19. Кенелердің құрылысы. Тудыратын аурулары.
Кене – өрмекшітәрізділер класының бір отряды.
Қазақстанда 3 отряд тармағы, 10 тұқымдасы, 58 туысы, 236 түрі бар. Республиканың барлық өңіріне кең тараған. Жер бетінде, теңізде, тұщы суда тіршілік етеді, ал жыртқыш және өсімдікқоректі кенелер жер қыртысында, ормандағы ағаш түбінде, өсімдік бетінде, ін мен ұя ішінде мекендейді. Дене құрылысы, пішіні мен түсі әр түрлі, ұзындығы 1,0 – 30 мм. Жұптасқан 1 – 2 көзі болады, көзсіздері де кездеседі.
Дернәсілінің 6 (3 жұп) аяғы, ересегінің 8 (4 жұп) аяғы бар.
Адам үшін қышыма кене — өте қауіпті жәндік. Оның мөлшері 0,2—0,5 миллиметрден аспайды, сондықтан ұлғайтқыш әйнек арқылы ғана толық көруге болады. Қышыма кене адамның терісіне еніп, денені қышытады, себебі оның түлеген кездегі қабыршақтары мен бөлінді заттары денеге сіңеді. Қышыма кене мал денесін де жайлап, адамға көбінесе жылқыдан жұғады. Қышыма кененің әре-кетінен денеде қотыр пайда болады. Адам немесе мал қотырдан мазасызданып, арып-талып, әлсірейді.
Қотырды денеге дәрі-дәрмек жағу арқылы емдейді.
20.Басаяқтылардың құрылысы
Басаяқтылар – жұмсақденелілер типіне жататын омыртқасыз жануарлар класы. Екі класс тармағына бөлінеді: төрт желбезектілер немесе сыртқы бақалшақтылар және екі желбезектілер немесе ішкі бақалшақтылар. Бұлардың 650-ден астам түрлері теңіздер мен мұхитта тіршілік етеді. Денесі жалаңаш (наутилус деген түрінің ғана бақалшағы бар), тұрқы 1 см-ден 18 м-ге (алып кальмарлар) дейін. Басы денесінен анық жіктелген, аузының айналасындағы жемін ұстауға арналған 8 – 10 қармалауыштарының жабысқақ сорғыштары бар, кейде мүйізденген ілмешегі болады. Басаяқтылардың басының бауыр жағында орналасқан мантия қуысына жалғасатын түтікше бар. Басаяқтылар мантия қуысынан енген суды түтікше арқылы қысыммен сыртқа шығарып, соның екпінімен қозғалады.
Достарыңызбен бөлісу: |