Жүректің өткізгіш жүйесі. Жүректің әрбір қуысының (камерасының) ретімен жиырылып
босаңсуы оның құрылысымен және ондағы өткізгіш жүйеге тікелей байланысты. Жүректің өткізгіш
жүйесі: біріншіден – синусты-жүрекше түйініне (Кис-Флак), екіншіден – жүрекше-қарынша түйініне (Ашофф-Тавар), үшіншіден – жүрекше-қарынша шоғырына (Гис) және олардан тарайтын
тармақтарға (Пуркинье талшықтары) тікелей байланысты. Бұл өткізгіш жүйе өте ұсақ жүректің
өткізгіш бұлшықеттерінен түзілген және олар вегетативті жүйке жүйесімен тығыз байланысқан.
Қантамырлар құрылысы мен атқаратын қызметтеріне сәйкес 3 топқа бөлінеді:
1. Артериялық қантамырлар – қанды жүректен алып шығып денедегі барлық мүшелерге
таратады және олардың қабырғасындағы бірыңғай салалы бұлшықет талшықтары едәуір қалың
болады. Жүректен басталатын ірі артериялық қантамырлар - өкпе артериясы мен қолқа. Өкпе
артериясы оң қарыншадан басталады, оның ішімен вена қаны ағады. Қолқа (аорта) – сол қарыншадан
басталады да, онымен артерия қаны ағып бүкіл денеге таралады. Қолқаның 3 бөлімін (өрлеу, доғасы,
төмен түсер бөлімдері) ажыратады.
2. Веналық қантамырлар – қанды мүшелерден жүрекке қарай тасымалдайды. Олардың
қабырғасындағы бұлшықет талшықтары артерия қантамырларымен салыстырғанда едәуір жұқа
болады. Жүрекке келетін ең ірі вена қантамырлары - жоғары және төменгі қуысты вена
қантамырлары және төрт өкпе веналық қантамырлары.
3. Капилляр қантамырлары өте ұсақ артерия қантамырлары (артериолдар) мен өте ұсақ вена
қантамырларын (венулалар) бір-бірімен байланыстырып тұрады. Капилляр қантамырларының
қабырғасы бір қабатты эпителий клеткаларынан тұрады. Капилляр қантамырлары мен ұлпалар
арасында газ алмасу мен қоректік заттардың алмасуы жүзеге асады.
Қанайналу шеңберлері. Құрлықта тіршілік ететін омыртқалы жануарлардың бәрінде де 2 қан
айналу шеңбері болады. Кіші қанайналу шеңбері тікелей өкпенің пайда болуымен байланысты
болғандықтан, өкпелік немесе кіші шеңбер деп аталады.