Анатомия және физиология пәніне кіріспе
Анатомия және физиология пәніне кіріспе
Анатомия пәніне кіріспе
Адам анатомиясы - адам денесінің құрылысы мен пішінін, оның қызметін, дамуы және сыртқы орта әсерінен болатын өзгерістерімен байланысты зерттейтін ғылым. Анатомия гректің “anatemne”- кесу, кескілеу сөзінен шыққан, биологиялық пәндердің бірі. Биология саласын адам денесін зерттеуге бағытталған, бір-бірімен тығыз байланысты бірнеше морфологиялық ғылымдар құрайды.
Зерттеу әдістері мен құрылымдық бірліктерді тану деңгейіне байланысты морфология келесі ілімдерге бөлінеді: анатомия-адам денесінің құрылысын мүшелер мен жүйелер деңгейінде; гистология (hystos-тін) – тіндік деңгейде; цитология (cytos-жасуша) - жасушалық деңгейде және эмбриология (embrіon-ұрық) - адам организмінің құрсақішілік даму кезеңдерін зерттейді. Медициналық білім алуда адам анатомиясы негізгі пәндердің бірі болып табылады. Болашақ медицина қызметкерлерінің теориялық және тәжірибелік дайындығы үшін қажетті медико-биологиялық (биология, генетика) және клиникалық (терапия, гинекология, хирургия) пәндерді үйренуге анатомиялық білім керек.
Қазіргі кезде анатомияның бірнеше түрі бар: топографиялық, жүйелік, жас ерекшелік, салыстырмалы, мүсіндік, функционалдық және т.б.
Топографиялық анатомия - денедегі мүшелердің өзара орналасу тәртібін зерттейді.
Жүйелік анатомия - организмдегі құрылымдарды жүйелерге біріктіру арқылы зерттейді. Мысалы: тірек-қимыл жүйесі, ас қорыту жүйесі, несеп-жыныс жүйесі.
Жас ерекшелік анатомия - адам денесіндегі жасына байланысты болатын өзгерістерін зерттейді.
Салыстырмалы анатомия - адам организмін жан-жануарлар организмімен салыстыра отырып зерттейді.
Мүсіндік анатомия - адам денесінің сыртқы пішіні мен дене пропорциясын зерттейді.
Функционалдық анатомия - организмнің жеке бөліктерін оның қызметіне байланысты қарастырады.
Адам денесін зерттеу әдістері
Адам денесін үйрену үшін бірнеше зерттеу әдістері қолданылады. Зерттеу әдістері екі топқа бөлінеді: тірі адамға және мәйітке жүргізілетін әдістер.
Мәйітке жүргізілетін әдістер:
Кесу, кескілеу әдісі (1.1-сурет). Бұл әдісте қарапайым анатомиялық құралдарды қолдану арқылы мәйітті ашып, мүшелердің құрылысы мен топографиясын үйренуге болады.
Инъекциялық әдіс - қуысты мүшелердің ішіне жарықтандыратын заттар (глицерин, метил спирті, вазелин майын) жіберіп, одан кейін оны препараттау. Бұл әдіс қан тамырлары мен лимфа тамырларын, бронхиалды ағашты және өкпелерді үйренуде қолданылады.
Коррозиялық әдіс - қан тамырларын және ішкі мүшелерді үйрену үшін қолданылады. Бұл әдісте қуысты мүшеге тез қататын зат жіберіп, оны қышқыл немесе сілтілі ертіндіге салады. Ертіндіге салғаннан кейін мүшенің тіні іріп кетеді де, қатты зат мүшенің пішінін береді.
Микроскопиялық әдіс- мүше кесінділерінен препарат дайындалып, оларды микроскоп арқылы зерттеу.
Тірі адамға жүргізілетін әдістер:
Рентгендік әдіс-рентген сәулесін қолдану арқылы ішкі мүшелердің тірі адамдағы ерекшеліктерін қарастыра отырып үйрену (1.2-сурет). Оған рентгеноскопия, рентгенография және рентгенокимография әдістері жатады.
Соматоскопиялық әдіс- адам денесін және оның жеке бөліктерін визуалды қарау арқылы үйрену (1.3-сурет). Бұл әдіс арқылы кеуде торының пішінін, бұлшықеттер тобының даму деңгейін, тері асты май қабатын, омыртқа жотасының түзулігін және дене қалпын анықтауға болады. Клиникада соматоскопиялық әдістерге сипау (пальпация), қағу (перкуссия) және тыңдау (аускультация) жатады.
Соматометриялық немесе антропометриялық әдістер- адам денесінің салмағын, бойын және жеке бөліктерін өлшеу арқылы үйрену болып (1.4-сурет) табылады.
Эндоскопиялық әдіс - мүшелерді арнаулы аспаптар (бронхоскоп, гастроскоп) көмегімен (1.5-сурет) зерттейді.
Ағза және оның құрамдық элементтері
Ағза жүйелі түрде құралған, тарихи қалыптасқан құрылым. Оны құрайтын элементтер: жасуша, тін, мүше, мүшелер жүйесі, ағза. Ағза осы бүтіндігінің арқасында ғана өмір сүреді.
Негізгі анатомиялық түсініктер
Мүшелер және мүшелер жүйесі туралы түсінік. Құрылысы мен қызметі жағынан бір тіндер бір-бірімен байланысып, мүшелерді құрайды. Мүше - организмде белгілі бір орны, пішіні, құрылысы және атқаратын қызметі бар анатомиялық жаратылыс. Мүшелерге сүйектер, бұлшықеттер, асқазан, өкпелер, бүйректер және т.б. жатады. Әрбір мүше бірнеше тіндерден түзіледі, бірақ бір тін негізін түзеді. Мысалы: сүйекте - сүйек, шеміршек, дәнекер тіндерінен тұрады, бірақ негізін сүйек тіні құрайды. Барлық мүшелер қанмен қамтамасыз етіледі және жүйкеленеді.
Атқаратын қызметтері ұқсас, мақсаттары бір мүшелер жиынтығы мүшелер жүйесін (1.11-сурет) құрайды.
Тірек-қимыл жүйесі - сүйектерден, қосылыстардан және қаңқа бұлшықеттерінен құралады. Бұл жүйе арқылы адам кеңістікте қозғалады және дене бөліктерін қозғалтады. Сонымен қатар денеде қуыстар түзіп, ішкі мүшелерге қорған болады.
Ас қорыту жүйесі - тағамды қабылдап, оны механикалық және химиялық өңдеуден өткізіп, қорытылған заттарды сіңіріп, қорытылмаған заттарды сыртқа шығарады.
Тыныс жүйесі - организм мен сыртқы орта арасында газ алмасу процесін жүзеге асырады.
Несеп-жыныс жүйесі - дамуы мен орналасуы жағынан бір-бірімен байланысты бөлу мүшелері мен жыныс мүшелерінен құралады. Бөлу мүшелері қандағы зат алмасу нәтижесінде түзілген организмге
зиянды заттардан және судан несеп түзіп, оны сыртқа шығарады. Жыныс мүшелері көбею қызметін атқарады.
Жүрек-қан тамыр жүйесі - жүректен, қан және лимфа тамырларынан тұрады. Бұл жүйе организм ішіндегі мүшелер мен тіндер арасындағы алмасуды жүзеге асырады.
Жүйке жүйесі - организмді сыртқы ортамен байланыстырады және ішкі мүшелердің қызметін реттейді.
Сезім мүшелері - сыртқы ортадан тітіркендіргіштерді қабылдап, жүйке жүйесіне өткізеді.
Дене бөліктері. Денеге жүргізілетін шартты сызықтар мен аймақтар
Адам денесі бастан, caput, мойыннан, collum, тұлғадан, truncus және жұп қол-аяқтардан тұрады. Тұлғаның өзі кеудеден, thorax, іштен, abdomen және арқадан, dorsum, тұрады.
Адам денесінің бөліктері мен мүшелерінің орналасуын анықтауда бір-біріне перпендикуляр жүргізілетін үш жазықтық (1.12-сурет) қолданылады: фронталды, сагитталды және горизонталды.
Фронталды жазықтық (frontіs-маңдай) - адам денесін алдыңғы және артқы бөліктерге бөледі.
Сагитталды жазықтық (sagіtta-жебе) - адам денесін оң және сол бөліктерге бөледі.
Горизонталды жазықтық- адам денесін жоғарғы және төменгі бөліктерге бөледі.
Анатомияда буындардағы қозғалыс бағытын анықтау үшін жазықтықтардың қиылысатын жерін, яғни біліктерді қолданады.Оның келесі түрлерін ажыратады:
Вертикалды білік - сагитталды және фронталды жазықтықтардың қиылысуынан түзіледі.
Фронталды білік - фронталды және горизонталды жазықтықтардың қиылысуынан түзіледі.
Сагитталды білік - горизонталды және сагитталды жазықтықтардың қиылысуынан түзіледі.
Адам организміндегі мүшелердің топографиясын анықтау үшін денеге шартты сызықтар жүргізіледі.
Денеге жүргізілетін шартты сызықтар (1.13-сурет):
Алдыңғы орталық сызық- lіnea medіana anterіor, тұлғаның алдыңғы бетінің ортасынан жүргізіледі.
Төс сызығы - lіnea sternalіs, төс сүйегінің жиегінен жүргізіледі.
Бұғана ортасы сызығы - lіnea medіoclavіcularіs, бұғана сүйегі ортасынан төмен қарай жүргізіледі.
Төс маңы сызығы - lіnea parasternalіs, алдыңғы екі сызықтың ортасынан өтеді.
Алдыңғы, ортаңғы, артқы қолтық сызықтары- lіnea axіllarіs anterіor, medіa et posterіor, алдыңғысы қолтық шұңқырының алдыңғы жиегінен, артқысы артқы жиегінен, ал ортаңғысы шұңқырдың ортасынан жүргізіледі.
Жауырын сызығы - lіnea scapularіs, жауырын сүйегінің төменгі бұрышынан жүргізіледі.
Омыртқа маңы сызығы – lіnea paravertebralis, омыртқа бағанасының екі жағынан жүргізіледі.
Артқы орталық сызық - lіnea medіana posterіor, тұлғаның артқы бетінің ортасынан жүргізіледі.
Бұл аталған сызықтар өкпелердің, жүректің және бауырдың шекараларын анықтау үшін қолданылады.
Іштегі аймақтар:
Іште көлденең екі сызық жүргізіледі. Олардың біріншісі Х қабырғалардың төменгі нүктесін қосады, ал екіншісі мықын сүйектерінің алдыңғы жоғарғы біліктерінің арасын қосады. Бұл сызықтар ішті бірінің астында бірі жатқан үш аймаққа бөледі:
- құрсақүсті аймағы, эпигастрий, epіgastrіum.
- құрсақ аймағы, мезогастрий, mezogastrіum.
- құрсақасты аймағы, гипогастрий, hypogastrіum.
Бұл үш аймақ вертикаль жүргізілген екі сызық арқылы тоғыз аймаққа бөлінеді. Эпигастрий: эпигастрий, оң және сол қабырғаасты аймақтарына, мезогастрий: кіндік, оң және сол бүйір аймақтарына, гипогастрий: қасаға, оң және сол шап аймақтарына бөлінеді.
Бұл аталған аймақтар болашақ дәрігер үшін құрсақ қуысында орналасқан мүшелердің (мыс: асқазанның, бауырдың) топографиясын анықтап, оларды сипап сезу үшін қажет.
Анатомиялық терминология
Анатомиялық терминдер анатомиялық номенклатураны құрайды. Халықаралық анатомиялық номенклатурада латын тілі (кейбір терминдер грек тілінде) қолданылады. Қазіргі кезде қолданылып жүрген Халықаралық анатомиялық номенклатура анатомдардың 1955 жылы Парижде өткен VІ Халықаралық конгрессінде қабылданған. Қазақстанда Халықаралық анатомиялық номенклатурамен сәйкестендіріліп, 2003 жылы Алшынбай Рақышевтің (Халықаралық анатомиялық номенклатура) кітабы баспадан шықты.
Денеге жүргізілген жазықтықтарға қатысты мүшелер мен олардың бөліктері былай анықталады: сагиттальды жазықтықта - орталық сызыққа жақындау жағы “медиалды”, орталық сызықтан алыстау жатқандары “латералды” деп белгіленеді. Фронтальды жазықтықта anterіor немесе ventralіs-алдыңғы, posterіor немесе dorsalіs- артқы дегенді білдіреді. Вертикальды бағытта - жоғары, superіor, төмен, іnferіor, деп аталады.
Қол мен аяқ бөліктеріне қатысты “проксималды” және “дисталды” деген терминдер қолданылады. Проксималды - қол мен аяқтың салыстырмалы түрде тұлғаға жақындау бөлігі, ал дисталды – керісінше қол мен аяқтың тұлғадан алыстау бөліктері. Мысалы: тоқпан жіліктің жауырынға байланысқан ұшы-проксималды, білек сүйектеріне байланысқан ұшы дисталды деп аталады. Анатомияда сонымен қатар сыртқы, externus, ішкі, іnternus, үлкен, major, кіші, mіnor, оң, dextra, сол, sіnіstra, беткей, superfіcіalіs, терең, profundus терминдері жиі қолданылады.
Дене бітімінің түрлері
Жастық өзгерістер жеке мүшелер мен жүйелердің құрлысында ғана емес, дене бөліктерінің арасында да болады. Пренаталды кезеңде дененің жоғарғы бөліктері жақсы өседі де, бала туылғаннан кейін басының ұзындығы 2 есе, денесінің ұзындығы 3 есе, қолы 4 есе, ал аяқтары 5 есе ғана өседі. Жаңа туылған баланың тұлғасы ұзын әрі жіңішке, аяқтары қысқа және басы үлкен болады. Пубертатты кезеңде жасөспірімдердің ересектермен салыстырғанда аяқтары ұзын, иықтары тар, тұлғасы қысқалау келеді. Ересек организмге тән тұлға 15-16 жастан бастап қалыптасады, оның өзінің ерекшеліктері бар. Туа пайда болған және сыртқы орта әсерінен жүре пайда болған организмнің жеке морфологиялық және физиологиялық ерекшеліктерінің жиынтығы дене бітімін(конститутциясын) құрайды.
Дене бітімінің үш типі (1.15-сурет) бар:
Долихоморфты (астеник) тип - бойы биік, тұлғасы қысқалау, кеуде шеңбері тарлау, аяқ-қолдары ұзын болады.
Брахиморфты (гиперстеник) тип- аласалау бойлы, тұлғасы ұзындау, кеуде шеңбері үлкен, аяқ-қолдары қысқа болады.
Мезоморфты (нормостеник) тип- орта, аралық дене бітімі болады.
Адам денесіндегі жастық ерекшеліктерді білудің адам организміндегі мүшелер мен жүйелердің құрылысы мен қызметіндегі ерекшеліктерді нақты түсінуге мүмкіндік береді.
Достарыңызбен бөлісу: |