«тілдік тұлға» болмысының сабақтастығы
Қазіргі қазақ тіл біліміндегі антропоөзектік бағыттағы зерттеулердің бір тобы тілді ұлттық дүниетанымның тілдік көрінісін сипаттауға арналады. Солардың бірі – Ж. Абдрахманованың «Тіл мен дүниетаным сабақтастығы (Ә. Кекілбаев шығармалары негізінде)» атты кандидаттық диссертациясы. Ғалым бұл еңбегінде Ә.Кекілбаев шығармаларындағы ұлттық-дүниетанымдық лексиканың қолданылу жайы мен жасалу жолдарына тоқталады. Автор жазушы шығармаларында кездесетін ұлттық бояулы сөздердің (мысалы: бісміллә, абысын, міз бақпау, күлдіреуіш, қымыздай сапыру, кәрі жілік, мүшел жас, саптыаяқ, туырлық) көркем шығармада атқарар рөлі мен қызметін талдай
отырып, оның (жазушының) тілдік тұлғасын, аялық білім деңгейін қорытып шығуға тырысқан. Ә. Кекілбаевтың «Ханша Дария хикаясы», «Елең-алаң»,
«Үркер», «Күй», т.б. тарихи тақырыптағы шығармаларындағы дүниетанымдық лексиканың аясындағы тарихи, діни, тұрмыстық, диалектілік сөздерді неге және қалай пайдаланғанын қарастырып, олардың жазушының көркем және публицистикалық бағытта жазған туындыларында қолданылуындағы уәжін анықтаған [59].
Сонымен, жоғарыда көрсетілген еңбектер тілдің тек адамдар арасындағы қарым-қатынас құралы ретінде жұмсалатын коммуникативтік қызметін зерттеу жеткіліксіз, оны тудырып, дамытатын, жетілдіретін, тілдің коммуникативтік қызметін өзгертетін адамнан бөліп қарау мүмкін еместігін айғақтайды. Тіл біліміндегі антропоөзектік бағыттағы зерттеулердің негізгі сипаттарының бірі – белгілі бір ақынның/жазушының тілдік қорын, көркемдік әлемін анықтау арқылы оның дүниетанымын, тұлғалық даралығын тану.
Антропоөзекітік бағыттағы зерттеулері «Сөздер сөйлейді», «Абайдың сөз өрнегі», «Қазақ әдеби тілінің тарихы» еңбектерінен бастау алған Р. Сыздықованың «Сөз құдіреті» атты зерттеуі – қазақ тіл біліміндегі көркем шығарманы лингвостилистика саласының талаптарына сай зерделеудің үлгісі боларлық. Еңбектің «Жазушы тілі және оның көркемдік әлемі» атты алғашқы бөлімі қазақ әдебиетіндегі қаламгерлердің (М. Әуезов, Ш. Мұртаза, Ә. Кекілбаев, М. Мағауин, О. Бөкей, С. Бердіқұлов, А. Сүлейменов, Т. Ахтанов, Қ. Жұмаділов, К. Сегізбайұлы, т.б.) белгілі бір шығармаларының тілдік- стильдік белгілерін сипаттауға арналған. Ғалым аталған авторлардың суреттеу шеберлігін, көркемдік әдістерін, сөз таңдауын, сөз қолданысын, сөз әрлеуін, автор тілі мен кейіпкер тілін, сондай-ақ сөз тіркестіру, сөйлем құрастыру және т.б. синаксистік құрылым ерекшеліктерін сөз етеді. Автор көркем шығармада кездесетін кірме, көне, кәсіби сөздер мен диалектизмдердің, этнографизмдердің, т.б. тілдік бірліктердің жұмсалу мақсатына, қызметіне олардың уәжді-уәжсіз қолданылуына назар аудара отырып, тілдік тұлғаның аялық біліміне, жеке тұлғасына ғылыми тұрғыда баға береді. Түптеп келгенде, лингвистика тұрғысынан жан-жақты талданған мәселелердің тұтасып келіп, көркем мәтіннің коммуникативтік кеңістігіндегі қызметін көрсетуі осы еңбектің біздің зерттеуімізге тікелей қатыстылығын және ғылыми-әдістемелік тұрғыдан қандай маңызды екенін көрсетеді.
Құрылымдық лингвистика парадигмасы кезеңінде жазылса да, ғалымның шығармашылық өрісі академик В.В.Виноградовтың «автор бейнесі» қағидасына сүйеніп, қаламгер тілінің ерекшелігін оның тұлғалық болмысымен байланыстыратыны байқалады. Автор «Сөз құдіреті» дегенде жеке сөздің емес, жалпы тілдің жұмсалымдық тұлғасының, яғни көркем мәтіндегі тілдің көрінісінің құдіретін, құпиясын ашуды көздейді. Мұның өзі сөзді жеке-дара емес, жазушының қолданысы тұрғысынан қарастыру деген сөз. Бұл туралы ғалымның өзі былай дейді: «Сөз құдіретін таныту дегеніміз – жазушы тілінің көркемдігін, сол көркемдікті жүзеге асырып тұрған тілдік құралдар мен тәсілдерді көрсету болып шығады» [60, 3 б.].
Осы бағытта жазылған жұмыстардың бірі – Ф. Қожахметованың
«Тұрмағамбет Ізтілеуов тілдік тұлғасының дискурстық сипаты» атты кандидаттық диссертациясы. Т. Ізтілеуов шығармаларының тілін зерттеуді алғашқылардың бірі болып қолға алған ғалым оның тілдік тұлғасын Ю.Н. Караулов ұсынған үш деңгей (нөлдік, когнитивтік, уәждік) бойынша қарастырған. Тұрмағанбет ақын тіліндегі етістіктердің, көріктеу құралдарының, кәсіп, зат, сан атаулары мен кірме сөздер қолданысының «ғаламның тілдік бейнесін» жасаудағы танымдық мәнінің коммуникативтік қызметін кеңінен аша білген. Автор шығармаларын концептілік талдау да бұл еңбектің басты бағыттарының бірі болып саналады. Ғалым Т. Ізтілеуов дискурсындағы «өмір»,
«өлім», «оқу, ғылым», «ақыл», «адамгершілік», «қайғы», «бақыт», «кедейлік»,
«байлық», «өкініш», «қуаныш», «татулық», «соғыс», т.б. концептілерінің антропоцентристік негізін анықтаған [61].
Белгілі балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың тілдік тұлғасын тануда жүйелі зерттеу жүргізген ғалым Ж. Саткенованың «Кейіпкер тілінің когнитивтік аспектісі (Б. Соқпақбаев шығармалары бойынша)» атты кандидаттық диссертациясы жазушының көркем шығармаларында автордың аялық білімін, «әлемнің тілдік бейнесін» жасаудағы автор қолданысындағы тілдік бірліктер мен сөз оралымдарының коммуникативтік қызметін анықтауға арналған. Еңбекте «тілдік тұлға» мәселесі Б. Соқпақбаевтың шығармаларындағы жазушының өз бейнесін таныту мақсаты бірінші жақтан баяндалу арқылы жүзеге асып, басты кейіпкер бейнесін жасайды. Автор жазушының тілдік қолданысын нөлдік, когнитивтік, уәждік деңгейлер (Ю.Н. Караулов бойынша) дәрежесінде саралап көрсетеді. Тілдік тұлғаның нөлдік деңгейінде теңеу, метафора, эпитет, метонимия, синекдоха сияқты көріктеуіш құралдарының балалар танымындағы «әлемнің тілдік бейнесін» сипаттаудағы, сонымен бірге көркем шығарманың эстетикалық қуатын күшейтудегі қызметтеріне жан-жақты талдау жасалған. Ал тұлғаның танымдық, яғни лингвокогнитивті деңгейіне көркем шығармада кездесетін мақал-мәтелдер, фразеологиялық тіркестер, авторлық қолданыстағы афоризмге айналған сөздер мен сөз оралымдары, сондай-ақ бейвербалды қолданыстар жатқызылады. Үшінші деңгей – уәждік деңгейді беретін амалдар бала психологиясына, қияланы сай бірнеше топқа бөлініп қарастырылған (соматикалық ұғымдармен байланысты уәжділік; төрт түлік мал атуларына байланысты уәжділік; аң-құс, балық атауларына байланысты уәжділік; тұрмыстық зат атауларына байланысты уәжділік; табиғат құбылыстарына байланысты уәжділік) [62]. Сонымен қатар ғалым таным мәселесіне концепт тұрғысынан келеді. Ж. Саткенова Б. Соқпақбаев шығармасынан арман, қиял, талант шабыт, тәртіптілік, тәртіпсіздік, қулық, өмір, тағдыр, дүние, тоқшылық, той,соғыс, аштық, қуаныш, өкініш, сезім, қызғаныш, ұят, қорқыныш, үрейлену, қобалжу, сезіктену, ашулану сияқты 24 түрлі концептіні бөліп көрсеткен. Зерттеуші В.А.Маслованың концептілер жіктемесіне сүйене отырып, бұл сөздерге концептілік талдаулар жасаған. Атап айтсақ:
жеке тұлғалық концептілер;
адамдардың жас ерекшеліктеріне байланысты концептілер;
жалпыұлттық концептілер жіктемесін басшылыққа алады.
Ғалым еңбегінде концептілер бала танымында, жас ерекшеліктеріне қарай қалыптасатынын айта келе, түрлі концептілер негізінде баланың дүниетанымы, танымдық кодтары, мәдени кодтарын қалыптасатынын түсіндіреді.
Автордың тілдік тұлғасын антропоөзектік бағытта зерттеп, талдаған еңбектердің бірі – Г.Ә. Мұратованың «Абайдың тілдік тұлғасы: дискурстық талдау мен концептуалды жүйесі» атты докторлық диссертациясы. Ғалым еңбегінде Абай дискурсындағы әртүрлі тілдік бірліктердің (төл сөздер, кірме сөздер, диалектизмдер, мақал-мәтелдер, этнографизмдер) шығармадағы прагматикалық қызметін талдайды, Абайдың тілдік тұлғасын лингво- когнитивтік талдауда ақын өлеңдеріндегі «толық адам», «күлкі», «қайғы»,
«өтірік», «мақтан», «жағымсыздық», «жайлау, «қымыз» концептілерінің семантикалық мазмұнын ашып көрсетеді. Мысалы, Абай шығармаларындағы
«өтірік» концептісінің тезаурустық қатарын былай көрсетеді: өтірікке тұшыну
– өтірікке бәйге атындай аңқылдау – өтірікке құмары қану – өтірікке қуаны, алшаңдау – өтірікке шалықтап, шалқу – өтірікті ат-шапаннан кем көрмеу – өтірікті жүндей сабау – өтірікті саудалау – өтірікті бұлдап сату [63, 28 б.]. Ғалым мәтінде жасалған әр концептіні осылай ашып көрсете отырып, олардың мәтіндегі коммуникативтік қызметіне өзіндік баға береді. Сонымен бірге ақын шығармашылығында әдейі қолданылған ұлттық бояулы тіркестердің рөлі мен қызметі де жан-жақты сараланған. Соның нәтижесінде автор кез келген көркем шығарма тудырушының тілдік тұлға бола алмайтынын айта келіп, «тілдік тұлға» феноменіне мынадай талаптар қояды:
тыңдаушысына сөз қуаты арқылы ой қозғайтындай әсер ете алса;
ол сөзінің «іші алтын, сырты күміс» болатындай мәні терең, бояуы қанық болса;
тұлғаның өз дүниетанымы терең де кең болса;
ұлттық өре биігінен сөйлей алатын, әрі жалпыадамзаттық ауқымдағы ой қазығы айқын болса;
тұтастай алғанда тілдің дамуына үлес қоса алатын болса [63, 47 б.].
Жоғарыда көрсетілген зерттеулердің үрдісі қазіргі қазақ көркем мәтінін зерттеу кеңістігінде антропоөзектік парадигма бағытының кеңінен өрістегенін көрсетеді. Бұл бір кездері грамматиканың негізін қалаушылардың зерттеулерінен бастау алып, енді міне ХХІ ғасырда қайта жаңғырған ілім ретінде адам өміріндегі тіл, тілдегі адам көрінісін жан-жақты зерттейтін қазақ тілінің мүмкіндігін одан ары арттыратыны анық.
Көркем мәтінге түсіндірме беру – ғылым тарихында бұрыннан белгілі тәсіл болғанымен, оған қатысты бірқатар мәселелер әлі күнге шешімін таппаған. Мұнда негізінен мағынасы түсініксіз немесе күңгірт сөздердің семантикасын ашуға баса назар аударылады. Зерттеушілер өткен дәуір шығармаларын талдау барысында тілдік деректер ғана емес, тілден тыс, экстралингвистикалық себептер де орын алатынын, сөйтіп екеуі бірлескенде мамандар алдына бірқатар күрделі мәселелер туындайтынын мойындайды. Осымен байланысты көркем мәтінді талдауда кездесетін қандай да бір «ақтаңдақтарды» назардан тыс қалдырмау қажет. Көркем туындыға лингвистикалық түсіндірме беру ісі
сол шығарма жазылған кезеңдегі сыртқы факторлардың оған тигізген ықпалын, мәтіннің тілдік, әдеби, тарихи және мәдени мұра ретіндегі маңызын айқындауға бағытталатын дереккөзтанымдық талдаумен тығыз байланысты екенін көреміз. Көркем мәтінді зерттеуде лингвистикалық және дереккөзтану аспектілерін ұштастыру ғылыми айналымға түсіндірме берудің жаңаша бір түрі ретінде лингвотарихи және лингвомәдени, діни-мифологиялық, философиялық түсіндірмелер сияқты зерделеу тәсілін енгізуге мүмкіндік береді. Алайда аталмыш түсіндірмелердің барлығы түптеп келгенде мәтінде қолданылған лексемалардың семантикалық құрылымына, өзге тілдік бірліктермен байланысын көрсететін семантикалық қатынастарына, ортақ архисема негізінде түзілетін лексика-семантикалық топтарға енетін басқа сөздермен байланысына, жалпы мәтінде олар атқаратын семантикалық қызметтерге, сондай-ақ барлық тілдік бірліктердің бірігуіне ұйытқы болып, оларды бір өзек маңына шоғырландыратын семантикалық өріс мәселесіне табан тірейді. Сондықтан тіл ұстанушы үшін көркем туындыға лингвотарихи түсіндірмелер беру ісінің қажеттілігі сөзсіз. Мұнда көркем мәтін авторының шығарманы жазу барысында алға қойған мақсаты, өз діттемін жеткізудегі прагматикалық ұстанымынан бастап, оның ішкі көркемдік-тілдік әлемін айшықтайтын бейнелі сөз оралымдарына баса назар аудару, сондай-ақ мәтінде көрініс тапқан сол тілдік құралдардың шығармашылық тұлғаның концептуалды әлемін де танытатын маңызды деректер екендігін ескерген жөн.
Көркем шығарма әдеби тіл қолданысының фактісі болғандықтан, тілде болып жатқан барлық өзгерістерді қамтып отырады. Көркем мәтіндегі сөздер, басқа да тілдік тұлғалар мен тілдік категориялар қазіргі әдеби тілде жоқ, күні өткен ескі не әлі ене қоймаған жаңа құбылыс болуы мүмкін. Сондықтан көркем мәтін басқа да мәтін түрлерімен бірлікте (ғылыми, публистикалық, ресми) әдеби тілдің даму заңдылықтарын анықтауға объект болатын тілдік дерек ретінде де қарастырылады.
Көркем әдебиет мәтіні әдеби тілде жазылса да, көркем шығарма тілі мен әдеби тіл арасында принципті ерекшеліктер бар. Олардың ең бастысы әрқайсысының атқаратын қызметін туындайды. Әдеби тіл коммуникативтік қызмет атқарып, адамдардың күнделікті қарым-қатынас жасауының құралы болса, көркем шығарма құрылымына түскенде ол басқа қырынан көрінеді. Өзінің бейнелі құралдары арқылы оқырманның сезіміне әсер етіп отырып, ол эстетикалық, көркемдік қызметте жұмсалады. Соған сәйкес әдеби тіл нормасы мен көркем әдебиет тілі нормасы арасында да, ерекшелік болады. Әдеби тілде нормаға жатпайтын тілдік факті өнер туындысында жазушының алдына қойған мақсатына сай келіп, эстетикалық қызмет атқарып тұруы мумкін. Д.Исабеков шығармаларында мұндай қолданыстар өте көп. Сондықтан жазушы тілін зерттеу бүгінде аса өзекті болмақ.
Достарыңызбен бөлісу: |