Арыстан бап және Қожа Ахмет Ясауи



бет1/7
Дата24.03.2023
өлшемі76,31 Kb.
#75956
  1   2   3   4   5   6   7
Байланысты:
Ясауи аңыз-әңгімелер


Арыстан бап және Қожа Ахмет Ясауи
Ан Хазіретіміз (с.ғ.с) күндердің күнінде Ирак шаһарында асхабтар құрма жеп отырғанда, сол табақтағы бір құрма жарандардың қайсысы алса да, қолдарынан түсіп кете береді. «Бері әкелші оны жеп қояйын», деп Ан Хазіреті алып еді. «Бисмилләһи» деп аузына сала бергенде бұл шарифтың қолынан домалап түсіп кетіпті. Ан Хазірет таңданып, бұл не ғажайып оқиға деп біраз ойлануда болады. Біраз уақыт өтпей Джабраил алайһи-с-салам жетіп келеді. «Я, Мұхаммед, Құдай сізге сәлем айтты. Періштелер де қостап, ишарат үшін білдіруге келдім. Хиджратыңыздан төрт жүз жылдан кейін Сенің әулетіңнен бір Құл Қожа Ахмет атты ұл дүниеге келеді, үмметтеріңе жол басшы болады. Бұл құрманың сіздерге бұйырмай, ауыздарыңа кірмей тұрған себебі, сол ерге бұйырған нәсіп еді», — дейді. Бұған Ан Хазірет, салла-л-лаху алайхи уа-саллам, қайран қалып айтыпты: «Я, достым, Жабраил, ол заманға дейін бұл құрма қай жерде тұрып шірімей, сасымай, ескірмей қалай оған нәсіп болады», — дейді. Сонда Жебірейіл алайһи-с-салам, айтты: «Сіз ықылас қылып сахабаларыңыздың біріне бұйырыңыз, бұл аманат құрманы аузына сақтап, Ахмет атты балаға тапсыр деп жүктеңіз. Кімде-кім бұл құрманы аузында сақтаса, оның өмірі ұзақ болады», — дейді. Хазіретіміз салла-л-аху алайһи уа-саллам, олай-бұлай қарап, назары Салман ал-Фариси ради Аллах анһуға түсіпті. Жан-жағын шарлап алып айтыпты: «Я, Салман Фариси, аузыңды аш, тіліңнің астына, тісіңнің түбіне бұл құрманы аманат сақта. Менің хижратымнан төрт жүз жыл өткеннен кейін таңнан тұрып жолға түс, күн шығыста Мадина ал-Байза атты шаһар болар, онда барып айтпай танып, сұрамай білетін жеті жасар Ахмет атты ер балаға аманатты аузыңнан алып тапсыр. Инша Алла бұл құрма шарапатымен сенің өмірің ұзақ болар», — дейді. «Құлдық, тақсыр», — деп Салман ал-Фариси ради Аллаһу анһу құп тұрып, құрманы аузына алып, тіл астына салады.
Тағат ғибадатқа беріліп төрт жүз жылды санап өткізгеннен кейін, күн шығыс жаққа бет алып жүріп, айтылған қалаға келіп, ешкімге жөнін айтпай, қыдырып жүреді. Ол заманда Мадина ал-Байза үлкен қала еді. Бір жағы Алатауға шектелген, екінші жағы Қаратауға аралас еді, Ат бұлағы деген жерлер ат базары еді. Ол шеттен кіріп, ол шеттен шығып, Сайрам суының жағасына келіп тамаша қылып тұрса, үстінде ақ жейдесі бар жеті жасар бір бала мектептен шығып, Калам Алланы төбесіне қойып, бетін ұстазының орнына қаратып, арқасымен жүріп келе жатып, Салман ал-Фариси ради Аллаху анһуның жолын тосып, бір көпір үстінде тұрып әлде нені бағып, көзден жасы ағып, ғашық шақпағын шағып тұратын еді. Жеті жасар бала, бас көзі ұстазы жақта болса да, көңілі көзі Ираннан хабардар болған көпір үстінде тұрған Зат-и шарифке бетін бұрып қарамастан «Ас-саламуалайкум, Арслан бап, жоғың болса – кешікпей тап»- дейді. Баланың қылған әрекетіне қайран қалып, инша Аллах, Саид-әлем айтқаны осы болғай деп, сынамақ үшін: «Балам атың кім?» — дейді. «Атымды не қыласың, аманатым қайда?» — дейді. «Балам атың Ахмет екен, ішің тола хикмет екен, аш аузыңды!» — дегенде, жеті жасар бала жалт қарап аузын ашқанда, Арслан баптың аузындағы құрма ұшып барып баланың аузына кіреді. Бала ұршықтай ширатылып, хикмет айта бастайды. Аузынан ақ көбік бұрқырап, көпір астындағы суға ағады. Сол судан ішкен жанның бәрі жазылып, көзі жоқтың көзі ашылады. Әулиелік махаббаты бітіп, аузынан аққан ақ көбік су таусылып, орнына насыра атты зат пайда болды. Содан ол «Нұр Ата» атанды. «Сайрамда бар сансыз баб» атанғанның мағынасы осы. Отырар деген жер – Арслан Бабтың күмбезі тұрған жер. Сыр суының күн шығыс жақ жағасында – мұнда отыз әулиенің шаһары болған. Мынадай Хараба ерді, Әмір Темір көрегеннің бай атақты сондай ерді айырды. Бұл күнде шөл болып қалған. Әмір Темір арығының орны бар, ескі арықтардың сусыз болып қалған арналары бар. Малик-и Балқия дейтін түркістандық Абд ал-Халимнің зияраты Арслан Бабтың күмбезінің оңтүстігінде. Абд ал-Халиқ ханның зияраты да сонда, «Отырарда отыз баб» атанған.
Садық Сапабекұлы, 124-125б.
Пайғамбарымыз миғаражға (көкке) шығып бара жатып, үш адамның ұрқын (жанын) көріп таңданып:
— Бұл сәулетті ұрықтар кім болады? — деп жанындағы Жебірейілден сұрапты-мыс. Жебірейіл бұл сіздің үмбеттеріңіз: 1) Имам ағызам, 2) Ғаусыл ағызам (Қожай пауадын) 3) Қожа Ахмет Ясауилер депті-міс. Қожа Ахметке тапсырғайсың деп, пайғамбарымыз өлерінде Арыстан деген сақабасына бір құрма беріп кетіпті (…). Арыстан бес жүз пәлен жыл жасап, сол құрманы Әзіретке тапсырыпты (…).
Ж.Аймауытов
Халық арасындағы әңгімелер мен тарихи деректерге жүгінсек, Арыстан бап Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы деген тұжырым бар. Соның бір айғағындай, Арыстан баптың есімі Қожа Ахметтің «Хикмет» атты өлендер жинағында бірнеше рет аталады.
Ал бұл туралы ел аузындағы аңыз-әңгімелер былай өрбиді: Мұхаммед [с.а.у.] дүниеден өтерде өзінің дінін ұстаушы, исламға адал берілген мүриттерін жинап: «Мен көз жұмғасын, бірнеше жүз жылдан кейін менің ілімімді жалғастырушы бір әулие дүниеге келеді. Соған менің аманатымды кім сақтап, еш қиянат жасамай, жеткізіп береді?»-деп сұраған екен. Сонда топ ішінде тұрған Арыстан бап: «Уа, аса қадірлі пайғамбарым, егер маған сенсеңіз, аманатыңызды мен жеткізіп берейін!» — депті басын ие тағзым етіп.
Сол кезде Мұхаммед [с.а.у.] Арыстан бапқа бір түйір құрма жемісін беріпті. Осы құрманы Арыстан бап бес жүз жыл тілінің астына салып, бойтұмардай сақтаған екен.
Бұл екі арада Арыстан бап әбден қартаяды. Бірақ аманатты сұрап ешкім келмейді. Содан Арыстан бап, бәлкім, кездесіп қалармын деген үмітпен ел аралап шығады.
Талай-талай елдерді кезіп, жер-жаһанды шарлайды. Содан Отырар өлкесіне жеткенде, Арыстан баптың жанына бір бала жақындап келіп: «Ата, менің аманатымды бермейсіз бе?» — дейді.
Сол жерде Арыстан бап: «Қарағым, іздегенім сен едің, міне аманатың», — деп, тілінің астындағы құрманы алып беріпті. Ал ол бала Қожа Ахмет екен.
Пайғамбардың аманатын тапсырған Арыстан бап сол жерде қаза болып сонда жерленіпті.
А.Дүйсенбі
Мұхамед [с.а.у.] 63 жасында дүниеден өтті. Дүние саларында халықты жинап: «Мен дүниеден қайтып барамын, кім менің аманатымды алып, ісімді әрі жалғар екен», — деген. Сол кезде топтан 300 жастағы Арыстан бап (Саламани Фарс) үн қатады. Ол сол кезге дейін отыз үш түрлі дінді білген, бірақ тек исламға ғана мойынсұнған адам екен. Арыстан бабтың келісімін алған Мұхамед [с.а.у.] Алламен ақылдасуға аттанады. Оның ризашылығын алған соң, аманатын Арыстан бапқа тапсырып, «болашақ менің бір ізбасарым дүниеге келеді, мына аманат құрманы соған жеткіз», — депті. Содан 500 жыл өткен соң, далада келе жатқан Арыстан бапқа 11 жасар бала жолығып: «Ақсақал аманатымды беріңіз?», — дейді. Сол бала (…) Ахмет Ясауи екен»
А.Дүйсенбі
Қожа Ахмет өлерінде маған келетін адам ең алдымен Арыстан бабтың басына зиярат етсін деп өсиет қылыпты. «Арыстан бабқа әрине, Түркістандағы Әзірет Сұлтаннан тіле» деген сөз содан қалыпты.
Ш.Керімтегі, 235 б.
[Қожа Ахмет Ясауи] (…) тіпті «жалаң аяқ, жалаң бас, жыртық шапан киіп жүреді екен, көшеде жүрген көрінген бала-шаға қожа Ахметті жынды деп қуалап сабайды екен, ол сонда да «қолдарың ауырып қалды-ау»,— деп оларды қайта мүсіркейді екен.
О.Дастанов, 6б.
[Қожа Ахмет Ясауи] (…) Ясыға келген соң асасын бір жерге шаншып жүре берсе, соңынан бір арық су ере беріпті (…). «Осы секілді қожа Ахмет памдат таң намазының парызын Ясыда оқып, сүндетін Мекеде өтейді екен, сол үшін оған күнде ғайыптан бір ақ түйе келеді екен. Немесе бірде қожа Ахмет Яссауи, Бахауаддин, Жанабығауыс үшеуі Құдайдың жүзін көрмекке кереметтің күшімен көкке ұшыпты (…), сөйтіп «Ғарш-ағладағы седат-ул мүнтаһән» деген ағашты Жанабығауыс он бір, Қожа Ахмет Ясауи тоғыз, Бахауаддин жеті айналып қоныпты (…).
О.Дастанов, 33б.
Сол кезде Ясы қыстағында кұмар ойынды еліктеген құмарпаздар көп болса керек. Қожа Ахмет күнде құмарханаға барып, соның босағасында отырады екен. Олар: «Неге ойнамайсың?», — десе, ол: «Сендердің ойындарыңа қатысқандар ақшасынан айрылады екен, ал біздің ойынымызға қатыссаңдар, қайта күніне жиырма тиын табасыңдар»,— дейді. Ол кезде жиырма тиынға үй-ішімен бір апта бойы күн көретін болған соң, бұл ұсынысқа келісетіндер де табылады. Сөйтіп, Қожа Ахмет күнде бір адамды еліктіріп ертіп келеді де, зікірханасына апарып, зікір салуды үйретеді. Ақшаға қызыққан байғұстар серіктерін үгіттеп, қатарларына тартады. Қожа Ахмет оларды сопылыққа баулиды да, қойған шарттарына әбден мойын ұсындырған соң оларды дінді тарату үшін ел ішіне жібереді.
О.Дастанов, 7б.
Бір күні Ясауи шәкірттеріне дәріс беріп отыр еді, кенеттен көшеде өтіп бара жатқан бір дуананы көріп «Ұстаз» деп алдынан шығып, қолын беріп амандасты. Сонда шәкірттері: «Біз мұны әулие деп жүрсек, өзі қайдағы бір дуананы ұстаз деп қолын алып жүр ғой», — деген ойға қалады. Мұны сезген Ясауи шәкірттеріне: «Бұл кісі маған иттің балиғатқа толғанын айыруды үйретіп, біліміме білім қосып еді. Сондықтан мен оны құрметтеп, өзіме ұстаз санаймын», — деп, шәкірттеріне ұстазды қалай құрметтеу керектігінің үлгісін көрсетеді.
А.Дүйсенбі
Ахмет Ясауидің атағы атырапқа жайылғанда, шәкірттерінің саны жүз мыңға жеткен. Ахмет Ясауиді қызғанғандар да болған, олар жала жаба бастайды. Ахмет Ясауи әзіреттері оларға сабақ беру үшін, шәкірттерінен оң қолын әрдайым таза ұстаған Қажы атаны таңдап, мына құтыны Қорасанға апарып, бәріне көрсет дейді. Қажы ата айтылған жерге барғанда, барша халықпен бірге жала жабушылар да келеді. Құтыны Қожа Ахмет жібергенін айтып, ашып қалғанда, аппақ мақтаға оранған қып-қызыл шоқты көріп бүкіл халық таң қалды. Жала жапқандар қате әрекет еткендерін түсініп, кешірім сұрайды.
Көркем Сәрсен
Қожа Ахмет Ясауи жас күнін Сайрамда, әкесі Ибраимнің үйінде өткізді. Ол кезде Түркістан қаласы көтеріліп, Сырдария мен Арқа қазақтары саудамен сонда көп жиналатын. Қожа Ахмет оларға үлгі айту үшін Сайрамнан Түркістанға келеді. Ол кісінің Түркістанға келгенін ескі қазақ тайпалары (қыпшақ, қоңырат) аса жақсы көріп, Арал теңізінің бойындағы ұлыстар оған арнап құстай ұшатын жүйрік Ақ мая әкеліп тартады. Аңыз бойынша, Ясауи таң намазын Түркістанда оқып, Ақ маясымен ұшып барып кешкі намазды Мекеде оқитын болған.
Әлкей Марғұлан, 52 б.
Ахметтің есімін естігенде сырқаты барлар Түркістанға қарай ағылыпты, әулие олардың кеселдерін жазып жібере беріпті. Оның даңқы шартарапқа таралады.
Қожа Ахмет азандағы намазының екі бас сүндетін Түркістанда, екі бас парызын Меккеде оқиды екен. Ол әрдайым ақ атанына мініп, бұлттың үстімен ұшып баратын көрінеді. Бірде әулиенің ғажайып қасиеттеріне күмәнданған бір жігіт оған келіп: «Сен әулие емессің, алдаушысың», — деп әжуалайды. Қожа Ахмет оның сөзін сабырлы қалпымен тыңдап шығады да:
— Ертең азанда маған кел, екеуміз Меккеге барып намазды сонда оқимыз, — деп жауап қатады. Уәде бойынша әлгі жігіт ертеңіне Қожа Ахметке келеді. Кенеттен аппақ қардай ақ атан пайда болып, әулиенің алдына келіп шөгеді. Қожа Ахмет жігітке:
— Артыма мінгес, жол үстінде қашан қонғанша көзіңді апша, — дейді. Жол үстінде әлгі жігіт шыдамсыздық танытып, айналасына қарамақшы болғанда, сол күйінде жолға құлап түседі. Ол Жолбарыс патша ордасының үстіне түскен екен. Патша оны ағашқа байлап өртеп жіберуге әмір қылады. Енді өлтірмекші болғанда, Меккеден оралып келе жатқан Қоха Ахмет оны ағашымен бірге көтеріп кетеді. Бұл кереметке таңданған Жолбарыс патша Қожа Ахметті іздеп келіп, өлгенше қызмет етіп өтіпті.
Ш.Керімтегі, 233-234 б.
Қазан хан Ахмет Ясауидің жұма намазын оқуға мешітке келмегенін байқап, Қожаның ең жақын сырласы Сопы Мұхаммед Данышпан Зарнуқидан хабар беріп жібереді. Ол кезде жұма намазы үшін салауат оқылып жатқан еді. Сопы Мұхаммед жан ұшыра жетіп барып, қорқа-қорқа шайқының алдына кірген кезде, ол: «Ей, Сопы Мұхаммед, кел маған жабысып ал, бірге жұма намазына жетейік», — дейді. Сопы Мұхаммед Қожаның әмірін екі еткізбейді. Сол-ақ екен, мешіттің ішінде сапқа тұрғандардың арасында тұрғанын көреді. Жұма намазы бітер-бітпес бұл таңғажайып оқиғадан әлі есін жия алмаған Сопы Мұхаммед шайқысын қанша іздесе де таба алмайды. Жеті рет мешіттің есігіне барып-келеді, бірақ мұнысынан түк те шықпайды. Сөйтсе, мешіттің қызметшісі сырға қанық екен. Сопыға: «Ей, дәруіш, бұл жер Мысыр, ал бұл жәми (үлкен мешіт) «Жәми Әзхар», — дейді, — «Іздеп жүрген досың қаншама заманнан бері жұма намазын осы жерде оқып жүр». Сопы бір апта сол жерде қалғаннан кейін, шайқысын тауып алып, қайтадан көзін ашып-жұмғанша қылуетханаға келеді.
Қожа көргендеріңді барып хабарла деп сопыны жұмсап жібереді. Сопы келеді, басынан өткен-кеткендерін жеке-жеке айтып береді. Бұл уақытта муаззиндер (азан оқушылар) әлі салауаттарын да бітірмеген болатын. Бұдан кейін Қазан хан мен маңындағылар Қожаның ұлылығына көздері жетеді.
К.Коч, 55 б.
Қожа Ахмет Ясауи сонау кішкентай күнінен бері Пайғамбардың сүннетін берік ұстанатын. Сондықтан алпыс үш жасына келер-келмес Әзіреті Пайғамбар 63 жасында мынау фәни дүниеден көшкені үшін Қожа Ахмет Ясауи де сүннетті берік ұстағандығынан жер астына түспекші болады. Теккенің (дәруіш, сопылардың жиналатын жері) бір жағынан құдық қаздырып, баспалдақпен түсетіндей етіп жасайды. Жол ашып, шикі кірпіштен кішкене бөлме жасайды. Әзіреті Ілияс пен Әзіреті Қызырдың да қолдауымен жүздеген жылдар бойы бұл құрылыс бұзылмай сақталған. Ахмет Ясауи ол жерден бір шұқыр (қабір сияқты) қазып, сол жерді мекендейді. Қабірді еске түсіретін осы тар жерде Аллаға зікір еткен кезде, тізелері кеудесіне үйкеле-үйкеле тесіліп қалған екен.
К.Коч, 53 б.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет