Эссе – бұл еркін композицияға құрылған, көлемі шағын прозалық шығарма. Нақты бір мәселеге байланысты адамның жеке әсерін, түсінігін және ой толғанысын бейнелейді. Шығармашылық - танымдық іс-әрекет Шығармашылық дегеніміз— өзінің жаңашылдығымен, өзгешелігімен ерекшеленетін өнім алуға мүмкіндік жасайтын жеке тұлғаның бойындағы қабілеттіліктің, білім мен біліктіліктің, түрткінің (мотивтің) болуы. Оқушыны шығармашылыққа баулу, өз еңбегінің нәтижесін көруге, оны бағалауға бағыттау - өте күрделі үрдіс
«Жаратылыстың құшағында, меруерт себілген көк шатырдың астында, хош иісті жасыл кілем үстінде, күнмен бірге күліп, түнмен бірге түнеріп, желмен бірге жүгіріп, алдындағы малымен бірге өріп, сары сайран далада тұрып өсетін қазақ баласының қиялы жүйрік, өткір, терең болуға тиісті». «…Баланың атаға тартуы рас болса, сиқырлы даланың баласы – қазақ баласы қиялқұмар болуға тиісті». (Мағжан Жұмабаев).
Аргументативті эссе
Аргумент дегеніміз – логикалық негіздемелер, мысалдар мен зерттеулердің көмегі арқылы дәлелденген белгілі бір шешім.
Аргументативті эссе – даулы тақырыпқа жазылған әдеби шығарма. Басқаша айтқанда, «қосыламын» және «қарсымын» деген сияқты дау тудырушы кейбір тезистерді қорғайды.
Аргументативті эссенің мақсаты - аудиторияны белгілі бір көзқарасқа сендіру және оларды өз жағына көндіру. Басқа емес, тек сол ұстанымның неліктен тиімді екенін айқын тұжырымдау.
Аргументативті эссенің құрылымдық бөлімдері
КІРІСПЕ: Тақырыпты тұжырымдау; Тақырыптың өзектілігі; Біршама пікір алшақтық; Тақырып құрылымын қарастыру және негізгі ойға көшу
НЕГІЗГІ БӨЛІМ: Автордың алға қойған (2-3) шешімі (дәлелдері). Шешімдерді талқылау кезінде пайдаланылатын негізгі ұғымдарды анықтау. Шешімдерді растайтын дәлелдемелер және қолдау (фактілер немесе мысалдар). Қарсы дәлелдерді немесе қайшылықты шешімдерді қарастыру (неліктен әлсіз екенін көрсету қажет, ал автордың мақұлдауы күшінде қалады).
ҚОРЫТЫНДЫ: Негізгі шешімді қайталау. Негізгі шешімді қорғайтын екі-үш ұсыныс сөйлем, түйінді аргументтер. Ұсынылған шешімдерді қабылдамаған жағдайдағы келетін зияндар туралы жалпы ескертулер және аталған тұжырымның пайдалы жақтары туралы жалпы қорытынды сөз.