Қараш-қараш оқИҒасы повесть (Бірінші нұсқасы) I



Pdf көрінісі
бет2/2
Дата11.06.2023
өлшемі0,79 Mb.
#100574
1   2
Байланысты:
Қараш-қараш оқиғасы - Мұхтар Әуезов

Ленинград, сентябрь 
ҚАРАШ-ҚАРАШ ОҚИҒАСЫ 
(Екінші нұсқасы) 
Бұл ұзақ әңгімені ертеде араб, 
латын әріптерімен жарияланған 
қалпынан автордың түзетіп, 
өзгерткен жаңа түрі 
I 
— Қайран, Тектім-ай!.. Алпамсадай арысым едің... Қаңбақтай жеп-жеңіл боп қаусап 
қалғаның-ау! Қолыма салмағың білінсеші, — деп, ауру жігітті қолына көтерген ағасы енді 
төсекті жайғап салған әйелі Қатшаның қасына алып келді. Ауру жанды Қатша мен ағасы жер 
төсекке оң жақ қырынан жатқызды. 
Көтергенде қатты демігіп, өңі қуарып, әлсіреп қалған ауру жігіт, ерні қыбырлап, 
сыбырлай сөйледі. Аға мен жеңге оның жүзіне қатар үңілгенде: "Ер арыса — аруақ..." деп, 
зорға ғана басын изегендей белгі етті. 
— "... Ат арыса — тулақ", - деп, Қатша қайнысын ұққан жай білдіріп, бас изеді де, 
шерлене күрсініп алды. 
Бірі ауру, бірі сау екі еркек — ағайынды Бақтығұл, Тектіғұл болғанда, Қатша — жаңа 
арман айтқан қара мұрт Бақтығұлдың әйелі. 
Бақтығұл інісінің қасына жамбастай, жақындай отырып, өзінің ең алғаш жаңа ғана айтқан 
"арысым" деген сөзі жайында қадала ойланып, қатты қобалжып қалды. Мұның інісі Тектіғұл 
анығында бойы биік, кеудесі талыстай дейтін, қол сирағы ұзын да сом біткен атан жілік 
азамат еді. Бақтығұл өзі де кесек, балуан денелі, иықты, кеуделі келген де, інісі Тектіғұл 
бұдан бойға биік, бар сүйегі балғын болатын. 
Ұзаққа созылған сарауру бүгінгідей әбден меңдетіп келген шағында Тектіғұл төсек 
жақтырмай, жамбасы тесіліп қиналғаннан, аға-жеңгесінен сол төсекті күн сайын бір 
қақтырып, жұмсартып салуға тілек ететін. Жаңа інісін екі қолына балаша құшақтап алып, 


төсек жөнделгенше көтеріп тұрған Бақтығұл науқасты бар салмағынан айрылған қаңбақтай 
сезінген. 
Енді қасына жанаса отырғанда інісін тағы да бір көтерген басқаша дертті шағы созыла 
түсіп есіне келді. 
Ел ішіне келген қалың сүзектен әке-шеше қатар төсек тартып жығылып, араларына екі-ақ 
күн салмай, әуелі — шеше, артынан әке өлді. Сонда он алты жасар Бақтығұл он жасар осы 
Тектіғұлды біресе қолынан жетектеп, біресе шаршағанда арқалап алып, әкесі айтқан нағашы 
деген ел болмысқа бірнеше күн итшілеп жаяу кезіп, зорға жетіп еді. Содан соңғы көтергені 
осы екен. 
Тектіғұлдың да есіне бір күйік түскендей. "Кескен теректей құлатты ғой мені. Қу 
жоқшылық бір құлатты. Аямас дұшпан соққы жазасы әп кетті міне — бар дәрменімді... Нем 
қалды?.. Тектіғұл ініңнің орнына кімің қалды сенің?" - деп, әлсіз жүзін Бақтығұл зорға 
дегенде бұрып, аға-жеңге екеуіне бірдей кезек көз тастап, соңғы ғана бір, қара өзекті қақ 
жарғандай шынын айтты. Сыры да сол. Шерлі шыны: — "Кегім... кегім кетті!.." – деді де екі 
танауы қусырылып, кемсендеп тұншыға жылады. Қатты қинала жөтеліп, іргеге қарай құлай 
аунады. 
Дертті жастың нені айтып жатқанын Қатша бұлжытпай түсінген. 
— Қуарғырлар, соққысы мен мазағына ұшыратып, дертке шалдықтырса да, керек десе 
қатпа лақ құрым қалжа да бермеді ғой! 
Бақтығұл ішінде талай нәрсе кернеп тұрса да, тілге сараң боп: 
— Қалжа неге берсін, оны берсе, - өзге одан зорғыға да борыштар болам деп жүрген жоқ 
па қаскөй дұшпаны, — деді. Үнсіз ғана тұнжырап, қалың қара мұрты еңкейді де, сөзден 
тыйылды. 
"Одан зорғыға" дегені түсінікті. Егер Тектіғұл осы дерттен қаза болса, қалжа берген 
айыпты кісі құнына да жығынды "құныкер" болар еді. Соны ойлаған дұшпан әсте көнсін бе! 
"Ауру сенен, сенің соққыңнан болды", дегенге бас имес үшін, қалжаны да ауызға алдырмай 
қойған жоқ па. 
Бақтығұлдың есінде сайрап тұрған нелер арманды, өксікті күндер бар. Нағашы дегенді 
іздеп барып, бұлар жиен боп жетіскен жоқ-ты. Қозыбақ аулы деген Бүрген болысындағы 
малды басты жуан ауылға екі бірдей малай боп, өзі қой бақты; он жасар інісі қозыға салынды. 
Содан міне — тап былтырғы өткен күзге дейін табандатқан жиырма жыл бойында Бақтығұл 
да, Тектіғұл да Қозыбақ аулының кенжесі – Сәлмен дейтін сотқар байдың малайы болды. 
Қойшыдан асқанда, қолы жеткені жылқышылық еді. Он жеті — он сегіз жыл бойында 
Бақтығұл Сәлменнің мыңға тарта жылқысының сан жүзін тудырып өсіріп, сан айғыр үйірін 
тыңнан салғызып, әлденеше кәрі бие, ат-айғырын қартайтып, қысы-жазы байдың 
жылқысының соңыңда болды. 
— Қыс — отарында, жаз - күзетінде. Қасындағы бес-алты: Жамантай, Қоқай сияқты бірі 
үлкен, бірі құрбы жылқышылармен үздіксіз өмір кешті. Інісі Тектіғұл болса — қойшылықпен 


он шақты жыл қыршын жас күнін кешіріп еді. Кейін биеші етісті. Күндіз сауында, кешке қой 
күзетінде оның да тынымсыз, толассыз бейнет өмірі зая кешкен. 
Өзге-өзгесінен бұрын, өз малы көзіне көрінбей, Қозыбақ аулы "барымташы", 
"жортуылшы" деп, малай жігіттерін кей жаздарда не қилы пәлеге де салатын. 
Бақтығұл жиырма бес, жиырма алтыға келіп, Тектіғұл жиырмаларға іліге берген шақтарда 
ағайынды екі малшы алпамсадай мол денелі, ірі қайратты жігіттер боп шықты. Екеуінің 
бірдей бала шақтарынан еткен еңбектеріне тапқаны тұлдыр еді. Он жыл еңбек еткен 
Бақтығұл зорға дегенде көрші кедей малайдың қызы Қатшаны бар ақысын беріп жүріп, 
әреңге алған. 
Тектіғұл міне — бүгін отызда. Әлі үйленген де жоқ. Екеуін бірдей сотқар мінезді Қозыбақ 
аулы, кейде бір елмен барымталасса, қолдарына қара шоқпар, астарына жүйрік ат беріп, 
жортуыл бейнетке — соғысқа да салатын. Қозыбақ аулының Сәлменнен үлкен ағасы — Сот 
болыстыққа таласып, талай партия сайлауда әлденеше қырғын-жойқын төбелес жасатты. 
Соларда Сот - Сәлменнің, исі Қозыбақтың "қара сойыл, дөйір жігіттері шетінен жойқын" 
десіп, өзге жасақшылар сескене сөйлегенде Бақтығұл, Тектіғұлды еске алатын. Бұларды 
кейде қорлай, мазақтай сөйлеп: "екі құл, қос құл" десетін. 
Соқтыққыш сотқар ауыл — Қозыбақтың әрі шоқпары, әрі құлақ қақпас ырысты құлдары 
десетін. Қозыбақ аулы барымтамен байыды. Сондықтан да ол ауылдың басты еркек ересек 
малайлары емес, қатын-қалаш, бала-шағасына шейін "білсе — барымта, білмесе -сырымта" 
дейтін жайларды күле түсіп, көп ауызға алысатын. 
Бақтығұл мен Тектіғұл Сәлменнің қолына барғалы бай малы жыл санап төлдей өсудің 
үстіне, барымта қоспадан үстей өсуде мол болған. Ағасы — болыс, інісі сотқар қорқау болса, 
Қозыбақ байымай, кім байысын! Сондай қосылған сырт малының талай да талайы 
Бақтығұлдың құрығы, бұғалығы, ноқтасы да бастарына тиген, барымтамен алғызған 
әлдекімдердің ақ адал малдары болатын. 
Қысы-жазы ағайынды екі жігіттің еңбегі, ер қайраты кіргізетін кіріс айта қаларлық болса 
да, Сәлмен осы екі жігітті талай жылдар, өзге малайлары тәріздендіріп, ақы бермей жұмсап 
жүрді. Бұлар көшпелі ел малайы алатын кесікті, дағдылы "пәлен қой, пәлен киімнен" есеп 
жасап, есесін алуды білген емес. 
Сондықтан да Тектіғұлдың басына біткен, берекелі мал дейтін мардымды түк те болмаған. 
Жиырма жылғы Бақтығұл еңбегінің, он жылғы әйелінің сауын сауып, күндік еткен 
қызметінің орайы да ойдағыдай болған емес. Барлығы: Бақтығұл, Тектіғұл — екеуінің 
ортасында осы бүгінгі жыртық қоңыр үй, төрт-бес қара, он шақты ешкі-лақ. Жиырма жыл 
бойында жаттың малын жан сала бағып-қағып жүрген, тепсе темір үзетін ағайынды екі жігіт 
пен қара шаруаға мығым қаражон Қатшаның "құраған сымағы" осы ғана. 
Еңбегін жегені бір сәрі. Енді міне — өмірін, қыршын өмірін жегенді айтсаңшы! 
Бақтығұлдың көз алдынан былтырғы бір қарашаның дауылды қара суық түні қалың әлек 
түніндей аударылып түсті. 
Бұл өзі жылқының бір үйірін ауылға айдап келсе, ауыл шаң-шұң айғай, Сәлменнің 
боқтығы басымдап тұр екен. Біле келсе, боқтап жүргені — Тектіғұл. Оны сол дауылда ығып 


кеткен қойға жалаңаш-жалпы тез шықпадың деп, Сәлмен қатты сабапты. Тектіғұл "азынап 
тұрған қара суық дауыл мынау! Берген киімің жалғыз ескі шекпен болса, оның қолтығы, 
жоны жыртық. Жауын мен дауылға не кием? Тым құрыса бір оң киім бер!" — деп сұрағанға 
жазықты бопты. 
Сәлмен ақырып: "Қой күзеті — сенікі, қойдың жарымы ығып кетсе, сен ақы-пұлыңды 
тілеп, әбігер саласың!" — дейді де, боқтықтың астына алады. Тек қана жылы киім сұраған 
жайын ұғындырып айтам деген Тектіғұлды сабап боқтай береді. Тектіғұл соған ызаланып: 
"Он жылғы еңбегім бір жылы киімге татымаса, малыңның құлағын... Мені қырып ал, өлер 
жайым жоқ!" дейді. 
Соған долданған Сәлмен бай Тектіғұлды бес жігітке алып соққызып, өкпеге тепкілеп, 
бауыр сыртын дүрелеп жазалайды. Қара түнде, қаскөй дауылға лыпасыз саламын деп, далаға 
айдап жібереді. 
Бақтығұл жылқыны иіріп келгенде, Қатшаның өліге дауыс айтқандай боп үн салып, 
қайнысы Тектіғұлға жаны ашып жылағанын естіген. Бақтығұл аттан түспестен, айналаны 
шарлап, шапқылап айғай салып, Тектіғұлды іздеген. Бірақ таң атқанша таппаған. Ауылда 
иіруде қалған жылқы дауылдан үркіп — ол босып, иен далаға шашырай жоғалған-ды. 
Бақтығұлдың малды тастап, інісін іздегенін тағы Тектіғұлдың ұшып өлгелі жатқан жерінен 
тауып алып, артына мінгестіріп әкелгенін білген Сәлмен Бақтығұлды және де әке-бабадан 
боқтап, қамшының астына алған. Бақтығұл Сәлменнен тілін тартпай, Тектіғұлды ақтап: 
"Жанымнан садаға кетсін сенің арамнан жиған малың! Құлағын ұрайын. Мен де айтамын 
соны", — деген, тілін тартпаған-ды. 
Ағайынды екі жігіт қолшыл қатал Сәлменнің дүре жазасына солайша бірдей ұшыраған. 
Осының арты Қозыбақ аулынан бұлардың ажырап көшуіне әкеліп соққан-ды. Бүгін сол 
Тектіғұл мынандай боп сарауру жеңген сорлы күйде жатыр. Арада алты айдай уақыт өтті. Әрі 
өкпеден өткен тепкі соққы жарасы бір қысып, жалаңаш етке сары суық — ол қадалып, сол 
түннен кейін Тектіғұл дертті болды. Сәлменмен араздасқан Бақтығұл інісін лашығына алып, 
үш күн ішінде көшіп кетіп, көршілес Шалқар болысында, осыдан жиырма жыл бұрын әкелері 
өлген соң тастап кеткен жаман қораға келіп паналаған-ды. 
Қыс бойы ауырған Тектіғұл міне, бүгін кеуде жарған арманын айтты. "Қатын-балам, әке-
шешем, аға-жеңгем" — демейді, "кегім" ғана дейді ыза кернеген шер кеуде, шерменде! 
Қысқы соғым кезінде Бақтығұл Сәлменнің соққысынан төсек тартып дертті болған інісін 
айтып, Сәтке шағып, Сәлменнен қалжа сұрап еді. Сәт бұның арты ұлан қайыр құн сияқты 
пәлеге де соғып кететіні сол жерде-ақ қолма-қол есіне алған. Бақтығұлдың аузына бұл сөзді 
енді қайтып түсірмес үшін, сол сәтте арыла сөйлеген. 
— Інің соққыдан өлер болса, осыдан үш ай бұрын соққы тиген күні өлер еді. Одан кейін 
жіңішкерген, сарғайған ауру болды дейсің. Ол аурумен кім ауырмайды? Құдайдың жаратқан 
дертіне Сәлмен жазықты ма? Сенің інің түгіл, тілесе Сәлмен мен ағасы мен - Сәт екеуімізді 
тапқан шешеміз, аузынан ақ майды ағызып отырып-ақ, сол жіңішкерген науқастан қаза 
болған. Арылғаным осы, айтпасымды айтқызып отырсың. Ендігәрі тағдырдың жазасын 
Сәлменнен аламын деген дайыны жоқ сөзді ауызға алма, - деп, аяғына отырғызбай қайтарып 
жіберген. 


Інісінің жаңағы "кегім" деген арылмас арманын түсінгенде Бақтығұл осындай тас 
қамаудың бар тынысты тарылтқан кесір кескіндерін еске алды. Бұл шақ көктем кезі еді. 
Арада тағы бір-екі жұма өтер-өтпесте Тектіғұлдың қатал тағдыры маңдайына жазған қазасы 
жетті. Ол қайтыс болды. Артында: "Қанатым едің, арыстандай арысым едің, не жазығың бар 
еді? Сен не көрмедің? Мен тірі қалғанша, бірге неге өлмедім", — деп, өксіп-өксіп көп жылап, 
Бақтығұл қалды. Көз жасы інісінің қырқына жеткенше тыйылмады. Міне соның қырқын 
жыртық үйлі азғана жамағайын Сарыны жинап атқарды да, енді Бақтығұл жұрттан бөлек 
басқа бір сыңайға мінді. 
II 
Тау ішінің жаңбырлы қараңғы түні Бақтығұлдың көңілінде көптен шешілмей келе жатқан 
күдікті бір сәттің ішінде оп-оңай жазып жібергендей болды. 
"Күздің ұзақ түні мынау. Қазір алған малмен соқтырып жүріп кетсем, таң атқанша ұзап 
кетем. Осы жауын ізімді де шаяды. Түк алмай қайтпақпын ба? Қаңғырып жүріп, қадалған 
жерден нәр сызбай кеткенім бе?" — деді. 
Түн баласында малмен араласа көп жүрген машықты көзбен маңайды тағы бір шола 
қарады. Көп жүрген жер. Мол, ұлы тау. "Жетекке ал да бел асып, тоғайға батып кете бар" деп, 
сыбырлап, жетелеп тұрғандай. 
Кейде тау қара түн, ақ жауынның ішінде дию, алып мекеніндей көрінеді. Сыпсың қарағай 
жапқан түкті беттері жақын жерден қап-қара болып үңірейіп, қараңғылықтың түпсіз терең 
зынданы сияқтанады. Кей тұста екі-үш түкті тау мен қара жартасты биіктер бір араға түйісіп 
келіп, әлдебір обырдың қойнындай тұңғиық қара қолтық жасайды. 
Тау жолы көбінесе биікті көлденең кесіп отыратын қаптал жол. Жауынды күні бұл 
қауіпсіз де емес. Тіп-тік беткейде аттың қос тұяғы қатарынан сыймайтындай тар соқпақты 
басып жүру керек. Ондайда жүргінші атына ғана сенеді. Құлын күнінен осындай тауда 
қиялай жайылып, арқардай тәсіл алған тау жылқысы тана көңілге сүйеу болады. 
Бақтығұлдың боз аты сауыры бүлкілдеп, үрікпей қорықпай, ор аяғын өлшеп, дәлдеп, нық 
басып, өз өнерін көрсетіп келеді. Қазіргі шақты есті жануар кәдімгідей ұққандай. Иесінің 
тақымы сәл күдікпен сескеніп барып, қабырғасын қысқандай болса, боз ат елең етіп, алдына 
үңіле қарап, арқасының сенімді қозғалысымен иесіне күш береді. Жол ғана тайғақ емес, аяқ 
басар шөп те жауын суымен жылпылдап көк тайғақ болып жатыр. Боз атты сол қинайды. 
Нелер бейнетті жүрістерді басынан көп атқарған жырынды, мықты Бақтығұлды да сол 
сескендірді. 
— Бұл жауынның қашан бітерін қайдан білейін? Ол бітпесе, иттей қатып осылай 
сүмеңдей бермекпін бе? — деп, әр нәрсені еске алып, аз бөгелді де, аяғында: -Сәлменнің өз 
жылқысы болмай, Қозыбақтың басқа бір аулының жылқысы болса да, аламын осыдан! 
Қозыбақтың бәрінің де жылқысын баққам. Бар Қозыбақ түгел менің қанды мойын құныкерім! 
— деп, бозды тебініп қалып, оң жағындағы бетке қарай қапталдап өрлей бастады. Анығында 
есе тиіп, Тектіғұл үшін Солмен құн төлер болса, бар Қозыбақ аулына үлес тиетіні рас. 
Бақтығұл үйден шыққанға екі күн болғандықтан, местегі малта да таусыла бастаған. Сол 
екі күндей шайнама жемеудің үстіне, енді сусын да жоққа тән. Тау ішінің аш қасқырындай 
бұралып, Сарымсақтының қарағайында бір күн, бір түн бекініп жатты: ел көзіне түспеймін 


деп еді, аш күйінде ұйқы да көрген жоқ. Басында үйден аттанғанда ойдағысы жалғыз Солмен 
жылқысы еді. "Ең болмаса Сәтті қолға берсе" — деп еді. Енді жол қиындығы, күзгі түн 
суығы, аштықпен бұралу — бәрі жиналып келіп, өзге Қозыбақтың жылқысына болса да 
тиісуге жетектеді. 
Әлі ойға кетпеген жылқы бұл шақта далаға көшкен елдің жайлауларында жататын. Дөң 
жайлауға қарай бұрылған соң-ақ мұның көңілінен күдіктің бәрі біртіндеп арыла берді. Ендігі 
халі ауыр емес, жеңілденгендей. Артын көре жатар. Құныкері Сәлменнің өзі болса, ағайыны 
ақталып құтыла ма! Ол - бір байлауы. Бұның бәрі өз бетіне. Оның үстіне мынау жадау кезде 
анау арттағы үйдің жүдеулігі қандай! Телміріп қолына қарап отырған қарны аш қатын-
баланың ортасына бір семіз тайды, я бір ту биені апарып сойса! Үйінде жатқызбай, қара 
талқан, құр тарыға ырза қылдырмай бозға міндіріп, түнді жамылтып алып шыққан 
айдаушының бірі сол ғой. 
Дөң жайлаудың кер белеңін өрмелеп келе жатқанда Бақтығұлдың бойына тың қайрат 
жиналды. Шаршаған, қажыған, тоңған денесі ширыға сілкініп алды. Талай заман ашығып, 
үрпиіп, құзды қуалай жоғары - төмен шүйіп сорғалап жүріп, аяғында жүгірген бір жемін 
екпіндеп келіп соғып жығып, тұяғына бүктеп басып сығымдап отырып, қораздана сілкінетін 
Алатаудың қарлы басын мекендеген аспан тағысы бар емес пе? Қазіргі Бақтығұл шабыты 
келер күннің ыстық, дәмді қызығына сондайлық етпеттеп алып, түрлене түскен. 
Жасынан өздігінен мұндай жүрісті кәсіп етпесе де, "жортуылшы, жорықшы" — деп 
атандырып, Қозыбақ аулы мұны жылқыдан басқа, түнгі жүріске көп жұмсаған. Дағды 
бойынша түнгі мол жылқыдан мал алып шығу бұған оңайдың оңайы сияқтанатын. Әрқашан, 
қандай сасқалақтың үсті болса да, жауырыны жерге тигенше айла-тәсіл істеп, біржолата 
жығылып түскенінше қарысып көру Бақтығұлдың ұдайы дағдыланған мінезі. Кезегінде 
барымта жолында жылқышысы ояу жүрген қалың топқа жақындап тұрып, енді кіремін деп 
қадалып келгенде, көбінесе көрінбей-ақ орайын тауып кіріп кеткіш. Сондай ер, 
жырындылығы үшін мұны Қозыбақ аулы көбінше жортуыл барымташының басы етіп 
жіберетін. 
Бақтығұл қолына түсіріп алған малын да қуғыншы жау қолына оңай бере қоймайтын. 
Соғыста айлакер, ер. Шоқпар сойылға өте жырынды. Ат үсті соғыста біреу ғана емес, екі-үш 
кісімен де соғыса аламын, алғызбаймын дейтін сенімі зор. Шынында солай екені рас та. Көп 
жылқышыдан ерекше жерлері осы мықтылық пен ептілік, ерлік болатын. 
Бойы сергіп алған соң Бақтығұл ер үстіне көтеріліп, етегін жинап, түзеліңкіреп отырды. 
Тықырды білдірмеуді ойлайтын мезгіл болып қалған. Өйткені бағанадан алыстағы сарынын 
естіген қалың жылқы осы алдындағы иек артпа бір белдің ар жағында шатта жатыр. Сақ, 
сергек жылқышысы болса, шеттей шығып тың тыңдап, жер шалуға болады. Сондайдың 
көзіне түспеу керек. Ендігі тықырды білдірмес үшін атқа да тасты жерді басқызбайды. 
Көптен жалғыз келе жатқан ат қалың жылқының сарынын естіп не кісінеп, не пысқырып 
жібермесін деп тізгінді тежеп, аңдып ұстап келеді. Басын да төмен салғызбай шаужайлай 
түседі. 
Қой торыған бөрідей енді жұтынып қомданып алған дөңгелек денесі анда-санда маңайды 
болжағанда алды-арты, жан-жағына шапшаң бұрылады. Барлық қозғалысына ұршықтай 
үйірілген жіті сергектік пайда болған. Кішкене қысық көздері жауынды түнді тіліп өткендей. 


Тау ішіне шаншыла қарағанда көрсетпесін көргендей. Енді жылқыға оқ бойындай жақындап 
келді. 
Қалың жылқы жиі-жиі пысқырып, пырылдап анда-санда тай-құлыны, үйірсек айғыры 
кісіней түсіп, сайдың шөбін бырт-бырт үзіп, Бақтығұл жаққа қарай сырғып беттеп келе 
жатыр. Бұл иекартпадан сол уақыт баспалап тұрды. Сыртылдаған бір қалыпты ақ жауынның 
ішінде қалың жылқының тыныштықпен жайылған тынысы ғана сезіледі. 
Бақтығұл қарауытқан қалың топ жылқының бар қарасын да көрді. Басынан бөркін алып, 
шошақ ердің қасына ілді. Бетін қырын бұрып, құлағын жылқы жаққа төсеп тың тыңдайды. 
Аңдығаны — жылқышы. Бірақ әзір оның белгісі білінбейді. Ұйқыда ма, болмаса бірдеңені 
сезе ме — белгісіз. Жылқының шашырамай тобымен жайылғанынан Бақтығұл сақтық 
ойлайды. Ендетіп жібермеген, топтаңқырып сырғытып, бір жайылысқа салғалы түртіп келе 
жатқан ояу жылқышылар бар тәрізді. 
Ендігі бір сәтте Бақтығұл баспа ғып тұрған тұмсықшаға шашыраған селдір топ қарайып 
шықты. Аттың басын төмен беріп сәл тасалап, өзі үзеңгіге аяғын тіреп тұрып Бақтығұл 
иекартпадан қарады. Әлгі топ молайып ендей бастады. Жайылып келе жатқан бос жылқы 
екен. Шетірек беттеп шыққан бір айғыр үйірі болу керек. Бақтығұлдың ендігі ісіне қараңғы 
түн, тынымсыз жаңбырдың себі тиетін болды. Жылқыны үркітпеске тырысып, ақырын ғана 
қозғала бастады. Елеусізденіп, боздың жалына таман жабысып алып, жылқыға қарай жүрді. 
Жылқы аз ғана үркіңкіреп, бергі шеті әрі қарай бұрылып жылжи бастады. Үйірдің орта 
шенінде жайылып келе жатқан қалың жалды баран айғыр жерден басын жұлып алып, елең 
етіп, құлағын Бақтығұл жаққа тіге қойып, оқыранып жіберді. Бақтығұл қоралы қойға 
шапқалы келе жатқан қасқырдың құйрығын қысып, басын төмен салып, елеусізденіп 
сөлпеңдеп жүргені сияқты, жай ғана қалғып келе жатқан жылқышының кейпін көрсетпек 
болды. Өте баяу ілбіп келіп, айғыр үйірінің ортасына кірді. 
Әуелде көзіне көрінгеннің көбі ұсақ тай байтал сияқтанды. Қараңғы түн дәл қасына 
анықтап жақындап келгенше жылқының арық семізін де танытпайды. Енді шеттегі 
жылқылардан өтіп, ортаға таман жақындағанда, дәл қасынан көлденең жылыстаңқырап өтіп 
бара жатқан күзеулі үлкен семіз боз биені көрді. Осындайда нағыз ойға алатын төңкерілген 
семіз ту биенің өзі. 
Бақтығұл "іздейтінің осы" дегендей, көп ойланбастан, атына жабысқан бойында қаршыға 
тастайтын аңшыдай қисайыңқырап келіп, боз биенің мойнына қыл арқан бұғалықты тастап 
кеп жіберді. 
Ала жаздай мойнына құрық тиіп көрмеген, асаусып кеткен ту семіз осқырып қалып, 
ытқып кетті. Боз ат, бұл қимылды күткендей-ақ, иесі тақым қақпастан, ілгері қарай тез ғана 
жылжи түсті. 
Бұл ат қашаған қуғыш боз деп те мақталушы еді. Мына жерде иесіне сол өнерін анық 
көрсетті. Әйтпесе оқыста ытқып тартқан ірі асау Бақтығұлдан бұғалықты жұлып әкетуі қиын 
емес еді. 
Бие көпке шейін тоқтамай, ырық бермей, бұғалық тартты. Бірақ есін жиып сақтанып, 
жіңішке мойынға қыл шылбырды дәлдеп салып алған Бақтығұл енді босатпады. Көк бие өзге 


жылқыға қарай ығысып, сүйретпек болған сайын ұрының қолындағы қыл бұғалық, мықтап 
қысып, буындыра берді. Ақыры, әл кетіп, тынысы тарылған жануар өмірлі қолға еріксіз 
бағынып, үріккен бойда құлағын тігіп, кекжиіп тоқтап қалды. Бұл уақытта жақындағы 
жылқының кейбірі үріккендей кісінесіп, кейбірі наразылық көрсеткендей ішін тартып 
осқырып, Бақтығұл мен боз биеден ығысып оқшау кетіскен. Оған Бақтығұл қараған жоқ. Әлі 
де үркіп, сіресіп тұрған биеге ақырын ғана лық-лықтап жанасыңқырап келіп, ноқталап алды. 
Содан әрі қамшысының ұшымен биені сауыр жағынан сипай ұрып қалып, қатарға алып, 
бұрыла берді. 
Сол ғана шақта байқаса, қақ қасына, қоян қолтық ұстасатын жерге бір еңгезердей үлкен 
жылқышы келіп қалыпты. Тек бұл жылқышы сойылын көтермейді. Бетпе-бет қарсылай, тұп-
тура келіп қалған. Дыбыс шығармайды. Ұрының түрін көргенге есі шығып қалған ба, әлде 
мұны жылқышы дей ме — екінің бірі. 
Бақтығұл айғай шықпай тұрғанда тебіне жөнелмек болды. Сол қимылын байқаған 
жылқышы әуелгідей үндемеген ұйқылы-ояу мәңгілікпен боз аттың шылбырынан ұстай алды. 
Бақтығұлдың халі бір мүйнет ішінде ойламаған қатерге ілінді. Жаңағы боз биенің мойнына 
өзі салған шалма бұғалық енді міне, сарт етіп өз мойнына түскендей боп қалды. Бірақ 
жылқышы таңғалдырды. Мұны ұстаса да, өзіне-өзі сенімсіз кісі. Дәл осы тұста Бақтығұлдың 
ойына бұл адам сап ете түсті: ол Сәлменнің Қоқай дейтін бойы еңгезердей, бірақ адамның 
босы, қорқақ жылқышысы. 
Бақтығұл бұл жылқыны басқа Қозыбақ аулынікі деп ойлап келсе, енді олай емес: анық 
өзінің ауызға, ойға да алғаны — қас дұшпаны, құныкері - Сәлменнің өз жылқысы боп шықты. 
Мынау болса — жылқышы атаулыға күлкі боп жүретін, қоқайған бойынан басқа түгі жоқ, ез 
қорқақтың өзі. Осы жайларды шолақ-шолақ жүгірте ойлап, тез есін жиып алған Бақтығұл: 
"мені бұл ұстаса да, қорқып тұрған неме ғой", — деп байлады. Сөйте сала бозды тебініп 
жіберіп, тепсініп келіп: "тарт қолыңды!" деп қатты зекіп ақырып қалып, қамшысымен 
топшысынан келтіре көміп тұрып жылқышыны қақ бастан тартып кеп жіберді. 
Қоқай қалбаң етіп аттан ұшып түсті. Жөпшеңді жерде қорқа қоймайтын мықты Бақтығұл 
сотқар тентектікке салып еді. Сонысы дегендей ем болды. 
Қоқай көп заманнан бері Қозыбақ аулында Сәлмен жылқысына шығып жүрсе де, ерғара 
ғана болмаса, өмірінде бетпе-бет келіп, ұрымен бірде-бір кезек сойыл сілтесіп, салысып 
көрген емес-ті. Бақтығұлды қолма-қол қара сойылмен салып жіберу оның ойына да келмеген. 
Тек сүйретіп жүргені болмаса, сойылды тегінде қару етіп, кісіге жұмсап көрмеген-ді. Жау 
тепсініп келіп, қамшымен тартып қалғанда, өрескел көргендей, оп-оңай жасып қалып, шошып 
барып аттан күрс ете түсті. 
Артынан ұры сытылып жөнелгенде, айғайлар болар еді. Бірақ қолма-қол жерден 
айырылғанын өзгелер мазақ етер деп ойлап, ананың қарасы ұзағанша, өтірік сезбеген кісі 
болып іркіліп қалған. 
Бақтығұл жаңағы қауіп мүйнеті енді еркіндікке ауысқанда тез-тез қараңғы сайға түсіп, 
қарағайға кіріп адастырып кетпек болып, шаба жөнелді. Қараңғы түн, азғантай жерге ұзаса, 
мұны жасырып қойнына тығып әкетуге дайын. Бірақ алғашқы жылқышыдан құтылып, 
жетекпен қашып шығып, шауып бара жатқан ұрыны жоғарғы тұстан келе жатқан бір 


жылқышы көріп қалды. Ол мынау шаба жөнелгеннен-ақ өкпе тұсынан қосылмақ болып, 
көлденеңдей шапты. 
"Әй, кімсің, о?" — деп, дауыстады да, жауап қайтпаған соң: — "Аттан-аттан!" — деп, 
жым-жырт тау ішін шошыта жаңғыртып айғай салып жіберді. 
Қалғып келе жатқан өзге жылқышылардың оқыстан шошып айғайлаған дауыстары тағы 
бірнеше жерден естілді. Аздан соң бәрі тегіс дауыстады да, бетті де түзеп алып, тау ішін 
айғаймен даңғаза ғып, тасыр-тұсыр шабуылға басты. 
Тез шыққан ынтымақты айғайға қарағанда, жылқышы әрі көп, әрі ұйықтаған да жоқ екен. 
Көп жанның шулаған айғайы мен тасырлаған шабысы қалың шың таудың ішін азан-қазан 
ғып, қайта-қайта алысқа жөңкіп тарап жатты. Тыныштықпен жайылып жатқан шетінен құр 
жылқы түн айғайынан қатты шошынды. Жаз бойы елсіз-иесізде тау ешкі, арқардай жайын 
сып кеткен мал тегінде күндізгі айғайды да елірген қызумен үрке өрекпіп қарсы алатын. 
Қазіргі дүрбелең бір беттегі тобырды екінші бетке апарып, сондағы топқа қақтыға 
соқтықтырды. Қалың көптің арасында тай-құлынның ұшып домалап түсіп жатқандары 
байқалады. Сондай боп жығылған жылқы баласынан үріккен кей топтары, ортасына жай 
түскендей, қайтадан жарыла жөңкіп, бұрынғыдан жаман шұрқырай кісінесіп, талқан болып 
бүлінісіп жатты. 
Жылқышының көбі бұл жайлардан хабардар болған жоқ. Алдыңғы айғай шыққан беттен 
дырду-шуды көбейтіп, құр дақпыртқа шапқаны болмаса, олар ешкімді көрген де жоқ. Адасып 
қалды. Тау іші, тұмсық айналса, адастырады. Сойыл салым жерге, ылдиға бұрын түссе, жер 
жөнін білетін жортуылшы көз жаздыруға жарайды. Тау ішінің ол сыры өздеріне де мәлім. 
Жылқышылар бір-екі тұмсықты айнала шауып, арсалаңдасты да, аяғында дабырласып жүріп 
бірін-бірі тауып алды. 
— "Е, не болды?", "Уа, не болды, қызынды?!." — десіп, бейпіл тіл мен былапыт сөздерді 
айтысып, жай сұраса бастады. 
— "Көрген бар ма? "Неден шықты"?, "Уа, аттанды кім салды?" — деседі. Осы шақта олар 
өз арасындағы басшы жылқышы Жамантайдың жоғын байқады. Алғашқы айқай да сонікі 
болатын. Жылқышылар көп бөгелмей, соның алғашқы дабылы шыққан жеріне таман 
шұбырысты. Бытырай жүріп дауыстап, Жамантайды шақырысқан. Сол кезде етекте сәл 
ыңырсыған дауыс естілді. Қия беттен аттылар әупірімдеп, қапталдап шұбай түсіп, зорға 
дегенде етекке тақады. Қараңғыда ат көрінбеді. Бір кертпе тастың ернеуінде қарауыта 
қозғалып жатқан қарайғанды көрісті. 
Жолдастары Жамантайдың атын атап дыбыс бергенде бірқалыпты ыңқылдан басқа жауап 
естілмеді. Жатқан жалғыз кісі сияқты. Кім екені белгісіз. Тек қасына тақап келгенде ғана 
Жамантай екенін білісті. Басынан қан ағып жатыр екен. Алғаш ұстай алған жылқышы жылы 
қан қолына тигенде: "Мынаған не болған, қанға боялып жатыр ғой!" - деді. Жылқышылар бұл 
хабардан сескеніп қалды. Әр түрлі тіксінген үндер қатысты. Жамантай ептеп ыңыранып, есін 
енді жиюға айналды. Болған уақиға мынау еді: 
Қолында жетегі бар жау алғашқы жылқышыдан сытылып қашып шыққанда, Жамантай 
"аттан!" салып, сойылын ыңғайлап алып, төтелей шапқан. Жау мұны көрсе де, төмен 
бұрылып кетпей, алғаш қиялаған бетімен дыбыс бермей, қамшылап қаша берген. Төмен 


тартпағаны - беттің тіктігін, тастағын ойлаған. Жау жер жадысын білетін анық 
жырындылығын істеген. 
Жамантай жоғарыдан бұған қарай шауып келіп, ұзатпай-ақ ұрымтал жерден айқасып 
қалған. Бірақ көлденең келе жатқан қос ат ылдиға ұмтылған Жамантайдың атын қағып 
жығып кетуге болушы еді. Жылқышы соны мезгілінде ойлай алмай, ерте сақтық істей алмай 
қалды. Ағынмен келіп, бір рет сойыл сермеп ұрып қалды, бірақ тым жақын келіп сермелген 
қару анаған дендеп тимеді. Иығынан асып, орта жерімен ғана тиіп еді. Екпіндеп келген аты 
қосардағы биеге қақтығысып, сүрініп кетіп, ылдиға қарай құлауға айналды. 
Бақтығұл белбеуіне қыстырған қолшоқпарын босатып алып, қиыс өтіп бара жатып, 
артына шапшаң айнала беріп, бір қолдың сыртымен қара шоқпарды сілтей соғып жіберді. 
Жүріп бара жатып сермесе де, жүрегі тіксінбей, есеппен нығыздап ұрып қалған шоқпар 
Жамантайға ауыр тиіпті. Дендеп келіп қара құстан тиген екен. Сол арада жылқышының аты 
да жығылған, соның басынан асып, ылдиға қарай Жамантай өзі де домалап құлап кеткен. 
Бақтығұл ең соңғы тосқан қауіп-қатерден сытылып шығып алып, аса қатты шаппай, 
жолды болжай желе, текірекпен алдағы тасты айналып, қарағайға кіріп кете барды. 
Жабылған көп иттің тобынан жұлқынып аман сытылып шыққан көкжалдай болып, өз-
өзінен дүрдиіп, бүлкілдетіп жорта берді. Екі-үш түп қарағайдың арасына тура жүрмей, 
қуғыншыны беттен шатастырмақ үшін, екі рет қисық шимай салып жүріп жіберді. Кейін ізге 
түскен қуғыншыны да адастырар жүріс еді. Бетті ілгері-кейінді бұрып-бұрып жіберіп, 
түлкіше жорытып, жалтара жүріп кеп, енді өз жағына қайта беттегенде артына бір айналып 
тың тыңдап алды. Бағанадан боз биенің сырт нобайын көргені болмаса, анық қандай жайы 
бар екенін білген жоқ-ты. Енді биені ақырын сипаңқырап келіп, жалын ұстады. Тікендей 
қатты, өскелең күземе қылдың түбіндегі қобдиланған қалың май саусақтарының басына тып-
тығыз боп кере түсті. Сүйсінген Бақтығұл "жануар!" — деді де, тіл-көзден аман болсын деп, 
саусағының басына "туф-туф" деп ақырын түкіргеннің ишарасын жасады. 
Бақтығұл үйіне қарай асыға берді. Аз жүріп күндіз бекінген қарағайына келгенде, аспанға 
қарады. Баяғысындай сіркелеп жауған ақ жауын. Аспан түнерген қараңғы. Әлі де көздің 
алысты көруі қиын. Әр жайды болжап нобайлаған болса, Бақтығұлдың көзі болғаннан ғана 
көретін сияқты. 
Түн мөлшерін біле алмады. Ал жер шаршысы көңілінде сайрап тұр. Адаспақ түгіл, 
күдіктенер де емес. Таң әбден атып, ел тұрған мезгілге шейін Бақтығұл сартылдатып жүре 
бермек болды. Сол оймен сәл аттан түсіп тартпа мен айылды босатып, боздың ер-тоқымын 
көтеріп, ат арқасын кішкене желпіп алды. Кейін жайлап ерттеп шап айылды босырақ, 
тартпаны мықтап тартып қозғалмастай қатайтып алып, атқа қайта мінді. Ендігі жүретін 
жерінің бәрі еңіс болатын. Түн олжасына ырза болып, саспай қамданып төл атына қайта 
мінген шағында боздың белі көтеріліп, тынығып қалған екен. Ойға қарай жіті бастыртып 
қарағайлы тауды құлдилап қос атты жортуылшы жол тартты. 
III 
Бақтығұлдың аулы жаңағы аттанған тұстан күндік жер. Таң ата Бақтығұлды ұйқы жеңді. 
Бірнеше күннен бері талған денесі аз тыныштықты тіледі. Бірақ орнықты, нық ниетпен 
істелген іс мұрат қылған шегіне жеткенше тоқтатысы келмеді. Дененің әлсіздігін жеңіп, 


бірқалыпты қатты жүрісті бәсеңдетпей, таң атқанша жүрді. Ендігі жеткен жерінде қыстаулар 
бар. Әркімнің көзіне түсіп қалуға болады. Сондықтан таудың бір қабат ішін алып, ылғи ғана 
қалың қарағайды құндыздап жүрген. 
Сонымен арада бір-ақ жерде ғана демалып, келесі күні түс ауа биік таудың қойнында 
жасырынып отырған жалғыз қорасына тақап келді. Мұның жалғыз үйлі кедей аулына 
сапырылысып келіп жатқан кісі жоқ болса да, бөгелместен малмен келу ағат болар еді. 
Аулының желкесіндегі қиын тасқа боз биені төрт аяғын тас қылып бекітіп тастап, өзі үйіне 
келді. 
Жыртық киімді, күрең жүзді Қатша балаларына шай қайнатып отыр екен. Үй іші әлі қора 
жанына тігілген жыртық қара киіз үйде. Тамға кірген жоқ-ты. Үш бала бар. Үлкені Сейіт — 
он жаста. Қалғанының үлкені — бес жасар Жұматай. Ең кішісі — екі жасар, емшектен әлі 
шықпаған қара қыз — Бәтимә. Бақтығұлдың келгені үрпиіп жүдеп отырған кішкене кедей 
үйге жан кіргізгендей болды. Ұзын бойлы, ашамайлау келген Қатша ерінің жүзіне жылы 
қарап қарсы алды. 
Бақтығұл үндемей жай қозғалып, есік алдында жатқан шырпы отыннан аттап өтіп, төрге 
қарай шықты. Бірақ отырмастан, маздап жатқан отқа қызығып: 

От қалай жақсы еді, тез беретін шайың бар ма, қатын? - деді. 
Аз күйбеңдеп, байына таман бой соза түсіп, Қатша: 

Жол болды ма? — деп күбір етті. Оған тура жауап берудің орнына, Бақтығұл: 

Бол, шайыңды болдыр, жұмыс бар! — деді. 
Қатша үйіндегі барымен шайын берді. Жаздан іркіп жүрген жалғыз сиырдың майы бар-
ды. Кебежені ақтарып, ескі қарыннан сонысын да алып салды. Анда-санда түрегеліп 
қозғалғанда, шай құйған шақта жұмсақтау жылы денесін Бақтығұлға сүйкей өтеді. 
Балалар әкесі келіп, үй ішінің шырайы өзгергенге мәз. Шеше мен әкенің жақсы қабақ, оң 
шырайларына бұлар да белгісіз себеппен жылынып, көңілдене бастады. Жұматай мен Бәтимә 
бірін-бірі түрткілеп, сықылықтап күлісе береді. Бақтығұл үш-төрт кесе шай ішіп, қайтадан 
киініп түрегелді. Үй ішіне әрдайым көп сөйлемей, сырт жаңалығын бір-ақ әкелетін тұйық 
мінезі бар-ды. Сол дағдысымен тек әйеліне ғана бір айналып: 

Аздан соң қабыңды алып кел, — деді де шығып кетті. 
Жұматай ойнақыланып: біресе Сейіттің, бірде Бәтимәнің қолындағы ірімшік құртын 
тартып алып, кейде алысып кезек жағаласып қалып, көбінше өзі де қутыңдап, Сейітті де 
күлдіріп үйде ойнап қалысты. 
Қатша балаларға: "Үйден шықпаңдар! Отты байқап отырыңдар; кісі келсе, "апам тезек 
тере кетті, деңдер", — деп жүріп кетті. 


Қора желкесіндегі бір жөке жақпардан асып түскенде, ар жағында үлкен қойтастың 
баурында боз биені жардай қылып жайратып тастаған ерін көрді. Үлкен ту биенің борбайы 
көтерілген. Бақтығұл биені шапшаңдата сойып, терісін сыпырып тастаған екен. Бұл жартас 
тегі қора сияқты болып біткен. Айналасында кірер ауыз жоқ. Бұрын көл сияқты бірдеңенің 
орны болса керек. Келетін кісі сыртындағы бір-ақ жердегі ернеуден асып түседі. Айналасы 
тастан салған қабырғадай бітеу бір жасырын жер. Бұл жыраның сырты да жақсы. Маңайының 
бәрі де шашырап түскен үлкен-үлкен қойтас. Араларында белгі жоқ: быжырық шатқалаң. 
Сырт көзге де қалың бір бытқыл қиын жер боп жататын. 
Қатша көк биені жұлқылап жатқан еріне көп сөз қатпай-ақ, бірге сойыса бастады. 
Биенің ішін жарған соң да Қатша мол етті мүшелеп бұзысуға қатты көмек етті. Қақпақ 
тастың түбіне кішкене қылып, сыздықтатып от тұтатты. Бақтығұлдың бірнеше күн аш екенін 
еске алып, май тыққан көк бауырды, тағы бір-екі кесек майлы етті де шоқтың арасына тастап 
жіберді. 
Бақтығұл түтіннен біреу сезіктенер деп ойласа да, әйеліне "қой" деген жоқ. Аштық ақыл 
ойлатпады. Сонымен кеш батқанша биені шала-шарпы сойып болып, аз күнге керек болатын 
етті бұзып ыңғайлап, қол мен санды бұзусыз күйінде қора тастың ішіндегі үңгірге орап 
апарып тығып, аузын үлкен таспен мықтап бекітіп, әзірге бір қап етті ғана алып, екеуі ымырт 
жабылар шақта үйге келді. 
Бақтығұлдың көңілі талай күнгі қауіп, сақтық, тынышсыздықтан енді біраз жай тапқан. 
Қалың тік қара мұрттың астынан сәл сүйсінгендей жымияды да үндемейді. Қатша қапаш-
құпаш қамданып, кішкене қара қазанды жанып тұрған құрғақ аршаның үстіне асып жіберді. 
Мөлшерден артық болғанына қарамастан, биенің телшесін, қолқа жүрегін, бірталай басқа 
майлы еттерін жалымен қосып салып тұрып, отты жиі қағыстырып, маздатып жаға бастады. 
Әредікте отқа салып, бауыр пісіріп беріп отырды. Сейіт, ала жаздай мұндай көп етті 
көрмей жүргендіктен, сүйсінсе де сыртына шығарып білдірген жоқ. Бұл бала әке мен 
шешенің қуаныш қызығынан, көңілді-көңілсіз күйлерінен әрдайым әлденеден шеткерірек 
болатын. Кейде үй іші томсарып, ашумен тыртысып отырғанда ол ерекше желігіп өз-өзінен 
көтеріліп, ойнап кетеді. Ал тағы бір кезде үй-іші мәз-мәйрам болып отырғанда жабырқап, 
түнеріп, мең-зең боп үндемей қалатын да әдеті бар. Ондай күйлері болғанда алдына үйіп-
төгіп қойған молшылықтың барлығы да оншалық әсер ете алмайтын. Қуана алмағандай 
қоңыр тартып, әке-шешесін ұғына алмағандай сазарып қарап қалатын. 
Жас ет асылып, шешесі күле түсіп, көп сөйлеп, балаларды аймалағанда, Сейіт құр сараң 
жымиғаны болмаса, шырай берген жоқ. Жылы, жарық оттың қасында бұрқылдап қайнап 
жатқан жылқының жас етінің исі мұрнына келе отырып жайланған Бақтығұл енді қор етіп 
қалғып кетті. 
Әйелінің әрбір сөздерін тыңдай, кіші бала Бәтимәні шолақ тонының етегімен орап қымтай 
түсіп, қайта-қайта қалғып оянады. Қатша етті тез пісірмек боп, отты қатты жағып асығады. 
Ерінің шаршағаны асты тездетуді тілейді. Бірталай уақыт өткен соң кішкене қазанның асы да 
қайнап, пісуге жақындады. Қатша қол жуатын жылы суды шәугімге құйып, қалғып отырған 
күйеуін оятып, кішкене шырағдан жасады. Қазан түсіруге де қам қылды. Бақтығұл бойын 
мең-зең ғып ауыр салмақпен басқан ұйқыдан көзін зорға ашты. Екі көзі қып-қызыл боп 
қанталап, жақындағы қызыл жалынмен ірең салыстырғандай жалт-жұлт етті. Ұйқы 


уақытында іргеден соққан күз суығынан жауырыны тоңазып қалған екен. Құнысып, ырғалып 
жотасын бір-екі қозғағанда бойы сәл сергіп қалды. 
Бас жағында жерде жатқан белдігінен өткір, ұзын қара пышақты суырып алып, сол 
қолының бармағымен сүйкеп жүзін көрді. Семіздің майында жорғалағалы лыпып тұр. Сонда 
да етігінің қонышына бір-екі жанып, от басында тұрған шәугімді еңкейтіп сулап шайып алды. 
Қатша қазанды түсіріп, табаққа ет салғалы қозғала беріп еді. Дәл осы шақта қораның 
алдыңғы жағына қарап, жаман сұр қаншық пен екі қара ала күшік шәу етіп үріп қоя берді. 
Қатша шошып қалып, ожау ұстаған қолын көтерген бойы айналып еріне қарады. Бақтығұл да 
мезгілсіз қадалып үрген ит дауысынан сескеніп кеудесін көтеріп, құлағын сыртқа қарай тіге 
қалды. Дүрсілдетіп жүріп келе жатқан көп аттың тұяғы мен сүйретіп келе жатқан сойылдың 
тастаққа соққан тықыры естілді. "Бәле болмаса игі еді, қазанның бетін жап!" — деп қалды. 
Қатша сасқанда қақпақты таба алмай, астында жатқан ала қапты алып қазанның бетіне 
жаба салды да, бусанып тұрған ожауды жанындағы шелектегі суға батырып жіберді. Өзі құр 
жерге жалпиып отыра кетті. Шала жабылған қаптың шетінен қазанның ыстық буы шығып 
жатса да, оны байқай алмады. 
Үй іші есін жинағанша аттылар жапырлап түсе-түсе қалып, алды үйге кіре бастады. 
Түстері суық. Енді аңғарса, Қозыбақ аулының жігіттері. Сырт ажар, сызданған жүздерінен 
өңшең нығыз, асқақ содыр топтай. Әлдекімге өздері тізесін батырып зорлық қылмаса, бұл 
өңірдің бірде-бір қазағы өз бетімен бұл топқа келіп соқтыға алмастай. Бір болыс Бүрген 
ішінде анық семізсінген қарталы мықтылар. Алдыңғы кіргендер ішінде Сәлменнің тап өзі. 
Қасындағы Қозыбақтың өңшең содыр мырзалары. Кішкене үйдің ішіне алдыңғы келгендер 
толып болса да, арты таусылмай кіре берді. Соңғылардың арасында теке сары сақалды, бітік 
көзді, ұзын сары кісі тәйтік сөздер сөйлеп кірді. Жаныңдағыларды қағып, итере келген. 
Бақтығұлға амандаспады. Үй ішін айнала қарап, мұрнын тартып тыржитты да қазанның 
қасынан әлі күнге кете алмай талтайып отырған Қатшаға сүйене келіп жайғасты. Бұл үймен 
таныстығы бар. Қатшаның сасып отырған кескінін қу көзбен шолып қалып, арсыздау 
күлкімен жымиып көзін қысты. 
Келген топтың басшысы — Сәлменнің күміс белдігі бар. Өзі қиылған қара мұртты, 
танауы ежірейген, үлкен қара көздері шаншыла қарайтын, аласа бойлы қара жігіт көп 
іркілмей сөз бастады. 
— Кеше түнде біздің Дөңжайлауда жатқан жылқыға ұры кіріп, бір ту биені алып, 
жылқышы Жамантайдың басын жарып, соққыға жығып кетіпті. Алдырған — албырт: 
анасының қойнын ашады. Із шалғанда сүйреткен сойылдың сорабы осы ылдиға қарай кепті. 
Бір бозға мініп, бір бозды қосарға алып, бүгін таң сәріде осы желкедегі қарағайға келіп кірген 
жалғыз аттыны көрген бар. Кейін сенің қора тасыңнан жіңішкелеп шыққан түтінді де көріпті 
сол айтушы. Көп сөзбен арбасатын дәнеңе жоқ, қысқасы, малды сенен көріп кеп отырмыз, 
жөніңді айт! — деп еді. 
Бақтығұл бұл топқа өңшең Қозыбақтың өрен-жараны болғандықтан, шетінен кекті; қанды 
мойын құныкерім де дұшпаным деп білетіндіктен, келістерінен де, мынау сызды салқын 
бетінен де сескенген жоқ. Ішінде "өзім ақпын, сен қарасың, саған не істесем де рауа" деген 
қияс кекесін, ызалы кек отыр. Жаңағы сөзге сәл үндемей, Сәлмен жүзіне қадала қарап 
отырып: 


— Бақтығұл қашан ұры болып еді? Ендігі маған өтпек қиясың — ұры демексің бе? — 
деді. 
Сәлмен шапшаң сөйлеп, ызалана түсті. 
— Ұры демесем, ұрыдан құр да емессің! 
Бақтығұл алғашқы бетінен қайтқан жоқ. 
— Ендеше, тауып ал сол ұрыңды да, құрыңды да. 
Бұдан әрі екеуі қырын отырысып, қатқыл салқын үндермен, қияс түспен егесе қарасып, 
жылдам жауаптасып кетті. 
— Мен тауып отырмын! Ол — сенсің. 
— Кім айтты деп солай дейсің? 
— Айтушы бар деп солай деймін. 
— Алып кел айтушыңды, мойныма салсын! 
— Атты алысқа айдамақсың ғой. Мені сорғалаған қан, сойқақтаған із әкеліп отыр. Сен 
алдың малымды. Кешегі қолымда өскен Бақтығұл ең. 
— Бәсе, қолыңда өссем, мынауың қай сұмдығың? Жалаң не? 
— Сен маған қастық етіп отырсың. Мен не қылған адам едім саған? 
Бақтығұл енді жалтармай шынға қарай ауысқысы келді: 
— Не қылмап ең? 
— Неңді алып ем сонда? 
— Немді алмадың? Жанымды да алғансың! Жар дегенде жалғыз қанатым — Тектімді 
тепкіңмен өлтірмеп пе едің! 
— А, солай де! Ендеше құныкерің екем ғой! 
— Бәсе, құныкерім екеніңді аузыңа Құдай салып отырған шығар. Сенің соққыңа 
жығылып, сартөсек болып алты ай қыс жатқанда, жиырма жыл босағаңда шіріген сол 
Тектіғұлға тым құрыса қатқан тоқты — қалжа бердің бе? 
— Е... санай түс ендеше, тағы бар болар менен алмағың? Тегі менің малымның қақ 
жартысы сенікі шығар. Қалжыраған қара мойын құл! Қалай-қалай тантисың? Жіңішкерген 
аурумен Құдай алған ініңді әкеткен ажал мен деп пе ең? Санашы тағы. Қандай алмағың бар 
екен Қозыбақтан, Сәлменнен әлі де? 


Бақтығұл қайнаған әділ ашу үстінде, не де болса барын айтып қалмақ ниетте болатын. 
— Санаттың ба? Ендеше, он алты жасымнан отыз алты жасыма дейін, былтырғы күзге 
дейін жиырма жылдың қысында қар төсеніп, мұз жастанып, жаз жалғыз түн тыным көрмей 
күзетінде, жылқының соңында өзім өттім. Қозың мен қойыңның соңында, қораңның шетінде 
түндер бойы көз ілдірмей, жиырма жыл бойы інім - Тектіғұл өтті. Он екі жыл бойында мынау 
әйелім — Қатша шешеңнің — Қызыл бәйбішенің қолында сарала етек күң болып, отымен 
кіріп, күлімен шықты. Сол бәріміз кеше қасыңнан кеткенде немен шықтық? Екі қолымызды 
мұрынымызға тығып шыққанымыз жоқ па? 
Сәлмен шытынап, жарылардай сызданып отыр еді. Мынау сөздер бетке соққан қамшыдай 
шабақтады. 
— Өзің, сөйтіп, айыпкер де, құныкер де мен болғандықтан, тілінді осылай безеп, қолыңды 
маған қарай осылай жұмсап отыр екенсің ғой. Сен не дедің осы?! Маған дауыңды айтып, 
өкіміңді де айттың ғой. Тіліңмен сөгіп, қолыңмен қылып отырсың ғой қыласынды! Енді 
оттағанды қысқарт, сал малымды қазір орнына! 
— Малыңды ертең көлденеңнің алдына барып айтысқанда аларсың! 
— Уәмәй, адыра қал! Не күшіне сенеді екен осы? Қаңғыған қу кедей! 
— Мен күшіме сенген кісі емеспін. Сен күштісің. Бірақ мен төрешіден, көлденеңнен 
арамызды айырар әділет іздемек болдым. 
— Аларсың сен, саяқ сандырақ! Қозыбақ аулынан есе қумақ сенің не теңің еді? 
Көлденеңге бармақсың ғой. Барайық. Болсын солай! Бірақ қазір малымды шығарып бер. Бір 
бие емес, жүз биелік сөзің бар екен. Жеңіп ал да, бәрін ал! Қазір биемді шығарып бер! 
Бақтығұл бұл тұста жалтармасқа амалы болмады. Айлакер жоқшы алдап түсіргелі отыр. 
Тығырыққа қамап тұр. 
— Биең қазір қолымда жоқ. 
— Ол қайда? 
— Бір іліктесіме жетектетіп жібердім бүгін. 
— Жаның шықсын, өтірік! 
— Шыным сол! Бар жауабым да сол! - дегенде, қатуланған Сәлмен қамшысын жұлып 
алды. 
Сол кезде төмен отырған сары кісі басын көтеріңкіреп, дүңкілдеген келеңсіз жуан 
дауыспен: 
— Әй, Бақтығұл, жөніңе көшсеңші! Атты алысқа айдап қайтесің. Нақ осы мына қазандағы 
мұрынды жарып бара жатқан жас жылқының еті қайдан шықты? Осыны қалай танасың? 


Кәне, енді ағарып көрші! — деп кішкене қазанды Қатшаның алдынан көтеріп алып, ортаға 
қойып, таң қалған жұрттың көзінше ала қапты жұлып алды. 
Сары сақал мұнымен қоймай, Қатшаға бұйрық етті. 
— Табақты әкел! Өз малымыздың еті осы. Сен жегенде, біз жемей ме екеміз? Кел, қол 
жуыңдар! — деп бұйырғанда, барлық он шақты Қозыбақ жігіттері мазақтай күле түсіп, 
қамданыса бастады. 
Қатша ұяттан жерге кіргендей намыстанып қысылды да, табақты алып берді. Сары сақал 
етті өзі түсірді. Енді барлық жоқшы оқырана күлісіп, бірін-бірі қылжақпен қағыта отырып, 
піскен еттің барлығын табаққа өз қолдарымен салды да, қоралай отырып, қол-қолға бір-бір 
түйірден үлесіп алып, жақсы піскен жас етті күйсей бастады. Араларына Бақтығұлды 
шақырған да жоқ. Қатша ашумен көзі жайнап, тамсанып отырып қалды. Өмірінде не 
қорлықты көрсе де, дәл мұндай жер болғанды білмеген-ді. 
Бақтығұл бабын таппай, бір нәрсе демек болып еді. Мына жұрт ендігі сөзін тыңдамастан, 
етті соға берді. Аяғында етті тып-типыл жеп алған соң, тасыр қара Сәлмен Бақтығұлға әмірлі 
дауыспен зекіп бұйрық етті: 
— Тұр, қораңның ішін көрсет! Тінтеміз. Сатан осы биенің етінен бір жапырақ бұйыртсам 
— атым өшсін! Барлық етін қазір алып кетемін. Енді жаның барында алдыма түс, бетіңді 
түзе! 
Үй іші, тасыр Сәлменнің ашулы сөзінен сескенгендей жымдай қатты. Бақтығұлдың 
шаршаған, ашыққан бойы бұрында ашумен қатты тыртысып, зорға шыдап отыр еді. Ендігі 
мінез мұны да жарып жібергендей болды. Жаныңдағы Сәлменге суық жүзбен қайсарлана 
қарады. Қанталаған қызыл көзін бір қақпастан қадалта отырып, ашық, анық қып: 
— Аспай сөйле, мырза! Қорқытсаң — дұрысыңмен қорқытарсың. Шошаң қатып, бет алды 
тасырлағаныңа үрейім ұшпайды! - дей бергенде, Сәлмен оң қолында бүктеп ұстап отырған 
сарала қамшымен Бақтығұлды бастан шапшаң тартып-тартып жіберіп, әкеден құлдилатып 
шұбыртып боқтай жөнелді. Дәл мұндай жаза Бақтығұлдың қатын-бала көзінде көрмесем 
дейтін ажалы еді. Бір жағынан Қатшаның: 
— Уа, қуарған Қозыбақ, Құдай төбеңнен ұрсын! — деген намыскер айғайын естіді. 
Момын баласы Сейіт бақыра жылап жіберіп: "Шошқа!" деп айғайлап, төсектен секіре 
түсіп, Сәлменнің үстіне ұмтыла жығыла берді. Мұның бәрі бір-ақ сәт ісі еді. 
Бақтығұл не де болса, қарсыласып өлуді тіледі. Сейіттің жан ұшырып ара түсуі әке жанын 
өртеп жібергендей болды. Жан дәрмен қолына ұстап отырған қайың көсеуді жұлып ала, 
Сәлменнің қамшысын сол қолымен жұлқа тартып, атып тұрып, көз жұмғандай 
шапшаңдықпен Сәлменді қақ бастан үш-төрт рет тарс-тұрс періп-періп жіберді. Бірақ 
Бақтығұлдың бар қайраты осы, ең соңғы қарсылық қимылы сол болды. Келесі секундте он 
шақты жау қолдар қамшымен, жұдырықпен бұршақтай жауып, жалғыз жігітті оттың басына 
шалқасынан алып соғып, керіп салды. Ашу айғай үстінде Сәлменнің "Әкеңді... тоң мойын 
құл!", "ертең ғана Сәт болыстың мөрін бастыртып, баукеспе деп абақтыда, абақтыда... 
шірітпесем, әкемнен тумай кетейін!", "Жерге қағамын, жер сібір айдатамын!" — деп, 


Бақтығұлды тепкілеп жүріп, төпеп сөйлеген қастық сөздері жаза көруші жалғыздың жанына 
жаман тиді. 
Жаза тынымсыз. Тепкі мен қамшы, боқтық пен зорлық бар қорлығын етіп жатыр. Басы 
мен ұлы денесінің ешбір жерін талғаған жоқ. Өкпеге де, бетке де етіктерінің өкшесі, бүктеп 
ұрған қамшы да саябырсыз, толассыз тоқтаусыз тиіп, көз алдынан дамылсыз нажағай 
ойнағандай, от ұшқындарын жарқ-жұрқ ұшырып жатыр. Бұл күй азғантай уақытқа ғана 
созылғанын сезеді. Содан әрі Бақтығұл еш нәрседен хабарсыз: қара түнде бір зынданға, я 
үлкен қараңғы құзға лақтырылғандай; обыр тажал жұтып кеткендей; үлкен меңіреу жоқтыққа 
бір-ақ батып кетті. Ақырғы ғана рет көз алдынан бір жарық лап етіп барып, шұғылына кесіліп 
сөніп қалғандай. Сол соңғы секундте шекесінен тыз етіп тиіп өткен біздей өткір шаншуды 
ғана сезіп қалды. Ең соңғы сезім ұшығы сонымен таусылды. 
IV 
Арада қанша мезгіл өткенін Бақтығұл білмейді. Ол есін жинағанда ең алдымен сезгені — 
шекесі шаншып, қатты ауырып жатыр екен. Таң атыпты. Тағы да сытырлап жүдеу жауын 
жауып тұр. Үй іші отсыз, сұп-сұр суық. Ыңқылдап көзін ашқанда қасында бүкшиіп, екі көзін 
ыстық жаспен ісірген күйде өзіне үңіле қарап отырған әйелін көрді. Түсі сұрланып жүдей 
түскен. Үн де жоқ. 
Күйеуінің қанын шала-шарпы ғана жуыпты. Бақтығұлдың екі көзі ісіп кеткен. Бетінің әр-
әр жері көгеріпті. Шекесі жарылған екен. Сол арасынан әлі де анда-санда шып-шып қан 
шығады. Үстіндегі тонына шашырап барып қатқан қара қан тамшылары өлі көрініп тұр. 
Сейіт жылап отыр. Қашаннан жылаулы? Үндемейді. Неге жылайтынын айтпайды. 
Түндегілердің дыбысы өшкен: тегіс кетіпті. Қатша мәлім етті: Бақтығұлды жайлаған соң, 
мұны да ұрсып, соғып, қорқытып отырып, етті тыққан жерді сұрап алады. Шаланы тұтатып 
жарық етіп жүріп, қораның бар түкпірін тінтіпті. 
Кеше кешке әкелген бір қап етті қой қораның төбесіне іліп қойысқан еді, оны да тауып 
алды; қора тасқа тыққан етті де түгел әкеткен. Таң атқанға шейін кетпей күзетіп жүріп, 
таңертең ондағы ет пен теріні түп-түгел суырып тауып алыпты. "Біздің көк бие" десіп, терісін 
таныпты. Содан соң жаңағы бір әзірде түндегі сары сақал қасына екі жігіт ертіп келіп, 
Бақтығұлдың жайын көріпті. "Және біреуіңді өлтірдік пе" деп ойлағаны шығар. Бірақ көп 
қарап отырып: "Өлетін емес, демі бар" — десіп үйден шығысыпты. Қайта-қайта ауыздарына 
алғаны — абақты-абақты. "Ағам Сәттің болыстығы рас болса, мөрін бастырып, осы келген он 
кісіні куә ғып пүртәкөлдеп, Бақтығұлға абақты кескіземін, жер аударам, Итжеккенге жіберіп, 
сонда шірітем!" — десіпті. 
Кейін бәрі де қайта жиылып келіп, "малымыздың төлеуі" деп, боз атты шығарып алыпты. 
Айып-қиыбы деп, қызыл сиырды айдап кетіпті. 
Бақтығұл бұл істің ешбіріне де сөз қатпады. Сескену, қорлану — барлығы да іште жатыр. 
Тек қана тағы да аштықта қалған үй ішін ойлап, балаларын көріп, ақырын ғана: "Етті қайтті?" 
— деді. 
— Еттің де бәрін сыпырып-сиырып алып кетті. Бір жапырақ та қалдырған жоқ, — деп, 
Қатша ызалы уайым үнін білдірді. — Тұп-тура шауып кетті. Төбеңнен ұрғырлардан не 


жақсылық күтесің? Сұм Сәлмен! Шаңырағыңды ортасына түсіріп, шауып кеткен жоқ па? 
Құдай тілеуіңді бермей, көріңде өкіргір, кеселді! — дейді. 
Қозыбақ аулы қолымен билік қылып: төлеуін де, айыбын да өзі кесіп, өзі алды. Оның 
үстіне үй ішімен тегіс жеген таяқ, жарылған бас, қып-қызыл жоса болған қан — міне. Қатын-
баланың көзінше қызыл-қырғын шабынды жасап, бәрінен де намысқа тиген тепкі -мынау. 
Намыс пен қорлықтан ішке шоқ түскендей өртеніп күйген Бақтығұл қатты күрсініп, аунап 
түсті. 
Бір биенің жазасы неше сыбаға болды. Артығымды бер деп, Қозыбақ аулынан жоқтап 
алар Бақтығұл ма? Анау жуан сотқар ауыл аяғына отыртар ма? Тегі мұның сөзін сөйлеп, 
есіркейтін тірі жан бар ма сірә да?.. Әй, жоқ қой! Сөзі оң болғанда, өзгенің көбі ана содыр-
сотқардан сескенеді де, сөйлей алмайды емес пе! Ал Бақтығұлда сенерлік ел бар ма? Пана бар 
ма? Ол да жоқ. Өзі қалың Жаныс ішінде жүрген азғана үй кірме. Жиыны жиырмаға 
толмайды. Оның да басы бір жерде емес. Әрқайсысы әркімнің қасындағы қоңсы. Шетінен 
кедей, қара құрымдарынан басқа түгі жоқ. Өзі кедей, өзі аздың сөзі пұл бола ма? Сол ағайын 
тұтасымен, осы елдің ішінде жүрген малшы мен құл есепті болғандықтан, баяғыдан бері ең 
болмаса бір де бірі, ұлтарақтай болса да, жерге де ие болмаған. 
Бақтығұл "солардың көнген сорына мен көнбесем" деп өмірде талай талпынып көріп еді. 
Бұл өзге ағайындарынан жігерлі ер екпінді, естірек те болды. Заманы тура болса, тәуір 
адамның бірі боларлық ақыл-сезімі, тіл орамы да бар. Бірақ өзіңмен туған туыс қана 
жетпейді. Бұл көрген әлем көшпелі ауыл тірлігінде зорлықшы көп сотқарға есең кетпес үшін, 
етек алған қалың іргең болу керек. Әйтпесе, сен - көзге түрткі; сен — ел ішіндегі саяқ 
сандырақ, кірме... Осының бәрі жасынан иығынан басқан тағдыр жазуындай емсіз дерт болса 
да, Бақтығұл өзге Сарыдан сергегірек болуға талпынды. Ең аяғы, құлдыққа көнбей, есік 
қақты болмас үшін, өзіндік тірлік етемін деп талап қып еді. 
Аяғы келіп мынаған соқты. Енді жалғыз үйлі Сарыдан шығып, Қозыбақтың ту биесін 
тайдай тал түсте әкеліп сойып алып отырған Бақтығұлдан жұрт жаласы арылмайды. Әсіресе 
болыс пен билер құрық салады. Мынау көрген — көрген емес. Кетерде Сәлмен айтқан абақты 
тегін айтылған емес. Оған қарай басса — сұмдық. Әлденеше сыбата болып келетін пәле мен 
қаза үлкен толқын соққы бар. Бұдан соң талай-талай жазықсыз жерінде мұны беретін Сәлмен 
мен Сәттің қарғылы төбеттері - билер бар. 
Өз қолтықтарында жүрген, өздері аттандырып жүрген анық баукеспе ұрыларын бермей, 
тығып-сүйеп қалу үшін де Бақтығұлдай панасыз жалғыз саяқты алдымен құздан ұшырады. 
Бәрі-бәрінің түбінде... айдаһардың аузындай, қап-қара түсті ажалдай кесілетін абақты бар. 
Ойына осы келген жерде Бақтығұл селк етіп шошып кетті. Мұның барлық тірлігінде, ойша 
болса да, қатты үркіп қорқатын құбыжығы — осы абақты. 
Неліктен екені белгісіз, өмірде қауіп-қатердің, мысалы, атүсті соғыстың қандайына 
кездессе де, құты қашып қорқып көрмеген Бақтығұл абақтының аты екеш атын да тыныш 
тыңдай алмайтын. Енді бүгінгі қысылған халінің үстінде сол жалмауыздай қатердің қара 
шойын есігі мұның қиялының алдында бейне қараңғы көрдей азынап, ашылып күтіп тұрған 
тәрізденді. 
Осы жол қорыққанда, Бақтығұл таудағы жайын аңның кей қатерден ерекше тағылық 
жайындықпен жыға қашқанындай қалтырай қорықты. Қорғансыз басын түндегі дұшпандар 


ең аяғы абақтыға шейін де аямай апаратынын ойлағанда, Бақтығұл дүние-тірліктің барлығын 
талақ еткендей. Аунақшып келіп күрсініп: — мұншалық қорлыққа жеткізді-ау! Жалғыз рет 
тұяқ серіпкен қарсылығым. Панасыздың көрері осындай итшілік күн болмай, не болушы еді!.. 
Енді сүйенетін кісі таппай болмас. Қорған таппай, тірлік жоқ болды ғой. Барыңды беріп, құл 
болсаң да, кешегі Сәлмен айтқан кеселден сақтап қалар біреудің қолтығына кірмеске лаж 
жоқ. Сондай жауыз жаумен ұстасар менде не дәрмен бар еді? Ойласам, бойымнан артық 
жұмыс екен! — деген. 
Өмірі Қатшаға мұнша көп шешіліп сыр айта қоймаушы еді. Қатша "байғұс өліп қала ма, 
бүйтіп көрген жоқ еді, қалай айтқаны?" — деп, ішінен күдіктеніп сескеніп отырды. 
Бақтығұл жаңағы пана табамын деген сөзді нық байлау сияқты айтты да, артынан ол 
жайды қайта қайырмай, үндемей жауып қойды. 
Арада бір жұмадай уақыт өтті. Жарасынан жазылып, түрегелген Бақтығұл енді әл жиып, 
атқа мінетін болды. 
Боз ат Қозыбақ аулына кете барса да, жақындағы жылқылы ауылдың біріне қосып қойған 
тағы бір аты бар-ды. Малының бары да, ажарлысы да екі аты болатын. Одан басқасы екі-үш 
сиыр мен бесті-онды ешкі-лақ. Жүруге жараған соң, Бақтығұл жирен жорға атын ұстап мініп 
алды. Мұның жорғасы бұл өңірде жоқ, орасан қатты болатын. Өзі жаздай құр, сұлу, биік, 
жазаң келген мінсіз жақсы ат. Көп ел сыртынан қызығатын. Бір болыс Шалқар Бақтығұлдан 
бұрын, жирен жорға атты білді десе де болғандай. 
Боздан айрылып жаяу қалған соң, соны мінген Бақтығұл жалғыз оқты кәрі шиті 
мылтықты оқтап алып, сайды өрлеп тауға шықты. 
Күн ұлы сәске кезі. Тауды жүндес бөстектей орай басқан көкшіл қалың қарағай; жүргінші 
соның ішіне келіп кірді. Тоқтаған жоқ, өрлей берді. Бірталай жүрген соң, қарағайдан шықты. 
Ар жағы қалың-қалың, заңғар биік, серейген тек түр қызыл тастар. Тылсым буғандай жым-
жырт күйде мелшиіп қатып тұр. Атты ақырындатып, қабырғалай басқызып отырып, бір үлкен 
құз, қиын қызыл тастың иығына жақындап келді. Бұл тұста аңнан басқа мал да, адам да 
болмайтын. Кезіксе, бірен-саран аңшы ғана кездесуге болады. Шатқа жақындап келген соң, 
бір жақпар тастың түбіне жирен атты аяғын бекітіп қалдырып қойып, өзі басындағы бөркін 
тастап, шитіні көлденең ұстап, еңкейіңкіреп ақырын баспалап отырып, шаттың ернеуіне 
қарай жүрді. 
Алдында үлкен құздың арғы беті ғана көрінеді. Ілгерілеген сайын тас қорған 
шұңқырайып, тереңдеп барады; ауданы да үлкейіп келеді. Қарсы бетте еш нәрсе көрінбейді. 
Буалдыр күңгірт күздің қазіргі күні кірлегендей болып, салбырап, кіржиіп тұр. Сұр тонды, 
сұр түсті жүдеу мерген сұр тас пен түнерген аспанның түсіне боялып, қалың жым-жырттыққа 
қоса батқандай. Бұғады да, ақырын ғана қыбырлайды. Дәл ернеуге жақындап келді. Бір 
тастың төсінде бұғып, баспалап қарады. Бұрын талай замандар шығып, үйге талшық қылмақ 
болып көп іздегенде, ату жерге анықтап кез келе қоймайтын арқардың бүгін орайы келердей. 
Дәл тамағының астындағы бір жеке шошақ басында үш арқар секиіп тұр екен. Бұлар арғы 
беттен бірдемеден үркіп қашып келген тәрізді. Еліріп, көз-құлағын сол жаққа қарай қадап, 
қарауылдап тұр. Бірі құлжа, екеуі ешкі. 


Бақтығұл көре бере: "Я, сәт!" — деп, нысананы бетке ұстап көздей берді. Бірақ бойын 
түгел жаза алған жоқ. Шектен тыс сақтығы бар, қылп еткенді көретін қырағы арқар екі 
қаратпайтын мінезін істеп, аңшының басы қылп еткен жерден-ақ "пыс" деп жіберіп, биік 
тастан ойға қарай сатырлап секірген екен. Тек бір тар жерге үшеуі бірдей қарбаласып, 
қақтығып қалғандықтан, алдыңғы екі ешкі секіріп кеткенде, екі мүйізі шаңырақтай қартаң 
құлжа енді секіргелі қамданған еді. Төселе қадалып келе жатқан қара шиті қарауылы 
құлжаның көк желкесіне іліне бере-ақ, гүрс етті. Тастың басында көк түтін бұрқ етті де, 
ырғалып толқып қалып, серпіле берді. Сол кезде ақ таңдақ қоңыр құлжаның қиралаң етіп, 
алдындағы тастан кеудесін асыра алмай, сүйретіле құлап түскені көрінді. 
Басына Бақтығұл келгенде, шала жансар жаны бар екен. Ұзын қара пышақты суыра сала, 
Бақтығұл тамақтан ыстық қанын шапшытып орып жіберді. Ақырғы рет ышқынып қор етті де, 
тағының жаны шықты. 
Сол шақ түс ауып бара жатқан мезгіл еді. Бақтығұл тезірек ақтармалап арқардың ішек-
қарнын алып тастап, етін бұзбастан, белінен бір опырып терісіне орап, жирен атқа зорға 
дегенде көтеріп арта салып, екі жағын шылбырмен мықтап таңып алып, атты жаяу жетектеп 
ойға қарай тартты. 
Күн екінді кезі болғанда манағы қарағайдан өтіп, үлкен таудың ішінде өзеннің жағасында 
отырған бай ауыл қыстауының үстінен кеп шықты. 
Бұл — Шалқардың болысы Жарасбайдың аулы. Бақтығұл таңертеңнен бері қарай үндемей 
қамданғанда келмегі — осы ауыл. Арқарды да болыстың бәйбішесіне атып ала бармақ-ты. 
Мұнда келуге бекінгені бүгін тана емес, Қозыбақ аулы шауып кеткен түннің ертеңіне-ақ еске 
алғаны Жарасбай болыс болатын. 
Жарасбай — құр тана болыс емес. Болыстықпен тана бедел, салмақ тапқан кісі емес. Әрі 
бай, ерте күннен ұлыққа беделді, саудасы да бар: "ер, мықты"деп көпке аты жайылған адам. 
Мұны айтса, қолынан жақсы-жаман бірдей келеді, келгенде де молынан келеді. Маңайдағы 
басқа болыс, қажы, бай, мырза дейтіндердің бәрінен де мұның атағы басымырақ. 
Сүйенетін пана іздеп, үлкеннің ығын ойлаған шақта Бақтығұлдың үміт еткені осы 
Жарасбай болған. Барын берсе де соған беріп, құлданамын десе де айтқанына көніп, қайтсе 
де Жарасбайға жағынып көрмек. 
Далада жалғыз жортқан көк бөріше бар сырын өз ішіне түйіп, тығып келген тіршілік енді 
мұны талдырған. 
"Бағымды осымен де бір сынап көрейінші. Қозыбақ аулының атаған абақтысынан 
құтқарса, осы құтқарар болар ма?" — деп, бір байлау жасаған. 
Бай болыстың аулы көп малын тау мен ылдиға, құмға бөліп-бөліп отарлап жіберіп, енді 
ауыл иесі күздің суығынан қашып, қораға көшіп келіп, жарым-жартысы тамға кіріпті. Кеш 
тақаған соң, ауылдың басты еркектері тыста жүр. Арқар өңгерген Бақтығұл қораның алдына 
келіп сәлем бергенде, болыс арқарға көз салып, сәлемді жылы шыраймен алды. Ұзын бойлы, 
қызыл жүзді семіз болыс, басына сусар бөркін киіп, ақ елтірі ішікпен қыз-қыз қайнап, қызара 
бөртіп, ажарланып тұр екен. 


