«уақыт» сөзі ымшамдалу әдісі бойынша «уақ» деп қысқартылып берілген. Көбіне оңтүстік өңіріндегі қазақтардың тілінде кездесетін -сай, -сей жұрнағы да әрі диалектілік өзгеріске ұшыраған жұрнақ, әрі морфологиялық құбылыстың бір түрі. Д. Исабеков кейіпкер тілінде бұл форманы «бар деген соң барсайшы» деп қолданған. Сонымен қатар морфонологиялық құбылыс белгілерінің бірі - тілдік бірліктің бір дыбысы ұқсас бір дыбыспен алмасуы. Мысалы: «Балуан! Шүйінші! Ей, Балуан, шүйінші деймін. Сендер не, жынданып кеткенсіңдер ме?» деген үзіндіде «сүйінші» сөзінің «шүйінші» сөзімен алмастырып берген. Бұл - тілдің морфонологиялық белгілерінің бірі.
Қазақ халқының өзінің тұрмыс-тіршілігіне, ділі мен тарихына қатысты қалыптасқан этномәнді сөздер бар. Оны қазақи тәрбиемен сусындаған, қазақи ауамен дем алған, қазақ топырағында өскен әрбір қазақ біледі. Сондай бірліктердің бірі – байырғы қазақ өлшемдері. Мәселен, ертеректе халқымыз ұзындықты саусақпен, қолмен, аяқпен өлшеген. Саусақпен өлшенетін ұзындық (қалыңдық) өлшемдеріне елі, тұтам, сүйем, сынық сүйем, қарыс сүйем, сере, қарыс, кере қарыстар жатса, қолмен өлшенетін ұзындық өлшемдеріне білем, шынтақ, қолтық, құлаш, кере құлаш сынды атаулар кіреді. Онымен қоса, аяққа қатысты өлшемдер қатарына табан, адым, аттам бірліктерін жатқызады. Мысалы, Д.Исабековтің шығармасында мынадай үзінді бар: «Жанайдаров жауап таба алмай секретарға қарады. Ол өзін қоршаған бөлім меңгерушілеріне телмірді. «Тұғырға Әштеннің өзін қояйық» деп идея айтқан мал шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі көмекке келмегенде күн қараң еді. Ол кенет: – Бұл – суретшілердің көркемдік шешімі, – деді ол жоғарыға қарап тұрып. – Тері илеушінің қолына гипс не қаңылтыр ұстатып қою тапқырлық емес, одан да табиғи тері ұтымды болады. Бізде не көп тері көп. Комбинат қызметкерлері апта сайын теріні жаңартып отырады. Бұлай ету – көрермендерді өмір шындығына бір табан жақындата түседі, – деді ол да не айтып, не қойғанын өзі де білмей» [93]. Байқағанымыздай, автор қазақтың санасына сіңген бұл атауларды туындысында пайдаланып, қазақ мәдениетінен оқырман қауымға ақпарат жолдайды.
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, әр халықтың жылдар бойы қалыптасқан тарихынан сыр шертетін тарихқа, ұлтқа, ділге, салт-дәстүрге қатысты тілдік бірліктер болады. Көркем шығарма оқырман көңілінен шығуы үшін шынайылыққа, тарихи шындыққа жанасып құралуы қажет. Ал сол шындықты оқырманға жеткізу үшін автор сол өмірге, сәтке, кезеңге байланысты тілдік бірліктерді қолданады. Р. Сыздық көркем мәтіндегі көне сөздер мен сирек кездесетін сөздердің қолданыстық мәні жайында мынадай пікір айтады: «Көне сөздер, олардың көнерген (архаизм) түрлері де, тарихтық сөз (историзм) деп аталатын түрлері де бірнеше мақсат көздей жұмсалады. Көнерген сөздер – бұл күнде қолданыстан қалып, мағыналары көмескі тартқандар, орнын өзге тұлғалар басқан сөздер, ал тарихтық сөздер – бұл күнде қолданыстан шығып қалған заттардың, құбылыстардың, ұғым-түсініктердің атаулары, сондықтан бұлардың жұмсалуы тек қана зәруліктен тууы қажет. Ал зәрулікті туғызатын фактордың бірі – өмір шындығын дәл суреттеу принципін ұстау. Айталық, өткен дәуірлерде болған оқиға, іс-әрекет, адамдар жайында жазылған көркем шығармада сол дәуірге тән, бірақ қазір ұмыт болған немесе қасаң (пассив) қолданылатын көне заттардың, құбылыстардың, қарым-қатынастардың атауларын жұмсау – көркем әдебиеттің негізгі талабы, бұл талапты дұрыс орындау суреткердің мамандық (профессионалдық) парызы» [60, 269 б.].
Жазушының шығармаларында өткен тарихтан белгі беретін «хан ием, тақсыр, бас уәзір, хан, нөкер, патша» сынды сөздер кездеседі. Оған қоса, еліміздің ел болып қалыптасуына бірден бір себепкер Керей, Абылай хан сынды ұлы тұлғалардың есімдерін кездестіруге болады. Сонымен қатар тарихи шындықты суреттеуде жазушы Мандельштам, Пастернак, Ахматова, Булгаков сынды тұлғалардың есімдерін пайдаланып, көркем шығарманың шынайылығын арттыра түскен. Мысалы: «Құдайым-ай, не боп барады бұ дүние. Мандельштам жер аударылды. Пастернак екі ай қамауда отырып шықты. Ахматованың үш жүз беттік кітабы отыз-ақ бет боп шықты. Енді – Булгаков. Тверь көшесінен бастап Театр алаңына дейін «Турбиндер күндеріне» артық билет сұрап жарты Мәскеудің сабылып жүргені кеше еді ғой. Үш жыл бойы қарапайым көрермен де, үкімет адамдары да тікелерінен тік тұрып қол соққан, шымылдықты он рет жаптырып, он рет аштырған, «біздің заманның ұлы драматургі – Булгаков!» деп театр ішін жарып жіберердей жаңғырта айғай сап тұрған көрермендерді үздік шығармаларынан қаулымен ажырату деген!..» [93]. Шындыққа жанасқан тарихи оқиғаларды суреттеуде, баяндауда бұндай шешімге бару арқылы жазушының аялық, тілдік білімін көруге болады.
Академик Р.Сыздықтың сөзімен айтқанда, көркем шығарма тілі – күрделі, кыры мен сыры мол құбылыс. Өзінде тілдегі дәстүрлі қалыпқа сай келе бермейтін көптеген ерекшеліктерді де қамтиды. Сондықтан көркем тексті лингвистикалық талдау, бір жағынан, әдеби тілдің тарихи ерекшеліктерін ескеруге, екінші жағынан, жалпы тілдік (соның ішінде көркем тілдік) фактілер мен авторлық даралық кұбылыстарды айқын ажыратып, дұрыс бағалай білуге негізделеді [147, 10- б.].
Қорыта айтқанда, көркем шығармадағы нақты коммуникативтік мақсатты көрсететін тілдік бірліктерді талдау арқылы жазушының шеберлігін, өзіндік
стилін, өзгеден даралығын көруге болады. Жазушы Д.Исабеков шығармаларында жанрлық белгілерге байланысты ауызекі сөйлеу стилінің тілдік бірліктері (диалекті, варваризм, дөрекі сөз), тарихи сөз, көріктеу амалдарының түрлері (теңеу, эпитет, кейіптеу, метафора, метонимия, гипербола және т.б.) кездеседі. Десек те, бұндай тілдік бірліктерді талдау қашанда жазушы танымы мен мәдениетіне қатысты жасалады. Себебі ауыздан шыққан әрбір сөз оның иесінің тілдік және когнитивтік санасын, таным көкжиегін, мәдени деңгейін, ұлттық болмысын танытады.
Достарыңызбен бөлісу: |