Андриенко Е. В., педагогика ғылымдарының докторы, профессор; Артамонова Е. И



Pdf көрінісі
бет5/19
Дата01.01.2017
өлшемі11,62 Mb.
#943
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19

А. Смағұлова
Филология ғылымдарының кандидаты
Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті
ҚАЗАҚТЫҢ  ІРІ  ҒАЛЫМЫ
Педагогикалық  институт  түлегі  Қ.  Мұхамедхановтың  алаш  мүддесі,  ұлт  руханияты  үшін
күресіп,  өмірінің  соңғы  сәтіне  дейін  әдебиеттану  ғылымына  қосқан  шексіз  үлесі  туралы
баяндалады.
Педагог  мамандар  даярлауда  ғасырға  жуық  тарихы  бар  Семей
педагогикалық институтының тағылымы ерекше.
Ұлттық әдебиеттануда қадау-қадау еңбектер қалдырып, абайтанудың
ғылыми негізін өрістеткен Қайым Мұхамедханов осынау қасиетті білім
ордасының  түлегі.  Қ.Мүхамедхановтың  өмір  жолы  қазақ  қоғамының
дағдарысқа  түсіп,  кеңестік  тоталитарлық  жүйенің  құрсауында  қалған
ұлттық  мүдде  сарапқа  түсер  шақпен  тұспа-тұс  келді.  Өзінің  өмір
белестерінен  ұлт  тағдыры  сынға  түскенде  алаш  мүддесі  үшін,  ұлт
руханияты үшін күресіп, сол жолда адам төзбес бейнет те тартып, өмірінің
соңғы  сәтіне  дейін  әдебиеттану  ғылымына  шексіз  адал  болғандығын
көреміз. Оның ғұмырнамасы азаматтық тұлғасын, ғалым келбетін танытар
ғибратқа толы.
Қайым  (Ғабдулқайым)  Мұхамедханов  1916  жылы  5  қаңтарда  Ертіс  өзенінің  сол  жақ
жағалауындағы  «Заречная  Слободкада»  (қазіргі  Жаңасемейде)  дүниеге  келеді.  1917  жылдары
Ертістің бұл жағалауы Алаш  қаласы атанған, қазақтың зиялы азаматтары өздерінің ұйымдарын
құрып,  газет-журналдарын  шығарған.  Алаш  арыстары  кеңес  өкіметінің  озбыр  саясатына  қарсы
шығып қазақ деген ұлттың ұлт болып сақталып қалуы жолында жан аямай күресті. Кейіннен ұлт
тарихын ел санасынан өшіру мақсатында Алаш қаласының атын өзгертіп Жаңа Семей атандырады.
«Неғылған Жаңа Семей, сол баяғы ескі қала. Ұлтшылдықтан қорыққандардың ойлап тапқаны да.
Түптің түбінде, Жаңасемей демей, қаланың тарихи атауын – Алашты қайтару керек», – деген Қайым
Мұхамедханов  сөзі  –  тарихи  әділет.  Осындай  алашқа  астана  болған  Семей  қаласында
Қ.Мұхамедхановтың балалық, жігіттік шағы өтті.
Мұхамедхан Сейітқұлұлының шаңырағы алаш қайраткерлерінің жиі бас қосып, сұхбат құрып
кеңесетін ордасы, елдің танымал ақын-әншілерінің сағаттап отырып ән мен жырға толтырған өнер
базары  болған  еді.  Халқымыздың  зиялылары  бас  қосып  кеңескен  әңгіме-дүкен  бала  Қайым
зердесінде жатталып, көкірегінде шежіредей қатталып, кемелдікке жетеледі. Өмір тәжірибесінде
үнемі  сәуле  беріп  ұлтжанды  болып  өсуіне  себеп  болды.  Абайтану  ғылымының  білгірі,  ақын,
драматург,  аудармашы,  текстолог,  «Семей  қаласының  құрметті  азаматы»  атанған  Қайым

42
Мұхамедхановтың рухани қалыптасуына осынау зиялы ортаның, әке тәрбиесінің ықпалы ұшан-
теңіз.
Қ. Мұхамедханов 1924 жылы Жаңасемейдегі бастауыш қазақ мектебіне (қазіргі №5 мектеп) түсіп,
1928 жылы аяқтап шығады. Бала Қайымның қолына алғаш қалам ұстатып, талабын ұштаған ұстазы
танымал ақын, жазушы, публицист, жазықсыз жала жабылып репрессия құрығына іліккен Тұрлықан
Қасенұлы болатын.
Барлық пен дәулеттің иесі саналған әке байлығы 1928 жылы үкіметтің кәмпескесіне ілініп, талан-
таражға  түседі.  Бай  кулак  қатарына  жатқызылып,  үй-мүлкіне  дейін  тәркіленді.  Отбасымен
қайыршылық, аш-жалаңаш, панасыз күйге түседі. Кейіннен әке үйі №20 мектепке айналдырылып,
тағдырдың ащы әжуасындай Қайым Мұхамедханов сол мектепте оқиды.
1929-32 жылдар аралығында Семейдегі колхоз жастарының мектебінде оқып, сол жылдардағы
ел  басына  төнген  ашаршылық  зұлматын  да  басынан  кешірді.  Қат-қабат  болып  келген
ауыртпалықтарды бұғанасы бекімеген бала көңілімен көтеріп, төзе білді.
Ел санасын есеңгіреткен азапты жылдар Қайымның оқуға құштар талабына бұғау болып еңбекке
ерте  жастан  араласуына  мәжбүрледі.  1932-35  жылдарда  Семей  оқу  мекемелерінде  техникалық
жұмысшы болып істесе де, асқақ қиялды Қайым оқуын жалғастырудан бір сәтке үмітін үзбейді.
Сол асыл мақсаттың үддесінен шығу үшін 1936-37 жылдары пән мұғалімдерін даярлайтын курста
білім  ала  жүріп,  күн  көріс  қамына  қосымша  қаражат  табу  үшін  Семей  облыстық  оқу  бөлімі
ұйымдастырған  мұғалімдер  курсында  сабақ  беруді  қатар  алып  жүреді.  Семей  мұрағатында  екі
жылдық мұғалімдер даярлайтын курстың Педагогикалық Кеңесі мәжілісінің хаттамалары сақталған.
27 қараша 1936 жылғы мәжілістің хаттамасында Қ. Мұхамедханов есімі көрсетіледі [1; 27]. Білім
ала жүріп Қ. Мұхамедханов мұғалімдер курсында сабақ берді деген  жоғарыда айтылған пікірімізді
бұл деректер нақтылай түседі.
Семей қаласындағы құжатнама орталығында мұғалімдер даярлайтын курс студенттерінің 1936-
40  жылдар  аралығындағы  оқу  үлгерімі  жайынан  мағлұмат  беретін  құжат  сақталған.  Онда  Қ.
Мұхамедханов  курстың  қазақ  бөліміне  1936  жылдың  20  қыркүйегінде  қабылданған  деп  нақты
көрсеткен. Осы құжатта келтірілген курс студенттерінің тоқсандық қорытындысы жайлы дерекке
үңілсек, 20 қыркүйек пен 1 қараша аралығында курста 34 студент оқыса, 2- тоқсанда 30, 3 - тоқсанда
28 студент білім алған. Яғни, бір жылдың өзінде оқу үлгерімі нашар 6 курсант оқудан шығарылған
[2;  48].  Курс  бір  жылға  жоспарланып,  оқу  бағдарламасы  барлық  оқу  пәндерін  қамтығандықтан
күрделі, әрі ауыр болғандығын ескерсек, Қ. Мұхамедхановтың осы курсты өте жақсы деген бағаға
бітіруі шын мағынасында үлкен ізденімпаздық пен зор талапшылдығын танытады.
Қазақ  халқы  тарихында  зұлматты  жылдар  қатарынан  саналған  1937-38  жылдары  саяси
репрессияның шарықтап шегіне жеткен кезі еді. Осынау сойқанды зұлмат, қаралы кезең Қайымның
да тағдырын айналып өтпеді. Алаш арыстары түгел дерлік атылып, айдалып кеткен шақта әкесі
Мұхамедхан Сейітқұлұлын да мұсылмандардың кеңес өкіметіне қарсы тобының белсенді мүшесі
деген жаламен ұсталғаннан кейін, үш күннен соң ешқандай арнайы тергеу, сот үкімінсіз ату жазасына
кесіледі.
Жиырмадан  енді  ғана  асқан  жігітке  қабағат  қорлық  көрсеткен  тағдыр  талқысы  мұны  да  аз
көргендей. Жығылғанға жұдырық дегендей, әкенің халық жауы болып ұсталуы Қайымның оқуына
кедергі келтірді. Бұл турасында Қайым былай еске алады: «Әкейді ұстап әкеткен соң мені мектептен
шығарды. Ешбір мектеп қабылдамады. Содан күнкөріс қамымен қара жұмысқа түстім. Кейіндеу
мұғалімдер институтына түстім».
Болашақ ғалымның саналы шығармашылық ғұмыры Семей педагогикалық институтымен тығыз
байланысты. 1938-41 жылдарды аталған институттың филология факультетінде білім алып, үздік
бағамен аяқтайды да, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасына оқытушы болып қызмет істеуге жолдама
алады. Ғұмырының елу жылға тақау кезеңін болашақ ұрпақты білім нәрімен сусындатуға арнаған
Қ. Мұхамедхановтың ұстаздық қызметі де айрықша.

43
Шәкіртке  үйретуден талмаған  ұстаз  ұлағатының және  бір асыл  қыры  ғалымдық болды.  Ұлы
ақын Абайды мәңгілік халқымыздың жүрегінде сақталуына қызмет қылып, оның әдеби мол мұрасын
ел арасында кеңінен насихаттау мақсатында 1940 жылдың 1 сәуірінде Семей қаласында Абайдың
әдеби – мемориалдық мұражайын ұйымдастыру туралы арнайы қаулыға орай мұражай ашылды.
М. Әуезовтің тікелей араласуымен ашылған мұражайдың ұйымдастырылу, қалыптасу ісіне Абайдың
өз тәрбиесінде болған немере інісі Әрхам Кәкітайұлы Ысқақов пен Қайым Мұхамедханов белсене
араласады.
Өзінің қайнар қуатының арқасында еліміздің саяси өміріне де қызу араласқан Қ. Мұхамедханов
1939 жылы Қазақстан совет жазушыларының екінші съезіне Семейден делегат болып қатынасады.
