- Этногингвистика.Іргелі пән ретінде “Қазақ тілінің тарихи грамматикасы”қазақ тілінің арғы негізі саналатын рулар мен тайпалар тілдері жөнінде де мол хабар береді. Қазақ тілін онымен туыстас басқа тілдерден ерекшелейтін тілдік белгілердің қалыптасу, жүйеге айналу тарихын түсіндіреді. Қазіргі тілімізде кездесетін “қайшылықтар” және жүйелілік құбылыстарының сырын ашып, омонимдік сыңарлардың пайда болу жолы мен тәсілін, көпмағыналылық пен синонимдердің мағыналық дамудың нәтижесінде болатын құбылыс екенін байыпты саралайды.
КУРСТЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ МӘНІ
“Қазақ тілі тарихи грамматикасы” пәні – қазақ тілінің лексикалық, фонетикалық, грамматикалық құрылымының тарихи даму эволюциясын типологиялық, ретроспективті, перспективті, диахрондық, тарихи-салыстырмалы тұрғыда түсіндіреді. Яғни фонетикалық, морфологиялық заңдылықтардың қалыптасу себебі, дауысты, дауыссыз дыбыстардың құрылымы, жіктелу жүйесі, аллофондардың фонемалық деңгейде даму жолы, сингармониялық құбылыс, буын жүйесі, бір буынды сөздердің макромағынасы, оның микромағыналарға жіктелуі, сөз таптарының жіктелу тарихы, грамматикалық категориялардың ролі мен маңызы, сөз мағыналарының дамуы, дыбыстар жүйесіндегі болған өзгерістердің, сөзжасамдық құбылыстардың тілдік лексикалық қорды, құрамды байытудағы ролі, сөзжасамдық процесстердің номинациялық сипаты, мотивация (негіздеме) мәселелері, сөздің грамматикалық құрылымына әсері, сөз тіркесі мен сөйлем жүйесінің эволюциялық дамуы, сөз тіркесінің номинативтілік қасиеті, сөз тіркесіндегі лексикалану процесі, сөйлем құрылысы, коммуникативтік қызметі, айтылым, мәтін, контекст т.б. көптеген күрделі теориялық мәселелер тарихи грамматика пәнінің негізіне алынып, жүйелі түрде қарастырылады.
Тарихи грамматика негізгі теориялық тұжырымдарды қалыптастырып, тілдің бүкіл даму сатыларындағы деректерді жүйелей зерделеп, ортақ заңдылықтарды айқындайды.
Сөз құрамындағы тарихи фонетикалық өзгерістерді анықтау арқылы дауысты және дауыссыз дыбыстардың сәйкесу себебі мен диалектілік ерекшеліктердегі дыбыс сәйкестіктерінің болуы, ең көне дыбыстық фонемалар, олардың аллофондары, аллофондардың даму дәрежесі, сөз мағынасын дамытудағы рөлі сараланады. Бүгінгі тіліміздегі дыбыстардың жіктелу реті мен сапалық сипаты сингармониялық варианттар мен параллельдердің болу себебі, буын жүйесі мен екпін, т.б. көптеген мәселелердің басы ашылады.
Лексикалық мағынаны өзгертуші басты заңдылықтар – протезалық, эпентезалық дыбыстардың тарихын, тілдегі үнемдеу заңын, ішкі флексия құбылысын тереңдей зерделеу барысында анықтайды. Сөздік қордың дамуы, этимон түбірлердің семантикасы терең талданады.
Тарихи грамматикада көне түбірлер мен жаңа түбірлердің генетикалық байланысын анықтау арқылы халық дүниетанымының тереңдігі мен ауқымдылығына көз жеткізуге болады. Түбірлес сөздердің жасалуындағы сөзжасамның рөлі мен маңызы, атау жасауда сөзжасамдық процесстердің орындалу сипаты мен тәсілі анықталып, көне түбірлердің ортақ семасы, өзек семасы, арнайы семалары арасындағы ортақтық, негізділік, себептілік көрсетіледі.
Түбірлер мағынасының даму сипатын семантикалық және ономасиологиялық негізде саралау нәтижесінде түбірлердің лексикалық мағыналары, олардан туындайтын сөзжасамдық және грамматикалық мағыналар анықталады. Сөйтіп барлық грамматикалық мағына беретін тұлғалардың тегі түбірге апаратыны, екеуінің арасында генетикалық тектестік, сабақтастық бар екені айқын болады.
Сөз мағыналарының парадигмасы мен синтагмалық байланысын тарихи тұрғыда зерделеудің де теориялық мәні ерекше. Кез келген сөз тіркесі мен сөйлемнің құралуында парадигмалық және синтагмалық қатынастар үлкен рөл атқарады. Сөз тіркесінің лексикалану процесінің терең тарихи деңгейі айқындалады. Сөз тіркесі түрлерінің дамуы сөздердің лексика-грамматикалық ерекшеліктерімен байланысып жатады. Сөз тіркесінің жасалауындағы валенттілік құбылысының да рөлі ерекше.