ЕЛІМІЗДЕГІ АЛҒАШҚЫ МЕДИА-ХОЛДИНГ
ОСЫЛАЙ ҚҰРЫЛҒАН
1999 жылдың сәуір айы. Мен бұл кезде республикалық «Қазақ
әдебиеті» газетінде Бас редактор болып қызмет етіп жүрген едім. Жұмыстың
аты – жұмыс. Алғашқы жылдардағыдай емес еліміздегі әдебиет пен
мәдениеттің мінбері болып отырған басылымның бүкіл өндірістік процесін
шыр көбелектей айналдырып жүрген кезім. Бұл кезеңнің айрықша ерекшелігі
–
өзіміз бұрын - соңды көріп білмеген нарықтық экономиканың
қылбұрауымен бетпе-бет келуіміз. Себебі, газет-журнал өндірісіне жаңа
қатынастың дендеп енуі алғашқы кездері кім-кімді де кібіртіктетіп тастағаны
жасырын емес. Бұрыннан қалыптасқан жоспарлы экономиканың барлық жай-
жапсарына әбден мойынұсынып, бүкіл жұлын - жүйесі соған бейімделген
ақпарат құралдарының өкілдеріне тосыннан келген талаптар оңай тимеді.
Сондықтан, мәселеге бей-жай қарап, қол қусырып отыратын заманның өтіп
кеткенін әрбір қызметкерге түсіндіруге тырыстық. Осыны ұққаны бар,
ұқпағаны тағы да болғаны жасырын емес.
Біздің осы шаруаларымызды құп көрген министрлік басшылығынан
ризашылық ниетті естіп жататын болдық.
Жұмыс осылай жаңа бір ырғақпен жүріп жатқан шақта сол сәуір
айының 18 жұлдызында Астанадан, министрліктен қоңырау шалынды.
Министрліктің алқа мәжілісі өтеді екен. Айтылған уақытта, 1999 жылдың 19-
шы сәуір күні республикамыздағы жетекші ақпарат құралдарының
басшыларының қатысуымен кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Онда жаңадан
қоныстанып жатқан Елордамыздың сан тарау шаруалары ортаға түсіп,
мемлекеттік маңызы бар бұл іске ақпараттық қолдау көрсетудің мәселелері
ортаға салынды.
Мәжілістің аяғын ала бере министріміз Алтынбек Сәрсенбаев бірқатар
газет-журналдардың басшыларын өзінің кабинетіне шақырды. Ол бүгінгі
таңдағы Қазақстандағы ана тілімізде шығатын басылымдардың қаржы-
экономикалық қиыншылықтармен бетпе-бет келіп отырғанын, осы жағдайды
түзеу үшін Ел Президентінің тікелей тапсырмасымен үкімет нақты шаралар
қабылдамақ ниетте екенін атап айтты.
Нарықты экономиканың жойдасыз қылбұрауына іліккен қазақ
баспасөзі осы бір жылдары тауқыметтің қақпақылына түскені де ешкімге
жасырын емес. Әсіресе, мемлекеттік қаржыландырудан тыс қалып, онсыз да
қалт-құлт күнін көріп жүрген руханият апталықтары мен журналдарды
қайраңға шығып қалды...
Ел ішіндегі жоқшылық пен қаржы тапшылығы газет, журналдарға
жазылу науқанына да аз зардабын тигізген жоқ. Бір жылдардағы 100
мыңдық, 200 мыңдық баспасөз таралымдары әп-сәтте құлдырап, 2 мыңдық, 3
мыңдық деңгейге түсті. Ал басылымның таралым тиражынан айырылуы,
оның қаржылық әлеуетіне едәуір соққы болғаны анық. Сөйтіп, екі жақты
қыспаққа түскен қазақ басылымдары баспахананың алдында шаш-етектен
шығынға батты. Журналистер жылдап қаламақы алуды, айлап айлық алуды
ұмытты. Газет-журнал өндірісіндегі осы бір қиямет-қайым әдебиет пен
мәдениетті ардақтайтын оқырман қауымды рухани жұтаңдыққа, ақпараттық
тапшылыққа алып келгені айдан анық.
Министрдің бұл пікірі жиылған Бас редакторларды бір серпілтіп
тастады. Өйткені, сол жиынға қатысқан БАҚ басшыларының баспаханаға,
салық органдарына, басқа да мекемелерге өздері жалға алып отырған
ғимарат иелеріне қарыздары шаш етектені рас еді. Бұның өзі әртүрлі
деңгейдегі жиындарда айта-айта жауыр болған шаруалар болатын. Соның
салдарынан редакция қызметкерлері айлап-жылдап жалақы ала алмай,
қаламақы дегенді мүлдем ұмытқан болатын. Қаламның желі бар біраз
азаматтар күнкөріс қамымен басқа салаға ауысып кетіп жатты. Газет-журнал
уақытылы шықпағаннан кейін бірқатар басылымдар біраз оқырманнан
айрылып қалып жатты. Сол кездері өздері шай-сулық пұлын әрең ажыратып
отырған кейбір отбасылар баспасөзге жазу шаруасына қолын бір-ақ сілтегені
де жасырын емес. Осындай жағдаят мерзімді басылымдардың сапалы да
мазмұнды шығуына қоғамдық пікір мінбері болуына аз кедергі келтірген
жоқ.
Ел руханиятына айрықша үлес қосқан басылымдарды бір көзден
қаржыландырып, мемлекет өз қамқорлығына алу жөніндегі ниетті шаруа
көпшілікті бір серпілтіп тастады. Сол алқалы отырыста «Қазақ әдебиеті»,
«Ана тілі», «Қазақ елі», «Ақиқат», «Жұлдыз», «Мысль», «Простор»
басылымдарының жаңадан құрылатын қауымдастыққа енетіндігі айтылды.
Ал ұлттық азшылық басылымдары ұлттық мәдени орталықтарының
құрылтайшылығына берілетіндігі ескертілді. Министріміз осыны айтып-
айтпастан-ақ «Уйғур авази» газетінің Бас редакторы Юлдаш Азаматов:
-
Жаңа қауымдастықтың көшінен біз де қалмаймыз. Соның
құрамында боламыз,- деп табандап отырып алды.
Жиылыс төрағасы мәселені көптің қарауына салды. Алқа мәжілісіне
жиналған Бас редакторлардың көбісі, тіпті бәрі дерлік Юлдаш Азаматовты
жақсы біледі. Сондықтан оның өтініші бәріміздің тарапымыздан қолдау
тапты. Сөйтіп, жаңадан құрылатын «Қазақ газеттері» жабық акционерлік
қоғамы құрамында уйғур тілінде шығатын «Уйғур авази» газеті де орын
алатын болды.
Осы мәслихаттың аяғын ала бере басшылық тарапынан жаңадан
құрылатын медиа-холдинг іспеттес қауымдастыққа жетекшілік ету маған
жүктеліп отырғандығы туралы ескертілді. Бұл тосын шешімге: «Қалай болар
екен...» деп мүдіріңкіреп қалып едім, ол:
-
Сіздің «Халық кеңесін», «Ақиқатты», «Қазақ әдебиетін» басқарып
отырғандағы тәжірибеңізді ескердік. Бұл – Қазақстан ақпарат құралдары
құрылымындағы жаңалық. Ал Сіз жаңашыл редактор емес пе едіңіз? –деп
мені көтермелей, қолпаштай сөйлеп, әңгіме осымен бітті дегендей ишара
жасады.
Арада 1 ай өткеннен соң, дәлірек айтқанда 1999 жылдың 21-ші
мамыры күні Қазақстан Республикасы Қаржы вице-министрі, Мемлекеттік
мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Д.Әбілғазиннің №28
бұйрығы шықты. Онда былай делінген:
«Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 11 наурыздағы
№538кос тапсырмасына сәйкес, сондай-ақ Қазақстан Республикасы
Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің 1999 жылғы
№780 қолдаухатын ескере отырып, Қазақстан Республикасы Қаржы
министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті
ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1.
«Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Қазақ елі», «Уйғур авази»
республикалық газеттерінің және «Ақиқат», «Жалын», «Жұлдыз»,
«Мысль» және «Простор» журналдарының мүліктік базасында
мемлекеттің 100 пайыздық қатысуымен «Қазақ газеттері» коммерциялық
емес жабық акционерлік қоғамы (бұдан әрі - «Қазақ газеттері» ЖАҚ)
құрылсын.
2.
Мемлекеттік
ұйымдардағы
мемлекеттік
меншікті
басқармасына (М.А. Дүзбаева) Қазақстан Республикасы Мәдениет,
ақпарат және қоғамдық келісім министрлігімен бірлесе отырып (келісім
бойынша) «Қазақ газеттері» ЖАҚ Жарғысын және бақылау органының
құрамы жөнінде белгіленген тәртіпте бекіту үшін әзірленсін.
3.
Жұмабек Кенжалинді «Қазақ газеттері» ЖАҚ Басқармасының
төрағасы етіп тағайындау туралы Қазақстан Республикасы Мәдениет,
ақпарат және қоғамдық министрлігінің ұсынысымен келісілсін және
мемлекеттік тіркеу үшін «Қазақ газеттері» ЖАҚ Жарғысына қол қою
және білдіру жөніндегі өкілеттік оған жүктелсін.
4.
«Қазақ газеттері» ЖАҚ заңдарда белгіленген тәртіпте
мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін:
1)
«Қазақ газеттері» ЖАҚ жарғылық капиталының 70 %
мөлшеріндегі акциялардың мемлекеттік пакеттеріне иелік ету және
пайдалану құқығы Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және
қоғамдық министрлігіне берілсін;
2)
Акциялардың мемлекеттік пакеттерін сату және мемлекеттік
тиімді басқару мониторингі басқармасына (П.Р.Каширов) 1999 жылдың
төртінші тоқсанында «Қазақ газеттері» ЖАҚ жарғылық капиталының
30% акцияларын сатуды жүзеге асырсын.
5.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік
мүлік және жекешелендіру департаментінің 1999 жылғы 1 наурыздағы
№77 «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік меншік объектілерін
жекешелендіру мәселелері» қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:
аталған қаулымен бекітілген, Мүліктік кешен түрінде ақша
аукциондарында сату жолымен жекешелендіруге жататын республикалық
мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелердің тізбесіндегі 12, 14, 17, 18, 19,
20, 22, 23 деген реттік сандар алып тасталсын.
6.
Осы қаулы «Қазақ газеттері» ЖАҚ құрылтайшысының шешімі
болып табылады.
7.
Осы бұйрық орындалуына бақылау жасау Комитет Төрағасы
бірінші орынбасарының міндетін атқарушы Б.С. Тойбазаровқа жүктелсін
Қаржы вице-Министрі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру
комитетінің Төрағасы Д.Әбілғазин».
Осы қаулы қолыма тиісімен Алматы мен Астана арасындағы
алашапқын басталды да кетті. Екі күн Алматыда болсам, үш күнімді
Астанада өткізетін болдым. Басшылық менің жұмысымның ойдағыдай жүріп
отыру үшін министрлік тарапынан қаржы-шаруашылық департаментінің
директоры Сатыбалды Әсембаевты заң бөлімінің меңгерушісі Светлана
Васильевна Бояринаны бөлді. Алғашқы кезекте акционерлік қоғамның
жарғысын жасау керек. Ол үшін біраз мекемелер мен құзіретті органдардың
келісімін алу қажет болды. Бір жазған мәтінді қайта-қайта күзеп-түзеумен
бірнеше күнді өткіздік. Не керек, әйтеуір, жарғы мәтінінің орысша нұсқасы
дайын болған соң оны жатық етіп қазақшалау керек еді. Министрлікте
осыған әбден жатыққан кісі болмағандықтан шұғыл түрде Алматыға оралып,
мәтіннің
орысша
нұсқасын
қолма-қол
«Қазақ
әдебиетіндегі»
қызметкерлеріме шұғыл түрде тәржімалау үшін бөліп бердім. Менің ой-
ниетімді қас-қабағымнан танитын Қуанбек Боқаев, Мейірхан Ақдәулетов
секілді жігіттер аударманы тап-тұйнақтай етіп дайындап берді.
Сөйтіп, Астанаға бір барып, бір келіп жүргенде маусым айының
басында Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінде «Қазақ
газеттері» Жабық акционерлік қоғамының жарғысы толық нұсқасы дайын
болғандығы жөнінде хабар алдым. Жарғымыз 15-ші маусым күнгі №63
ретпен бекітіліпті. Енді осы жарғыны Алматы қалалық Әділет басқармасында
тіркеуден өткізу керек. Басқарманың бір есігінен бір есігіне кіріп, мәселені
шұғыл шешудің жолын қамдастырып жанталасып жүргенімде көзтаныс
жігіттердің бірі:
-
Ойбай-ау, онда бастықтың орынбасары болып Мұрат бауырымыз
істейді ғой. Мұрат Құл -Мұхамед ше! –деп жөн сілтеді.
Алматының ми қайнатар ыстығынан әбден сілелеп жүрген мен мына
хабарға әйелім ұл туғандай қатты қуанып кеттім. Өйткені, тумай жатып
бюрократияның буына шалдыққан кішкене шенеуніктердің кісімсулерінен
әбден зәрезап болып, жүрегім шайлыққан мен мына хабардын кейін күні
ертен-ақ қолыма куәлік тиетіндей айран асырып алдым. Осы көңіл-күймен
дедектеп отырып, Мұраттың кабинетін таптым. Барған бетте асығып-аптыға
келген шаруамның мән-жайын айтып болар болмас бетте ол:
-
Оу, ағасы, қолға алған шаруаларыңыз ортақ ниеттің мәселесі
екен. Өзі қаламгерлердің қауымдастығы болса, оның аты «Қазақ газеттері»
болса, онда біз болыспасақ, кім болысады! Ұлт үшін, Қазақ руханияты үшін
жасалып жатқан шаруа ғой бұл,-деді.
Ініміз қара телефонның түймешесін басып қалды да, осы шаруамен
айналысатын бөлім бастығы шақырып алды. Сөйтті де оған: «Бұл кезек
күтіп тұратын шаруа емес, шұғыл көмектесу керек. Ел Тәуелсіздігінің
шежіресін жазып жатқан ағаларымыздың шаруасы!-деп мәселені нығырлап
қойды.
Арада көп уақыт өте қойған жоқ, дәлірек айтқанда 1999 жылдың 12-
ші шілдесі күні Алматы қалалық Әділет басқармасында № 27390-1910АҚ
ретпен тіркелген «Қазақ газеттері» Жабық акционерлік қоғамының куәлігін
алдым. Осы куәліктің негізінде мекеменің мөрін басқа да қажетті құжаттарды
тиісті органдардан ала бастадық. Бухгалтерия құрылды.
Дәл осы күндері мойнымнан бір ауыр жүк түскендей болды. Өйткені,
жұрт назарының бәрі менің іс-қимылымда еді. Жарғы тез алынса,
акционерлік қоғамның есеп-қисабы да жүре бастайды. Олай болмаған
жағдайда қызметкерлер бұған дейін айлықтарын айлап күткен секілді саусақ
санамалап отыра бермек...Бәрі де белгілі жайт: біреулер жұмысымыздың гүр
етіп жүріп кетуіне шын мәнінде ниеттес болса, енді біреулер, бұл енді қайтер
екен деп мысықтілеу мен бақайесепте болғаны да рас... Ол енді өмірдің заңы
ғой...
Жарғы тіркеуден өткенде ұжым мүшелері бөркін аспанға ата қуанды.
Көп ұзамай мекеменің басқа қарыздарын ысырып қойып, алдымен жалақыны
төлей бастадық. Онан соң түйдек-түйдегімен қаламақыларын өтедік. Ел бір
жырғап қалды.
Ендігі кезек акционерлік қоғамға қарасты газеттер мен журналдарды
мүліктік балансқа алу шаруасын бастап кеттік. Ол үшін барлық
редакциялардың есеп-қисап бөлімдерінде аудиторлық тексерулер өткізу
қажет болды.
Тексеру дегенді кім жақсы көреді дейсін. Бірақ, оның бәрін
редакцияларға жетекшілік етіп отырған жігіттерге айтып, түсіндіру қажет
болды. Түсіндіру жұмыстарымен қоса, редакциялардың ішкі құрылымдарын
да оңтайландыру қоса атқарылды. Бұл да бір оңай шаруа емес еді. Дегенмен,
жасы ұлғайған кісілерді өзінің сәнімен, салтанатымен құрметті демалысқа
шығарып, рахметімізді айттық. Мұны біреулер дұрыс көріп жатты,
ендібіреулер осыдан саясат іздеп жатты. Өмір болғаннан кейін ол да, әрине,
болатын шаруа.
Редакциялардың қаржы шаруашылық есеп-қисаптарын тексере
келгенде шұғыл түрде қолға алатын бір ғана акционерлік қоғамның күш-
қуаты жетпейтін жағдаяттармен бетпе-бет келдік. «Простор», «Жұлдыз»
журналдарының, «Қазақ Елі» газетінің салық органдарына қарызы 5,5
миллионға жетіпті. Бүкіл есеп-қисабы «Дәуір» баспаханасына қарайтын
«Ақиқат», «Мысль», «Уйғур авази» газеті редакцияларының өз
қызметкерлеріне айлық жалақысы және қаламақысы бойынша қарызы айлап
емес, жылдық шектерден де асып кеткен. Мұның сыртында осы аталған
басылымдардың баспаханаға, қағаз тасымалдаушыларға деген қарыздары да
пайыздық өсіммен шектен шығыпты.
Дәл осы мәліметтер алдыма келгенде мен күндіз күлкіден, түнде
ұйқыдан айырылатын сәттердің келгенін білдім. Бір ғана көңілге медет
қылатын шаруа «Ана тілі» газетінің ішкі-сыртқы қарыздарын өзгелермен
салыстырғанда шүкірлік етуге болатындай еді. Осының бәрін бір мен ғана
емес, акционерлік қоғамның барлық мүшелері, басшылығы біржағадан бас
біржеңнен қол шығара қимылдағанда ғана жеңетіндігімізді айтып түсіндіруге
тура келді.
Сөйтіп, аптаның әр күнінде белгілі бір уақытта акционерлік қоғамға
қарасты газеттер мен журналдардың редакцияларында ашық әңгіме
сағаттарын өткізуді дәстүрге айналдырдық. Онда редакцияның басшысын да
олардың қызметкерлерін де ойландырған мәселелер ортаға түсетін болды.
Сөйтіп, өндірістік процеске қолбайлау болып отырған мәселелерді шешудің
жолдарын ұжымның өз мүшелері-ақ қолға алатын жағдайға жеттік. Мұнан
соң, акционерлік қоғамның басқару әкімшілігі жанынан редакторлар кеңесі
құрылды. Мұнда бүтіндей медиа-холдингтің дамуының стратегиясы мен
тактикасына байланысты мәселелер қаралып, ең қағажу шаруаларды
шешудің жолдарын алқа боп ақылдасудың амалы жасалды. Ақиқатын айту
керек, осындай байыпты шешімдердің нәтижесінде біздің мекемемізге
қатысты көптеген толғаулы мәселелердің түйіні құрылтайшыларымыз
тарапынан шешімін тауып жатты.
Акционерлік қоғамның менеджменті мен маркетингіне қатысты
мәселелерге орай нарықтық жүйенің толғаулы мәселелерімен айналысып
жүрген мекемелермен әріптестік қатынас орнаттық. Соның нәтижесінде
жұмысты уақыт талабына сай ұйымдастырудың алғы - шарттары жасалды.
Ұқыпшылдық пен үнемшілдік турасында еңбек ұжымдары арасында орасан
зор жұмыс жүргізілді. Әр тиынның есепке алынатыны ескертілді. Өндірістік
құрал-жабдықтар кезең-кезеңімен жаңғыртылып, сапалы өнім шығарудың
негіздері жасалды.
«Қазақ газеттері» жабық акционерлік қоғамы секілді үлкен
қауымдастықтың басқару аппаратын құру, оның жұмысын жүйелеу, бір
арнаға бағыттау айтуға ғана жеңіл болғанымен қыруар күш-жігерді қажет
еткені сөзсіз еді. Бас-басына билік құрып, бұрыннан өз шаруашылығына
бауыр басып, үйреніп қалған газет-журнал басшыларымен тіл табысып,
жұмыс істеу бір жағынан мәмілегерлікті, екінші жағынан әкімшілік
ресурстарды ұтымды пайдаланып, іске қосу өнерін қолдануды талап етті.
Алғашқы екі-үш жыл, әрине, газеттер мен журналдардың өндірістік
әріптестері алдындағы қарыздарын қайтарумен кетті. Мұның сыртында
журналистердің жылдар бойғы алынбаған қаламақысы мен айлығын өтеу
міндеті тағы тұрды.
Қыруар күш-жігерді жұмсаудың нәтижесінде жігіттердің
демеушілермен жұмыс істеуіне қол жеткіздік. Баспасөзге жазылу дейтін
мәселе редакцияның қаржы көзінің бірі екенін айтудан танбадық. Әрбір
қызметкерге нақты тапсырмалар бердік. Бұл кім-кімнің де ортақ қазанға
қосар үлесі болып табылатындығын ескерттік. Демеушілер мен жарнама
берушілерден алынатын қаржының пайыздық мөлшері әр қызметкердің
қалтасына түсетіндігін нақтылайтын құжаттар жасадық. Оны өкілетті
органдарға бекітіп алдық.
Біздің бұл қадамымыз нақты нәтижесін берді. Бұрын тек жалақыға
қарап отырған жігіттер енді қосымша табыстың дәмін тата бастады. Ал
мұның өзі олардың жұмысына деген белсенділігін, шығармашылық
құлшынысын айтқаны сөзсіз еді. Газеттер мен журналдардың беттерінде
жаңа айдарлар көрініп, тың тақырыптағы мақалалар, ой-толғамдар үрдісі
өріс алды. Сөйтіп, басылымдардың өн бойына қан жүгірді. Жаңа леп келді.
Осындай қат-қабат шаруалардың арасында жүріп «Қазақ газеттерінің»
компьютерлік орталығын құрдық. Сөйтіп, газет материалдарын теру үшін
«Дәуір» баспасына беретін берешектен құтылдық. Акционерлік қоғамның
корректорлық бюросы да «Дәуірде» еді. Енді терім өзімізде жүзеге асатын
болған соң, баспахананың корректорлар кеңсесі үшін ай сайын қаржы төлеп
отырудан да азат болдық. Міне, осынау там-тұмдап жиылған, үнемделген
қаржыдан қызметкерлердің уақытылы айлығын беріп тұруды, қаламақы
көлемін көтеріп қоюды қолға алдық.
Сол 1999 жылдың аяғына дейін акционерлік қоғамға қарасты газеттер
мен журналдар редакцияларының қызметкерлеріне айлықтары мен
қаламақылары жөніндегі қарыздар толығымен өтелді.
2002-
2005 жылдар акционерлік қоғам өміріндегі серпіліс, алға
ұмтылыс кезеңі десе де болғандай. Бұл кезеңде қауымдастыққа қарасты
газеттер мен журналдар жаңаша түр, мазмұнмен, полиграфиялық
безендірумен шыға бастады. Басылымдардың таралым ауқымы ұлғайды.
Бұқаралық ақпарат құралдары саласында өмірдің өзі ұсынып отырған
талаптарға сай заманауи менеджмент пен маркетингті енгізу өзінің нақты
нәтижелерін бере бастады. Газеттер мен журналдардың облыстардағы
күндерін өткізу, басылымдардың әрқайсысын өзінің тақырыптық саласына
байланысты
ғылыми-практикалық
конференциялар
ұйымдастыру,
оқырмандармен сұхбаттасу, ашық есік күндерін өткізу секілді іргелі
шараларды қолға алу дәстүрге айналды. Міне, осының бәрі айналып келгенде
еліміздің ақпараттық кеңістігінде өзінің лайықты орнын алуға ұмтылған
«Қазақ газеттері» секілді шығармашылық қауымдастығы еңбек ұжымның
ұмтылысының жарқын бір көрінісі болады.
2006 жылы Қазақстан Республикасының «Акционерлік қоғамдар
туралы» заңының талаптарына сәйкес «Қазақ газеттері» жабық акционерлік
қоғамы жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып қайта құрылды. Сөйтіп,
оның алдына бұрынғыдан да зор жаңа міндеттер қойылды. Ал, ол биіктен
көріну газеттер мен журналдардың тұтқасында отырған басшыларға,
басшысы біреу болғанда өзгелері тіреу болатын еңбек ұжымдарына тікелей
байланысты еді. Қазір жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрамында алты
басылым бар. «Ана тілі» ұлт апталығын республикамызға белгілі білікті
қаламгер Самат Ибраим басқарса, «Экономика» газетіне Президент
сыйлығының лауреаты Ахас Тәжутов жетекшілік етеді. «Уйғур авази»
газетіне ұзақ жылдардан бері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Юлдаш Азаматов басшылық жасап келеді. 2009 жылдан бастап 90 жылдық
тарихы бар, «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналына филология
ғылымдарының кандидаты Мұхитден Салқынбаев редактор болып қызметке
кірісті. Бертін оны кайтулы қаламгер, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың
лауреаты Аманхан Әлімұлы алмастырды. Республикамызға белгілі
саясаттанушы Сейдахмет Құттықадам төрт-бес жылдан бері «Мысль»
журналының тұтқасын ұстап отыр. Ал «Алаш» сыйлығының лауреаты,
белгілі жазушы Қуандық Түменбай «Үркер» журналының бас редакторы. Бір
айта кетерлігі біз жоғарыда тізімдеген басылымдардың кейбірінің жарық
көру тарихнамасы бір ғасырға жуықтап қалса, ал «Экономика», «Үркер»
секілді басылымдардың өз оқырмандарының көзайымына айнала
бастағанына бар-жоғы екі-үш-ақ жыл болды.
Қауымдастыққа еніп отырған газеттер мен журналдар тақырыптық
жағынан бірін-бірі қайталамайтынын ескерсек, бұның өзі басылымдардың
таралым аудиториясының әр алуандығында айқын байқатады. Айталық,
оқырман қауымға тіл тағдырының ұраншысы болып отырған «Ана тілі»
апталығының, «Ақиқат» пен «Мысль» секілді зиялылар басылымының
ақпараттық кеңістіктегі өзіндік орнын нық белгілегенін оқырман қауым
бұрыннан білетін болса, республиканың түкпір-түкпіріне енді-енді жете
бастаған «Экономика» газеті мен «Үркер» журналы да осы үдерістен өз
үлесін алып қалу үшін қажыр-қайрат жұмсауда.
Қазақ ақпарат кеңістігінде «Ана тілі» ұлт апталығының алатын орны
ерекше. Өзінің шыға бастағанына жиырма жылға жуық уақыт болған бұл
басылым шын мәнінде, қалың оқырман қауымның жан серігіне айналды. Осы
газетте жұмыс істеп, оның шаңырағын көтеріп, уығын қадасқан Жарылқап
Бейсенбаев сынды қаламгердің және оның серіктерінің жанкешті еңбегі газет
жылнамасында мәңгілікке жазылып қалады. «Ана тілін» ұлт руханиятының
алтын көпірі етсек деген мақсатта қалтқысыз еңбек сіңірген сол аға буынның
дәстүрі газеттің бүгінгі шығармашылық ұжымының ізденісінен лайықты
жалғасын тауып келеді. Туған тіліміздің толғаулы мәселелерімен қоса салт-
дәстүріміздің озық үлгілерін насихаттау, Қазақ мемлекеттілігінің рухани
әлемінің қадау-қадау мәселелерін, оның толғаулы проблемаларын көтеру,
жас ұрпақты елжандылық пен отаншылдыққа тәрбиелеу сияқты мәселелер
журналистерді соны ізденістерге бастайтын тақырыптар болып қала бермек.
Осы тұрғыдан келгенде газет тарапынан жүргізіліп жатқан акциялар,
тың бастамалар оқырмандар тарапынан қолдау тауып келеді. Сондай
ізденістердің нәтижесінде тұсауы кесілген мақалалар мен ой-толғамдар
көпшіліктің көзайымына айналғаны сөзсіз. Айталық, Қ.Әбілқайырдың
«Шоқындылар» (5.02.2009 ж), М.Мамырайханның «Ислам облигациясы:
үміт пен күдік» (19.02.2009 ж), Н.Уәлидің «Тіл экологиясы» (26.02.2009 ж),
Б.Исаеваның «Ұлт мықты болмай, тілдің жағдайы түзелмейді» (9.04.2009 ж),
С.Ибрайымның «Тіл болашағы – ұлт болашағы» (14.05.2009 ж),
Қ.Сартқожаұлының «Шыңғысханның мазары табылды» (28.05.2009 ж),
А.Мектептегінің «Геноцид» (28.05.2009, 4,11,18.06.2009 ж) деп аталатын
материалдары рухани әлеміміздегі өзекті мәселелерді қозғауымен құнды.
Осы жарияланымдардың қай-қайсысына да еліміздің түкпір-түкпірінен
оқырмандар үн қосып, өздерінің пікірлерімен бөліскені сөзсіз. Демек,
газеттің бұқарашылдық сипаты туралы әңгіме қозғағанда осы бір
мысалдарды мақтанышпен айтуға болатыны ақиқат.
Ұлттық қоғамдық-саяси «Ақиқат» журналының еліміздің ақпараттық
кеңістігінде алатын өзіндік орны бар. Шыға бастағанына енді бірер жылда
тоқсан жыл толатын бұл басылымның алғашқы нөмірі «Қызыл Қазақстан»
деген атпен 1921 жылы 15 қыркүйекте Орынбор қаласында тұсауы кесілсе,
содан бергі мерзімде ол ел өмірінің тыныс-тіршілігінің айнасы болып келеді.
Басылымның атауы сол жылдардан бері бірнеше рет өзгерді. Кезінде «Ауыл
коммунисі», «Қазақстан большевигі», «Қазақстан коммунисі» - «Коммунист
Казахстана» деген атаулармен оқырмандар қолына тиіп тұрған бұл журнал
1991 жылдан бастап «Ақиқат» деген атпен шығып келеді.
Журналдың даму өсу жолы республика тарихындағы айтулы,
маңызды кезеңдермен тығыз байланысты. Мәселен ауылшаруашылығын
ұжымдастыру, елді индустрияландыру, қазақ халқының ілім-білімге
ұмтылысы, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ел басына түскен қабырға
қайыстырар ауыртпалықтар, одан берідегі санамызда жаңғырған оқиғалар
басылым беттерінен лайықты көрініс тапты.
Ал журналдың 1991 жылдан бергі нөмірлерінде республикамыздың
егемендік алғаннан кейінгі қадамдары, оны нығайту жолындағы мемлекет,
қоғам қайраткерлердің, зиялы қауым өкілдерінің ой-толғаныстары, ғылыми
әлеумет өкілдерінің, теориялық байыптамалары, сыни пікірлері жиі
жарияланып отыр. Қазақстанның бір байлығы халықтар достығы мен
қоғамдық келісім идеясын жүзеге асыру болса, осы мақсатта журнал
айрықша роль атқарып келеді. Демек, бұл басылым өзінің о бастағы
қоғамдық-саяси теориялық журнал деген мәртебесіне сай шығып отыр деген
сөз. Бұған дәлел ретінде әріге бармай-ақ, журналдың үстіміздегі жылғы
жарияланымдарына көз жүгіртсек болғаны. М.Әбілтайынның «Қазақтың
рулық қоғамы» (№1, 2009 ж), М.Тәтімовтың «Зұлмат пен зардап» (№5-6,
2009 ж), С.Ақтаевтың «Мағжан мен Хамза» (№5, 2009 ж), Ғ.Есімнің «Акме
қоғам – Нұқ кемесі» (№ 9-10-11, 2009 ж) деген толғамы терең туындылары
оқырмандар назарын аударғаны сөзсіз. Осы журнал редакциясында қазақ
зиялы қауым өкілдерінің басқосуы жиі өтіп, онда қоғамдық өміріміздегі
болып жатқан сан салалы мәселелер талқылау өзегіне айналады. Оның
нәтижесі журнал беттерінде жарияланып, оқырмандар қазынасы болып
келеді.
«Ақиқат» журналындағы дәстүр сабақтастығы, оның орыс тіліндегі
сыңары «Мысль» журналынан да көрініс тауып отырғаны қуантады. Осы
басылымның тарихына үңілсеңіз, бұл да «Ақиқат» журналы куәсі болған
тарихи кезеңдерді бастан өткерген. Еліміз өмірінде тәуелсіздіктің таң шапағы
арайлап атқан шақта «Партийная жизнь Казахстана» журналы да сыртқы
түр-сыпатымен қоса ішкі мазмұн болмысы да бүтіндей өзгеріп, «Мысль»
деген атау алды. Содан бері, міне, бұл журнал орыс оқырмандарына арналған
зиялылар басылымы саналып келеді. Әр жылдары мұның бетінде Мұрат
Әуезовтың, Герольд Бельгердің, Олжас Сүлейменовтың, Салық Зимановтың,
Эрвин Госсенің, Несіпбек Жағыпаровтың, Досмұхаммед Кішібековтің
мақалалары жарияланып, еліміз өміріндегі толғаулы мәселелерге үн қоса
білді.
Журнал мақалалары ел өміріндегі өзекті мәселелер төңірегінде
тереңінен толғауымен құнды. Өйткені, оның авторлары негізінен қоғам
қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар. Осы өлшеммен қарағанда,
журналдың түрлі жылдардағы нөмірлерінде жарияланған К.Өтелбаевтың
«Ұлттық сана-сезім жаһандану жағдайында» (№2, 2009 ж), Т.Рысбеков пен
П.Добряевтің «Қазақстандық патриотизмнің қалыптасуы» (№7, 2009 ж),
А.Бижановтың «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» (№8, 2009 ж),
А.Ғабжалиловтың «Президенттік басқару институты: теориялар мен
концепциялар» (№10, 2009 ж) деп аталатын мақалалары назар аудартарлық.
Ал «Уйғур авази» газеті халықтар арасындағы достықты,
тұрақтылықты насихаттау мәселесіне айрықша көңіл бөлетін басылым.
Газеттің абырой-беделінің биік болуына ондағы жұмыс істейтін
шығармашылық ұжымның ауызбірлігі, ынтымағы әсер етері сөзсіз. Осы
газетті жиырма жылдан бері басқарып келе жатқан Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері Юлдаш Азаматовтың іскерлігі мен редакторлық
шеберлігі газет ұжымының үнемі биіктерден көрінуіне қосып келе жатқан
үлесі зор. Редакция ұжымы республикалық шығармашылық бәйгелерінен
үнемі тыс қалған емес. Бірнеше рет жеңімпаз атанды. «Алтын Жұлдыз»
сыйлығының иегері болды. Сондықтан да болуы керек газеттің жылма-жыл
таралым ауқымы ұлғайып келеді. Бұған әсіресе, газет беттеріндегі ел бірлігін
насихаттайтын мақалалар да игі әсерін тигізері сөзсіз. Қазақ елінің қадір-
қасиетін білсек, достық пен ынтымақта өмір сүрсек деген тақырыпты өзегіне
айналдырған материалдар көпшіліктің көкейінен шығып отыр. Мәселен,
Ш.Мәсимовтың «Қазақстандық үлгі достыққа қызмет етеді» (21.08.2009 ж),
Н.Ахметовтың «Мемлекеттік тіл – заман талабы» (16.10.2009 ж),
Д.Әшімханұлының «Өз ұлтын сүймеген өзге ұлтты да құрметтемейді»
(6.11.2009 ж), Ғ.Нұрәділдің «Менің Қазақстаным - өз елім» (6.11.2009 ж) деп
аталатын материалдары біздің жоғарыдағы пікіріміздің айқын дәлелі болса
керек.
Бүгінгідей әлемдік қаржы дағдарысының сан сауалы алқымдаған
сәтте түкпірде жатқан қазақ ауылының оқырманына «Экономика» газеті
соның мән-жайын түсіндірудің, қарапайым ғана шаруашылықты бүгінгі
талапқа сай қалай ұйымдастыру керектігін үйрететін таптырмас көмекші
құрал болары сөзсіз.
Осы газетті жалпы оқырманның сүйікті басылымы ету қарекеті
жолында әртүрлі ізденістер, жаңашыл бастамалар қолға алынып келеді.
Елімізге белгілі экономистер мен ғалымдардан құралған ақылдастар
алқасының бірнеше мәслихаты өткізіліп, онда газет бетінде көрініс табуы
тиіс елеулі мәселелер талқыланды. Қазақстан Республикасы Банк
академиясының Президенті Ләзиза Айтбаеваның, белгілі кәсіпкер Ұзақбай
Айтжановтың, экономист-ғалымдар Рахман Алшановтың, Айтқали
Нұрсейітовтың,
Жетпісбай
Бекболатұлының
ұсыныс-пікірлері
оқырмандарымызға ой салғаны сөзсіз. Сондықтан болар газет бетінде
жаңадан айдарлар ашылып, ел экономикасының өзекті мәселелерін арқау
еткен мақалалар жарық көре бастады. Осы ретте Г.Смағұлованың «Банктің
есеп айырысатын шамасы бар ма?» (7.05.2009 ж.), С.Саматқызының «Қаржы
шығарумен тарату қатар жүру керек» (9.07.2009 ж), Қ.Қонысбайдың
«Энергетикалық қауіпсіздік – ұлттық қауіпсіздіктің ажырамас бөлігі»
(27.08.2009 ж), Н.Жайықбаевтың «Инвестициялық жобалардың игілігі көп»
(8.10.2009 ж), М.Садыханұлының «Туризмнің кәсіби сапасын көтеретін кез
келді» (15.10.2009 ж) деп аталатын сараптамалық мақалаларын атап өткен
орынды. Редакция қызметкерлерінің іргелі өндіріс орындарында болып,
еңбек адамдарының бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысуы, сөйтіп, олардың
күнбе-күн кездесіп отыратын проблемаларын мақалаларының өзегіне
айналдыруы дәстүрге енді. Бұл тұрғыдан келгенде жас журналист Арман
Әубәкірдің ізденісін, қаламгерлік құлшынысын өнеге етуге болады. Оның
Мойнақ ГЭС құрылысында болып, сериялы материалдар жазуы осы
пікіріміздің нақты мысалы.
Ал «Үркер» туралы сөз басқаша. Кезінде «Роман-газета» ретінде
тіркеуден өтіп, тарала бастаған басылымды жастар аудиториясына
бейімдеудің көп пайдасын көріп отырмыз. Қазір бұл журнал жасөспірімдер
мен өрімдей жастардың шығармашылық басылымы. Үмітін үлкен мақсатқа
байлаған таланттар ел ішінде, жоғары оқу орындарында жоқ емес, бар!
Қазіргі қоғам саясиланған қоғам. Қай басылымды ашып қалсаңыз да саяси
ойынның ордасына сүңгіп кетесіз. Ал адамның, әсіресе, жас өскіннің рухани
мұқтажын қанағаттандыратын, шығармашылықтың ләззат шәрбатын
сезіндіретін газеттер мен журналдар некен-саяқ. Міне, «Үркер» осынау
олқылықтың орнын толтырса дейміз.
Оқырмандармен табысқанына оншалықты көп уақыт өте қоймаса да
қалың әдебиет сүйер қауымның төл журналына айналған бұл басылым
алғашқы нөмірлерінен-ақ өзінің көздеген межесі биік екендігін анық
байқатты. Бұл ретте осы пікірімізді «Үркердің» елең еткізер айдарлары-ақ
дәлелдей түскендей. Айталық, «Қауырсын қалам», «Туған әдебиет тағдыры»,
жастар болашағын бағамдайтын «Кім болам?», «...білімді мыңды жығар»,
«Мамандығым – мақтанышым», «Ұлттық дәстүр ұлағаты», «Жас дәурен, гүл
жазира, қайран жазым», «Аққан жұлдыз» деп аталатын айдарлар алыстан-ақ
менмұндалап тұрғандай.
Өсер жасқа - өріс кең. Ал әдебиетіміз бен мәдениетіміздің болашақ
майталмандары мен қайраткерлерін даярлау мәртебелі міндет. Осынау
міндеттің елеулі бір салмағы жас таланттардың мінбері саналатын «Үркерге»
жүктелетіні сөзсіз. Журнал редакциялық алқасының еліміздің аймақтарында
күндерін өткізу, оқырмандар конференциясын ұйымдастыру жоспарда тұр.
Сөйтіп, ел ішіндегі таланттарды әдебиет әлемінің сахнасына алып шыға алса,
«Үркердің» абыройлы парыз биігінен көрінгені деп білеміз.
Өзінің он жылдық мерекесіне «Қазақ газеттері» жауапкершілігі
шектеулі серіктестігі және оған қарасты еңбек ұжымдары жоғары
шығармашылық табыстар мен тың жетістіктермен келді. Бұл жетістіктер
әрбір газет-журнал редакцияларында күнбе-күн өтіп жатқан жаңалықтармен,
ізденістермен әдіптелуде. Бүгінгі таңдағы қоғамдағы рухани үдеріске
байланысты басылымдардың беттерінде тың тақырыптық желілер пайда
болғанын жоғарыда айттық.
Ал ендігі мәселе, жеткен жетістікке тоқмейілсімей болашаққа нық
қадам басу. Осы тұрғыдан келгенде әрбір еңбек ұжымында қазақ
баспасөзіндегі дәстүр сабақтастығын дәйектілікпен дамытуға деген мақсатты
үрдісті баянды ету. Қазақ баспасөзі ғаламдық ақпараттық кеңістікте кеше,
бүгін ғана пайда бола қалған жоқ. Оның тарихы ХІХ ғасырдың екінші жарты
жылдығындағы ұмтылыстан («Дала уалаяты», «Түркістан уалаяты») ХХ
ғасырдың алғашқы жиырма жылындағы «Қазақ» газеті мен «Айқап»
журналдарында қалыптасқан халықшылдық, бұқарашылдық дәстүрлерден
арна тартады.
Қазір біздің көзқарасымызша қазақ ауылының тағдыр-талайы
бұқаралық
ақпараттық
құралдарының
жеріне
жеткізе
жазатын
тақырыптарының бірі болуы тиіс. Себебі, қашаннан «Ауыл алтын бесігіміз»
деп бекер айтылмаған. Елді асыраушы да, жарылқаушы да ежелден ауыл-
елдің дәулеті болған. Өркениетті елдерде азық-түлік тауарларын өндіруші
өңірлерге айрықша көңіл бөлінеді. Бұл қағидат сақталмаса оның зардабы
орасан зор болмақ. Қазір мынадай деректер ешкімнен жасырын емес. Соңғы
екі-үш жылдың ішінде азық-түлік түрлері 60 пайызға дейін қымбаттады.
Ғалымдардың мәліметі бойынша жер бетінде 1 млрд.-қа жуық адам
ашаршылық жағдайына душар болып отыр. Бұл, әрине, ойланарлық, сабақ
аларлық жағдаят.
Ал ашаршылық апатын қазақ халқы бір емес, бірнеше рет өз басынан
өткізгені мәлім. Тарихтың осынау ащы сабағынан үнемі тағылым түйе
білмейтініміз өкінішті-ақ. Кешегі жабайы нарықты экономиканың елең-
алаңында қолымыздан келгенше ұжымдық шаруашылықтарды талқандауға
асықтық. Қолда барды қиратып-бүлдіруге ұмтылдық. Бұл бағытта кәдімгідей
жарыстың алдын бермеуге тырыстық. Сөйтіп, мәдениет ошақтары
опырылып, әлеуметтік маңызы зор нысандар ұстағанның қолында,
тістегеннің аузында кетті. Аз уақыттың ішінде ел дәулетін иемденіп, кекірік
атқан «іскер кәсіпкерлердің» жұлдызды сәттері басталды.
Бүкіл ғаламдық қаржылық дағдарыстың кейбір сабақтары қазаққа
өзінің алтын бесігі ауылдан кіндік ажыратуға болмайтынын тағы көрсетіп
берді. Құрт-майымен, нан-шайымен Алаш елінің талай ұрпағын өзінің ырыс-
берекесімен әлдилеп әлпештеген ауылдың қадір-қасиеті уақыт озған сайын
арта беретінін дәл бүгіндері әрқайсымыз анық сезініп отырғанымыз жасырын
емес. Ел ішіндегі ұсақ-майда шаруашылықтарды ірілендіріп, кооперациялық
бірлестіктер құру, оны мемлекет тарапынан қаржыландыру қазір кезек
күттірмес міндеттердің біріне айналды. Ауылды аман алып қалудың бірден-
бір көзі осы деп білеміз. Сондықтан жас маман кадрларды елге шақыру
жөніндегі бастамаларды қызу қолдап, оның көптеген жай-күйін баспасөз
бетінде үнемі жазып отыру парыз.
Жазғанда ақиқатын, шын жанашырлықпен жазу керек. Себебі, осыдан
екі-үш жыл бұрын «Ауыл жылдары» бағдарламасы бойынша жүргізілген
акциядан түйер тағылым мол болу керек. Сол жылдары жоғарыдан бөлінген
қаржы-қаражаттың ауылға жеткенінше ту-талақайы шыққаны ешкімге
жасырын емес. Сондықтан ауылға деген ықылас-ниеттің қандайы болса да
жариялы түрде жүзеге асса. Сөз бен істің бірлігіне қол жеткізсек. Жас
кадрларды жергілікті жерлерде орналастырудың нақты алғышарттары
жасалса. Міне, сонда ғана ел ішінде мәдениет үйлерінің шырағы қайта
жанып, рухани құлшыныс оянады. Сол руханият орталықтарының
шаңырағының ортасына түскендігінен ел ішінде рухани тоқыраудың
басталғаны екінің біріне мәлім. Міне, қазақ баспасөзі осы мәселеге айрықша
назар аудару керек. Оның жай-күйін жанашырлықпен жазуы керек.
Ендігі бір мәселе қаланың Қазақ мемлекетіне шын жанашарлығы
турасында. Рас, тәуелсіздік жылдарында ішкі миграцияның дүмпуі әсерінен
қалаларда қазақтар саны көбейе бастады. Бұл қуана қоштайтын үрдіс. Ал
бірақ сол өзіміз ауасын жұтып тіршілігімізді кешіп жатқан қалаларымыздың
рухани болмысы мен ділінің сапасы қай деңгейде? Міне, гәп осында. Тіл
ұлттың ұлттығын айқындайтын категория. Олай болса, қалаларымызда «Тіл
туралы заңның» орындалуы өз деңгейінде ме? Көшелердегі хабарландыру
жарнамалардағы сауатсыздық, әлеуметтік тұрмыстық сала қызметтеріндегі
тілдік ортаның мүкістігі, кейбір әкімшілік-билік кеңселеріндегі ана тілін
білуге деген керенаулық, жанашырлық сезімнің әлсіреуі сыпатты
құбылыстар қаламгерлердің жазар тақырыптарының өзегіне айналуы қажет.
Мұның бәрі бүгінгі қала тіршілігінің, оның рухани әлемінің қасіреті, дерті
демеске амал жоқ. Осы дертті сылып тастау үшін бітіспес күрес жүргізу
керек.
Мұның сыртында қазақ қаламгерлері қоғамдық өміріміздегі
жаңалықтың жаршысы, озық тәжірибенің насихатшысы болуы тиіс. Іздей
берсең, әр жерден-ақ кемшілікті табасың. Ал жақсылық атаулыны көре біліп,
оны көпшіліктің ортақ қазынасына айналдыру о да өнер! Осының бәрін
атамыз Ахмет Байтұрсынов бір-ақ сөйлеммен жеткізген ғой: «Газет –
халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп. Бұдан асырып айту мүмкін емес.
Баспасөз атаулының бүкіл болмыс-бітімі осы бір ой иіріміне қалайша
сығымдалып түскен деп тамсанып, таңырқанатын болсаңыз, қазақтың жайын
қазақ газеттері ғана айта алады деген тұжырым өзінен-өзі ой көрсететіні
ақиқат. Мұның бәрі бізге ерен міндет, ауқымы зор атқарылар парыз жүктейді.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев бұқаралық ақпарат құралдарының
жұмысына, оның қоғамдағы атқарып отырған роліне үнемі мән беріп келе
жатқаны белгілі. Тәуелсіздік стратегиясының баянды да байыпты жүзеге
асуы баспасөздің әрбір жарияланымның пәрменділігіне байланысты. «Мен
бұқаралық ақпарат құралдарын белсенді азаматтық ұстаным танытуға
шақырамын! Сіздерді «төртінші билік» деп кездейсоқ атамайды. Қазір БАҚ
адамдар үшін қиындықты қалай еңсеруге болады, мынадай қиын кезде қалай
аман қаламыз, қалай төтеп береміз деген мәселелерге «кеңесші» ретінде
көрінуге тиіс. Азаматтарды басқа адамдардың оң тәжірибесі арқылы үйрету
керек. Біздің ғылыми және шығармашылық интеллигенцияға да осындай
роль жүктеледі» деп атап көрсетті Н.Ә.Назарбаев өзінің 2009 жылғы
Қазақстан халқына арнаған Жолдауында
3
.
Осынау шақыру еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне
жұмысты жаңаша құрып, жаңаша ойлауға міндеттейтіні сөзсіз. Демек, қалың
бұқарамен байланысты күшейту, әрбір газет-журнал беттерінде
жарияланатын мақалалардың, ой-толғамдардың пәрменділігін арттыру,
оқырмандарды тәуелсіз еліміздің асыл мұраттарына адалдыққа тәрбиелеу
секілді ұлан-ғайыр жұмыстар мүлтіксіз атқарылуы тиіс.
Бұл ретте, ең алдымен, баспасөз менеджментіне, бүтіндей газет-
журнал редакцияларын басқарудың әдіс-тәсілдерін жетілдіру ісіне айрықша
назар аударылатыны мәлім. Ал, баспасөз менеджменті саяси менеджменттен
арна тартатынына байыптайтын болсақ, мәселенің айрықша маңыздылығы
өзінен-өзі түсінікті болмақ.
Әңгімеге осы тұрғыдан келгенде, оқу құралында атап өтілгеніндей,
«Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мысалында қыруар
оң тәжірибенің жинақталғанына айқын көз жеткізуге болады. Нарықты
экономиканың жойдасыз қиыншылығымен бетпе-бет келген шақта алды 80-
90 жылдық тарихы бар ұлт басылымдарын жабылудан аман алып қалудың
тәсілдері іздестірілгенде 1999 жылы маусым айында «Қазақ газеттері» жабық
акционерлік қоғамын құру өзін-өзі ақтаған ұйымдастыру шарасы болды. Бұл
батыл қадамды Қазақстан бұқаралық ақпарат құралдарындағы
менеджменттің тың көрінісі, жаңа мазмұны ретінде бағалауымыз керек.
«Қазақ газеттері» жабық акционерлік қоғамы секілді жаңа
шығармашылық қауымдастықтың құрылуы бірнеше өзекті мәселелердің
ойдағыдай шешілуіне жол ашты. Бұрын осы қоғамға кіретін газеттер мен
журналдардың
басшылығына,
бүтіндей
қаламгерлеріне,
бірыңғай
шығармашылықпен толыққанды айналысуына, жарияланымдардың сапалық
деңгейін арттыруына мүмкіндік бола бермейтін.
Акционерлік қоғамның шаңырақ көтеруіне байланысты редакциялар
мүліктік негізде біріктіріліп, құрылымдық өзгерістер жасалды. «Қазақ
газеттерінің» басқару әкімшілік ақпараты жасақталып, редакциялардың
басшылығына, негізінен, газет-журнал шығару ісінің шығармашылық саласы
жүктелді. Журналистердің кәсіби шеберлігін ұстарту, шығармашылық
машығын шыңдау секілді мәселелер редактораттың еншісіне бекітілді. Ал
еңбек ұжымдарының материалдық, техникалық базасын нығайту, оларды
қаржыландыру, қызметкерлердің әлеуметтік-тұрмыстық мұқтажына қатысты
мәселелерді шешу акционерлік қоғамның әкімшілік аппаратына телінді.
Сөйтіп, басылымдардың менеджменті мен маркетингіне қатысты
шаруаларға да жаңа леп келді. Өзін-өзі ақтаған бұл құрылымдағы еңбек
3
Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы //
«Ақиқат» журналы, №4, 2009 ж, 9-б.
ұжымдары – газеттер мен журналдар редакциялары жылдар бойы
жинақталған мемлекет алдындағы қарызынан құтылып, енді пайдамен
жұмыс істей бастады.
Бүгінгі заман талабына сай бейімделген «Қазақ газеттері» жабық
акционерлік қоғамның тәжірибесін негізге ала отырып, «Жас өркен» деп
аталатын акционерлік қоғам да құрылды. Ол республикамыздағы балалар
мен жасөспірімдер басылымдарын мүліктік негізде біріктірді. Кейін «Нұр-
Медиа», «Арна-Медиа» деп аталатын акционерлік қоғамдар да тұсауын кесті.
Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында атқарылып жатқан жұмыстар
ұлан-ғайыр десек, соның ауқымды бір арнасы бұқаралық ақпарат
құралдарының жұмысынан, оның тағылымды тәжірибесінен айқын байқауға
болады. Әрине, үздіксіз ізденіс болған жерде бір қайнауы ішінде
кемшіліктердің де болмай тұрмайтыны айқын. Ал ондай олқы тұстарды дер
кезінде байқап жөнге салу, одан сабақ алу уақыт талабы.
Осы тұрғыдан келгенде Қазақстандағы бұқаралық ақпарат
құралдарының менеджменті мен маркетингінің кезек күттірмес
проблемалары мен перспективалары хақында ауық-ауық мамандардың,
зиялы қауым өкілдерінің алқалы басқосуын өткізу де ортақ іске игі ықпалын
тигізері сөзсіз. Осы орайда «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі
серіктестігінің құрылуының 10 жылдығына арналған халықаралық ғылыми
тәжірибелік конференцияның жемісті болғанын атап айтуымыз керек. Әл-
Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде «Қазақстан қоғамындағы
ақпараттық процестер РR, БАҚ менеджменті мен маркетингі» деп аталатын
бұл алқалы мәслихаттың тағылымы көп болды. Оған қатысушылар арнайы
қарар қабылдап, ғылыми семинардың қаулысын жариялады. Халықаралық
конференцияда журналистиканың теоретиктері мен саясаттанушылар,
редакциялардың еңбек ұжымдарының жетекшілері сөз алып, кезек күттірмес
мәселелер төңірегінде, ой толғады.
Біздің пікірімізше, осындай басқосулар республикамыздың
аймақтарында да өтіп, өзекжарды мәселелерді шешуге түрткі болса дер едік.
Мұның бәрі айналып келгенде бұқаралық ақпарат құралдарының
менеджментін жетілдіруге, күнбе-күн еңбек ұжымдары алдында тұрған
мәселелерді талдап шешуге оң ықпал ететіні сөзсіз.
|