Ана тілінің абыз анасы – РӘБИҒа сыздық



Дата26.09.2024
өлшемі44,53 Kb.
#145786

АНА ТІЛІНІҢ АБЫЗ АНАСЫ – РӘБИҒА СЫЗДЫҚ

Қазақ тілін насихаттау, тілдің сөз мұхитына ұрпақты терең бойлатуды мақсат етіп, ұлтқа зор еңбек сіңірген, руханияттағы ғажайып бірегей тұлға, ардақты ұстаз, академик Рәбиға Сәтіғалиқызы.
«Тіліңіз тәтті, ойыңыз қандай! Тыңдадым, ұқтым жан күйіңізді. Болар ем күнде бір жасарғандай, Көп туса қазақ дәл сіздей қызды!...» Бұл жолдар 1946 жылы заманымыздың көрнекті ақыны Қасым Аманжоловтың Ұлттық ғылым академиясының академигі Рәбиға Сыздықоваға арнаған өлеңінен үзінді. Рәбиға Сәттіғалиқызы қазақ филологиясының дамуына өлшеусіз үлес қосқан аңыз тұлға. Оның тіл білімі саласына қосқан үлесі телегей теңіз.
Рәбиға Сыздықова қазақ әдеби тілінің тарихы, жазба ескерткіштер, стилистика, тіл мәдениетін зерттеген.
5 қыркүйек - Қазақстан халқының Тілдері күнінде ұстаз, академик, профессор, өлкемізден шыққан ғалым апамыз Рабиға Сыздықованың туғанына 100 жылдық мерейтойына орай, №4 Максим Горький атындағы қалалық кітапханасы «Сөз құдіреті» атты танымдық сағатың өткізді. Танымдық сағаттың негізгі мақсаты – Қазақ тіл ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан ғалымның еңбектерін дәріптеу, насихаттау. Айтулы шараға Педагогика ғылымдарының кандидаты, Құрметті профессор, еңбек ардагері, Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері Умербаева Күляш Охасовна, Ақбөбек халықаралық мектебінің кітапханашысы Сапарова Лаура Бактыгалиевна, №30 орта мектептің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімдері Сатыбалдина Мейрамгүл Маратқызы, Салиева Жанар Жақсылыққызы және оқушылары, «Кемел білім» мектеп – интернатының кітапханашысы Тасқожина Жазира Ыбырайымқызы және оқушылары, «Айсын» радиожурналистика мектебінің оқушылары қатысты. Кеш барысында қатысқан оқырмандар Рәбиға апамызға арналған қазақ жазушыларының арнауларын оқып, поэзия әлемінен сыр шертті. Күляш Охасовна тіл білімі саласында еңбек еткен ғалым анамыздың ғибратты жолы қашанда жас буынға үлгі екенін жеткізді. «Рәбиға Сәттіғалиқызы – бір өңірдің ғана емес, бүкіл елдің қызы. Ол саналы өмірін ел-жұртына арнаған ғалым. Оның тіл-ғұмыры ұлт руханиятының көкжиегінде жарық жұлдыз болып шырағын жағып тұра берері анық. Егер қазақта Рәбиғадай қыздар көп болса, еліміздің еңсесі ешуақытта түспейді деді.
Рәбиға Сыздық (Құтқожина) 1924 жылы 17 тамызда Ойыл селосында дүниеге келген. Әкесі Сәтіғали Құтқожин Қаратөбедегі алты кластық орыс мектебін бітіргеннен кейін білімді маман ретінде танылып, Ақтөбе қаласында, Ойыл, Байғанин, Арал, Темір аудандарында, негізінен аудандық байланыс бөлімінің бастығы лауазымды қызметін атқарады, бірақ 1937 жылы талай ел ардақтыларының қатарында ұсталып, хабарсыз кетеді.
«Халық жауының ұрпағы» ретінде көрген қиындықтарға, бастан кешкен ауыртпалықтарға да қарамастан, әкеден қалған төрт бала — Шафқат, Хамит, Рәбиға, Роза аналарына сүйеу, бір-біріне қамқор бола жүріп, тіршілік үшін қара жұмыс істеп, бірін-бірі жетектеп, білімге ұмтылады.
Өмірден ерте кеткен үлкен ағасы Шафқат Мәскеуден жоғары білім алған, металлургия ғылымының білгір маманы атанған адам екен. Ал тетелес ағасы Хамит Отан соғысында иықтан төмен қарай оң қолын беріп, елге аман оралғаннан кейін оқу-ағарту саласында жоғары қызмет атқарған, аса білімді педагог, ел сыйлаған зиялы азамат еді. Рәбиға апай Хамит ағасын айрықша үлгі етті. «Ғылым докторы, ғалым, академик дегеннен гөрі мен үшін «Хамиттің қарындасы» деген атақ бәрінен артық» дейтін…
Рәбиға апай 8 класты бітіргеннен соң Темірдегі педучилищеге оқуға түседі. Бұл 1940 жыл еді. Отбасына қарайласу үшін жас Рәбиға оқуын тоқтата тұрып, педучилищенің ІІ курсынан бастап, 16 жасында Алға бекетіндегі бастауыш мектепке мұғалім болып орналасады.
Қазақ тіл ғылымының бірегей ерен тұлғасының еңбек жолы осылайша басталған еді.
Алғашқы шуақты сезімін арнаған сүйікті жары — қазақтың тұңғыш дипломаттарының бірі Мақаш Сыздықов жастай бақи дүниеге аттанғанда, екі-үш жасар ұлы Әсетпен қалған жас ананың алдында өмір тосқауылдары да аз болмады. Кейінірек қазақтың қасиетті адалбақаны басқа шаңырақты биікке көтереді, өзімен тағдырлас атақты өнер иесі — Шахан Мусинмен бас қосқан Рәбиға апай қазақ әйеліне тән болмыстың алуан қырын баршаға танытты. Ұзақ жылдар бойы әдемі сыйластықтың, отбасы үйлесімін сақтаудың үлгісін көрсетті. Сондықтан да болар, апайдың ақ дастарқанының басында зиялы қауым, замандастар мен жастар бас қосқанда, ақын Шахан аға жыр жолдарымен әр сөзінен жылы лебіз есіп, Рәбиға апайға қарап тұрып айтып беретін. Ұлы Әсет пен қызы Мақпалдың алыс-жақын шетелдерден жоғары білім алуына мүмкіндік жасады. Әсет мезгілсіз көз жұмғанда да қара нардай қайыспады.
Сонау 1940 жылдан 2020 жылға дейінгі аралықтағы ғұмырбаяны, кім-кімді де толғанысқа түсіретін өмір тарихы апайдың «Өзге емес, өзім айтам өз жайымды» деген кітабында толық жазылған.
«Халық жауының қызы» деген көзтүрткі атақ соңынан қалмай қойса да, Рәбиға апай мектепте, одан әрі педучилищеде мұғалім болып жұмыс істей жүріп, жоғары білімге ұмтылған арманынан үміт үзбейді. Қарсы соққан дауылға мойымай, алдымен Ақтөбедегі оқытушылар институтына оқуға түседі. Алғыр студент ұлы Абайдың туғанына 100 жыл толуына арналған, Алматыда өтетін алқалы жиынға шақырылады. Осы басқосуда ол мектеп оқулықтарының сапасына қатысты сыни пікір айтады, тіпті залда отырған оқулық авторларының өздері жастың сөзін ден қойып тыңдайды. Өзі батыл, сөзі нық, турашыл мінезді, ойы терең жастың өзгеден өзгеше екендігін аңғарған. Cол кездегі жетекші ғалымдар Рәбиғаны Алматы қаласындағы Қазақ педогогикалық институтының ІІІ курсына қабылдайды. Осы оқу орнында білімін аспирантурада жалғастырады. Алайда «ұлтшылдық» дегеннің салқыны басыла қоймаған болатын, сондықтан қолында үздік дипломы болса да, әке есіміндегі «қара дақ» талай рет алдынан шығып, Рәбиға мамандығына сай жұмыс таба алмайды, кандидаттық диссертациясын қорғауына да тосқауыл қойылады.
Рәбиға апайдың тіл-ғұмырында ұстаздарының орны ерекше. Қай еңбегінде де болмасын, ол өзін алдымен зерттеуші ретінде ұлт ұстазы — Ахмет Байтұрсынұлының және қазақ тіл ғылымының теориялық негіздерін қалаған профессор Құдайберген Жұбановтың идеяларын берік ұстанды.
Ақтөбедегі оқу орнынан келіп, сөзімен жарқ етіп көзге түскен бала студентке батыл шешіммен бірден жоғары курстың дәрісханасынан орын алып берген профессор Ахмеди Ысқақовтың есіміне зор ықыласты еді. Абайдың тілін, сөз өрнегін талдауға тәуекел еткенде, заңғар Мұхтар Әуезовтің «Абайдың сөзін зерттеп көрші» деген тілегі өзін ғалым деңгейіне көтергенін айрықша мақтанышпен айтатын.
Қазақ халқының сақталуы тілінің сақталуына байланысты. Жаһандану заманында ана тіліміздің болашағына, тазалығына ерекше мән беруіміз қажет.

Ақтөбе қаласы, №4 М.Горький


атындағы қалалық
кітапхананың меңгерушісі
Айнұр Сералықызы Досмуратова

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет