Аннотация Аннотация (лат. annotatіo – ескертпе, аңдату) – кітаптың, мақаланың мазмұнын, саяси-идеялық бағытын, құндылығын түсіндіретін қысқаша сипаттама. Аннотацияға сүйене отырып қажетті әдебиетті іріктеп алуға болады.
Аннотацияның ғылыми жанрдың бір түрі ретінде өздік ерекшеліктері бар. Аннотацияның мәні – мәліметке қысқаша сипаттама беру болып табылады және еңбекте сөз болатын сұраққа жауап береді. Аннотацияның рефераттан айырмашылығы - ол еңбектің мазмұнын ашпайды, тек оның мазмұны жөнінде баяндайды.
Аннотация оқырманға оған белгісіз бір басылым жөнінде алдын ала түсінік алуға мүмкіндік береді, соның нәтижесінде оқырманға қажетті мәліметті іздеу мен оны таңдауға көмектеседі.
Аннотацияның түрлері:
1. Мазмұны бойынша аннотациялар былайша бөлінеді:
- анықтамалық аннотацияда еңбектің тақырыбы сипатталып, ол туралы белгілі бір мәліметтерді хабарланады.
- ұсынылатын аннотацияларда еңбекке сипаттама беріліп, осы аннотация арналған оқырманның жасы мен ерекшеліктері есепке алына отырып, оқырмандардың белгілі бір категориялары үшін арналған оның жарамдылығы жөнінде еңбекке баға беріледі.
2. Аннотацияланатын еңбектің мазмұнын қамту толықтығы бойынша аннотация мына түрлерге бөлінеді:
- жалпы аннотациялар еңбекті толықтай сипаттайды және қалың оқырмандар тобына есептелген.
- арнаулы аннотацияларда еңбек белгілі бір аспектілерде сипатталады және шағын мамандар тобына есептелген.
Аннотация – бұл кітаптың, мақаланың мазмұнын қысқаша мазмұндау. Аннотацияның негізі мәтінді не туралы баяндалатыны туралы сұраққа қысқа жауаптан тұрады.
Әдетте, аннотация мынадай бөлімдерден құралады.
1. Тақырыбы (аннотация жазылатын еңбектің атауы да кіреді). Бұнда тек кітаптың, мақаланың библиографиялық мәліметтері сипатталады: авторы, атауы, басылып шыққан жері, басылып шыққан жері, басылған жылы, бет саны т.б.;
2. Негізгі бөлім – жұмыстың негізгі тақырыбы жөніндегі ақпарат, көтерілген мәселелер тізбесі, жұмыстың құрамы туралы мәлімет;
3. Жұмысқа жалпы баға беру;
4. Жұмыстың кімдерге арналғаны жөніндегі нұсқау.
Аннотация қысқаша және толық болуы мүмкін. Қысқаша аннотация жұмысқа жалпы баға және кімдерге арналғаны жөніндегі нұсқау беріледі, сондықтан аннотация ақпараттық және ақпараттық бағалау деген түрлерге де бөлінеді.
Аннотацияда автордың кітап немесе мақала туралы пікірі айтылмайды, алайда жұмысты бағалаудың нышандары болуы мүмкін. Бұл жағдайда бағалау топтың, ұжымның атынан білдіріледі. Мұндай аннотация түрі ақпараттық – бағалау деп аталады. Аннотация жазуға қажет құрылымдар:
1. Кітап не мақала авторы (тегі, ғылыми дәрежесі) .............. кітабына, мақаласына берілген аннотация.
2. Мақала, кітап (неге? қандай тақырыпқа, қандай мәселелерге) арналған. Мақалада (не туралы айтылады, не көрсетіледі, не қарастырылады, мақалада автор (нені?) баяндайды, талдайды, сипаттайды, суреттейді, талқылайды, (не туралы?) мәселелерге тоқталады, (ненің мәселелерін, қандай?) мәселелерді қозғайды, (ненің? қандай?) мәселелерге тоқталады, мақалада (ненің?) шолуы беріледі, (не туралы?) әңгіме болады.