1
С. Ə. Тортаев
ОРТА ҒАСЫРЛАРДАҒЫ
АЗИЯ ЖƏНЕ АФРИКА
ТАРИХЫ
Алматы
2009
2
3
ББК 63.3(0)4
Т 61
Қазақстан Республикасы Білім жəне ғылым министрлігінің əл-Фараби
атындағы Қазақ ҰУ жанындағы оқу-əдістемелік бірлестігі ұсынған
Пікір жазғандар:
Тарих ғылымының докторы, профессор А. Ш. Алтаев,
Тарих ғылымының докторы, профессор С. М. Мəшімбаев,
Тарих ғылымының докторы, профессор С. М. Сыздықов
Т 61 С. Ə. Тортаев — педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент
Орта ғасырлардағы Азия жəне Африка тарихы.— Алматы:
Нұр-пресс, 2009.— 400 б.
ISBN 9965-813-62-0
Оқулықта Орта ғасырлардағы Азия, Африка елдеріндегі феодалдық
қатынастардың қалыптасуы, феодалдық қоғамның орнығуындағы өзіне
тəн ерекшеліктері, кейбір Шығыс елдерінің Батыс Еуропа мемлекеттерінің
отарына айналуы ашып көрсетілген. Əр тақырып жоспар бойынша
талданып, соңында студенттің білімін өз бетімен толықтыра түсуіне қажетті
əдебиеттер тізімі келтірілген. Көтерілістер мен қақтығыстар тек байлар мен
кедейлер арасындағы тап күресі деп көрсетілмейді. Азия, Африка елдерінің
дамуына елеулі əсер еткен қайраткерлердің жеке тұлғалық — психологиялық
аспектілеріне де жете назар аударылған.
Оқулықтың мазмұны Қазақстан Республикасының Білім жəне ғылым
министрлігі 2001 ж. бекіткен «Орта ғасырлардағы Азия жəне Африка
тарихы» пəнінің типтік бағдарламасына сай жазылған.
Оқулық жоғары оқу орындарының тарих факультеттерінің студенттеріне
арналған.
ББК 63.3(0)4
Т
ISBN 9965-813-62-0 © С.Ə.Тортаев, 2009.
© Нұр-пресс, 2009.
М А З М Ұ Н Ы
КІРІСПЕ ...................................................................................................5
І БӨЛІМ. ЕРТЕ ОРТАҒАСЫРЛАР .......................................................9
§ 1. III—Х ғғ. Қытай ...........................................................................9
§ 2. ІІІ—ІХ ғғ. Жапония ...................................................................22
§ 3. Ерте орта ғасырлардағы Корея .................................................28
§ 4. Ерте орта ғасырлардағы Индонезия .........................................35
§ 5. Ерте орта ғасырлардағы Вьет мемлекеті .................................43
§ 6. III—VII ғғ. Иран .........................................................................48
§ 7. Ерте орта ғасырлардағы Орта Азия жəне Закавказье
мен Орта Азия халықтары.........................................................55
§ 8. Ерте орта ғасырлардағы Индияда феодалдық
қатынастардың қалыптаса бастауы ..........................................65
§ 9. Араб халифатындағы феодалдық қатынастардың
қалыптасуы .................................................................................82
§ 10. ІІІ—ІХ ғғ. Африка елдері ..........................................................93
ІІ БӨЛІМ. ДАМЫҒАН ОРТА ҒАСЫРЛАР ......................................102
§ 11. Х—ХV ғғ. Қытай .....................................................................102
§ 12. Дамыған орта ғасырлардағы Жапония ...................................117
§ 13. Х—ХV ғғ. Феодалдық Корея ..................................................132
§ 14. ХІ—ХV ғғ. Индонезия .............................................................139
§ 15. ХІ—ХV ғғ. Дайвьет мемлекеті ...............................................145
§ 16. ХІ—ХV ғғ. Моңғолия ..............................................................152
§ 17. Дамыған орта ғасырлардағы Орта Азия мен
Закавказье .................................................................................164
§ 18. Х—ХV ғғ. Иран.........................................................................180
§ 19.
ХІ—ХV ғғ. Индия ....................................................................192
§ 20.
ХІ—ХVғғ. Туркия ....................................................................203
§ 21.
Х—ХV ғғ. Араб мемлекеттері ................................................215
§ 22.
Х—ХV ғғ. Тропикалық Африка .............................................228
III БӨЛІМ. КЕЙІНГІ ОРТА ҒАСЫРЛАР .........................................243
§ 23.
Кейінгі орта ғасырлардағы Қытай .........................................243
§ 24.
XV—XVII ғасырдың бірінші жартысындағы Жапония.......255
§ 25.
Кейінгі орта ғасырлардағы Корея .........................................264
§ 26.
XVI—XVII ғғ. Индонезия ......................................................272
§ 27.
XVI—XVII ғғ. Вьетнам ..........................................................279
0503000000
00(05)-08
4
5
§ 28.
Кейінгі орта ғасырлардағы Моңғолия ..................................290
§ 29.
XVI—XVII ғғ. басындағы Сефевилер мемлекеті ................296
§ 30.
Кейінгі орта ғасырлардағы Орта Азия мен Закавказье........306
§ 31.
Индия — Ұлы Моғолдар билігі кезінде ...............................317
§ 32.
XVI—XVII ғ. Осман империясы ...........................................337
§ 33.
Кейінгі орта ғасырлардағы Араб елдері ...............................346
§ 34.
XVI—XVII ғасырдың бірінші жартысындағы Африка
мемлекеттері ............................................................................353
ҚОРЫТЫНДЫ ....................................................................................376
БІЛІМІН ТЕКСЕРУГЕ АРНАЛҒАН ТЕСТ СҰРАҚТАРЫ .............381
КІРІСПЕ
Орта ғасырлардағы Азия жəне Африка тарихы Қытай, Жапония,
Индия, Индонезия, Египет, Закавказье т.б. елдердің тарихын
қамтиды. Бұл елдердің орта ғасырлардағы тарихын оқуға өткен
ғасырдың 90- жылдарына дейін жете мəн берілмеді, отандық тарих
ғылымында əлі күнге дейін жеткілікті дəрежеде зерттелмей келе
жатыр. Оған пролетариат көсемі В. И. Лениннің Азия жəне Африка
елдері туралы теріс пікірі де себеп болса керек. Ол кезінде Оңтүстік
шығысқа қарай қолын сілтеп тұрып: «Қараңызшы, жартылай жабай-
ылар жайлаған ел; өңгені былай қойғанда бұларда өнер де жоқ»,—
деген еді.
Сөйтіп, кеңестік тарихта Азия, Африка халықтарынан үйренетін
еш нəрсе жоқ деген теріс пікір қалыптасқан болуы керек. Шынында
да солай ма? Тарих ол көзқарастың мүлдем қате екенін көрсетеді.
Керісінше, тарих, өркениет Шығыстан, яғни, Азия мен Африка құр-
лықтарынан басталады. Ең алғашқы əлеуметтік жəне саяси инсти-
туттар Шығыста қалыптасты. Өркениеті Таяу Шығыс өркениетінен
үлгі алған ежелгі Рим зиялылары құрметпен «ЕХ ОRІЕNТЕ LUХ»
— «Шапағат Шығыстан туады» деген.
Неолиттің Шығыста, яғни Азия-Африка құрлықтарында бас-
талғаны ежелгі дүние тарихынан белгілі. Ондағы əсіресе егіншілік-
пен (Ніл, Қос Өзен, Таяу Шығыс) айналысу — отырықшылық-
молшылық пен тұрақтылық негізі болды. Өндірістің өркендеуі
урбанистикалық өркениеттің қалыптасуын қамтамасыз етті.
Адамзаттың өркениеті, оның тарихы дегеніміз — өндірістің,
мəдениеттің тарихы. Адамдардың шаруашылығының, мəдениетінің
тарихы Таяу Шығыста шамамен он мың жыл бұрын орын алған
неолиттік революциядан басталғаны мəлім. Барлық халықаралық
діндер Шығыста өмірге келді. Ортағасырларда дүниені дүр сіл-
кіндіріп, адамзатты жаңа екпінмен алға ұмтылуға мəжбүр еткен
ғұндар мен арабтар, түріктер мен моңғолдар азиялықтар екені де
дау туғызбайды.
Азия мен Африка құрлықтарының көптеген елдерінде сонау атам
заманнан бері тарихи білімдерге үлкен мəн беріп келген. Шығыста өз
елдерінің, көрші елдердің тарихы жайлы көптеген көлемді еңбектер
6
7
өмірге келді. Шығыстың Орта ғасырлық тарихшылары орыстар мен
батыс еуропа халықтары туралы мəліметтерді өте мұқият жинаған.
Тарих ғылымына, əсіресе Қытайда жете мəн берілді. Онда тек
алуан түрлі тарихи материалдар жинаумен ғана шектелмей, көп
томдық шығармалар жазылды. Көптеген жылнамалар мен тарихи
еңбектер Жапония мен Кореяда да жазылды. Араб, парсы жəне Орта
Азия тарихшыларының еңбектері дүние жүзіне белгілі болды. Тек
Ибн аль-Асир, Ибн-Халдун, Бируни, Рашид-ад-Диннің аттарын ата-
са да жеткілікті.
Ал Азия-Африка елдерінің орта ғасырлардағы саяси-мəдени
жетістіктерін атап өту үшін көп уақыт керек. Шағын ғана мысал: Тү-
рік халқы — əскери өнерде, парсылықтар — мемлекет басқару ісінде,
Қытай халқы — қолөнерінде алдына жан салмады. Адамзатты атқа
отырғызған, махаббаттың ұлан ғайыр сыр-қырларын пайымдаған
да Азия халықтары болғандығы ежелгі дүние тарихынан белгілі.
Дегенмен XVI ғасырдан бастап Азияның беделі түсіп, əлеу-
меттік-экономикалық даму жағынан артта қала бастады. ХV—ХVІ
ғасырлардағы Ұлы географиялық ашулардың барысында кейбір
Азия мен Африка елдері Батыс Еуропа мемлекеттерінің отарына
айналды. Ол елдердің халықтары тəуелсіздігінен ғана емес, салт-
дəстүрінен, тілі мен дінінен де айырыла бастады. Қайсібір еркінен
айрылған Азия мен Африка елдерінің экономикасы мен мəдениетінің
дамуы тежелді. Қазақтың белгілі ақыны Б. Ысқақов:
О, Азия, ұлысың.
Ұлылығынды қайтейін,
Еуропаның құлысың,— деп жазды XX ғасырдың орта шенінде.
Азия өткен ғасырдың елуінші жылдарынан бері ғана жан-
данып, кайта бас көтере бастады. Жапония өзінің алтын қоры
жөнінен əлем мемлекеттерінің ең алдына шығып отырса, Араб
елдері əлемдік мұнай қорының 60 %-на ие болып отыр. Азия мен
Африка мемлекеттерінің болашағы зор екендігі ешқандай күмəн
туғызбайды. Азия елдерінің көпшілігі Қазақстанмен тағдырлас. Осы
жағдайлар Азия мен Африка елдерінің тарихын жете білу мəселесін
күн тəртібіне қойып отыр.
Орта ғасырлық Азия жəне Африка елдерінің өзіне тəн ерек-
шеліктері де болды. Мысалы, Азияның табиғи жағдайы ерте за-
мандарда жасанды суғару жүйесін салу қажеттігін туғызды.
Егіншілікпен айналысатын отырықшы халықтар өте үлкен суғару
жүйесін салып, оны күтуге көп күш жұмсады. Сол себепті Азия
жəне Африка халықтарының ұжымдық өмірге деген мұқтаждығы
қалыптасты. Азия жəне Африка елдерінде феодалдық қоғамның
орнауында да ерекшеліктер болды. Қайсыбір елде феодализм
алғашқы қауымдық қоғамнан кейін өмірге келсе, енді бір елде ол
құлдық қоғам негізінде қалыптасты. Индияда феодалдық қоғамның
қалыптасуы өте баяу қарқынмен жүрді.
Жапонияда құлдық қоғам болған жоқ. Азия мен Африкадағы
феодалдық қатынастардың дамуындағы тағы бір ерекшелік —
үстем таптың жерге жеке емес, мемлекеттік меншік орнатуы болды.
Қытайда, Корея мен Жапонияда, Иранда жер жəне суғару жүйелері
негізінен мемлекет меншігі болды. Ал Индияда жер — княздар мен
ұсақ патшалардың ғана меншігі еді. Жерге мемлекеттік меншік,
əрине, жекелеген феодалдардың, монастырлар мен қауымдардың
меншігін жоққа шығарған жоқ.
Қауым мүшелері мемлекеттен жерді иелене отырып, үкіметтің
кіріптар жұмыс күші болды. Қиыр Шығыста шаруалар мемлекет
жерін уақытша ұстаушылар болып саналса, Ирак, Сирия, Египет
жəне басқа елдерде мемлекеттен алған жерлері мұраға қалып отыра-
тын меншік болды. Жекелеген феодалдардан, монастырлардан үлес
алған шаруалар сол феодалдар мен монастырлардың басыбайлы
адамы болды.
Азия мен Африка елдерінде үш халықаралық діннің екеуі —
буддизм мен ислам — кең өріс алды. Құлдық қоғамнан феодалдық
қоғамға өту, əрине, алға жылжығандық, жетілгендік еді. Жаңа
өндірістік қатынастар өндіргіш күштердің сипаты мен оның даму
деңгейіне сай келіп отырды.
Феодализмнің дамып, жетілуі əр елде əр түрлі уақытқа созыл-
ды. Таяу Шығыс пен Қытайда феодалдық қатынастар VIII ғасыр-
дың екінші жартысында толық үстемдік құрды, ал Жапонияда
IX—X ғасырларда феодалдық қатынастар толық орнықты. Бұл
орнығу өндіргіш күштердің онан əрі дамуымен, қолөнерінің ауыл
шаруашылығынан бөлінуімен, қала шаруашылығының жетілуімен
сипатталады.
Бұл кезеңде Қиыр Шығыс, Орта Азия жəне Таяу Шығыс елдері
арасында құрғақта да, теңізде де байланыс қатынастары орнады. Бұл
кезеңде, яғни XI—XII ғасырларда Азияның көптеген көшпелілер ме-
кендеген жерлерінде алғашқы қауымдық қоғам ыдырап, феодалдық
қатынастар орнай бастады. Мысалы, Ауғанстан, Күрдістан, Иранның
біраз аудандарының ХV—ХVІ ғасырлардағы Ұлы географиялық
ашулардың барысында Батыспен қатынасы нығайды. Бұл қатынас
Шығысқа да, Батысқа да пайдалы болды: бір-бірінен көрді, білді,
8
9
үйренді, тəжірибе алмасты. Бірақ, Батыс Еуропа мемлекеттерінің
отарлық саясатының Азия-Африка елдері үшін пайдасынан зияны
басым болды.
Ұсынылып отырған оқулықта бұл мəселелерге талдау жасал-
ған, сөйтіп студенттердің ортағасырлық Азия мен Африка тарихын
меңгеруіне, ондағы феодалдық қатынастардың қалыптасып, дамуын
түсініп, ұғынуына көңіл бөлінген. Дегенмен оқулықта ортағасыр-
лық Азия мен Африка тарихы жан-жақты қамтылып, біржола толық
көрініс тапты деуге болмайды. Қазақ тілінде жаңадан жарық көргелі
отырған ортағасырлық Азия-Африка тарихының оқулығы келешек-
те əлі де болса толықтыра түсуді қажет етеді.
Ежелгі Шығыс тарихының заңды жалғасы болып табылатын
ортағасырлық Азия жəне Африка тарихын жете меңгеру үшін қо-
сымша орыс тіліндегі мынадай оқулықтарды пайдалануға болады:
1. Васильев Л. С. История Востока: В 2-х томах, т. 1.— М.: Высшая
школа, 1998.
2. История Востока. В шести томах, тт. 2, 3.— М.: «Восточная
литература» РАН, 1995, 1999.
3. История стран Азии и Африки в средние века. В 2-х частях.—
М.: МГУ, 1987.
Сондай-ақ, əр тақырыпқа байланысты нақтылы əдебиеттер
тізімі автордың «Орта ғасырлардағы Шығыс елдерінің тарихы.
Семинар сабақтары» (Алматы, «Қазақ университеті»; 1999) деген
оку құралында келтірілген.
Автор
І БӨЛІМ
ЕРТЕ ОРТА ҒАСЫРЛАР
§ 1. ІІІ—ХІ ғасырлардағы Қытай
1. III ғасырдағы Қытай қоғамының əлеуметтік-экономикалық
құрылысы.
2. Қытайдың көшпелі көршілері.
3. Феодалдық қатынастардың орнай бастауы.
4. Мəдениеті.
Жаңа дəуірдің алғашқы кезінде Қытай экономикасының не-
гізін жақсы дамыған ауыл шаруашылығы қалады. Ол елдің
көптеген аудандарында жасанды суару жүйесі арқылы жүргізілді.
Тыңайтқыштарды қолдану, жерді өңдеу мен өсімдіктерді күтуді
жетілдіру — өнімді арттырды. Қытайлықтар өте жоғары сортты
темір өндірді, ол темірден жасалған сапалы еңбек құралы тек ауыл
шаруашылығының ғана емес, сондай-ақ қолөнерінің, құрылыс
ісінің, кеме жасаудың, сəн бұйымдары мен қару-жарақ жасаудың
жетіле түсуіне ықпал етті.
Ертеде қытай халқы жібек мата тоқуды ойлап тауып, оның
құпиясын көпке дейін сақтады. Қытайда басы бос шаруалар көп
болды. Жер мемлекет меншігі болып табылды. Ол əр отбасының
жұмысқа жарамды адамының санына қарай үлестірілді. Жер
иемденуші шаруалар негізінен азық-түлік салығын /астық, мал,
қолөнер бұйымдары/ төледі. V—VІ ғасырларда басыбайлы ша-
руалары бар бақуатты отбасылары пайда бола бастады. Олар
өздерінің кедейленген туыстары мен көршілерін кіріптарлыққа
салды. Сонымен қатар будда монастырларының жер иеліктері де
болды.
Б.з.д. 206 — б.з. 220 жылдары Қытайда Хань əулеті билік құрды.
Бұл кезде құл иеленушілік қоғамның ішінде феодалдық қатынастар
туа бастады. Ол қатынастардың орнауы ұзақ уақытқа созылды.
Феодализмге өту процесі біздің заманымыздың II-ғасырында Хань
10
11
Үш патшалық (шам. 250 ж.)
империясын үлкен дағдарысқа ұшыратты: экономика құлдырады,
үкімет əлсіреді, сыртқы саясатта сəтсіздіктер бірінен кейін бірі
жалғасты. Бұрыннан келе жатқан мемлекеттік тəртіп бұзылды,
əлеуметтік құрылым ыдырады. II ғасырдың аяғына қарай
император іс жүзінде биліктен айырылды. Жергілікті ел тұтқалары
мен қолбасшылар елдің жекелеген аудандарында өз биліктерін
нығайтып, бір-бірімен үздіксіз соғысып жатты.
Сол кездегі ойшылдар бұл дағдарысты хаостың, “дүрбелең
ғасырдың”, “жаппай жауығудың, көре алмаушылықтың” баста-
масы деп бағалады. Хань əулетінің құлауымен қытайдың бірлігі
бұзылды. Бұрынғы империяның аумағында бір-біріне қарама-қарсы
тұрған үш патшалық: батыста Дуньхуаннан бастап (солтүстік
Қытайдың көп бөлігін) шығыста Ляодунге жəне оңтүстікте Хуанхэ
мен Янцзы өзендерінің аралығына дейінгі жерді алып жатқан Вэй
(220—265) патшалығы; Сычуаньды, Ганьсу мен Шэньсидің оңтүстік
аудандарын, Юньиань мен Гуйчжоудың көп бөлігін, Гуансидың
батысын қамтыған Шу (221—263) патшалығы; империяның оңтүстік-
шығыс аудандарын біріктірген У (222—280) патшалығы құрылды.
Бұл патшалықтардың негізін қалаушылар бұрынғы империяның
үлгісімен мемлекет құруға тырысты. Бірақ олардың бұл əрекеттері
нəтижесіз аяқталды. Патшалықтардағы билік əскери диктатура
түрінде жүзеге асырылды.
Үш патшалық кезіне қарай жергілікті өкімет биліктерінің ішінде
де құрылымдық өзгерістер орын алды. Ұзаққа созылған ішкі
соғыстардың барысында империялық шенеуніктік əкімшіліктің
орнына провинциялық бекзаттардан шыққан əскери жəне саяси
жетекшілер үстемдік жағдайға ие болды. Өз позицияларын сақтап
қалған облыстар мен округтердің басшылары да өз əскерлерін
жасақтап алып, халықтан жиналатын салықты жиі-жиі өздері сіңіріп
кетіп отырды.
Вэйдің (кейінірек басқа патшалықтар) орталық өкіметі бұл
жағдайды шенеуніктерді мемлекеттік қызметке қабылдаудың жаңа
жүйесінің көмегімен өзгертуге тырысты. Ол жүйе “деревнялық
категориялар” деп аталды. Арнайы бөлінген уəкілдер жергілікті
жерлердегі үміткерлердің қадір-қасиеттерін ерекше “категориялар”
бойынша бағалауға тиіс болды. Бірақ бұл жүйе тиімді болмады да,
жергілікті бекзаттардың өз қалаулыларын тағайындау құралына
айналып кетті. Үш патшалықтың ішкі тұрақсыздығы олардың
арасындағы өзара соғыстармен онан əрі шиеленісе түсті.
Ақырында Вэй патшалығы жеңіске жете бастады. 263 ж. ол Шу,
ал 280 ж.— У патшалықтарын бағындырып, өзіне қосып алды.
Ел бір патшалыққа бірігіп, Цзинь империясы деп аталды. Оның
негізін Сыма Янь қалады. Оның билігі де əскерге жəне жекелеген
ақсүйектерге арқа сүйеді. Өз билігінің тірегін нығайту мақсатымен
Сыма Янь 20-ға жуық облыстарды өз туыстарына үлестіріп берді.
Олар тез байып алып, Сыма Янь өлген соң (290) өзара соғыса
бастады. Ол соғыс “сегіз князь бүлігі” деп аталды. Небəрі 10 жылдан
12
13
соң елдегі тұрақтылық пен бірлік қайта бұзылды. Талас-тартыстар
мен төңкерістер 306 жылға дейін созылып, елді саяси-экономикалық
дағдарысқа ұшыратты. Бұл қалжырау елді IV ғасырдың басында
Қытайдың солтүстік жəне батыс аудандарына басып кірген көшпенді
жəне жартылай көшпенділер тайпаларының оңай олжасына айнал-
дырды.
IV ғасырдың басында Қытайға ғұндар шапқыншылығы
күшейді. Ғұндардың 5 тайпасының өкілдері «шаньюй» деп
аталған жоғары басшы сайлайтын. Шаньюйлер Қытай импера-
торларының қыздарына үйленіп, олардың үлкен ұлдары қытай
императорларының сарайында тəрбиеленетін.
Қытайдағы өкімет билігі əлсірей бастаған соң 308 ж. ғұндардың
Лю Юань деген шаньюйі Хань патшасы деп жарияланды. 311
ж. ғұндар Лоянды, 316 ж.— Чанъаньды алды. Цзинь императо-
ры тұтқынға түсті. Енді ғұн əскер басшыларының арасында ала
ауыздық туып, жікке бөліну басталды. Шаньюй Лю Юаньнның бір
ұрпағы Қытайдың солтүстік-батысында Үлкен Чжао мемлекетін
құрды. Ши Лэ деген əскер басшысы Лоянның шығысында Кіші Чжао
мемлекетін құрды. Ғұндардың бұл екі патшалығының арасындағы
күрес 324 ж. Кіші Чжаоның жеңісімен аяқталды.
Ғұндар шапқыншылығы нəтижесінде Қытайдың солтүстігінде
Цзинь билігі жойылды. Ол əулеттің билігі орталық жəне оңтүстік-
шығыс аудандарда ғана сақталды. Янцызы өзенінің оңтүстігіне
қоныс аударуға мəжбүр болған Цзинь əулетінің өкілдері Шығыс
Цзинь (317—420) деп аталған мемлекет құрып, билік жүргізді. Осы
кезден бастап елдің саяси тарихы екі жарым ғасыр бойы солтүстік
жəне оңтүстік болып бөлінуі жағдайында өтті.
IV ғасырдың 60- жылдары Қытайдың солтүстік-батысынан
көшпелі сяньбиліктер басып кірді. Олардың ішіндегі күштілері
муюн мен тоба тайпалары болды. 367 ж. тобалықтар солтүстік-
шығыс Қытайда өз билігін орнатты. Ол 534 жылға дейін өмір сүріп,
«Солтүстік Вэй» мемлекеті деп аталды.
Солтүстік-батыста Қытайға тибеттіктер шабуыл жасап, Ганьсу,
Шэньси, Нинся провинцияларын басып алды. Олар Цинь деп аталған
мемлекет құрды. 383 ж. Фэйшуй өзенінде олардың əскері Оңтүстік
Қытай əскерімен соғысып, жеңіліп қалды. Сөйтіп, солтүстікті
қайтарып алу мүмкіндігі жүзеге аспай қалды. 420 ж. Цзинь əулеті
құлап, кейінгі 160 жыл ішінде оңтүстікте 4 əулет бірінен соң бірі
билік құрды.
ІІІ-ғасырдың 60—80 жылдарындағы Қытайды біріктіру үшін
жүргізілген күрес кезінде халық көп қырылып кетті. 100 жыл ішінде
қытай халқының саны 50—56 миллионнан 16 миллионға дейін
азайып қалды. Солдаттар мен «буцюй» деп аталған жалдамалы
қорғаушыларына байлар шағын жер үлестерін бөліп берді. Ірі жер
иелері өз иеліктерінде «биньке» деп аталған үй-жайы жоқ кедейлер
мен «кэху» деген кірмелердің еңбегін пайдаланды.
280 ж. Сыма Янь жер иелігін, аграрлық жүйені өзгерту жөнінде
жарлық шығарды. Ол жарлық бойынша жер — мемлекет меншігі
болып саналды. Бірақ ол жерлерді пайдаға асырып, салық жинап
отыру үшін феодалдарға бөліп беріп отыратын болды. 16 мен 60
жастың арасындағы еңбекке жарамды еркектер мен əйелдер «дин»
деп аталған негізгі салық төлеушілер болды. Олар көлемі 70 мудан
тұратын толық үлес алды. Үлесі үшін салық төледі жəне жылына
20 күн қазына пайдасына мемлекет жерінде тегін еңбек етті. Əр
еңбекке жарамды адамға өзінің толық үлесінен басқа «кіші үлес»
деп аталған 50 му мемлекет жері берілетін. Ол жерден түскен өнім
қазынаға өткізілетін.
Вэй патшалығының Сыма Лан деген шенеунігі жер реформасы-
ның жобасын ұсынды. Жоба барлық бос жатқан жерлерді
императордың (мемлекеттің) меншігі деп жариялады, ол жерлерді
үлестерге бөліп, мемлекетке тəуелді шаруалармен қоныстандыруды
көздеді. Бұл жоба жүзеге аспай қалды, ол үшін қажетті саяси алғы
шарттар — орталықтандырылған күшті өкімет билігі қалыптасқан
жоқ еді.
Солтүстік Қытайдағы тобалықтар құрған мемлекетте де фео-
далдық қатынастар қалыптаса бастады. 477—485 жылдардағы
жарлықтармен үлестік жүйені пайдалану тəртібі бекітілді. Жер мем-
лекет меншігі деп жарияланды. Император ол меншіктің ең жоғарғы
иесі деп көрсетілді. Қазынаның жері шаруаларға үлес ретінде бөлініп
берілді. Ол үлес егістік, өндірістік (бау-бақшалык) жəне үй-жайлық
участоктерден тұрды.
Егістік үлес 15 пен 70 жас аралығындағы жұмысқа жарам-
ды шаруаларға уақытша пайдалануға берілді. Ол үлес белгілі бір
мерзімде қайта бөлініп тұратын болды; сатуға, сатып алуға, жалға
беруге тыйым салынды. Үлес иесі жұмысқа жарамай қалса, қайтыс
болса, өкімет ол үлесті басқа біреуге беретін. Қосымша үлес — əрбір
жұмысқа салынатын малдың басына қарай берілді.
Өндірістік (бау-бақшалық) үлес əкеден балаға мұра ретінде қала
берді. Тек ол үлесті өңдеп отыратын жан басы қалмаса ғана өкімет
14
15
басқа біреуге беріп отырды. Бау-бақшалық (өндірістік) үлесті сату,
сатып алу заңға сəйкес жүргізілді; рұқсат — жер аздық, немесе көптік
етіп жатса берілді. Үй-жайлық участок өмір бақилық берілетін.
Солтүстік Вэйдің аграрлық заңы мен практикасында сақталған
жерді пайдалану тəртібі «тең жер жүйесі» деп аталды. Ең үлкен жер
үлесінің көлемі 120 мудан аспауға тиіс болды. 485 жылғы низамда
(декрет): «жер жеткілікті болып жатса, басқа жерге көшуге болмай-
ды»,— делінді.
Жер салығы үш түрлі болды: егістік жерден егінмен, өндірістік
(бау-бақшалық) жерден — матамен немесе жіппен өтеу жəне еңбек-
пен өтеу салықтары. Сыма Яньннің реформасынан айырмашылық
— салықтың басты түрі еңбекпен өтеу емес, оброк, яғни азық-
түлік салығы болды. Мұрагерлікпен өтейтін салық шаруалардың
белсенділігін арттырып, мол өнім алуға ынталандыра түсті.
Қытайды біріктіру үрдісін «Гуаньлун тобы» деп аталған əскери-
саяси топ білдірді. 581 ж. осы топтың көрнекті өкілі, солтүстік
Қытайдағы əскер басшысы Ян Цзянь тақты басып алып, Суй
əулетінің (581—618) негізін қалады. Үш ғасырға жуық бөлінуден
кейінгі Қытайдың қайта бірігуі саяси, экономикалық, əлеуметтік
жəне мəдени өмірде феодалдық қатынастардың орнығуындағы
маңызды фактор болды.
589 ж. Ян Цзянь Солтүстік жəне Оңтүстік Қытайды өзіне бағын-
дырды. Ол Вэн-ди деген атпен император деп жарияланып, 581—604
жж. билік құрды. Оның мұрагері Ян Гуан (605—617) билік құрған
кезде Қытай Корея мен Вьетнамдық Вансуан мемлекетіне қарсы
басқыншылық соғыстар (611—614) жүргізді. Соғыс ауыртпалығы
қарапайым салық төлеуші халыққа түсті. Олар өз наразылықтарын
көтерілістер арқылы білдірді. Көтерілістің негізгі ошақтары
Шаньдун, Хэбей, Хэнань болды.
Суй əулетінің билігі ұзақ болмады. 618 ж. шыққан тегі жағынан
жартылай түрік Ли Юань деген Солтүстік Қытай əкімі империядағы
билікті басып алып, жаңа Тан əулетінің негізін қалады. Бұл əулеттің
билігі 907 жылға дейін созылды. Ли Юаньның баласы Ли Ши-минь
(Тайцзун деген атпен белгілі) билік құрған (626—649) кезде, яғни
628 ж. ел біріктірілді.
630 ж. Қытай Шығыс Түрік қағанатын талқандады. Сұлтан
Селим тұтқынға түсті. Қағанаттың біраз жері Тан империясының
құрамына қосылды. 634 жылы жаңа құрылған Тибет мемлекеті
Чанъаньға елшілік жіберді. Бірақ соның артынша тогандықтар үшін
екі елдің арасында соғыс басталып кетті. Тибет əскері бірнеше рет
Сычуанға басып кірді. Соғыс 647 ж. тоқтады. VII ғасырдың аяғында
тибеттіктер Ұлы жібек жолына шабуыл жасап тұрды. Қытай əскері
жеңіліп қалып отырды. 882 жылғы келісім бойынша Қытай өзінің
Тибеттегі ықпалынан айырылды.
645 ж. ұйғыр əскері Шэньсиге шабуыл жасады. Қытай əскері оған
тойтарыс берді.
VII ғасырдың екінші ширегінде орталық билікті өз ықпалында
ұстап отырған «Гуаньлун тобы» оппозициялық əскери-саяси
топтардың қарсылығына тап болды. Ол топтардың ішіндегі күштісі
«Шаньдун тобы» еді. Оның мүшелері жаңадан байып келе жатқан
қарапайым халықтың ішінен шыққан қызметкерлер болатын. Екі
топтың теке-тіресі Ли Ши-минді тектік тізімді қайта қарауға мəжбүр
етті. Жоғары лауазымды қызметке тағайындалу үшін мемлекеттік
емтихан тапсырып, конкурстан өту тəртібі енгізілді.
Енді шыққан тегіне қарай емес, білімі мен қабілетіне, іскерлігіне
қарай қызметке қабылдау ережесі бекітілді. Шенеуніктер 9 кате-
горияға бөлінді. Əр категория өз дəрежесіне сай жер үлесін иемденді.
Орталықтандырылған өкімет 6 министрліктен тұрды. Жергілікті
жерлерді губернаторлар басқарды. Облыстар округтерге, округтер-
ауылдарға бөлінді. Ауылдың өзі 5 үйден тұратын аулаға (линь)
бөлінді. 5 аула бір лиді құрады.
Империяның экономикасының негізін жақсы дамыған ауыл
шаруашылығы қалады. Ол елдің көптеген аудандарында жасанды
суару жүйесі арқылы дамып отырды. 605—617 жылдар аралығында
сонау б.з.д. VI ғасырда салына бастаған Хуанхэ мен Янцзы өзенде-
рінің аралығындағы Ұлы Каналдың (қытайша Юньхэ, яғни Көліктік
өзен. Тунсяннан Ханьчжоуға дейінгі аралықта. Ұзындығы 1782 км.)
1000 шақырымдық желісі қазылды. Ирригациялық жүйе кеңейе
түсті.
Тыңайтқышты қолдану, жерді өңдеу мен егістікті күтуді жетілдіру
— өнімді арттырды. Қытайлықтар өте жоғары сапалы темір өндірді;
ол темірден жасалған еңбек құралы тек ауыл шаруашылығының
ғана емес, сондай-ақ қолөнерінің, құрылыс ісінің, кеме жасаудың,
сəн бұйымдары мен қару-жарақ жасаудың жетіле түсуіне зор үлес
қосты.
16
17
VІІІ—ХІ ғасырлардағы Қытай
1. Мемлекеттің шекарасы; 2. Мемлекеттер астаналары;
3. Сун империясының ірі сауда орталықтары; 4. 874—876 жж.
шаруалар соғыстарының алғашқы ошақтары; 5. 994 ж. көтеріліс
ауданы; 6. Хуан Чао басқарған шаруалар армиясының жорықтары.
VІІ—VІІІ ғасырларда Қытай, əсіресе Араб халифатымен,
Индиямен, Сиаммен жəне Вьетнаммен қызу сауда жүргізді. Жібек
жолы арқылы Қытай Орта, Солтүстік, Батыс Азия елдерімен де сау-
да қатынасын орнатты.
657 ж. Су Дин-фан басқарған Қытай əскері Батыс Түрік қағанатын
талқандады. Бұл соғыста Қытай ұйғырлармен одақтасты. Батыс
қағанаттың қайта өрлеуі көпке созылмады. Ол 679 ж. екінші Шығыс
қағанатпен одақтаса отырып шабуыл жасаған Қытай əскерінен
толық жеңілді. Осы жеңістен кейін қытайлықтар Ташкентті (Шаш)
Ши-Го, Таразды — До-ло-сы, Шу-Қорағаты өзендерін — Шуан-Хэ,
Алматыны — Тяо-Лин, Жоңғар қақпасын — Хин-Лас деп атай баста-
ды. Қытайлықтарды Батыс Қағанаттан 751 ж. арабтар қуып шықты.
VІІ ғасырдың аяғына дейін Қытай сыртқы басқыншылық сая-
сат жүргізді, ал VІІІ ғасырдың бірінші жартысында басып алған
жерлеріндегі билігін сақтап қалуға тырысты.
Феодалдық топтардың өзара қырқысуларының шиеленісуі
нəтижесінде Ли Чжи (650—683) императордың тұсында сарай
төңкерісі болып, билікті оның əйелі У Цзя — Тянь басып алды да,
684 жылдан 705 жылға дейін билік құрды. Ол Ли Чжиді қолдайтын
«Гуаньлун тобын» биліктен қуды; 690 ж. өзін «Аспан асты елінің
иесі» деп жариялады. Тан əулетін Чжоу əулеті деп ауыстырды. 705
ж. билікке Ли Сянь келген соң əулеттің Тан деген аты қайта қалпына
келтірілді.
Сюаньцзун император (713—756) билігі кезі — Тан империясы-
ның гүлдену кезі болды. 754 жылғы халық санағы елде 9 млн. 610
мың отбасы бар екендігін көрсетті. Еңбекке жарамды, салық төлеуге
міндетті адамдардың саны 52 млн. 880 мың болды.
755 ж. Ішкі Моңғолияның біраз бөлігін, Шаньси мен Хэбейді
басқарып отырған Ань Лушань Сюаньцзунге қарсы көтеріліске
шықты. Ол көп өтпей империяның екі астанасын — Лоян мен
Чанъаньды басып алды. Сюаньцзун Сычуаньға қашты. Ань Лу-
шань өзін император деп жариялады.
Бірақ Тан əулеті құламай, аман қалды. Оны көтерілісшілер
арасындағы алаауыздық құтқарып қалды. Ань Лу-шаньға қарсы
оның билігін мойындағысы келмегендер бірлесіп күреске шықты.
Оларға көмекке негізінен ұйғырлардан құрылған жалдамалы əскер
көмекке келді. 757 ж. Ань Лу-шань өлтірілді. Енді бүлік Ши Сы-
миннің басшылығымен онан əрі жалғасты. 763 жылы көтеріліс
толық басылды. Əулет таққа қайта отырды. Бірақ империя мен оның
өкіметі əлсірей бастады. 763 ж. тибеттіктер империяның астанасы
Чанъаньды талқандады.
18
19
VІІІ—ІХ ғасырларда Қытайға ұйғырлар қауіп төндіріп тұрды.
840 ж. ұйғырларды Енесай қырғыздары талқандаған соң ғана бұл
қауіп жойылды. Дегенмен Шығыс Түркістанның солтүстігінде
ұйғыр иеліктері сақталып қалды. Оның астанасы Бишбалық бол-
ды. Ұйғырлар Қытайдың ішіндегі феодалдық өзара қырқысуларға
бұрыннан араласып келе жатқан болатын. Империяның əлсіздігін
біліп отырған ұйғырлар оның шекарасын жиі-жиі бұзып өтіп
тұратын. Олар өздерін империя ішінде басқыншылар сияқты
ұстайтын. Олар астана — Чанъаньда да өздерін дөрекі ұстап,
халықтың үрейін ұшыратын. Ұйғырлар Қытайдан Орта Азияға ба-
ратын керуен жолын өз бақылауында ұстады. 843—847 жж. Қытай
ұйғырларды талқандап, олардың қаупінен біржолата құтылды.
Қытайға ұйғырлар қаупінен де зор қауіп оның солтүстік-
шығысындағы көршісі қидандерден төнді. Кидандердің тайпалық
одағы Батыс Моңғолия мен Маньчжурияның біраз бөлігін
мекендейтін. Кидандар IX ғасырдың аяғында күшейді. 916 ж.
кидандардың Елюй руынан шыққан көсемі Апоки (Амбиган) өзін
император деп жариялады. 937 жылдан бастап Елюй əулетінің аты
да мемлекеттің аты сияқты, Ляо деп аталды.
Апоки (926 ж. өлді) мен Ляоның кейінгі басшылары Солтүстік
Қытайдың саяси өміріне араласып отырды. Билік үшін күресуші
Қытай феодалдары қидандардан көмек сұрап отырды. Ақысына
жібек мата, жер берді. Осылай қазіргі Хэйбэй мен Шаньси
провинцияларының аумағындағы 16 округ Пекин, Датун, т.б.
қалаларымен қидандардың қол астына көшіп кетті. Пекин — Ляо
империясының астанасына айналды.
Қытай халқы Кидандарға бағына қоймады, керісінше оларға
қарсы көтеріліске шығып отырды. Кайфынның билеушісі Чай Жун
қидандарға қарсы жорық бастады. Ляо мемлекетіне қарсы соғыс
елге зор ауыртпалық əкелді.
Чай Жун қайтыс болғаннан кейін 960 ж. ұлан өзінің қолбасшысы
Чжао Куан-иньді император деп жариялады. Ол қидандарға қарсы
жорықты тоқтатты. Кайфынның феодалдары, əскер, қала халқы
өзара қырқысуларды тоқтатуды, елдің бірігуін қалап, жаңа ел басыға
қолдаушылық көрсетті.
VIII ғасырдың 30- жылдары Тан империясының 6 кодекстен
тұратын заңдары құрастырылып, 763 ж. салық жүйесіне өзгерістер
енгізілді. Енді салық мүлкінің мөлшеріне, байлығына қарай салы-
натын болды.
780 ж. бірінші министр Ян Яньның ұсынысы бойынша бұрынғы
үлестік шаруалар атқаратын «үштік міндеткерліктерді» жою ту-
ралы заң қабылданды. Ол заң ірі жер иелеріне қарсы бағытталды.
Мемлекеттік аппарат жерді қайта бөлуден, шаруаларды жер үлесімен
қамтамасыз етуден бас тартып, шаруалар мен жерді «жұтып
қоюмен» күресуді тоқтатты. Енді салық бір көрсеткіш бойынша ғана
— мүліктің мөлшеріне, жердің көлеміне қарай салынатын болды.
Салық төлеушінің жасы мен жұмысқа жарамдылығы есепке алын-
бады. Барлық халық (аулалар) жер иеліктерінің мөлшеріне қарай 9
категорияға бөлінді.
Ян Янь реформасы деп аталған бұл заң бұрын салықтан
босатылғандарды немесе жасырынып жүргендерді салық тө-
леушілер қатарына қосып, айрықша есепке алды. Салық төлеушілер
қатары қала тұрғындарының, яғни саудагерлер мен қолөнершілердің,
шенеуніктердің есебінен өсе түсті.
Салық төлеудің екі кезеңі белгіленді: жазда жəне күзде. Салық
ақшамен де төлене алатын болды. Мұндай тəртіп «қуатты үйлер»
мен помещиктердің берекесіне тиген ауыр соққы болды. Ян Янь
реформасы жерді сату-сатып алу еркіндігін бекітті. Бұл рефор-
ма үлестік жүйенің құлдырауын, жерге жеке меншіктіктің орнау
жеңісін мойындау болды. Бұл реформадан кейін елде жүз жылдай
уақытқа тыныштық орнады.
Сөйтіп, VIII ғасырдың 80-ші — IX ғасырдың 70- жылдары —
Тан империясының экономикалық даму, гүлдену жылдары болды.
Империяның халқының саны 60 миллионға жетті.
IX ғасырдың соңғы ширегіне қарай ел ішінде өкіметке қарсы
наразылық қайта өсе бастады. Ол наразылық ақыры көтеріліске
əкеліп соқты. 874 ж. Қытайдың солтүстік шығысында шаруа-
лар көтерілісі басталды. Оны алғаш тұз сатумен айналысатын
ұсақ саудагер Ван Сянь Чжи басқарды. Көтерілісшілер Шаньдун
провинциясының біраз қалаларын басып алды. Шаруалардың жеке
отрядтары көп ұзамай үлкен армияға бірікті.
878 ж. кезекті бір шайқаста көтерілісшілер армиясының қол-
басшысы Ван Сянь-чжи қаза тапты. Енді басшылық оның орынбаса-
ры Хуан Чаоның қолына көшті. Көтерілісшілер аймақтарды бірінен
соң бірін алып, қарсыластарын қатаң жазалап отырды. Байлардың,
шенеуніктердің жерлерін тартып алып, мал-мүлкімен қоса кедей-
лерге үлестіріп берді.
Шаруалар армиясы елді солтүстіктен оңтүстікке қарай кесіп өтіп,
тіке шабуылмен үлкен сауда қаласы Гуанчжоуды (Кантон) алды.
Көтерілісшілер өздерінің күшін толықтырып алып, солтүстіктегі
астана — Чанъань қаласына қарай жорыққа шықты. Көтерілісшілер
20
21
қатарында бұл кезде 500 мың адам бар еді. Көтерілісшілер қалаға та-
янып қалған кезде императордың əскері де, өзі де астанадан қашып
кетті. 881 ж. 10- қаңтарда астананы басып алған көтерілісшілер Хуан
Чаоны император деп жариялады. Хуан Чао ауыр салықты жойды,
кедейлер мен көтеріліске қатысушыларға императордың қамбасынан
астық бергізді.
Көтерілісті басу үшін император солтүстіктегі көшпенділерді
көмекке шақырды. Хуан Чаоның əскері 883 ж. 20- мамырда Чанъань
қаласынан қуылды. 884 ж. Хуан Чао қаза тапты да, көтеріліс
негізінен басылды. Онан əрі көтеріліске Хуан Чаоның жиені Хуан
Хао басшылық жасады. Бұл көтеріліс 901 ж. толығымен басы-
лып, елде тыныштық орнай бастады. Көтеріліс кезінде көптеген
феодалдар мен шенеуніктер қырылды, олардың жерінің бір бөлігі
шаруалардың қолына өтті.
Көтеріліс Тан əулетінің билігін əлсіретті. Көтерілістен кейін бұл
əулеттің билігі бүкіл Қытайды бірдей қамтымады. 907 ж. Тан əулеті
тақтан тайдырылды. Сол жылы Чжу Вэнь сарай төңкерісін жасап,
соңғы Тан императорын құлатты. Осы жылдан бастап тарихқа
«бес əулет жəне он патшалық» деген атпен енген кезең бастал-
ды. Ол 960 жылға дейін созылды. Бұл кезде солтүстік Қытайдың
шаруашылығы қалпына келтіріліп, халқының саны өсті, қаражат
жағдайы жақсарып, əскери күші нығайды. 954 жылдан бастап кейінгі
Чжоу əулеті елді өз қол астына біріктіруге кірісті.
«Бес əулет пен он патшалық» кезеңі — қытай қоғамының ерте
феодализмнен дамыған феодализмге өту кезі болды. 960 ж. Қытай
Сун əулетінің (960—1279) қол астына біріге бастады. Ол əулеттің
негізін Чжоу патшалығының талантты қолбасшысы Чжао Куан
инь (927—976) калады. Жаңа əулеттің астанасы алғаш Бянь (қазіргі
Кайфын), кейін — Шығыстағы Ханчжоу қаласы болды.
993—997 жылдары жаңа əулетке қарсы Ван Сяо-бо, Ли Шуань
жəне Чжан Юя басқарған көтерілістер болды.
Ерте орта ғасырлардағы Қытай мəдениеті өз заманының ең озық
мəдениеті болды. XI ғасырда Қытайда 2 мыңнан астам қала болды.
VIII ғасырдың басында Қытайда «Астана хабаршысы», «Столичный
вестник» атты газет шықты. Ол XX ғасырдың басына дейін шығып
тұрды.
Қытайлықтар математиканы, астрономияны, жағырапия мен
тарихты жақсы оқып, үйренді. Олар ІХ—Х ғасырларда компас пен
оқ-дəріні ойлап тапты. VIII ғасырда Қытайда Ханьлин академиясы
ашылды. Ортағасырлық Қытайдың жылнамалары өте көп болды. Тек
Сун империясынан /960-1279/ 500 томдық жылнама қалды. Қытайда
жүз мыңдаған қолжазбалары бар көптеген үлкен кітапханалар
болған. Орасан зор елді басқару үшін үкіметке сауатты адамдар ке-
рек болды. Ірі қалаларда мектептер ашылды. Шенеунік болып шығу
үшін қиын емтихандар тапсыратын.
Егіншілік, металл қорыту, фарфор жасау, тағы басқа кəсіптер
жөнінен оқулықтар шығарылды. Қытай дəрігерлері көптеген
өсімдіктерден дəрі жасау тəсілін білді. Олар қиын операциялар жа-
сады. Қытай медицинасының ірі табысы — шешек ауруына қарсы
егу болды. Қытайлықтар өз елінің тарихын мұқият зерттеді. Бұл ту-
ралы Қытай мəтелінде: «Өткенді ұмытпа, ол болашақтың ұстазы»
делінді.
VIII—ІХ ғасырларды Қытай поэзиясының “алтын ғасыры” деп
атайды. Оның көрнекті өкілдері Ли Бо /702—762/, Ду Фу /712 770/, Бо
Цзюй-и /772—846/ болды.
Императорлар мен ірі феодалдардың тапсырыстары бойынша
зəулім сарайлар мен пагодалар салынды. Пагода деген көп қабатты
мұнара түрінде ағаштан, тастан, қоладан жəне темірден салынған
ғибадатханалар. Төбесінің жиегі жоғары иілгендігі, жалпақ кар-
низдері оны жеп-жеңіл, көкке қарай қанатын қомдағандай етіп
көрсетеді. Көптеген үйлер түрлі əшекейлі оюлармен өрнектелді.
Суретшілер арнаулы мектептерде білім алды. Астанада сурет
академиясы ашылды. Бейнелеушілер картиналарды ұзын жібекке
немесе бүктемелі қағазға бояумен немесе тушьпен салды.
Қытайлықтар пейзажды «тау жəне су» деп атады. Бұлар таби-
ғатты аңыз дүниесі, қуаныш пен жарқындық дүниесі деп көрсетеді.
Суретшілер кейінірек суретті тек қара тушьпен салатын болды. Онда
жемістер, үлбіреген гүл мен жапырақтар, аң мен құстар бейнеленді.
Мұндай суреттерді «гүл мен құстар» суреті деп атады.
Астанада таңдаулы суретшілер картиналарының көрмелері ұйым-
дастырылды.
Сөйтіп ерте орта ғасырларда Қытай халқы ғылымда, техника мен
өнерде үлкен табыстарға жетті.
Ə д е б и е т т е р:
1. История стран Азии и Африки в средние века. Т. 1.— М.: МГУ,
1987.— 12—38; 173—187 бб.
2. История Востока. Т. 2. Восток в средние века.— М: «Восточная
литература» РАН, 1995.— 67—83, 157—173 бб.
3. История Китая с древнейших времен до наших дней.— М.:
Наука, 1974.
22
23
Достарыңызбен бөлісу: |