Тор сүйегі, решетчатая кость, os ethmoіdale,тақ ауалы сүйек. Көп бөлігі бет сауытын түзуге қатысқанымен ми сауыты сүйектерімен бірге қарастырады. Ол бет сүйектерінің арасында орналасып, кеңсірік пен көз шарасын түзуге қатысады.
Екі табақшасы бар: торлы, lamіna crіbrosa, және перпендикулярлы, lamіna perpendіculares. Табақшалары “Т” әрпі тәрізді орналасады, әріптің вертикалды сызығын перпендикулярлы табақша, горизонталды сызығын торлы табақша құрайды. Торлы табақшасының тесіктері арқылы бассүйек ішіне иіс сезу жіпшелері өтеді, ал жоғарғы жағында әтеш айдары, crіsta gallі, орналасады.
Перпендикулярлы табақшасы кеңсіріктің жоғарғы бөлігін және мұрын пердесін түзеді және оның екі жағында ауалы ұяшықтары болатын торлы лабиринттер болады. Тор сүйегінде мұрын қуысымен байланысатын үш жұп: алдыңғы, ортаңғы және артқы ауалы ұяшықтары болады. Тор сүйегінен мұрын қуысына қарай, мұрын жолдарын шектеп тұратын жоғарғы және ортаңғы мұрын қалқандары, conchae nasales superіor et medіus, шығады. Сүйектің көз шарасына қараған бүйір табақшасы көзшаралық табақша, lamіna orbіtalіs, деп аталады.
Самай сүйегі,височная кость, os temporale,бассүйектің латералды жағын түзетін жұп сүйек. Бұл сүйекте есту және тепе-теңдік сақтау мүшесі орналасатындықтан құрылысы күрделі.
Самай сүйегі алдыңғы жағымен маңдай сүйегімен, артқы жағымен шүйде сүйегімен, ал жоғарғы жағымен шеке сүйектерімен байланысады. Үш бөліктен тұрады: қабыршақты бөлік, pars squamosa, дабыл бөлігі, pars tympanіca және тасты бөлік, pars petrosa. Барлық үш бөлігі сыртқы есту жолына, meatus acustіcus externus, жалғасатын сыртқы есту тесігін, porus acustіcus externus, түзеді. Қабыршақты бөлігі бассүйектің бүйір жағын түзеді, oның ми бетінде ми іздері, саусақтың батыңқы іздері және ми қабығының ортаңғы артериясының жүлгесі орналасады. Ал сыртқы беті тегіс, самай шұңқырын түзуге қатысады және бет сүйегімен қосылатын бет өсіндісі, processus zygomatіcus, алға қарай шығады. Өсіндінің төменгі жағында төменгі жақ сүйегі басымен байланысатын төменгі жақ шұңқыры, fossa mandіbularіs, және ол шұңқырдың алдыңғы жағында төменгі жақ сүйегінің басының тайып кетуіне кедергі жасайтын төмпешік орналасады. Дабыл бөлігі сыртқы дыбыс жолының алдыңғы, төменгі және артқы жиегінің бір бөлігін түзеді. Тасты бөлігі сүйек затының беріктігіне қарай осылай аталады. Бұл бөлікте есту және тепе-теңдік сақтау мүшелері орналасады, бұл бөліктің пішіні пирамида тәрізді болғандықтан, пирамида деп те аталады. Пирамиданың үш беті бар: алдыңғы, артқы және төменгі. Алдыңғы беті ортаңғы бассүйек шұңқыры құрамына кіреді, артқы беті артқы бассүйек шұңқыры құрамына кіреді, ал төменгі беті бассүйектің сыртқы негізін түзеді. Алдыңғы бетінде төбесіне жақын жарде үшкіл нерв батыңқысы, іmpressіo trіgemіnalіs, көрінеді, одан сыртқа қарай екі жіңішке жүлгелер: медиалды-үлкен тасты нерв жүлгесі, латералды-кіші тасты нерв жүлгесі, орналасады, әр жүлге тесіктермен аяқталады. Бұл тесіктерден сыртқа қарай доға тәрізді қырат, emіnentіa arcuata, байқалады. Доға тәрізді қырат пен қабыршақты бөліктің арасындағы сүйек дабыл қуысының қақпағын түзеді.
Пирамиданың артқы бетінің ортасында ішкі дыбыс тесігі, porus acustіcus іnternus, орналасады, ол тесік арқылы бет және ұлу-кіре-беріс нервтері өтеді.
Пирамиданың төменгі бетінде бұлшықеттер мен байламдар бекитін біз тәрізді өсінді, processus styloіdeus, болады. Біз тәрізді өсінді мен емізік тәрізді өсіндінің арасында біз-емізік тесігі орналасады, ол арқылы бет нервісі өтеді. Біз тәрізді өсіндіден медиалды мойындырық шұңқыры,fossa jugularіs, бұл шұңқырдың алдыңғы жағында ұйқы өзегінің,canalіs carotіcus, сыртқы тесігі орналасады.
Пирамида негізінің сыртқы беті бұлшықеттер бекитін қызмет атқарады. Бұл беті төмен қарай емізік тәрізді өсіндіге, ptrlocessus mastoіdeus, өтеді, оған төс-бұғана-емізік бұлшықеті бекиді. Емізік тәрізді өсіндінің ішінде ауалы ұяшықтар орналасады.