Мұның жасы Бақтығұлмен шамалас: 35—37-лердің мөлшерінде. Қасында қошеметші екі 
ақсақал мен жеті жасар үлкен баласы, бірен-саран кедей-кепшік, малшы көрші тұр. 
Бақтығұл амандасып аттан түскенде, қыстаудың кісі жүретін есігінен қолына құмған алып 
шығып келе жатқан толық денелі, ақ сұр жүзді бәйбіше көрінді. Жайлы тыныш өмір 
әлпештеген таза семіз күй байқалады. 
Қанжығаға қызыл-жоса қан болып, төңкеріліп түскен шаңырақ мүйізді арқар бәйбішенің 
де пейілін тартты. Амандасып келіп, еркектермен бірге аттың о жақ, бұ жағына шығып, ол да 
арқарды тамаша етті. Бақтығұл соны байқап: 
— Бәйбіше, бүгін таңертең осы ауылға келейін деп атқа мінсем де, аң еті таңсық шығар, 
әуелі бір тауға шығып, аң көздеп көрейінші деп ем. Мына біреу кез болды, арнаған кісім өзің 
едің, кіргізіп ал, — деп байыпты сөйледі. 
Бәйбіше көзін сықситыңқырап, күліңкіреп, "қайтеміз?" дегендей, болысқа қарады. 
Жарасбай әйелінің бөгелгеніне күлді де: 
— Кіргізіп ал, несі бар дейсің? Өз тасыңның аңы екен, бермеймін десе де, алып қалатын 
жөнің бар емес пе? — деп сөзін қостаған жұрттың бәрімен бірге сықылықтап күле берді. 
Екі шалдың біреуі осы ауылдың ежелгі көршісі, Жарасбайдың әкесімен сыйласқан досы. 
Мұның барлық мал-жанын басқарып жүретін аға дос есепті кісі. Өзі малқор да, пайдакүнем 
Жарасбайдың жанкүйері Қайранбай. Сол бәйбішеге қарап: 
— Қадиша, ал қарағым, малай қатындар қайда, кіргізіп алсын. Қозыбақ аулы 
арамдағанмен, мұның қолындағының бәрі арам деп пе ең? Бұл Бақтығұл өзі тегінде ер кедей. 
Көңілі түскен кісісіне жалғыз атын түсіп беретіні де бар. Арылмай жүрген бір қырсық та. 
Болмаса аларын да, берерін де біледі. Кемсінбеңдер! — деді. 
Бақтығұлдың келген сапарына бұл сөз анық арман етер сөз еді. 
— Қария, несін айтасың! Осы айтқаның кітап сөзіндей. Тұзым жеңіл, бағым ашылмай, 
қырсық шалған сорлы кедеймін. Бүгін сонымның бәрін шағайын деп мына мырзаға әдейі 
келіп ем. Пейіліме қарай, жақсы сөз айттың. Дуалы ауыз қариясың ғой. Дегенің болсын, 
ақсақал! - деді. 
Бұл кезде болыстың баласы Жанғазы шешесінің жұмсауымен қора жаққа барып, екі 
келіншекті шақырып келіп, үш-төрт кісі боп арқарды аттан түсіріп алып, үйге қарай алғызып 
жөнелді. Болыстың шолжаң өскен баласы арқардың алдыңғы бір борбайын ұстаған болып 
келе жатып, үлкен мүйізді басымен алдындағы келіншекті итермелеп, бөксесіне соғып 
барады. Арқар семіз болғандай: етті, мол денелі. 
Болыс жаңағы әңгімеге жауап бермей, соған қарады. Тек іштей Бақтығұлды соншалық 
арамсынған ниеті жоқ. Болыс қасындағы екі қарияның бұл шаққа шейін үндемей тұрған 
біреуіне жаңағы Бақтығұл сөзі көбірек ой салыпты. Ол бұған жылы шыраймен қарады. 


— Байғұсым, жақсы лепес — жарым ырыс деп, өзіңнің ниетіңде жақсылықты ойлаған 
бірдеңе бар тәрізді-ау! Осы сендей тентек өмірдің әр тарау ой-қырын көріп-көріп келіп, кейде 
бір жақсылыққа ден қойып, көшелі кісі болып кетуші еді. Әлде сөйткелі жүрмісің? — деді. 
Бұл шал Шалқар болысындағы Сәрсен деген — басты бидің бірі. Болыспен беті бірыңғай, 
тілеуі жақсы, достығы күшті болғандықтан, соңғы сайлауларда Жарасбай қалдырмастан, 
ұдайы би сайлатып жүретін. Оған да дән ырза болды. 
— Айтқаның рас, Сәке, үлкен ниеттің үстінде тұрғаным анық. Осы елдің игі жақсысының 
алдынан арылайын деген тілеудемін, — деп еді. 
Болыс күлді де: 
— Ойлағаның шын сияқты, ат үстінен-ақ айтып жатырсың. Бірақ ендігісін жайланып, 
жата-жастана айтарсың. Әзірше үйге жүріңдер, — деді. 
Бақтығұл: 
— Мырза, мақұл айтасың, көңілім сол оймен лепіріп тұрған соң, шапшаң айтып 
жатырмын. Әйтпесе жайланып айтатын сөзім осы екені, көп екені және рас. 
— Ия, мақұл, мақұл, — деген қариялардың да дауыстары шықты. 
Ымырт жабыла бастағанда қонақтар қораға кіріп, үйге қарай жүрді. 
Болыс отыратын үлкен тамға шам жағылған. Іші жылы, жарастықты, жайлы екен. Есіктен 
төрге шейін жайылған кілем. Төрде көрпе. Оң жақта үлкен сәнді, жалтыраған жұмсақ орыс 
төсегі. Соның тұсына тұтқан түкті, сары ала кілем де үйдің ішін қуантып, жақсы ұядай 
түрлентіп тұр. Жыртық киіз үйде арқасынан суық өтіп, бүрсеңдеп отыратын Бақтығұлға 
мынау үй, бір қонып кетер болса да, үлкен сый сияқтанды. 
Көңілі талай күнгі кірбеңінен жадырағандай. Өз тірлігінің жетімсіреткен жүдеу күйін 
шағып, бой жазып, бұрын-соңды бастан кешкенін айта бастады. 
Жұрт бұның әңгімесін енді көбінше үндемей тыңдап отырып, кешкі шайды ұзақ ішті. 
Қозыбақ аулынан көргендерін Бақтығұл бастан-аяқ түп-түгел сөйледі. Ең соңында бұған 
абақтыны да әзірлеп кеткен ашу мен кіжінуді айтты. 
Болыстан басқа үлкендер — бәйбішеге шейін сөзге араласып, Бақтығұлға істелген істі 
шектен асқан зорлық деп таныды. Бұл сөз тұсында Бақтығұл: 
— Жалғыз жүрген саяқ болған соң, әлі келген содырлар ойына келген қастығын істеп, 
түгіңмен жалмап кетуге жиренетін емес, — деген. 
— Оның рас, сені аямай-ақ жанышқан екен Қозыбақ, — деді Сәрсен ақсақал. 
— Аяу қайда! Мен, солар айтқандай, көк биенің ұрысы болсам, олар тапа тал түсте 
ұрлықтан да сұм сорақы іс етпеді ме? Бәрі де сол жаңағы панасыздығымнан. Енді не де болса, 


бір жақсының қасында атқосшысы болсам да, ығына паналап жан қалмаса, атар таң, шығар 
күн жоқ па дедім. 
Осындай сөздермен Бақтығұл өзінің шер-мұңын шерте берді. 
Болыс бұған тіс жарып, ішін ашып еш нәрсе демеді: оң теріс деген жоқ, тек Бақтығұлдың 
сөзін тоқтатқан да жоқ. Өз ішінен ол Бақтығұлды ер жігіт көретін. Бүгін сөз білетін, орнымен 
ұстаса, көп керекке жарайтын еті тірі, есті кедей екенін байқап отыр. Айтар сөзге орамды 
Бақтығұл болыстан басқа үй ішін де тегіс тіліне нандырып, өз жайына қандыра берді. 
Бәйбіше мен Жанғазының Қозыбақ аулын жамандаған сөздері де естілді. 
Сонымен болыс үйіндегі бұл кеш Бақтығұлды ырзалағандай. Әсіресе Сәрсен ақсақал 
мұның көңілін орнықтырар сөз айтты. 
— Бақтығұл, сен өзің жақсы ниетпен келген екенсің. Енді сөзді қысқарт та, тек мына 
болыстың етегінен ұста. Бұған сендей анық пысық жігіт, атқан оқ, шапқан қылыш болуға 
жарайтын оты бар жолдас керек. Осы Жәкеңе іні бол да, мына Жанғазыға аға бол. Қозыбақ 
саған ғана қас емес, талайды зарлатқан ұялас бөрілер аулы ғой. Тек Жарасбайдың қолынан 
алып көрсін! Жалғыз-ақ өзің болысқа жақсы қызмет қыл да, тарта бер. Қозыбақ түгіл, 
Құдайдың да алмасына мен кепіл. Тіпті бүгін болмаса, ертең Қозыбақтағы кекті тіпті өз 
қолыңмен де алысармыз әлі, — деді. 
Бақтығұл бұл жайдың қазіргі Сәрсен сөзіндегі көп сырын аңдаған жоқ. Бағана келгеннен 
Жарасбай қасындағы екі шалдың оны жылы шыраймен қарсы алған сыры осы Сәрсеннің 
жаңағы соңғы сөзінде ғана жотасын көрсетті. Бұл ауыл Қозыбақ аулымен ежелден қатты 
ұстасқан араз ауыл. Қозыбақтың бір баласы Бүргенге болыс болса, Шалқардың болысы 
Жарасбай онымен ежелден қаржасып келе жатқан тайталастағы өш қастың бірі. Бақтығұлды 
бұл ауыл енді бір есепке, керекке жұмсайтын оқ болар деп, болғанда да өз кегі бар анық 
уланған мытым оқ болар деп топшылап отыр. 
Атқамінер атаулының іште жататын әлденеше қалтасы барын Бақтығұл үнемі тани 
бермейтін. Ол жаңағы Сәрсен сөзіне ақтарыла қуанды. Өз ойынша бүгінгі түннен бар тілегін, 
шынайы қолқасын алғандай. Оның ұғымынша жиын сөзді түйін етіп Сәрсеннің өзі айтып 
шыққандықтан, бұл биді ол дуалы ауыз, ақпейіл ақылшы көріп, "Сәке" деп те, "қария", 
"атаке" деп те құрметтей, қошеметтей атады. Барынша ырза бола отырып: 
— Талайғы арманымды өзің айттың, ағеке. Енді мен айтар түк те қалған жоқ. Осы арада 
дегеніңнің бәріне қол қойдым. Құлдық, Сәке, тілейтінім сол ғана, — деді. 
Болыс әлі де үндеген жоқ. Ойдағы байлаулы сөзін айтпай іркілгені ме? Болмаса бірталай 
уақыт күдіктендіріп барып, қымбаттап түспек пе? Қатын-баласы да Бақтығұлға жылы 
шыраймен қарап, оның тілегенін беруге әзір сияқтанса да, болыс өзі бұл түнде еш нәрсені 
байлаған жоқ. Ешкімге үн қосып, бұл жайдан жауаптаспады. 
Бақтығұл болса, ертеңге шейін ойланайын деген шығар, "ойлансын" дегендей болып, "не 
айтасыз?" деп тақымдамады. 
Түн өтіп, таң атты. Ертеңінде күндегі әдет бойынша болысты іздеген ел таңертеңгі шайды 
ішіп болмай-ақ бөлек-бөлек топ болып, болыс аулына келіп түсіп, жиналып жатыр. Бақтығұл 


шайдан соң жирен атты ерттеді де, болыстан бір жауап естіп кетпек боп, киініп алып үндемей 
отырып, үйдің бір оңаша болатын кезін күтті. Ақыры, болыс тысқа шыққан орайда артынан 
ілесе ере шығып, түндегі жайдан жауап күтті. "Бір лебіз естіп кетсем" деген өтінішін білдірді. 
Жарасбай әлі де саспай, қора сыртына үндемей оңашарақ шықты да, бір тазарақ жерге 
жүресінен отырып, қасына тақап келген Бақтығұлға қарады: 
— Маған енді не қыл дейсің, тілеуіңді айтшы? — деді. 
Бақтығұл бұл сөзге ішінен дәмелі болып сүйсіне берді. 
— Мен не қыл дейін, Жәке? Тілегімді, ниетімді түнде айтпадым ба? Өзім жеткізе 
алмағаным болса, Сәрсен қария айтты ғой. Енді мені қолтығыңа ал да, Қозыбақтың пәлесінен 
құтқар. Содан соң керегіңе жарат. Тілеген адал жолыңа жұмса. Атарман-шабарманың 
боламын. Жанғазының ағасы, өзіңнің не керегіңе болса да жарайтын, жолыңа басымды 
қиятын жолдасың боламын. Сертім - осы демекпін, осыны өле-өлгенше ұстанып өтемін! — 
дегенде, Жарасбай бұған сол жылы ұшырай түсті. 
— Жарайды, сөз жетерлік болды. Бұл дегеніңнің бәрін мен мақұл көрдім. Қозыбақ аулы 
сенің ғана дұшпаның емес. Дегенің шын болса, дер кезінде сол Қозыбақтан кегіңді алатын 
шақты да атармын, айтармын. Сен болсаң, мына сөзімді сол сілтеген бетімде атқарарсың. 
Әзірге Қозыбаққа біткен өр бізге де біткен. Қорықпа. Қозыбақ алмайды, Құдай алады 
жаныңды. Тек әуелгі сөзі басылғанша, аяңдай тұрайық. Кейін түгелдей ығыма аламын. Айтам 
ғой, әзір Қозыбақ жұмысының арты басылсын. Сол сөз саябырлағанша, біздің ауылдың оны-
мұны шаруасына, әрлі-берлі жүретін жұмысына араласа тұр. Содан әрі аздан соң болыстық 
жұмысының бір жеріне өзім орнықтырып алармын, — деді. 
Көптен бергі тілеген арманы осы болғандықтан, бар қолқасын бір-ақ алған кісідей мәз 
Бақтығұл мырза кедейдің ақтарылғыш мінезіне ауысты. Өз-өзінен шүлендігі ұстағандай боп, 
болысқа қолынан келген бар жақсылығын да, бар қадірлісін де аямай, ірікпей беруге бекінді. 
— Айналайын болыс, маған әкем істемейтін жақсылықты істейтін ажарыңды аңдадым. 
Керегі пейіл еді. Әуелде менен бойын алып қашар деп ем. Енді болса, өз басыңа достығыма, 
осы көрсеткен пейіліңе мына астымдағы жирен жорға атымды Жанғазыға мінгізейін деп 
отырмын. Құдай алдында қарызсыз. Менің аға болғандағы Жанғазыға істеген сыйым осы 
болсын, — деді. 
Болыс үндеген жоқ. Қабылдағаны сол. Сөз де осымен біткен еді. Болыспен сөйлескен 
сөзін дәл жүрер шақта Бақтығұл Қадиша бәйбіше мен Жанғазыға келіп мәлімдеп, оларға да 
бірталай жібіген жайларын айтты. Іштегі арманын атай отырып, аяғында жирен аттың исі 
Шалқарға белгілі су жорға екенін баяндап келді де, Жанғазыға соны мінгізбек болғанын 
білдірді. Жас болса да, малды сүюді берік тоқыған, дүниені ыстық көріп дәнігіп алған бай 
баласы қуанғаннан қызарып күліп жіберді. 
Атышулы жорғаны ұсынғанды бәйбіше де теріс көрген жоқ. 
Осыдан соң аз күн өткенде Жанғазы Бақтығұлдың аулына келіп үй ішін көріп, жирен 
жорғаны белдеуден шештіріп, мініп қайтпақшы болды. 


Сонымен болыс аулынан тапқан олжасына ырза болған Бақтығұл аяңдап үйіне қайтты. 
Кетерде мұның қатын-баласына сәлем-сауқат, сарқыт деп, болыстың бәйбішесі жаңада 
сойған семіз тайдың бір қазысын қосып, бір-екі асым тәтті-дәмді ет салып берді. Сол 
олжамен шыр айланып, түнде күйлі үйге қонып, жақсы тоғайып шыққанға ажарсыз сұрқыл 
жүзі күреңденген Бақтығұл түс ауа үйіне келіп түсті. 
V 
Осы күннен былай қарай Жарасбай болыс пен Бақтығұлдың арасында ұзақ шаққа 
созылған іліктестік басталды. Алғашқы күз бен қыста, жау жағының өсек-аяңы бола ма деп 
болыс Бақтығұлды кеңсе қызметіне алған жоқ. Бірақ үнемі аулында сақтады. Өз шаруасының 
неше алуан керегіне дамылсыз жүргізді. Еш бөтен жаққа мойын бұрғызбай, еңбеккер де іскер 
жігіт қылып алды. 
Сол мезгілдің тұсында болыс маңында қандай жиын кеңес болса, қаншалық қалың топ 
атқамінерлер болса, барлығында болыс Бақтығұлдың жайын мәлімдеп, әйгілей, жариялай 
жүрді. Тентекті тыйып, адам етіп алған қамқор, жақсы атанбақты өзі де тілейді. Мұның 
ажарына қарап, Бақтығұлға бұл елдің өзге басты кісілері де сенген сияқтанды. 
Сәрсен, Қайранбай тәрізді Жарасбайдың жанама атқамінерлері болса, өздеріндей көп 
жуан атқамінерлер ортасында Бақтығұлға әдейілеп, арнап ырзалық айтады. 
— Рахмет, жөніңді жаңа таптың, қайырлы болсын. Енді адам бол, - дегенсіп, үлкендік 
батагөйлік ақжарқын тілек айтқан болысады. 
Бақтығұл алғашқы қыс бойына тыным таппай, болыс аулының үлкен шаруасына 
араласты. Қай жұмыстың болса да орайын өзгеден артық біледі. Нелер қиын істің қисынын 
оңай табады. 
Өзі шаруа жөнін бұрын бүйтіп бой салып істеп көрмесе де, жасынан баққаны жылқы ғана 
болып жүрсе де, өз шаруасына асылында бой салып көрмеген қырсыз болса да, қазір мүлде 
өзгерді. 
Бай ауылдың үйі мен түзіндегі мал мен қора қыстау, қала-дала дейтін сан дала шаруасын 
кезегінде басқарып, керегінде тынбай жүріп қолма-қол істеп, дөңгелек айналдырды. Өзгені 
қойып ауыл шаруасының өнеріне жетік деп танылған Қайранбай ақсақал да Бақтығұлдың 
барлық ісіне үнемі тамашалап сүйсініп жүр. 
— Шаруаның қара қыртысын айналдырады. Есепке де мығым. Өз қолымен істей 
бастағанда да малшы-қосшыны қыздыра еліктіріп, қай жұмысты болсын еңсеріп жапырып 
кетеді. Сорлы, тек Құдай қырын алғандықтан кедей болып жүрген ғой. Әйтпесе мынадай 
өнері бар жігітке кедейлік жолар қисын жоқ, — деп мақтайды. 
Аз заманның ішінде-ақ ауылдың ең сенімді ақылшысы сияқтанып: болысқа, бәйбішеге, 
көрші-қолаңға да өзін елеулі, сөзін салмақты кісі ғып алды. Әрі-беріден соң тек шаруа ғана 
емес, бұл ауылдың ел ішіндегі біреумен жақын, біреумен сыйлас құда, дос қатынасында да 
ақыл қосып жүретін сенім тапты. 


Қостап шығатын жылқы, отарлап жайылатын қой, көктемде салатын егін, күзгі орылатын 
пішен, анда-санда шығарылатын қалашы, қыс малды ірге аударып салатын шүйгін шөп, соны 
жер, жұт жалаңнан аман етер құйқалы өңір — бәрі-бәрін ерте бастан Бақтығұл біледі. Күн 
бұрын қамдап дайындайтын, "әр ісін мезгілімен көңілдегідей орнына келтіретін Бақтығұл" 
атанды. Қай шаруаға қарай ауысса, сол жұмыстың дәл әзінің басында жүрген егінші, қалашы, 
жылқышы сияқты адамдардың бәрінен Бақтығұлдың есепшілігі сонағұрлым артық шығады. 
Осындай істер соңында жүріп, кейде Бақтығұл өзін-өзі танымай қалғандай болады. 
Үздіксіз үрдіс жұмыс өзін қайта тудырып жібергендей. Оның бұл жүрістерінің көбі болыс 
аулының қара шаруасы болатын. Соның әредігінде өз шаруасына да қолы мол тиіп жүрді. 
Қала-далаға жиі қатынасып жүргенде тері-терсек, ол-пұлды ала жүріп, ауыл арасында сатып, 
саудалайтын уақыттары да болды. Егін салғанда Жарасбайдан азын-аулақ көмек алып, 
жылдағыдан үш-төрт есе қып жер айдады. 
Қыстыгүні соғымы, ұн-шайы үй ішіне жетерлік болды. Кесікті ақы бермесе де, болыс 
аулының азды-көпті көмегі Бақтығұлдың бар еңбегіне орай төлеу болмаса да, Бақтығұлға 
жақсы сеп болды. 
Анда-санда болыс аулына барып жүріп, бәйбішенің тапсырған жұмыстарын орындай 
жүріп, Қатша да үстін бүтіндеп алуға айналды. 
Өзінен артқанын ескі-құсқы болса да, балаларына киім лыпа ғып, олардың да үстін 
бүтіндеп алды. Бұлардың бәрінен бұрын жұбаныш қып айтатыны да, сүйсінетіні де — Сейіт 
жайы. Қазір ол болыс аулындағы молдадан оқитын болған. 
Молда деп қазақ аулы ескі әдетпен атайды. Анығында мұндағы оқытушы орысша оқыған 
адам. Жас қазақ оқытушы Жүніс дейтін азамат Жанғазымен бірге болыстың бір-екі баласын 
қыс бойы болыс аулында тұрып оқытатын болған. Бақтығұлға болыс: "Баламды берем десең, 
әкеліп осында оқуға бер", — деген соң, әкесі Сейітті Жүніске оқуға берген. 
Бала алғаш рет: "Болыстікіне барасың, оқу оқисың" дегенде қуаныш білдірді. Сол күні 
түнімен ұйықтай алмай, елегізіп шықты. Кішкентайынан жоқшылықтың ауыр күйін сезіп те, 
кешіп те жүрген сезімтал бала өз ішінде ойшыл болатын. "Оқысаң — адам боласың" деген 
сөздерді естігенде, бар ынтасымен талпынып, асыққан ықылас білдірді. Сөйтіп бала қыс бойы 
орысша оқуды оқып та шықты. Жақсы оқыды. Зейін-талабы оқытушыны да, ауылды да ырза 
етті. 
Бақтығұлдың көңілін, күйін жайлап: бес-алты бөлтек егіні де жайқалып, мол боп шықты. 
Биылғы жазда болыстың аулына жалғыз үйін көшіріп әкеп қосып, бай аулымен бірге тау 
сыртындағы әдемі жайлауға шытып, жаздың жақсы шырай, жасыл шалғыныңда мол 
қымыздың қызығына қана жүрді. 
Жаздыгүні ауылдың шаруасы саябырлап, енді тыныштық демалыс кезіне шыққан соң, 
болыс Бақтығұлды "ел жұмысы" дейтін болыстың кеңсесінің керегіне де жарата бастады. Ат 
үсті жүріспен "Барып кел; пәленді істеп кел; пәлен сөзді апарып, бұйрықты орындатып кел" 
дейтін "шабаршы", "тілхаттың" жұмысына да Бақтығұл араласа бастады. 
Жайлау жайлауда болыс жұмсаған тұста оның досына достық істеп, сыйлас адамына 
жылы, жақсы сөз айтып, жайлы қызмет істеп кетуге орамды боп шықты. Ал болыспен қабағы 


келіспей, қырын жүрген ауылдарға сөз өткізіп, жасқандырып, орайы келсе, тырнағын 
батырып, жаншыңқырап кетуге де епті. 
Ақыры, бір жылдың ішінде болыстың үйі мен түзіне бірдей мығым, көмекші боп алды. 
Ел сөзінің де беті мен жөнін әр келенің арбасуы мен тартысуын тануға да жүйрік. 
Қанықты атүсті жігіттердей түсініп, болыс аулында болатын кей сөздерге араласып, кей-
кейде ол ойдағысын да толық айтып қалатын күйге жетті. Сөйтіп тіршіліктің бір жағы осылай 
болып, жақсы тәрізденген көңілді көрініспен сырғып өтіп жатқанда, қатарда беймаза бір күй 
де туа жүрді. 
Болыстың ішкі тыныштығын кетіріп, Бақтығұлға да білініп жүрген сол түйін қыстан бері 
пайда болып, о да өз бетімен өршіп, өсіп келе жатыр. 
Ол — осы елдің болыстық партия тартысы. Биылғы жыл сайлау болмақ — Шалқар 
сайлауы. Сол кезде көрші болыс — Бүргеннің де сайлауы болмақ. Соның жақындағанын 
ойлаған ел жуандары әр жерден қобалжып, алдын ала қам істей бастаған. Сайлау 
партиясының туы көтерілгеніне — міне бес ай болып қалды. 
Биылғы партия және бұрынғы-соңғылардан сонағұрлым үлкен болып, ауданы молайып, 
салғаннан-ақ көп елді тұтас қоздырудан басталды. Мұндай партия әдеттегіше бір-ақ 
болыстың ішінде болып қоймайды. Биылғы қызуы, болыс тұрсын, бүкіл бір уездің елін 
болмаса да, соның жартысын түгел қаптаған бір дерт боп келеді. 
Әркім өзді-өзі болысына айғыр болып жүргенін қанағат қылмай, көрші елдерімен бақас 
талас, бақ-күндестіктен бе, болмаса араласа отырған соң, бірінің пәлесі біріне жайылған ба, 
әлде шекара әңгімесі сияқты қыс — қыстау, жаз - жайлаудың дауынан ба, әйтеуір бірнеше 
болысты түгел қаптаған араздық, алалық келді. Қазірде біріне-бірінің жайлауы жақын келіп, 
сыбайлас отыратын үш болыс ел болса, солардың әрқайсысы да уездегі үлкен партияның 
үлкен аңғарына қарап екі жікке бөлінуде. 
Жарасбай өз болысы ішінде оншалық күдікті емес. Бірақ, уезге қарай сермеген тартыста, 
дәл өз руы мол болмағандықтан, қалың рулы елдерден шыққан іргесі мол жуандар сүрінтіп 
кете ме деген күдіктен аман емес-ті. 
Уез тартысында алдыңғы қатардағы тайталаста жүрген үштің бірі болып аталатын кісі — 
осы Жарасбай. Сол атақ-даңқты арашалап сақтап қалу оңай мұрат емес. Бүгінгі тіршіліктің ең 
үлкен тілегі де, бар күшті сарп етер қысталаң жері де осы болды. 
Партия қыс ортасында январьда басталғаннан әлі күнге қызуы арта түспесе, кеміген жоқ, 
өршіп келеді. Ыстық күні қоздап жанған даланың өртіндей. Жайлауда қол бостықта қымызға 
желігіп жүрген партия басы — бай-жуан ауылдар енді тыным таппайды. Көпшілік атқамінер 
серт уәдені дәл басып тұрмай, әрлі-берлі сырт алаңдап, есті шығарып Жарасбайдай партия 
басының көңілдегі күдігін айықтырмай жүр. 
Қыс бойы ұстасып жүрген атқамінерлер Жарасбайдың үстінен әлденеше арыз да беріп, 
бірнеше рет тергеуге іліндіріп, сүріндірмек болды. Тек ежелден қаланың ұлығына өзге 
болыстың бәрінен қадірі артық, қатты сыйлас Жарасбай бір сапарға бар жаладан дым 
жұқтырмай аман шықты. Ал жаудың өзіне істеген қаруын бұ да қарсы жұмсаған уақытта, 


қалың руына сеніп, астамдық істеп, жуансып жүрген Бүргеннің болысын, сонау Сәтті кеңсе 
алдында жеңіп те кетті. Жарасбайдың көрсетуі бойынша, Сәт он бес күн кәтәлөшкеге де 
жатып шықты. Уез көлеміндегі қазақ болыстарының партиясы бұрынғыдан гөрі өрби түсуге 
осы жұмыстың себебі де аз болған жоқ. 
— Ат төбеліндей Жаныстан шығып, Жарасбай ұлыққа жақындығын қылып, пысықсып, 
еліміздің сатын сындырды. Қордалы жеріміз — Қозыбақтан шыққан Сәт сияқты 
болысымызды тұтқын қылғызды, — деп, Бүргеннің партия басылары қыс бойы Жарасбайға 
тісін басып, кіжініп келген. Олар көптігін айтып, ұрандасып, бірнеше болыс Албанды түгел 
қоздырып, Жарасбайдың соңына салмақ болған соң, бұ да өзіне серік дос іздеген. 
Жан-жақтан Сәтті жаулайтын, бұған еретін жуандарды бұ да терген. Өткен қыс бойында 
Сәттің болысы Бүргеннің ішінде Сәтке қарсы наразы ағайын болса, соларға сөз салды. 
Партия қылмақ ниеті бар, қарсы тұруға жарайтындарды бауырына тартты. Дос қылып ат та, 
ақша да жүргізе бастады. Дәл осындай партияны Сот келіп, мұның еліне де салмақ болды. 
Бірақ Жарасбай өз елі ішіндегі наразыларды әзір бойымен басып, жеңіп алып келеді. 
Сонымен қыстайғы бір уез қақ жарған Сот пен Жарасбайдың жаулығы өзге де себептерге 
қосылып ұлғайып келіп, енді үлкен келелі даудың, тартыстың бірі болды. Уез келгенде 
Жарасбайдың тең түсері де, кем түсері де әзір белгісіз. Бірақ үш-төрт болыс бір рудан 
болғандықтан, солар жымы тұтастығына семіріп, Жарасбайды құр ғана ұлыққа тығылған 
пысықсымақ көріп, сырттан кіжіне күбінуде шек білмей барады. 
— Жарасбайдың қызуын оп-оңай басамыз. 
— Оны қолмен үйретіп аламыз, — деген сөздерді шығара бастады. 
Әуелде осындай сөзбен лаулаған жуандар көктемнен бері ептеп іске де көше бастаған. Ел 
қыстаудан көшерде Жарасбай жылқысынан үш ту бие, бір құр атты ұры әкетті. Жоғалғаннан 
бері сол малдан дерек болмайтын. Тек кеше Бүргенге іздетіп жіберген жоқшылар қайтып 
келді. Жылқыны Сәттің бай-жуан інісі — Сәлмен алғызыпты. Бұны Жарасбайдың сол елдегі 
достары анықтап отыр. Көлденеңнің алдында жарыққа шығып айтпақшы болып, жүрек 
жардысын да алыпты. Ал жоқшылар осыны айтып Сәлменге барса, ол жауап бермей, боқтап, 
ұрсып, айдап салыпты. Жіберген жоқшылары қайтып осындай хабар әкелген соң, Жарасбай 
түні бойы күйіп, қорланудан тыныштық ала алмады. 
Таң атысымен ең әуелі мол арыз жазғызып, Сәрсен ақсақалды жоқшы ғып қалаға, ұлыққа 
аттандырды. Содан кейін қолма-қол қазақ жөнімен қолмен істейтін істің шарасына ауысты. 
Соңғы жұмыстың тұсында Жаныстың бірталай кісісімен ақыл қосып, ендігі бір қимылға 
бекінген. Күн түс ауа қымызға қанып, желігіп шығар мөлшерде болыс Бақтығұлды өзінің 
сегіз қанат аппақ үйінің сыртындағы көгалға шақыртып алды. Қасында елдегі талас-
тартыстар кезінде Жарасбайдың оң қолы болып жүретін серігі — Қоқыш бар. Бақтығұл 
келген соң-ақ Жарасбай өз ниетін айтты. 
Бір жылдан бері Бақтығұлды шын қиынға жұмсамай, қысталаң сын үстінде Бақтығұл ер 
қайратына табылатын адам деп сеніп келгенін сөйледі. Бақтығұл алда бір қиын кезең 
тұрғанын сезді де, Қоқыш пен Жарасбайға кезек қарап, өз басына арналған бір өкімді 
күткендей болды. Дағдысы бойынша алғашқы сөзді үндемей тосты. Жарасбай жаңағының 
жалғасы етіп тағы бір тұспалдау нобай сөз айтты. 


— Мынау елдің пәлесі тыйылар түрі жоқ. Тыныш отырып, мақұл кісі болайық десек, 
малымыздан құрық, басымыздан сырық дегендей арылар емес. Ел істегенді біз де істейтін 
кезге келдік білем, Бақтығұл. Сен қасыңа он жігітті таңдап ал да, бүгін кешке барымтаға 
аттанып барып, тапсаң — Сәлмен мен Сәттің дәл өзінен, ұшыраса алмасаң — исі Қозыбақтың 
бірінен әйтеуір бір айғыр үйір жылқыны айдап кел, — деді. Сөзінің аяғына келіп осылай 
түйді. 
Бақтығұл әлі үндеген жоқ. Ойына бірталай нәрсе келді. "Пана таптым, адал жолда еңбекке 
салындым, соған себеп болды деп сенген кісім бұл еді. Бұл мені қайда, қалай жұмсап отыр?" 
деп, ұға алмай отыр еді. 
Сол кезде бұжыр қара, күжірейген жуан мойын Қоқыш қыңыр сөзді қостай берді. 
Жарасбайдың айтқанын нық байлау етті. 
— Қол болмай — жол болмайды деп, мал алуды Сәттің өзі бастаған екен. Бірақ оныкі 
ұрлық болса, сенікі — адал малыңды қуған барымта. Қайда барса да, жауап бермеген соң, 
істелген орай қимыл екенін орыс-қазақ түгел ұғады, — деді де күліңкіреп: — өзің немене, 
шар тартып шабандап қалғансың ба, батырдың мұндайда желпініп шығатыны қайда? - деді. 
Бақтығұл күлген жоқ. 
— Батыр-батыр-ау, бірақ, болыс, мені осы жолға жұмсамасаң қайтеді? Осы кез ұры еместі 
ұры ғып құтыртып талай саққа, ағаш атқа мінгізіп жатқан пәлелі кез ғой. Көргеніміз аз емес 
еді ғой. Сақтансам ба деп едім. Менің Сәт, Сәлменмен ұстасар шамам бар ма еді, — деп 
тартынып көріп еді. 
Бірақ болыс бұған ырық берген жоқ. 
— Ол не дегенің, Бақтығұл? Сәт ата жауың еді, бабыңа келтіріп қосқалы тұрғам жоқ па? 
Және түбінің жауабы сенде ме, менде емес пе еді? Сен іркілетін қисын жоқ. Саған келген 
бәле — менікі. Тегі бойыңды тартар жерден тарт. Ал мұндай кезегі кеп тұрған дер кезінде 
жасқансаң, ол — жасық болғаның. Өйткен шіркін тіршілік неге керек?! Болды енді, 
Құдайдың берген абыройына сен де, жүре бер! — деп, Жарасбай орнынан тұра берді. 
Енді Қоқыш Бақтығұлға жауап та айтқызбады. "Сөз бітті, болды. Бұдан әрі барудың керегі 
жоқ. Бақтығұл аттанады" деп, бір-ақ байлады. Бақтығұл Жарасбайдың әлгі сөзінен соң 
бөгеліп қалған. 
Сол күні кешке шейін Жарасбайдың қалың жылқысы мен Қоқыш, Сәрсен жылқыларының 
ішіндегі желді аяқ, жүйрік ат-айғырдың он шақтысын тандап отырып ұстатты да, қасына өзі 
іріктеп тоғыз жігітті алып, Бақтығұл ымырт жабыла атқа мінгелі жатты. Бұлар ұры емес, 
барымташы деп аталды. Осы себепті болыс мына жігіттердің өз аулынан аттануым жасырған 
жоқ. Ауылдың барша көрші-қолаңы, бастығы - Қоқыш, Қайранбай тәрізді тілеулес достар 
болып, кешке жігіттер атқа мінерде тамашаны көрмек боп тысқа шығысты. 
Көлденең ел бұлардың түсін көріп үрпимесін деп, Бақтығұл жүрістің мезгілін дәл осы 
ымыртқа байлаған. Өзге жолдастарының барлығы да Бақтығұл тәрізді ықшам, жалғыз шекпен 


ғана киген. Сырт ажарлары айбынды. Жігіттер тегіс мол денелі, ұзын бойлы. Омырау 
алқылдап ашылған. Кейбіреулері қапсағай, сүйекті, сіңірлі. Тағы біреулері пір-пір тарамыс, 
шақпақ еттері қайыңның безіндей мықты жігіттер. Бұлар желіге күлісіп, даурыға сөйлеп, 
бірін-бірі әзілмен қағытып, сенімді ажар байқатады. Барымташылар ат құйрығын тегіс түйіп 
тастапты. Ықшам ермен ерттелген, жалаңдап көлбең қаққан атақты құлан бедеулер немесе 
бойына сенгендей басты анда-санда бір шұлғып тастап, құлшына жұтынып тұрған белгілі 
бәйгі аттар. Жаңағы жігіттер желігін бұлар аспандата көтеріп тұрғандай. 
Жігіттер атқа мінгенде астарындағы кейбір қылаңдар кешкі ала көлеңкеде жарқ-жұрқ 
көлбек беріп, ауылға айдын бітіріп жібергендей. Барлық басқа жортуылшы атқа тегіс мініп, 
Бақтығұлды тосты. Бір мезгілде сұр шекпеннің оң жақ жеңін сыртындағы белдікке ілген, 
белуарында жалаңаш алтыатар жарқ-жұрқ етіп, үлкен үй жақтан шығып келе жатқан 
Бақтығұл көрінді. Даусы әмірлі. Бұл кезде тойынып алған денесі бұрынғыдан да кесектеп, 
ірілей түскен. Кеуделі, иықты келген де, төсі мен қолының бұлшық еттері кесек-кесек 
түйірлердей. Өзі қазір өзгеріп, өркештеніп, жаңа қырға мініп алған. Болыстың тілін екі 
етпейтін елгезектік оның көңілінен күдіктің бәрін кетірген. Дөңгелек кесек денесі екпінмен, 
күшпен қайнағандай тез қозғалып, шапшаң айналды. Жолдастарына тақап келгенде: 
— Уа, көк жендеттер, жол болсын! — деп, шапшаң ғана саңқ етіп қатты айтты. 
— Уә, әлей болсын, әлей болсын! 
— Бірге, бірге болсын! — десіп, бірнеше дауыс сондай шапшаң шу етті. 
Қалың қара мұрттың астынан Бақтығұлдың езуі сүйсінгендей жымиып жүр. Жүзінде 
толқынған қуарыңқы рең бар. Көздері қараңғыда қызулы тілектің отын шашқандай, 
күлімсіреп жарқылдай береді. 
Кермеге қарай көптің қасына басып жақындай бергенде, Жарасбайдың бәйге шабар атын 
бір малшы әкеліп көлденең тартты. Жігіт аттандыра бергенде шылбырды беліне тез ғана іліп 
қалып, көп дүбірге желігіп, алағызып тұрған ат басын шұлғып, жіті басып, ілгері қозғалып 
айнала бергенде, Бақтығұл аяғы үзеңгіге тиер-тиместен ақжал шабдардың үстіне тап етіп 
қонып алды. 
Әзірше жігіттердің көпшілігі сойыл-шоқпарларын қолтықтарына қысып, кейбірі ердің 
қасына көлденең салыпты. Ең айдынды, ең қызулы көрініс осы мүйнет болды да тамашалаған 
ауылға соңғы көрініс те сол болды. Бақтығұл атқа мінісімен: "Әйде, тарт"! — деп тебініп 
жіберіп, қозғалып кетті. Көп сәйгүліктің аяты сатыр-сатыр басып, шымды жерді дүңк-дүңк 
еткізіп, үстеріндегі ер-тұрман, қару-сайман бір-біріне шылдыр-шылдыр, тықыр-тықыр 
соқтығып, ымырт қараңғылығын қуалап тартып берді. 
Арттарында сүйсінгендей тамашалап, көрініске желігіп қызығып қалған ауыл кісілері әр 
алуан қошемет сөздер айтты: "Пәлі, жарайды, еркек-ақ!" десіп, қызыққа қана алмай шығарып 
салысты. 
Барымташылар тобы әуелде үлкен топыр болып бұлдырап қозғалақтап, арасындағы 
қылаңдары көпке шейін көрініс беріп барды да, кейін ептеп-ептеп көз ұшынан жоғалып кетті: 
түн құшағына батты. 


Осы кеткен бетінде түні бойы ұйқысыз, тынымсыз жорытқан сенімді қайсар топ таң 
атқанша ер істейтін әрекеттің бәрін де істеді. Бұлар соғысты да, қуғынды да, басқа тиген 
сойыл, атылған мылтық оғын да көрді. Соның бәрінің соңында таң аппақ атқан кезде болыс 
бұйрығын ойдағыдай орындады. Он байталы бар бір айғыр үйір қысырақты алды. Жылқышы 
қуғыншыдан әбден құтылып шығып, Шалқар болысының шегіндегі елсіз шатқал, жым-жырт 
бір дараға келіп кірді. Қайтыста таң алдында жаудан құтылып алған соң, бір-екі жігітті 
жолдағы ауылға жіберіп, бір бағлан алғызысқан. 
Қарауылы мол, қалтарыс қойны көп дараға келіп орныққан соң, бағланды ақтармалап 
сойғызып жіберіп, етін асқызып тастап, Бақтығұл өзі тау басына қарауылға шығып отырды. 
Айнала жықпыл-жықпыл мелшиген иесіз қызыл тас. Алыста көк жібектей мұнарға оранған 
көкшіл қалың қарағай. Биікте жарық күнмен шағылысқан ашық түсті кірсіз аппақ қар. Елсіз 
биіктің дәл төбе жағында, шырқаған алыс аспанда торғайдай болып қалқып жүрген — тау 
қыраны. 
Дәл Қозыбақ аулында жылқышы боп жүріп, барымтаға аттанатын күйлердің бірі. Талайды 
еске түсірді. Қозыбақ үшін алушы еді, Қозыбаққа әкеп беруші еді. Бүгін қайтіп отыр? Бұ да 
соның өзі ме? Апарып Жарасбайға бермекші. "Бірінен кетіп, біріне жетіп ең, не таптың?" деп, 
көңіл суытқан өкініш ойлап отырды да, өзін-өзі қайта жұбатты. "Жақсы ат жаманат 
Жарасбайдың өзінде болатын болды. Суық, сұлу жорықтың мынадай шалқып жатқан қызығы 
болса, бұ да бір қаныбет пе екен?" — деп, біраз отырды да "Жарасбай -Қозыбақтың Сәлмені 
емес; бұл жолы өкінбеспін, өкіндірмес; солай еңбек еттім ғой. Осы ойда тұрайын да қалайын" 
деп, өзінің табанды, тұрақты қалпына келді. 
Сайда бұралып шығып жатқан бағланның түтіні көрінді. Бұл жүрістің қызықты шағы 
және бар. Ол мас еткендей ширатыла бұралып келіп жатқан көңілдің бір мәлімсіз күйіндей... 
Кімнің бағы, кімнің соры екені белгісіз; әйтеуір бәленің басы осы сапар болды. Осы 
барымтадан соң партия таласымен өшіккен жуан ауылдар аралары қым-қуат, шым-шуат 
болып кетті. Жағалай алыс-жұлыс. Тартыста бірінің ізін бірі қуғандай. Бүгінгінің ертең 
орайын, кезегін күтіп, одан арғы күні есесін іздеп, өзі тағы соны істеп, елді бәлеге белшеден 
батыра бастады. 
Жарасбайдан да талай барымта алынды. Жалғыз барымта емес, ұрланып алынған мал көп. 
Оның орайына талай-талай жерден Жарасбай, Қоқыш та әлденеше рет шұбыртып алып 
жатты. Бір жақтан, барымта молығып жүріп жатса, екіншіден, ұрлық та соны өкшелеп, 
жанасалап ұлғайып келе жатты. 
Жарасбайдан бұл партия мал да, пұл да көп шығарды. Біреуді алдап, біреуді арбап, талай 
да талай жерге мал пұлы беріліп жатыр. Өзі-өзі болғалы партия таласта болыстықтың дәл 
мұндай қымбатқа түскен, осындай пәле шатаққа белшесінен батырған кезі болған жоқ-ты. 
Шыққан шығын болса, оны қазір ел мойнына бөліп сала алмайды. Салуға, сайлау жақын 
болғандықтан, ұстараның жүзіндей аунап кете ме деп сескенеді. 
Көктемде іштен тоқ санап, бәлендей малым бар деп ырзалықпен айтатын малдың бұл 
күнде үштен бірінен айырылып қалған сияқты. Оның үстіне күнде топыр, күнде жиын — 
үлкен кеңес, соның бәрі сойысымен де құртатын болды. 


Партия бір жақты емес: бұ да жұрт сияқты неше ағайынды, көп жақты боп араласты. Өзге 
шығынмен қатар, жақында сондайлық қосарланған бір мол шығын тағы келді. Бүрген ішінде 
Сәтке қарсы шығып, Жарасбай жағын ұстап, партияның мықты бір тірегі болып отырған 
жуан ауыл - Досай аулы. Соңғы кезде сол ауылмен Жарасбайдың достығы ішек-қарын 
араласқандай жақындыққа жеткен. 
Тегінде Қозыбақ — Сот жаулығы атты алысқа айдаған үлкен жаулық болған сайын, 
әрқашан оның қарсысына тең түсерлік жуан тамырлы бір досты ұстап отыру Жарасбайға 
қатты керек. Сол себептің достық жақыншылықты күшейткені және бар. Бүгінгі майдан 
бірлігі сондай жандармен тым-тым жақындастырды. Мұның бәрінің үстіне Досай аулының 
бүгінгі басы — Бәйтенде Қалыш дейтін бойжеткен сұлу қыз бар-ды. 
Жарасбайға биылғы жыл қай жағынан болса да шарасынан шыққан жыл боп тұр. Соның 
салдарынан ба, болмаса Қалышқа шынымен көңілі ауып қызықты ма — әйтеуір бір сұлу 
тоқалды болғысы келді. Солайша достық түбін сүйек айырсын деп, Досай аулына күйеу 
болып Қалышты айттырды. 
Досай аулы бұл жақындыққа барынша ырза болған. Партия шығыны Бәйтенді де, 
Жарасбай сияқты, белуардан борышқа, шығынға батырып бара жатқан. Ал оның өз басына 
қараған малы, Жарасбайдай емес, шағын. Соны ойлап: Қоқыш, Сәрсен, Жарасбай болып 
ақылдасып, Бәйтен аулына қарғыбау мен қалың малды бірге қосып, қарбытып бір-ақ беріп 
жіберген. 
Сөйтіп Бәйтенге жиыны елу жуан қара жөнелтілді. Осының бәрі жиналып келген соң, 
мынадай аяспай қимыл етіп жатқан тартыс шағында, Жарасбай мен Бақтығұлды адастырып 
әкеткендей болды. Аз күн ішінде бұлар өздерінің кім болып бара жатқанын танымастай. Бұл 
құбылыстың басы Қозыбақтан барымта алудан басталды. Содан кейін ағыл-тегіл болып, 
тоқтамай шығындап жатқан мал күйігі бар; егес бар; өштік-қастық қайрай түскен қиястық бар 
— бәрі топтанып келіп Бақтығұл мен анау сегіз-тоғыз жігіттің аттанысын жиілете берді. 
Әуелде бір алған, екі алған мал барымта деп аталып жүріп еді, аяғында білсе — барымта, 
білмесе — сырымтаға да ауыса бастады. 
Анықтап көздесіп отырып, кезек алысып жатқан Сәттен басқа иісі Қозыбақ түгел күйді. 
Және солардың тілеуіндегі маңайласы, құдандасы болсын немесе кейде тіпті кімдікі екені 
белгісіз, тек жерлес бөгде болсын — бәрі де жырынды жігіттердің құрығына іліне беретін 
болды. Ал келген малды топтап жинап алып, алысқа ұзатып: орыс ішіне немесе басқа дуанға 
апарып сатқызып өткізіп отыру тәсілі де шықты. Бұл істі Жарасбай Бақтығұлсыз істейтін. 
Ондағы ақылшылары, жүріп көмек ететін атқарушылар — Қоқыш, Қайранбай сияқты айлалы, 
жырынды адамдар. 
Бақтығұлдар атқан оқ, шапқан қылыш немесе жылқы мойнына түскен құрық, бұғалық 
қана болғанда, оны мал тып жетекке, есепке алатын — Жарасбайдың басқа бас-көз 
көмекшілері. Бақтығұл түптің-түбінде от көсеген көсеудей күйе кететін болса, бұл малдардың 
құнарлы қалың топтары қайда-қайда кеткенін білмегені дұрыс. Сәрсенмен оңаша 
ақылдасқанда, Жарасбай осы жайды да ішіне мықтап құпия түйген-ді. Сөйтіп Бақтығұлдар 
жетегінде, айдауында келетін ірі малдың мол топтары бұларға белгісіз бір тұңғиықтарға 
сүңгіп, жұтылып, жоғалып жатты. Ондай топ малдың ішінен қолда бірер күнге сақталып 
қалса — ұсақ жағы ғана қалады. Еті семіз болғандықтан, күнделікті жиын-топырға солар 
сойылады. 


Осындаймен жүргенде сайлау да жетті. Жарасбай өз елінің ішінде болыстығына қайта ие 
болып қалды. Тек көп тартыс, көп қаржасумен, әсіресе мол шығынмен, әупіріммен орнында 
қалды. 
Сәт сырт көзге, сыртқы тартысқа жеңілген сияқты болды. Себебі — ол болыстығынан 
түсті. Бірақ өзі түскенмен, жаңа болыс соның тілеген адамынан болды: Досай аулы жеңе 
алмады. Уез келесінде ұлыққа жақындығын пайдаланып, Жарасбай Сәттен артық салмақ 
алды. Сырт көзге Жарасбай орнында қалып, Сәт болса — түсіп қалғаны бір елі болса да 
кемігені деп саналды. Сол күйге ызаланған Қозыбақ аулы, бастығы Сәт болып, осы партия 
мен араздықтың, бақталас, тай-таластың аятын әлі де болса қалмай талмай қуатын болды. 
Сонымен, сайлау өтіп, күз жетсе де, көп рудың жуаны Жарасбаймен ұстасқан араздықта 
тыным таппайтын болды. Ол тынымсыз болған сайын, Бақтығұл тобы бұрынғы адал, тыныш 
еңбектен айрыла берді. 
Анық қара күз болып, ел қыстауға қонатын кезде партия қызуы амалсыздан саябырлай 
бастап еді. Жарасбай болса енді "өйт-бүйт" деп, онда-мұнда нұсқап аттандырып жіберетін өз 
мінез әдетінен тыйылды да, аз уақыт Бақтығұлды өз бетімен жібергендей болды. Бұл шақта 
тегі Бақтығұл болыс аулының жай шаруасынан қол үзіп, ат үсті адам боп кеткен. Енді өз 
үйінде көбірек күн өткізетін болды. Болысқа анда-санда ғана барып амандасып, бірер күн 
жатып қонақ болады да, тағы он шақты күн көрінбей кетеді. 
VI 
Соңғы кездегі жүрісі бұрынғыдай емес. Болыстан сәл шеткері бола бастаған соң, 
Бақтығұл бұл уақыттағы партия жайы қалай төңкеріліп, қалайша құбылып жатқанын білмеді. 
Өзімен-өзі болған жүрісі ел сөзіне бұрынғыдай алаңдатпады. Ел келесі жөнінде жаздан 
ұғынып алған бір ғана аңғары бар. Болыстың жауы — Қозыбақ аулы, Сәт болыс. Ал сол 
болыстың жауы — бұның да жауы. 
Қозыбақ ішінде Сәлмен — әсіресе мұның қанды мойын құныкер жауы. Сол бір аңғарды 
білді де жүре берді. Бір күн түс кезінде болыс аулының бір жігіті келіп: Жарасбай шақырып 
жатыр, - деді. Бақтығұл атына мініп келгенде, болыстікінде, әдеттегіше, Шалқар болысының 
көп атқамінері жиыны екен. Жарым жұрт тыста аттарын тұсап-тұсап отқа қоя беріп, әр жерде 
бөлек-бөлек топ болып, қоралай-қоралай отырысқан. Шеткерірек отырған бір топтың ішінде 
Бүрген болысының дәл Қозыбақ қолтығындағы Ораз аулының кісілері отыр екен. Бұлар 
Жарасбайдың жаздай тісін басып жүрген араз ауылы. 
Бақтығұл тобы, Қозыбақ жылқысы қолға ілінбегенде, бұлардан да бір-екі рет алғаны бар. 
Шақырған жұмыс ненің жайы екенін білмесе де, Бақтығұл ішінен "солардың сөзі болар ма?" 
деп күдік қылды. 
Ойлағандай, солай боп шықты. Бірақ бұрынғыдай емес, көп ортасында отырған болыстың 
түсі Бақтығұлға суықтау. Сырт қарап қалған тәрізді. Сәлемін зорға алды, амандықты 
дауыстап сұраған да жоқ. Ендігі сөзін бастар жерден қатаң тастап, ұрыса келіп, аяғында 
айтқаны: 
— Әй, Бақтығұл, сен шек білмей, асып кетіпсің. Жамандықты жақтамас деп сенген бойда 
мен жүрсем, сыртымнан мені былғап жүріпсің. Мен саған не қылған кісімін? - деп, көп 


алдында арыда сөйлеп, өз басын әдейі осындай дөң-айбатпен аршығалы отыр. Шүу деген 
жерден Бақтығұлды тұқыртып мойындата бастады. 
Бақтығұл бұл күнге шейін Жарасбайдың осылай сөйлеген түрін көрген жоқ-ты. Таңырқап 
та, сасып та қалды. Сонымен бірге жаңағы айтып отырған жұмыстарға өзін сондайлық кінәлі 
екенмін деп білмейтін. 
— Мен не қылыппын, болысеке? Неге таусыла сөйледіңіз? Кінәмді мойныма қойып 
өлтіріңіз. Әйтпесе біреудің нұсқаған жаласы шығар. Тексеріп, тергеп алыңыз. 
— Тергейтін түк те жоқ. Сен, сенен басқа кісі істеген жоқ. Бүрген ішінде анау Ораз 
аулынан бір сары, бір торы ат, екі ту бие алыпсың. Қазір соны орнына сал! — деп бұйырды. 
Бақтығұл үндемеді. Алғаны шын. Жалтарғысы да келмейді. Жарасбайдан жасырам дей 
ме? Болыстың өзі де бұл істі бек біледі. Өзінің емеурінімен істелген қимыл болатын. 
Бақтығұл әлі үндемей, көбінше таңданумен отыр. "Болыс неге бүйтіп құбылады? 
Әлденені сылтау қылып, құйрығын сыртқа салғаны ма? Жоқ, жұртқа әдейі көз қып отыр ма? 
Әлде ел көзінше осылай деп, Бақтығұлға жаманатын аударып, мұны тентек қып қойып, өз 
басын жаманшылықтан ақтамақ бола ма? Олай болса, артынан Бақтығұлды өзі арашалап 
алмақ шығар. Солай ету бар атқамінер-жуанның әдеті еді ғой. Ендеше, бетінен алмайын. 
Қарсы келмей, дегеніне үндемей тана көнейін" деген байлауға келді. 
— Алғаным рас еді. Малым да, жаным да сенікі, болыс. Сенен асып қайда барамын, кімді 
би қыламын? Ойыңызға сыйғанын істеп, Оразды ырзалаңыз. Басқа, бөтен айтарым жоқ! — 
деді. 
Үйде отырған ақсақал-қарасақалдың көбі сүйсініп, қозғалысып қалды. Ара-тұра 
ырзалықпен күлгендері де болды. Көпшілік болыстың салмағы мен айдынына, кісілігіне 
сүйсінген сияқтанады. Онан соң: "Сорлы ер кедей ғой, өліп кетсе де шынымен кетеді". 
"Болыстан кісі өлтірсе де жасырмайды деп едік қой". "Алса — алдым дейді!" — дескен үндер 
шықты. 
Бақтығұл үлкен үйдегі қалың жұртты түгел шолып аңдаған жоқ еді. Енді айналып 
қарағанда, төрдегі Бәйтен баласының тобын көрді. Бұлар Жарасбайдың қайны болғанда, 
соның ортасында Ораздың Бақтығұл білетін Сәлменге дос інісі - Асан да отыр екен. Жаздан 
бергі Бақтығұл білген мөлшерге қарағанда Бәйтен аулы ұстасқан Қозыбақтың серігі осы Ораз 
аулы болған. 
Бәйтен баласымен басы қосылмайтын араздың өзі — Жарасбайдың да, Сәт тәрізді
қырына алған қысас аулы енді келіп ондағы-мұндағы араздардың тізелері қосылып қатар 
отырып, шырайлары жарасып қапты. Бұны Бақтығұл мүлде ұға алмады. Енді міні: Бақтығұл 
шынын айтса да, болыстың өңі жылымай отыр. Алғашқыдай етіп сыртына теуіп, көп сөзбен 
зекіп келіп, аяғында айтқаны: 
— Бұдан былай қия бассаң, менен жақсылық күтпе! Жақын көрсем, маңайыма жолатсам, 
түзу адам болар деп жүрген шығармын. Жолдан тайған күні сен маған, мен саған жоқпын, 
жатпын, — деді. 


Зәрленіп кепкен бойда сазарып қалды. Болыстың ашулы үніне ұйыған үй іші де тегіс 
жым-жырт. Бақтығұл қайтарып сөз қатқан жоқ. Жаңағы соңғы ойлаған ойымен үндемеуге, 
қарсы келіп, болысты ашындырмауға бекінді. Аяғында болыс аз үнсіз томсарып отырды да, 
жаңағы қатаң үнмен әмір етті: 
— Қазір мына мал иесі аулыңа барады. Төрт жылқысына төрт жуан татымды төлеу 
бересің де, соған қосып: басына — қосақ, артына — тіркеу есебінде айыбыңа тағы бір ат, бір 
түйе тартасың, — деді. Жұрт және де жымдай болды. 
Бақтығұлға кесік батып кетті. Мұның қолында қандай мал барын болыс жақсы біледі. 
Мынау кесігімен Бақтығұлдағы малдың жарымынан көбін сыпырып-сиырып алғалы отыр. 
Алғанда және кеше өзі аттандырып, өзі жайғастырған мал үшін осылай етіп отыр. 
Көңілді күпті қылар күдікті ойлар бар. Бірақ не де болса, етінен ет кесіп алса да, Бақтығұл 
түбіне сенді де, үндемей көне беруге бекінді. Болыстың айтқаны екі болмады. Бақтығұл мен 
Асанның қасына Сәрсен ақсақалды қосып беріп, болыс сол күні былтырдан бері ғана бітіп, 
Бақтығұл иемденіп жүрген азын-аулақ малдан алты бірдей жуан қараны Асанға шығарып 
берді. 
Мал күйігі оңай емес. Көңілге медеу көріп жүрген малдың тең жарымынан артығы — 
алты бірдей қара шыққанда, орны үңірейіп қалғандай. Қатшаның да, Бақтығұлдың да іші 
қатты ашыды. 
Болысқа да Бақтығұл көңілі біраз салқын тартып, мұздаңқырап қалды. Жаздай өзін 
жаулап жүрген дұшпанына сойып отырып мал әпергенімен қоймай, түсін де жылытқан жоқ. 
Оны қажет деп ойламаған да, сезбегенсиді. Әдейі осылай есептеспей отыр. Ішінде күдігі 
тыншытпаған Бақтығұл осыдан кейін екі-үш күндей ауыл арасын қыдырып, әркімнен сөз 
тартты. 
Ел ішінің тартысы не күймен келе жатқанын сұрастырып еді. Көрші екі-үш ауылды 
қыдырып аралағанда әңгіменің бәріне қанды. Соңғы кездегі оқиғалар Бақтығұлды адастырып, 
далаға қаңғытып жібергендей бәле бұлтаққа түсіпті. Қалың топырдан адасып шаң қуып, қара 
үзіп, қаңғып қалғандай сезінді. Ел бір бөлек, бұл бір бөлек. Баяғы жалғыз жорытқан көк 
қасқырша өзімен-өзі ғана болып қаған қу жалғыздың күйін қайта көрді. 
Бұл кездегі ел келесінде болып қалған шытырмандар сау кісіні жынды қылардай. Ең ащы, 
зәрлі кесірі - ақты қара, қараны ақ етіпті. Кінәлі құтылып, кінәсіз тұтылатын шақ туыпты. 
Талай момынды аққұла шығынға орынсыз жаза-қазаға ұшыратуға соқты. Бір Бақтығұл емес, 
жазғы алыс-жұлыс уағында елгезек болған, атқан оқ, шапқан қылыш атанған сан кедейді ұры 
да, қары да қылыпты. Өз басын аямай жуандардың сілтеуімен отқа түсіп шыққан нелер әлсіз 
жалғыз-жалғыз азаматтар енді міне: талай жерде, талай рет Бақтығұлша тұмсығынан 
шаншыла жығылып, қорлық-зорлықтан қансырап жатқаны білінді. 
Бір күн болмаса, бір күнде ісім түсе ме деп, ауылға жалтаң көз болып жүретін кедей-
кепшік, аз ата ендігі салмақты қыл мойынмен көтеріп жатыр. Кескілескен тайталаста, 
барымта-тартыста соғысқан — солар. Таяқ жескен, бірін-бірі кем-кетік еткен, бас жарып, қан 
төгіскен — солар. Сөйтіп, пәле мен қаза қалың момын елдікі болып жатқан шақта, сары 
қымызды сіміріп, семіз сүрге, балпаң бағлан майына жалмауыз пышағы жорғалай түсіп 


семіріп, мақтан, атақ алған Жарасбайдай, Сәт пен Сәрсен, Бәйтен, Ораз, Қозыбақтай жуан 
ауылдар болды. 
Ел ішіндегі, ауыл арасындағы жай осы болса, облыстық қаланың уез бен болыс 
кеңселеріне біреуді біреу қаралап көрсеткен арыздар айлар бойы тола берген-ді. Әсіресе 
ұрлық, барымта көбейіп барады. Уез ішінде қазақтың атқа жиі мініп, жауынгерлікке бет 
алып, аяқ басып бара жатқаны байқалады. Кейбір ұсақ ұлықты, стражник, урядникті 
тыңдамайтын болды. Қазақ болыстарының залалы станицаларға да біліне бастады деген 
сыбыс хабарлар қалың қабырғалы меңіреу кеңселердің ұйқысын аша берді. "ұры көбейді, ел 
құтырды" деген сөздерді ақпар етіп, крестьян начальнигі, уез, жандарал кеңселеріне 
жағымпаз болыстардың өздері де, жауларын көрсетумен қатар, білдіре берген. 
Ақыры, бір күні жандаралдың әмірімен қала сілкінгендей болды да, партия жайлаған 
елдердің барлық болыстары мен билері қалаға шақырылып, тергеуге түсті. Дағдылы әдетпен 
қоқан-лоққы жасап қорқытып, жалындырып, арада параға қалтаны толтыра жүріп, болыс, уез 
чиновниктері мен тілмаштары партия басшыларына: "Тез бітім табыңдар" — деп әмір етті. 
Бұл "жандарал әмірі" — деп жеткізді. 
Осыған көнбесе, болыс атаулы орнынан түсіп, партия басылар елден кетіп, жер 
аударылады, — десті. Баяғыдан осылай ұлық кеңсесі ұшықтағанда, ел жуандарының ет пен 
тері арасында жүрген қымыз желігі тез басылып, тез айығатын. Бұл жолы да сол ем болды. 
Барлық алысып жүрген партия басы араздар облыстық қалада бір күнде үлкен жиын жасады. 
Көк қасқа сойып, бата қылысып, құдай-құранды айтысып, араздықты тастасатын болып, бітім 
табысты. Содан кейінгі кеңестерінің байлауы — ел ішіндегі тентек-тебізді, ұры-қарыны 
тыямыз деп серттесті. Ол тентегі мен тебізі, ұрысы мен қарысы дәл өздері екенін аңдамаған, 
ұқпағансиды. "Е", дескен пәлеқор, айлакер қорқаулар аттарын атаспаса да, елдеріне 
қайтқанда кімдерді жазалап, кімдерді қудалайтынын іштерінен мейлінше жақсы білісуші еді. 
Осы жөнінде Жарасбай да қалада болып, өзге жауларымен де, әсіресе Сәтпен татуласып, 
табысып қайтты. Тіпті облыстық қаладағы ең алғашқы татулыққа аталған көк қасқаның өзі 
осы екеуінің татулығына арналып сойылған құрбандық болатын. 
Елдеріне қайтысқан соң, сол жуандар үсті-үстіне ақсарбас, көк қасқа сойыса берді. Бірінің 
үйіне бірі барып түсу, құдаласу, табысулар көбейе берді. Енді осы тоғысудың соңынан 
ашылатын съездердің уақыты жақындап қалған еді. Әрбір болыс, би өз кісілеріне, қарақан 
қара басына жаманат келтірмейтін жақты ойлап, енді қиялап шығатын, пәле-жаладан 
құтылатын жолдарды табу керек. Кейбір істерге, ақы-пұл дауға съез үстінде орын қалдырмау 
мақұл. Сондықтан көп дауды съезге жеткізбей, алдын ала тексеріп, бітім беріп, тыныштық 
табысып жатқан аз күндер болды. Осы ретте Жарасбайдың қайыны Досай аулы өзімен тұстас 
аразы Қозыбақпен де, Оразбен де түгел табысқан. Сол табысу үстінде Ораз аулы 
Жарасбайлар әкеткен малын айтыпты да, кеше болыстың Бақтығұлға қадалып, аямай мал 
кесіп бергені сол еді. Бірақ Бақтығұлдың сыбағасы мұнымен бітіп болған жоқ. Бұған 
арналған пәле-жаланың, зәрлі-зілдің ендігі бір көзі қаладағы ұлық кеңсесі болуға айналды. 
Уездың тілмәші Жарасбайдың қаладағы жең ұшынан жалғасатын нық сенімді тірегі 
Тоқпаев дейтін болатын. Сол Жарасбайды сыртынан қорғаштап жүретін, параларын арналған 
жеріне жеткізуші; соған орай өз жемін қысы-жазы мол алатын. Ал Жарасбай үшін өзі және 
келер-кетер жаманшылық-жақсылықты ұдайы білдіруші, Жарасбайға парамен сатылып 
келген тілеулестік ішіндегі мархамат періштесіндей жаршының өзі болатын. 


Жақында Жарасбайды оңаша алып, өз пәтерінде қонақ қып отырып, Тоқпаев бірталай сыр 
айтып, ақыл берген. Сондағы үлкен сөзінің бірі — уез кеңсесіндегі Жарасбайдың үстінен жаз 
бойы түскен арыздың көбінде бұны "ұры ұстайды" депті. "Ұдайы кісі аттандырады. Талай 
мал алды. Қолында барымташы атышулы мықты жігіттері бар" депті. 
Осы хабарды, сырды білдірумен қатар, Тоқпаев Жарасбайға: "Тезінен бұл пәледен құтыл, 
арыл! Ол үшін бірнеше адамды "ұры" деп шығарып бер. Өз билеріңнің атынан абақты кесік 
кескіз. 
Сол кесік бойынша приговорды мықтап тұрып, осы қаланың абақтысына айыпкерлерді өз 
ат шабарларың айдап кеп табыс етсін", — деген. 
Бір бәленің үстіне тағы бірі жамылғандай, Бақтығұлды шығара қуып, кінәлауға соңғы 
күндерде бір сылтау тағы шыққан. Қозыбақ аулы жақында бір топ мал жоғалтып, соны тағы 
келіп Бақтығұлдан көріп, қадала бастады. Бақтығұл бұл малдан аман болатын. Жарасбай 
жұмсаған шақта Қозыбақ аулынан барымтаны оның көп алғаны, өшіге түсіп, аямай алғаны 
рас болса да, өз бетімен қотыр тайын ұрлаған жоқ-ты. Алып келген малының бәрін де 
Жарасбай, Сәрсен, Қоқыш, Қайранбай — төртеуінің қолдарына өткізетін. Сөйтіп партия 
біткелі, барымтаны қойғалы тыныш қана жатқан Бақтығұлға Қозыбақ аулы ескі кек 
сылтауымен тағы кеп жабысты. Соқыр көргенінен жазбас деп, артынан қалмай қойған. 
Бұл жолы жоқ іздеп келген кісі екеу еді. Бақтығұл барын айтып арылса да, мыналар 
тоқтамай шектен аса берген. Екеудің пысығы сонада келіп, Сәлменмен бірге Бақтығұлды 
сабап кететін теке сақал, бітік көз сары Әзберген еді. Сол Бақтығұлға "былтырғы істеген істі 
тағы да сағынған екенсің" деп, содыр жуандықтың жотасын көрсетті. Өзінің айыбы жоқ және 
ескі кегі ұмытылмаған Бақтығұл мына сөзге шыдамады. Ашу қысып булыққаннан Әзбергенді 
боқтап жіберіп, қынынан сапыдай ұзын қара пышағын суырып алған. "Жарып тастайын сен 
итаршы төбетті!" — деп, тап берген. 
Әзберген қырсық мінезді, қыршаңқы тілді болғанмен, қуыс кеуде қорқақтың бірі болатын. 
Бақтығұл сырын біліп, дөң-айбат жасап еді, сонысы ем болды. Екі жоқшыны боқтап-боқтап, 
аулынан айдап салды. Болысқа жетіп жүрген арыз-шағымның ішіне бұ да қосылған. Енді 
Жарасбайдың өзі ғана емес, болыс аулы тегіс сыртқа теуіп, қырын қарап қалыпты. 
Сондай бір шақта Қатша үйіндегі қатқан-құтқанын асып, Жарасбайдікіне сыбаға әкелді. 
Әкелгенмен, бәйбіше күрең қабақпен сұлықсыз қарады. Қатша бұлардың жат сияқтанып 
қалғанын сезіп отыр. Аяғында, кетерінде Сейітті былтырғыша осы ауылға тағы да әкеліп, 
оқуға бермегін айтып еді. Баласының "барамын" деп үйдің мазасын кетіріп жүргенін 
сездіргенде, болыс пен бәйбіше бірдей жауап бермей, сөзін ескерусіз тастады. Қатша 
"жеңеше" деп сөйлесе де, бәйбіше өз қасындағы күтуші қатындары, малшы-қосшыларымен 
Қатшаны көбінесе күлкі қылып мазақтай берді. Айласы құрыған Қатша дал болып үйіне 
қайтты. 
Осы сияқты әр жайдан әр түрлі шаң берген суық қабақ, бөгде белгінің бәрі де Бақтығұл 
басына қарай үйіріліп айналып келе жатқан дауыл бұлтындай бір жаманшылық салқыны еді. 
Сонда бәр-бәрінің түп қазықтай жуан тамыры, арғы себебі Жарасбай болыстың ішінде енді 
бүгіліп жатқан бір тана қатал қиянат, арам есепке саятын. 


Осындай іште іркілген бітеу жарамен кеше бір заманда Бақтығұл сеніп келген Жарасбай 
жүрді. Өз күйі не болары белгісіз дүмбілез дағдарысқа Бақтығұл түсті. Сонымен он шақты 
күн өткенде Шалқар болысының съезі де ашылып қалды. 
Бақтығұлға алғашқы күндерден бастап-ақ суық хабарлар жетіп жатты. Съезд басында 
болыстың өзі де бар дейді. Билер кісісіне қарай өлгенше қатал. Кесік үлкен. Шалқардың атқа 
мінген билері мен жуандары болып, болысты ортасына ала отырып, ұрыны аямасқа "аруақ-
құдай" десіп анттасыпты. Кеңесіп отырып, жиырма кісіні "ұры" деп қаттап алыпты деген де 
сыбыр бар. Олардың арасында кім бар, кім жоғын бөгде жұрт білмейді. Бірақ осыларға 
түбінде абақты кесілер деген дақпырт та естіледі. 
Тағы да бір-екі күн өткенде құн кесілген біреудің аты да білінді. Кейде жазда Бақтығұлға 
ере жүрген Жәдігерге кесіліпті дейді. Ол жаз бойы болыстың қабағына қарай бет алған сойыл 
соғары болатын. Бақтығұл бұл жайды ұққанда, ішінен жат сұмдықты сезінді де, сескеніп 
кетті. Мына албасты тегі қабаққа қарай басатын албасты екен деді. Дүние көз алдында асты-
үстіне келіп төңкеріліп құбылып түскендей болды. 
Енді өзінің кезегі келе жатыр ма, қалай? Съезд басталғаннан бері үш күн өткенде, 
Бақтығұл ұйқы күлкіден, тамақтан да айырыла берді. Сұр бөркін көзіне таман киіп алып, көп 
күрсініп, өңі де сұп-сұр болып, үндемей жата берді. "Қашан шақыру келеді?" — деп, ажал 
сағатын күткендей, жүрегі күпті болып: алақол, арамза билердің әмірін, кәрін күтті. 
Бұл хал сонша ұзаққа созылған жоқ. Съезд ашылғанға төртінші күн дегенде, түс кезінде 
шабаршы келді де, Бақтығұлды "билер шақыртады" деп, ертіп әкетті. 
Қызылды-жасылды қылып сәнмен жиылған жақсы үйлерде қалың көрпе, құс жастықтарға 
көмілген жуан билер, күндіз-түні семізді кертіп жеп, кекірігі азғанша майға бөгіп жатқан. 
Бұлар малына індет келген ауылдың иттері сияқты: жоны шығып, құйрығын сыртқа салып, 
көзі қызарып құтырғандай қанталап, қауып түсетін сияқты түр көрсетеді. 
Тегіс семізбен бітім жасаған; арыққа рақым да, бітім де жоқ. Бақтығұл әлі құрығандай 
ақырын ғана сәлем берді де, сүйретіле келіп, босаға жақтан орын алды. Жылы шыраймен 
қарайтын, аман жаманды сұрайтын бір кісі жоқ. Көзімен билерді жағалап қарағанда, 
араларында отырған бұрынғы жақын, таныс билерін көрді. Сәрсен қария отыр. Бұдан басқа 
жаздыгүнгі партия жігінің тұсында Жарасбай жақта болып, Бақтығұлға өз кісісі сияқтанып 
жүретін тағы бірнеше билер бар екен. Бәрі де керек десе сәлемін де алмайды. Көздеріне көзі 
түсіп амандасайын деп еді, шетінен мойындары сыртқа қарай бұрылды, аманын естімейді. 
Әдейі байқамаған кісі сияқтанады. Өзгеден бұрын Жарасбайға жақын жүретін, қай заманда 
болса соған тарап кісілер бұған әсіресе сызданып, сұрлана қарап қапты. 
Бақтығұл өз-өзіне: "Желдің арты қай жақтан екенін білген шығарсың!" - деді. Бірақ осыны 
сезумен қатар, көңіліне де, бойына да бір ерекше жеңілдік бітіп кеткендей болды. Өзіне-өзі: 
"Неден болса да ақпын. Менде айып жоқ" дегендей неше күннен бергі түнеріп жүрген ішінде 
қазір масайрап ашылған бір жарықты тапқандай болды. "Қара болсам, өзге қараласын. Нақ 
сендер қараласаңдар, көріп алармын, құдай-ақ та! Мен не болсам, сен де солсың" деп, ішінен 
дауласып кеткендей болды. Ұзын мұрты тікиіп, түгін сыртына теуіп алды. Осы халдің үстінде 
отырғанда тергеу басталды. Басынан-ақ іс Бақтығұлдың тілеген бетінен шықты. Мал 
сұраушы Сәт пен Ораздың кісісі екен. Билер үйінде "жақсылардың" тап ортасында отырған 


семіз сары кісі — Бақтығұлдан мал қуушы даугер болып шықты. Әңгіме - алғашқы 
барымтадан кейін бір рет Бақтығұл аз кісімен барып алып қайтқан бес жылқының жайы екен. 
Әуелі даугер сөйледі. Билер қырланып, қақырынып, түстерін суытып алып, айыпкерді 
оңды-солды қаға бастады. Бірақ бұлар қаншалық қоразданып, қанатын қомдап келгенмен, 
Бақтығұл сасқан жоқ-ты. Жалтарған да жоқ. 
— Екі-үш айналған соң, "Жасырмаймын, алдым!" — деді. Жұрт басында үндемей қалды. 
Жарасбай жағының билері үндемеген қалыпта томсарып отырысты. Сол кезде ертеде көп 
ақылмен, нұсқаумен дайындалған болу керек, қарсы беттің аласа бойлы, тік мұрт қызыл биі 
сөзді алып: — "Неге алдың?" - деді. 
Бақтығұл мұртының астынан жымиды да, нығыз пішінмен: "Партия болған соң алдым!" 
— деді. Ымы-жымы бір билер тегіс ажырайып, тікиіп қалды да, кейбірі мысқылдап, кекетіп 
мырс етісті. 
— Бұл сорлы партияның қолжаулық болмайтын жері болсайшы, сен екеш саған да келіп 
бір рет ат сауырын беруге жарады-ау! — деп қызыл би кекетіп жымиғанда, өзгелері де соның 
бетін қостап, монтаны пішінмен жымың-жымың етті. 
— Ораз бен Сәтте сенің қандайлық партия кегің бар еді? Әлде дуан тартысында Сәт 
екеуің бастарың бір жерге сыйыспай шытып па еді? — деп тағы кекетті. 
— Өзім тартыспасам, елім, жақын көрген басшым тартысқан шығар. Егер қарасы болып, 
мен де біреудің соңына еріп, сойылын соққан шығармын. 
— Сонда сен ненің орайы деп Сәт пен Ораздың бес жылқысын алдың? Ел келсін 
басшылар тартысын былай қой. Олардың сөзі бір бөлек. Олар өз жайларын жеке сөйлесіп, 
бітім табысып жатыр. Сен оларды бұл жерге қабаттама. Оны саған әдейі арылта айтамын. 
Сенің басшы қылдым деген кісілерің бұл бес жылқыдан бойын аршып, мына жоқшының 
көзін жеткізіп шығып отыр. Бес жылқыны сен өзің алдың да, өзің пайдаландың, соған не 
айтасың? - деді. 
— Мен бірді алайын, онды, бесті алайын — бәрін де өз кегімді қуып алғамын жоқ, 
емеурінмен алдым. Алғызғанды алыстан іздемеймін. Нақ міні — мына отырған Сәрсен мен 
Қоқыш-ақ бұл жазғы мен істеген істен бойын аршып кете алмайды! — деді. 
Қоқыш бұл үйге жаңадан келіп отыр еді. Бақтығұл сөзіне қарсы қамшымен қолына білеп 
салмақтап отырып, тесірейе қарап: - Партия жөнімен алынған барымта, тартыс - бір басқа, ол 
сөздің түйіні саған келген жоқ. Құр беталды өз бәлеңді жұқпайтын кісіге жұқтырамын деп 
шапшыма, білдің бе? Ұры — сенсің, мен емеспін. Жеген сенсің, мен емеспін. Өлер болсаң, 
Сәрсен екеумізге қақтықпай өл. Билер! Бұл жұмыс барымтаға да, партияға да жанаспайды, 
басы ашық ұрлық. Бұл бізге ғана емес, Жарасбайға да жармасар. Болыс маған осы сөзді 
билерге айтып кел деп, әдейі жіберді. Міне — ұрың, әні — мойнына алып отырған ұрлығы! 
Ендігісін өздерің біле бер! — деді. 
Бақтығұл күйіп кеткендей болды. Мал Жарасбай мен Сәрсеннің екеуі бөліп жеген мал еді. 
Айыпсыздың ызасы мен реніші кернеп кетті. Көріп отырған жәбір-жапасына, жалғыздығына, 
өзіне-өзінің жаны ашынғандай, көзі жасаурап, тамағы кебірсіп, аузына сөз түспейді. 


Билердің жүзі көрінеу тұрған қиянатты, әдейі арсыздыққа жеңгізіп, арамды ақтың үстіне 
не айламен болса да шығарамыз деп, жұмыла қарайып алған. Сөз біткен сияқты көрініп, мың 
батпан жауыздықты ұятсыз, арсыз қалың кеудемен өрге сүйреп жөнелді. Бақтығұлға кесік 
айтылуға жақындап қалды. 
Бақтығұл жаңағы халінен бой жиып, оңала алған жоқ. Дауды қойды да, ендігі соңғы 
айтқан сөзі: 
— Егер осы Қоқыш сөзін Жарасбайдың айтқаны шын болса, арманым жоқ! Өртеп 
жіберіңдер, бүйтіп итшілеп жүрген тіршіліктің бұдан былай маған бес тиынға да керегі жоқ. 
Жалғыз үй Сарымен ешкімнің де тобы көбеймес. Келді-кетті бір жалғыз кедей. Не көрсем де 
сенгенімнен көрген шығармын! Бірақ қоймаларыңды көрдім. Керегі жоқ, жарайды, - деп 
көзіне жас алып, буынып кеткендей болып, сазарып түрегеліп, жүріп кетті. 
Үйдің іші аз үндемей отырып, артынан қайта сергіп, кесік әңгімесіне кірісті. Бақтығұл 
сыртқа шыққанда, жотасын сырт беріп үш-төрт жуанмен бірге көлденең өтіп бара жатқан 
болысты көрді. О да сәлемін алған жоқ. Мықты болыстың нығыз, арсыз, жуан жонын көріп 
тұрып, Бақтығұл тістеніп ап: "Қап!" деп ернін шайнады. Жүрегіне у төгілгендей болды. 
Бұл уақытта шабармен қайта шақырып, үйге кіргізді. Билер бес қараға бес жуан қара кесік 
айтты да, артынан үш жыл абақтыны бірге кесті. 
VII 
Арада екі жұмадай уақыт өтті. Бұл кезде Бақтығұл елден, жұрттан безіп шығып, тау 
ішінің жайын тағысы сияқтанып жүрген қашқын. 
Болыстың съезінде сатымсақ билер істеген билік сол күні орнына келетін болып, билік 
артынан Бақтығұлды жібермей ұстап, тұтқын қылуға айналған. 
Екі шабарман Бақтығұлды билер үйінен ертіп шығып, ұрыларды қамап жатқан үйлеріне 
қарай алып жүрген... Бірақ абақтыға салып, тұтқын қылып ұстату қырдың әдетінде жоқ жаза 
да, оны істеймін деген болыс, билер де көңілдегідей қылып орнына келтіре алмайтын. Ұрыны 
сенімсіз көріп, қашып кетеді деп, аяғына кісен салушы еді. Сол кісен шабарманның қолында 
жоқ болды. Және барлық түстеріне, жөніне қарағанда екі жігіт Бақтығұлдың кісі құрлы 
көрмейтін әлсіз жөндекілеу жігіттері еді. Өздерінде асынған қару да жоқ-ты. Алдында билік 
үстінде не дерді білмей, есінен жаңылған Бақтығұл тысқа шығып, енді мына жігіттер аяғына 
кісен саламыз деп қамданып жүргенде ғана өз жайының шынымен бұзылып, жат түрге 
ауысып бара жатқанын ұқты. Қазір сол жерде-ақ зорлыққа көнбей қашуды ниет қылды. Осы 
ниетті жаңа ойланып бекініп болған орайда шабармандар "Осылай тұр!" деп, болысқа тігілген 
үйге таман кісен іздеп жөнелісті. 
Сол уақытта, Бақтығұл саспастан аяңдап барып, билер үйінің жанында тұрған атына мініп 
алды да, үй-үйдің тасасымен желіп жүріп кетті. Артынан шабарман шығып, "аһу!" деп 
жұртқа жар салып, "Қайда кетті, қайда кетті?" — деп бос қарбаласып жүгіріп жүрген кезде, 
Бақтығұл ауылдың жанындағы кезеңді асып, жорытып отырып жартасты өзекке түсіп, содан 
тас-тастың арасына батып, тауға кіріп адастырып кетті. Осы сағаттан бастап Бақтығұл 
қашқын болды. 


Бұрын ілініп көрмеген, көрмесем деп тілеген жаманатына еріксіз келіп басы сұғылды. 
Қазірде аз күн өтсе де, Бақтығұл қашқындықтың сұрықсыз жаман, жат пішінін әбден көріп, 
басынан бірталайды кешіріп қалды. 
Съез басынан қашып шыққан соң, болыс сол күні тыным тапқызбай іздеткен екен. Кешке 
шейін маңайды аралатқанмен, таба алмапты. Бұл уақытта Бақтығұл жолға бөгелместен, тура 
тартып келіп: қатынына қысқаша жайды айтып, киім-кешегін алып, астындағы жиренді 
тастап, жүйрік құланы мініп, шиті мылтықты барлық оқ сайманымен мойнына асып алып, 
кешке шейін ел көзіне көрінбес үшін белгілі қора тасқа бекініп отырған. Мұнда, бір жағынан, 
қарауыл қарай отырып, екінші бітірген жұмысы: үйінде қатынына тары-талқан түйгізіп 
жатыр еді. Және өзі Қора тасқа бір тоқтысын алып келіп, соны сойып, жарты етін қатын-
баласына тастап, жартысын өзіне азыққа арнап бұзып, тұздап қарынға салып еді. Кешке 
ымырт жабыла қатыны талқанды алып келген соң, бұдан былай қанша уақытқа кететінін 
айтпастан "Құдайға тапсырдым" деп қош айтысып, құла атқа қосып бір семіз күрең атты 
қосарына алып, тауға қарай тартып берген. 
Қатша бөтен еш нәрсе айтпастан: 
— Келіп-келіп аяғы бұған жетті ме? Құдай төбеңнен ұрғыр, Жарасбай! Осы қылғаның өз 
басыңа келсін! - деп, байы көз ұшынан жоғалғанша артынан қараңғыға қарап тұрды да, ет 
салған қапты арқалап үйге қайтты. 
Сол күні түнде болыстың қуғыншылары келді — таба алмады. Қатшадан ешбір дерек ала 
алған жоқ. Ол "таңертең кеткен" дегеннен басқа түк хабар берген жоқ. Не болғанын аңқаусып 
өздерінен сұрады. 
Болыс, Бақтығұлды қырына алып жазаламаққа байлаған соң, не де болса, оның елде 
еркіншілікте жүрмей, барарына тезінен бармағын тілеп еді. Сондықтан алғашқы күннен 
бастап, осы соңғы уақытқа шейін тыным таппай талай түрткі салып қуғызып келді. 
Қуғыншыға жердің жөнін білетін тас-тасты көп аралаған аңшыны немесе ұрыны қосып беріп 
те жіберетін. Бір-екі кісі емес, бес-он кісі Бақтығұл қашқаннан бері қарай үнемі ат үстінде 
болып, тыным алмай, тау-тасты сүзіп жүр. Бірақ бұл күнге шейін Бақтығұл қолдарына түспей 
келді. 
Алғашқы қашып шыққан күннен бастап, Бақтығұлдың ойы ылғи абақты жайында 
болатын. Өмір бойы жаны шошып қорқатын, "содан сақта" деп тілейтін жалғыз қорқынышты 
дұшпаны еді: желмая мініп, Құламергенді қуған ертегінің жалмауыз кемпіріндей қадалып, 
түйіліп, мұның соңына түсті. Күндіз-түні бір күдік, бір қауіп, жүректе оқтай қадалып, 
қабағын ашқызбай, ас батырмай, ұйқы ұйықтатпай, иығынан басып салбыратып бара жатты. 
Кейде арт жаты қаптап келе жатқан өрт сияқтанып, яки дүниені жалмап жапырып төнген 
тасқын сел сияқты көрінетін. Түсіне оянуы, ояуына түсі араласып, әрқашан арт жағынан 
аузын ашып жұтқалы ұмтылған ажалды сезіп тұрғандай күйлер көбейді. 
Сол қорқынышты ажал: абақтының шойын есігі, қараңғы тас қабырғасы сияқтанатын... 
Ерте күннен жайын мінезді жабайылықпен қорқатын әдет, бұл күнде ұйықтап жатқанда да 
селк еткізіп шошытып оятатын. "Тіршілікті темір тұзақтың ішіне салып, тірі шығармын деп 
ойлаған жанның көрген күні бар болсын. Одан өлім артық, бәрібір бұл да өлім. Ләнет, ләнет 
болсын бұл күйге, бұл күнге!.." деп ертеден қара кешке осы сияқты бір қараңғы суық түсті 
қара үңгірге оймен телміріп қадалып алып, соның албастысынан бойын босатып ала алмай 


қойды. Қуғын жиілеген соң, жаңағыдай жат түсті абақтымен қатар тұрған әзірейіл Жарасбай 
болды. Оның да жуан жотасы, суық түсі әлгі ажалды мұның артына көздеп салып, тыным 
таппай қуғызып отырған мың да бір дұшпаны болды. 
Осындай күшті, жуан жаулардың бір күн болмаса, бір күні уысына еріксіз түсетінін 
ойлағанда, Бақтығұл іш құса болып алағызып кететін. Бірақ ес жиған уақытында бойын 
билеп, өз-өзіне қайрат бергенде: 
— Не қылса да ұстатпаймын, қолыңа тірі түспеймін, қашамын, қашамын, қашып жүріп 
өлемін... Егер тіпті болмай бара жатсаң, Жарасбай, көрермін!.. — деген байлауға келген. 
Болыс он бес күннен бері тыныштық алған жоқ. Әлі де Бақтығұлдың соңына шам алып 
түскендей болып келеді. 
Соңғы кездегі қуғын әлде неше жақты болуға айналды. Бір жағынан, он шақты кісіні, 
қолдарына мылтық, қару-жарақты сайлап беріп, күндіз-түні тау-тастың барлығын кезгізуден 
басқа, тау ішінде отырған елді де мұның соңына салмақшы болды. Бірталай елді салып та 
қойды. "Кімде-кім Бақтығұлды көрсе, я ұстап берсін, яки хабар қылсын. Ол ұсталмаса, 
тыныштық болмайды. Қаладан отряд шығады. Лауымен, сойылымен сол елдің өзінің мазасын 
кетіреді. Оның үстіне ұрыны, қашқынды сүйедің деп жазаға ұшыратады" деп, үстінен құс, 
астынан ит жүгіртіп, момын елді неғылса да Бақтығұлға жау қылатын болды. Осы сияқты 
қорқытқан қоқан-лоққыдан басқа жаңағы елдің арасындағы көңіл жетер, тіл алар деген 
ауқатты, әлді қария, пысықсыған атқамінер болса, солар арқылы сәлеммен де асылып, салмақ 
салып жатты. 
Сонымен аз күнде Бақтығұлға қалың таудың іші де соншалық мықты, сенімді пана 
болмайтын сияқтанды. Енді не де болса көпке сенбей, көп жерге қонақтамай, барды берсе де, 
бір ғана жасырын орынды тауып алып, соны мекен етуге тура келді. Екінші, жау көп, 
аямайды; қуғыншылардың қарусызы жоқ. Бұл болса, әрі жалғыз бас, оның үстіне сүмбемен 
оқтайтын жалғыз ауыз қара шитіден басқа сенімді қаруы да жоқ. 
Өзгеден бұрын бір зор қиыншылық осы. Қашқын болған соң, ат, сайман көңілдегідей 
болмай болмайды. Әйтпесе қашып, қорлыққа түсуі де керек емес. Соны алғашқы шыққан 
күннен көп ойлап, мықтап ескерген Бақтығұл бүгін ғана мұратына жетіп, қолына сенімді қару 
түсіріп алды. Қазір мұның қойнында жаңа алтыатар, мойнында жақсы сенімді бердеңке бар. 
Бұлар көп зарықтырды, бірақ шығынсыз түсті. Өйткені екі-үш жыл бұрын жорыққа аттанып 
жүрген кезінде Бүргеннің бір кәрі орысымен достасып еді. 
Ол, бүгінгі Бақтығұл сияқты, екі жыл бұрын қашқын болып басынан көп бейнет кешіріп 
жүріп, аяғында бір жылдай абақтыға жатып шыққан. Соның қашқын болып жүрген 
уақытында талай рет астына ат, үйіне сойыс сияқты қажетін Бақтығұл сұратпай-ақ атқарып, 
ерекше достық істеген. Кәрі бейнетқор "кезі келгенде өтермін"деп серт еткен. Жақында соған 
Бақтығұл барған соң, екі сөзге келмей, тығулы жатқан қаруларын көп оғымен шығарып 
берген. 
Кеше соны алып, Талғар басына тау ішіндегі бір ауылға түнде келіп қонып, бүгін өзенді 
өрлеп, өзінің сенімді көретін бір жалғыз үйлі кедейдікіне таман келе жатыр еді. 


Түнде қонып шыққан ауылы бұған сенімді көрінбеді. Келген жерден көрсеткен қабағы 
болсын, түндегі үй ішінің жыбыр сөздері болсын — бәрі де бұдан жасырын бір сырдың 
барлығын сездірген. Соны байқаған соң бір ұйықтап оянып, таң ата, ауыл тұрмай, атын 
ерттеп мініп алып, ешкімді оятпай жүріп кеткен. 
Бұрын бұл ауыл Бақтығұлға жаны ашығандай, жылы жүзбен қарсы алатын болса, енді 
артынан жылан жүріп кеткендей суынып, сызданып, ішіне жаттық жиып қалыпты. Бір бұл 
ауыл емес, осы өңірдің талай аулы-ақ солай болуға айналған. Бақтығұлдың ішіндегі уды 
молайтуға бұ да бір себеп. 
Жер-дүниеден пана тапқызбай, әлемге жаманатты қып көрсетіп, қайда барса да, жексұрын 
болсын деп тор жайып отырған — Жарасбай. Қалың биік таулардың арасында ит тұмсығы 
батпайтын қалың жыныс қарағайды аралап келіп, Қызылтастың тұмсығына ілінді. Етекте 
сайды басына көшіріп, асау Талғар тулап, ағып жатыр еді. Қызылтастың арғы астында ендігі 
жалғыз сенімді ауылы — Қатубайдікі бар. Сонда барып шай ішіп, жан-жақтан естіген хабары 
болса біліп, әдет бойынша кеш батқанша тағы да тауға кетпекші еді. 
Әуелі баспалап қарап, ауылдың сыртын байқады. Бөтен ат, бөгде кісі жоқ сияқты. Содан 
соң аяндап келіп аттан түсіп, құланы белгілі екі есігі бар аласа қораның ішіне апарып байлап, 
үйге кірді. Бұл тауға қашып келгеннен бергі Бақтығұлдың көп жататын, өз үйіндей көретін ең 
сенімді жатағы осы. 
Қатубай үйінің барлық жаны төрт адам тегіс үйінде екен. Үйде қалған Бақтығұлдың 
шитісімен Қатубай бір елік атып алып келіп, соның жылы-жұмсағынан қатыны қуырдақ 
қуырып, шай қайнатып жатыр екен. Тыныш еркін өмірдің жылы үйшігі қазан аспада маздаған 
оты, ыстық шайы, шыжылдап жатқан жайлы иісті қуырдағы Бақтығұлдың жалғызсырап 
тоңазыған көңілін бір мүйнетке болса да алаңдатып, жылытып жібергендей болды. 
Қатубай жасы елуге келген момын, адал кедей. Сақалына ақ араласқалы бес-он жыл 
болған. Қазір де бурыл түсі момындыққа бейім, жылы шырайлы. Алғашқы алған әйелі 15 
жыл бұрын өлген, осы екінші әйелді алған. Содан туған 12 жас пен 10 жаста екі еркек баласы 
бар. Бәйбішесі дөңгелек толық денелі, қызыл жүзді жалғыз сары әйел. Бет пішіні еркекше 
кесек; айрықша бауырмал, көңілшек, аңқаулау адал, мінезі ашық, ажары бар кісі. 
Балалары кедей, жүдеу үйдің ішінде өссе де, әке-шешелерінен момындық пен тазалықтың 
сүйкімді үлгісін алған жақсы балалар — Мақыш, Сатыш. 
Бұл үй бұрын Бақтығұлмен айқас болған таныстығы мол үй емес. Қалың елдің шетінде 
иесіз ешкі-лағы, азын-аулақ қарасымен қанағат қылатын да, тұзақ пен тор құрып ұсақ аң 
аулап, анда-санда ешкі, елік атып, аң етін азық қылатын. 
Бақтығұл елден безіп, тау ішін кезіп жүріп, бір күн түнде далаға қонармын деп келе 
жатқанда, қараңғыда шыққан отын көріп, осы үйге келіп түскен-ді. Сонда да осы қазіргі сағат 
сияқты жылы ұяның ажарын көрген. 
Аралап қонып жүрген елдің ішінде ең бір жайлы жылы үйдің іші осы сияқтанған соң, 
Бақтығұл сол түнде Қатубайға барлық бастан кешіріп жүрген жайларын айтқан. Үй іші тегіс 
жаны ашып, барын беріп күтіп, болысты да, ұлықты да қарғап-сілеп, көздеріне жас та алған. 


Осы елдің әйтеуір санында бармыз дегені болмаса, бұлар болысын да, байын да, жақсы-
жаманын да білмейтін. Білейік деп талпынып ізденбейтін де. Жаз егіні, қыс малымен, аңымен 
болып, өзгенің желігі, қыдырысы, біреуді жағалап сөз қуғанынан әрдайым аулақ болатын. 
Ондайды сүймейтін. 
Иесіз таудың ішіндегі жалғыз үйлі кедей сол түрдегі момын сұр жалғыздық тіршілігіне 
қанағат қылып, ошақ басының жылылығында, сол ошақ ауданыңдай кішкене сүйкімді 
ауданда өмір сүріп, соған қанағат етіп күнелтуші еді. 
Бақтығұлды үйіне сақтап пана болуды қауіп көрмеген: 
— Басыңа күн туған азамат екенсің. "Жалғыздың жары - құдай" деген ғой. Бірде болмаса 
бірде бір кемпір-шал бар еді-ау деп есіңе аларсың. Осы үйді өз үйіңдей көр де, жата бер. 
Жауыңнан құлақтас болып тұрармыз. Мына балаларымды ініңдей көр! — деп Қатубай көп-
көп жұбату достық сөздерін айтқан. 
Осы түннен бастап, Бақтығұлдың ең сенімді досы осы үй болды да, Бақтығұлға да үй іші 
өздерінің бір азаматы, туысқаны сияқты қарасты. 
Екі-үш күн бұрын Бүргендегі кәрі досына кеткенше көбінесе Бақтығұл осында болатын. 
Бірақ күндіз отырмайды: ерте кетіп, түнде кеш келеді. Сондықтан бұл ауылды мекен қылып 
жүргенін әзір ешкім білген жоқ-ты. Бақтығұл күнде бір үлкен аң атып әкелетін. Үй іші соны 
азық қылады. Соңғы Бақтығұл кеткен күннен бері төмендегі көршілес ауылдардан Қатубай 
көп сөз естіген. 
"Пәлен деген бір қашқын бар дейді. Болыс соны ауылдарына жолатпасын, көрсе — хабар 
қылсын, болмаса ұстап берсін депті. Осы мандаты елге де хабар айтыпты" дескен сөзді де 
естіді. Бірақ үндеген жоқ, елеген жоқ-ты. Кешегі күні Бақтығұлды іздеген қуғыншылар 
төменгі ауылдарда топтанып жүргенін де көрген. 
Бұл маңайға олар бұрын бүйтіп ұзап келген жоқ-ты. Тек бір сыбысты естіп, біреудің 
хабарымен келсе керек. Бақтығұл келіп қуырдақ пен шай ішіп отырғанда Қатубай мен 
бәйбішесі соны айтты да: 
— Қарағым, сақ бол, кездесіп қалар, — десті. Бақтығұл бұл жайды естіген соң, түндегі 
ауылдың өзіне көрсеткен шырайын еске алып, қуғыншыны солар көздеп жібере ме деп қауіп 
ойлады да, шайды тез ішіп, атқа мінді. 
Әрқашан ауылдан шыққанда елсізге бет алып, жоғары қарай өзенді жағалап, тауға тартып 
кететін. Сол әдетпен төменгі бір тіктеу бетті қиялап отырып, Талғар суының жағасына келді. 
Алыстан "мен мұндалап" азынап сатыр-сұтырымен сайды жаңғырықтырып ағатын Талғар 
қасына келгенде барлық асау суық түсімен жанды шошытады. Биік таудың өр кеудесінен 
кәдімгі қалың мұз, ақ қарынан шығып жартасты құздарды жарып ылдиға қарай ағатын. Сол 
жолында кейде шапшып құтырып, кейде бүктетіліп тулап, ойнақ салып кетеді. Жайын суық 
қайрат иесі көк долы судан Бақтығұл көзін ала алмай, жартасты жағалап келе жатты. 
Жаздыгүні бұл су бұдан да күшті, бұдан да мол болып аққұла болып ағады. Қазірде күз 
болған соң, шарасы кеміңкіреген сияқты. 


Бірақ сонда да өткел бермейді. Әлі де жыны жетеді. Түбіндегі кесек-кесек жұмыр 
тастарды осы күнгі ағынның өзі-ақ сатыр-сұтыр айдап, біріне-бірін қажастырып, соғыстырып 
жатыр. 
Қазіргі Бақтығұлдың келе жатқан жері — Талғардың сайды құлдап, тар шатқа тығылып, 
тік еңісте суық дыбыспен құлап ағатын жері. Қазанда қатты қайнаған судай өне бойымен 
түгел бұрқылдап қайнап жатқан сияқты. Ұзақ бойы түгелімен бұрқ-сарқ етіп тасиды. Талас 
салып, жарысып екпіндеп жөнелген жік-жік ағын бұйра толқындар жүз жыланның сумаң 
қатып жарысқанындай. Өрттен, қуғыннан қашып, дүркіреп жосыған көп жайынның 
жөңкілуіндей. Шаттың аяты тік біткен мұрыншақ тас. Шың тастың ішінде, биік құздың 
арасында иіріліп аққан су бір мүйістен екіншіге қарай шыққанда тау қойнынан шыққан 
құсықтай ақтарыла жөнеліп, екінші мұрыншақтан бұрылғанда жер тесігіне сүңгіп құйылып 
жатқандай болады. Қалың биік, алып жартас бір ұртына бір өзенді сіміріп жұтып, жер астына 
әкетіп жатқандай. Мұрыншақтан аса беріп асау су жоғалып жатыр. 
Бақтығұл Талғарды қысып тулатқан шаттан озып, жоғары жайдақ жерге таман шықты. 
Бірақ бұнда да тентек су өткел беретін түрді көрсетпейді. Ішіндегі қазандай-қазандай кесек 
тастарға екпіндеп көп соғып, ытқып аққан толқынды ағын әлі де басты айналдырады. 
Талғардан көпірсіз жерден ешкім өтпейтін болса да, Бақтығұлға тегінде арғы бетке тығыл 
таяңдау уақытта өтіп жүретін бір оңайлау жерді біліп қою керек. Өзенді сонымен жағалап 
көріп еді. Бірақ жақында ондай жер кездесетін сияқты емес. 
Осымен алданып өзенге ғана көз салып келе жатқанда, құла ат алдыңғы жаққа қарап елең 
ете түсті. Бақтығұл жалт қараса: жарты шақырымдай жердегі бір мұрыншаққа бір-екі атты 
шығып қалған екен. Жай кісі емес: қолдарында ағашы бар, аттары жарау. Жолда тоғай мен 
тастақ төбелер бар еді, Бақтығұл тез ғана бұғып төменірек түсті. Сол кезде арт жатында 
төмендегі бір мұрыншақтан қарауылдап тұрған 4—5 кісіні тағы көрді. Олар мұны көре сала 
айғайлап жіберіп шауып келе жатты. Алды-артын қамап алған сияқты. Болар жері осы деп 
мөлшерлегендей, алдынан тосқауыл қойып, артынан қуғын жасамақ екен. 
Өзен мұндай жерде, қауіпті тор сияқты, үлкен кесел шығаратын болды. Тығырыққа 
қамалып, қаша алмай қалатын болды. Жалғыз жалтаратын беті өзеннен бүйірірек жаққа қашу 
болар еді. Бірақ оны қуғыншы қазір келіп кесіп алатын. 
Жаулық пен қатер құшағы қаусырмалап қысып келе жатқандай көрінді. Көп ойлануға 
уақыт қалған жоқ, жалғыз үміті: не Талғар өткел беріп құтқарады, не жұтып құтқарады — 
әйтеуір дұшпанға жоқ. Осындай не өлу, не құтылу сияқты бір-ақ қана түйіннің үстіне келді 
де, құла атты қамшылап-қамшылап жіберіп, Талғардың тасқынына қойып кетті. 
Өзеннің ар жағына аман өтсе, қауіптен құтылады. Өйткені ол жағада жау жоқ. Онда ел де 
жоқ, иесіз болатын. Қаншалық көзі қызығып өшіккенмен, қуғыншы Талғардан өтемін деп 
өктемейді. Тіпті өтпек болса да, бір бет ашық — Бақтығұл қашып құтылады. 
Өзен суы Бақтығқұл түсе қалған жерден құла аттың жалпақ тізесінен келді. Ішінен: "я, 
құдай! я, аруақ!" деп не де болса жылдам бастырайын деп Бақтығұл құла атты тебініп берді. 
Азырақ жүріп барғанда толқын қолтыққа келді. Дүние шыр көбелек айналғандай, біресе 
құлдырап жүгіріп аласұрып ашыққандай шапшып, секіріп, дыбысымен жер жарып басты 
қаңғыртқандай қатты тасқын құла атты қолтыққа ілінген соң-ақ бетінен жалтарып, төмен 


қарай қатып әкетіп бара жатты. Сонда да иесінің қысылғанын сезгендей барын салып, 
қарманып келе жатқан жануар көлденеңдеп, ілгері қарай ұмтылып келеді. Кейде омырауға 
соғып жіберген толқын құлатуға айналып еңсеріп кетсе де, көзі шатынап, екі құлағын 
қайшыландырып, оттай ыстық қайрат жиып, жан айласын істеуден жаңылмайды. Су 
үзеңгіліктен асты. Толқын үсті-үстіне соғады. Ат малтуға салды. Енді қатты ағын шапшаң 
ағыза жөнелді. 
Бақтығұл құла ат ағып жөнелген соң-ақ өмірден үмітін үзді. Әлдекімге "қош!" деді. 
Көзінен бір тамшы ыстық жас та ыршып кетті. Жалғыз жалынды арман сияқтанып, "әттең, 
жалған-ай!" деген бір тана ащы күйік тілі шықты. Сол кезде құла атты меңдетіп, билеп алған 
қатты толқын екпінімен алып келіп, жолдағы үлкен тасқа соғып жіберді, жақында ажал 
тосқауылындай болып су астында күмпиіп жатқан қазан қара тасты көргенде, Бақтығұл енді 
"біттім" деп еді. 
Бірақ соғып қалғанда құла ат жығылып аунап түскен жоқ. Аяғын қайта басты. Тасқа 
кептеліп тұрып қалды. Сол уақытта жағаға екі-үш адымдай жер қалған екен, құла ат 
тәлтіректеп, есінен айырылып, жығылуға айналған уақытта Бақтығұл "а, құдай!" деп 
айғайлап жіберіп, аттың жалынан басып секіріп кетті. Сонда да су белден келеді екен. 
Дөңгелек айналдыра жөнелді. Ағызып әкетті. Аяғы анда-санда бір жерге тиеді. 
"Енді кеттім-ау" деп қолын алды-артына қарманып, қалбақтап келе жатқанда, қасында 
серең-серең етіп аударылып түсіп, келмеске кетіп бара жатқан атын көрді. Ол қалың атыңның 
ортасында Бақтығұлдан екі-үш адымдай ғана жерде қанды судың құтқармайтын шеңгеліне 
ілініп, жұтылып бара жатты. Сол секөнтте өзі де ағып, енді құтылу жоқ шығар деп келе 
жатқанда, оң жақ бүйірі келіп бір үлкен тасқа тіреле түсті. 
Бақтығұл сол тасқа жабысып құшақтай алды. Сонда ғана алдына көзі түсіп еді: ағын 
соңғы бір қағып жібергенінде жағаға әкеліп тастаған екен. Белуарынан су болып, сүйретіле 
судан шығып, артына қарады. 
Бағана жабыла шапқан жау мұны судан өтер деген ойды ойламаса керек. Кезеңге шығып 
алып, Бақтығұл тұрған сайды жоғары өрлей шауыпты. Қазірде бір шақырымдай жерде тас-
тасқа серейіп шығысып, әр жақтан қарап жүр екен. Құла ат кете барды. Бақтығұл серік атын 
құрбан қылып, жанын амандап, бұл жолғы жаудан құтылып кетті. Ат кеткенмен, қойнындағы 
алтыатар, мойнындағы мылтық, керек десе су да болмастан, аман қалыпты. Бердеңкесін ұстап 
отырып, белгілі жауын есіне алып: "Бәлем, осыныңды ұмытпа!.." дегендей, Бақтығұлдың өңі 
құп-қу болып, көзіне қан толып кетті. 
VIII 
Арада біраз дәурен өтті. Бақтығұл бұл уақытта Талғар басынан кетіп, Шегетіден Бүрген, 
Талғарға қарай тау ішімен қатынасатын жолдың орта шенінде — елсізде жүр. 
Бұл араға келгеніне үш-төрт күн болды. Түнде қарағайдың ығына паналайды. Сонда тірі 
жанның барлығынан жасырынып жүріп, ыстық ішкен болады. Күн шығысымен Қараш-
Қараштың шаттарына, қара жолдың айналасында қарауылда отырады. Әлденендей мақсатқа 
арнап, жол бойында қолайлы жерлер қарастырады. 


Екі-үш күннен бері ана жерге бір отырып, мына жерге бір жатып, байқап-байқап келді де, 
аяғында бүгін таң ертеңнен бері Орта Қараштың шатынан шықпайтын болып бекінді. 
Бұл уақытта Бақтығұлдың жүзі қан-сөлден айрылған сұп-сұр. Анда-санда күрсінгенде 
демді дірілдеп алады. Қолы да ұстаған нәрсесін сығымдап ұстап, қалтырай түседі. 
Ішінде лепілдеп, алып-ұшып асыққан, асықтырған бір байлау бар. Сол орындалғанша 
шыдам таба алмай, сабыр тақатынан айрылып, тіршілік күнін өткізе алмаған сияқты. Іштен 
қайнап шыққан бір мықты толқын еріксіз тұқыртып, үлкен түйінге ой-сезімін, бар қайратын 
түгел телміртіп, қадалтып қойған. 
Қалың ұзын мұрты көбік қарда түлкі басып отырған қаракер қыранның қанаты сияқтанып 
салбырап, аузын басып кеткен. Көзінде қанталаған қызыл бар. Сызданып қадалып, 
әлдеқандай жарқ-жұрқ етеді. Шегетінің жайлауы — Асыға қарай телміріп, сазарып, көп 
қарайды, күтеді... 
Бүгінгі істемек істің ниеті Бақтығұлдың бұрыннан ойланған нәрсесі емес-ті. Жуандардың 
істеген арамдығы, қорлық-зорлығы шектен асты. Ауыр тиді. Пәлеге, жаманшылыққа өздері 
сүңгітіп жіберіп, аяғында сол жолда мұны құрбан қылып, өздері жақсы атты, таза кісі болып 
қалды. Ол бола берсін. Талай Бақтығұл сияқты жалғыз-жарым кедей-кепшіктің көріп жүрген 
қорлығы. 
Оған қарсы қаншалықты кектеніп, зығыры қайнап, қаны тасып келсе де, шамасы 
жетпейтінін біліп, қашудан басқа айла таба алмағандай діңкесі құрып қоюшы еді. Дүние 
асты-үстіне келіп аударылып түспесе, ақырзаман болмаса, бүгінгі мұның қарсысында тұрған 
мықтыға мұның қарғысы жетпейтін сияқтанатын. Шынында да: ең әуелі қалың Жаныс — мол 
тұтас іргелі ел. Бұл болса, жиырма-ақ үй Сары: қаңғырып жүрген кірме. 
Сол қалың елдің ішінен шыққан бай, жуан болыс. Бер жағы ел болса, ар жаты — қаланың 
ұлығы. Одан есе дәме қылу, теңдік сұрау қашқын атаған Бақтығұлға санасыздық сияқты. 
Ойдағы арман, мұң, намыс күйігінің бәрі де бір тілсіз меңіреу тас қабырғаға тірелгендей 
болып, діңкесін құртады. Қашудан басқа, тағы болып тығылып, жан сауғалағаннан басқа, 
бөтен ойды ойлай алмады. 
Бірақ қуғын жиілеп, ізіне шөп салып, елсіз-күнсіз қу тасты да мекен еткізбейтін күйге 
жетті. 
Тірі жанға қастық қылуды былай қойып, енді адам баласы атаулыға келін болып, таудың 
аңы сияқты жалғыз жатып жүрген күнін де көп көретін болды. "Өлтірмей, жерге тықпай, 
тынбаймын" деген ниет көрінді. 
Қуғыншы Талғардай жайынға әкеліп қамап, өлімнің құшағына да айдап апарып тықты. 
Барлық қашқын болып жүрген күндерінде осы Талғардан өткен күннен бастап, Бақтығұл 
қаны бұзылғандай болып, қатты өзгеріп кетті. 
Сол күні суда атып келе жатқанда, "Біткен сағатым осы" деп ойлаған. Бірақ өлімнің 
құшағында болса да, сәті келіп қана аман қалды. Содан кейін "Қорыққаным сол ма? Ең қиын 
болғанда баратыным сол ғой, тәуекел, не де болса, шыдадым!" деп бір нысанаға мінді. Өзін 


өліп-тірілген кісідей көрді де: "Мына сияқты итшілеп жүрген тіршіліктен біздей кісіге өлсек 
те түк етпейді екен" деген күйді де бір ойлады. Сонда өлімге бекінген жанның артында қалып 
бара жатқан суық, жау дүниеге, мейірімсіз тіршілікке барынша суынып, наразы болған кегі 
қайнады. Бар дүниеден қуылып шыққан, құлазыған жалғыздық жүрегімен барлық басы аман, 
малы түгел, жаны рақаттағы болыс сияқтыларға мың рет лағнет оқып, қарғыс айтты. Соны 
айтумен бірге осы бүгінгі ниетке бекінді. 
Қатубайды екі-үш күндей атқа мінгізіп, ойға жіберіп, болыс аулынан бірнеше хабарлар 
алды да, аяғында осы жерге келіп, жол тосқыш болып бекініп қалды. 
Қараш-Қараш айналасындағы қоршаған тасты тақыр биіктер, қарағайлы жүндес жоталар, 
шошақ төбелермен үш салаға бөлінеді: Бас Қараш, Орта Қараш, Аяқ Қараш. Осы үш сала мен 
маңайындағы биіктері, адырлары мен барлық өңірді "Қараш-Қараш" деп атайтын. Жаз 
ойдағы көп елдің көші асатын үлкен қиын асудың бірі осы. Өзінде ала жаздай отырып 
жайлайтын ел де көп. 
Бүрген, Шалқар болыстарының бірталай ауылдары осында болатын. Қазірде қоңыр күз 
мезгілі болғандықтан, елдің бәрі серпіліп ойға кеткен. Енді анда-санда жондағы Шегетіден 
ылдиға, қалаға қарай төте жол қуалап қатынасқан бірен-саран салт атты жүргінші болмаса, 
көп ағылған ел жоқ. 
Өзінің ойлаған ниетіне Бақтығұл Орта Қарашты сайлаған соң, соның иір-иір 
тұмсықтарын, қиын қаптал жолдарын, ат жасыратын ұры қойын, жалтарыс шаттарын, 
тоғайларын кезіп аралап байқаған. 
Келе жатқан жүргіншіге қоян-қолтық кездестіріп, құшақтаса түсіргендей болып, артынан 
қуғыншы болса, қарасын тез жасырып әкететін Бақтығұлға оңай, жауға қиын балта сабы иек 
артпа керек. Орта Қараштан сол табылды. Ол — Аяқ Қарашқа қарай асатын тасты, тақыр 
жотаның Орта Қарашқа қараған беті болды. Бақтығұл саспай, айнала қарап жүріп шықты. 
Оқып алғандай болды. 
Жол бұл арада кең сайдың төргі биігін жағалап, қапталдап, жүргіншіні алыстан көрсетіп, 
оралтып әкеледі екен. Дәл ортаға көтерілерде Қараштың биік жартасынан ернеулеп жағалап 
барып, жотаға шығады. Ернеулеген жолдың дәл жиегінде тығыз боп өскен екі-үш түп сары 
ағаш бар. Оның ар жағында бір адым жерде терең құз, қиын қызыл тас. Жанынан кешіп ептеп 
түссе — көп көрген жаяу тана түседі, ат маңына бара алмайды. 
Құздың астында тоғай бар. Соны аралап Қараштың суы ағады. Сол жерге бір дараға атты 
бекітіп тастап, сары ағашта жаяу тығылып жатуға болады. 
Осы араны әбден таңдап, нық бекініп алды да, Бақтығұл Асы жаққа тағы да қарауылдап 
көз жіберіп алмақ болып, жаңағы көп жүргінші жүретін төменгі жолды тастап, төргі тауға 
таман жүрді. 
Жоғарылап, көтеріліп барды да, ең басты қаптал жолға түсіп, Орта Қараштың басын 
кесіп, Асы жақтағы шеткі биіктің иығына келіп шықты. 
Күз аспаны кірлеп, мұнартып, алыстағы қарлы биіктердің басына сәлдедей бұлт оралып, 
томсарып, сұрланып тұр. Дүние иесіз-елсіз жым-жырт. Оңтүстік жағында Сарымсақтының 


қарағайлы шоқысы үрпиіп тұр. Соның күнбатыс алдына таман, төмен жерде жаңағы өзі 
белгілеген ернеу жолы көрінді. 
Жаңа байқады: ол алыстан кең жол болып, өзге жерден ерекше жырылып айқындалып, 
қып-қызыл болып жатады екен. Аққан қан орны сияқты: "Ұқсасаң - ұқса..." деді. 
Сарымсақтының жақын бетінде талай-талай замандар тіршілік еткен кәрі жуан қу 
қарағайлар жуан тамырлары адырайып, қопарылып, кәрі алыптың көп жылдар қуарып жатқан 
өлігіндей болып, бетке сұлай жығылып жатыр. 
Әр жерде сондай қуарып тозып жатқан өлім белгісі көрінеді. Қарағай Сарымсақтыдан әрі 
қарай белдеу таудың бәрін қара қошқылдандырып қаптай басып, жалпақ қара жыныс болып 
кеткен. Алыста Түрген суы жарып шыққан қара қойын қарағайлы, жартасты қара шат 
қарауытады. 
Сол қара шаттың жоғарғы үсті — шашырай біткен тоғайы бар Назардың биігі. Ол да 
жазғы жайлаудың бірі. Дүңкиіп, сары жотасын білеулендіріп жатыр. 
Бұлардың бәрінен әрі бұлтты сұр аспанға ақ шашты кәрі басын созып, Ожардың қарлы 
биігі жарқырайды. Ала жаздай мұзы жарқырап жататын қалың ақ қарлы суық басы бұл күнде 
ерекше жаттыққа, жайындыққа екілендіріп тартқандай болады. 
Бақтығұлдың нық бекінген ойына Ожардың қазіргі түсі: аянышты білмейтін, қаталдықпен 
суынған, асау жаулық жайын сыбырлағандай болады. Бар көріністің ішінде көңіліне иек 
қағып дем берген айдаушы сол сияқты. Биік, суық, мұзды басынан күздің жүдеген сұр 
күнінің ортасында тіл келгендей. Тасты, мұзды суық табиғат бір ерекше жат жайын қимылды 
ыстық көріп, соны ашынып, жаланып тілегендей болады. 
Бақтығұл маңайға біраз ойланып қарап тұрған соң, түс ауа бергенде Асы жақтан ең шеткі 
кезеңнен аяндап асып келе жатқан қалың шоғырды көрді. Топ алыстан көрінді. Қазірде құр 
ғана үлкен қарасы байқалады. Бірақ, тым жақын болмаса да, Бақтығұл келе жатқандардың — 
мал айдағандар емес, көп аттылар екенін байқады. Сол арада бөгелместен қайта бұрылып, 
атын шапшаңдата басқызып, таудан түсе бастады. Беттегені бағанағы қызыл тақыр жотаның 
түбіндегі терең шат. 
Аздан соң атын жолмен келе жатқан жүргінші көрместей, бір қиын араға әкеліп бекітіп 
тастап, өзі киімді жеңілдеп киіп, терлей-тепши ернеу жолдың жаныңдағы сары ағашқа келіп 
жетті. 
Бұл арадан да Ожардың шошақ басы көрініп, мойын созып еліріп қарап тұр. 
Сарымсақтының қарағайлы биігі Сары ағаштан қараған көзге екінші жалпақ бетін көрсетеді. 
Бақтығұл отырған шаттың күншығыс жақтағы қарсы беті сол биік. Мұның етегінен басына 
шейін жарыса өскен қалың қарағай. Тау басына тырмысып, қаптап, өрлеп бара жатқан қалың 
қара топыр қол сияқты. Немесе тау қара сеңсең бөстек жамылғандай. Бір уақытта Бақтығұлға: 
қарағай етектен тау басына қарай қашып бара жатқандай, бұл ойлаған ниеттен үркіп 
жосығандай көрінді. 
Сонда қара мұрттың астынан езу тартып, суық жымиып: 


— Болсын, солай!.. — деді де, жаңағы бетке тағы қарады. Қалың қарағайлы бетте анда-
санда өр жерде қара быжырық болып қара жартастар көрінеді. Киіздей қалың қара көк 
ағашты сол тастар әр жерден тілім-тілім қылып бөлгендей: көк жасыл көріністің ортасынан 
түсіп, көркін бұзып тас шимайын салып, беттің түсін суытып, құбыжықтандырып тұр. 
Ожардың қарлы басының астынан көрінген жері қып-қызыл жалаңаш тас. Тақыр тас 
ерекше қызылданады. Соның төменгі түбінен Түргеннің асау суының басы басталады. 
Берірек келіп көрінетін қара қойын Түрген басының тау жүрегін сара тіліп шыққан анайы 
ұясы сияқты. 
Сары ағаштан айнала көрінетін қарағайы жоқ тақыр беттердің барлығы да үлкенді-кішілі 
кеуделеріне тау селінің айқын таңбасын басып алыпты: бәрінде де тау суы айғыз-айғыз 
қылып, тастарын ақситып, жар қылып сойып кеткен таңба бар. Биік бастарынан етекке қарай 
құлап түскен қисық ирек жыралар қасқа жол сияқтанып андыздап жатыр. 
Бұл көріністе: күшті екпіні бар қатты ағын ұлы тасқынды еске түсіріп, омыраулап 
ұмтылуға, шапшаңдап іс істеуге екілендіріп, жетелеп тұрғандай. 
Иесіз биіктерде қалың қарағайдың ішінде тығыла қашып жүйткіп жүрген елік, тау ешкі, 
арқар сияқты тағылар бар. Бүгінгі Бақтығұлға жан иесінің ішінде күйі жақын жандар солар 
сияқты. 
Түрген суының төмен құлап кеткен жолында Назардың солтүстікке, ойға қарай 
салбыраған тұмсығында қарауытқан шұңқыр сияқтанып тағы да қалың қарағай көрінеді. Ол 
көк сағымға оранып, жеңіл көк жібектей перде жамылған. 
Бағана көрінген көп жүргіншіні тосып отырғанда, Бақтығұл көзбен айналаның осындай 
көрінісін шолып шықты. Енді күткен топтың көрінетін де шағы болып қалды. 
Көп күткізген жоқ. Аздан соң Орта Қараштың Асы жақтағы кезеңінен асып келе жатқан 
он, он бес атты көрінді. Көбінің мінгені — жорта, баран мен қылаң. Жүрістері — сол 
жорғаның орта жүрісі. Кісілерінің ішінде, бірен-саран болмаса, толық-жуандары жоқ. 
Көпшілігі жіңішкелеу келген жас сияқты. Араларында жақсы киінген әйелдері бар. Ақ күміс 
ер-тоқымдар жарқ-жұрқ етеді. 
Қызыл-жасыл салылар, ақ көйлектер етектері желбірейді. Анық төрт-бесеуі әйел. 
Аттылар Орта Қараштың төменгі жолымен қапталдап оралып келеді. Даурығып сөйлеген 
сөздері, күлкілері естіледі. Қызықты, көңілді, көрікті топ. Жүргіншілер кейде екіден, үштен 
қатарласады, кейде жол тарылған уақытта жалғыз-жалғыз шұбап кетеді. Үлкен топтың қалың 
ортасында ақжал шабдарға мінген толық денелі біреу келеді. 
Бақтығұл демін ішіне тартып, көзін алмай соған қарайды. Әйелдер осының артында 
келеді. Бірен-сараны қайта-қайта бұған жанасып келіп, бірдеме айтып күліп, күлдіріп, әзілі 
жарасып келе жатқан сияқты. 
Жүргіншілер жақындап қалды. Жолмен бірге оралып келіп, Бақтығұл жатқан ернеу жолға 
таман алдыңғылары өрлеп көтерілуге айналды. 


Осылай бұрылатын жерде сайда қарақаттың бөлек-бөлек ұсақ түбірлері бар еді. Соған 
келгенде кісілердің түсі анық танылмады. 
Тығылып жатқан сары ағаштың жапырақтары да көзге қағаберіс болып бөгет қылады. 
Тек жүргіншілер қарақаттан бері қарай жоғарылап, кішкене көгалды бетте шашырап 
шыққан он шақты түп қарағайдың қатарына келгенде Бақтығұл керек кісісін әбден көріп, 
белгілеп алды. 
Енді азғантай ғана уақыт қалды. Әлденеден денесі тоңазып, демі дірілдеп, қабағын түйіп, 
түксиіп, Ожардың басына қарады. Суық түсті мұзды биік ақ бұлттай сәлдесін жазып, құлаш 
сілтеп нұсқағандай болды. Мұз тау мұның ішіне мұздай қайрат кіргізді. Асыққан қол, 
дайындап ұстап отырған қаруды сығымдап қысып қойды. Күздің салқын күнінде тоңазып көк 
темір суық күйге тіл қосқандай болды. 
Аттардың алды Сары ағашқа қатарласып, тақыр жер тастақ бетті тасыр-тасыр, тықыр-
тықыр басып өтіп бара жатты. Бақтығұл демін ішіне қарай сіміре тартып, бар қайратты 
кеудеге жиып алды. Сол секөнтте тастай түйілген қабақты бір жазбастан, қалың қара мұртты, 
шоқша сақалды иегін бердеңкенің құндағына әкеп жатқызды. Көкжөтелдей тиетін сенімді 
бердеңке бұл уақытта құлағы қайырылып, нысанаға құрылып қалып еді. Осы шақта көз 
алдынан бір боз жорға аяты тайпалып жыбыр-жыбыр басып өтті де, соның артынан басын 
шұлғып тастап талтақтап аяндап келе жатқан бәйге шабдар көрінді. Үстіндегі: Қалыштай жас 
тоқалын ұзатып алып келе жатқан белгілі зор, жуан денелі болыстың қызыл-күрең жүзінде 
бақыттың шегіне жеткен ырзалық, жұбаныш сәулесі бар сияқты... Алдынан тоса жіберсе, 
артындағы қабаттала кетеді. Бақтығұл аз бөгелді. Шабдар қатарға келіп, енді ырғалып қиыс 
өте берді. 
Сол уақытта асығып тұрған саусақ жіңішке суық темірді нығыздап қысып қалғанда, 
қарғыс оғы гүрс етті. Бақтығұл басын жұлып көтеріп алды. Көк шұғамен тысталған түлкі 
ішіктің жонында теңгедей жерде селдір көк түтін үйіліп бықсып қалды. Шабдар мылтық 
дауысынан үркіп атып кеткенде, үлкен денелі болыс шіреніп барып шалқасынан құлап түсті. 
Аттылар шошынып, улап-шулап үйіліп қалды. Жалғыз Бақтығұл болыстың құлағанын 
көріп қалып, енді шапшаң төмен түсе бергенде, артта келе жатқан әйелдің: 
— Ойбай, Бақтығұл!.. — деп саңқ етіп қалған дауысын естіді... 
"Қап!" деді де шың-шыңнан төмен шапшаң-шапшаң, секіре-секіре, құлай-құлай түсіп 
кетті. Жоғарыдағылардың дыбыстарын тыңдай отырып, атының қасына келсе, тастаған 
орнында тұр екен: қарғып мініп алды да, жортып жүріп кетті. 
Денесі талай заманнан тұқыртып басып жүрген дерт пен ызадан бір сәттің ішінде 
құлантаза сауығып, айыққандай болды. Сергіп, көтеріліп ойнақшығандай, жолшыбай кез 
келген өзін танымайтын бір жалғыз аттыға: "Мен бүгін бір бұғы атып келемін" деп, мұрт 
астынан нығыз жымиып өте берді. 
Бақтығұл абақтыда. Жарасбай өлген соң, қаланың ұлығы да, Жаныстың жуаны да жабыла 
соңына түскен. Кірерге тесік қалдырмайтын болған. Және өзі де енді бой салып қашпады. 
Сонымен Қараш оқиғасынан аз күн өткенде қуғыншылар мұны ұстап алған. 


Осы күнде сол ұсталған сағатында көрген соққы мен жараның талай-талай таңбасы 
денесінде, басында әлі бар. Орындары қара қотыр болып, жаңа-жаңа бітіп келеді. Жаныстар 
жиырма үй Сарының шаңын аспанға шығарып, құрымына шейін үлесіп талап алып, 
барлығын торғайдай тоздырып, бостырып жіберген. 
Бірақ Бақтығұл оншалық сынған жоқ. Баяғы қорқып, құбыжық көріп жүрген абақтысына 
да бұл күнде бойы әбден үйреніп алды. Артындағы жаулары мұның үй ішін қайыршы қылып 
қаңғыртып жіберген соң, абақты ұлығынан тіленіп Сейітті қасына алған. Ол өзімен бірге. 
Қатша кіші балаларымен қаладағы бір байдың үйіне жалданып, қызметкер болып жүр. 
Жетімсіреп қарайтын момын жүзді жүдеу Сейіт абақтыда отырған орыс, қазақтың жөні 
түзу адамдарының бәріне жақты. Бәрі де сүйкімді көріп, маңдайынан сипап, аз күнде көп 
ортасындағы бала сияқтандырып әкетіп бара жатты. 
Афанасий Федотыч дейтін бір жастау орыс адамы қағаз тапқызып алып, мұны оқыта да 
бастады. Бірақ жасынан әке-шешеден ішкі сыры бөлек болып ескен момын бала көп сөйлеп, 
ашылмайды. Қабағын шытынып, томсарып, сезгені мен білгенін ішіне тана іркіп, жия 
бергендей болады. Кей уақыт үндемей отырып-отырып, себепсіз жылайды. Қағазға көп 
қадалады. Кейде кітапқа қарап отырып, ауыр күрсініп қояды. Тығылып өсіп келе жатқан бала 
өз басына ерте бастан күн туғанын сезеді. 
Тағдыр құрығы мойнына ерте түскеніне ішінен қарсылық, наразылық жияды. Сол 
күрсіндіріп жылатады. Әкесін болыс аулы ұстап әкетіпті деген хабардан шешесі жылап 
шошынып тұрып: "Сорлы, әкеңді өлтіріп жатыр, сорлы!" — дегенде мұны жан ұшырып 
болыстікіне әкелген. Содан бері көз алдынан әкесін жабыла сабаған, долданып құтырған 
Қоқыштар, Сәрсендер, жуан-жуан жақсы киімді, боқтығы күшті үлкендер кетпейді. Мұның 
әкесінің басына солардың айқыш-ұйқыш тигізген қамшылары, таяқтары көзіне елестейді. 
Бетінен қаны сорғалап, сұп-сұр боп дірілдеп тұрған әкесін көреді. Сол сурет денесін 
мұздатып, қалтыратқандай болады. Алғашқы күндер ылғи түсінен шошып оянып жүрді. 
Соңғы бірнеше күн ұйқысырап, ашуланып, сөйлеп-сөйлеп келіп, өкіріп жылап оянатынды 
тапты. 
Бақтығұл баласына қарап үндемей томсарып, көп-көп уақытта ойланып келіп, бір күні 
кешке: "Сейітжан, бері келші!" деп шақырып алып, бетінен иіскеді. 
— Қалқатайым, оқу оқы! Ала қағаздан басынды алма. Сені бірдеңеге жеткізсе — сол 
жеткізеді. Әйтпесе көремісің — міне, менің не болғанымды! - дегенде, бала тағы да жылап 
жіберіп: 
— Кінәлі сен емессің, саған тиген олар!.. - деп, содан әрі тығылып сөйлей алмады. 
— Оқысаң, соның бәрінен сен аласың. Маған тигендей санан тие алмайтын болады. Көзің 
ашылады. Апаңның да, інішектеріңнің де көзін ашасың. Барыңды ала қағазға сал! Менде 
осыдан әрі саған айтар ақыл да, өнер де жоқ. Ойлап-ойлап келіп, саған тапқан бар ақылым 
осы, — деді де, тағы да бетінен сүйіп, құшақтап отырды. 
Абақтыға келгеннен бері Сейітке әке болып жанасып, аялағаны сол еді. 


Бұл арада көзінен жас тамып кетті де, артынан тез ғана бойын жиып алып, қайтадан 
қайратқа мініп: "Бар енді, қағазыңа бар!" — деп, Сейітті қасынан итеріңкіреп, сырғытып 
жіберді. 
Баланың бұрынғыдан өз көңіліне өз бетімен жиылып жүрген шолақ-шолақ мұңды 
ойлардың үстіне бүгінгі әкесінің сөзі үлкен жарық тауып бергендей болды. Ішінде намыс пен 
кек түйіні сияқты бір наразылық, қарсылық түйіні шиеленіп байланысып алып, бала барынша 
ықылас салып, оқуға беріліп кетті. 
Мұны оқытқан тұтқын орыс бұйра жирен сақалды, бұйра шашты, көзіне көзілдірік киген 
отыздар шамасындағы адам еді. Оны Бақтығұл "орыста да мұндай кішіпейіл, садағаң кетейін, 
жанашыры бар адам болады екен" деп, өз тілінде Сейітке ғана ұғындырып, алғыспен мақтай 
беретін, оның атын өзінің тілімен Апанас қойып алған. Апанас Сейітке оқу ғана оқытпайды, 
суретті кітаптар көрсетіп, абақтының қорасына алып шығып, кейде баламен бірге жүгіріп 
еліктіріп, ойнақ та салады. Екеуі Бақтығұл мен өздеріне арнап, үнемі бірге жүріп шай 
қайнатады. Көбінше ойнақы мойымас мінезіне басып, Сейітті күлдіріп, көңілдендіріп жүреді. 
Кейде оны иығына мінгізіп, өзі секіре шапқылайды да. Сөйте жүріп, бір кезде Сейіттен ойда 
жоқ бір сөз сұрап: 
— Сеитка, қалай, сен ауылды сағынады ма? — деп еді. 
Сейіт: 
— Жоқ! - деді. 
— Неге? Абақты жақсы ма? — дегенде, Сейіт шынымен Апанастың ашық көк көзіне 
барынша шынын айта, қадала қарап: 
— Ауылдан абақты жақсы, — деді. 
Соны естіген Бақтығұл: "Алда, айналайын, көз жанарым-ай!" - деп үнсіз жылап жіберді 
де, аунап түсті. Апанас болса, Сейітті жерден жұлып көтеріп алып, құшақтап бауырына 
басты. Кітап оқып жатқан көрші орыс қартқа қарап: 
— Не дейді мына Сейіт? 
— Өмірден абақты артық, — дейді. 
— Ой, бейшара балақай! Мынау абақты ауылдан, өмірден артық болғанда, саған ол өмір, 
ол ауыл қандай суық, сұмдық болған екен. Соны білдірдің-ау! — деп, өңі бұзылып, Сейітті 
құшақтап қысқан бойында үндемей ойға шомып, камера ішінде әрлі-берлі жүріп алды. 
Оқуға ұтымды, ерекше талапты момын қара бала болашақ заманның белгісіз бір 
жарығына осы абақты ішінде сенген көңілмен күн санап ер жетіп келе жатты. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет