқанын айтып келді. Шетінен бесатар, қылыш асынған. Соңында сүйреткен зеңбірек. Мынаны естігенде жаңа ғана айқасқа түскенше шыдамай жұлқынып тұрған жігіттердің желігі су сепкендей басылды. Әркім өз ойымен оңашаланып аласа бұта бауырындағы азғантай көлеңкеге басын тығып жатыр. Қайсыбірі тізгінінен тұқыртып ұстап отырған ат бауырындағы көлеңкеге тығылып апты. Кәленнің де көңіліне күдік енді. Бұрын не көрсе де жапан түзде жалғыз жортып күн кешетін. Қазір қол астында қыруар кісі. Қасында Еламан да жоқ.
Күн қызарып батып бара жатқанда Кәлен жігіттерді көтеріп, атқа қонды. Бір жанға тіл қатқан жоқ. Тоғы басылып, бауырын тартып алған жарау аттар кешкі қоңыр салқында төрт аяғы денесін ауырламай ширақ басып, жортып келеді. Ел орынға тегіс отырған кезде қатты жортқан қол болыс аулының төменгі жағындағы терең сайға ілікті. Осы арада Кәлен аттан түсті. Айыл тартпасын тартты. Мылтығы бар жігіттерді іріктеп жиып алды. Соңымнан қалмай еріп отырыңдар деді де, атын ақырын бастырып сайға түсті. Осы арада ол ат жалын құшақтап жатып алды да, екі көзін алдына тікті. Соңында бір ізбен шұбырып келе жатқан кісілердің аяғындағы етіктің үзеңгіге сағалата сұғып жіберген тұмсығына, қонышына қау шөптің басы сырт-сырт соғып, бұлардың біресе алдынан, біресе артынан шегіртке шырылдады. Ақшилі сайдың жыл сайын қақалып тұнып тұратын қалың көгіне, шамасы, сірә, биыл да мына ауылдың жас төлі - қозы лақ жайылса да, ал бірақ ірі қараның әзір тұяғы тимеген. Қалың көкті аттар омыраулап жарып келе жатқан кісілердің жан-жағынан көк майқара жусан, жалбыз иісі бұрқырап тұр. Кәлен сәл тоқтап, төңірекке көз салды да, сосын соңындағыларға «еріңдер!» дегендей қолын ілгері сілтеді. Сүйтті де, торы атты терең сайдың жарқабағына тура салды. Жар - қабаққа көтерілген бойда Кәлен де, қалғандары да, бәрі бір кісідей тағы да ат жалын құшақтап жата - жата қалды. Кәлен торы аттың едірейіп алдына тіккен қос құлағының арасынан ілгері жағына көз тастады. Сыртта жер ошақта от жылтылдады. Іргесін түріп тастаған шеткі үйдің жалаңаш керегесінен іштегі шамның сәулесі сығыраяды. Үй маңында кісі - қара мол. Дабырлаған дауыс. Кенет шабалаңдап иттер үрді. Сыртта тұрған кісілер даурығып бір- біріне дауыстап жатыр:
− Уәй, ауылға жылқы құлады.
− Бұлар бағана су ішкесін өріске кеткен жоқ па еді?
− Қап, ауыл үстін шаңдатып жіберетін болды-ау.
− Ары айдаңдар! Бол, тез!
Шеткі үйден тақ ұстаған біреу иттерге айтақтап іштен жүгіріп шықты. Осыған дейін не үрерін, не үрмесін білмей, әркімге бір қарап қыңсылап болып тұрған иттер айтаққа еріп арсылдап ала жөнелді. Әр үйден өре түрегелген арлан төбет, қайың қаптал, шәуілдеген қаншықтар сайдан шыға сала, ауыл үстіне қарай қаптап құлап келе жатқан мына жылқылардың алдынан арсылдап үріп келіп қалды. Ат жалына жабысқан Кәлен осы арада бойын шұғыл көтеріп алды да, «қаптаңдар!», - деп айқайлады. Соңындағылар да сойыл, шоқпарларын оңды-солды сілтеп Кәленге ілесе дауыс қосып, тұс-тұстан «Қапта! Қапта! Аруақ!» - деп айқайлап, қараңғы түнді дүбірлетіп барады. Кәленмен құйрықтасып жеткен жігіттер қарсыласқан жан кездеспеген соң ат екпінімен ағызып бара жатып, ақ боз үйлердің уығын сындырып, киіз сыртынан қайың сойылмен сарт-сұрт соғып өтті.
Кәлен ағызып кеп үлкен киіз үйдің есігін найза ұшымен ашып жоғары көтере бергенде, мына жақтан онымен құйрық тістесіп жеткен екі жігіт аттан түсе сала шиті мылтығын кезеп ішке кіріп барды.
− Таста қаруларыңды!
Төрт солдат кілем жайған үйдің төрінде үрпиісіп тұр. Өздеріне оқталған мылтықтың үңірейген аузына бір, ірі қара кісіге бір қарап, сыртындағы сары ала жүкке жауырындарымен жабысып қапты. Бұл тұрғанда қарсыласатын қауқар жоғын байқаған соң Кәлен ілгері аттады. Қолдарындағы қаруын жұлып-жұлып алды. Үй іші жым-жырт бола қалды. Сыртта ат тұяғының дүбірі мен айқай-сүрең ұлғайып барады. Үлкен үйдің бір жағында осы ауылдың екі-үш ақсақалы мен Алдаберген софы ес-түссіз үрпиісіп тұр:
− Еламан қайда? - деді Кәлен.
− Кәлен қарағым... айналайын...
− Еламан қайда?
− Оллаһи, білмей...
Кәлен қарт софының кеудесіне түскен көкшулан сақалын иегімен қоса уысына толтыра сығымдап ұстады.
− Айналайын... Алла атымен ант е - етем. Құран ұ - ұрсын...
− Бауыздап өлтірем. Айт! Айт, шапшаң.
− Бағана күндіз айдап әкеткен.
− Қайда?
− Білмедім. Айналайын, шыбын жанымды...
− Тәңірберген қайда?
− Үйінде.
− Үйі қайсы?
− Сайдың арғы бетінде.
− Қаратаз ше?
− О да сонда...
Кәлен софыны бір түйіп, жалп еткізді де, сыртқа атып шықты. Тықыршып тұрған торы атқа бір- ақ ырғыды. Бұл кезде солдаттар да ес жиған - ды. Үлкен ауылдың әр тұсынан орысша сөздер естіліп, мылтық тарс - тарс, оқтар зу-зу аға бастады. Ауыл үстіндегі айқай-сүрең арасынан Кәлен бір топ аттылының осылай қарай тасырлатып шауып келе жатқанын байқады да, «Қайт! Қайт!» - деп айқай салды. Қараңғыда бір- бірінен көз жазып қалған жігіттер Кәленнің өмірін әр тұстан қайталап «Қайт, қайт!» - деп, ат басын қырға қарай асығыс бұрып жатты. Солдаттар оларды соңынан қуа түсті де, былай ұзап шыққасын аттарын тежеді. Кәлен жаудан оңай құтылғанға қуанса да, өздерінің бүгінгі әрекетіне ырза емес. Өздері күндіз дем алған жерге жеткесін осы араға аялдамақ боп аттан түсті. Көп ұзамай жаз айының қысқа таңы қылаң берді. Жігіттер жау қотанына құйындай тиген бағанағы ерліктеріне есіріп алған. Бірінің сөзін бірі бөліп, абыр - дабырлап даурығып жатыр.
Кәлен көңілсіз. Еламанды құтқара алмады. Тыныш жатқан жаудың үстіне ат ойнатып, ашу-ызасын оятты. Бұның арты не болады?
Әрине, Кәленнің көрген жалғыз қоқайы бұл емес. Бірақ ол бұрын не көрсе де дәл бұншалық жаны тебіреніп, толғанып көрген емес-ті. Бұрын бұл, асылы, ойына не келсе соны істеп салатын да, «ендігі жерді көріп алармын» деп осынау алмағайып дүниені белінен басып жүре беретін. Өз басын қатал заманның қай соқпағына салса да, салт атпен сары жонда жалғыз жортып жүргенде бұл бейбақ, сірә, бір жаннан айылын жиятын ба еді?
Бәйгеге тіккен ғазиз бас зауал жеткенде, тәйірі, қай жерде, қай шұқырда қалса да, бұған бәрібір еді. Егер де жазатайым көкпардың лағындай өзінен күші асқан құдіретті біреудің қанжығасында кетсе кетсін, тек әйтеуір, екіталай тайталаста намысты қолдан бермей, өлсе де жағаласып өлсін. Итшілеген өмірде маңдайына жазған азғантай тірлікте, бұл, асылы, ұрлық істесе де, балық ауласа да, төбелессе де, татуласса да, алды-артын ойлап, басын қатырып жатпастан ілгергі бір күнде өзін тосқан әлде қуаныш, әлде ренішке Құдай өзі берген жанын өзі алады дейтін де, ылғи да көзді тарс жұмып, тура тартып кете беретін. Енді соңына ерген осынша халық мынау. Өздері көзінен тізілген өндірдей қыршын жас. Бұлардың әрқайсысы болашақта бір- бір үйдің боздағы...
− Шаң шықты.
− Қуғыншы... қуғыншы...
− Атқа қоныңдар! - деді Кәлен.
* * *
Ізіне қуғыншы салып алған Кәлен бес жүзден астам жігітпен осынша кең даладан бас сауғалайтын пана таба алмай, елсіз, сусыз сары жонда жосып жүр. Талай күннен бері елі бір түн бел шешіп, ат арқасынан ер алған жоқ. Қуғыншылардан қара үзіп кеткісі кеп, шілде айының не бір қайнаған ыстығына қарамастан күндіз демей, түн демей, аттарын қан сорпа ғып сыдыртып тартады да отырады. Бірақ соңына сұғын қадап түскен қуғыншы бәрібір құтқармады.
Кәлен баяғы ұрлық қып жүрген не бір жырындықор қуғыншылардың талайын ізінен оп-оңай адастырып кете беретін-ді. Енді не болғанын қайдам, осы жолда бұл басына тықыр таянғанда қолданатын ежелгі машықпен үйреншікті тәсілге басып, бір кез із түспейтін тақырға салды. Онан тағалы ат болмаса, қалған жылқының тұяғын қағатын қатқыл, тастақ төбелерді тасырлатып түн - түн, күн - күн жортты. Бірақ онан да ештеңе шықпағасын жаны қысылған Кәлен енді жықпылы, жыра - сайы мол ұры шыңына тығылып еді, бұл өңірдің ұңғыл-шұңғылын жетік білетін кәнігі біреуді жолбасы ғып алған, аттары сайлы солдаттар бұларды бәрібір құтқармады. Жолында кездескен ауылдардан қайта - қайта ат ауыстырып мініп, ағарған сусынға қанып әл жиып алады да, қайта қуады.
Кәлен қыр соңына түсіп алған пәледен құтыла алмасын білді. Амалы да таусылды. Барар жер, басар тау қалмай, апшысы әбден қуырылған бір тұста «өзекті жанға бір өлім» деп, осындайдағы өзінің «нар тәуекеліне» басып, соңына қадалып түсіп алған қан - құйлы жауға қарсы шапқысы кеп еді, оған найзасы шошаңдаған жігіттерді мылтыққа қарсы айдап салып, қырып алармын деп қорықты.
Бұлар ұры шыңынан алдын түн қып қашып шығып еді, сонан бір жерге тоқтамай түн -түнімен жортып отырып, таң ата алдарынан кездескен о басы мен бұ басына көз жетпейтін аңғарлы терең сайға келді де, ат басын тартты. Сайда құс таңдай ұзынша жапырақтар жаутылдаған құба тал қалың өскен екен, жоңышқалы, мортықты терең сайдың табанында, әлі де болса, балауса қалпын сақтап балбырап тұрған тып-тығыз қалың көктің қайсы бір тұсы жазатайым сәл-пәл селдіресе, сол арадан мөп-мөлдір бұлақ суы мөлт-мөлт көріне түсіп, қапелімде қайтадан қалың қауға кіріп жоғалып кетеді.
− Пай, пай, мынау жарықтық айта қалғандай-ақ, жер екен, - деп атын жетелеген әлде біреу Кәленге қатарласа берді. Кәлен оған бұрылған жоқ; басында баяғы бір ой: «Қайда барып жан сауғалайды? »
− Бұл өзі кімнің жері екен? - деді Кәлен.
− Кім білсін, бұл маңның бәрі – Тілеу - Қабақтарға қарайды ғой. Солардың бір мықтысының жері болар.
Кәлен үндемеді. Ішінен: «Апырай, ә... Тәңірбергеннің қайын атасы болмаса не етсін?» -деп ойлады. Жә, кім болса да, басқа емес, әйтеуір қазекемнің жері ғой, жаудың қарасы көрінгенше осы араға тыныға тұрамыз. Жігіттер шаршады. Аттар да қан сорпасы шықты. Кәлен бойын қару-жарақтан босатып, үстіндегі лыпаның түз киімнен басқасын түгел шешті де, мұздай көкке құшағын жайып, етпеттеп жата кетті. Іштің қызуы сыртқа теуіп, жалындап әкетіп бара жатқан жалаңаш тән салған жерден рахат тауып біраз жатты да, сосын арқасына аунап түсті. Көзін ашуға ерінді. Өзі рақат ләззат алып жатқан осы мына кісі бойындай көк шалғынның әлдебір жерінен бұған әзір аты беймәлім, бірақ, әйтеуір, қазекемнің шалқар кең даласының қалай да бір жұпар хош иіс аңқып қоя берді. Бұл бүтін дүниеден тек осы иісті сезіп, осы иіспен тыныстап, осыған дейін осы мына тынымсыз тірлігі құрғырда жанын баурап әкетіп бара жатқан мына жұпар иіссіз қалай өмір сүріп келе жатқанына қайран қалып жатқан-ды. Кенет баяғы бала кез болмаса, онан бергі жақта ат үсті сарт-сұрт өмірде есітпеді ме, есітсе де, қаперіне кіріп шықпай, күн-түн қатқан жортуылда ұмытып бара жатқан бір тәтті дыбыс құлағына келді де, көзін ашып алды. Сүйтсе бұның дәл үстінде, көк пен жер арасында, О, Жасаған Ие, небәрі, болып - болғаны жас бала жұдырығының мұғдарындай сұр торғай. Кәлен дем алды ма, жоқ па, өзіне салса тынысы тоқтап, есі шығып елітіп қалғандай... Небәрі жас бала жұдырығының мұғдарындай әлгі торғайдың Кәлен құп - құттай тұмсығын көрді. Тарының түйіріндей құп - құртақандай қап-қара көзін көрді. Көкірегі тәтті дыбысқа толған құп - құрттай денені екі жағынан көтеріп көкке алып ұшқан небір құп - құртақандай екі қанат мөп-мөлдір көгілдір ауада дір - дір етеді. «О, жаным, сұр торғай! Осынау кең даламның торғайы», - деді Кәлен. Көзінде жас.
− Жау... Жау келіп қалды.
Кәлен есітпеді ме, естісе де әлгі балтаңдай құп - құртақандай дала құсының тәтті үні басқа бар дүниенің бәрін қаперінен шығарып ұмыттырып жіберді ме, орнынан қозғалмай біраз жатты. Тұрғасын да асықпады. Атқа мінер алдында да үзеңгіге аяғын салғасын жаңағы құп - құттай жез таңдайды тағы бір көргісі кеп көк аспанға қарап еді. Қыр астынан ат тұяғының дүбірі шықты. Жігіттер де, жігіттердің астындағы аттар да бір орында тұрмай, шиыршық атып тұр екен.
Кәлен торы атты тебініп қалды. Сайдан сыдырып шықты. Ат басын тежемей, ағызып бара жатып артына бұрылып бір қарады. Қуғыншылар көрінбеді, бірақ қыр астынан ұзын найзалардың қылтылдаған ұшы көрінді.
Қанша десе де, жаңағы аз ғана таныс аттарға біраз белкөтерме болған екен. Соны байқаған Кәлен сайдан шыққан бойда аттар әзір тың тұрғанда жер өндіріп алғысы келді де, торы атқа тақым басты. Жігіттерге де керегі осы еді; онсыз да соңынан тасырлатып мылтық атып, қиқулап келіп қалған жаудан қалай құтыларын білмей, жалтақтап артына қарап келе жатқан-ды. Бұлар да аттың басын қоя берді.
Бұл өңір биыл қуанды. Басқа жаққа қарағанда, қайта Ұлықұм өңірі не бір қуаңшылықта да жерінің түгі қалың, суының көзі жақын болғандықтан оны жайлаған халықтың берекесі онша шайқала қоймайтын. Сондықтан бұнда қашанда халық басы көбірек жиналады. Қыстан ыңыршағы айналып шықса да, құм басының көгіне аяғы бір жеткен мал қапелімде қарны томпайып, қабырғасын жауып ала қоятын. Мал жағдайын өз жағдайынан кем ойламайтын шаруа қолдағы азын-аулақ қараны алдағы жылдың қысына қоңдандырып түсіргісі келгенде осы өңірге әрісі сонау арқадан, берісі мына теңіз жағасынан көші шұбап келіп жататын. Соңына қуғыншы түсіп алғалы Кәлен де шығандап алысқа кетпей, осы өңірге айналсоқтап әр қырдың астында бір-бір ауыл отырған малды-жанды елді сағалап, қазығын айналған аттай шыр айналып жүріп алған-ды.
Сүйтсе, бұл өңір бұлардан гөрі аналарға тиімді екен. Құдайменде болыстың абызындағы ел қорықса да, сыйласа да оларға алдынан ас-суын әзірлеп, атын алмастырып, жазатайым көз жазып қалғанда көземелдеп ізіне салып отырыпты. Соны кеш білген Кәлен өздеріне белкөтерме болған әлгіндегі сайдан шыға салысымен ат басын енді тура Адай, Табынға бұрды. Бұл бет далалық. Қазір түгіл, ана заманда да араншының жалғыз атына су татырмай, жазда шаң бұрқырап, қыста қар борап, ақ түтек үскірік соғатын да тұратын аңыраған ашық дала. Түрікпен асып, Адай, Табын асып ұрлық қылған әнебір кезде, бұл аралар Кәленнің талай-талай жортқан жерлері. Бедірейген елсіз түздің қай жерінде ат шалдыратын, таңдай жібітетін суы бары бұған белгілі еді.
Кәлен алда. Оның торы атынан қалмай, ұдайы құйрық тістесіп отырған қалың топ үнсіз. Ат үстінде өткізген ұлы сүргінде шетінен күн өтіп, жел қағып қара сіңірленіп алған жүздер қуқыл. Сыртына шығарып айтпаса да, іштерінде қайнаған ызамен қатуланып шымыртып алған. Кәлен оларға қарамауға тырысады. Кейде көзі түскенде олардың түрінен өзі шошып кетеді. «Осы шіркіндердің тілі байланып қалған ба? Неге үндемейді? » Ішінен осылай деуін десе де, бірақ ар жағында тағы бір ой тұрды, сонда бұның өзі қайтеді? Бұнан тағы қорқады.
Жаудан бұлар қара үзді. Бірақ бес жүзден астам сарбаздың соңында мына елсіз меңіреу қара жонда жосылып қалып жатқан көп тұяқтың сүрлеуі бұлардың ізіне түскен қуғыншыны адастырмасы белгілі.
− Кәлен аға, - деді ұзын қара астында ентігіп ауыр дем алған атты екі бүйірден тепкілеп, қатарласа беріп, - баратын жеріміз алыс па?
− Күн кештете жетерміз.
− Апыр - ай, мынау... Мына дала... Бұл өзі неткен жер?
− Тамаша, жақсы жер.
− Шын ба? Бұнда ел бар ма?
− Болғанда қандай?! Бұнда қазекемнің нағыз ержүрек батыр ұлдары тұрады.
− Сон - да... Кәлен аға... Ал, су?..
− Е, бар. Шыңыраудың шекеңнен шыққандай суы бал татиды.
Ұзын қара әлі де болса сенер - сенбесін білмей, қара бұжыр Кәленге қарады, сосын азғантай қылтанағы көктем басында қурап кеткен далаға қарады. Қайсысына қараса да қазіргі түрінен қаралай шошынады. Күн екіндіге тақалғанда қара жонды дүбірлеткен қалың қолдың ілгергі жағынан қоңыр жал көрінді. Мынау әлде бір ұланғайыр теңіздің арығырақ бір шетінен төңкеріліп аударылып түскен дәл бір дөңбек толқындай, жуық маңдағы төбелер мен шоқылардың бәрінен бой асырып, сонадайдан дөңкиіп көрінді.
Бұлар қаттырақ жүрді. Бауырын керіп бірде сыдырып, бірде шоқытып, жер танабын жылдам қысқартқан қол көз ұшында көрінген әлгі қоңыр жалға жетіп те қалған-ды. Бұл араларда талай жорытқан Кәлен мына жалдың ар жағында, әудемдей жерде, теп-тегіс жазық далада жалғыз өзі жеке шошайған биік шоқы барын біледі. Баяғы ерте заманда бірде болмаса бірде көштері кездесіп қалғанда кейде жайылым, кейде құдық үшін қазақ пен қалмақ тайталасқан талай - талай шайқаста қайсысының қолы бұрын жетсе, сол осы шошайған төбеден қарауыл қарайды екен. Және осы шошақ төбенің дәл астында суы тіс сындырғандай шыңырау бар. Жазда ел отырады.
Кәлен қоңыр жалға шауып шықты. Осы арада тізгінін сәл тежеді. Жал үстінде тұрып ат үстінен ілгергі жағына жылдам көз тастап еді. Өзі тұрған қоңыр жал мен әудемдей жердегі қарауыл төбенің екі аралығындағы жазаңның қара оты қашанда қалың болатын. Биыл да жаз басынан күннің жайсыз ыстығына қарамастан көктемде қалың шыққан қара от әлі де бойшаң және міні құрамаған екен. Соны қырағы кезі бір қарағаннан байқаған Кәлен ішінен жағасына түкіріп, жымың ете қалды. Әлденеге көңілденіп кетті.
Кейінде қалған сарбаздар ақ тер, көк тер аттарын тепкілеп жете бергенде Кәлен кідірмей, ілгері жүріп кетті. Ол енді асыққан жоқ, атын бір әуенмен ақырын бастырып келе жатып қоңыр жал мен қарауыл төбенің екі аралығындағы жазаңның қара отына тағы да назар аударды. Таспа боз кер жусан басқа жерге қарағанда мына жазаңда, шынында да, бойшаң, аттың шашасын қағуға жарап қапты. Қасында үзеңгі қағысып келе жатқан ұзын қараның бірдеңе сұрағысы келгендей жалтақтап қараған назарын байқаса да ыңғай бермеді. Онан қайта өзі сөзге тартып: «Мына жусанға кереге жайса көрінер ме еді? » - деп сұрағысы кеп оқтала түсті де, әлденеге ар жақ ойын ашқысы келмеді. Құдыққа келгесін аттан түсті. Тас астау маңында шиырлап тастаған адамның, малдың ізі көп екен. Күндіз су ішіп, кешке салым өздерінің түнгі салқында жайылатын дағдылы өрісіне тартқан көп жылқы ізі жосылып жатты. Сиырдың жапасы, түйенің құмалағы арасынан атам заманғы ақылшың ескі тезектер көрінді.
− Осы араға тоқтаймыз, - деді Кәлен. Бұлармен құйрықтаса жеткен жігіттер де жапырлап аттан түсіп жатты. Жерге аяғы тие салысымен бөрі де жанталаса асығып құдыққа ұмтылды.
Адамдардан гөрі шөлден қаны кеуіп бара жатқан аттар тізгінін жұлқып астауға ұмтылып өліп барады.
Кәлен су ішкен жоқ, тек аузын шайды да қасына ұзын қара мен еті тірі екі жігітті шақырып алып құдық басындағы опыр - топырдан аулаққа оңашаланып шықты.
− Жауды осы арада тосамыз, - деді Кәлен.
− Сонда... тосқанда қалай, соғысамыз ба?
− Оны кезінде көрерміз. Сендерге айтпағым, бұл маңда мынадан басқа құдық жоқ.
− Кәлен аға, жаудың қару-жарағы сайлы, күші де басым. Оларға қарсы тұрып... Оған... оған шамамыз кее...
− Білем...
− Сон - даа... қалай?
− Осы маңда ауыл бар. Қай жерде отырғанын білу керек.
− Оны білерміз. Тек, жаңағының жөнін...
− Ойлаған ойым бар. Оны кейін біле жатарсыңдар. Сендер былай шығып, ауылдың қай жерде отырғанын біліп қайтыңдар. Олармен кейін өзім барып сөйлесермін.
− Олар да өзіміздей қару-жарағы жоқ, құр қол ғой.
− Білем. Ал, тұрмаңдар. Тез барып қайтыңдар! - Жігіттер бір-біріне қарады. Сосын астындағы жалтақтап, қайта - қайта құдыққа қарап оқыранған аттарын тебініп жүріп кетті. Көп ұзамай қайтып келді. Былайырақ шыққасын бір қырдың астында отырған малды-жанды үлкен ауылдың үстінен шығыпты. Адайлар көрінеді. Ішінде аз үй кірме Табындар бар көрінеді. Бұлар да ақ патшаға жігіт бермейміз деп, бес қару белде, аттар белдеуде, тәуекелге бел буып тас түйін боп отыр екен. Ауыл іргесіне кеп орналасып жатқан қолды есіткенде Адай жігіттері естері шыға қуаныпты... Қайсыбіреулер Кәленді біледі екен, атын есіткенде: «Ә, оның әлгі жылан көз қара ғой? » - деп кеңк-кеңк күліпті.
Сол күні кеште Кәлен Адайлардың ақсақалдарымен кездесті. Кәлен оларға Арал өңіріндегі халық ереуілдеп, қару ұстауға жарайтын ер-азамат атқа қонып жатқанын айтты. Сосын өздерінің соңында ізін өкшелеп келе жатқан қуғыншы барын, олардың осы араға бүгін-ертең келіп қалатынын да жасырмады.
− Е, бәрекелде! Онда біз де жігіттерімізді көтерейік.
− Сендер тырп етпеңдер. Өзіміз - ақ олардың бір сыласын қылармыз.
− Ау, ол қалай? Бұл нағыз күш біріктіретін түс емес пе?
− Шамамыз келмей бара жатса айтармыз. Сендерге салатын бір қолқам бар.
− Ал, қолқаңды айт!
− Бір күнге аулыңның керегесін сұрағалы тұрмын.
− Қолқаң сол - ақ, па?
− Иә, сол-ақ.
Адай шал қарқ-қарқ күлді:
− Керек болса, керегені уығымен қоса ал! Тек шаңырағымызды қалдырсаң болады, - деп жаңа жұрт алдында шалқақтап отырып, зіркілдеп сөйлейтін апайтөс шал тағы да кеңк-кеңк күлді. Бірақ ол Кәленнен сонша керегенің неге қажеті болғанын сұраған жоқ, Кәлен де оған ол жөнінде тіс жарып түк айтпастан қоштасып жүріп кетті. Ол жөнелген бойда әлгі апайтөс Адай шалдың әмірімен бүкіл ауыл жау тигендей аяғынан тік тұрып, алас -қапас үйлерін жығып, бар ауылдың бүкіл керегесін түгелдей түйелерге тиеп, жөнелтіп те жіберді. Кереге тиеген ұзын көш жеткенше Кәлен бұл жақта жігіттерін жинап әзір тұрған-ды. Көзді ашып-жұмғанша түйелердің арқасынан керегелерді түсірді. Кәленнің басшылығымен үнсіз қимылдаған жігіттер түн қараңғысын жамылып жүріп, бағанағы қоңыр жал мен қарауыл төбенің арасында қара оты мол кең жазыққа керегелердің қанатын жазып, ұзыннан-ұзақ жайып тастады. Арқасы босаған түйелерді ізінше кейін қайтарып жіберді. Сосын тағы да Кәленнің әмірімен қарауыл төбеге арқасын тірей тоқтаған қалың қолды бестен, оннан қос-қос қып бөліп бәрі маздатып от жаққанда құдды кектегі жұлдыздар жерге құлап түскендей, жыпырлап ала жөнелді.
Осы кезде бағана жолда қалдырып кеткен екі жігіт шауып келді. Ат үстінен аптығын баспастан екеуі бірдей қосарлана тіл қатып жаудың жақындап қалғанын хабарлап еді; Кәлен үндемеді. Күндізгі аптап ыстықта бұл араға олардың өздері де, аттары да шөлден сілесі құрып жететінін біліп тұр. Келген бетте бірден шабуылға шығуға шамасы жоғын да ойлады. Және бұрын жаудың көз ұшында қарасы көрінсе алды-артына қарамай тұра қашатын бұлардың енді үстіне келгенде де иманы селт етпей, келсең кел дегендей, жол тосып тұрған сыңайын байқағасын батылы жете қоймасына кәміл сенді. Сүйтсе де, қамсыз болғысы келмеді. Таң атқанша ат тізгінін сағағынан тұқыртып ұстаған жігіттер қылыш -найзаларына иегін сүйеп отырып көз іліндіріп мызғып алды.
* * *
Кәленнің болжамы дәл шықты: түн ортасы ауа жеткен ақ ескер қоңыр жалға көтерілгесін ат басын ірікті. Сонау етекте жыпырлаған сансыз көп отты көргенде жүрегі шайлыққан жау бұл араға, бұнша қолдың қайдан кеп қалғанына қайран қап, жал үстінде біраз иіріліп тұрды да, сосын аттан түсті. Таң атқанша тырп еткен жоқ; күзетті мықтап қойды да, сонан қашан аппақ боп таң атқанша жазғы түннің қоңыр самалы соққан биік жал үстінде естерінен тана қатып ұйықтап еді.
Бұл түні кірпік ілмеген Кәлен қоңыр жалдан көзін алған жоқ. Бұл түні олар да, бұлар да қыбыр етпеді. Тек анда-санда әлдебір тер қатқан ат ер-тұрманымен сылдыратып сілкініп қалады. Сосын сонау етектегі қоңырлық арасынан шегірткенің шырылы болмаса, құлан елең етер онан басқа бөгде бірде-бір дыбыс болған жоқ-ты. Тек таң саз берген бір мезгілде жау әскері тоқтаған қоңыр жалдан таңмен таласа оянған әлдебіреулер көрінді. Көп ұзамай қоңыр жалдың үсті қапелімде адам - қараға толып, абыр-сабыр, қауырт қимыл, қарбалас басталды. Іле-шала бөрі жапырлап атқа отырғанда мыналардың қарамы бұл ойлаған шамадан әлдеқайда көп көрінді.
− Жігіттер дайын ба? - деді Кәлен қасына келген ұзын қараға.
− Дайын.
Қоңыр жалдың үстінде қатар түзеп шеру тартқан қалың қол лезде екіге бөлінді. Анадан гөрі молырақ үлкен легі ұмсынып ілгері шықты да, қарамы азырақ екінші легі бастапқы орнынан тырп етпей, иін тіресіп тұрып қалды.
− Кәлен аға - аа... Кәлен аға - аа...
Дәл қасынан аблығып шыққан мына бір дауыс Кәленнің жынына тиді. Онсыз да қоңыр жалдың үстінде иін тірескен қолдың әлгіде аттарын аңырын бастырып ілгері озғындап шыққан алғашқы легі кенет қылышын қынаптан жарқ-жұрқ суырып ала сала ылдиға қарай ат басын ағызып қоя бергенін көріп тұрған-ды. Бірақ қыбыр еткен жоқ, тек қоңыр жалдың басынан етекке қарай селдей жосып келе жатқан қалың қолдың дүбіріне әлден делебесі қозып, тықырши бастаған тақымы астындағы торы атты тырп еткізбей, тізгінін тұқыртып алды. Бұрын бұлар ылғи қашып, аналар ылғи тұра қуатын еді. Бұл жолы олар бұрынғыдай бар әскермен лап қойған жоқ. Белдесіп күресетін болғасын, ұрыс әдісін өзгертіп әуелі шабуылға жалаңаш қылышы жалақтаған аты ұшқырларды жіберді. Аты ұшқырлар қарсы алдында «келсең кел» деп қара ағаштай тосып тұрған қолға қырғидай тие бергенде мына жақтан кейінге сақтаған екінші лекті ұрысқа салып жібермек еді.
− Кәлен ағаа!.. Кәлен аға!..
Ұзын қара ма, әлде басқа ма, біреу Кәленмен үзеңгі қағысып қатарласа берді. Қалғандардың да қатары қозғалып кетті. Жаңа ғана ат бойы кейін тұрған жігіттер де қапелімде сығылысып, өзімен қатарласып қалған екен. Кәлен сонда да қыбыр етпеді. Қара сұр беті қуқылдана түскен. Сонан ба, әншейінде онша байқала қоймайтын бетіндегі бұжырлар бозарып, сұйық мұрт тебен инедей тікірейіп - тікірейіп апты. Көзін бір жаққа бұрмай тура алдына тігіп алған. Екі көзі қоңыр жалды дүбірлетіп ылдиға қарай қаптап келе жатқан қолдың алдындағы қара жал, құла атты офицерде. Мынау өзгелер сияқты қылыш ұстаған қолын оңды - солды сілтеп келе жатқан жоқ; қыратын - жоятындай, есерленіп, құрдан - құр қоқырақтаған да жоқ; қос құлағын жымып алған құланың ұшқан құстай ілгері созған ұзын мойнына кеудесімен ілгері созылып жабысып апты. Бірме-бір айқаста күшпен алмаса, мына кәпірді әдіспен ала алмасын Кәлен сол арада ойлады ма, жоқ па, белгісіз, ойласа да тек бір сәт, бір қас қағым қаперіне кірсе кірген шығар. Дәл осы қазір оның есіл-дерті мына офицер жолында жаюлы жатқан керегені көргенде қайтер екен деп, сол сәтті шыдамсыздана күтіп тұр еді... Е, міне!.. Офицер керегеге басқалардан бұрын жетті. Бірақ тізгінін тартып үлгірмеді. Ар жақтан ағызып келген бетте алдыңғы екі аяғын керегенің көзіне тықты да басын бауырына алып омақаса құлады. Үстіндегі офицер қылыш ұстаған қолы басынан аса бір ербең етті де, қара жал, құла айғырдың мойнынан асып түсіп анадай жерге домалап-домалап кетті. Сол сол екен, соңындағы қалың көпір де бірінен кейін бірі керегеге килігіп, омақасып опыр-топыр құлап, аяғы сынған, омыртқасы үзілген аттар жан даусы шыға шұрқырап, адамдар шыңғырып, қоңыр жал мен қарауыл төбе арасындағы кең алқап қапелімде адам айтса нанғысыз әлем - тапырық болды да кетті.
Осы сәтті тосқан Кәлен оңы мен солына жылдам көз тастады. Қолы да қынапта тыныш жатқан қылышқа барып қалған еді; енді бір қимылмен жарқ еткізіп суырып ала сала: «Жігіттер, қапта!» - деп айқай салғалы оқталғанда... О, Алла, құдды жер астынан жарып шыққандай, қиқу салған әлдебір көп дауысқа көп тұяқтың дүбірі қосылды да, аузын ашып үлгірмеген Кәлен қалт етіп тоқтай қалды. Ту сыртында сығылысып тұрған сарбаздар да аспан астын дүрілдетіп алып бара жатқан мына дүбірдің қайдан шыққанын қапелімде білмей қалып еді; Кәлен олардан бұрынырақ көрді: өздерінің көз алдында аттар, адамдар омақасып бірінің үстіне бірі құлап, опыр-топыр боп жатқан ақтарға екі бүйірден бір сәтте бұйқұт тиген өңшең найзалы - қылышты көп атты қиқулап төніп қалған екен. Кәлен қылышқа барып қалған қолын тартып алды. Бұжырлары бадырайған қарасұр бет кенет жадырап, астында тықыршыған торы аттың сауырына қарай шалқалай бере қарқ-қарқ күлді.
− Кәлен аға... Кәлен аға, бұлар кім? - Кәлен күлкісін кілт тыйды.
− Кім болушы еді, ер Адайлар да!
− Сонда... Сонда біз қайда қалдық?
− Жолды осыларға беріңдер!
− Біз ше?
− Біз дем аламыз. Кәне, аттан түсіңдер.
Бұлар осы арада біраз аялдады. Аттарын тынықтырды. Кір-қоңын жуды. Адай жігіттер бірінен кейін бірі үйіне шақырды. Күнде-күнде Құдай жолы садақа беріп, ана үйде, мына үйде ақсарбас сойылып жатты. Жау қашырған көңілді жігіттер апақ - шапақ араласып, бүгін танысса ертең Адай, Табынның басы бос қызына үйленіп, ол аз дегендей бесіктегі балаларын атастырып, туыс боп жатты. Лепірген ет қызу үстінде бұлардың ешқайсысы әзір ертеңгі күнді ойлаған жоқ. Бұлар соңыра талай жыл, жылдар өтіп, дүниеге бұлардан кейін талай ұрпақ келіп, олар да бұлар сияқты мына адыра қалғыр ата-баба жерін қайтсем көгертем деп жанын жалдап, қажет болса, қанын, терін төгетінін де ойлаған жоқ-ты. Соңыра, көп жыл өткесін ақ әскерлер опыр-топыр қырылған мына кең алқаптың жұрт аузында аңызға айналып «Солдат қырған» аталатынын да тап сол күні Кәлен де, Кәленнен басқалар да білген жоқ-ты.
Сонан ай өтті. «Ел құлағы - елу». Үй мен үй, ел мен ел арасындағы ыбыр-сыбыр қарап жатпады. Бұл жаққа жолы түсіп, сонау Арқадан, Ақтөбе, Арал өңірінен келген әлдебіреудің әлдекімге айтқан алып қашты сыпсыңы әп-сәтте ауыздан ауызға тарап, біреуден біреу құлақтанып, көп ұзамай дабыраға айналып: «Ойбай, ақ; патша қаһарға мініпті. Орынбордан әскер шығыпты. Көптігінен жер қайысатын көрінеді», - деп ел іші дүңкілдеп алып бара жатты.
Кәлен жігіттерін жиып алды: «Өзіміздің жағдайымыз келісті» деп жата бергеніміз жөн болмас. Елге баралық», -деді.
Жігіттер де соны жөн көрді де атқа отырды.
* * *
Сүйтіп, бір айдың жүзі ауғанда Кәленнің қолы Ұлықұм өңіріне қайтып оралған еді. Шынында да, бер жағы Ақтөбе, ар жағы Орынбордан шыққан көп әскер ауыл үстін басып жатыр екен. Соңында сүйреткен зеңбіректер бар. Кәлен қарсыласа алмады. Қаруы мықты, күші басым жаудың қарасы көрінсе болды апыр-жапыр атқа отырып, алды-артына қарамай ұра қашты. Бұл жолы да баяғыдай жан сауғалап, соңына сұғын қадап түскен жау әскерін шұбалтып, тағы да қырға, ойға, тауға, сусыз шөл далаға, жапан түзге қашты.
Аттар болдырды. Адамдар да титығы құрыды. Бірақ бәрі үнсіз. Аштыққа шыдаса да, шөлге шыдамай небір өрттей ыстық күндерінде аузын орамалмен байлап алған сарбаздар жұлынын үзердей қорт - қорт желген ат үстінде басы салбырап үн-түнсіз келе жатады. Обалына не керек, осы жолда қанша қиындық көріп, азап шексе де, басын бәйгеге тіккен жігіттердің бірде - бірі әлі қыңқылдап наразылық білдірген жоқ. Бұрын - соң басынан бұндай қиындық кешпеген жандар. Көбі кеше Кәленнің өзімен бірге су кешкен қара борбай балықшы. Қалғандары малы жұтқа ұшырап, теңізге кеп сағалаған малшы, жалшы. Бәрі де ат үстінде өткізген мазасыз қуғын - сүргінде қап-қара боп түтігіп, іште қайнаған ызадан қатуланып тастай шымыртып алған. Кәлен кейде бұлардың қанша күннен бері үнсіз сазарған түріне қарап: «Шіркіндердің тіл - жағы байланып қалған ба?» - деп таңданады.
Бір жолы шындап қуған жау бұларды қырға қашса да, ойға қашса да ізінен қалмай, күні бойы өкшелеп қуды да отырды. Күн батты. Қараңғы түсті. Аттар да, адамдар да шаршады. Ат үстіндегі ұзақ жортуылдың талайын көрген Кәлен де сол күні қатты қалжырап, ер үстінде екі құйымшағына кезек отырып қипақтай бастаған-ды. Ұзын қара қатарласты:
− Тоқтасақ қайтеді?
− Шыда!
Кәлен сонан артық тіл қатпады. Сыдырып келе жатқан торы атқа тақымын қысып шаба жөнелді. Сонан айсыз қараңғыны жамылған қол бір жерге тоқтамай түнімен жортып -жаудан қара үзіп кетіп еді. Күн шыға қауқиған жыңғыл, қызыл түзген бой көтерген аң шағыл құмға ат басын тірей тоқтады. Қара терге малшынған аттар тақым астында тәлтіректеп, төрт аяғы денесін әзер көтеріп, ырс-ырс етеді. Ер үстінде әзер отырған жігіттер де үзеңгіден аяғын суырған бойда түн салқынын бойында сақтаған аппақ ақ құмға етпеттей - етпеттей жығылды. Сол бойда бәрі де ес-түсінен тана ұйықтап кеткен-ді. Сонан тек сиыр сәскеде бір- ақ оянды. Онда да өрттей ыстық күнге шекесі қызып, шөл қинап қаталап бара жатқасын оянған еді. Кәлен де оянды. Күн өткен басы көтертпей, қос шекесі солқылдап сынып барады екен. Тұруға ерінгесін денесімен ілгері жылжып қол созымдай жерде қауқиған әлдебір қырбық бұта бауырындағы болар - болмас көлеңкеге басын тығып паналады да, қалған денесін күнде қалдырып, сұлық жатты. Көзін қанша жұмса да осыдан кейін ұйқы оралмады. Сосын басын көтерді. Солқылдап әкетіп бара жатқан шекесін алақанымен қысып біраз отырды.
Бұл кезде жігіттер де тұрған еді. Бәрі де аузын орамалмен тартып байлап апты. Қайсыбірі қатқан құртты қытыр - қытыр шайнап, тамсанып сілекейін сорады. Бұл неткен заңғар жандар? Бірі болмаса бірі неге жақ ашпай, сазарып алған? Бұлары қалай? Әне, бәрі бір кісідей үн-түнсіз жүріп, ат арқасынан ер-тұрманды алды. Тер малшыған терліктің су жағын жоғары қаратып қауқиған бұтаға тастай салды. Сосын уысын толтырып шөп жұлды да, отын ала алмай, басын жерге салып тұрып қалған аттардың омырауын, қолтығын сүртті. Сосын қан сорпасы шыққан аттардың терлік астындағы аң сортаң айғызды уысындағы шөппен әрі-бері осқылап, ысып - ысып жіберді. Сонсын бірі бұта түбінде, бірі ат бауырындағы қос уыс көлеңкеге жабысып отырды да, қоржын түбінде сақырлап қатқан құрт - ірімшікті уысын толтыра көсіп алып, екі ұрты бұлтылдап - төмен қарап сазарып қалғандары. Неге үнсіз? Неге сазарады? Әлде ар жақтарында бұған айта алмай, іштей булыққан қандай да бір реніш бар ма? Е, онда ойдан - қырдан жиналған осынша кісінің ішінен бұған тайсалмай келіп, бетіне тура қарап, тікесін айтатын қайсар біреу болмағаны ма? Осы жұрт не боп кеткен? Әлде, әнебір қасқырдан қашқан сұр көжектей, жан сауғалап жоси беруден жігері құм боп жүр ме? Алды-артына қарамай зытып бара жатқан сұр көжек көзіне елестегенде Кәлен мырс етіп күліп жіберді, назарын көтермей, төмен қарап тұнжыраған жігіттерге бұл енді қыжылсыз күле қарады. Есіне Жармолла түрмесінен босанып шыққан Батақтың Сарысының елге қайтып келе жатқаны түсті. Ерегіскенде, түрменің тар қапасында да жігері моқа маған өр мінез, өжет жастың әлгібір: «Он екі ай қыз көрмеген сорлы басым, қатынға тезек терген қайырылыппын», - деп өзін-өзі мысқылдағандай, жолда келе жатып айтқан асқақ әнін осы арада, тап осы қазір осы мына ұнжырғасы түскен шикі өкпедей, жігерсіз, жасық енеңді ұрайындардың алдында айқайға басып жібергісі келді. Бұның өзінің де қашаннан бері зығыры қайнап жүргесін бе, қара бұжыр бетіне сайқымазақ күлкі лып етіп ойнап шығып еді. Ін түбінен, әріден жылтыраған жылан көздің жанарына бір сондай қиқар, өжет ұшқын лап ете түсті де, тез өшті. Жалбыраған қабақ іле-шала қайта жабылып түнере қалды. «Құрсыншы ит өмір! Бұйырса, бір күні бұны да итшілеп өткіземіз ғой».
* * *
Бұлар құдық іздеп біраз сандалды. Сонан тек ел жатарда аттарын ақырын бастырып келе жатқан қол бір биік жалдың басына көтерілгенде ілгергі жақтан от жылт етті де, тез өшті. Ер үстінде басы бұлғаңдап келе жатқан кісілер елең етті. Сүйтті де аттарын тебініп, әлгі от жылт еткен жақты бетке ұстап шаба жөнелді. Сүйтсе, қолдағы аз ғана малдың жайымен айдалада отырған он шақты үй екен. Ер-азамат ереуілдеп жатқан жігіттерге қосылып кеткенде, бұнда тек бала-шаға қапты. Кәлен бұлармен тілдескенде, жігіттер ана жақта суы күрпіп, аузы-мұрнынан шыққан үш құдықтың басында үйме-жүйме боп жатты.
Адайлардан оралғаннан бергі күндер бұларға аса ауыр тиді. Бір күн бел шешіп жатпай, ылғи ат үстінде қуғын-сүргінде жүрген жігіттер қазір бөрі шетінен құс ұйқыланып алған-ды.
Қалт еткен - қалт еткенде көзін сәл жұмып, қайта ашса болды, ат соғып қалжырап тұрғанына қарамастан тұла бойы сәтте сергіп сала беретін.
Таң саз берген елең - алаңда кейінгі жақтан қарауылға қалдырып кеткен жігіт ес - түсі қалмай құйындатып келе жатты. Кәлен тізесіне тіреген қамшы сабына маңдайын қойып қалғып кеткен-ді. Қамшы сабы батқан шекесін алақанымен бір уқалап жіберді де, орнынан атып тұрды. Көз іліндіріп мызғып алған жігіттер де асығыс апыл-ғұпыл тұрып жатты.
Аз ғана аялдаса да аттар кәдімгідей әл жиған екен, салған жерден қатты жүріп, қуғыншылардан қара үзіп алғасын бұлар сол күні кеш түскенше бір жерге тоқтамай ит бүлкілге салды да отырды. Күні бойы борбай созған аттардың бұнан артық жүріске шыдамасын білген Кәлен қас қарая бергенде өзі білетін шегенді құдыққа жетті де тоқтады. Естуі бойынша, Құдайменде болыстың аулы бұл арадан онша қашық емес-ті. Сонан бұлар ел жатқасын атқа қайта отырып, болыс аулының өрістегі жылқылары мен түйелерін қуып әкетті. Жігіттер ат алмастырып мінді. Болыс аулынан қашып келген жігіт: «Еламан мен Райды кемеге отырғызып, Аралға жөнелтіп жіберді. Оның ар жағы не болғанын білмейді. Ел ішіндегі қаңқу әңгімеге қарағанда, шамасы, сірә, майданға жіберетін сыңай бар ма, қалай...» - деп міңгірледі. Су ішіп, кішкене әл жиғасын терін сүртіп отырып, әлгі жігіт тағы бір әңгіменің шетін шығарды. Бұл жолы ол Кәленді қолға түсіре алмай әбден ыза болған болыс ояздан келген әскерге жар басындағы балықшылар аулын шауып, бүлік басы Кәленнің қатынын, баласын, сосын сол ауылдың ендігі бас көтерері - Мөңке мен Досты тұтқынға алу керек деп ақыл беріпті. Кәленнің қорыққаны осы еді. Ол жігіттерді тез көтеріп, түн ішінде жағаға тартты. Келген бетте балықшылар аулын дүрк көтеріп, кәрі демей, жас демей бәрін апыл-ғұпыл тегіс атқа, түйеге отырғызды. Бұрынғыдай сыбай - салтаң емес, қатын-бала, кемпір-шал болғасын Кәлен сақтық жағын қатты ойлады. Бұл жақтың өздеріне қауіпті боларын да ойлады. Әсіресе, жас балалардың түн қатқан мазасыз жүрісті ауырлап, қыңқылдап жылағанына қарамастан үнемі үдере тартып отырып, Ұлықұм мен Кішіқұмға жетті. Осы өлкенің оты, суы мол кең алқабын көсіле жайлаған іргелі рулар – Тілеу - Қабақ, Төртқара, Тама ауылдарының үстін басып жоғарыға өрлей тартты да отырды.
Бұлар жүрген жердің бәрінде де басы бүтін үй қалмапты. Қай ауылдың да ер-азаматтары ат үстінде. Қайтерін білмей, кең далада арлы-берлі жосыл, ақсақалдармен ақылдасып, басқа лаж қалмағасын, ақырында бәрі Кәленге қосылды. Ал, Кәленнің соңына ерген жігіттердің қазіргі қарамы мыңнан астам. Бұл өңірдегі ел ішінде Тілеу - Қабақ ежелден ерлікті сүйетін жауынгер ру. Ер-азаматтары кешегі жылдары мына жағы - Қарақалпақ, ана жағы Орынборға, Жем бойына астыққа барып жүріп қолға түскен қару-жарақты сатып ала беріпті. Кәленге қосылған Тілеу - Қабақ жігіттерінің бірқатарында найза - шоқпардан басқа - бесатар, қылыш бар екен.
Кәлен бір ауыл, екі ауыл емес, бүкіл халық ереуілдеп жатқан соң кісі - қараның басы құралғанын құп көрді. Ерте ме, кеш пе, алда бір сұрапыл шайқас болары сөзсіз. Бұл жаққа да ояздан әскер шыққан. Қазіргі беті қатты. Жолында кездескен ауылдарды қақ қақсатып, қырып-жойып келе жатқан суық хабар ел ішінің зәресін ұшырып, ауыздан-ауызға тарап, дүңк-дүңк естіліп жатты. Кәлен бүкіл Арал өңірінде ат тұяғы жететін жерде басы бүтін ауыл алмағанын көріп жүр. Қайда барса да көшкен, босқан ел. Сасқан халық. Дағдарған ер-азамат. Дәл бұндай жағдайда не істеу керек екенін ол әлі білген жоқ. Қашанғы осылай қатын-баланы ызғытып, түйе қомында қаша береді? Алда табан тірейтін, тоқтайтын жер бар ма?
Шұбалған көш ақырын қозғалады. Түйе артқан тең-тең жүктің о жер, бұ жеріне байлаған шылапшын, леген, шелек, шәйнек жол бойы салақтап даңғыр-дұңғыр. Кебеже кенерінен мойны қылқиған жас балалар көш қапталында аяғын әзер алып келе жатқан шешелеріне қыңқылдап ас-су сұрайды.
Көш басында Судыр Ахмет пен Мөңке. Судырақ көңілді! Оған қайта осындай абыр -сабыр ұнайды. Астында ұрыншақ үркек байтал. Көрінгеннің бәрінен үркіп, ер үстінде қоңырайып отырған Судыр Ахметті талай жерде тастап кете жаздады. Ал, қарт балықшының астында қарны жер сызған азбан көк. Жағадан шыққалы көш қапталында қайыс тізгін қолынан түсіп мүлгіп отырғаны. Күн қарыған көзін осыдан қашан ыстық қайтып, көлеңке басы ұзарғанша аша қоймайды. Жолдың екі бетінде ауызға ілігер шөпті жүріп келе жатып та жалмаңдап жұлып жеп, отын алып отыратын қойшы тұғырдың бас еркін өзіне беріп қойған. Жол бойы ауыз ашпайды. Күнұзын қасында әлденені сұңқылдап соғып келе жататын серігіне құлағын тосып, өзі сол баяғы ұйқылы-ояу қалпы, тек жалмаңдап жерден басын көтермей қойған аттың мойнынан сыпырылып түсіп бара жатқанда ғана тізгінге қол созады. Соны байқаған Судыр Ахмет жол-жөнекей шықылықтап күліп, оны қылжақ қылып мәз. Біреу - міреу қасына жанаса қалса оны дереу қамшы сабымен түртіп, иегімен Мөңкені нұсқайды:
− Мынаған қараш!
− Қайтесің?..
− Ау, қайткенің не? Қазіргідей жаугершілік заманда, осы жұрттың жел жағына ұстайтын панасы емес пе?! Шіркіннің сүдінін қараш!
− Қой әрі! Босқан елдің кісісінде сүдін қайдан болсын?!
− Оу, Құдай да ұрғанды ұрады. Тексіз неме емес пе?! Қара борбай жаман неме ғой. Құдай кем жаратқасын, Кәленжан қанша теңгерем десе де, сен оның кескініне қара. Кәпір, атқа отырғанда өзіміздің ауылдың ошақ басында от жағып отырып, көсеуге сүйеніп, қалғып кететін кір балақ жаман қатыннан аусайшы. Хи - хи...
Оқта-текте көш басына Кәлен соғады. Мөңке сол кезде ғана еңсесін көтеріп, қасына кеп атын қатарластыра берген Кәленге мойын бұрады. Тас төбеде шақырайған күнді қолымен көлегейлеп:
− Апыр-ай, мына дала неткен түпсіз еді. Теңіз жағасынан шыққалы тұяғымыз қыбырлап жүріп келеміз. Әлі алыс па? - деді.
− Шынын айтқанда өзім де білмеймін...
− Иә, менікі де жел қуған қаңбақтан жөн сұрағандай ғой.
− Шаршаған шығарсың.
− Ой, мені қайтесің? Мен ит жыртқан қара тері. Тек қатын - баланы бекер қозғадыңдар ма деп...
− Қайтейін, Тәңірбергенге сенбедім.
− Оның да дұрыс шығар. Адам адамға сенбейтін заман ғой.
Кәленнің қара бұжыр беті бұл күндері күнге күйіп түтігіп кеткен еді. Әлгіден кейін жақ ашпай, ақырын басқан ат үстінде қамшы ұстаған қолымен бүйірін таянып тұнжырай түсті. Өзі өз болып, ат жалын тартып мінгелі бұның, сірә, ел билеу, қол басқару үш ұйықтаса түсіне кіріп пе еді? Бұл тақымы терден кеппеген ұры еді ғой. Құдайға шүкір, ол кезде ұрлықтың жайын ешкімнен сұрамайтын. Рас, ауыл үйдің малына тиген жоқ. Әдейі ерлігін сынағысы келгендей, бұл өзін қашанда қатер мен қиындыққа қайрап салып, ат аяғы жететін жерге жалғыз барып, сонау қиянда жатқан түрікпеннен жылқы алатын. Небір көзге түртсе көрінбейтін қараңғыда, таң алдындағы түн салқынында пыр-пырлап жайылып жатқан жылқының ылғи да ық жағынан кіретін. Баяғы бала кезден бойға сіңген машықпен қос қолымен шоқтықтан тас қып ұстап, аттың бір қапталына қарай аунап түсетін де ілгергі жаққа көзін тігетін. Сонан қашан таңғы салқында пыр-пыр жайылып жатқан жылқыға атын жайлап бастырып, жанына келгенде болмаса, көлденең көз бұны жуық арада байқай қоймайтын. Есесіне, әлгіндей ат бүйірінде жатып та ер үстінде басы бұлғақтап қалғып-шұлғып отырған бейқам жылқышының алдындағы бір үйір жылқыны білдірмей, ың-шыңсыз айдап әкетудің жолын бұл өз басы бір жаннан сұрап көрген емес-ті. Егер жазатайым жылқысын алдырған жігіттер біліп қап, соңынан ұра қуғанда да, бұл онша сасақ оймаушы еді. Қуғыншы екеу-үшеу болса, бұл былайғы кезде боз шекпеннің ұзын жеңінен үш жағы болар-болмас шығып тұратын жуан дойырды зәрлене көтеріп алар еді. Сосын қаһарын тіге қиқулап келе жатқандардан айылын жимастан, жолында атын кеселеп тосып тұрар еді. Ал, егер, жазатайым қуғыншының қарамы көп болса, е, онда... бұл онда жылқыны алдына салып қиқулап қуа жөнелетін. Аты жүйрік қуғыншылар созылып, жалғыз - жалғыздап жететін. Бұған да керегі сол. Жағаласа кеткен жерде жуан дойырды қашанда анадан бұрын сермеп, жеткенін жеткендей ат үстінен аударып түсіретін де, алдындағы жылқыны қуалап, ілгері тарта беретін.
Енді ел басына күн туып, қолға қару алған ер-азамат жан-жақтан ағылып, жер қайысқан қол соңына ергенде... апыр - ау, енді қайтеді? Кімге мұң шағады? Кімнен ақыл сұрайды? Бұған қарағанда оңы - солын танитын көзі ашық Еламан да қасында жоқ. Кәлен еңсесін тіктеді. Жолдан былай шығып, шұбалған ұзын көшке көлденеңнен көз тастап тұр. Ауыр жүк артқан түйелер қауқайған - қауқайған сілті бас шағырдан басқа қылтанақ шөп жоқ, сусылдаған майсаң құмды ыңыранып басады. Көш басындағы қатындар жаулығының бір шетімен аузын байлап алған. Бәрі үнсіз. Тек әлденеге күйіп-піскен Қарақатын ауыз жаппай шаңқылдап келеді.
- Қайын енем күйінде екен, - деді Мөңке күліп. Қарақатын оны есіткен жоқ. Анадай жерде жұрттан бөлініп, бір өзі жеке тұрған Кәленді көрді де, астындағы биенің басын асығыс бұрды. Кәлен оны кеш байқады: Қарақатынның астында жалы күдірейген құла бие күні кеше сап - сау еді, бүгін ертеңгісін тұрғанда ақсап, алдыңғы бір аяғын баса алмай қапты.
− Бұл жануарға не болған? - деді Кәлен.
− Қайын енем ет жегісі келген ғой, - деді Мөңке.
− А - а?
− Қызылсыраған ғой.
− Қызылсырағаны қалай? Көрдің бе, аяғын баса алмай қапты. Ана жолы да сенің енең астындағы семіз биенің тобығы шықты деп...
− Бұған ыңыршағы айналған арық жылқы тауып бермесең, қоңы түзу құтаймайды.
Қарақатын бұлардың сөзін есітпесе де, бірақ мына екі еркектің әңгімесі өзі жайында екенін іші сезді. Қарт балықшыға ашулы көзін алыстан қадап келді де, Кәленмен екеуінің арасына құла биені кимелетіп кіре берді. Әншейінде ылғи тобығын қағып жүретін ұзын көйлектің бір етегін жоғары көтеріп, шалбардың ышқырына қыстырып апты. Қолында қамшы. Қобырап жүретін шашты желкесіне жиып, тоқпақтай ғып түйіп алған. Тырыли дене жүріс - тұрысқа ыңғайлы. Өзге қатындардай емес, атқа да тақымын тез үйретіп алып еді.
− Маңдайымдағы жалғыз қызымды берсем де, мені мақтамайтыныңды білем.
− Ойбай, ене - ау, сені ылғи да сыртыңнан тілім жеткенше мақтап...
− Жетер! Батыр қайным, мына халқың қырылуға қалды.
− Құдық қашық емес.
− Шөлден кісі өлмейді. Аштық өлтіріп барады.
− Шүкір, быламық бар еді ғой?..
− Ой, қайным - ай! Сенікі - батыр аңқау дегеннің кебі ғой. Аш кісі ара-тұра болса да қан шығарып, шикілі-пісілі қызылдап алмағасын бола ма?! Құдай оңдағанда әзір, әйтеуір, жаудың беті арман қарап тұр. Жазатайым жабындыдан жау шыға келсе, көрерсің де білерсің, соңыңа ерген мына аш-арықтардың ішінде қайрат қылатын қауқары бар бір жігіт табылмайды.
− Үюлі еттің үстінде отырсың ғой, - деді Мөңке.
− Осы шірікке қыз беріп жүрген менде ес жоқ.- Ілгері жақта кетіп бара жатқан кісілер аяқ астынан әлденеге абыр-сабыр болды да қалды. Аттысы атын, түйелісі түйесін борбайлап, бір- біріне дауыстап ілгері қарай ұмар-жұмар асығып барады. Мыналардың бұлайша неге әбігер болғанына Кәлен де, Мөңке де түсінбей ақырып тұрды да, аттарын қықулап бастырып, желе-жортып келсе көштің алды ылдиға құлапты. Жал-жал нар шоқалақтардың ортасы теп-тегіс кең алқап екен. Сол алқаптың орта тұсында селтиген селдір қамыс арасында қабырғасын сексеуілдің түбіршек томарымен өрген төрт құдық бар екен. Бұлар келгенше құдық маңы абыр-сабыр, аттар, адамдар топырлап жиналып қапты. Қаталап өлуге қарағанда кездескен құдықтардың суы кенерінен асып-төгіліп жатқанын көргенде қатындар жылап жіберді:
− Біздің де көз жасымызды көретін Құдай бар екен ғой.
− Е, Құдай, бергеніңе шүкір. Тәубе! Тәубе! - Тек ұзағынан бер!
Құдық басы әп-сәтте ығы-жығы, абыр-сабыр болды да кетті; даңғыраған шелек, оқыранған жылқы, шаң-шұң дауыс. Күнге күйген ысқаяқ қара кісілер су тартып жатқан қауғамен құдыққа түсетіндей өңменін сала ентелеп опыр-топыр. Аттан түсіп жатқан Кәленді де байқаған жоқ. Кәленді де шөл қинап тұрған-ды. Бірақ ол сыр бермей, кезерген ернін тілімен жалап жұтынып қойды. Оқыранып астауға ұмтылған жетегіндегі атты да тырп еткізбей, тізгінінен тұқыртып ұстап алды. Қырағы көзі жаңа келе жатқанда байқаған-ды. Бұлардан бұрын да осы араға мал-жанды ауыл отырып кеткен. Тіске тиер қылтанақ қалмаған құдық маңының шаңдағы шығып қапты. Алайда осы араға бірер күн аялдап, қатын-баланы тынықтырып алмақ. Теңіз жағасынан шыққаннан бергі күн-түн қатқан сүргінде қан сорпасы шыққан көліктердің де белінен жүгін алып, оты - суын қандырып алмаса, бұнан артыққа шыдайтын шама жоқ.
Сол күні осы араға титығы құрып жеткен кісілер ас ішуге де шамалары келмей, қызыл іңірден құлаған-ды. Кәлен де қатты ұйықтап кеткен екен. Ертеңіне әлденеден оянды. Неге оянғанын білмеді. Әйтеуір, апалақтап көзін ашып алса, айнала төңірек бозарып қапты. Ұзын сары атанған сары шілденің тағы бір жайма шуақ таңы сары қабақтан баяу атып келеді екен. Шағыл құм арасындағы осынау кең алқапта тырайып жатқан кісілерден көз сүрінеді. Елең - алаңдағы кекшіл мұнар ішінде көзге іліккеннің бәрі үлкейіп көрініп тұр. Әсіресе, түнде таң асырып, қаңтарып тастаған аттар мен өріске шыққысы кеп бұйдасын тартып ұрынып тұрған жазылы түйелер сонадайдан сирағы серейіп кәукиіп - кәукиіп көрінеді.
Кәлен жастықтан басын көтерді. Күн шығар алдындағы осынау елең-алаңда өзінен де басқа ояу тағы біреулер бар сияқтанғасын төңірегіне абайлап көз тастап еді. Күңгір -күңгір сөйлеген дауыс құлағына келді. Бірақ қапелімде қай жақтан шыққанын аңғара алмай құлағын тігіп еді. Сөйтсе анадай жерде бір топ кісі дөңгеленіп отыр. Жылан көздің жанарын жытылап қараса, өздері соңына ерген халықтың сөз ұстайтын аузы дуалы ақсақалдары. Балықшылар жақтан - Мөңке мен Досты көрді. Судыр Ахметтің қоқырайтып киген киіз қалпағын көзі шалды. Кісі басы құралған жерден қалмайтын сорлы, шамасы, сірә, төсектен тұра сала дамбалшаң, көйлекшең бойымен дедектей жүгірген. Тізе түйістіріп, дөңгелене отырған кісілердің ортасында сөйлеп тұр. Бірақ бұрынғыдай сұңқылдамай, аузын алақанымен басып сыбырлай қапты. Бірақ шыдамы ұзаққа жетпеді. Келесіде әлденеге аяқ астынан көтеріліп, өзінің әдеттегі машығына басып өзеуреп кетті. Қыза - қыза киіз қалпақты басынан жұлып алып, жерге тартып ұрды:
− Ay! Ау, ағайындар - ау, осы отырған алты рудың ақсақалдары азаматымды ақ киізге көтеріп... - дей берген-ді. Біреу жаратпай:
− Саған қалған не бар? Қыстырыла кететінің не?! - деп еді.
− Е, мен неге қыстырылмаймын?! - деді Судыр Ахмет.
− Жарқыным, қой енді!
− Ал, қоймадым. Ал, қыстырылдым... Кәне, сен сонда маған...
− Ақырын!
− Әй, сен бүйтіп жыныма тиіп, ерегестіре берсең...
− Жә, болды. Әне, Кәлен де оянды. - Ақсақалдар шалғайын қағып, орындарынан аспай -саспай ақырын тұрып жатыр. Кәлен шалдардан сәл әрегіректе екі жігіт тізгінінен тұқыртып ұстаған ақ арғымақты жаңа көрді. Қарабайыр қазақы жылқы емес. Мынау дегдар мал. Аты шулы Текежәуміттен шыққан нағыз қылқұйрықтың өзі. Шарадай көзі қанталап, сөл қозғалса да қаз мойнының қыр арқасында керегедей сұйық жал дір - дір етеді. Арғымақ бір орында тұрмай сулығын созып, шырқ айналып бүйірлеп кете береді екен. Кәлен арғымақтың қасына барды:
− Пай-пай, жануар жылқы - ақ екен.
− Ұнады ма?
− Айтары жоқ. Кімдікі?
− Кімге лайық болса сонікі.
Кәлен сенер - сенбесін білмей екіұдай тұр. Соны байқаған Мөңке:
− Кәлен қарағым, соңыңа ерген мына халқың әрі ақылдасып, бері ақылдасып ақыры бүгін бір пәтуаға кеп отыр...
Қарт балықшыдан сәл кейін тұрған әр рудың ақсақалдары да іле қостап, басын изеді. Бәрінің назары қарт балықшыға ауды. Бірақ бұрын жұрт алдында сөйлеп дағдыланбағасын ба, жаңа ғана жадында тұрған сөз қапелімде аузына түспей: «Кәлен... Ал енді, шырағым... Иә, өзің де білесің ғой. Иә, сен... Сен білмейтін... Апыр-ай, не десем екен?..» - деп күмілжіп, тоқтап қап еді, Судыр Ахмет дедектеп ортаға жүгіріп шықты.
- Кәленжан, - деп ол салған жерден сайрай жөнелді. Тоқтатпақ боп шалғайынан тартқан бір- екі кісінің қолын қағып жіберді. - Ойбай-ау, кеше жау жағадан алып, ел тағдыры сынға түскенде, сен бәрімізге айқайлап ұран тастамадың ба? Осы тұрған бәріміз сен көтерген тудың астына жиналмадың ба? Енді бүгін сенің соңыңа ерген елің есін жиып, баяғы Қасым салған қасқа жол, қала берді ата-баба жолын еске алып, уа, Кәлен... Кәленжан, ендігі жерде сенің етегіңнен ұстамақшы. Мына алты алаштың бал асы сені ортасынан оздырып, дәл Абылайша ақ киізге көтеріп хан сайламақшы. Қарадан шыққан хан! Кәлен хан!.. Хан Кәлен! Құдай бізді бұл күнге де жеткізді. Жетілдім ғой... Жеттім ғой!
Судыр Ахмет танауы суланып бара жатқасын сырт айнала бере дық еткізіп сіңбіріп тастады. Жаңа ғана әр шалдың аузына бір қарап, түкке түсінбей тұрған Кәлен қарқылдап күліп жіберді.
Ахаң бүйдеді, бұған сен не дейсің? - деп еді, қарт балықшы Кәленге тура қарай алмай, көзін алып қаша берді. Онан басқалардың да жүні жығылып, назары түсіп кеткен. Қап, не қыласың?! Мынау бұлардың қашаннан бері сары уыздай шайқап, қапысыз ойластырған кәделі ісі еді-ау! Алты рудың сөзін ұстаған әтібірлі ақсақалдар аяқ жетер жерге ат шаптырып, ту - ту түрікпеннен әзер тапқан ақ арғымақты кеше ел жатарда қарулы екі жігітке құдық басына апарып құлын түгін жылтырата сабындап жуғызып еді. Құйрық -жалын тарап, ақ жабулап арқасына күміс ер-тұрман салып еді. Ақ тілек үстінде өрелі таңды көзінен атқызған алты рудың әтібірлі қариялары түнімен көз ілмей, Тәңіріге жалбарынып шығып еді - ау! Әлгінде де бәрі таңмен таласа оянып, жүк арқасында тығулы жатқан су жаңа киімдерін киіп еді. Ұшарын жел, қонарын сай біліп, қашып-пысып жүргенде бес намазды мезгілінде дұрыс оқи алмай, тек ырымын істеп, жүрдім-бардым оқи салатын-ды. Бұлар тек бүгінгі таң намазды айрықша ықыласпен бәрі бір тілекке бой алдырып отырып ұзақ оқып еді. Таң намаздан кейін тағы да бәрі бас қосқан жиында Кәленге салмақ салмақшы еді. Сонша әспеттеген бұлардың ұлы мақсатын... апыр-ай, мына дуасыз ауыздың қор қылғанын қарасайшы.
Судыр Ахмет жан-жақтан оқтай қадалған көздерден ә деген де қысылса да, бірақ осындай жердегі қияңқылығына басып:
− Уа, Кәленжан! Халық: «Ханда қырық кісінің ақылы бар» демеп пе еді?! Осы өңірдің халқында өзіңнен асқан ақылды да, дана да жоқ, арамыздағы батыр да өзің, білікті де өзіңсің.
− Жә, болды! Жетті! Жетер енді! - деп ақ сәлделі қария асасын ашулана көтеріп алды. Ширақ; басып ілгері шықты. - Кәлен қарағым, халық сені хан сайлауға ұйғарып отыр.
− Қадірлі қария, менің арғы затым ұры еді ғой. Сендер мені ақ биенің сүтіне шомылдырып, ақ киізге көтергенмен, Құдай біледі, тап менен хан шыға қоймас.
− Астафир - алла! Астафир - алла!..
− Жә, қария, Кәлен хан болдым не, Кәлен ұры болдым не?! Екіталайда осы елді ұрысқа бастасам сол жетпей ме? Ал, маған сыйға тартқан аттарыңа рахмет! Кәне қария, батаңды...
Ар жағын айта алмады. Бата тілеп, ілгері созған қол ауада қалт тұрып қалды. Дәл осы кезде құбыла жақтан біреу атын борбайлап, алыстан айқайлап келе жатты. Жұрт құйындай ағызып келіп қалған мына аттылымен бірге жер түбінен жүрек сезген бір сұмдық жаман хабардың ілесіп келе жатқанын білді. Жігіт шауып кеп аттан домалап түсті.
- Жау!.. Жау кеп қалды.
- Көп пе?
- Жер қайысады. Зеңбірегі бар.
- Алыс па?
- Құм шетіне ілікті.
Кәлен ақ сәлделі қарияның алдына отыра қап:
− Ата, батаңды бер! - деді. Ат дүбірінен оянған жігіттер апыл-ғұпыл тұрып жатыр. Алды жүгіріп кеп, Кәленнен кейінірек тізе басып отыра - отыра қалды да, бәрі қол созып бата тіледі. Мұсылманның тілегі қабыл болатын нағыз елең - алаң. Томардың түбіршігімен өрген төрт құдығы бар, кең алқаптың күншығыс жағында шөккен нардай жал-жал шоқалақтардың арғы жағынан жаңа ғана төбесі қылтиған күннің қызғылт ақшыл шапағы жер мен көкті жарық нұрға бөлеп келеді. Қария бата берді. Жұрт бет сипады. Тізе басып отырған жерден атып тұрып, апыл-ғұпыл атқа қонды. Есі шығып ызы-шу боп жатқан қатын-балалардың көшін Кәлен: «Ілгері жөнелтіп жіберіңдер», - деді де, ат үстінде әмір күтіп тұрған жігіттерге бұрылды. Ұзын қараны мыңбасы ғып тағайындап, оған құмға кіре бергенде жауға бір бүйірден ти деді де, өзі қалған жігіттермен қарсы тосып алатын болды. Алғашқыда бәрі де бұлардың ойлағанындай болды: Кәлен қол астындағы кісілерін құмның дәл кіре беріс аузында көлденеңдеп тұрған үлкен ақ шоқалақтың тасасында тырп еткізбей ұстап тұрды да, үстіне келген жауға қарсы алдынан лап берді. Тек атты борбайлап, айқай-сүреңге басатын жерде аз аяға ұйлыққан қалың қол үзеңгі қағысып, аттар бүйірі соғысып опыр-топыр болды. Адамдарда жауға ес жиғызбай, тұтқиыл тиетін жерде көсілтіп шаба алмай, ер үстінде құр қоқаңдап, қылыш - найзасы шошаңдап, құмнан шыға алмай шырғатылып жатқанда аспан жарылғандай жер мен көкті тітіреп қатарынан екі рет күрк-күрк жөтелді. Небәрі екі рет! Екі-ақ рет күркіреді! Бұларға соның өзі жетті. Тақым астындағы аттар дір-дір етіп, тапжылмай тұрып қалды. Өмірбақи зеңбірек даусын есітпеген жігіттер ат жалын құшақтап бұға - бұға қалды. Ес жиғасын Кәленнің «қайтыңдар!» деген айқайына құлақ аспай, бет - бетіне бытырап, безіп қашып бара жатты.
* * *
− Апыр - ай, «Құм жиналып тас болмас» деп бекер айтпаған екен ғой. Кеше ғана қыруар халық едік. Бас - аяғымыз жиналғанда жау сескенер айбар - сұсымыз бар еді. Шіркіндер, бір айқасқа да жарамады. Тым құрыса, алқымына пышақ тақаған лақ құрлы тұяқ серпуге жарамады - ау! - деді Кәлен, бүгіндікке жұмған аузын ашпай келе жатқан қасындағы қарт балықшыға көз тастап.
Мөңке жол бойы мойны жеткен жердің көгін жұлып жеп келе жатқан қойшы тұғырдың үстінде басы бұлғақтап отыр. Кәленнің таусылып айтқан жаңағы сөзі құлағына жетті ме, жоқ па, белгісіз. Сонан бір кезде ұйқылы - ояу қалпынан сергігендей болды.
− Иә, құм жиналып тас болмас, - деп, кеудесіне түскен басын изей түсті де, ертеден бергі енжар, сұлық қалпын қайта тапты.
Кәлен қарт балықшыны жаңа көргендей, қатар келе жатып оған көз қиығын көлденеңнен тастады. Апыр-ай, осы Мөңке қатын-бала қазанына күнде судан шабақ әкеп салғанда қатар жүрген жұрттың бұл бәрінен өресі биік сияқтанатын. Шынында да, қара жерде отырып та бұл су түбіндегі тірлікті топшылағанда алдына жан салмайтын сұңғыла еді-ау! Қаршадайдан күні де, түні де теңізде өткесін бе, бұл көп жағдайда кәрі Аралдан аумалы-төкпелі адам мінезін аңғарып, ертең не болатынын күні бұрын, алдын ала топшылап отырғаны. Қайсыбірде төсін күнге сүйгізген аппақ ақ тымықтың арты бүгін болмаса, ертең, я арқадан, я құбыладан есірік жел тұрып еліріп шыға келетін жындылығы қарт балықшыға қашаннан таныс еді. Сонан ақбас толқын әупіріп, жағаға арс-арс ұрып жатқанда да оның арғы жағында зәредей де зәр жоғы оған аян еді. Бұнысы балаларына балпылдап ұрысып жүріп те аузы - басына тыққыштап жататын мейірбан ана қылығына ұқсайтын да, қарт балықшы ішінен мырс-мырс күлер еді. Шынында да, көк теңіз қанша долданса да, кешегі дауылмен бірге тереңнен көп балық келер еді де, ақырында бұларға бір бөлек ырыс - несібе бұйыратын.
Енді сол кісіні Кәлен танымай қалды. Қара қайықты қамыс арасына тығып «иә, Алла, жөн бере көр», - деп мес қарын тұғырға мініп шыққалы бұл біртүрлі. Ескек - таяусыз қайық сияқты. Көп дүрмектің арасында ұлы ағыстың ыңғайына түсіп ықты да отырды.
− Елге қайтсақ қайтеді? - деді Мөңке.
Кәлен ләм демеді; тіпті есітпеген сияқты; атын тебініп, ілгері ұзап кеткен көш соңынан cap желіп жүріп кетті. Ойдан-қырдан жиналған қыруар халық кешегі соғыстан кейін бет-бетіне тоз-тоз боп кеткен-ді. Кешегі оқиғадан кейін қолда қалған балықшылар аулының қырық - елу үйімен Кәлен бірде Ұлықұм, бірде Кішіқұм кезек-кезек тығылып, түйе қомынан түспей жосып жүр. Жұрт жүдеген. Жап-жас жігіттердің сақал - мұрты өсіп, көзі шүңірейіп ін түбіне кіріп кеткен. Қатын-бала болса - болмаса да ерні кезерген, қолы, аяғы күс-күс. Кішкентай тықыр шықса да шошып оянады. Үрейлі жандар күн-түн демей атып тұрып, түйеге, атқа міне сала ұмар - жұмар тайып тұрады. Балалар ызбай. Үлкендер ызалы. Ең ар жағы шала ұйқы, аш балалар қыңқылдаса да арс етеді:
− Өшір үнін!
− Жап аузын!
− Аузына құм құйып қатырып тастар ма еді өзін! - Ондайда сыр бермейтін жалғыз Кәлен. Қасында қырық-елу жігіт. Көш дүрліге қалса да атын қамшылап, қауіп күткен жаққа шауып барып, биік шоқы басынан қарауыл қарап шолғындап қайтады.
Бір жолы Кәлен көшті кісі аяғы баспаған қалың құмның алыс түкпіріне орналастырды да, қасына Мөңке мен Досты, тағы он шақты жігітті алып, жақын маңдағы ауылға тартып кетті. Бұл өзі кеше дүние асты-үстіне шығып жатқанда да ештеңеге араласпай, басы бүтін, малы - жаны аман, тоғы шайқалмай тыныш отырған іргелі ауыл еді. Бір жағынан Кәленнің әйеліне алыстан қосылатын, ілік - шатыс туыстығы болған соң қарны ашқан қатын-балаға ауыс - күйіс азық - түлік сұрамақ. Өтініші өтімді бола ма деген ниетпен осы жолға Кәлен өзімен бірге он екі жасар ұлын ерте шықты. Бұрын есік ашпаған жас жиен нағашыларына сәлем берем деген сылтаумен әдейі арнап бара қалғанда үлкендердің әдетте пейілі ашылып кетуші еді.
Құм шетіндегі көк тепсеңге қатар түзеп үй тіккен ауылға бұлар күн кештете жетті. Кәлен қасына баласы мен Мөңкені, Досты алып, үлкен ауылдың шет жағында оқшау тұрған ақ үзікті үйге ат басын тіреді. Қалған жігіттер де әр үйді сыртынан белгілеп төрттен, бестен бөлініп түсті. Кәлен тоқтаған үй иесі - осы ауылдың сөзін ұстаған инабатты кісітұғын. Ақылды кісі шай үстіндегі алым-берім әңгімеден - ақ мына қонақтардың ар жақ ойын аңғарған-ды. Төсек саларда сыртқа шықты. Жаңа қонақтарға қызмет еткен бір жігітті жұмсап, осы ауылдың ер-азаматын жиып алды да, өзара ақылдасып мыналарға бір үйір жылқы беруді ұйғарды.
Кәлен сыртынан есіткені болмаса, бұрын-соң көрмеген кісілерден бұншалық ағыл-тегіл пейіл күтпеген екен. Әсіресе, қуғын-сүргінде өткен осы күндерде адамнан да, заманнан да жамандық күтсе күткен болар, тек жақсылық күтпей, көңілі тарығып жүрген-ді.
Кәлен өрелі таңды көзінен атырды. Дос басы жастыққа тиген бойда ұйықтап кетті. Белдеуде тұрған аттар терін басқасын түңгі салқынмен жайылғысы кеп тынышсызданып болды. Кәлен қасында тып - тыныш ұйықтап жатқан баланы бауырына тартып құшақтады да, екеуара жамылған түйе жүн шекпеннің бір шалғайымен қымтады. Жазғы таң саз беріп, түндігі түсірулі үй іші бозғылдана бастаған елең - алаңда қарауылға қалдырып кеткен жігіт құйғытып шауып келді. Ол аттан түсем дегенше, бір жаманшылықты жүрегі сезген Кәлен, Мөңке, Дос іштен қаруларын ұстай сүріне - қабына сыртқа шығып та үлгірген еді. Ел шетіне іліккен жаудың дүбірі мен тасыр - тұсыр атылған мылтық даусы естілді. Белдеудегі аттар үркіп, кеше Кәленнің баласы мініп келген асау тай аспанға шапшып, шылбырын үзіп құла далаға шығынып ала жөнелді.
− Молаға тығылыңдар! - деді Кәлен айқайлап. Іштен өзімен бірге ере шыққан баласын қапелімде қайтерін білмей, сәл дағдарып қалды. Жігіттер ауыл шетіндегі көп қорымға ат басын қойып, тырағайлап шауып барады. Тек қарт балықшы Кәленге қарайлап, анадай жерге барып, тізгінін тартып тұр еді. Кәлен тықыршыған атқа қарғып мінді. Ытқып ала жөнелген ақ арғымақтың басын тартып үлгірген Кәлен өзіне қатарласа берген баланы қолынан іліп алып, ат артына бір- ақ міңгестірді. Зу - зу аққан оқтан жасқанып, басын бұғып құстай ұшып келе жатып жалтақтап артына көз тастап еді; шабдар атты солдат емініп жетіп қалған екен. Түнде бұлар түнеп шыққан үй алдындағы жер ошақты айналмай, үстінен қарғып өтті. Желіде байлаулы жатқан жас төлдер - бота - бұзау - атып - атып тұрып басындағы ноқтаның сағақ бауын тартып жұлқып жатыр.
Солдат қолындағы тізгінді қоя берді де, ағызып келе жатқан ат үстінен тағы атты. Оқ тиген жоқ, бірақ бұл жолы Кәленнің оң құлағын шоқ қарығандай дыз еткізіп жалап өтті. Екінші оқ Кәленнің алдында таяқ тастамдай жерде кетіп бара жатқан Мөңкенің атына тиді. Аяғын арпаң - тарпаң алған мес қарын мәстек сүрініп кеткендей, тұяқ астындағы топырақ бұрқ етті. Қарт балықшы басын бауырына ала құлаған аттың мойнынан асып домалап түсті... Кәлен кейінгі жағына қайырыла бере езін өкшелеп келіп қалған жаңағы солдатты бір атып құлатты да, бойын енді жиып, ер үстіне түзеліп отыра бергенде көзі қарт балықшыға түсіп еді. Қарт балықшы шаң арасынан апалақ - құпалақ атып тұра сала жанынан құйындатып өтіп бара жатқан бір жігітке қолын созып еді, бірақ анау қайырылмады.
Кәлен жігітті сылқитып бір боқтады да, артына қайырыла бере оң қолы белінен тас қып жабысып алған баланың иығына сарт етті. Балаға қараған жоқ; баланы ат арқасынан жұлып алды да, аттың қамшылар жағынан көзі шалып қалған ақ құмшыққа лақтырып жіберді.
− Қолыңды бер! - деді Мөңкеге. Дәл сол арада ол не істеп, не қойып жатқанын біліп те, ойлап та жатқан жоқ-ты. Кім біледі, бұл ісіне ол өкінсе кейін өкінер. Әке жаны, бәлкім, ит талағандай азапқа түсер. Соның бәрі соңыра қолына кісен түсіп, Тескен - таудың ар жағына көз асырып айдап бара жатқанда ар мен адамгершілік арбасып, таразы басы тең түскенде қай жағы басарын кім білсін?.. Ал... тап сол арада ол артынан тасырлата оқ атып, тақымдап қуып кеп қалған жау мен өзінен небәрі қол созым жерде сасқалақтап, есі шыққан қарт балықшыны ғана көріп еді.
* * *
Көлігі қан сорпа болған көш ақ пен қызыл арасында бір шұқырға кеп түйелерін шөгерді. Қара терге малшынған аттардың арасынан ер - тоқымын алмай, ақ шоқалақтың тасасына апарып тізгінін түйістіріп байлап тастады. Жігіттер қаруын ер басына іле салды да, қолына күрек - кетпен алды. Қатар тұрған екі шоқалақ аралығындағы ойпаңдау жердің бір түп көк қияқ өскен тұсынан құдық қазды. Қарулы екі жігіт көйлекті шешіп, дамбалдың балағын шиыршықтап жуан санға дейін түріп алды да, құдыққа қарғып түсті. Көзді ашып - жұмғанша белуарға дейін қазған құдыққа сыртта тұрған жігіттер кезектесіп екеу -екеуден түсіп, әупірімдеп топырақ атты. Құдық кісі бойынан асты. Бірақ су кезі жеткізер емес. Шамалыдан соң құдықтағы кісілердің қарасы көрінбесе де, ырсылдаған даусы естіледі. Және шапшаңдап сыртқа атқан сыз топырақ құдық кенеріне сылқ етіп төңкеріліп түсіп жатты.
Кешегі ұрыс бұларды біраз титықтатып тастаған-ды. Үш жігіт оққа ұшып, бір жігіт жараланды. Кәленнің жалғыз баласы жау қолында кетті. Кәлен жігіттерімен ауыл шетіндегі қорымға тығылып, табан тіреп атыс салды. Оларды оңайлықпен ала алмасын білген солдаттар қараңғы түскесін ұрысты тоқтатты. Жаудың беті қайтқасын бұлар да қараңғыны жамылып өлген кісілердің денесін атқа өңгеріп, тайып тұрды. Құм арасында қалдырып кеткен қатын-баланы тығылып отырған жерден тез көтеріп, бір күн, бір түн қашып, сонан тек келесі күні адамдар да, аттар, түйелер де қаталап бара жатқасын осы араға тоқтап еді. Шалдар оқта-текте құдыққа соғады. Бәрі де «су шығар ма екен» - деген үнсіз үмітпен құдыққа мойын созып жан-жақтан анталап қалған.
− Апыр - ай, ә?... Құмның суы қашық болмаушы еді ғой, бұған не болды?
− Су жақын, - деді құдық ішіндегі біреу, - топырақта ылғал молайды.
− Иә, пірім. Ақсарбас. Аналар шаршаған шығар, енді қайсың түсесің? Кімнің кезегі? Бол! Тез!
Құдық басына Кәлен келді. Жетегіндегі ақ арғымақ оқыранып, сыртта үйіліп жатқан ылғал топырақты ернімен жалап өліп барады. Осы сәтті тосқан шалдар жамырап қоя берді:
− Кәленжан, халқың қажыды. Аттың жалы, атанның қомында өтіп жатқан мына өмір ақ иық қылды. Райдан қайталық, қарағым.
− Ие, иілген басты қылыш кеспес. Жаздық - жаңылдық деп кешірім сұрасақ, орыс патшасы осынша халықтың қайсыбірін қыра берер дейсің?.. Бұл бәріміздің сөзіміз.
Мыналардың ішінде жалғыз Мөңке үндемеген-ді.
− Сен не дейсің? - деді оған.
− Мен не дейін. Кісі басқа түспегесін білмейді. Қазақтың даласы кең болғанмен, кезенді жау соңыңа сұғын қадай түссе тығылатын тесік табылмай қалады екен.
− Апыр-ай де? Аспан аядай, жер тебінгідей боп кетті-ау.
− Ойланатын кез жетті. Орысты жеңе алмаймыз. Қашанда көп қорқытқан, терең батырған.
− Жә, жарайды! Бұл шіркіндерді күшпен алам деп жүрген кім бар? Біздікі тек әншейін алқымыңа пышақ таяғанда тұяқ серіпкендей әрекет қой. Қайтпек керек? Біздің қатынға... -дей түсті де, Кәлен тоқтады. Жалғыз баланың жауда қалғанын есіткенде сорлы ана есінен танып, қасында шөгіп жатқан түйенің мойнына асылып құлай кеткен-ді. Сонан бері кіресілі - шығасылы есі бар. Көшкенде қоршаулы түйе үстінде екі қатын екі жағынан ұстап, сүйемелдеп отырады.
Кәлен бір жанға көз салмады. Шөл бұны да қатты қинап тұрған-ды. Құп - құрғақ тілін сәл қозғап еді, тас қайрақтай екен, таңдайына түрпідей тиеді.
− Сау болыңдар! Біздің қатынға көз қырыңды сала жүріңдер! - деді де, Кәлен үзеңгіге аяғын салды.
− Жарқыным, жөніңді ұқтыршы, қайда барасың? - деді Мөңке.
− Мені қайтесің? Мен де осы далада жортқан жаралы бір бөрі...
− Тым құрыса жөніңді...
Кәлен ақ арғымақты тартып қап, шаба жөнелді. Бұл кезде күн сәулесін сарқып сөніп бара жатқан-ды. Бетін бірден болыс аулына бұрған жалғыз атты қапелімде қарасы ұзап, көз ұшында құйындай жосылтып бара жатты. «Ай, әттеген-ай, ашумен барып аранға жығылмаса қайтсін? » - деді Мөңке ішінен. Сонан соң ол қасындағы кісілерге жағалай қарап, барлап шықты. Осы топтың ішіндегі ендігі қалғандарда өзінен асқан ешкім жоғын білді де, жанында тұрған екі жас жігітке иек қақты:
− Құдыққа түсіңдер!
* * *
Қыр шөбі қурап, сидаң тартқан. Кешегі күні жұрттың бәрін есеңгіретіп кеткен ылаң тұсында ел табаны аумай ұзақ отырып қалған жайлау, бұл шақта шаңдағы шыққан сары жұрт. Уф еткен леп жоқ. Тас төбеге келген күн шақырайып тесіп барады. Мал тұяғы таптап, тозаңы шыққан төбе баурайында қараша үйлер қалқияды. Мына ыстықта олар да оба тастай мелшиіп, шөгіп қапты. Кедей ауылдан екі дауыстай әрегіректе сонау, Ақшилі табанында ақ үзікті, ақ ауылдар шаңқияды. Өзгелерден оқшау қонған үш ақ үйдің түндігі жабық. Есігі түрулі. Тыста тірі жан жоқ. Тек шеткі үйдің көлеңкесінде төрт көз қара төбет жатыр. Тілі салақтап шығып кеткен. Сілекейі сорғалап, екі өкпесін ентіге соғып, ырс-ырс дем алған иттің түске тарта сілесі қатты. Күн түскен бөксесін қайда тығарын білмей, көлеңкеге созылып, үй іргесіне тығыла түседі.
Оқта-текте сары сона мен бөгелек соғады. Бұл да бір бөлек мазасыздық әкеліп тұр. Қара төбет елең етіп, өзіне қарай ызылдап келе жатқан ұнамсыз дыбысқа құлағын тіге қояды. Бұл түрі, бейне: «Ай, сен пәле тынышымды аласың - ау», - деп сақтанған әзірлігіндей. Мазасыз ызыл бір сәт қолмен үзгендей тыйыла қалды. Жаңағы пәленің қайда кеткені белгісіз. Төрт көз төбет бір пәледен аман құтылғанына қуанып, тілі қайта салақтап, ырс-ырс дем ала берді де, кенет ыршып түсті. Былқылдақ тұмсығымен жұқа шапқа түйіп қап, ақсиған өткір тіс сарт-сарт етті.
Сол сол екен, тамылжыған әуеге әлгі зыңыл шаншылып тік көтеріле жөнелді. Осы бір оқтай ағып, жоғалып бара жатқан зыңылға қара төбет бар бойымен еңсеріле қарап: «Қап, не қыласың? » - дегендей, қимылсыз қатып қапты.
Сона кеткенмен, енді итте маза жоқ. Тас төбеге кеп, тапжылмай тұрып алған өрттей ыстық күн апшысын қуырып тұр. Ит пейілі әбден тарылған. Денесінің бір жері сәл жыбырласа да жаратпай ырылдап, күпі жүніне тісін басып-басып алады. Осы кездегі қозы - лақ - қас жауы. Көлеңке іздеп дүрлігіп жүгіріп келген ақылсыз лақтарға тісін ақситып ырылдап жатқан-ды. Үй үстінен құйын өтті. О да бұларға басынғандай мінез көрсетті. Қапелімде үй сыртындағы сары төбенің шаңдағы мен қыл - қыбырын өз бойына, жын ойнағына үйіріп ап, дөңгеленіп үйіріліп - үйіріліп, жосып барып, сонау ойпаңға қарай құлдилай жөнелді. Сол арадан шыға алмай, құйрығымен ойнаған иттей шыр айналып, үйіріліп - үйіріліп тұрды да, бір кезде ауыл іргесіндегі борбас төбеге тартты. Ол маңда төрт - бес құдық бар. Селдір сұйық қамыстар селтиіп, ащылық сораң өскен алқап. Соған жетуі мұң екен, әлгі сұр құйын лезде аппақ боп белі ирелеңдеп ұзарып шыға келді. Борбас төбенің басына шығып ап, жынша құтырып, өз қылығына өзі мәз боп ойнақтап кетті. Қара төбет бір көзінің қиығын айырмай жатқан. Құйын әуеге қарай өрлеп, ирелеңдеп тұрды да, кенет әйел жаулығын ала қашқан баладай жалт беріп, бермен қарай салды. Қара төбет атып тұрды.
Сол кезде ортаңғы ақ үйден:
− Құдайы құрғыр - ай! - деген әйел даусы естілді.- Құйын келіп қалды. Түндік бауын тартып байла.
Сәлден кейін құйын өтіп, ауыл үсті өзінің байырғы тыныштығын қайта тапты. Үш-төрт сауыншы әйел сыртта жүр. Құйын бүлдіріп кеткен оны - пұныларды қағып - сілкіп, жинастырып жатқан. Іштен Алдаберген софы шықты. Қолында Бұхардың иір мойын жез құманы. Сабалы денесіне мая жүн сұр шекпенді желең жамылған. Шекпен шалғайы аяғының басын қауып, ауыл сыртына қарай сызылып кетіп барады. Жер де сұр. Үстіндегі шекпен де сұр. Тек бір шалғайына бастырған көз ойдым боз жамау сұр шекпенді аламыштап тұр. Софының семіз тұлғасы, сұр шекпені, баяу қозғалысы, ең аяғы бір шалғайына бастырған әлгі боз жамауға дейін осы далалықта жайылатын бауыры боз, сырты сұр дуадақты мегзейді. Алдаберген әудемдей жерге барды да, ауылға сыртын бере жалп етіп отыра кетті.
Осы кезде салт атты біреу иек артпадан қылт етіп шыға келді. Күннің ыссы жайсыздығына қарамай жүрісі суыт. Шеткі үлкен ақ үйге - Құдайменде болыстың үйіне ат басын туралап, еңкілдеп төніп қалды. Алдаберген әдепкіде мына жолаушының суыт жүрісіне таңданып еді. Кенет мына кісінің ат құлағын қаққандай қос тізесіне көзі түскенде құман ұстаған қолы қалтырап қоя берді. Алдаберген шешкелі жатқан дамбал бауын асығыс байлады. «Бұл сойқан... тірі ме еді?! Баласы қолға түсетін ұрыста өзі де оққа ұшып өлді деп, осы елдің даурығып жүргені қайда? Апыр - ай, жүрісі қандай сөлекет?! Құдайменде о да қаннен - қаперсіз, бейқам отыр еді...» Софы асығыс апалақ - құпалақ түрегелді. Бірақ жолаушы шеткі үйге софыдан бұрын жетіп, ат тұмсығын сықырлауыққа тіреді. Осы ыссыда үстінде шидем күпі, басында сеңсең тымақ. Өзі еңгезердей ірі. Ол аттан түсіп шылбырдың шетін босағаға іле салды. Осы кезде іштен: «Бұл қай көргенсіз? Кім бола -тың?.. Білші», - деген дауыс шықты. Жолаушы баса-көктеп кіріп келді. Кірер жерде бетпе - бет кездесіп қалған қара сұр әйелді иығының басымен бір қағып жалп еткізді де, жылан көзін үй ішіне асығыс тастады. Құдайменде төрде, ақ болыскей кереуетте жатыр екен. Балтыры шелектей аяғын кереуеттің басына асқан. Бүкіл сирағы мен башпайларының сырт жоны ұйысқан қара шуда.
− Иманыңды үйір!
Құдайменде мынау түсім бе, өңім бе деп қалды. Бетін құдды жалын шарпығандай, үнсіз төніп келе жатқан үйелмендей бұжыр қара кісіге тура қарай алмады. Құдды түсінде марту басқан кісідей үні бітіп, дыбысы шықпай, бар бойымен іргеге қарай ығыса берді. Ол ес жиям дегенше бұжыр қара кісі шап беріп алқымынан ала кетті. Темірдей саусақтар бұғақ астында іркілдеген май арасынан бұлтылдаған өндіршекті тапты. Бір - екі мытып жібергенде болыстың демі бітіп, дыбысы шықпай қалды. Сәтте көзінің ағы айналып, аспанға қарай ақшаңдап, қос езуінен қанды көбік ағып бырқырады да қалды. Бәйбіше шыңғырып жіберді.
Жолаушы қолының қанын болыстың омырауына үйкеп - үйкеп жіберді де, ытқып сыртқа шықты.
− Әй, Кәлен!.. Жарқыным, жөніңді ұқтыршы, неғып жүрсің? - деді Алдаберген софы. Ол жаңа інісінің үйінен шар ете қалған әйел даусын естіп, тізесі дірілдеп, аяғын баса алмай тұр еді.
− Есеп айырысып жүрмін, ақсақал, - деді Кәлен. Осыдан артық тіл қатпады. Үзеңгіге аяғын салып әлектеніп жатпастан өзінің әнебір ұрлық қып жүрген кездегі үйреншікті машықпен ақ арғымақтың жалына қолы тиген бойда арқасына бір- ақ ырғыды. Ауыздығын шайнап шырқ айналып тұрған ат ағындап ала жөнелді. Кәлен былайырақ ұзап шыққасын ат басын тежеді. Бұл ауылдың белдеуінде ақ арғымаққа жететін дәмелі ат жоқ. Және бір- жар кісі бұны түсірем деп, сірә да, дәме қылған емес. Ал қашан көп қуғыншы сайланып шығам дегенше, Каспий мен Аралдың екі аралығындағы қалың бұйратқа кіріп, қара үздіріп кетері даусыз. Кәлен арт жақтан шыққан әйелдердің әлем - тапырық даусы мен айқай - ойбайға қарамай, елсіз түзге бет қойып, сыдыра шоқытып бара жатты.
* * *
Кең көгалға көсіле қонған бай ауыл көңілді. Жұмыртқадай ақ үйлердің ең үлкені -Тәңірбергеннің үйіне жұрт жиналып жатыр. Ояздан келген қадірлі қонаққа сәлем беруге асық. Үйге сыймаған жұрт жылтыңдап іргеден сығалайды. Қонақ жігіт көбіне Тәңірбергенмен тілдесіп, ауыл - аймақтың амандығын сұрап отыр.
Тәңірберген нығыз. Қазір тасы өрге домалап тұрған шақ. Қастасқан жауының бәрін құртты: Еламан, Рай әскерде: Кәленнің қолға түскен баласын қарулы күзетпен қалаға айдатып жіберді. Оны да ел жатқасын істегесін бүкіл ауылда бұның өзінен басқа бір жан білмей қалды. Ал Кәленнің қайда жүргені белгісіз, қуғыннан қашып, басын қайттап жүр. Рас, ол кісі мойнында кегін жібермейтін жау. Тірі болса қайта айналып соғуы хақ. Сондықтан жас мырза қапысыз қалмау жағын ойлап, ел ішіне саққұлақ кісілерден жансыз жіберіп, тың тыңдатып отыр. Ақшилі табанына ұзақ отырып, сары жұрт боп бара жатқан соң, кеше ол өздеріне қараған үлкен ауылдың қақ жартысын бөліп алып, осы араға аударылып қонған еді, жас мырза осынау бір аласапыран аяқси бастаған кезде ояздан келген қонақты жылы шыраймен қарсы алды. Қонақ жігіт - таңқы мұрын Торшолақ бала. Ол қазір бұрынғысынан да семіріп, бұғағына май айналып көйлектің жағасына сыймай кетіпті. Тер алдына жайған ала жібек көрпенің үстінде, ақ мамық жастықты қолтығына жұмарлап басып шынтақтап жатыр. Қол - аяғы қысқа жігіт қанша көсілсе де, бүтіл тұрқы кескен томар секілді. Ояз кеңсесінде істегелі көңілі өскен. Тәңірберген онан Жасағанбергенді сұрағысы кеп бір оқталды да, бірақ ол ойынан тез айныды. Ә дегеннен -ақ мына қонақ жігіттің өзімен тұстас оқыған қазақ жастарын тістеуік аттай маңына жуытқысы келмейтін іштарлығын таныды да, қара мұртын сылап қойып жымиып отыр. Бір ретте Торшолақ бала ығытын тауып үлкен шаһарда оқып жүрген Жасағанбергеннің қайсыбір ісін жақтырмай:
− Сол өзі қызық жігіт, қазіргі дүниенің екіге бөлінгенін білмейді. Буржуазия... - дей түсті де, мұндай сөзге мына жұрттың түсінбесін біліп, - от пен судай шарпысқан бай мен кедейдің арасынан өзіне тыныш орын таппақ. Әй, айналайын - ау, ол болмайды. Болмайды деймін, - деп күшене сөйлеп еді; онсыз да быттиған қара сұр бетінің қос алқымы ісініп, көзінің алдындағы күлтілдек майға көзілдірік батып кетті.
Үлкен үйдің іргесі түрулі. Түндік ашық. Сықырлауық есікті екі жағына шалқайтып ашып тастаған. Әлі мал тұяғы таптай қоймаған үй маңындағы жас көктің иісі түрулі есіктен талмай келіп тұр. Ішке Ақбала кірді. Басында ақ жаулық. Үстінде қынама бел көк мақпал қамзол. Ақ торғын көйлектің етегі малынып, сызыла басып кеп қонақтың алдына шашақты жібек дастархан жайды. Сонан кейін де бір жанға көз салмаған күйі Тәңірбергеннен төменірек тақымдаса отырып, сырлы тегештегі сары қымызды сапыра бастады. Торшолақ бала Ақбаланы көргенде басын көтеріп алды. Тәңірбергеннің жақында үйленген жас тоқалы жөнінде талай есіткен. Бірақ оны мұншалық сұлу деп ойламаған-ды. Қонақ жігіт үй толы кісілерден қымсынса да, мына келіншектің ғажап сұлу, бірақ бір түрлі мұң шалған жұбау өңіне бір- екі сұқтана қарап еді, Тәңірбергеннің мына неменің әдепсіздігін іші алмаса да, жұрт алдында сыр бермеді.
− Қымыз ал! - деп ол қонағына сырлы зеренді ысырып қойды.
Торшолақ баланың осы жолғы жұмысы қауырт-тұғын. Орда қонған болысы мен Қабырға болысына түскен алым-салық ел ішінен дер кезде жинала қоймағасын қасына екі солдат алып елге шапқан беті еді; әзір бітіргені шамалы. Үш күн ұдайы осы ауылға табан тіреп жатып алды. Аңдитыны - Алдаберген софы. Осы бүгін бір ығытын тауып, софының ақ тоқалымен ауыл сыртындағы күркіреуде кездеспек боп уәделесіп еді, Торшолақ бала кеу-кеу әңгімеден шаққа босап сыртқа шықты. Күн кештетіп қапты. Соңыра өрістен мал келгесін жас келіншектің босана алмасын біліп, тезірек басып күркіреуге түсті. Бауырында көлеңкесі мол құба талдың қалыңдау жеріне кіріп тығылып отыр. Ауық - ауық бойын созып, ауыл жаққа шыдамсыздана қарап отырған-ды. Кенет талдың арырақ тұсы сылдыр етті. Торшолақ бала бұға қойды. Қазақ аулының із баққыш жастарынан қорқып, сыбдыр шыққан жаққа үрейлі көзі үкідей бақырайып, тал түбінен сығалап қарады. Мес түйініндей мұрынның ұшы шып-шып тершіп, көзілдіріктің әйнегі қапелімде буланып кетіп тұрған. Кенет бұл көз тіккен жақтан бір шоқ талдың арасы ыдырап ақырын ашылды. Торшолақ бала күліп жіберді. Алдабергеннің тоқалы - ел арасына «Ақтуша» атанған меңсіз аппақ ақ келіншек, тал арасынан бір бүйірлеп ақырын - ақырындап шығып келе жатты. Көзінің қиығымен қылмыңдап қараған кескінінде күшпен іріккен сайқал күлкі бар. Көйлек сыртынан киген жеңсіз құйып қойғандай. Әлі бала көтермеген балғын дененің бар бітім-болмысын қынап, айрықша, аш белін үзілдіріп тастапты.
Торшолақ баланың аузына сөз түспей, жүрегі лүпілдеп барады. Алғашқыда келіншек тіпті ұялшақ тәрізденген. Тал арасында кездесуге келіскенмен, енді кездесіп алғасын жігіт жүзіне тура қарауға ұялатындай. Басына желең салған шашақты жібек шәлінің бір шалғайымен көзінен төменгі жағын тұмшалап, бетін жасырып қырындай берді. Торшолақ бала құшақтайын деп бауырына тартып еді, келіншек бетін ары бұрып, сырт айналды.
− Мырза жігіт... біздің шал қызғаншақ.
− Қайтер дейсің... қызғанған қызыл итке жем болады деуші еді ғой.
Жігіт сөзіне ырза болған келіншек сықылықтап күліп, бетін ашып жіберді. Бұлтиған бет аршыған жауқазындай тіпті аппақ екен. Оның үстіне мына ақ тоқалдың бойы бұның өзінен әлдеқайда биік екенін көріп, бір жағынан Торшолақ бала қорынып тұр. Өзінен әйелдің бойы ұзын екенін бұрын да білсе де, бірақ көңілі өсіңкі жігіт: «Қайтер дейсің, төсек теңестіреді ғой», - деп өзін-өзі алдарқатып жүрген-ді.
− Мырза жігіт, мен енді кетейін.
− Қой... Қой... неге асықтың? Кел... кел отырайық. - Келіншек салған жерден жігіт ырқына көне қоймай, қылымсып тартыншақтап тұрғанда, аттың пысқырған дыбысы естілді. Екеуі бірдей жалт қарады. Торшолақ бала тал арасынан созыла түсті де, дереу бұға қойды.
− Құрыдың...
− Біздің шал ма?
− Жоқ.
− Енді кім?
− Кә - кә - лен...
− Қой, ол ұры Қарақалпақ асып кеткен жоқ па?
− Анық... анық сол. Екі тізесі аттың екі құлағын қағады. Енді... енді қайттім?
Ақ тоқал аяқ астынан көңілденіп:
− Кәлен дейсің бе? Екі тізесі аттың екі құлағын қағады дейсің бе? - деді, бүл кезде бойы үйреніп қалған жігітті сықақтап күліп.
Торшолақ бала келіншектің әзілін аңғармай, әлі сол қауқарынан арылып, қалш-қалш етіп тұр.
− Мені... мені өлтіреді. Енді не істедім? Қайда тығылам? - деп сасқалақтай бергесін, ақ тоқал:
− Өзіңнің шыққан жерің ғой. Кел, мында тығыла ғой, - деп күліп, көйлегінің етегін алдыңғы жағынан көтеріп жіберді.
Кәлен бұлардың тұсынан өтіп барып, аттан түсті. Ерін жөндеп, айыл-тартпасын тартып алды. Сонан кейін көгалда отырған бай ауыл жаққа бойлап қарады да, ақ арғымаққа ырғып мінді. Сай бойымен ұрланып барып, үлкен ақ үйдің деңгейіне келгенде жабындының астынан, қысқа мойыннан атын тура салып еді. Әуелі оны Қаратаздың бәйбішесі көріп, ішке кіруге ғана шамасы келді. Тілі күрмеліп, өңі қуарып, жүкке арқасын сүйеп тұра қалды.
− Кә - лен!..
Торшолақ балаға еріп келген екі солдат осы үйде отырған-ды. Олар іргеде сүйеулі тұрған мылтыққа жармасты.
− Атпаңдар. Қолға тірі түсіру керек, - деді Тәңірберген. Үйге аттың тұмсығын тірей тоқтаған Кәлен қолында қамшы. Екінші қолындағы шылбырдың бір шетін уысынан шығармай, ішке баса-көктеп кіріп келді. Дәл осы сәтті тосып, есіктің екі босағасында жабысып тұрған екі солдат оған оқтаулы мылтығын төсеп тұра қалды:
− Қолыңды көтер!
Кәлен құдды осылай боларын біліп келгендей шіміріккен жоқ, екі солдаттың сырт жағында сұп-сұр боп сазарып алған Тәңірбергенге қарады.
− Ә, түлкі!..
− Байлаңдар!
− Тоқта! Мен өз аяғыммен келіп тұрмын. Мені байлау қиын емес. Баламды босатыңдар!
− Құдай қаласа, балаңның қасына өзің де барасың.
− Ә, солай ма? - деді Кәлен сыбырлап. Өзі ішінен «өзекті жанға бір өлім», - деп түйді де, екі солдаттың бас-аяғына көз тастады. Екеуі де көзге толық, әсіресе біреуі еңгезердей екен. Кәлен мырзаның дегеніне құлақ қақпай көнген кісіше моп-момақан кейіпке еніп, екі қолын артына ұстап: «Ал, байлаңдар», - деп тұра қалды. Ірі денелі солдат мылтығын іргеге сүйеп, Тәңірберген әзірлеп тұрған қыл арқанды ала берген-ді. Кәлен көз ілеспейтін шапшаңдықпен өзіне кезеп тұрған мылтыққа қарсы шап беріп, қолынан жұлып алды. Оны ішінен бір теуіп, қалпақтай ұшырды. Ірі денелі солдат мылтығына ұмтылып еді, бірақ Кәлен оны да қарсыласуға келтірмей, мылтық дүмімен қарақұстан соғып өтті. Тәңірберген зып беріп кереуеттің астына кіріп кетіп еді. Кәлен оның қапелімде қайда кеткенін білмей, үй ішіне алақтап қарап тұрғанда, сырттан көп кісі есіктің сықырлаулығын сындыра жаздап, қадаларын көтере кіріп келді. Кәлен енді қарсыласпады. Қолындағы мылтықты тізесіне салып ортасынан бір омырды да лақтырып жіберді. Анталап тұрған кісілер Кәленді бас салды.
- Aт көтіне байлаңдар!
− Қабырғасын сөгіп, бүйірінен өтін жарып алыңдар, - деп үй толы кісілер бір-бірінен дауыс асырып, жан-жақтан жамырап жатты. Ақбала Кәленнің көзіне түскісі келмей, ығыстап өзінің отауына кіріп кетті. Осы сәтте ырсылдап Торшолақ бала да жетті. Жолындағы кісілерді кимелеп кеп, Кәленнің қасына тоқтады. Ол Кәленді тірілей апарғанның тиімді боларын біліп:
− Тоқтатыңдар! Бұл үкімет алдында қылмысты адам, - деді. Жұрт жым болды. Торшолақ бала сол бойда Кәленді қарулы күзетпен қалаға айдатып жіберді. Кәлен әлгіде үй толы кісілер қолына не түссе сонымен ұрып, басқа көзге сабалап ұрып жатқанда да қыңқ еткен жоқ-ты. «Жер түбіне айдасаңдар да, ажал жетпей өлмеспін. Болат қанжар қап түбінде жатпас. Сендермен сонда сөйлесермін», - деп, қанына қарайып кетіп еді.
ТҮСІНІК
«Қан мен тер» трилогиясының ең алғашқы кітабы «Ымырт» деген атпен 1961 жылы, 2-кітабы «Сергелдең» деген атпен 1964 жылы, 3-кітабы «Күйреу» деген атпен 1970 жылы жеке-жеке кітаптар болып баспадан шыққан болатын.
М.Әуезовтің өзі көзі тірісінде үлкен үміт артқан санаулы шәкірттерінің бірі Ә. Нұрпейісовтің осы шығармасы Кеңес дәуірі тұсында қазақ сөз өнерінің еншісіне айналған роман жанрының ең ірі туындылардың бірі ретінде бағаланды. Сол баға жазушыны 1974 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері атандырды. Осыдан кейін - ақ романның халықаралық деңгейдегі бағы жанып жүре берді.
1976 жылы үш кітап біріктіріліп, осы атпен трилогия ретінде «Жазушы» баспасынан қайта шықты. Жазушының өзіндік кредосы болуы керек - әр басылым бұрынғы басылымдарға қарағанда елеулі өзгертулер мен толықтыруларға ұшырап отырады. Алғашқы басылымға қарағанда екінші басылымда осындай өзгерістерді байқасақ, ал 1981 жылғы басылымда тіпті жаңа өзгерістерді байқауға болады. Мысалы, бұрынғы басылымдарда көбірек орын алатын соғыс көріністері азайған. Кейбір басқа да құрылымдық өзгерістер мен жаңалықтар кездеседі. Тәңірберген, Еламан образдарына тән бірсыпыра бояулар да, олардың сөйлеу тіліне тән ерекшеліктер де біршама өзгерістерге ұшыраған.
Авторлық сөз қолданыстарға, стильге тән өзгерістерді де байқауға болады. Жаңа басылым, әсіресе осы баспаға ұсынылып отырған мәтін көп сөзділіктен, оқиғаны баяндау кезінде қазбалап түсіндіруден біршама арылған тәрізді. Яғни, автор шығарма туған кезең қолтаңбасындай көрінетін заманы өткен таптаурын кеңестік идеологиялық штамп белгілерінен де бас тарту жөн деп санағаны байқалады.
Ә. Нұрпейісовті өз өнер гүлзарының, өз өнер бағының өнегелі қожайынымен теңеуге болады. Ол өз «сүйіктілерін» әлде - қайдан жел айдап әкелген әлі жапырақтан да, топырақ астына байқаусыз түскен басы артық тал - бұтадан да көзінің қарашығындай қорғауды мұрат тұтады. Қажет деген жерінде одан әрі көркейтіп, жасандыра түсуге де бейіл. Оған шаршамайды да, жалықпайды да. Қайта ләззат алады. Сондықтан да оның «осы басылымға қатты - ақ қолым тиді. Тіпті, көп өңдедім. Бірақ тағы қарасам, тағы да өзгерістер енгізетін тәріздімін» деген шығармашылық көңіл күйін де түсін түстеуге әбден болады.
«Қан мен тер» - символдық атау. Қан - өмір, биік мүдделер жолындағы күрес символы. Тер - тіршілік, көнбіс бейнеткерлік пен үзілмес үміт символы. Қазақ жұртының бір өркениеттік болмыстан екінші өркениеттік болмысқа бет бұру, бір саяси - әлеуметтік формациядан екінші саяси-әлеуметтік формацияға ауысу сағатын бейнелеуге арналған туындының бар мазмұны мен мәні осы екі сөзбен - ақ сәтті беріліп тұр.
Шығармада жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақ даласының ақиқаты, қалыпты тіршілігі адамдар арасындағы қым - қиғаш қарым - қатынастар арқылы - сүйіспеншілік пен бақталастық, ізгілік пен сұрқиялық, салиқалық пен сатқындық, адалдық пен көлгірлік тәрізді адами қасиеттердің шарпысуымен астасып беріледі.
Жазушы кейіпкер арқылы сөйлейді, солар арқылы өз шеберлігін паш етеді. Жазушы қаламынан туындаған алаңғасар, әпенде, істеген ісінің, сөзінің тұрлауы жоқ Судыр Ахмет, мінезі ала құйын, сөзі төбеден түскендей, ақылы келте Қарақатын - нағыз халық арасынан шыққан зергерлік үлгілерге жатады.
Осылардың ортасында, осылардың әрқайсысымен тығыз байланыста бола отырып шоқтығы биік көрінетін - шығарманың алтын тініне айналған үш бейне - Еламан, Ақбала, Тәңірберген образдары. Бұл үш кейіпкер арасындағы махаббат тағдыры шығарманың бар жүгін көтеріп тұрған негізгі ұстын. Басқа тақырыптың желілердің бәрі соған қатысты өрбіген бұлақтар.
Арал бойындағы қарапайым балықшы ауылдың бұйығы тіршілігін бұзған замана дауылының қаңбағына айналған үш бірдей тағдырдың қасірет - қайғысы болып өрілген сезім стихиясы қазақ оқырманына таныс дәстүрлі әсерден көп бөлек.
Романның соңғы бетін жапқанда уақиға біткендей әсер қалдырмайды. Еламанның жау қолынан қаза тапқаны болмаса Ақбала мен Құдайберген сахнадан шықпаған күйі қалады. Роман соңында бар дауысынан айрылған, сорақы зорлықтан қансыраған ауылының ортасында жаны өліп, жүрегі қан жылап тұрған Тәңірбергенді көреміз.
Міне, роман соңында автордың алдына қойған мақсаты орындалып, халық алдындағы парызының өтелгенін айқын байқаймыз
Достарыңызбен бөлісу: |