Оқытушылық қызмет, әрі мұражайдың ғылыми қызметкері міндетін қатар атқарған жалынды жас
талант 1940 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне өтеді. Осы жылдардан өнімді
шығармашылық жолы басталып, «Абайдың әдебиет мектебі» деген жалпы атпен Ақылбай, Мағауия,
Әубәкір  және  Әріп  ақынның  өмірі  мен  шығармашылықтарын  зерттеп  жазған  мақалаларын  да
баспасөз беттерінде жариялайды [3].
Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда өз еркімен майданға сұранып, отан алдындағы борышын
1941-42 жылдары еңбек әскері саналатын 701 – құрылыс батальоны құрамында өтейді.
Еңбек майданынан оралғаннан соң, Семей пединститутында оқытушы қызметін жалғастырады.
Қолына  қару  алмаса  да  қаламын  қару  еткен  ақын  Қ.Мұхамедханов  сұрапыл  соғыс  жылдары
«Сүйемін  Отан  –  анамды»,  «Туған  жерге»,  «Біз  жеңеміз»,  «Атылсын»,  «Күткен  күн»  сынды
өлеңдерімен  жауға  кекті  ызасын  ажал  оғындай  арнайды,  осылайша  жігерлі  үнмен  жеңіс  күнін
жақындатады.
Қ. Мүхамедханов жасын жырымен жауынгерлер рухын көтеріп қана қоймай, тұтас бір ұлттың
тәуелсіздікке құштар болмысын ұран еткен. Жиырма жеті жасында Қазақ Советтік Социалистік
Республикасы Әнұранының авторы атануы Қ. Мұхамедханов өмірінде ғана емес қазақ халқы, қазақ
әдебиеті тарихындағы зор жаңалық болды.
Бірақ сталиндік саясат Әнұран мәтініндегі «Ер» сөзін «Біз» сөзімен алмастыруға мәжбүр етеді.
Қазақстан  Республикасы  Коммунистік  Партиясының  шешімімен  «өзгеріске  түскен»  әнұран
авторлығына Қ. Мұхамедханов есімімен бірге жазушы Ғ.Мүсірепов және ақын Ә. Тәжібаев есімдері
қосылады. Ғ. Мүсірепов пен Ә. Тәжібаевтың шығармашылық мұраларын зерттеуге арналған бірде-
бір еңбекте әнұран мәтінінің авторы деген мәліметтің кездеспеуі ақиқатты нақтылай түседі. Алайда,
әнұранның ұжымдық топтың ортақ  шығармасы емес, Қайымның төл туындысы екендігін айту сол
тұста  КСРО-ның  мемлекеттік  құпиясын  әшкере  етумен  тең  болатын.  Ширек  ғасыр  көгімізде
қалықтаған әнұранның жазылу тарихы тек тәуелсіздік алған соң ғана жария болды.
Отыз бір жасында республикамыздағы тұңғыш әдеби-мемориалдық мұражайын басқаруда Қ.
Мұхамедханов шебер ұйымдастырушылық қабілетін танытты. Абай дәуірінің жәдігері болған тарихи
құнды заттарды іріктеп, оларға ғылыми түсінік беріп, ақын өмірі мен шығармашылығына қатысын
ашып экспонаттық каталог жасады. Бүгінде еліміздің мұражай мәдениетінің жаңа сапаға көтерілуі
Қ. Мұхамедханов есімімен тығыз байланысты.
Хакім Абайдың, ақын шәкірттерінің шығармашылығын зерттеп жүйелеу ісінде де ғалымның
сіңірген еңбегі де ұшан-теңіз. Жас ғалым ұстазы М. Әуезовтің нұсқауымен Абайдың әдеби мектебін
зерттеуге 1938 жылдан бастап кіріседі. 1951 жылы 7-сәуірде осы ісін байытып, «Абайдың әдеби
мектебі» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғайды. Ғылыми-теориялық негізі жүйелі
түрде жазылған еңбегі сәтсіздікке ұшырап, тұрпайы социализм әдісі бойынша теріс бағаланды.
Ғалымның Абайдың әдеби мектебі турасындағы еңбегі саяси қауіпті құжат ретінде өртеледі.
Өзге де әдебиеттану ғылымына қатысты еңбектері тәркіленіп жойылады. Қ. Мұхамедхановты халық
жауы ретінде 25 жылға бас бостандығынан айырып, Карлагқа жөнелтіледі.
Түрме тауқыметін ғалым былай еске алады: «Бір күні ыстық карцерге қамады. Жалаңаш күйімде
оймақтай тесіктен сәуле себезгілеген қара түнек камераға енгізді. Тас еденнің суығы миыңа жетеді.

44
Ортада жез табақ қағылған діңгек – орындықтан басқа ештеңе жоқ. Бір сәтте табаным жылына
бастады. Жылу күшейді, табаның күйгенде шыдай алмай билейсің. Жанымды қоярға жер таба алмай,
діңгек – орындыққа атып шықтым. Жез табағың одан бетер жалындап тұр  екен. Қабырғаның бәрі
жалын шашады. Тынысым тарылып, тамағым құрғады, тілім аузыма сыймайды. Осы сәт темір есік
сықырлай ашылды да, екі езуі екі құлағына жеткен күзетші жыртық аяққа құйылған су ұсынды. Бір
ұрттам суды жөндеп іше алмадым, ағып кетті. О дүниедегі нағыз тамұқ осы екен ғой деп ойладым»
[4].  Абай  үшін  азапқа  түскен  ғалым  рухын  жан  түршіктірер  жауыздық  жасыта  алмады.  Қ.
Мұхамедхановтың Абайдың ақын шәкірттері мұраларын зерттеуге бағытталған ізденістері темір
тегеуріннің құрығына ілініп, зорлық - зомбылықты басынан кешіруге мәжбүрледі. Алайда өр мінезі
мен жігері мұқалмай, «Абайға өмірімнің ақырына дейін қызмет етем» деген сертіне адал болды.
Кеңестік құрылыстың жылымық уақыты қазақ әдебиеттану ғылымына, абайтану саласына недәуір
оң өзгерістер әкелді. 1954 жылдың 9 желтоқсанында Қазақ ССР Жоғары Сотының Қаулысы бойынша
Қ. Мұхамедхановқа қатысты сот үкімі күшін жойса да, саяси тұтқынды босатуға асықпады. Тек
1955 жылы ғана азаттық алып, еліне қайтып оралады.
Семей педагогикалық институтында оқытушылық қызметін қайта жалғастырған Қ. Мұхамедханов
Абайдың ақын шәкірттері мәселесі әлі де тиым салынған жабық тақырып бола тұрса да, ғылыми
зерттеу  нысаны  етуде  табандылық  танытып,  Абай  шығармаларының  текстологиясы  жайында
ғылыми еңбек жазуға кіріседі. 1959 жылы басылып шыққан «Абай шығармаларының текстологиясы»
еңбегі бүгінде абайтану саласының маңызды бөлігін құрайды. Айтқаныңның барлығы саяси қалыпқа
салынып, өз халқыңды мақтан тұтқаның үшін ұлтшыл атанатын заманда Абай мұраларына қайыра
ден қоюуы Қ. Мұхамедхановтың ерік-жігерін танытады.
Бастаған  ісін  жалғастырып,  1959  жылы  «Абай  төңірегіндегі  ақындар»  тақырыбындағы
диссертациясын сәтті қорғап шығады. Осы ғылыми еңбегінде диссертант Абай мұрасын, әдеби
мектебін ұлттық мүдде тұрғысынан қарайды. Абайдың ақын шәкірттері шығармаларының халықтық
мәнін, реалистік сипатын ашып, әдеби мектеп ретіндегі қызметін нақтылайды.
Түрмеден  босап  келген  соң  Қ.  Мұхамедханов  жарты  ғасырға  жуық  Семей  педагогикалық
институтында оқытушы болып қызмет атқара жүріп қазақ әдебиетінің өзекті мәселелеріне арналған
ғылыми зерттеу мақалаларын да жариялайды.
1989  жылы  құрметті  зейнеткерлік  демалысқа  шығады.  Өнімді  ұстаздық  еткен  Қайым
Мұхамедханов: «Мені он бала тәрбиелеп өсірді деп айтып жатады. Менің балам он емес, жүздеп,
мыңдап саналады. Қай түкпірге барсам да алдымнан Ұстаз аға деп шығатын шәкірттерім көп», –
деп оқытушылық қызметін өзінің шығармашылық ғұмырының ажырамас бөлігі санайды. Семей
пединститутының қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, филология ғылымдарының
кандидаты, доцент, профессор сынды ғылыми өсу баспалдағымен көтерілген Қ.Мұхамедхановтың
ұстаздық келбеті шәкірт қауымға шын мағынасында үлгі болды.
Қ.  Мұхамедхановтың  «Абайдың  ақын  шәкірттері»  атты  зерттеу  еңбегі  1993-  97  жылдар
аралығында  төрт  кітап  болып  жарық  көрді.  1995  жылы  «Абай  мұрагерлері»  монографиясы
жарияланды.  Бұл  рухани  мұралар  кеңес  заманында  жүзеге  асыру  мүмкін  болмаған  ғалым
ізденістерінің заңды жалғасы болды.
Ұлы  ақынның  Юнеско  көлемінде  тойланған  150  жылдық  мерейтойы  қарсаңында  абайтану
саласында  көптеген  ғылыми  жұмыстар  атқарылды.  Абай  мұрасы  жан-жақты  кешенді  түрде
қарастырылды. Осындай бағытта жарық көрген еңбектердің ішіндегі маңызды басылым – Абай
шығармаларының  екі  томдық  академиялық  жинағы.  Аталған  қос  томдықты  және    «Абай»
энциклопедиясын  шығарушылар алқасына кеңес беру, редакциялық басқару жасау мақсатында Қ.
Мұхамедханов арнайы Алматы қаласына шақырылды.
Қажымай, талмай қайрат тауып Абайдың әдеби мектебін халықтың рухани игілігіне айналдырды.
Қ. Мұхамедханов өзінің ғалымдық мұраты арқылы ұмтылмас өмір тапты.
Қ. Мұхамедхановты шыңдаған, ғалымдық қайсарлыққа бастаған өмір жолы ХХ ғасырда қазақ

45
халқының басынан өткерген күрделі кезеңдердің куәсі іспеттес. Өмірлік арманы болған ұлтымыздың
егемендік  алу  қуанышын  да  халқымен  бірге  бөлісті.  Қуанышынан  гөрі  тартқан  азабы  басым,
шаттығынан мұңы басым Қайым Мұхамедхановтың ғұмыр жолы қиындықта мұқалмас, тасқа шапқан
сайын жетілетін ақ алмас сынды ұлттық рухты әйгілейді. Тар жол тайғақ кешсе де, алған бағытынан
тартынбай  елдігімізді  танытар  асуларды  бағындырды.  Абайтану  ғылымының  ендігі  алар  бел-
белестерінің бағытын, атқарар міндеттерін нұсқады.
1. ШҚО ҚЗТҚО.-138-қор, 1-тізбе.
2. ШҚО ҚЗТҚО.-138-қор, 2-тізбе.
3. Мұхамедханов Қ. Абайдың әдебиет мектебі // Екпінді, 1940, 23 қыркүйек
4. Жаппасұлы Е. Қайым Мұқаметқанов // Дидар, 1996, 26 маусым.
The prominent Kazakh scientist
A. Smagulova
The article is devoted to the biography of the Pedagogical Institute graduate Kayym Mukhamedhanov.
There were given data of his contribution into stydy of literature.
Выдающийся казахский ученый
А. Смагулова
Статья  посвящена  творческому  пути  и  общественной  деятельности  выпускника
педагогического института Кайыма Мухамедханова, его борьбе за национальный дух, безграничному
вкладу в литературоведение до последних дней жизни.
УДК:378.124:821.512.122
А.О. Тоқсамбаева
Ф.ғ.к., қазақ әдебиеті кафедрасының доценті
Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті
ҚАЗАҚТЫҢ ҚАНИПАСЫ
Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз Қанипа Омарғалиқызының
ғалымдық,  зерттеушілік  қызметі  қазақ  әдебиетін  оқыту,  әдебиеттану  салалары  бойынша
педагогикалық журналдарға жарияланған (100-ге жуық) мақаласы мен (32 кітабы) ұстаздың ұзақ
жылғы еңбегінің өмір тәжірибесі туралы баяндалған.
Ұстаз...  Иә,  осы  бір  сөздің  өзінде  қаншама  мән-мағына,
қасиетті  ұғым  жатыр.  Дәл  осы  атау  барша  тіршіліктің  өмір
сүруіне себепкер болған күннің құдіретті сәулесі іспетті.
Әл-Фарабише  айтсақ:  «Ұстаз  жаратылысынан  өзіне
айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған
нәрселердің  бәрін  жадында  жақсы  сақтайтын,  ешнәрсені
ұмытпайтын, алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен,
өнер-білімге  құштар,  аса  қанағатшыл,  жаны  асқақ  және  ар-
намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да

46
әділ, жұрттың  бәріне жақсылық  пен ізгілік  көрсетіп, қорқыныш  пен жасқану  дегенді білмейтін
батыл, ержүрек болуы керек».
Ұлағатты ұстаз, айтулы азамат, халықтың аяулы қызы Қанипа Омарғалиқызы Бітібаева – ұлттық
педагогикамыздың туын кезінде Одаққа көтеріп, бүгіндерде «алты алаштың» төрінен орын алған
қазақ педагогикасындағы біртуар тұлға. Өмірімен де, өрелі ой, өшпес еңбегімен де өнеге тұтар
ардақтыларымыздың бірі болып саналады.
Адам өміріндегі мерейлі істердің басы бүгінгімен ғана емес, кешегісінен басталатыны шындық.
Осы шындықты ескерсек, ұстаздықты таңдап алуына Қанипа Омарғалиқызының бүгіні емес, кешегі
балалық балғын шағы себепкер болғанына көз жеткіземіз. Қанипа апай педагогикаға кездейсоқ
келген жоқ. Ұстаздың өмір жолына арналған «Қазақтың Қанипасы» атты кітапта бұл тақырып оның
бойына ананың сүтімен, әкенің батасымен сіңгені айтылады. Сөз өнерін шексіз сүйетін, шетінен
өнерпаз әулетте дүниеге келіп, шешен тілді, бала жасынан айтыскер атанған әке тәрбиесі, қаймағы
бұзылмаған қазақы орта сөз өнерін сүюді Қанипа Омарғалиқызының пешенесіне жазыпты.
«Методист-мұғалім» атағын арқалап жүрген Қанипа апамыз даңқ пен абыройға кенелуіне септігін
тигізген  мұғалімдерін  мақтан  етсе,  қазіргі  таңда  білім  беріп  жүрген  ұстаздар  қауымы  әдіскерді
«Ұстаздықтың  хан-апасы»  ретінде  таниды.  Бітібаеваның  өр  Алтайдай  биік  көретін  ізбасарлары
«Қазақтың Қанипасы» деп жалқылайды.
Қанипа  Омарғалиқызының  шәкірті,  «Қазақ  педагогикасының  көрнекті  өкілі»  атты  кітаптың
авторы  Келгембаева  Бақытжанның  пікіріне  сүйенсек,  Қанипа  Бітібаеваның  ұстаздықтың
«соқтықпалы, соқпақсыз жолына» түскеніне биыл тура қырық бес жыл толып отыр. Қырық бес
жыл. Ғасырлармен санасаң, бір ғана сәт, жалт еткен сәуле. Ал жұмыр басты пенденің қамшының
сабындай ғұмырымен есептесең, аз уақыт емес. Қырық бес жыл туған тілге қызмет, руханиятқа
қызмет, шәкіртке қызмет.Қырық бес жыл бойы бала тәрбиелеу, адам тәрбиелеу. Қырық бес жыл
ұстаздың ұлы жүрегінен, мейірімінен нәр алған халық баласы. Жасындай жалтылдаған жас өмірлер.
Қырық  бес  жыл  бойы  қырық  бес  минуттан  құралған  жанкешті  еңбек  ерлігі!  Қырық  бес  жыл...
әдістеме  ғылымында  өзіндік  мектеп  қалыптастыру,  ұстаз  тәрбиелеу,ұлан-ғайыр  еңбек  жазу.
Қайраткерлік. Аптал азаматқа лайық жүкті арқалау. Қырық бес жыл...
Осыдан қырық бес жыл бұрын алатаудай асқақ арман жетегінде мектеп табалдырығын имене
аттаған уыздай жас мұғалима бүгінде КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, Республикаға еңбегі
сіңген мұғалім, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақ КСР, КСРО халық ағарту ісінің үздігі, Бүкілодақтық
Крупская медалі, Монғолия Халық Республикасының «Даңқты ұстаз» атағының иегері. АҚШ-тың
Аризона  Штаты  Тусон  қаласының  құрметті  азаматы,  төрт  жоғары  оқу  орнының  «құрметті
профессоры». «Қазақтың Қанипасы», «Ұстаздықтың хан апасы» атанған, есімі даңқ пен марапаттауға
оранған әйгілі жан.
Ұстаздықтың «жайнаған жалауын» асқақтатып, туған тілінің киесін кірлетпей, таңғы шықтай
мөлдір де ащы термен жанкешті еңбек етіп келе жатқан оны әріптестері «Ұстаздықтың патшайымы»,
«Дәуірдің дара ұстазы» деп мадақтайды. Оның педагогикалық еңбегін былай қойғанда, кімнің, қай
«данышпанның» алдында тұрса да тура айтып тастайтын батылдығы, наркескендей өткірлігі, әділдік
үшін  өзін  де  құрбан  етіп  жіберуге  дайын  өр  де,  асқақ  мінезі  ұстаздың  еңбек  абыройына  адами
абырой қосып, даңқ шыңына шығарды.
«Елу жылда ел жаңа, қырық жыл қазан»... Осыншама уақыт ішінде заман да, заң да қаншама рет
өзгерді, «Жаманды заман иелеген» (Абай) дәуірлерді бастан өткердік, «Заманнан заман алмасып,
қағаннан қаған алмасты» (Есенғали), ал Қанипа апай болса, сол ел – жұртына қадірлі қалпында,
қолына Абайы мен Мұхтарының кітаптарын, қаламын берік ұстап, белін бекем буған күйі «Уақыт»
атты ұлы төрешінің алдында бүгежектемей, еңсесін биік ұстап емін-еркін келе жатыр.
Қанипа Омарғалиқызының ұстаздық қызметі жайлы атақты ғалымдар З. Ахметов, Т. Кәкішев,
С. Қасқабасов, Р. Нұрғали, Ө. Айтбай, М. Мырзахметов, Ә. Дайырова, Ф.Оразбаевалардан, Одақ
журналистері  Красновский,  Пильгук,  Синицкая,  қазақстандық  тілшілер,  қайраткерлер,

47
әріптестерінен асырып айта алмаспыз.
Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі Қанипа Омарғалиқызының ұстаздықтың
«соқтықпалы, соқпақсыз жолына» түсуіне тарбиған Тарбағатай тауларының баурайында дүниеге
келуі мен қазақ зиялыларының рухани орталығы Семей қаласындағы биыл яғни 80-жылдық мерей
тойын атап өткелі отырған Н.К. Крупская атындағы педагогикалық институтта 1964-1968 жылдар
аралығында  оқып,  Қ.Мұхамедханов  сынды  ірі  абайтанушыдан  дәріс  алып,  Ж.  Шәкенов,  А.
Еспембетов, Қ.Шаяхметов сынды ұстаздар тағлымын тыңдағандығыда әсер еткен болар.
Қанипа  Омарғалиқызы  қазақ  әдебиетін  оқытудың  инновациялық  технологиясын  төл
ізденістерімен дамытып, ежелгі дәуір әдебиетінен қазіргі қазақ әдебиетіне дейін оқыту әдістемесін
жазып  шыққан  ғалым-ұстаз.  Оның  ғалымдық,  зерттеушілік  қызметі  қазақ  әдебиетін  оқыту,
әдебиеттану салалары бойынша орталық педагогикалық журналдарда жарияланған 100-ге жуық
мақаласы  мен  (әр  мұғалімнің  үстелінен  табылатын)  32  кітабынан  көрінеді.  «Әдебиетті  оқыту
әдістемесі мен технологиясы», «Әдебиетті тереңдетіп оқыту», «М. Әуезов шығармаларын мектепте
оқыту», «Абай шығармашылығын оқыту» атты т.б. оқу құралдары – ұстаздың ұзақ жылғы еңбегі
мен өмір тәжірибесінің, қордалы ойы мен сұлу сезімінің, биік талғамының жемісі. Бүгінде бұл
еңбектер – қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің күнделікті пайдаланып, рухани қорек алатын,
әдебиет пәнін оқытудың басты кітаптары. Қанипа апамыз журналистерге берген бір сұхбатында:
«Балалардың  бағын  ашқан,  балаларды  дұрыс  жолға  салған  –  «Абай  жолы»,  –  депті.  Әдептілік,
имандылық, инабаттылық, мейірімділік, қайырымдылық секілді құндылықтардың барлығы «Абай
жолы» романында тұнып тұрғандығын нұсқап, қазақтың бойында жүректің жылуы, махаббат, ар-
намыс,  қайрат-жігер  деген  сезімдердің  барлығын  жіті  назарға  алып,  халқымыздың  осы  асыл
қасиеттерін бүгінгі ұрпақ бойына сіңіру мұғалімдердің басты талабы болуы керектігін түсіндіреді.
Қалам  иесінің  әдістеме  саласындағы  еңбектері  көлем  жағынан  үлкенді-кішілі  болғанымен,
көтерген  мәселелері,  практикалық  құндылығы  жөнінен  бәрі  де  қомақты,  ой  тастау  тұрғысынан
қай-қайсысы да салмақты.
Сонымен қатар ұстаз бүгінгі күннің басты назарға ұстайтын мәселелерінің бірі 12 жылдық білім
беру жүйесі туралы да біраз ой айтқан екен. Қазір нарық заманында өмір сүріп отырғаннан кейін,
біз жаңа заманның, өркениеттің талаптарына сай болу керек екенімізді ескертеді. Ал қиындықтарға
төтеп беріп, әлемдегі дамыған елу елдің қатарына кіру жолында 12 жылдық білім беру жүйесін
қажетті дүние ретінде есептейді. Ұстаз қазіргі қалыптасқан білім жүйесі ең алдымен оқушылардың
жүйкесіне де, ағзасына да көптеген зиян келтіретіндігіне қынжылып, миына көп салмақ түсіретін
балалардан  күні  ертең  дені  сау,  толыққанды  азамат  шығар,  шықпасына  күмән  келтіреді.  Ал  12
жылдық  білім  жүйесіне  көшкеннен  кейін  бала  аптасына  бес  күн  оқиды  және  сабақ  ұзақтығы
қазіргідей 45 минут емес, 30-35 минут қана болатындығына, сонымен қатар мұғалімдерге деген
сұранысты  арттыратынына,  яғни  оқу  жүктемесі  18  сағат  емес,  14  сағаттық  апталық  жүктемеге
ауысады деп болжап, күні бойғы жазу-сызудан сәл де болса арқа-басы жеңілдеген мұғалімдер ендігіде
отбасына да көбірек көңіл бөле алатындығына қуанады. Сондықтан жаңа нәрседен үрікпей, жақсы
жақтарын байқап, тиімді пайдалана білуді жөн санайды. Иә, расымен біз осындай ел қамын, оқушы
болашағын, мұғалімнің отбасы жағдайын ойлайтын ардагер ұстаздың барын мақтан етуіміз керек.
Оқушылардың он бір жылдық білімінің нәтижесін үш сағат ішінде шешетін ұлттық бірыңғай
тестілеудің пайдасынан зиянының көп екендігін Қанипа Бітібаеваның жазған мақалаларынан, айтқан
ой-пікірлерінен көруге болады. Соңғы 10-11 сыныптарда басқа пәндерді жылы жауып қойып, тек
мектептің деңгейін  көтеру үшін тестке  дайындалатын білім  ордалары бар екендігіне  бәріміз де
куәгерміз. Дәл осындай мектептің ұжымы оқушы деңгейін жоғарлатқанның орнына, мұғалімдердің
«қулық» деңгейлерінің артып бара жатқандығына Қанипа апамыз реніш білдіретінін де жасырмайды.
Неғұрлым «Алтын белгі» көп болса, соғұрлым мектептің де, мұғалімнің де беделі көтеріле түседі.
Аталмыш пікірдің қате екендігін ескертетін ұстаз бұл беделді су бетіндегі жеңіл көбікке теңейді.
Сондықтан да оқушы білімін тексеру үшін басқа да әдіс-тәсілдерді қолдану керектігін жөн санайды.
Ал қайраткерлігі жайына келсек, ұлт мектебінің, мектептегі басты тұлға мұғалімнің жағдайы,

48
білім беру саласының өзекті мәслелері, мемлекеттік тілдің жай-күйі, ұрпақ тәрбиесіне салқынын
тигізіп отырған  қоғамдық «дерттер» жайлы аймақтық, мемлекеттік деңгейде мәселелер көтеріп
жүрген азамат. Мұғалімнің әлеуметтік жағынан қорғалуы, еңбегінің бағалануы туралы «Қазақстан
мұғалімінің»  2001  жылғы  31-қаңтарындағы  санында  берілген  сұхбатында:  «Еңбек  жолын  жаңа
бастаған жас ұстаз 4-5 мың жалақы алады, жоғарғы санаттағы ұстаз жүктемесі 7 мың айналасында.
Жүйрік сәйгүлік шығару үшін де оған ерекше бап, ерекше күтім керек емес пе?», – деуі өтпелі
кезеңнің өкпегінде қалып әлеуметтік жағдайы төмендеп кеткен мұғалімнің жағдайы жайлы жан
айқайы болатын. «Түске дейін мектепте бала оқытып, түстен кейін көшеде шемішке сатуға мәжбүр
мұғалімнен білімді қалай талап етеміз?!», – деген атақты сөзін де сол кездерде айтқан.
Қызыл империя тұсында облыс орталығындағы маңдайға басқан жалғыз қазақ тілінде оқытатын
мектепте  қызмет  ете  жүріп,  ұлт  тілі  мен  әдебиетінің  тірлігі  үшін  жанын  салып  күрессе,  еліміз
тәуелсіздік алғаннан бергі мезгілде мемлекеттік тілдің көсегесін көгерту жолында тер төгіп жүрген
тіл жанашыры. Еңбек жолында қазақ тілі мен сөз өнеріне ғашық қаншама шәкірт тәрбиеледі. Ұстаз
жүрегі  мен  алақанының  жылуынан  қанаттанып  ұшқан  қаншама  қарлығаштар  еліміздің  түкпір-
түкпірінде мемлекеттік тілді дамытуға қызмет етіп жатыр!
Ұстаздың әр кездерде жазылып, әр тұстарда жарияланған мақала, кітаптарын оқи отырып, қазақ
педагогикасындағы ірі құбылыс деп танылған қарапайым мұғалімді тереңірек түсінуге мүмкіндік
алдық. Өйткені, біз де ол кісі туралы даңқ пен дақпыртқа қанық көп қатарлының біріндей білеміз
деп ойлаушы едік. Сол ойымыздың біршама жаңсақтығына ұстаздың еңбектерін оқу үстінде көзіміз
әбден жетті. Шынын айтсақ, Қанипа апайдың біз білмейтін көп сырлары, көптеген белгісіз жақтары
бар  екен.  Оған  біз  2005  жылы  «Білім»  баспасынан  С.  Әбішқызы,  К.  Құдайбергенова,  Б.
Баймұхандардың құрастырған «Қазақтың Қанипасы» атты еңбекті оқу барысында көз жеткіздік.
Соларды шет пұшпақтап білгеннен кейін ұстаз туралы түсінігіміз тіптен биіктей түсті.
Өнегелі  ұстазға  арнап  өткен  2013  жылды  білім  ордаларының  ұйымдастыруымен  жерлестері
«Қанипа  Бітібаева  жылы»  деп  атаған  болатын.  Жыл  сайын  дәстүрлі  түрде  ұстаз  жүлдесіне
ұйымдастырылып  тұратын  білім  сайыстарының  бары  да  белгілі.  Нәзік  жанды  болғанменен  ер
мінезділерге татитын қасиеттері бар Қанипа апамыздың еңбек жолы біз үшін үлгі-өнеге. Жақсыдан
үйрену бүгінгі күннің басты талабы. Қазіргі таңда мұғалім мамандығында оқып жатқан студенттердің
көпшілігіне бірден-бір үлгі болатын тұлға Қанипа апамыз деп білеміз. Қазақта «Түбінде тұрған
таудың биіктігі, жаныңда жүрген жақсының ұлықтығы білінбейді», – деген тамаша бір сөз бар. Иә,
шынымен  республика  мойындаған  әдіскердің  жерлесіміз  екендігі  біз  үшін  бақыт.  Қанипа
Омарғалиқызының еңбегі өшпес мұра. Қолда бар мұраны бағалап, қажетімізге жарата берейік.
Қара шалының шұлығын жуып, алты алашқа әйгілі болған Қанипа Бітібаеваның тек қана білім,
ғылым,  әдіс-тәсіл,  оқыту,  сапа  сынды  іс-әрекеттер  төңірегінде  ғана  емес,  әйел  бақыты,  жанұя
тыныштығы,  бала  тәрбиелеудегі  әке  қызметі  жайында  да  біраз  ой  өрбіткен  мақалалары  мен
сұхбаттары  да  жетерлік.  Ұстаздың  мыңдаған  шәкірттің  жан-жүрегін  ізгілікпен,  біліммен
нұрландырған ұстаздық ұлағатты жолын ауызға алмағанда, қайратты қаламынан туған әдістеме
саласындағы  еңбектері  –  төл  педагогикамыз  бен  әдебиеттануымыздың  еңсесін  биікке  көтеруге
көмектескен, ұстаздар мен студенттер қауымының ой-өрісін кеңейтіп, тәжірибесін ұштаған аса құнды
дүниелер. Оның азаматтық қайсарлығы мен шығармашылық ерлігі кім – кімге де болса аз өнеге
емес.  Ал  тағдырындағы,  өміріндегі  ерлігі,  трактор  рулін  ұстаған  қолының  лауреаттың  алтын
жұлдызын ұстағаны бөлек әңгіме. Жоғарыдағы ол туралы жазған мақтаулар біздің ойдан құрастырған
қызыл сөзіміз емес, халықтың, шәкірттерінің, әріптестерінің титтей де өзгеріссіз жеткізілген сөзі.
Kazakh Kanipa
A.O. Toksambaeva
The current article is dedicated to the life experience and career of an outstanding teacher, a great
contributor  of  education  of  Republic  of  Kazakhstan  –  Bitybayeva  Kanipa  Omargalievna.  There  were
considered her teaching career and scientific research in the sphere of Kazakh literature.

49
Казахская Канипа
А.О. Токсамбаева
Статья  посвящена  многолетнему  жизненному  и трудовому  опыту  выдающегося  учителя  и
наставника, отличника образования Республики Казахстан Канипы Омаргалиевны Битыбаевой,
ее  научной,  исследовательской  и  преподавательской  деятельности  в  области  казахской
литературы.
УДК:378.124:821.512.122

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет