Анатомия және физиология пәніне кіріспе


Анабездер, құрылысы мен қызметі. Етеккір циклі туралы түсінік



бет76/120
Дата03.12.2023
өлшемі0,56 Mb.
#133443
1   ...   72   73   74   75   76   77   78   79   ...   120
Байланысты:
Анатомия және физиология пәніне кіріспеg

Анабездер, құрылысы мен қызметі. Етеккір циклі туралы түсінік.
Әйелдің ішкі жыныс мүшелеріне, organa genіtalіa femіnіna іnterna, анабездер, анабез қосалқылары, жатыр түтіктері, жатыр және қынап жатады.
Анабез, яичник, ovarіum, - салмағы 5-8гр-ға жуық, жұп жыныс безі болып табылады. Онда әйелдің жыныс жасушалары (жұмыртқа жасушасы) дамып жетіледі, сонымен қатар әйелдің жыныс гормондары түзіледі. Анабездер кіші жамбас қуысында, жатырдың бүйір жақтарында орналасады.
Анабездің пішіні сопақша, алдынан артына қарай шамалы жуандаған. Оның екі беті: кіші жамбас қуысына қараған – медиалды, facіes medіalіs, және кіші жамбас қабырғасына қараған – латералды беттері, facіes lateralіs; екі жиегі: артқа қараған, дөңес, бос, margo lіber, және алдына қараған, анабез шажырқайы бекінетін шажырқайлық жиектері, margo mesovarіcus, болады. Анабездің шажырқайлық жиегінде ойыстау келген анабез қақпасы, hіlum ovarіі, орналасады. Қақпасы арқылы қан тамырлары мен жүйкелер өтеді.
Анабез вертикалды орналасатын болғандықтан оның жоғарғы және төменгі шеттері бар. Жоғарғы шеті жатыр түтігіне қарап жататындықтан түтіктік шеті, extremіtas tubarіa, ал төменгі, анабездің меншікті байламы арқылы жатырмен байланысатын шеті – жатырлық шеті, extremіtas uterіna, деп аталады.
Анабездің беті бірқабатты куб тәрізді эпителиймен қапталған, ал оның астында тығыз, дәнекер тінді ақ қабық орналасады. Анабездің паренхимасы сыртқы, қыртысты, cortex ovarіі, және ішкі, милы заттардан, medulla ovarіі, тұрады. Қыртысты затында құрамында жұмыртқа жасушалары бар көптеген фолликулалар орналасады. Олардың арасында жетілуші, біріншілік фолликулалар және жетілген, екіншілік фолликулалар (Графов көпіршіктері) болады. Жаңа туылған қыздарда фолликулалардың саны 30-40 мыңға жетеді, бірақ есейген сайын олардың саны кеми береді. Әйелдерде өмір бойы тек 400-500 ғана фолликула жетіледі. Жетілген анабездік фолликуланың диаметрі 0.5-1.0см жетеді, сыртқы және ішкі қабаттардан тұратын дәнекер тінді қабығы болады. Оның ішкі қабатына жұмыртқалық төбешігі бар дәнді қабат жанасып жатады. Жұмыртқалық төбешікте жұмыртқа жасушасы – о в о ц и т орналасады. Жетілген фолликуланың ішінде фолликулалық сұйықтыққа толы қуысы болады. Анабез фолликуласы жетілген сайын бездің беткей қабатына жақындай түседі. 28-30 күнде көбіне бір фолликула ғана жетіледі. Фолликула өзінің протеолитикалық ферменттері арқылы анабездің ақ қабығын ерітеді де, өзі жарылып, жұмыртқа жасушасын босатады. Фолликуланың жарылып, жұмыртқа жасушасының құрсақ қуысына түсу процесін о в у л я ц и я деп атайды. Босатылған жұмыртқа жасушасы алдымен құрсақ қуысына түседі де, одан соң жатыр түтігінің салпыншақтары арқылы ауланып, түтікке енеді.
Жарылған фолликуланың орнында с а р ы д е н е түзіледі. Бұл дене кезеңді (етеккірлік) сары дене деп аталады да, ол өзінен келесі жаңа фолликуланың дамуын тежейтін гормондар (лютеин, прогестерон) бөліп шығарады. Егер жұмыртқа жасушасы ұрықтанбаса етеккірлік сары дене кері дамуға ұшырайды да, орнын дәнекер тін басып, ақ дене түзіледі. Ақ дене жылдар өткен сайын сіңіріліп, орнында тыртық қалады. Сары дене кері дами бастағанда-ақ анабезде жаңа фолликула жетіле бастайды. Егер жұмыртқа жасушасы ұрықтанса, онда сары дене қарқынды дамып, жүктіліктің сары денесі деп аталады. Ол бүкіл жүктілік кезеңінде сақталады және ішкі секреция безінің қызметін атқарады. Жүктіліктен кейін ол да дәнекер тінмен алмасып, ақ денеге айналады. Жарылған фолликулалардың орнында тыртық немесе қатпарлар қалып, адамның жасы ұлғайған сайын олардың саны да көбейе береді. Фолликулалардың жетілуі тек гормондармен ғана емес, сонымен қатар жүйке жүйесімен де бақыланады.
Анабездің милы заты дәнекер тінінен, көптеген қан және лимфа тамырларынан, жүйкелерден тұрады.
Әйелдің етеккір циклі кезеңді қайталанатын жатырдың шырышты қабығының өзгерістері мен анабездегі жұмыртқа жасушасының дамуымен сипатталады. Етеккір циклінің ұзақтығы 28-30 күнге тең, етеккірлік, етеккірден кейінгі және етеккірге дейінгі үш фазадан тұрады. Әр фазада жатырдың шырышты қабығының құрлысы өзгеріп отырады. Етеккір фазасы 3-5 күнге созылады. Бұл фазада шырышты қабықтың қан тамырлары жарылады және функционалды қабаты ығысып, қанмен бірге жыныс жолдары арқылы сыртқа шығады. Етеккір фазасында 40-50 мл жуық қан бөлінеді. Етеккірден кейінгі фаза 12-14 күнге созылады. Бұл кезеңде жетілуші фолликула гормондарының әсерінен жатырдың шырышты қабығы қайта дамиды. Етеккірге дейінгі фаза 10-12 күнге созылады. Бұл фазада шырышты қабық жуандап, оның жасушаларында гликоген, липидтер, витаминдер мен микроэлементтер жиналады. Яғни жатырдың шырышты қабығы ұрықты қабылдауға дайын болады. Егер ұрықтанған жұмыртқа жасушасы шырышты қабыққа енсе (инплантацияланса), онда әрі қарай жүктілік дамиды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   72   73   74   75   76   77   78   79   ...   120




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет