Апта Дәріс тақырыбы және тезистер Сағат көлемі


Лексикография және оны оқыту



бет26/27
Дата13.05.2022
өлшемі91,64 Kb.
#34327
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   27
Лексикография және оны оқыту.

1. Лексикографияның зерттеу объектісі.

2. Қазақ тілі лексикографиясының міндеттері.
Сөздіктердің түрлері Лексикография дегеніміз – сөздік жасаудың теориясы мен ғылыми ұстанымдары, сөздік жасау ісі мен тәжірибесі. Ол жалпыхалықтық тілдің байлығын, нормаларын қалыптастырады, сөз мәдениетін арттырады. Лексикография терминіне лингвистика бойынша энциклопедиялық сөздікте: тіл біліміндегі сөздіктерді түзудің теориясы және практикасымен айналысатын ғылым саласы түрінде анықтама берілген. Лексикографияның теориялық және тәжірибелік түрлері бар. Теориялық лексикография – негізгі зерттеу нысаны сөздік пен лексика, зерттеу тақырыбы сөздік түзудің принциптері, сөздіктің ішкі құрылымы, сөздіктердің жіктемесі болып табылатын лингвистикалық теориялық пән. Тәжірибелік лексикографияның басты нысаны – тілдік элементтер (лексика), атқаратын қызметі сөздіктегі метатілдің, лексикографиялық әдіс-тәсілдердің көмегімен сөздік түзу болып табылатын лингвистикалық әрекеттің бір түрі. Негізгі түрлері: терминологиялық, лексикография, есептеу лексикографиясы, үйренімдік лексикография және жалпы лексикография. Сөздік – белгілі бір тілдегі сөздердің немесе сөздер тобының жиынтығын көрсететін анықтамалық құрал. Сөздік тіл туралы, сол тілдегі 1 сағат

сөздер, олардың сыр-сипаты туралы әр түрлі танымдық хабар береді. Сөздіктердің міндеті – тіліміздегі сөздерді түгел жинап, ретке келтіру, олардың әрқайсысына тілдік тұрғыдан сипаттама беру. Сөздіктердің түрлері өте көп. Сөздіктердің сипатталу мазмұнына қарай: түсіндірмелі сөздік, аударма сөздік, энциклопедиялық сөздік, ал сипатталу мақсатына қарай: орфографиялық сөздік, орфоэпиялық болып бөлінеді.

Қазақ тілінің ғасырдан астам тарихы бар грамматикасы оның негізгі ортологиялық базасы болып табылады. Сондай-ақ ортологиялық базаға ең жоғарғы құзыретті орган бекіткен орфографиялық Ережелер жатады. Қазақ тілінің бұл айтылған ортологиялық базасы елеулі қиындықтарды бастан кешірді. Төте жазу ережесінен латын графикасына негізделген әліпбиге көшу (1926ж.); одан соң орыс графикасына негізделген кириллше әліпбиге көшу қазақ жазуының ережелік базасын тиянақтауға мүмкіндік бере қоймады. Сонымен, 1957ж. 5 июньде (маусымда) Қазақ ССР Жоғары Советі Президиумы жарлығымен бекіткен «Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелері» жарияланды. Бұл Ереже қазақ тілінің мектепке арналған орфографиялық сөздігін, сондай-ақ қалың жұртшылыққа арналған «Қазақ орфографиялық сөздігінің» бірнеше мәрте жарық көрген толық нұсқасын жасауда басшылыққа алынды.

Шын мәнінде, қазақ тілінің ортологиялық құралдарының жарық көруі жоғарыда айтылған «Ережеден» соң, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан басталады. Мектеп оқушыларына арналған орфографиялық сөздіктің шағын түрлерін есептемегенде әдеби тіл лексикасының әр саласын жан-жақты қамтыған қалың жұртшылыққа арналған орфографиялық сөздік 1963 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институты қызметкерлерінің құрастыруымен жарық көрді[1]. Сөздіктің мақсаты - сөздердің лексикалық мағынасын айқындау емес, оларды қалай жазғанда дұрыс болатындығын көрсету екені, сонымен қатар қазақ лексикасының әр алуан салалары енгізілгені кіріспеде атап айтылған[1.5-10].

Сөздікте енгізілген сөздердің корпусында жалпы қолданыстағы сөздер, кәсіби атаулар, ғылыми терминдер, кейбір көнерген сөздердің түрлері қамтылған.

Сөздікте сөздерді орфографиялауда морфологиялық, фонетикалық, дәстүрлі принцип негізге алынғаны айтылған.

Фонетикалық принципке негізінен қосымшалардың жазылуында қолданылатынын, сөзге жалғанатын қосымшалардың түбір сөздің соңғы дыбысының қатаң-ұяңдығына, соңғы буынның жуан-жіңішкелігіне қарай түрленіп, қалай айтылса, солай жазылып отыратын жазу тәртібі жатқызған: мысалы, кітап – тың, қағаз – дың, мектеп – тің, жер – дің т.б.

Морфологиялық принципке сөздердің ауызекі айтылуында көршілес дыбыстардың әсері нәтижесінде пайда болатын дыбыстық өзгерістер ескерілмей, бастапқы түбір күйіндегі дыбыстық құрамы сақталып жазылатын жазу тәртібі жатқызылған. Бұл принциптің классикалық мысалына түн сөзі алынып, қосымша жалғанғандағы дыбыстық түрленімі көрсетілген: мысалы, түнгі, түнде, түн бойы дегенде түн сөзінің соңындағы н әрпі үш жағдайда дыбысталатыны көрсетілген: бірінші жағдайда [н] [түн], екінші жағдайда [ң] [түңгі], үшінші жағдайда [м] [түм бойы]. Бірақ осындағы сөздің бастапқы дыбыстық құрамына жататын [н]да, қалған екеуі [ң], [м] – сөз түбірінің соңғы дыбысына кейінгі дыбыстардың ықпалы нәтижесінде пайда болған варианттар. Морфологиялық принцип бойынша сөзді ауызекі айтқан кезде естілетін бұл тәріздес дыбыстық варианттар жазуда есепке алынбайтыны айтылған.

Дәстүрлі принципке жазу тәжірибесінде әбден орнығып кеткендігі ескеріліп, сөздің жазылуындағы ертеден келе жатқан дәстүрді бұзбай жазу тәртібі сақталатыны көрсетілген. Бұған естілуінше жазылып қалыптасқан белбеу, түрегел, әкел, ашудас, әнәугүні, алдыңгүні, бүгін, бүрсігүні, қыстыгүні, алаңғасар тәріздес сөздердің орфографиялануы жатқызылған. Дәстүрлі принципте көзделінетін мақсат – сөздердің жазылуындағы ертеден келе жатқан, халықтың ұғымына сіңген дәстүрді бұзбау екені ескертіледі. Солай болғандықтан, сөз мейлі, қолтума сөз болсын, мейлі өзге тілден ауысқан кірме сөз болсын, дәстүрлі принципті сақтаған жағдайда бұрын қалай жазылып келсе, солай жазылатын болады деп, мысал ретінде, ана тілімізге араб-иран тілінен енген ақыл, мысал, саясат, тәлім; орыс тілінен енген кәмпит, кәрзеңке, кереует, жәшік, сот, болыс, бишік секілді сөздердің жазылу үлгісі берілген.

Аталмыш Сөздіктің алғы сөзінде ән-күй, би аттарының, көбінесе Сөздікке енгізілмегені, олай болатын себебі, біріншіден, бұндай атаулардың жалпы есім қатарына жататындығы болса, екіншіден, ән-күй, би аттарының көпшілігі бірнеше сөзден құралған тіркес немес сөйлем түрінде келетіндігінен деп ескертеді және олардың бас әріптен басталып, тырнақшаға алынып жазылатыны айталды.

Ал, шынында, тырнақшаға алынып жазылатын сөздер орфографиялық сөздіктің объектісі емес, мәтін орфографиясының объектісі болып табылады. Бұндайлар негізінен анықтағыш тәрізді ортологиялық құралдың қарастыруына жатады.

Сонымен, орфографиялық сөздікті құрастыруда авторлар (құрастырушылар) үш принципті негізге алған. Ал, шын мәнінде, жазу теориясында олардың біреуі жетекші принцип ретінде алынады, яғни біреуіне басымдылық беріледі. Аталмыш Сөздікте үш принцип тепе-тең қолданылған тәрізді көрінеді. Бұл жағынан мәселенің ортологиялық жағы айқындалмаған. Сөздікте морфологиялық принцип түбір сөзге қосымшалардың жалғануына байланысты қаралған. Алайда морфорологиялық принцип түбір сөз бен қосымшаның арасындағы дыбыстық құбылыстардың жазу тәртібін түгелдей қамти алмайды. Қазақ тілінде морфологиялық принциптің шеңберіне сыймайтын дыбыстық өзгерістер бар: мысалы, қазық – қазығы [қ] > [ғ] түрінде өзгерісі жазуда еленіп отырады; қазақ – қазағы – қазақы деген дыбыстық өзгерістер жазуда таңбаланатыны белгілі. Бұл жерде бұндай сөздерді морфологиялық принциппен жазу мүмкін емес. Осы сияқты қап, қабу, қабады, қауып; тақ, тағу; төк, төгу, төгеді; оқу, оқы, оқиды; ек, егін деген сөздерді түбір сақтап морфологиялық принцип бойынша орфографиялауға болмайтыны белгілі.

Дәстүрлі принципке берілген түсінік, әрине, дұрыс. Бірақ бұған берілген тілдік материалдар дәстүрлі принциптің талабымен үйлеспейтіндігі байқалады. Бұндағы мысалдарды дәстүрліден гөрі фонетикалық принципке сәйкес келеді деуге болады.

Сөздікте жалқы есімдердің орфографиялануы да берілген. Арнайы қосымшада Т.Жанұзақовтың құрастыруымен антропонимдер, А.Әбдірахмановтың құрастыруымен топонимдер қамтылған. Жалқы есімдердің морфологиялық принциппен жазылатыны көрсетілген. Нұрқанат, Аманкелді, Ботакөз (Нұрғанат, Амангелді, Бөтагөз емес). Түбір сақтап жазуға келмейтін қайшылықтар сол күйінде шешімін таппағаны байқалады. Мысалы, Өмірзақ, Қожахмет, Жанұзақ тәрізді антропонимдер морфологиялық принцип тәртібіне көне бермейді, айталық, Өмірұзақ, Қожаахмет, Жаныұзақ деп түбір сақтап жазу жазба сөз тәжірибесінде жоқ.

Сөздікте лексикаланған тіркестердің түрлері беріліп, олардың қандай ретте бөлек жазылатыны, тіркесті сөздердің соңғы сыңары бірнеше тектес заттың ортақ аты болып келсе, ал алдыңғы сыңары тектес заттардың нақты бір түрін айыра көрсету үшін қолданылған болса, жазуда олардың бөлек орфографияланатыны негізге алынған. Бұл айтылғанға мына тәрізді мысалдар берілген: алғы сөз, соңғы сөз, қара сөз, өлең сөз, жарыс сөз; көз ақы, қалам ақы, еңбек ақы, қол ақы; қазан қап, аяқ қап, тізе қап; жел бау, уық бау; ит аяқ, ит шана; ақ бидай, қара бидай, қызыл бидай; ақ боран, жаяу боран; боз торғай, қара торғай, шөже торғай, суық торғай, жағал торғай; ақ жусан, қой жусан; ел басы, жүз басы, мың басы; ақ ниет, қара ниет, адам ниет; ақ көңіл, қара көңіл; ақ қояын, ор қоян; ақ мия, есек мия; ақ өлең, қара өлең; ала қарға, қара қарға; қайын аға, қайын ата, қайын ене, қайын сіңлі; бел омыртқа, ауыз омыртқа, мойын омыртқа, арқа омыртқа; асық жілік, кәрі жілік, тоқпан жілік т.б.

Бұл тәрізді тілдік фактілерге қарағанда сөздікшілер аналтизмге бой ұрғаны байқалады. Лексикаланған тіркестердің осы көрсетілген жазу тәртібі бойынша орфографиялануы, бірізді болып жүйленген жоқ. Мысалы, күнделікті жазу тәжірибесінде еңбекақы, жалақы, бозторғай, қараторғай, итаяқ, аяққап, тізеқап, онбасы, елубасы, жүзбасы, мыңбасы деген атаулар, орфографиялық сөздіктің көрсетуіне қарамастан сол кездің өзінде бірге жазылып, біріккен сөздердің қатарына енді.

Екі сөзден құралған кейбір тіркес сөздің тіркес күйіндегі мағынасы бар да, олардың қатарында сол тіркес күйіндегі білдіретін мағынасына ұқсамайтын басқа бір заттың атауы болып жұмсалатындары біріккен сөз ретінде танылып, біріктіріліп жазылатыны көрсетіліп, оған мынадай мысал берілген: айнакөз (балық), Ақбозат (жұлдыз), бақабас (өсімдік), балауыз (шам), егеуқұйрық (тышқан), есекжем (ауру), итмұрын (өсімдік), итарқа (қос), қылжақбас (қалжыңшыл), кемпірауз (тістеуік), итқонақ (өсімдік) т.б.

Дегенмен орфографиялық сөздіктің бірінші басылымында «Сөздікте жазылуы әбден қалыптасып кеткен тек мынадай бірлі-жарым сөздердің ғана орфографиясы бұрынғы қалыптасқан күйінше өзгеріссіз берілді» деп, мысалы: тасбақа, көлбақа, құрбақа, шөлбақа; бесжылдық, жетіжылдық» делініп, бірге тұлғанатын сөздердің саны тым шектеулі болып қалған.

Біріккен сөздердің орфографиялануымен байланысты кемшіліктерді кезінде профессор М. Балақаев, лексикограф Б.Қалиев орынды сынап, дәлелді ұсыныстар айтқан.

Орфографиялық сөздікте варианттылық туралы, оларды сөздікте берудің жөн-жобасы түсіндіріліп, фонетикалық варианттардың бірқатарының жазылу нормасы едәуір қалыптасқаны, бірсыпырасының орфографиялануы бірізге түспегені (унификацияланбағаны), мұндай сөздердің ішінде жазылуы біршама орнықты дегендердің Сөздікте берілгені айтылып, жарыспалы фонетикалық варианттардың орныққан түрі көрсетілген: әжім – ажым, ажуа – әжуа, барым әзір – бармазыр, бәйшешек – байшешек, әрдайым – әрдәйім, әмбе – әмме, беймаза – бимаза, жайт – жәйт, бұрнағы күні – мұрнағы күні, бүлдіргі – бүлдірге, ғұмыр – құмыр, доғару – тоғару, доп – топ, жадыгөй – жәдігөй, жүгермек – жүгірмек, көнбіс – көнпіс, қарекет – харекет, балуан – палуан, пенде – бенде, пітір – бітір, бірадар – пірадар т.б.

Ал жазылуы бір ізге түсіп орныға қоймаған – айқай – айғай, тәж – тәжі, жалпақ – жайпақ, зәбір – жәбір, уағда – уәде, азар – әзер, айуан – хайуан, жаһан – жиһан, қоңырау – көңірсу, хакім – кім, қолбырау – көлбіреу, риза – ырза –разы, күлейді – гүлейді, ғаріп – кәріп, қапыда – қапияда, кәртеміш – қартамыш, қартамыс тәрізді көптеген сөздердің бірін қалдырып, екіншісін қолдануға тиым салу дұрыстыққа жатпайтын болғандықтан, сөздікшілер мұндай сөздердің екі түрін де сөздікке енгізуді мақұл көріп, жазуда бұл сөздердің екі вариантын да бірдей қолдана беруге болатынын көрсеткен.

Алайда варианттардың жазу тәртібіне түсуі аталмыш Сөздікте түгелдей шешілді деуге болмайды. Тіпті, қайшылықтар да жоқ емес: орнықты вариант дегендердің қатарында нормаға айнала қоймағандары да, сондай-ақ норма емес деген вариант сыңарларының норма ретінде танылғандары да, жарыса қолданып жүргендері де бар. Қайшылықтар да жоқ емес. Варианттардың орнықты деген сыңарларының нормаға кереғар болып шыққандары да, сонымен қатар әдеби тіл нормасына жатпайды дегендердің, керісінше, норма ретінде қалыптасқандары да жоқ емес.

Сөздіктің бірінші басылымындағы құрамында забастовка, штукатурка, бронза, пляж, тормоз тәрзді терминдердің кездесетіні, олардың орныққан қазақша баламалары бар екені, мысалы: забастовка - ереуіл, штукатурка- сылақ, бронза – қола, пляж – жағажай, тромоз – тежеуіш деп аталатынын Н.Уәлиев, А.Алдашева сыни мақаласында дұрыс атап көрсеткен.

Дегенмен, бұл айтылған және өзге де әртүрлі кемшіліктер мен олқылықтарға қарамастан, «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінің» алғаш жарық көрген толық басылымының ортологиялық маңызын жоққа шығаруға болмайды. Өйткені бұл сөздік жазба тілдің нормаларын біріздендіру (унификациялау), жүйелендірудегі (ситематизациялаудағы) алғашқы маңызды қадам болды. Сөздікті құрастыру барысында азды-көпті тәжірибеде жинақталды. Сөздікті құрастыруда және кодификациялауда кеткен кемшіліктер мен қателер де бірте–бірте айқындала бастады. Бұл айтылғандар, түптеп келгенде, аталмыш сөздіктің екінші басылымын әзірлеуде тәжірибелік әрі тағылымдық маңызы болғанын көрсетеді.

Сонымен, қазақ ССР Ғылым академиясының академигі І.Кеңесбаевтың, корреспондент мүшесі Ғ.Мұсабаевтың ғылыми редакциялауымен шыққан бұл ортологиялық сөздік қазақ тілінің жазу мәдениетін жақсарта түсуге септігін тигізгені сөзсіз.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   27




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет